Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Сандық тарих Отан тарихын оқытудың кейбір методологиялық мәселелері

Отан тарихын оқытудың кейбір методологиялық мәселелері

30 Қараша 2013
142
0

     Қазақстан республикасының « Білім туралы заңында», «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептер мазмұнының тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім берудің дамыту тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», Қазақстан Республикасының  Президентінің « Қазақстан халқына жолдауы» т.б құжаттарда бүгінгі білім берудің алдына қойған талаптар, іске асыру шаралары анықталған. Білім мазмұны мен материалдық-техникалық базасын жаңарту, білім сапасын арттыру, әлемдік білім беру кеңестігіне ықпалдастыру білім беруді дамытудың стратегиялық обьективті заңдылығы. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық өміріндегі тарих ғылымы саласында болып жатқан батыл өзгерістер тарихи білімге деген қызығушылықты арттырып отыр. Расында  да, бүгінгі Қазақстанның тұрақты дамуы өткен тарихты обьективті тұрғыдан жалғастыра білумен байланысты болса, оның болашағы да тарихтың шынайылығымен анықталды.

  Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы біздің еліміз азаматтарының тарихи білімін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі болған жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың  санасына ұлттық рух пен патриоттық тәрбие қалыптастыруда. Отан тарихының орны мен мүмкіншіліктері шексіз. Өйткені, тарих халықтың рухани мұрасы, Отанымыздың өткені, ұрпақтарымыздың мектебі саналады. Тарихы жоқ бірде-бір халықтың бүгіні болмағандай келешегі де болмайды. Тарих  адамдарды ойландырады, болған тарихи жағдайлар мен құбылыстарды талқылап, парақтайды, ой елегінен өткізеді және олардан өмірлік қорытындылар шығарып алуына негіз болады. Жас ұрпаққа өткен тарихымыз туралы тарихи білім беру мен тәрбие бермей халық санасында ұлттық сезім мен сананы, отан сүйгіштікті қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан да Тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесінде Отан тарихын тереңдетіп оқыту уақыт талабы болып тұр.

1989-1990 оқу жылынан бастап республика мектептерінде жаңа дербес пән –Қазақстан тарихы оқытыла бастады. 1991-1992 жылдардағы жаңа оқу жоспарына сәйкес тарих факультеттерінде  Қазақстан тарихын оқыту қолға алынды. Қазақстан тарихы 1992 жылдан бастап әр түрлі дәрежедегі оқу орындарында  кең түрде оқытыла бастады, жоғарғы оқу орындарында студенттердің отандық тарихтан  емтихан тапсыруларының міндеттілігі Қазақстан тарихы пәнінің мәртебесін көтерді. Алайда, 90-жылдардың басында Қазақстан тарихының оқытылу жайы, ұймдастыру формалары, әдістері, оқу бағдарламалары, оқулықтар, Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі талабына сай емес еді. Республиканың аға буын тарихшылары баспасөз бетінде бұл мәселені алғаш көтерді. Профессор Ж. Қасымбаев «Қазақ тарихын оқыту қағажу қала бере ме? [1,6б] деген мақаласында  Қазақстан тарихын оқытуды өз деңгейіне көтеру үшін, біріншіден, Қазақстан тарихын мектепте оқытуды жолға қою, екіншіден, тарихшы мамандарды даярлау, үшіншіден, ұстаздың мұқтаждығына көңіл аудару, төртіншіден төл тарихымызбен ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін алға тартады.

  Профессор Ә. Тәкенов «Қазақ тарихының зары» деп аталатын [2,5-7б] мақаласында «Қазақстан тарихы» пәнінің мәртебесін көтеруді, ол үшін тарихшы мамандарды аттестациялауды өткізуді, оқулық-хрестоматия құрастыру мәселесін білікті мамандарға тапсырып, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау туралы ұсыныс айтады.

  Сонымен Қазақстан тарихын оқытудағы жаңа міндеттер белгілеуіміз қажет болды. «Қазақстанның Болашағы - бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан болашақта сол деңгейде болады» деген Н. Назарбаевтың сөздері, тарихшы ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілікті жүктеді.[3].

  Отан тарихынан оқу орындарының сапалы білім беру үшін ең қажетті екі жағдай болуы шарт. Біріншісі - сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету, ал екіншісі - педагогикалық инновация. Бұл екі шарт орындалуы үшін Қазақстан тарихы пәнінің бағдарламасы қабылдануы қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы тарих бағдарламалары мен Қазақстан тарихы оқулықтары 90-жылдардың  басынан бастап шыға бастады. 90-жылдары дайындалған Отан тарихы оқулықтарындағы бірқатар ақтаңдақтардың беті ашылды, көптеген ғылыми проблемаларға, тарихи фактілерге, құбылыстарға жалпы әдіснамалық, тарихи шындық тұрғыдан баға берілді. Адамзат жасаған құндылықтарды, оған дала өркениетінің қосқан үлесін, Қазақстан халықтарының  мәдени жетістіктерін, рухани тіршілікті, әлеуметтік топтар мен тарихи қызметкерлер қызметін, саяси тарихтың түрлі қырларын, идеялық саяси, ұлттық діни қозғалыстардың тарихын ашып көрестуге т.б басты назар аударылды. Мектептерде тарих сабағын ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылды. Тұңғыш рет тарих пәнінен мемлекеттік білім стандарты жасалды, жаңа оқу бағдарламалары мен оқулықтар дайындалды.

  1991 жылдан бері Қазақстандағы тарихи білімділік ой-сана мүлде жаңа бағытта дамуға бет алды. 2001 жылы Қазақстан тарихы пәнінен тәуелсіздік жағдайында оқытудың алғашқы 10 жылдығы аяқталған тұста, республика мектептерінің 5-11сыныптарына арналған Қазақстан тарихының жаңа оқулықтары түгелдей шығып үлгерді. Тарих пәні оқулықтарын жазуға мектеп мұғалімдерінен бастап ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейін 28 автор қатысты. Олардың үшеуі академик, 13-і Әл-Фараби атындағы Ұлттық унииверситетінің, 4-і Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессорлары мен доценттері, 5-і мектеп мұғалімдері, ал әдістемелік құрал авторларының басым көпшілігі мектеп мұғалімдері, олар - 26.[4,56б]

  Жасыратыны жоқ, Қазақстан тарихы бойынша жазылған кейбір оқулықтардың кемшіліктері де болды. Елбасы өз сөзінде: «Осы күнге дейін  Қазақстанның ең жаңа тарихының бірде-бір қалыпты оқулығы жоқ. Біздің тәуелсіздігіміздің  қасіретті оқиғалары және оны нығайту жолындағы біздің күресіміз зерттеу тақырыбына айналмаған» деп тарихшылардың алдына Қазақстанның жаңа тарихын жазу міндетін қойды. Тарихшы ғалымдар сол сынға байланысты кейбір оқулықтарды қайтадан қарап, оларға түзетулер мен өзгерістер енгізді.

  Қазақстан тарихы пәнінің бағдарламалары мен оқулықтары ғылыми-әдістемелік тұрғыда талданып, салыстырмалы, жаңа нұсқаларындағы өзгерістер мен ерекшеліктері көрсетілді, оларды жетілдіру бағыттары анықталды, жаңа бағдарламалар мен оқулықтар жасау қажеттігі және олардың ғылыми-әдістемелік негіздері ұсынылды.

  Отан тарихын оқытудың ғылыми-әдістемелік негізін жетілдіруде, төл тарихымыздың өзекті мәселелері мен «ақтаңдақтарын» жете зерттеуде оқулықтардың сапасын арттыру жолдарын іздестіруде 1993 жылдан шыққан «Қазақ тарихы»басылымының орны ерекше болды. Журнал беттерінде жарияланған теориялық және әдістемелік метериалдар халықтың тарихи санасын қалыптастыруда және жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөль атқарды. 2004 жылы «Ғылым» баспасынан педогогика ғылымдарының докторы, профессор Тотай Тұрлығұлдың «Мектепте Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесі» атты еңбегі [5,260б] жарық көрді. Аталмыш еңбек мұғалімдер үшін Қазақстан тарихын оқытудың негізгі мәселелерін түгел талдап беретін, жоғарғы оқу орындарының тарих факультеттерінің студенттері үшін осы факультеттің оқу жоспарындағы «Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі» пәніне арналған оқу құралы міндетін атқарады. Сонымен қатар еңбектің тарихи-әдістемелік сипаты бар, яғни тың тақырыпқа тұңғыш жазылып отырғандықтан, оның мазмұнында оқыту теориясы мен әдістемесі мәселелерімен қатар, Қазақстан тарихы курсынан, пәннің даму, қалыптастыру мәселері де қарастырылған. Сондықтан да аталмыш еңбектің тарихшы мұғалімдерге, әдіскерлерге тигізер көмегі мол деп есептейміз.

  Тәуелсіз Қазақстан тарихының теориялық-методологиялық мәселерін және Қазақстан тарихын оқытудың әдістемесін терең зерттеуде 2008 жылы Білім мен Ғылым министрлігі жанынан құралған Мемлекеттік тарих институты табысты жұмыстар атқаруда  Мемлекет тарихы институты таяуда «Тәуелсіз Қазақстан тарихының оқулығы мен хрестоматиясын» жазып бітірді.

  Қазақстан тарихын оқытуда тарихи білім беру мақсатын, мазмұнын, технологиясын нәтижеге бағдарланған білім беруге бағыттау бүгінгі күні өзекті мәселе болып табылады. Мұнда мұғалімнің де оқушының да оқыту процесінің мақсаты мен міндеттерін, мәнін дұрыс анықтауында, оқушының білім алудың не үшін қажет екендігін терең түсінуінде. Мұнда, бірінші орынға оқушының белсенділігі, қабілеттілігі, өзіндік ерекшеліктері, әрекет құралдары шығады. Оқушы өздігінен білім алу, іздену , қорытынды жасап талдау үшін оның өзіндік тәжірибесіне сүйене отырып, білім алу технологиясын меңгертуге көңіл аударылады.

  Осы ретте, зерттеу Қазақстан тарихын оқыту үрдісіне жаңа технологияларды ұтымды пайдалану оқушыны танымды әрекетті субъектісі ретінде қалыптастыру, бәсекеге қабілетті сапалы білімге, оқушының өзіндік алатын білімнің қажеттілігін, мәнін дұрыс түсінуге, оқушының шығармашылық-ізденушілік қабілеттерінің артуына септіген тигізетінін көрсетті.

Еліміздің білім беру саласындағы реформалау ісі сабақта оқытудың интерактивті әдістерін кеңінен пайдалануды қажет етеді. Интерактивті әдістер сабақта оқушылардың айтарлықтай белсенді болуын, оқушылардың бір-бірімен өзара қатынасын және оқушы мен мұғалім арасында өзара дұрыс, түсіністік, сыйластық қатынастың болуына жағдай жасады. Оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оқушыларға жай ақпарат беріп қана қоймай, оларды өздігінен жауап іздеуге бейімдеу, өмір тәжірибелеріне сүйенуге басты көңіл аударуымыз қажет.

 Жас ұрпақтың бойында жоғары патриоттық сананы қалыптастыру, өз елі үшін мақтаныш сезімі, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындығын тәрбиелеуде мектепте Қазақстан тарихын оқып-үйренудің маңызы зор.

  Қазақстан тарихын мектепте оқыту Қазақстан тарихын көне заманнан бүгінге дейін мекендеп келген халықтың, адамзаттың тарихи жолын, тарихи білімдер негізін игеруге, оқушылардың санасында ұлттық бірлікті қалыптастыруға, азаматтық пен елжандылыққа, өз халқының келісім мен төзушілікке тәрбиелеуге, өз халқының және басқа халықтардың тарихын, мәдениетін құрметтеуге және жеке тұлғаның қалыптасып дамуына септігін тигізеді.

  Жас қазақстандықтарға патриоттық тәрбие беруде білім беру ісінің инновациялық дамуына ерекше орын бергеніміз жөн. Бұның өзі оқытудың интерактивті әдістері мен жаңашыл технологияны оқу үрдісіне кеңінен қолдануға жағдай жасайды, жаңаша оқыта алатын білімдар ұстаздарды қажет етеді. Осы орайда, тарихты оқыту барысында оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін меңгеру, педагогикалық технологияның қыр-сырын терең білу, оны күнделікті сабақта өз тәжірибесінде пайдалана білудің орны ерекше.


Аңсатова М.Н. т.ғ.к., профессор

Қорқыт ата атындағы ҚМУ


Әдебиеттер тізімі:

1.  Қасымбаев Ж. Қазақстан тарихын оқыту қағажу қала бере ме? //Қазақ тарихы,1994,№3,6б

2.  Тәкенов Ә. Қазақ тарихының зары //Қазақ тарихы,1996,№1,5-7б

3.  Назарбаев Н. Бәсекеге қабілеттіліктің кілті білімде. Абай атындағы ҰПУ-інде Алматыдағы ЖОО ректорларымен кездесуіндегі сөзі. //Егемен Қазақстан, 2005,8 қыркүйек

4.  Тұрлығұл Т. Отан тарихының мектепте оқытылғанына -50 жыл. //Қазақ тарихы, 2008. №4,55б

5.  Тұрлығұл Т. Мектепте Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесі. Алматы,2004,260б

6.  Дүйсенов С. Алғашқы ғылыми еңбектер шықты. //Қазақ тарихы,2009,№6,81б.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз