Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Мұражайлар Жазба жәдігерлерінің ұлттық орталығын ашу мәселелері

Жазба жәдігерлерінің ұлттық орталығын ашу мәселелері

23 Желтоқсан 2013
91
0

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», – деп, мемлекеттілік тұғырларының бірі – ұлттық құндылық екенін баса көрсеткен болатын. 

Ұлттың рухани құндылығы, тарихының шежіресі өткен мен бүгінгінің арасын сабақтастыратын алтын желі – жазба ескерткіштерде сақталғанына ешкім дау айтпаса керек. Мемлекеттігінің тарихын, халқының мәдениетін, тілі мен дінін құрмет тұтатын ел алдымен ғасырлар тоғысынан жеткен рухани мұрасы – жазба ескерткіштерін қызғыштай қорғап, көзінің қарашығындай сақтайды. Олай болатыны, әрбір жаңа тарих бетін ашқан айтулы оқиғалар, кезеңдер тек жазба ескерткіштер беттерінде хатталады. Сондықтан жазба ескерткіштерді түгендеу, сақтау, қатарын толықтыру күн тәртібінен түскен емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» – деп, тарихымызды түгендеудің мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды іс екенін көрсетті.

Ортағасырлық жазба ескерткіштер ешқашан нақты бір елдің еншісіне жазылған, ия меншіктелген емес. Жалпыға ортақ дүние саналып келеді. Мысалы, Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында дүниеге келген, «Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің (870–950 жж.) еңбектері – әлемдік деңгейдегі ортақ мұра. Оның философия, логика, астрономия, медицина, география, геометрия, этика, педагогика, тіл білімі, акустика және т.б. ғылыми мәселелерді қамтыған трактаттары ғылым бұлағының бастауы болған еңбектер. Сондай-ақ, ХI ғасырдағы аса көрнекті ғалым Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнидің (шама. 1015–1075 жж.) «Құтты білік» (һ.ж. 462/1707 ж.) шығармасы көне түркі тілдес халықтардың тарихынан, қоғамдық-саяси өмірінен, әдет-ғұрпы мен наным-сенімдерінен құнды мағлұматтар беретін дерек. Ал Жүсіп Баласағұнидің замандасы – Махмұд Қашқаридің (1029–1101 жж.) «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбегі түркі тілінің грамматикасын түзеген, түркі тілінің өрісін кеңейткен энциклопедиялық анықтамалық шығарма. Сондықтан бұл аталған еңбектер мұқым түркі жұртының бәріне ортақ мұралар.

Сол сияқты әлемдік ортағасыр әдебиетіне екі ірі шығарма қосқан Мырза Хайдар Дулатидің де түркі тіліндегі «Жаһаннама» атты поэмасы мен парсы тіліндегі «Тарих-и Рашидиі» (1499 –1551 жж.) кәсіби тарихшылар мен зерттеушілер қызығушылығын арттырған мұра. «Тарих-и Рашиди» Шыңғыс ханның, ұрпақтары – Шағатай мен Жошы билігі, Орта Азиядағы мемлекеттердің тағдыры баяндалған, қазақ халқының этностық қалыптасу тарихын қозғаған шығарма. Тарихтан өзге жағрафиялық, тілдік, пәлсапалық және т.б. мағлұматтары да аса жоғары бағаланатын туынды.

Осы аталған шығармалардың қолжазба нұсқалары шетелдік мұрағаттарда сақтаулы. Мысалы, «Тарих-и Рашидидің» Британия мұражайында, Теһран университетінің кітапханасында, Ташкенттегі Ә.Бируни атындағы шығыстану институты қолжазбалар қорында, Душанбе жазба деректер институтындағы қолжазба қорында, Мәскеу қаласындағы Азия халықтары институтының шығыс әдебиеттер бөлімінде, Ресей Ғылым академиясының Санкт-Петербург қаласындағы шығыстану институтының қолжазба қорында парсы және түрік тілдеріндегі бірнеше қолжазба нұсқалары сақтаулы.  Ал, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасы жалғыз қолжазба нұсқасында Стамбулдың Ұлттық кітапханасында тұр.

Бұны айтып отырғанымыз, бүгінгі Қазақстанның қоғамдық өміріндегі түбірлі өзгерістер, ең алдымен тарихи білім жүйесін жаңартуды өткір қойып отырғанда, тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.

Таяуда Астанада өткен Қазақстан Републикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекет хатшысы – Марат Тәжин Елбасы Н.Ә Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынғанын жеткізді. Сол алқалы жиналыста М.Тәжин: «Біздің тарихнамамыз өзінің әдістемелік және тілдік құралын қатты өзгертуі тиіс. Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болады» деген еді.

Ендеше Қазақ тарихына қатысты барлық құнды деректер түпнұсқадан текстологиялық талдау жасалып, жаңа көзқараспен қайта қаралу керек. Олай дейтініміз, деректердің тиянақты зерттелуі – егеменді елдің жаңа тарихы мен болашақтағы тарихи танымының, ұстанымның қалыптасуына көмектеседі. Мемлекеттігіміздің жүйеленген тарихы жазба деректермен расталатыны бәрімізге аян.

Көне Казақстан территориясында дүниеге келген жазба мұраларды орыс, неміс, түрік, француз, венгр және т.б. шетелдік ғалымдар көп зерттеп, қыруар іргелі еңбектер қалдырды. Отандық ғалымда олардың да ғылыми маңызы жоғары бағаланып, зерттеу жұмыстарында кеңінен қолданылады. Сондықтан да Қазақстан тарихы, мәдениеті, әдебиеті зерттелген көне ғылыми баслымдардың да жәдігерлік құндылығы жоғары. Олар да ерекше күтіммен, ыждаһаттылықпен сақталуы қажет.

Бұл жайттар жазба жәдігерлерін бір орталық тиянақты жинақтаудың, ұқыпты сақтаудың, жан-жақты зерттеудің қажеттілігін туындатып отыр. Оның үстіне елімізде 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен айқындалған ел тарихына қатысты мыңдаған мұрағаттық құжаттар  алынды. Мұрағатшылар мен ғалымдар аталған бағдарлама аясында Армения, Египет Араб Республикасы, Түркия, Франция, Венгрия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикаларының мемлекеттік мұрағаттарынан, ғылыми мекеме, мұражай, кітапханаларынан қазақ халқының шежіресінен сыр шертетін тарихи, мәдени құжаттық деректермен еліміздің мұрағат қорын толықтырды. Шетелдік мұрағаттар, кітапханалар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің сирек қолжазбалар бөлімдерінен 35 мыңнан аса тарихи құжаттар анықталып, біраз бөлігінің көшірмелері алынған. Бұл құжаттардың басым бөлігі Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағат қорында жинақталды.

Осы айтылған мәселелер сонау тас бетінде қашалған көне түркі жазбаларынан бастау алатын жазба ескерткіштердің Ұлттық орталығын құрудың уақыты келгенін көрсетеді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында мынадай басым бағыттар көрсетілген:

а) ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау;

ә) өткен бес жылда табылған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу;

б) жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу;

в) саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретіндегі кадр саясатын іске асыру».

Көріп тұрғанымыздай, Үкімет қаулысында: «табылған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу, жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу» және «саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретіндегі кадр саясатын іске асыру» деп нақты  айтылған. Демек, мемлекеттік деңгейде мәдени мұраларды, жазба деректерді зерттеп, зерделеп ел игілігіне айналдыруға, білікті маман даярлауға қатысты нақты міндеттер қойылған. Бірақ, осы салада айтарлықтай атқарылған қомақты  жұмыс көрінбейді.

Сондықтан «Ғылым ордасының» Жарғысында көрсетілген ғылым мен білімді дамытуға республиканың ғылыми жұртшылығын жұмылдыру, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени және ғылыми мұрасының сақталып, одан әрі дамуына жағдай жасау, осы мұраны тиянақты зерттеп, жан-жақты насихаттау және т.б. басты міндеттеріне сай Ұлттық жазба ескерткіштер орталығын «Ғылым ордасы» РМК қабырғасында құруды ұсынамыз.

Ұлттық жазба ескерткіштер орталығын «Ғылым ордасы» РМК қабырғасында құрудың екі объективті себебі бар.

Біріншісі, «Ғылым ордасы» РМК Қазақстанның мәдени, ғылыми орталығы саналатын Алматы қаласында орналасқан. Алматыда жазба жәдігерлеріне бай Ұлттық кітапхана, Орталық Мемлекеттік Музей, Кітап мұражайы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ секілді кітапханасы бай ЖОО орындары бар. Демек, Алматы жазба мұралардың шоғырланған жері ретінде Ұлттық жазба ескерткіштер орталығы құрылып жатса, қорының мол мұрамен жинақталуына өте тиімді.

Екіншісі, бұл қара шаңырақта жазба есткерткіштерді зерттеуге, жинақтауға тікелей қатысы бар Ғылыми кітапхана, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, ҚР ҰҒА және мұрағаты орналасқан.

Қазақстандағы ең бай кітап қоры «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында сақталған. Ондағы кітаптың саны 5 млн. 600 мыңнан асады. Кітапханада Ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өлеңдерін жеткізуші, әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының (1906 жылы жазылған) қолжазбасы, көрнекті ақын, халық мұрасын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің діни шығармалары, ортағасырлық шағатай тілінде жазылған «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), Құрандар және т.с.с. XII–XXI ғғ. аралығын қамтитын қолжазбалар қордың басым бөлігін құрайды. Алғашқы қазақ баспа кітаптары бүгінге шектеулі басылыммен жеткен. Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Ташкент қалаларында шыққан алғашқы қазақ кітаптары – жыр-дастандар және ХІХ ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысында өткен ұлт зиялыларының алғашқы баспа кітаптары және т.б. жазба ескерткіштері жинақталған. Белгілі ғалым, жазушы Шериаздан Елеукенов: «… жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар саласында кітап қоры бай дәл мұндай кітапхана иесі Кіндік Азияда жоқ» деп бағалайды.

Қаншама ғалымның қаламы шыңдалған бұл кітапхана қорындағы жазба жәдігерлері негізінде «Ғылым ордасы» құрамында 2010 жылы Сирек кездесетін кітаптар мұражайы құрылған болатын.

«Ғылым ордасы» құрамындағы Сирек кездесетін кітаптар мұражайы құрылғанына бас-аяғы екі жыл болса да жазба жәдігерлерді зерттеу, жинақтау, түгендеу саласында бірқатар істер атқарды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті 2012-2014 жж. гранттық негізде қаржыландыратын ғылыми жобалар байқауында 3 бірдей: «Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат және музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XIX – XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер»; «Жазба деректеріндегі далалық дипломатия көріністері (XIII-XVIII ғғ.)»; «Орталық Азия ғұламаларының фатуалары және тарихи деректік маңызы» атты ғылыми-зерттеу жобасын ұтып алды.

«Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат және музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XIX – XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер» жобасы бойынша Қазақстанның революцияға дейінгі кітап басылымы жайында тарихи-кітаптық деректері анықталып, ұлттық кітаптар және басқа да баспа өнімдерінің жинақталған библиографиясы жасалады. XIX-XX ғғ. басындағы қазақ кітаптары туралы құжаттар жинастырылып, мәтіндік, тарихи хронологиялық, тарихи-деректемелік сипаттамаларын түзу, осы құжаттар негізінде сол кезеңдердегі қазақ қоғамының саяси ахуалы, саяси-әлеуметтік құрылымы, халықаралық қатынастары, қазақ қоғамындағы билік өкілдерінің рөлі және т.б. жақтары зерттеледі.

Ал «Жазба деректеріндегі далалық дипломатия көріністері (XIII-XVIII ғғ.)» жобасында терминологиялық материалдарға аса бай дереккөз – хан, би жарлықтары, дипломатиялық хаттары зерттеліп, оларға текстологиялық талдау жасалады. Көне түрік, араб, парсы, монғол тілдерінде (XIII–XVIІI ғғ.) жазылған әртүрлі эпостолярлық деректер қазақ тіліне аударалады. Қазақстан территориясында билік құрған хандықтардың тұсындағы ресми құжаттардың стилі, қалыптасу кезеңдері, өзіндік ерекшеліктері, құжаттық рөлі, хан сарайының құжаттау ісі, сыртқы елдермен дипломатиялық қарым-қатынасындағы ұстанымдары және т.б. зерделенеді.

«Орталық Азия ғұламаларының фатуалары және тарихи деректік маңызы» атты ғылыми-зерттеу жобасында Орталық Азиядан шыққан  ғұламалардың фатуалары (діни-құқықтық шешімдерін) өңірдің тарихи және мәдени-рухани өмірінің дереккөзі ретінде кешенді түрде зерттеледі. Діни құқытық мәселелер шешуінің дәстүрлі жолдары, өңірдің саяси, діни тұратылығына негіз болған толеранттықтың сабақтастығы қарастырылады.

Аталған бұл жобалардың ғылыми маңыздылығы жоғары бағаланған. Жазба ескерткіштерінің зерттелуіне, жүйеленуіне өзіндік үлес қосатын жобалар.

Қазақ әдебиеті мен өнерін зерттеп келе жатқан М.Әуезов ат. Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде 500 000-нан астам  атаудан тұратын 1500-дей бумада қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) ескі қолжазбалар жинақталған. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты литографиялық  кітаптар, сондай-ақ  жалпы ұзындығы 700 шақырымдай болатын 300-ге жуық аудиотаспа мен  микрофильм, микрофишалар бар.

Институты құрамында 1962 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қолжазба бөліміндегі жазба жәдігерлер арасында М.Байжановтың, Т.Ізтілеуовтің, Ш.Жәңгіровтің, С.Шормановтың авторлық қолтаңбалары бар, сондай-ақ Бұхар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет  жырау, Абай, Нұржан, Әбубәкір Кердері, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп, Нарманбет, Албан Асан сынды ХҮ– ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларының фотокөшірмелері мен қолжазбалары сақталған. Сонымен бірге Қазан төңкерісіне дейін  жазылып алынған  және басылып шыққан фольклорлық туындылардың Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Ташкент т.б. қалаларда араб қарпінде жарық көрген басылымдары жинақталған.

Қазақстанның жазба мұраларын бір жерге шоғырландырып, олардың сақталуына, жан-жақты зерттелуіне жауапкершілік арттыратын кез жетті. Ондай орталық «Ғылым ордасында» ашылса, оның толыққанды жұмыс жасауына керек маман да, қажетті жағдай да, лайық орын да табылады.

Әбдіғали Бекішев

РМК «Ғылым ордасы»

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының

меңгерушісі;

Тұяқбаев Өмір

Ғылыми қызметкер,

шығыстанушы, тарихшы.

gylymordasy.kz/

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз