Басты бет Қазақстан тарихы Тәуелсіз Қазақстан Болашаққа ұмтылған Қазақстан Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуы

Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуы

20 Желтоқсан 2013
1740
0

Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қауымдастықпен нарықтық экономикалы ел деп танылып отыр. Тәуелсіздіктің қысқа жылдары аралығында мемлекетіміз дүниежүзілік қауымдастықпен кіріге отырып, экономикалық өсудің жоғары қарқынымен ерекшеленді. Осыған байланысты,  қоғамдық даму деңгейінің, экономикалық қуаттылықтың және елдің ұлттық қауіпсіздігінің  белгісі ретіндегі адами ресурстардың, білім беру жүйесінің рөлі мен маңыздылығы артады. Білім - әлемдегі өркениетті дамыған елдердің барлығында дерлік дамудың негізгі көрсеткіші мен негізгі басыңқы бағыты болып табылады. Шын мәніне келгенде, елдер тек тауарлар мен қызметтер өндіре отырып бәсекелеспейді, сонымен бірге олар қоғамдық құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйесі арқылы бәсекеге түседі. Қазақстан Республикасының әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену міндеті елде ғылыми сыйымды технологиялық білімі бар, басқарушылық қабілетке ие, нарықтық экономикада дұрыс бағыт таңдай алатын жоғары білікті мамандар болған кезде және дүниежүзілік нарықтық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді білім беру жүйесі құрылғанда шешіле алады.

Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім жүйесін бетбұрыстандыру бірнеше кезеңнен тұрды: 1 кезең – жоғары білім жүйесінің заңдық және нормативтік құқықтық базасының қалыптасуы (1991-1994 жылдар); 2 кезең – жоғары білім жүйесін модернизациялау, оның мазмұнын жаңарту (1995- 1998 жылдар); 3 кезең – білім беру жүйесін қаржыландаруды орталықсыздандыру, білім беру мекемелерінің академиялық еркіндігін кеңейту (1999-2000 жылдар); 4 кезең – жоғары кәсіптік білім беру жүйесін стратегиялық дамыту (2001 жылдан бастау алған қазіргі кезең) [1].

Қазіргі қазақстандық білім беру жүйесі «Білім туралы» Заң (1999 жыл), «Білім» мемлекеттік бағдарламасы (2000 жыл), «2010 жылға дейінгі білімді дамыту стратегиясы» (2001 жыл), «2005-2010 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» (2004 жыл) сияқты стратегиялық нысандағы құжаттармен бекітілген [2,3].

Көптеген жоғары білім беру мекемелері Қазақстан Республикасының жоғары білім жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану міндетінен білім берудің Болондық моделін жүзеге асыруда, ол төмендегідей деңгейлерден тұрады:

- жоғары базалық білім/ жоғары арнайы білім: бакалавриат – «бакалавр» дәрежесін беретін жоғары білім беру бағдарламасы;

- жоғары ғылыми-педагогикалық білім: магистратура – «магистр» академиялық дәрежесін беретін жоғары ғылыми-педагогикалық бағдарлама;

- докторантура PhD – бұрынғы ғылыми-зерттеу кадрларын даярлау жүйесінің орнын басатын бағдарлама.

Жоғары білімнің үш деңгейлік жүйесінің енгізілуі сонымен бірге, білім беру бағдарламаларының диапазонының кеңеюі мен олардың рыноктық экономика талаптарына сәйкес икемділігі мен шоғырлану дәрежесін күшейтуге бағытталған. Жоғары білімнің бұл моделінің жүзеге асырылуы өзінің өміршеңдігі мен өзектілігін көрсетті, сол сияқты оның келешекте әрі қарай өзгертілу қажеттілігін пайымдады. Қазақстан Республикасындағы жоғары білімнің үш деңгейлі моделінің даму бағыттары майда мамандықтар түрін қысқартып, оларды кеңірек пәндерге/ бағдарламаларға біріктіруді, бизнеспен өзара әркеттестікті арттыруды, түлектердің еңбек рыногындағы қажеттілігін қамсыздандыруды қамтиды.

Қазақстанның жоғары білім жүйесінің қалыптасуының келесі бір жағымды тұсы – институционалдық құрылымдардың, оқыту бағдарламалары мен формаларының  әртараптандырылуы, олардың университеттік білім беру жүйесіне бейімделуі. Қарастырылып отырған үдерістің маңызды бір тұсы жеке білім беру секторының дамуы мен кеңеюі болды. 2012 жылы  еліміздегі жоғары оқу орындарының саны 139 болса, олардың 66-сы жеке меншік иелігінде болды [4,5] (Кесте 1).

Кесте 1 – Жоғары оқу орындарының желісі

Барлығы

Желісі (бірлік)

1

2

3

ЖОО саны

139

Оның ішінде:

1

Ұлттық

9

2

Халықаралық

1

3

«Назарбаев Университет» АҚ

1

3

Мемлекеттік

33

4

Мемлекеттік (АҚ)

16

5

Азаматтық емес

13

6

Жеке меншік

66

Дерек көзі- www.edu.gov.kz

Осылайша, жеке меншік формасындағы ЖОО саны мемлекеттік ЖОО санынан 2 есе артық. Егер жоғарыда келтірілген деректерді 2008-2012 жылдар аралығында қарастыратын болсақ, оны 2 кестеден көруге болады

Кесте 2- Қазақстан Республикасындағы ЖОО желісі  (2008-2012ж.)

2008жыл

2009жыл

2010жыл

2011жыл

2012жыл

1

2

3

4

148

6

Барлығы

144

145

148

167

139

Оның ішінде:

Мемлекеттік

55

55

56

56

48

Жеке

89

90

92

66

66

2 кестеден көріп отырғанымыздай, 2012 жылы Қазақстандағы ЖОО саны 2008 жылмен салыстырғанда 5-еуге кеміген. Жоғары білім беру жүйесіндегі мұндай үрдісті Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің ЖОО қоятын талаптарының артқанын, мемлекетік бақылау мен үйлестіру, реттеу шараларының қатаңдағанымен түсіндіре аламыз. Сонымен бірге жеке меншік ЖОО санының артуы оларға автономияның көбірек берілуінен, ал шешім қабылдау үдерісі орталықсыздандырылып, ЖОО басшылығына берілгенімен анықталады. Егер бұрын мемлекет экономикамен қатар, өз жоспарларын жүзеге асыру үшін мамандарды даярлауды да жоспарлаған болса, қазіргі күні жоғары білім жүйесі ұлттық және халықаралық еңбек рыноктарының талаптарын ескеруге тырысады.

Жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігіне және білім беру сапасына ықпал етуші факторларды біз төмендегідей топтарға бөле аламыз: [6]

1.  Объектінің білім беру қызметтерін алу сапасы (абитуриент, студент, аспирант, даярлық курстарының тыңдаушылары, кәсіби біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары).

2.  Субъектінің білім беру қызметтерін беру сапасы (оқыту бағдарламаларының сапасы, профессор-оқытушылар құрамының сапасы, қызмет көрсету үдерісін ресурстық қамсыздандыру сапасы, материалдық-техникалық база, ақпараттық-әдістемелік қамсыздандыру, ғылыми-зерттеу сапасы).

3.  Білім беру қызметтерін көрсету сапасы (білім беру қызметтерін көрсетуде қолданылатын технологияларды жүзеге асыру және оны ұйымдастыру, білім беру қызметтерін көрсету үдерісін бақылау сапасы, білім беру қызметінің нәтижесінің сапасы).

4.  Тұтынушылардың қанағаттану дәрежесі (білім беру қызметтерін пайдаланушылардың сапаға қанағаттануы, білім беру қызметін көрсетушілердің өз жұмысына қанағаттануы, қоғам мүшелерінің білім дәрежесі).

Қазақстан Республикасының Конституциясының 2 тармағының 30 бабы көрсететіндей, ҚР азаматы конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы, ол мемлекеттің өз азаматтарының жоғары оқу мекемелерінде оқуы үшін қомақты қаржы бөлу қажеттілігін пайымдайды.

Қазақстанның жоғары білім жүйесін талдау мемлекеттің нарықтық қатынастарға көшуімен байланысты қоғамдық үрдістерге сәйкес эволюциялық үдеріспен сипатталатынын көрсетеді. Ол ең алдымен сандық көрсеткіштердің өсуінен байқалады. Қазақстандағы білім мен ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыру 2006 жылы тиісінше – 331,5 млрд.теңге, 14,2 млрд.теңге болса, 2008 жылы ол 627,3  және 18,6 млрд.теңгені құраған. (дерек көзі – www.edu.gov.kz) Оны төмендегі суреттен көре аласыздар.

Ескертпе – статистикалық мәліметтер негізінде автордың құрастыруы

Сурет 5 - 2006-2008 жылдардағы білім мен ғылымды қаржыландыру

Осыған байланысты әлемнің дамыған елдері білім саласына тұрақты өспелі қаржы жұмсайтынын айта кеткен жөн (Кесте 3).

Кесте  3  - Әлем елдеріндегі білімге жұмсалатын  мемлекеттік шығындар

Елдер

ЖІӨ % жоғары білімге шығындар

1

2

Дания

2,5

Финляндия

2,1

Германия

1,2

Ирландия

1,2

Корей Республикасы

2,4

Швеция

2,2

Ұлыбритания

1,1

АҚШ

1,5

 ОЭСР бойынша орташа

1,7

Қазақстан

0,3

Қытай

0,8

Үндістан

0,7

Малайзия

2,8

Ресей

0,7

Таиланд

0,8

Дерек  көзі:  Education at a Glance: OECD Indicators 2006

Осылайша, АҚШ-та жоғары білімге ЖІӨ 1,5% жұмсайды, ол көрсеткіш Финляндиядағы осы көрсеткіштен 2,1% аз. Ал Ұлыбританиядағы аталған көрсеткіш 1,1% құрайды. Сонымен бірге, жоғары білімді қаржыландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі күні АҚШ-та бұл мәселе өте өзекті болып табылады. Мұндай құбылыстың себебі экономикалық даму саласына қатысты және де АҚШ-тағы белгіленген әлеуметтік топтардың әлеуметтік теңсіздік мәселесінен туындаған. Алайда аталған факт АҚШ-қа қарағанда жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі төмен елдерде, әрине оған Қазақстан да енеді, жоғары білім саласын жеткілікті мөлшерде қаржыландыру қажеттілігін ойландырады [7].

Егер Қазақстанның қаржылық күштерін басқа елдермен салыстыратын болсақ, Қазақстандағы білімге жұмсалатын мемлекеттік шығындар үлесінің тым төмен екендігі айқын. Осылайша, Қазақстан ЖІӨ 0,3% жоғары білімге жұмсай отырып, Малайзия, Таиланд, Қытай сияқты елдермен салыстыруға келмейтінін және ОЭСР елдерінің орташа көрсеткішінен (1,3%) біршама төмен екендігін байқаймыз.

Мемлекеттік қаржыландырудың төменгі деңгейін өтемақылау үшін үкімет үш элементтен тұратын ресурстарды шоғырландырудың көпжақты  стратегиясын қабылдады:

-   жеке жоғары білімді жедел дамыту;

-   мемлекеттік университеттер мен колледждерінің шығындарына үлестік қатысу;

-   кей мемлекеттік университеттерді жекешелендіру.

Алайда ресурстарды жай ғана арттыру әрдайым да қажетті нәтижежелер бермеуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған: «Қазақстандық ЖОО міндеті - әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру, ал жетекші ЖОО дипломдары әлемде танылуы тиіс. Олар мұны жасауға міндетті. Біз әрбір қазақстандыққа жоғары білім алудың нақты мүмкіндігін беруіміз керек. Студенттердің оқуын қаржыландырудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында үкіметке бюджеттен білім беру несиелерінің есебінен білім беру гранттарының көлемін 50% арттыруды тапсырамын. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер арқылы несиенің қайтарымын мемлекеттік кепілдемемен қамсыздандыру жолымен студенттік несиелендірудің заманауи жүйесін құру» [8]. 

Қазақстандағы ЖОО білім беру бағдарламаларының санына, ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлеміне, ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілік деңгейіне байланысты бірнеше типтерге бөлінеді, атап айтатын болсақ: университеттер, академиялар және институттар. Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстанда университеттер саны артып, ол көпшілікті құрап отыр

Әрбір екінші қазақстандық студент университетте білім алады. Университет – бұл жоғары білім жүйесіндегі білім беру мекемелерінің маңызды типі болып табылады. Университет жөніндегі дәстүрлі таным яғни ғылыми-зерттеу және оқыту қызметі тең мағынада болуы, келешекте де өз маңызын сақтап қалатын тәрізді. Университеттер бүкіл әлем бойынша тараушы жаңа ғылыми мәліметтердің бұқаралық ағымынан базалық мәндегі идеяларды алудың ерекше және дербес  қызметін орындауға бағытталған. Ізденіс, анықтау, өңдеу, біріктіру, тәжірибелік нәтижелерге жеткізу ғылыми-техникалық прогреске ықпал етеді. Бұл міндет университеттік біліммен біріге отырып ойтайлы шешімін табады.

Ескертпе: статистикалық мәліметтер негізінде автордың құрастыруы

Сурет 6 – Қазақстанның жоғары білім беру мекемелерінің құрылымы (2011ж.)

Қазіргі күні Қазақстанда жоғары білімді мамандарды даярлаудың салалық жүйесі басым, ол гуманитарлық және техникалық ғылымдар саласындағы білімін үйлестіретін, жан-жақты білім алған, бірнеше шет ел тілдерін меңгерген, басқарушылық бейімі бар жаңа ғасырдың жұмысшы күшін дайындауды біршама шектейді. Даярлаудың мұндай деңгейін негізінен университеттер қамтамасыз етуге қабілетті. Мұны жоғары білім жүйесінде университеттік типтегі білім беру мекемелері басым дамыған елдер тәжірибесі көрсетеді.

Білім жүйесі, оның ішінде жоғары мектеп халықты жұмыспен қамтуды ынталандырып, жұмыссыздықты қысқартуда маңызды рөл атқарады. Ол еңбек рыногынан жастардың бір бөлігін тарта отырып, әлеуметтік шиеленісті  әлсіретеді.

Кәсіптік білім адами капиталдың қалыптасуын қамсыздандырады. Адами капитал табыс әкеле алатын адамдағы қабілеттердің мөлшерін білдіреді. Ол тума біткен ақыл-ой мен физикалық қабілет, дарын, сыйды ғана қоспайды, сонымен бірге алынған білім мен біліктілікті қосады. Жұмысшы күшінің біліктілік деңгейі адами капиталдың жағдайын көрсетеді. Адами капиталдың артуы еңбеккерлердің кәсіптік-біліктілік деңгейінің өсуін бейнелейді.

Кәсіптік білім, біліктілік алу жұмысқа орналасу мәселесін шешуде еңбеккер үшін өте маңызды болып табылады. Жұмыс беруші үшін білімі туралы дипломның болу факті, сол адамның белгіленген іріктеуден өтіп, сапалы (білікті) жұмысшы күші категориясына енгенін білдіреді. Егер еңбеккер білімі туралы дипломды көрсетпесе, оның жұмысшы күшінің сапасын жұмыс берушінің өзі бағалауы тиіс болады. Ал ол еңбексыйымды, шығынды үдеріс және де қателіктен ада емес екендігі сөзсіз. 

Оқу мекемелерінің түлектерінің көпшілігіне кәсіптік білім еңбекке деген қабілетін жақсартуға, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан білімнің болуы жұмыс іздеушіге еңбек рыногында жоғары бәсекеге қабілетті жұмысты қамтамасыз етеді.

Алайда, кәсіптік білімді тек оқитындарда еңбекке деген қабілетті дамытуға бағытталған жүйе ретінде қарастыру дұрыс емес. Кәсіптік білім – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жағдайлар құруға, жекелеген мүдделер мен қажеттіліктерді, оның ішінде мамандық пен біліктілік алуды ескеретін, әлеуметтік институт болып табылады.

Еңбек рыногындағы сұраныстың қарқынды өзгерісі жоғары білімнен өз қызметі экономиканың жаһандануы мен өңірленуі жағдайында өтетін жаңа кәсіптік, технологиялық, басқарушылық салаларда мамандар даярлауды талап етеді. Осыған сәйкес жоғары мектептің педагогикалық және ғылыми-зерттеу функцияларын қайта ұйымдастыру қажет, ол академиялық пәндерді әрі қарай әртараптандыру барысында пайда болатын ғылым мен техниканың көптүрлі жетістіктерін ескеруі керек. Оқу жоспарларының түрлілігі, оған енетін пәндер мен курстардың тізімі, кадрларды даярлауды әмбебаптандыру пәнаралық және көппәндік бағыттардың күшеюіне, оған қатысты оқыту әдістері мен ғылыми зерттеулерді жүргізуді күшейтеді. Жоғары білімді қайта ұйымдастыру мен бетбұрыстандыру ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың  жедел дамуын және оған деген жоғары білім мекемелерінің артып отырған қажеттіліктерін басты назарда ұстауы қажет.

Көптеген елдер шешуші маңызды экономикалық міндеттердің арасынан жылдам өзгеруші экономика, технология мен халықаралық сауда жағдайларына бейімделу мүмкіндіктерін күшейту қажеттілігін ерекше көрсетеді. Жоғарыда аталған үдерістердің қарқынына теңсіз әсер теріс өңірлік, ұлттық, жергілікті салдарға алып келетін тұтас бір мәселелер кешенін тудыруға қабілетті. Жоғары білім осындай көптеген теріс үрдістерді болдырмауға қабілетті болып табылады. Мұндай үрдістерден шығу жөніндегі шешімдер ұлттық, жергілікті, өңірлік, әлеуметтік және мәдени құндылықтарды ескерумен жүзеге асырылуы тиіс.

БЕРИКБОЛОВА УЛЖАН ДОСКАЛИЕВНА

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, аға оқытушы


Әдебиеттер тізімі:

1.  ҚР 2005-2010 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

2.  Дамитов Б.К. Жоғары білім бойынша заңды және нормативті құжаттар жинағы. ҚР Білім және Ғылым Министрлігі.- А., 1996.-132б.

3.  Современное состояние высшего образования в Республике Казахстан// Вестник высшей школы- А., 2005.-С.92.

4.  Закон Республики Казахстан от 27.07.2007 N319-3«Об образовании»

5.  http://www.edu.gov.kz

6.  32 Алшанов Р. Частное образование в Казахстане: становление и современные вызовы // Казахстанская правда, 2007, 2 ноября, №175

7.  Данилова Т.В. Методика оценки конкурентоспособности вузов// Качество и конкурентоспособность в 21 веке: материалы 5 Всероссийской научно-практической конференции.- Чебоксары: Изд-во Чуваш.ун-та., 2006.-С.137.

8.  ОЕСD, 2006, Education at a Glance: OECD Indicators 2006.-257 с.

Резюме

В статье рассматриваются проблемы становления и развития высшего образования в независимом Казахстане. Анализируется состояние и развитие вузов. Показано, что конкурентоспособность вуза определяется его адаптивностью, инновационностью и конкурентоспособностью оказываемых образовательных услуг.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз