Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Археология Жетіасар қалашықтарының қорғаныс құрылыстары туралы

Жетіасар қалашықтарының қорғаныс құрылыстары туралы

04 Желтоқсан 2013
121
0

Жетіасар аймағындағы ескі дәуірдің іргелі өркениетін қалыптастырушылардан қалған бекініс орындарын басқа қала құрылымдармен салыстыру қиын. Б.з.д. I мж. аяғы — б.з. VIII ғ. жататын Жетіасар қалалары Сырдарияның ежелгі арналарының бірі Ескідариялықтың бойында орналасқан. Қалалардың негізгі бөлігі Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласы және Жосалы ауылынан оңтүстікте  45-90 км қашықтықта орналасқан [1, 73-б.].

Жетіасар қалашықтарының орны жайлы А. Левшин 1832 жылы жарық көрген «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде бірқатар мәлімет келтірген. Сол мәліметтерден, Жетіасар ескерткіштері Қуаңдарияның оң жағалауында болып шығады. Бұл қаланы А. Левшин ертеде қарақалпақтар мекендеген десе де, ол жерден құрылыс көріністерін байқамаған. Қала сыртында тек терең ор, қақпа, канал іздері сақталған [2].

Хорезм археологиялық экспедициясы 1946 жылы ертедегі Жаңадария, Қуаңдария және Іңкәрдария арналары бойында орналасқан археологиялық ескерткіштерді зерттеу барысында ортағасырлық Жетіасар мәдениеті, Жанкент қалалар тобы (Батпақтағы қалалар) ескерткіштерін ашып, ғылыми айналымға енгізді [3, 9-15 бб.].

Жетіасарлық ескерткіштерге тән ерекшелік, олардың өзіндік заттай мәдениеті мен ерекше жоспарланған ірі қалашықтары болып табылады. Ескерткіштер көне арналарды жағалай орналасқан. Негізінен асарлардың көпшілігі солтүстік Қуаңдария арнасының бойында топтасқан [4, 13 б.].

Жетіасар мәдениеті зерттеушілердің пікірінше мың жылға жуық өмір сүрген,  хронологиялық шеңбері б.з.д. ІI – б.з. VIIІ ғасырлар аралығын қамтиды [5,  186-193 бб.].

Жетіасар қалаларының қоныстану сипаты, қалалардың топографиясы, архитектурасы, қорғаныс жүйелері, құрылыс салу техникасы және қоныстар мен олардағы тұрғын үйлердің жоспарлануы Жетіасар мәдениетінің тіршілік еткен өн бойында ерекше тұрақты болған. Жетіасар қалалары әрдайым топ-тобымен, аралары 2-8 шақырымнан аспайтындай қашықтықта орналасқан. Ескерткіштердің алғашқы қалыптасып, гүлденген уақытына жоспары сопақша және дөңгелек пішінді қалашықтар тән. Олардың биіктігі қазірдің өзінде 8 м-ден 25 м болатын екі қабатты мықты ғимараттардан тұрады, аудандары 0,5 га-дан 18 га-ға дейін жетеді [6, 28 б.].

Б.з.д. ІІІ ғ. негізі қаланған қаңлы мемлекеті жайлы, ежелгі Қытай жазбаларында жиі ұшырасады. Оның территоиясы шығысында Талас алқабынан батыстағы Арал маңына дейін – Ташкент жазирасы мен Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария алқабының ежелгі арналарын және Жетісудың оңтүстік-батыс бөлігін, Оңтүстік Қазақстанды алып жатты. Жоғарыда айтылған қытай жылнамаларында қаңлы мемлекетінің құрамына Сусе, Фумо, Юйни, Цзи, Юйцзянь деп аталатын бес «шағын иелік» кірген. [7].

Зерттеушілер аталған территорияда қаңлыларға тән негізгі үш мәдениетті ажыратады – қауыншы, отырар-қаратау және жетіасар мәдениеттері деп көрсетеді [1, 72-75 бб.]. Осы мәдениеттер туралы пайымдауларды өткен ғасырдың 70-80-жылдары белсенді түрде өрістетілген зерттеулер толықтыра түсті. Зерттеулер барысында жинақталған материалдар Кангюй тұрғындарының материалдық мәдениетінің сипаты, шаруашылығы, қолөнері туралы, олардың алыс-жақын елдермен мәдени, саяси байланыстары туралы мәселелерді жан-жақты қарастыруға мол мүмкіндіктер берді.

«Қаңлы» сөзіне тарихи-лингвистикалық  түсінік берген ғалым Ә.Қайдаров Отырар қаласының араб шабуылына дейін (VІІІ ғ.) Кангюй мемлекетінің орталығы болғанын көрсетсе, бұл аймақтың мәдениетін зерттеген Ә.Қоңыратбаев: «Афригидлер кезіндегі Хорезм (І-Х ғғ.) Кангюй (қаңлы) елі деп аталған», - деп жазады [8, 35 б].

Хорезм экспедициясы жүргізген зерттеулер нәтижесінен көретініміз – Жетіасар мәдениеті өзінің даму барысының І – ІІ кезеңдерінде Сырдарияның орта ағысындағы және басқа да көршілес мәдениеттермен тығыс байланыста болғанын анықтайды. Бұл кезеңдерде (І – VІ ғғ.) жергілікті тұрғындардың басым бөлігі орындарында болған. Ал Жетіасар ІІІ кезеңінде Жетіасар шатқалындағы ескерткіштердің басым бөлігі өмір сүруін тотатады, алайда жетіасар мәдениетінің таралу аймағы бұрынғы кезеңінен анағұрлым кеңейіп, жетіасар тұрғындарының қоныс аударуынан Әмудария және Сырдария дельталарының оң жағалауына дейін тарайды. Аталған үшінші кезеңнің  соңына қарай (VІІІ ғ. аяғы – ІХ ғ. басы.) Жетіасар шатқалындағы бұл мәдениет Сырдарияның төменгі ағысынан мүлдем жойылады [4, 89 б.]

Ежелгі дарияның солтүстік тармақтары Ескідариялық және Қуаңдарияда су тоқтағанмен, шығыс арал жазығында тайпалардың тіршілік етуі толық дерлік жойылған жоқ. Жетіасар мәдениеті иелерінің әр түрлі топтары түрлі бағытта қоныс аудара бастады: Сырдарияның оң жағалауы бойынша оңтүстік-шығысқа (Іңкәрдарияның қайта суға толуына байланысты біртіндеп сол аймақта қалып отырды), және оңтүстік-батыс бағытта қазіргі Әмудария аңғарына (мұнда VІІ-ІХ ғғ. кердер мәдениеті қалыптасты), сонымен бірге батыс-солтүстік-батыс бағытында Сырдарияның қазіргі сағасына, бұл жерден әрі Еділ бойымен Солтүстік Кавказ аймақтарына (мысалы, бахмутин және салтов мәдениетінде жетіасарлық белгілер байқалады) жылжыды [9, 5 б.], Мұнда жетіасар мәдениетінің иелері қоныс тепкеннен кейін, осы жерде «батпақтағы қалалар» (б.д.д VII) деген атпен гүлденіп көркейеді. «Батпақтағы қалалар» тұрғындарын, С.П.Толстов, оғыздармен, ал Жаңакентті - «оғыз патшасының» резиденциясымен байланыстырды [10, 38, 198 бб.].

Жетіасар шатқалын 2005 ж. Ж.Құрманқұлов жетекшілігімен Шірік-рабат археологиялық экспедициясының барлау отряды (отряд жетекшісі Ә.Тәжекеев), Қызылорда облысының тарихи ескерткіштері жинаған дайындау мақсатында қайта зерттеп шықты [6].

1948 ж. археологиялық барлау жүргізу барысында Жетіасар мәдениетіне сипаттама беріп, ескерткіштерінің типологиясын жасаған С.П. Толстов, қалалардың құрылыс ерекшелігіне қарай үшке бөліп қарастырады:

І мықты бекініс қабырғалармен қоршалған және ішкі жағында да мықты бекіністі үлкен ғимараттары бар қамалдар;

ІІ жақсы дамыған қорғаныс жүйесі бар, яғни мұнаралармен күшейтілген әрі қақпалары мықты бекіністелген, бірақ, ішкі жағында мүлдем құрылыс іздері жоқ, ірі қамал-қорғандар;

ІІІ жақсы дамыған қорғаныс жүйесі бар, сонымен бірге қорған ішінде көптеген ғимараттары бар қорған-қамалдар [11, 125-126 бб.].

Бірінші топқа жататын асарлар ішінен екіге бөлініп қарастырылған, бірінші топқа №1 Жетіасар қалашығы, ал екінші топқа №№2, 5, 6, 7, 13, 15, 16 Жетіасар қалашықтары жатады. Сонымен бірге С.П.Толстов Жетіасар ескерткіштері арасынан №4 және №8 Жетіасар қалашықтарын, мәдениеттің ең кейінгі кезеңіне жататындары деп көрсетеді [11, 128-136 бб.].

ХХ ғ. 60-жж. ортасында Хорезм экспедициясының зерттеулері нәтижесінде, жетіасар қыш ыдыстарының классификациясы мен осы мәдениеттің нақты кезеңдері анықталды. Жетіасар мәдениеті өз дамуында басты 3-кезеңнен жүріп өткен. Жетіасар І кезеңі дәуірлер тоғысынан б.з. ІІІ соңына дейін, Жетіасар ІІ кезеңі ІV – VІ ғғ. аралығын қамтиды, Жетіасар ІІІ кезеңі VІІ ғ. – ІХ ғ. басына дейін созылады  [12., 4, 64-76 бб.].

Қазіргі кезде бізге белгілі 50-ден аса жетіасар қалаларының барлығында көп қабатты, мықты бекіністері бар, осы уақытқа дейін бекінісі әлсіз қалашықтар кездеспеген. Орналасу тәртібі, қоныстардың топографиясы, архетектурасы, құрылыс техникасы, жекелеген үйлер мен тұрақтарының жобасын жан-жақты зерттеу, аймақтағы тұрмыстық мәдениеттің ұзақ кезеңге жақсы сақталғанын анықтауға мүмкіндік берді [9, 11 б.].

Жетіасарлық ескерткіштердің екі және үш ярусты төбе түрінде сақталған қамалдары – қорған қабырғаның ішкі бетін түгелге дерлік мықты бекіністелген монументальді бір ірі құрылыс нысаны алып тұрған. Бұл үлгідегі асарлар жетіасар мәдениеті өмір сүрген барлық кезеңдерінде ұшырасады. Алайда,  мәдениеттің өмір сүруінің үшінші кезеңінде (VІ ғ. аяғы-VІІ ғ.), жоғарыда аталған қалашықтардан жоспарлануы мен фортификациясы өзгеше қамалдар салына бастайды. Жетіасар шатқалының орталық және шығыс қалалар тобында, VІ ғ.-VІІІ ғ. аяғында  кейбір қамалдардың жоспарлану құрылымында өзгерістер ене бастайды. Көпқабатты, жақсы бекіністелген құрылыс нысандары бар қорған-қамалдардың бірнешеуі сыртынан қосымша, шығыңқы мұнаралармен бекітілген, сопақша жоспарлы қабырғамен қоршалады, бірақ бос қалған қабырға ішіндегі кеңістіктің айтарлықтай көп бөлігінде ешқандай құрылыс іздері байқалмайды (№3 және №7 Жетіасарлар). Ал шығыс қалашықтар тобындағы екі осындай сыртқа қарай шығыңқы мұнаралармен бекіген қабырғамен қоршалған қамалдар ішінде мүлдем құрылыс іздері болмай шықты (№4, №8 Жетіасар ескерткіштері) [9, 12 б.].

Бізге белгілі Жетіасар ескерткіштері арасынан осы көрсетілген төрт қалашықтың жоспарлануы мен фортификациясында айтарлықтай өзгешелік байқалады. Сонымен қатар №№2, 13, 10 Жетіасар қалашықтарының төменгі қабатындағы ярусы биік қорған қабырғамен қоршалып ерекшеленеді [9, 12 б.].

Жетіасар ескерткіштерінің арасындағы ең ірілері қатарында саналатын №3 Жетіасар – Алтын асар қалашығына тоқталып өтсек.

Алтынасар қалашығы С.П.Толстовтың жетіасарлық ескерткіштерді жіктеуіндегі үшінші топқа жататын мықты бекіністі, бірнеше ірі құрылыстары бар ірі нысанға жатады. Алтын асар – қисық трапеция пішінді, ауданы 17 га, болатын төрт қорғаннан тұратын кешен. Ескерткішке С.П.Толстов 1946 жылы ашып, сипаттама жасаған. Қорғандары әр түрлі уақытта салынып, кейіннен бір қорғаныс жүйесіне біріктірілген, қалашықтың ішкі ауданында құрылыс іздері сақталған. Аталған төрт қорғанның ірісі «үлкен үй» - спираль пішіндес жоспарлы болып келеді, көлемі 165х165 м, биіктігі 15 м, мұндай жоспармен салынған қорған-қамал түрлерін жетіасардан тыс, басқа ескерткіштерде әзірге кездеспейді. Алайда  хронологиялық жағынан және географиялық жағынан алшақта орналасқан Кіші Азия ескерткіштерінде спираль тәрізді жоспарлы құрылыстар дәстүрлі болып саналады [5, 187 б.].

Б.з.д. І мыңжылдықтың орта тұсында Алтын-асар кешенінің солтүстік-батыс бұрышында қамал салынған болуы керек, атыс ойықтары бар қабырғаның биіктігі 5 м сақталған, дөңгелек пішінді қорған диаметрі 50 м. Бұл қалашықтағы ең кейінгі құрылыс нысаны бесбұрыш пішінді ауданы 800 шаршы метр болатын, шартты түрде  «Үлкен үйдегі» деп аталған қамал болып табылады [9, 15-б.].

«Үлкен үйдің» қорған қабырғасының бұрыштарына және кіре беріс қақпасына, пішіні шаршы болатын 40х40х9 см саз кесектерден салынған, мұнаралар салып бекітілген. Қазба жұмыстары барысында мәдени қабаттардың хронологиясын екі кезеңге: төменгі – «дән үккіштер қабатына» (б.з.д І мыңжылд., ортасы мен б.з. алғ. ғасырлары.) және жоғарғы  - «диірмендер қабатына» (б.з. ІІІ – VІІ ғғ.) бөлуге болатынын көрсетті. Қорған-қамалдың Жетіасар ІІ және ІІІ кезеңдерінде тіршілік еткені анықталды [9, 15-б.].

Алтын-асар айналдыра қоршаған 30 сопақша мұнарасы бар қорғаныс қабырғасы да «Үлкен үйдің» құрылысымен қатар тұрғызылған болуы мүмкін. Қабырға биіктігі 5 м сақталған, алайда ғимараттардың қабарғасынан ерекше пахсалық блоктар қатарынан тұрғызылған. Жоғарыда атап кеткеніміздей бұлай құрылыс салу үлгісі кейінгі кезеңге жатқызылған төрт ескерткіште ғана кездеседі. №3 және № 7 Жетіасар қалашықтарындағыдай ішінде коридоры бар, сопақша шығыңқы мұнаралармен бекіген қорғаныс қабырғалар салынған Жетіасардың алғашқы кезеңі қамалдарында да ұшырасады. Бұдан шығатын қорытынды олар бірнеше кезең бойы қорғаныс жүйесін дамыту барысында пайда болған [9, 15-б.].

Алтын-асар қалашығындағы мәдени қабаттың жалпы қалыңдығы 10 м, анықталған 16 құрылыс қабатының 10-ы «дән үккіштер қабатына» жатады олардың қалыңдығы 7 м. Тұрғын жайлар ұзын параллель қатарман орналасқан жіңішке бөлмелерден тұрады. Ұзын қабырғаларды сылап отырған, ал оларда бөліп тұрған көлденең қысқа қабырғалар ешқандай сылақсыз қалдырылған. Бөлмелер қабырғаларға ойылып салынған пештер арқылы жылытылып, ас дайындауға да осы пештер пайдаланылған болуы мүмкін. Қазба барысында аршылған үлкен қыш құмыра өндіретін пеш те осы қабаттарға жатады. Жоғарғы 6 құрылыс қабаты «диірмендер қабатына» жатады. Бұл қабаттар жоспарлану түрі ерекше болып келеді. Қабырғаға ойылып салынған пештер орнына бөлмелер ортасына қойылған ашық ошақтар қойылып, қабарғаларға айналдыра жапсарласа суфалар  салынған. Ал ең жоғарғы қабаттарда ұзын ошақтар пайдаланыла бастаған [5, 188-190 бб.].

Алтын асар кешеніндегі «Кіші үйдің» құрылысы цилиндр пішіндес биіктігі 10 м, диаметрі шамамен 30 м. Шамамен 6 м, биіктікте ғимаратты айналдыра жіңішке дәліз – пандус салынған. Оның қабырғаларынан ішке өтетін есіктері бар. «Кіші үйдің» жоспары шірікрабаттық тайпаларыдың жерлеу құрылыстарына ұқсастығынан зерттеушілер оны толықтай сеніммен мавзолей деп қарастырады [5, 195 б.].

Алтын асар кешенінен алынған керамиканы талдай отырып, Л.М.Левина оны төмендегідей екі үлкен топқа бөліп қарастырады: нашар иленіп, қалың жапсырылған, көптеген қоспалар (шамот, әк тас, ағаш ұнтағы) қосылған және жай пеште күйдірілген керамикалық ыдыстар; жақсы иленіп, қыш күйдіретін арнайы пештерде күйдірілген, ыдыстар. Егер алғашқы топтағы керамика – үй жағадайында жасалынған болса, екінші топтағы керамика сөзсіз өнірісте жасалынғанын айтады. Аталған ескерткіштегі керамика кешені бірнеше хронологиялық шеңберді қамти отырып, «үлкен үйден» алынған материалдар б.з. І ғасырынан – б.з. ІІІ ғасырының аяғын қамтиды [4, 15-21 бб.].

  Жоғарыда атап кеткеніміздей жетіасар ескерткіштерінің барлығы дерлік екі және үш ярусты, жоғарғы алаңы биік төбе түріндегі ескерткіштер. Барлық ескерткіштердің өзегі, жоғарғы қабаттағы алаң – көп қабатты, күрделі қорғаныс құрылыстары бар үй болып табылады. Әр осындай жоғарғы алаң одан төменірек, бірақ ауданы үлкен екінші қабатпен (ол да қорғаныс қабырғамен қоршалған), ал екіншіқабат астында өз кезегінде ең жалпақ қорғаныс қабырғасы бар төменгі ярус орналасады [6].

  Жетіасарлық ескерткіштердегі құрылыс нысандарын салуда көлемі әркелкі болатын нығыздалған сазды блоктар-пахсалардан және тікбұрыш пішіндегі саз кірпіштер пайдаланылған. Хорезм экспедициясы зерттеулер барысында, салынған құрылыс нысандарының қолданысына және олардың салыну кезеңіне байланысты әртүрлі тәсілдер қолданылып отырғанын анықтағын. Жетіасар мәдениеті өмір сүрген барлық кезеңдерде пахса блоктар мен саз кірпіштер кезектесе отырып өрілген [9, 18 б.].

  Жетіасар І, ІІ кезеңінде аласа пахса блоктар мен өлшемі 50х30х10 см, 60х35х10 см стандартты саз кірпіштер қолданылған. Аталған кезеңде қорғаныс қабырғалардың төменгі жағы жалпақ келуі тән. Зерттеушілер Бидайық асар ескерткішінің қорғаныс қабырғасына жасаған қазба жұмыстары барысында, қоған қамалдың әр кезеңінің өзіндік ерекше кірпіш қалау тәсілі болғанын анықтады. Мыс: монументальді қорғандардың ең ерте кезеңдерінде пахса блоктар мен саз кірпіштер, әдейі кедір-бұдыр етіліп, «тастан соғылған» секілдендіріп қаланған.  Бұдан шығатын қорытынды, бұлай құрылыс салу әдістері таулық немесе тау етегін мекендейтін халықтар әкелген болуы мүмкін деуге негіз бола алады. Осы Бидайық асардың соңғы кезеңінде салынған 3-қазбадағы мұнара құрылысы көлемі 40х25 см, 40х30 см саз кірпіштерден тұрғызылған [9, 18 б.].

  Б.з.д. І  мыңжылдықтың орта тұсында негізі қаланған Томпақ асар  қалашығының төменгі құрылыс горизонтында да пахсалық блоктар мен көлемі 45-50х30-32 см саз кірпіштер кезектесе отырып қаланған. Ал, ортаңғы сегіз құрылыс горизонтында саз кірпіштер көлемі 40-43х28-30х9-10 см стандартта болған, арасында 36х28 см және 45-46х27-28х8-9 см көлемді кірпіштерден қаланған ғимараттар да бар. Жоғарғы құрылыс гризонтында пішіні шаршы 38-40х38-40 см кірпіштер қолданыла бастайды [9, 19 б.].

  Көлемі 38-42х26-28 см тік бұрышты кірпіштер Алтын асардағы «үлкен үй» құрылысының ЖетіасарІ, ІІ кезеңіне тән, ал «үлкен үйдің» екінші қабатына салынған бесбұрышты қамалдың құрылысында (жетіасар ІІІ кезең) шаршы 37-40х37-40х7-8 см саз кірпіштер қолданылған. Аталған ескерткіштердің (Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар) кейінгі кезеңдеріне жататын құрылыстар, биіктігі 20 см пахса блоктар мен кезектесіп саз кірпіштер қолданылған, ал №4 және №8 Жетіасар қорғандары бірыңғай пахса блоктардан тұрғызылған [9, 19 б.].

  Жетіасар қалашықтарына жүргізілген қазба жұмыстары, әр  ярустартың қорған қабырғасы материктен бастап тұрғызылғанын көрсетті және шатқал қалашықтарындағы құрылыс салу тәсілдері тұрақты болған. Бұдан көретініміз осы мәдениетке тән құрылыс салу сипаттары, Орта Азияның ежелгі және ерте ортағасырлық құрылыс салу ісімен сабақтас болған [9, 19 б.].

  Жетіасар қалашықтарының қорғаныс құрылыстары пахсалық блоктардан және арасына лай салмаған, ені жіңішке кірпіштермен, жуан кірпіштерді кезектестіре қаланған биік тұғырнамаға салынған. Ескерткіштердегі қорғаныс дәліздері, мұнаралар қалың қабырғалы жіңішке бөлмелердің барлығы дерлік күмбезді немесе иінді болып жабылған. Қалашықтардың алғашқы өмір сүру кезеңінде иіліп жабылған төбелерге көлемі 43-50х28-30х23-25х8-9 см трапеция пішінді (сыналап қалау) саз кірпіштер пайдаланылған. Бұндай кірпіштерден Бидайық асар және Томпақ асар қорғаныс  мұнаралары салынған. Жалпы ескерткіштердің алғашқы өмір сүрген кезеңіндегі иінді жабылуы төмен әрі мықты болған, алайда кейінгі кезеңдерде аркалар биіктеу болғанымен олардың қалану тәсілдері оншалақты мықты болмаған сияқты [9, 19 б.]. Сонымен қатар, жетіасарлық қалашықтарды баспалдақты иіндер де бар, тұрған жайлар мен атыс коридорларына өтетін бөлмелерде және кейбір қорғаныс коридорларында да кездеседі [9, 19-20 бб.].

  Жетіасарлықтар үшін қорғаныс құрылыстарын сапалы тұрғызу ең алғашқы кезектегі мәселе болған тәрізді. Жетіасар І, ІІ кезеңіндегі қорғаныс қабырғалары жоғарыдан төмен қарай қалыңдай беретін, мықты салынған биік қабырғалар болған.  Жоспарында бұл қорған-қамалдар сопақша немесе дөңгелек пішінде болған, арасында бұрыштары қатты иілген, шығыңқы мұнарасыз, тік бұрыш пішінді ескерткіштер де кездеседі. Қорғаныс қабырғалар, жоғарыда атап өткеніміздей, биіктігі 20-25 см пахсалық блоктардан және көлемі 50х30 см, 60х30х9 см саз кірпіштермен кезектестіріп қаланған. Қабырғалардың ішіндегі қорғаныс дәліздері, едендері бірдей тегістікте және бірдей күмбез тәрізді иінделіп бір жоспармен салынған. Бірінші кезең дәліздері, кейінгілеріне қарағанда ұзынырақ болған. Жетіасар ІІ кезеңінің дәліздері үштен алты атыс ойығын қамтитын ұзындықта ғана болған. Кейіннен қорғаныс қабырғаларына жабыстыра, тікбұрышты биік тұғырға, бұрыштары иіліңкі келген, үш жағынан атыс ойықтары бар, күмбезделіп жабылған, мұнаралар салына бастайды (Бидайық асар, Томпақ асар). Біршама уақыттан соң мұнаралар арасын байланыстыра, саз кірпіштен биіктетіп салынған тұғырға, атыс ойықтары бар, күмбез тәрізді етіп жабылған, бірнеше тұйықтан тұратын атыс галереясы салынған. Галереяның қабырғалары  мұнаралардың екі бүйіріндегі атыс ойықтарын жауып қалған. Кейінгі салынған мұнаралар мен дәліздердің жабылу иіндері, алғашқы кезеңдегідей (трапеция формалы кірпіш ) тігінен емес, көлденеңінен әр келесі қатар кірпіші, кішкене алға жылжи отырып, нәтижесінде арка жасап жабылады. Екінші қайта салынған мұнаралар мен атыс дәліздері биіктігі 5,4 м-ден (Томпақ асар қалашығының батыс мұнарасы) 10,2 м-ге (Бидайық асар ескерткішінің оңтүстік-батыс мұнарасы) дейін жететін платформаларға салынған. Бұдан кейінгі кезеңдерде, қорағаныс қабырғалары бірнеше рет бұзылып қайта салынып отырған. Ең соңғы кезеңінде бұрын салынған барлық мұнараны ішіне сіңіре, қабырға сыртынан ортасында атыс дәлізі бар жаңа қорғаныс жүйесі салынады. Бұл қабырға да кейіннен сыртқа шығыңқы мұнаралармен күшейтіледі. Бір ғана – Томпақ асар (№12 Жетіасар) ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары, қалашықтың қорғаныс жүйесін он бір рет қайта жаңғырта салғанын көрсеткен. Бидайық асар қалашығында қорғаныс жүйесі он алты рет күрделі қайта жөнделіп, өзгертіліп отырған. Алайда ескерткіштердің тіршілік етуінің соңғы кезеңдерінде, қорғаныс жүйесіндегі қайта салулар, барлық қабырғаларды қамтымаған, кей тұстары толығамен тегістеліп, іргетас ретінде пайдаланылса, енді бір жерлері бұрынғы қызметін атқара берген, ал үшінші бір тұстарының сыртынан, күмбез тәрізді жабылған, жаңа атыс галереялары салынған [9, 22-23 бб.].

  Жетіасар І, ІІ кезеңінде ескерткіштердің барлығының қорған қабырғалары ішкі жағынан биіктігі 40 см сыртынан 110-140 см, ені 15-20 см бір типті атыс ойықтарымен күшейтілген, олардың ішкі жағында кішкене тепкішек болып, сырты төмен қарай қатты еңкіс келген. Атыс ойықтарының бұл типі Хорезмдік Кюзели-гыр және т.б. ортаазиялық қалашығықтарда кеңінен тараған [13, 143-153 бб.]. Тек №12 Жетіасар қалашығының  мұнараларында, жоғарғы жағы жіңішке иіліп, төмен қарай кеңейе түсетін  трапеция формалы атыс ойықтары болған. Жетіасар ескерткіштерінің алғашқы кезеңдерінде қорғаныс дәліздерінде екі қатарлы атыс ойықтары болған, жоғарғы қатардағы атыс ойықтарына ағаш тепкішекпен көтеріліп пайдаланған болуы мүмкін. Атыс ойықтарының көпшілігі еденнен 60-130 см, жерден басталған, бұл биіктік бір тізерлеп отырып та, түрегеп тұрып та садақ атуға болатын биіктік. Ал кейбіреулерінің биіктігі тек қарауыл қарауға арналғанын көрсетеді. Қайта жөндеу жүргізілген уақытта атыс ойықтары әр түрлі құрылыс қалдықтарымен толырылып отырған. Атыс ойықтарының тік бұрышты осындай түрлері №№2, 10, 13 Жетіасар қалашықтарындағы, Жетіасар ІІ кезеңіне жататын, тік қорғаныс қабырғаларында да болған. №13 және №10 Жетіасар қалашықтарындағы қазба жұмыстары, қорған-қабырғаларда бес-алты тік бұрышты, бұрыштары иіліген және сопақша шығыңқы мұнаралар болғанын және екі, үш қатар атыс ойықтары болғанын көрсетті. Олардағы қабырғалардың ішкі қорғаныс дәліздері де екі қабатты болғанға ұқсайды.  құрылыс қабаттарында кездеседі [9, 23-24 бб.].

  Жоғарыда атап өткен ескерткіштерден қорғаныс жүйесі өзгеше ескерткіштер қатарына №№3, 4, 7, 8 Жетіасар қалашықтары жатады. Алғашында биіктігі 4-6 м болатын, атыс ойықтар қатары бар, жіңішке пахсалық блоктар мен саз кірпіштерден тұрғызылған ескерткіш қабырғалары (№№3, 7 Жетіасарлар), кейін бірыңғай тек саз блоктардан қаланған (№№4,8 Жетіасарлар). Сонымен қатар қорғаныс қабырғалар, сопақша пішінді сыртқа шығыңқы мұнаралармен бекіген. Олардың санына келсек – №3 Жетіасарда (Алтын асарда) 28 мұнара, №4 Жетіасарда 22, №7 Жетіасада 27, №8 Жетіасар қалашығында 20 мұнара салынған. Алтын-асар мен №7 Жетіасар қалашығы қабырғалары ішінде қорғаныс дәлізі болған, ал, №№4, 8 Жетіасарларда атыс ойықтары болғанымен ондай дәліздер жоқ, яғни атыс ойықтарын ағаш тепкішек тұғыр қойып пайдаланған немесе оған ағаштан көпір секілді ұзын едендер жасаған. Төрт ескерткіште де «қосарланған», яғни аралары жақын мұнаралар кезедеседі. Бұл қамал қорғанға кіретін онша кең емес қақпаларды қорғауға бағытталған болуы керек. Әр қорған-қамалдың 2-3 тен қақпалары болған. Қақпаларды қорғауға арналған мұнаралар Алтын-асар ескерткішінің ең кейінгі кезеңіне жататын бесбұрышты қамалында да бар. Бидайық асар қалашығанда жүргізілген қазба жұмыстарында, бірінші – төменгі ярусқа кіретін қақпаның орны аршылды. Зерттеу жұмыстарының барысында, бұл қақпа үш жағынан 11 м сақталған, үш қатарлы атыс ойықтары бар, мықты қорған-қабырғалармен қоршалған – «қақпан-аулаға» кіретін қақпа болып шықты. Бұл қақпа арқылы қалашыққа өтетін жер 5,5 м биіктікте болған. Ол есіктер арқылы кіру үшін ағаш сатылар пайдалынылған болу керек және олар запастағы есіктер болуы мүмкін. Осы тектес кіретін қақпалар 3-3,5 м биіктікте Томпақ асардың батыс қабырғасында кездеседі. Сонымен қатар осындай кіретін есіктер, жоғарыда аталған Хореззмдік көне Кюзели-гыр қалашығында да кездеседі [9, 24-25 бб.].

  Осы кезеңге дейін жинақталған материалдар бойынша Жетіасар мәдениетінің қорған-қамалдарының қорғаныс жүйесінің тұрақтылығы мен ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жетіасар ескерткіштері отырар-қаратау мәдениеті ескерткіштерімен тығыз байланыста болғандығын көсетеді [9, 29-31 бб.].

  Отырар-қаратау және жетіасар мәдениеттерін зерттеу барысында «жетіасарлықтардың» Сырдың орта ағысына қарай бінеше толқыны болғанын көрсетті [4].

Жетіасар шатқалында өмір сүрген мәдениет өзіндік сипаты жағынан қазақстандық және ортаазиялық көршілес орналасқан мәдениеттерден өзгешілігімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер ескерткіштердің орналасуынан, ұйымдастырылуынан, заттай мәдениеттердің өзгешелігінен бірден көзге түседі.

Әрқашан оба-қорғандармен қоршалып жататын, кез-келген жетіасарлық қоныс табиғи су көздерінің маңайына орналасып отырған және су көздері тоқтаған сәтте-ақ өмір сүруін тоқтатып, жаңа қалыптасқан арналардың бойына қоныс аударып отырған. Бізге белгілі асарлардың арасынан ішкі жағы толықтай құрылыс нысандары барларының барлығы дерлік қорған қабырғамен қоршалған. Аталған жетіасарлық мәдениетке тән сипаттар қалашықтардың бейнесінен, жоспарлануынан, қорғаныс жүйесінен жүздеген жылдар бойы өзгеріссіз қайталанып отырғанынан көрінеді [9].

Жоғарыда аталып өткен төрткүл тектес ескерткіштермен Жетіасар ескерткіштерінің бірқатар қамалдары арасында байланыс болуы мүмкін. Жоғарыда талдап өткеніміздей Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін Хорезм экспедициясының жетекшісі, профессор С.П.Толстов үш түрге: ішкі бетінде мықты бекіністі үйметерттері бар бекіністі, жақсы дамыған қорғаныс жүйесі бар, алайда ішінде құрылыс іздері кездеспейтін ірі және жақсы дамыған қорғаныс жүйесі және қорған ішінде көптеген ғимараттары бар қамалдар – деп, бөліп қарастырады [11, 128 б].

Екінші топтағы бекіністелген жоспарында тік бұрышты шаршы пішінде болып келетін қалашықтарды, ішінен екі түрге бөліп қарастыруға болады.

І түрге мұнаралармен бекіністелген қамалдар;

ІІ түр мұнарасыз қорған-қамалдар.

Алдымен мұнаралармен күшейтілген қамалдарға тоқталып өтсек. Жетіасар ескерткіштерінің ең шығыс бетінде орналасқан №8 Жетіасар – Базар асар қалашығы жоспарында ромбы пішіндес, қорған қабырғаны айналдыра 20 сопақша мұнарамен бекітілген. Қабырғаларды айналдыра атыс ойықтары салынған. Қорған-қамалдың ішінде жоғарыда атап өткеніміздей ешбір құрылыс жоқ [6, 333-336 бб.].  Ескерткіш жауын-шашынмен бүлініп кеткендіктен дәл сипаттамасын беру мүмкіндігі жоқ. Десек те олар қабырғадан шығыңқы болуы себепті, үш жағынан, яғни қарсы алдынан, оң және сол жағынан атыс ойықтары болған деп айтуға болады.

№4 Жетіасар – Бұзық асар ескерткіші жоспарында дұрыс емес тікбұрышты, аумағы 9,3 га келетін қабырғамен қоршалған. Қорғаныс-қабырғаларда атыс ойықтары бар. Қабырғадан ілгері шығыңқы сопақша 20 шақты мұнаралары бар. Пахсалық блоктардан қаланған қабырғаның ішіндегі оңтүстік бұрыштағы шағын үй құрылысынан басқа, құрылыс жоқ [9, 16 б.]. Біздің пайымдауымызша Бұзық асардың да мұнаралары қабырғаның ұзына бойын қорғау үшін,  үш жағынан атыс ойықтары салынған. Суреттеліп отырған қалашықтардан алынған керамикалық бұйымдар, осындай  қорғаныс құрылыстарының жетіасарлық тұрғындарда б.з. VІ – VІІІ ғғ. болғанын көрсетеді [9, 16 б.].

Жетіасар ескерткіштерінің ішіндегі қорғаныс құрылыстары өзгеше болып келген, алайда, жоғарыда сипатталғандай мұнаралармен бекіген ішінде құрылыс іздері кездесетін тағы төрт ескерткішті І түрге (мұнарамен күшейтілген)  қосып қарастыруғы болады.

Алтынасардан солтүстік бағытта 4,5 шақырым қашықтықта орналасқан Ашағ асар ескерткіші, жоспарында дұрыс емес тікбұрыш пішінде. Көлемі 60х50 м, биіктігі 1,5 м сақталған қорған қабырғалардың ішінде ені 2,4-2,8 м болатын қорғаныс дәлізі бар. Қабырғалар көлемі 38-42х24-30 см саз кірпіштерден өрілген. Қалыңдығы 9,5 м-ге дейін болған. Ашағ асар ескерткішінің бес мұнарасы да қабырға қалыңдығынан аспайтындай етіп салынған. Қамалға кіретін қақпа шығыс қабырғаның орта тұсында болған. Жиналып алынған керамикалық материалдар, Сырдарияның орта ағысындағы мәдениеттер керамикасымен өте ұқсас. Ашағ асардың б.з.д. соңғы ғасырлар мен б.з. алғашқы ғасырларында тіршілік еткені анықталған [4, 90 б.].

Қарақ асар ескерткішінің де жоспары мен ұйымдастырылуы жоғарыдағы Ашағ асар тектес. Жетіасар шатқалының оңтүстігінде, Қуаңдария бойында орналасқан Қарақ асардың көлемі 70х70 м. Биіктігі 1,8 м сақталған қабырғаның ішінде, бір-біріне параллель екі қатар қорғаныс дәлізі бар. Қорғанның төрт бұрышында және оңтүстік-шығыс қабырғасының ортасында, қақпаны қорғау мақсатында болуы керек, қабырға қалыңдығынан аспайтын, жоспарында шаршы пішіндес мұнаралары болған. Өткен ғасырдың 70 жж. Л.М.Левинаның жетекшілігімен ескерткіште жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде, қалашықтың жоспары, қорғаныс құрылыстары кемінде екі рет күрделі жөндеуден өткен [4, 90 б. 9, 18 б.].

Қорғаныс жүйесі жоғарыда сипатталған ескерткіштерге жақын тағы екі ескерткіш – Сырдарияның қазіргі арнасының оңтүстігінде,  Ескідариялықтың құрғақ атырабында орналасқан. 1987 ж. ашылған оларға шартты түрде Оңтүстік және Солтүстік Қос-қала атауы берілген. Қазіргі сақталған биіктігі 2,5-3 м аспайтын бекіністердің қабырғаларының ішінде қорғаныс дәлізі бар. Қамал қабырғалары дөңгелек және сопақ пішінді мұнаралармен бекітілген. Жоспары дұрыс емес төрт бұрыш пішінді Солтүстік Қос-қала ауданы 230х240 м. Бұрыштары мұнаралармен күшейтілген. Оңтүстік Қос-асар ауданы 240х310 м, жоспарында трапеция пішінді. Қорған қабырғаны  айналдыра, диаметрі 12 м болатын, ауданы 12х25 м, 12 мұнарамен бекіткен. Қорғандардың ішкі бетінде аздаған құрылыс іздері байқалады [9, 18 б.].

Қорғаныс жүйесі Жетіасар қалашықтарынан өзгеше, аталған Ашағ асар, Қарақ асар, Оңтүстік және Солтүстік Қос-қала ескерткіштерінің қабырғалары жалпақ, аласа жал күйінде қалған. Мұнаралардың қалыңдығы қабырға қалыңдығынан аспайды. Қорған қабырғылардың қазіргі сақталған жағдайынан, олардағы атыс ойықтарының түрін анықтау мүмкіндігі болмай отыр. Ал, осы төрт ескерткіштен алынған материалдар, оларды жетіасарлықтардан өзге этникалық, мәдени топтардың салғанын, сонымен қатар Жетіасар мәдениетімен салыстырғанда қысқа уақыт қана тіршілік еткенін көрсетеді [9, 18 б.].

Мұнарасыз қорған-қамалдар. Жетіасар ескерткіштер қатарына жатқызылып жүрген, Жетіасар шатқалының  солтүстік-батысында орналасқан Алыптың қорғаны қалашығы, антика заманындағы Орта Азия жерөңдеушілері мәдениетерінде кеңінен тараған ескерткіштерге ұқсас. Қалашықтың жоспары 58х58 м болатын, бұрыштары доғалданып салынған шаршы тәрізді. Қорған қабырғаларының биіктігі 6,5-7 м болады, алайда жоғарыда сипатталған ескерткіштердегідей мұнаралары жоқ. Қамал қақпасы оңтүстік қабырғаның орта тұсында. Қамалдың  ішінде құрылыс іздері жоқ. Қабырға ішін айналдыра периметрі бойынша ені 2,6 м қорғаныс дәлізі бар. Сыртқы қабырға қалыңдығы 2,2 м, ішкі қабырға қалыңдығы 1,2 м. Екі жақ бетінде де аралары 1,6-1,9 м болатын, үстіңгі жағы сүйір атыс ойықтары бар. Қорған қабырғасының төменгі жағы, биіктігі 1 м, ені 60 см пахса блоктардан 2 қатар қаланып, атыс ойықтары басталған биіктіктен жоғарғы жағы тікбұрышты саз кірпіштен салынған. Жетіасар мәдениетіндегі осы тектес ескерткіш көршілес жатқан көне дәуірлік шірікрабат мәдениетінде кездеседі. Жаңадария бойында орналасқан, жоспары шаршы тәріздес, мұнарасыз Қабылдың қорғаны қалашығы (Б.з.д. VІІ – VІ ғғ.), жоспарлануы бойынша Алыптың қорғанына іспеттес. Бұл ескерткіштен алынған керамикалық материалдардың бір бөлігі жетіасар керамика кешеніне жатады. Алыптың қорғанынан табылған керамикалық материалдар да қалашықтың Жетіасар І және Жетіасар ІІ кезеңінде өмір сүргенін көрсетеді. Алып қорғаны жетіасарлық тұрғындардың көршілері шірікрабат мәдениеті өкілдерінің қолынан шыққан құрылыс болып табылады. Оның негізгі міндеті «жетіасарлық» және «шірікрабаттық» жерлерді бірге қорғау үшін салынған болуы мүмкін. Ал, қамалдың ішкі жағында мүлдем құралыс іздерінің болмауы және қабырғалардағы екі қатар атыс ойықтарының болуы, қалашықтың тек әскери бекініс міндетін атқарғанын аңғартады  [9, 17 б.].

  Сонымен қорытындылай келе Жетіасар ескерткіштерін қорғаныс құрылыстарының түрлері бойынша төртке бөліп қарастыруға болады.

1.  Екі немесе үш қабатты, күрделі қорғаныс жүйесі бар біртұтас ғимараттар. Оларға Жетіасар мәдениетінің елуге жуық ескерткіші жатады.

2.  Ішкі жағында мүлдем құрылыс іздері жоқ, қабырғасынан ілгері шығыңқы мұнаралармен бекітілген қамалдар. №4, №8 Жетіасар ескерткіштері жатады.

3.  Ішінде аздаған құрылыс іздері бар, қабырға қалыңдығынан аспайтын мұнаралармен бекітілген, қабырға ішінде қорғаныс дәліздері бар қалашықтар. Ашағ асар, Қарақ асар, Оңтүстік және Солтүстік Қос-қала ескерткіштері жатады.

4.  Қорғаныс қабырғалары мұнарасыз, қабырға ішінде айналдыра периметрі бойынша қорғаныс дәліздері бар ескерткіштер. Алыптың қорғаны, Қабылдың қорғаны қалашықтары кіреді.

Бірінші топтағы бекіністі асарлар – Жетіасар мәдениетіне тән. Хорезм экспедиясының ұзақ жылдар бойғы зерттеулері барысында, бір орында қалыптасып, дамуы бірегей өткен ескерткіштер тобы еш өзгеріссіз мың жылға жуық өмір сүрген [9, 4 б.].

Екінші топтағы қалашықтардың пайда болуын, Жетісу және Оңтүстік Қазақстан аймағындағы көне төрткүл ескерткіштерін салушы тайпалардың Сыр өңіріне ене бастауымен байланыстыруға болады. №4, №8 Жетіасар қалашықтарының қандай мақсатта салынғаны жайына келсек – бұлар мал шаруашылығымен айналысатын жартылай көшпелі тайпалардың шаруашылығындағы төрт түлік негізгі қорғалатын байлық көзі болуы себепті, мал қамайтын қаша қызметін атқарған болуы мүмкін.

Үшінші топты құраған төрт қалашықтың керамикалық материалдары, жоспарлануы және қорғаныс құрылыстары, Л.М.Левинаның салыстырмалы зерттеулері көрсеткендей, Жетіасар мәдениетімен тұстас, Сырдың орта ағысындағы мәдениеттер «иелерінің» салған ескерткіштері болып табылады [9, 17 б.].

  Төртінші топ ескерткіштері – Сыр өңірінде көне дәуірден қалыптасқан шірікрабат жерөңдеушілер мәдениетіне тиесілі қалашықтар болып табылады. Бұл ескерткіштердің ең жақын аналогын, көршілес жатқан шірікрабат мәдениетінің (антикалық дәуір), Бәбіш-Молла, Баланды қалашықтарынан көруге болады [11, 184 б.].

  Жетіасар мәдениеті қалашықтарының стратиграфиясы көрсетіп бергендей, жетіасарлықтарда б.з.б. І мыңжылдықтың ортасында-ақ мықты бекіністі қамалдар болғанын аңғартады. Алайда, жетіасар мәдениеті қала-жұрттарының кейде бір жерде мың жылдай өмір сүруі себепті ең төменгі қабаттары кейінгі уақыттарда қалыптасқан қабаттар астында қалған. Осы себепті оларды кең көлемде зерттеу өте қиын және Жетіасар шатқалында қоныстану мерзімі туралы қорытындылар осы кезге дейін алдын ала жасалынған. Жетіасар мәдениеті кезеңдерін дәуірлерге бөлу әлі де болса болжам түрінде болып отыр.

Орта ғасырларда жетіасар мәдениетінің негізін салушы тайпалар ІІІ – ІV ғғ. ғұн тайпаларының ықпалына түскен болуы керек және кейін «ақ ғұндардың» (эфталиттер) құрамдас бөлігі болып қосылып кеткен. Біздің заманымыздың VІІ-VІІІ ғғ. Қуаңдария мен Ескідариялық арналары кеуіп қалған соң ертедегі Жетіасар мәдениеті қалалары өмір сүруін тоқтатып, Сырдарияның қазіргі арнасы қалыптаса бастады [9, 3-4 бб.].


С.Ө.Біләлов.  Қорқыт Ата атындағы ҚМУ


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тайман С.Т. Сыр өңіріндегі көне асарлар тарихынан. //Базар жырау №1 – Астана: Фолиант. – 2012.

2. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы: Санат. – 1996. – 656 с.

3. Мами Т. Кейінгі орта ғасырдағы Арал өңірінің қалалары (ХІІІ-ХVІІІ ғғ.) монография – Қызылорда:. – 2007. – 252 с.

4. Левина Л.М. Керамика нижней и средней Сырдарьи в I тысячелетии н.э. – М:. ТХАЭЭ. Т.VІІ. Наука. – 1971. – 250 с.

5. Толстов С.П. По древним Дельтам окса и Яксарта. – М; Издательство

Восточной литературы: 1962 г. – 353 с.

6. Қазақстан Республикасы тарихи және мәдени ескерткіштер. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна. – 2011. – 504 с.

7. Кюнер И. В. Китайские известия о народах южной Сибири, Центральной Азии и Дальнего Востока. – М: Издательство восточной литературы. – 1961. – 156 с.

8. Кайдаров А.К. Историко-лингвистической характеристике этнонима канглы/ қаңлы. // Тюркская ономастика. – Алматы:. – 1984.

9. Левина Л.М. Этнокультурная история Восточного Приаралья (І тыс. до н.э. – І тыс. н.э.). – Москва: Восточная литература. – 1996. – 396 с.

10. Толстов С.П. Города гузов. //СЭ. № 3. – М:. – 1947.

11. Толстов С.П.По следам древнехорезмийской цивилизации. – М:. – 1948. – 336 с.

12. Левина Л.М. Керамика и вопросы хронологии памятников джетыасарской культуры. – Материальная культура народов Средней Азии и Казахстана. – М: Наука. – 1966. – 172 с.

13. Толстов С.П. Рскопки памятников античной эпохи. Кюзели-гыр. ТХЭ ІІ Том. – М: Издательство АН СССР. – 1958. – 811 с.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз