Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Мұражайлар Сирек кітаптар сөресинде

Сирек кітаптар сөресинде

23 Желтоқсан 2013
82
0

«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайында 600-ге жуық сирек кітаптар бар.

Қазақстандағы ең бай кітап қоры «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасында (бұрынғы Орталық ғылыми кітапхана) сақталған. 80-жылдық тарихы бар ең көне кітапханадағы кітаптың саны 5 млн. 600 мыңнан асады. Белгілі ғалым, жазушы Шериаздан Елеукенов: «Бүгінде жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар саласында кітап қоры бай дәл мұндай кітапхана иесі Кіндік Азияда жоқ» деп бағалайды.[1]

Қаншама ғалымның қаламы шыңдалған бұл кітапхана қорындағы жазба жәдігерлері негізінде «Ғылым ордасы» құрамында 2010 жылы Сирек кездесетін кітаптар мұражайы құрылды. Содан бері мұражай көненің көзі – жазба ескерткіштерді жинақтау, сақтау, зерттеу, дәріптеу ісін бір сәт тоқтатқан емес.

Мұражайдың алдына қойған негізгі міндеті – Қазақстанда және шетелдерде сақталған ел тарихына, мәдениетіне, ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды жинақтау, сақтау, зерттеу және дәріптеу; әртүрлі мәдени-тарихи жағдайлардағы олардың әлеуметтік рөлін, көне ғасырдан бері қалыптасқан отандық жазба мәдениеттің тарихын жан-жақты көрсету.

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының алғашқы «Ғасырлар қойнауындағы асыл мұралар» атты тұрақты экспозициясы Орталық ғылыми кітапхананың көне қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры негізінде жасақталды. Экспозицияға қоғамдық-тарихи маңызы зор XVIII–XX ғғ. аралығындағы жазба мұралар таңдап алынып, көрмеге қойылды. Мұражай көрмесіндегі көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар «Қазақ жазба мұралары», «Қазақтың алғашқы баспа кітаптары», «Ұлы дала ойшылдары», «Қазақ тарихының дереккөздері», «Қазақ сахарасындағы оқу-ағарту ісі», «Шетел ғалымдарының еңбектеріндегі Қазақстан», «XVIII–XIX ғғ. саяхатшылар естелігіндегі қазақ даласы» тақырыптарымен көрермендер назарына ұсынылды.

Қолжазба жәдігерлері – елдің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мәлімет беретін мұра. Олардың құндылығы қашанда жоғары бағаланады. Әсіресе, тарихи және әдеби шығармалар халық арасында кең тарады. Көрермендер музей көрмесінен атақты шығыс шайыры – Әлішер Науаидің диуандарын, Ораз Молда аудармасындағы Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамесін», Физулидің «Ләйлі-Мәжнүні» шығармасын ел арасында қолдан-қолға көшірілген қолжазба күйінде көруге мүмкіндік алды. «Шығыс Илиадасы» аталған «Шаһнаме», «Лейлі-Мәжнүн» ғашықтық дастандары қазақ арасында ауыз әдебиет үлгісінде де, қолжазба түрінде де тарады. Ораз Молда, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ақындарымыз бұл жырларды парсы тілінен қазақ тіліне аударып, оқиға желісін әдеби шеберлікпен суреттеп, қазақ ұғымына түсінікті етіп жазып кеткен еді. Көрмеде атақты шығыс шайырларының қазақ тілінде жырланған шығармаларының қолжазба күйінде сақталған нұсқалары ұсынылды.

Сондай құнды жәдігерлер қатарында мұражай көрмесіне Хакім Абайдың өлеңдер жинағы (М.Бікеұлының қолжазбасы), халық мұрасын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары, Жаяу Мұсаның күнделігі, Шәді Төренің өлеңдері, Әлкей Марғұлан шығармалары да қолжазба күйінде қойылды.

ХІХ ғ. басында басылған алғашқы қазақ кітаптары бүгінге өте шектеулі таралыммен жетті. Мұражай көрмесінде сондай сирек баспа кітаптар арасынан қазақ халық ауыз әдебиетінің мол мұрасы мен ақындар, ұлт зиялылары шығармаларының алғашқы басылымдары ұсынылды.

Сонымен қатар, мұражайда Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері, Жүсіп Иүгенеки, Сүлеймен Бақырғани сынды т.б. ірі ойшылдардың Стамбул, Қазан, Ташкент, Санкт-Петербург қалаларында жарық көрген көне кітаптары орын алды. Ортағасырлық түркі әдеби тіл – шағатай тілінде жазылған «Тимур-наме», «Ахбар Шингиз-хан уа Ақсақ Тимур», «Тарих Туркистан», сондай-ақ, парсы тілінен түрік, орыс тілдеріне аударылған «Бабур наме», «Тарихи Рашиди», Әбілғазы шежіресі – «Шаджара-и ат-турк» Қазақстан тарихының дереккөздері ретінде мұражай төрінен лайықты орын алды.

XVIIІ–ХІХ ғасырларда орыс, неміс және басқа да шетелдік ғалымдар түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының этнографиясын, тарихын, мәдениетін, ауыз әдебиетін зерттей бастады. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын, экспедицияларда жинаған материалдарын жеке кітап етіп бастырып отырды. Бұл үрдіс 1845 жылы Ресейде Императорлық орыс жағрафиялық қоғамы құрылғаннан кейін тіпті қарқын алды. Қоғамның Батыс Сібір, Орынбор және Түркістан бөлімдері Қазақстан аумағын жан-жақты зерттеумен тікелей шұғылданды. Өңірді зерттеген қоғам мүшелерінің ғылыми еңбектері мен материалдары орыс басылымдарында ұдайы жарияланып тұрды.

Мұражай XVIIІ–ХІХ ғасырлардағы Қазақстан территориясын зерттеген шетелдік ғалым-саяхатшылардың ғылыми кітаптарының бір топтамасын ұсынды. Елдің аталған кезеңдегі қоғамдық өмірінен, мәдени даму деңгейінен мол мағлұмат беретін бұл кітаптар құнды жәдігерлер қатарынан саналады. Көрмеде ХVIIІ–ХІХ ғасырларда Қазақстанның жағрафиясын, тарихын зерттеген шетелдік жаһангер ғалымдарының кітаптарымен қатар, көне қалалар мен өзендердің де карталары қойылды. Экспозициядағы көне жәдігер Еуропа жаһангерлерінің қызығушылығын арттырған А. Олеарийдің «Мәскеу және Мәскеу арқылы Персияға бару, қайту саяхатының баяны» деген атпен 1696 ж. Гамбургте жарық көрген 3 басылымдағы нұсқасы болды.

Мұражай қор жинақтау ісін қарқынды жүргізу нәтижесінде өзінің қорын жасақтады. Бүгінде мұражай қоры негізінде төрт тұрақты көрмесі:

«Қазақ даласының байырғы жазба мұралары»;

«Қолжазба – ғасырлар мұрасы»;

«Отандық көне басылымдар»;

«Қазақстанның жазба және баспа ескерткіштері» жасақталды.

«Қазақ даласының байырғы жазба мұралары» көрмесі республика аумағында табылған көне түркі жазу ескерткіштеріне арналды. Көрмеде тас дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырларға дейін жалғасын тапқан елдегі жазу үлгілері туралы құнды мағлұмат алуға болады.

Қазақстандағы жазба мәдениеттің бастаулары – қынамен салынған таңбалар, символикалық белгілер, петроглифтер, қыш тақтаға жазылған қаңлы жазуының нұсқалары, сармат таңбаларының үлгілері қабырға суреттерде көрсетілді. Жазба мәдениетіміздің хронологиялық жүйелік жалғасы ретінде көне түркі жазуы Орхон-Енисей ескерткіштерімен өрбиді. Әулиеата қаласына жақын жерден (Талас өзені аңғарынан) В. Каллаур мен А. Гейкель 1898 жылы тапқан «Оның есімі Чор. Отыз оғланы өздерінен, олжа мен игіліктен қол үзді. Оның жары жесір қалды» – деген сына жазуы бар тастың көшірмесі қойылды. Тастың бетіндегі жазуды В.В. Радлов, П.Мелиоранский, А. Гейкель, С.Е. Малов, Ю. Немет сынды ғалым-түркологтар түркі тіліндегі мәтіні мен емлелерін зерттеп, ғылыми еңбектерінде жариялаған болатын.

Сондай-ақ жазба екерткіштерінің бірі – Санкт-Петербургтегі Эрмитаж қорында сақтаулы көне түрік жазуы бәдізделген шырша бұтағынан жасалған шыптаның дәл көшірмесі қойылды. Жекелеген сөрелерде байырғы түркі жазуларына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері – ғылыми еңбектер қойылды. Солардың ішінде С.Е.Маловтың «Көне түркі жазуының ескерткіштері», «Көне түркі жазуының Моңғолия мен Қырғызстанда табылған ескерткіштері», «Талас эпиграфиялық ескерткіштері», Ә.Х. Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» кітабы, М.Е. Массонның «Орта Азияда көне түркі жазбаларының ашылу тарихына», Ғ.Айдаровтың «Көне түркі жазуы Орхон ескерткіштерінің тілі», А.Аманжоловтың «Түркі руна графикасы», М.Жолдасбековтың «Асыл мұралар», Ғ.Айдаровтың, Ә.Құрышжанов, М.Томановтың «Көне түркі жазуы», А. Есенқұловтың «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымша», «Ескі түркі жазба ескерткіштері» (жинақ, Йоллықтегін. Күлтегін. Көне түркі жазба ескерткіші. Көне түркі тілінен аударған және алғысөзі М. Жолдасбеков) атты зерттеу еңбектерін атауға болады.

«Қолжазба – ғасырлар мұрасы» көрмесі елдің тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінен мол мәлімет беретін, адамзат өркениетінің ортақ мұрасы саналған ортағасырлық қолжазбаларға арналған. Бұл көрмеде аса құнды һәм ғылым игілігіне қажетті шежірелік еңбектер мен қолжазбалар, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты фольклорлық, этнографиялық материалдар қойылды. Көрермендер елдің тарихи, мәдени, қоғамдық өмірінен мол мәлімет беретін құнды қолжазба мұралармен таныса алады.

Көрмеде күллі мұсылман қауымның діни жоралғысы мен дүниетанымын қалыптастырған Құран Кәрімнің әр түрлі жазу үлгісіндегі (диуани, насталик) қолжазба нұсқалары ерекше орын алады. Мұқым түркі жұртының рухани пірі саналған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтерінің» қолжаба және Қазанда (1896 ж.) жарық көрген баспа нұсқасы ұсынылды. Соның қатарында Хожа Хафиз Ширази диуандары, әл-Хорезмидің «Махаббат-намасы», Наср ад-дин Рабғузидің «Қисас ал-анбиясы», Сопы Аллаярдың «Сабат ал-аджизині» («Әлсіздерге жігер») қойылды.

Әлемдік ғылым мен өркениет дамуына өзіндік үлесін қосқан дарынды ғұламалар аз болған жоқ. Қазақстан территориясында өмір сүрген ортағасырлық сондай бірқатар ғұламалардың еңбегі көрмемізде лайықты орнын алды. Солардың ішінде әл-Фараби, Ибн Сина сияқты ат мәшһүр ғалымдардың және Ахмед Иүгенекидің «Хибат ал-Хақаиқ» (Хақиқат сыйы), Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ат-турк», Жүсіп Хас Хажіб Баласағұнның «Құтты білік» шығармалары көрме төрінде тұр.

«Ахбар Шингизхан уа Ақсақ Тимур», «Темір-наме», «Тауарих Мырза», «Тарих Сайқали», «Тарих Туркистан» сынды Қазақстан тарихынан мол мәлімет беретін тарихи шығармалар да көрмеміздің ажарын келтіріп тұр.

«Отандық көне басылымдар» көрмесінде араб әрпімен басылып шыққан тарихи деректерге бай, халықтың саяси, мәдени өмірінен мол мағлұматтар беретін, құнды жәдігер саналатын алғашқы қазақ баспа кітаптары мен басылымдары ұсынылды. Қазақстанда араб жазуын ХХ ғасырдан ХХ ғасырдың орта шеніне дейін он ғасыр бойы қолданып келді. Жазба мұрамыздың басым бөлігі осы араб жазумен сақталды.

Сондай араб әрпімен жазылған Шортанбай, Шал, Әсет, Мәди сынды қазақ ақындары мен жыраулары шағармаларының қолжазбаларын көремемізден көруге болады. Көрмедегі ең құнды жәдігерлерінің бірі – Жаяу Мұса Байжанұлының өз қолымен жазылған күнделігі және Ә. Марғұланның Жаяу Мұса туралы естелігі көрерменге түп нұсқасында ұсынылды.

Алғашқы араб қарпіндегі қазақ баспа кітаптары ХІХ ғасырдың басында Санкт-Петербор, Қазан, Уфа, Орынбор қалаларында шыға бастады. Қазан қаласы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Ресейдің шығыс халықтары тілдеріндегі кітаптарды бастыру ісінің ірі орталығы болды. Қазақ ауыз әдебиетінің туындылары – қиссалар, эпостық, лирикалық жырлар, айтыстар, діни дастандар мен аңыз-ертегілер Қазан қаласындағы Б.Домбровский, М.Чирков, Ш.Хусаинов, И.Харитоновтардың және т.б. жеке баспаханаларында басылды. Көрмеге Қазан қаласында басылып шыққан ноғай жырлары: «Қырық уәзір хикаясы», «Ер Сайын» жыры және Нұртуған жырау нұсқасындағы «Орақ-Мамай» жырының қолжазбасы қойылды.

Халық арасында кең жырланған Сұлтан Кенесары мен Садық, Ерназар және Бекет батыр жырларының И.В.Аничков, С. Смирнов бастырған баспа кітаптары көрмемізді құнды жәдігерлері.

Тарихын, сонау, тереңнен тарқататын халқымыздың бізге жеткен ең ерекше, құнды мұрасы – шежіре. Арабтың “шаджара” үрімбұтақ, тармақ деген сөзінен негіз алатын бұл мұра әлмисақтан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан өнер. Мухаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» және Қадырғали Қосымұлы Жалайыридің «Жылнамалар жинағы» сияқты ортағасырлық құнды мұраларында халқымыздың шежіреге деген құрметі мен ыждаһаттылы анық көрініс береді. Сол сияқты қазақ қоғамы арасында кеңінен мәлім болған шежірелер қатарына «Қиян Домбауыл мерген шежіресі», «Алаш мыңы», «Үйсін Майқы бидің шежірелері», «Қыпшақ Кіреулі шежіресі», «Едіге би шежіресі» сияқты ортағасырлық жазба мәдениетінің мұраларын жатқызуға болады.

Көрмемізде Әбілғазының «Тарихи шежіре ат-турк» шығармасын, С.Торайғыров жазған «Қазақ тайпасының ата-бабаларының турасында сөйленген рауаятлар баяны» шежірелік қолжазбасын, М.Ж. Көпеев жинаған шежірелерін және т.с.с. шежіре шығармаларды көруге болады.

«Қазақстанның жазба және баспа ескерткіштері» көрмесі негізінен сан ғасырлық мәдени мұрамызды сақтау, оны келер ұрпаққа ұсыну мақсатында Елбасының бастамасымен 2004 жылдың 13 қаңтарында ҚР Үкіметі қаулысымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан және ғылымда орны ерекше белгіленген отандық ғылыми шығармаларға арналды. Көрмеде жазба мәдениетімізді түгендеуге үлкен септігін тигізген «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көрсету және дәріптеу мақсат етілген.

Аталған бағдарлама еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға, жаңғыртуға және тиімді пайдалануға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігінен туындаған. Бағдарлама бойынша іс-шаралар жоспарының 92-тармағында «… қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи маңызы бар қолжазбаларды, жәдігер басылымдарды, кітаптар мен мұрағаттық құжаттарды табу және сатып алу үшін алыс және таяу шетел қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру» көзделген. Осы мақсатта алыс-жақын шетелдерге ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, ғылыми ортаға Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы 5000-ға жуық жаңа қолжазба мен баспа басылымдары табылды, елге бірқатарының көшірмелері әкелінді. Ғылыми және жазба мұралардың ең үздік үлгілері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 300-ге жуық еңбек жарияланды және жарияланып жатыр.

Тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштерін ашу, ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар айтарлықтай тарихи-мәдени ескерткіштерді консервациялау, қалпына келтіру және қайта жасау; мәдени мұраның, оның ішінде ауыз әдебиетін, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудің біртұтас жүйесі жасалды. Қорыта айтқанда, елдің рухани-мәдени, экономикалық және әлеуметтік капиталы жасалды. Көрмеде бұлар баспа жәдігерлермен дәлелденіп, жан-жақты түсіндіріледі.

Сирек кездесетін кітаптар мұражайы тұрақты көрмелерден төмендегідей бірқатар уақытша тақырыптық көрмелер өткізді:

алғашқы қазақ баспа кітабының шығуына 205 жыл толуына орай өткен «Қазақтың алғашқы баспа кітаптары» көрмесі (І-тоқсан 2012);

Рамазан айы құрметіне «Құран және діни кітаптар» көрмесі (сәуір айы 2012);

Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына арналған «Д.А. Қонаевтың жеке кітапханасындағы кітаптар мен қолжазбалар» көрмесі (ІІ-тоқсан 2012);

В.В. Радлов, П.П. Семенов-Тянь-Шаньский, В.В. Каатаринский, Н.И. Ильминский, Л.Н. Гумилев мерей тойларына орай «Қазақ даласы – орыс зерттеушілерінің көзімен» тақырыбындағы кітап көрмесі (ІІ-ІІІ-тоқсан 2012);

«Латын графикасындағы қазақ кітаптары» көрмесі (ІІІ-IV- тоқсан 2012);

«Сирек кітаптардағы әлем сыры» ХІХ-ХХ ғ. басындағы ғылыми кітаптар көрмесі (IV- тоқсан 2012).

«Қазақ дүниетанымының тарихы» қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы А. Сейдімбек пен С. Қондыбайдың мерейтойларына арналған кітап көрмесі (ІІ-тоқсан 2013 ж.);

9 мамыр Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған «Соғыс жылдарындағы кітаптар» көрмесі (мамыр 2013);

Халықаралық 1- маусым балалар күніне арналған «Қазақ балалар әдебиетінің көрмесі» (маусым 2013).

«Ғылым ордасы» құрамындағы Сирек кездесетін кітаптар мұражайы құрылғанына бас-аяғы екі жыл болса да жазба жәдігерлерді зерттеу, жинақтау, түгендеу саласында бірқатар істер атқарды. Солардың бірі ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті 2012-2014 жж. гранттық негізде қаржыландыратын ғылыми жобалар байқауында 3 бірдей: «Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат және музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XIX – XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер»; «Жазба деректеріндегі далалық дипломатия көріністері (XIII-XVIII ғғ.)»; «Орталық Азия ғұламаларының фатуалары және тарихи деректік маңызы» атты ғылыми-зерттеу жобасын ұтып алғанын айтуға болады.

  «Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат және музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XIX – XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер» жобасы бойынша Қазақстанның революцияға дейінгі кітап басылымы жайында тарихи-кітаптық деректері анықталып, ұлттық кітаптар және басқа да баспа өнімдерінің жинақталған библиографиясы жасалады. XIX-XX ғғ. басындағы қазақ кітаптары туралы құжаттар жинастырылып, мәтіндік, тарихи хронологиялық, тарихи-деректемелік сипаттамаларын түзу, осы құжаттар негізінде сол кезеңдердегі қазақ қоғамының саяси ахуалы, саяси-әлеуметтік құрылымы, халықаралық қатынастары, қазақ қоғамындағы билік өкілдерінің рөлі және т.б. жақтары зерттеледі.

Ал «Жазба деректеріндегі далалық дипломатия көріністері (XIII-XVIII ғғ.)» жобасында терминологиялық материалдарға аса бай дереккөз – хан, би жарлықтары, дипломатиялық хаттары зерттеліп, оларға текстологиялық талдау жасалады. Көне түрік, араб, парсы, монғол тілдерінде (XIII–XVIІI ғғ.) жазылған әртүрлі эпостолярлық деректер қазақ тіліне аударалады. Қазақстан территориясында билік құрған хандықтардың тұсындағы ресми құжаттардың стилі, қалыптасу кезеңдері, өзіндік ерекшеліктері, құжаттық рөлі, хан сарайының құжаттау ісі, сыртқы елдермен дипломатиялық қарым-қатынасындағы ұстанымдары және т.б. зерделенеді.

«Орталық Азия ғұламаларының фатуалары және тарихи деректік маңызы» атты ғылыми-зерттеу жобасында Орталық Азиядан шыққан ғұламалардың фатуалары (діни-құқықтық шешімдерін) өңірдің тарихи және мәдени-рухани өмірінің дереккөзі ретінде кешенді түрде зерттеледі. Діни құқытық мәселелер шешуінің дәстүрлі жолдары, өңірдің саяси, діни тұратылығына негіз болған толеранттықтың сабақтастығы қарастырылады.

Аталған бұл жобалардың ғылыми маңыздылығы жоғары бағаланған. Жазба ескерткіштерінің зерттелуіне, жүйеленуіне өзіндік үлес қосатын жобалар.

Өткен мен бүгінгінің арасын сабақтастыратын алтын желі – жазба ескерткіштерді сақтау мемлекеттігінің тарихын, халқының мәдениетін, тілі мен дінін құрмет тұтатын елдің алдыңғы қатарлы міндеті. Олай болатыны, әрбір жаңа тарих бетін ашқан айтулы оқиғалар, кезеңдер тек жазба ескерткіштер беттерінде хатталады. Сондықтан жазба ескерткіштерді түгендеу, сақтау, қатарын толықтыру күн тәртібінен ешқашан түспейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» – деп, тарихымызды түгендеудің мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды іс екенін көрсеткен болатын.

Қазақстанның жазба мұраларын бір жерге шоғырландырып, олардың сақталуына, жан-жақты зерттелуіне жауапкершілік арттыра отырып, мұражай болашақта Жазба ескерткіштердің ірі орталығы ретінде дамуға бар мүмкіндігін сарп етпек.

Әбдіғали Бекішев

 РМК «Ғылым ордасы»

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының меңгерушісі

gylymordasy.kz/

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз