Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Сандық тарих Қазақстан сфрагистикасының мәселелері

Қазақстан сфрагистикасының мәселелері

30 Қараша 2013
111
0

     Ата-­бабаларымыздың ежелден аңсап зор үмітпен күткен тәуелсіздіктің арайлап атқан шуақты күндерінің рахатын бүгінгі ұрпақ ­біз көрудеміз. Қолдағы егемендікті сақтап, елімізді дамыту үшін әрбір республика азаматының  аянбай еңбек етуі­ мемлекет алдындағы қасиетті борышы. Осыған байланысты қазақтың ұлт болып қалыптасуына, әлемдік тарих сахнасында сыйлы орын алуына оның өткен төл тарихы жан­жақты зерттеліп, нәтижесі түйінделіп, қағаз бетіне түсуі керек. Бұл орайдан тарихшылардың атқаратын еңбегі зор болмақ. Дәл осы мақсатпен алдарыңыздағы шағын зерттеу тиісті бағасын алып, пайдаға асады деген үмітпен ұсынылып отыр. Қазақстан сфрагистикасына байланысты зертттеулер әлі де болса өз дәрежесінде жүргізілмеген. Бұл саламен арнайы айналысатын мамандар жоқтың қасы. Ал қазақ даласында мөрлерді қолдану ежелден қалыптасқандығы бізге археология ғылымының зерттеулері нәтижесінде белгілі. Ежелден бері әрбір мемлекеттің мемлекеттілігін білдіретін өзінің нышанын белгілеу қалыптасқан. Бұл нышандар елдің мінезінің, беделінің, рухының, қасиеттерінің символын айқын көрсетулері керек. Ел билеушілердің байрағы, елтаңбасы, әнұраны және мөрінің болуы осыған дәлел. Соның ішінде ел басқаруда мөрдің маңызы өте жоғары. Билеушілердің мөр пайдаланғандығы жөнінде бізге жазба деректерден де белгілі. Мысалы, қытай тарихшысы Фан Сюанлиннің «Цзин династиясының тарихы» атты шығармасында үйсін тайпасының батыр қолбасшысы Шы Лэнің (ІІІ ғ.) императорлық мөрі туралы мағлұмат   қалдырған. Ол қара яшмадан жасалған, көлемі төрт бұрышты, тұтқасы тасбақа бейнесінде екені жазылады. Ал «алтын шежіреде» Шыңғыс ханның мөрі туралы сөз етілген, яғни ол алқызыл яшмадан жасалған, оның бетінде «Құдай тағала­ аспанда, хақан­жердегі құдірет. Адамзат билеушісінің мөрі» деген атақты жазу болғаны хабарланады /1,2/. Осы мәселеге байланысты археологиялық деректердің бізге беретін мағлұматы ауқымдырақ. Қазақстанда табылған мөрлердің ең көнесі­ сақтардікі, яғни ерте темір дәіріне жатады. Әйгілі «Алтын адам» табылған Есік қорғанында l969-­l970 жылдары жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде мәйіттің оң қолындағы саусақтарына кигізілген алтын жүзік­мөр табылды. Ол массивті, құйылған, үлкен домалақ бетті. Оның бетінде ойылып жасалған, қырымен солға қаратылған европеойдты адамның суреті бар. Оның басынан он сәуле шашыраған және мойнында екі сызық жүргізілген жаға немесе алқа болуы мүмкін. К.А. Ақышев он сәулені бас киім немесе безендірілген шаш деп түсіндіреді /3/. Дегенмен оны күн басты адамның бейнесі деп алып, күн құдайына баламалауға болады. Отырар оазисінде Қостөбе қонысын қазу барысында глазурлы мөр­тұмар табылды. Онда мойынға байлау үшін жіп өткізетін орын бар. Мөрдің бір жағында крест бейнеленсе, келесі бетінде эпиграфикалық таңбаның бейнесін көруге болады /4,5/. Ондағы эпиграфикалық таңба мөр иесінің рулық немесе тайпалық таңбасы болса керек. Ал крест ­әлемнің төрт бұрышының теңдігі туралы белгі деген ойлар туындайды. Ғалымдар бұл мөрді қасында бірге табылған керамикаға сүйеніп біздің заманымыздың ІІІ­V ғғ. жатқызады. Осыған ұқсас мөрлер сонымен қоса қауыншы мәдениетінің қабаттарынан да табылды. Дәл осы Отырар оазисіне жататын Құйрықтөбе қалашығының ақықтан жасалған мөр­инталия табылды. Онда фантастикалық «конегрифонның» бейнесі ойылып жасалған. Геммамен бірге көптеген теңгелер табылған болатын. Оларды Р.З. Бурнашева мен О.И. Смирнова VІІ­-VІІІ ғғ. жатқызып, түркештердікі деген қорытындыға келді. Осыған негізделіп ғалымдар мөрді де осы уақыт шамасына жатқызуға болады деген пікір айтады. Ал Құйрықтөбе қаласы К.М. Байпақовтың  ал-­Истахри мен ал-­Макдисидің деректеріне сүйеніп айтқан тұжырымдамасы бойынша ежелгі Кедер болып шықты /5,6/. Осы тектес суреттері бар және пішіндес мөрлер осы маңда (Отырар оазисі) көп табылды: 1. Жайылған екі қанаттың ортасында қошқардың басы бейнеленген, Мардан күйіктен табылған, сарығыштау келген жартылай мөлдір халцедоннан жасалған гемма қазір ҚР-­ның ҰҒА­-ның археология институтында сақталуда; 2. Киік бейнеленген, сарығыштау келген жартылай мөлдір халцедоннан жасалған, Пышақты төбеден табылған гемма қазір Отырар ауданындағы Шәуілдір қаласының Отырар тарихи­-этнографиялық музейінде сақталуда;  3. Сарышаян бейнеленген, Отырар оазисінде табылған, ақ нефриттен жасалған гемма қазір Шымкенттің педагогикалық институтында Археология кабинетінде сақталуда. Дәл осындай геммаалардың төртеуі Қоңыр төбеден l990 жылы жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылды: l­ қасқыр бейнеленген; 2 ­абыз бейнелеген ақ халцедоннан жасалған гемма; 3­ ағаш бейнеленген көкшіл, жартылай мөлдір халцедоннан жасалған гемма және 4 ­сарышаян бейнеленген қызыл ақықтан  ойылған гемма.  Бұл геммалар шамамен бір уақытқа жатқызылады (V­VІІІ ғғ.). Е.А. Смағұлов оларды сасанидтік геммалар деп бөліп көрсетті. Олардың пішіні сопақ, сақина тәріздес етіліп жасалған, бірақ тесігі өте шағын етіліп жасалған, саусақ сиярлықтай емес. Қоңыр төбеден табылған геммалар мәйіттің мойнындағы алқаның арасында болған /7/.  1974 жылдан бастап әл-­Фараби атындағы ҚазҰУ-­дың  тарих факультетінің археология және этнология кафедрасының бастауымен Жамбыл облысы Шу ауданындағы Шу өзенінің сол жағасында орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласын зерттеу барысында Шахристан 2­де жүргізілген қазба нәтижесінде Қарахан дәуірінің 5 мыңға жуық қола теңгелері табылған болатын. Солардың арасынан теңге басатын мөр де табылды. Ол тастан жасалған, жануар бейнесінде жасалған. У.Х. Шәлекеновтың бұл шахрисстандағы үйдің ақша жасайтын сарай болуы мүмкін деген болжамына сүйенер болсақ, мұндағы теңге басатын мөрдің табылуы бізді таң қалдырмауы керек. Ол  VІ­ХІІ ғғ. жатады /8/. Мұндай, мөрдің негізгі міндетін атқармайтын, өзге мақсатпен жасалынған тағы екі түрлі мөр, жеке ізденістерімнің барысында, маған мәлім болды. Олар тұмар ретінде басылып, берілетін және ерге басатын мөрлер: Тұмар ретінде басылатын мөрдің үшеуі белгілі. Оның екеуі жоғалған, біреуі Арыстанбаб мазарының шырақшыларының ұрпағы М. Нарымбетовтың шаңырағында сақталып келген. Бұлардың тұмар ретінде басылуының себебі, онда түркілер арасында исламды таратушы, сопылық ілімнің түркілік бағытының негізін салушы Қожа Ахмет Йассауидің есімі жазылған.  Бірінші мөр М. Нарымбетовтың шаңырағында сақталған Арыстанбабтың мөрі. Ол ағаштан жасалған, диаметрі l1,5 см, гүл тәріздес өрнектің ішінде араб жазуымен «Сұлтан Қожа Ахмет Йассауи» деп, ал жапырақшаларда он шейхтың есімдері берілген. Екінші мөрдің Түркістандағы, қазіргі Әзірет Сұлтан қорық музейінде көшірмесі ғана сақталуда. Ол домалақ пішінді, қақ ортасында «Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет» деп жазылған, айналасында Ахметпен аттас он шейхтің есімдері орналастырылған. Үшінші мөр  Ш.  Уәлиханов қағаздарының арасынан шықты. Ол Арыстанбаб мөріне өте ұқсас, көлемі бірдей, тек  он шейхтің есімінің жазылуында өзгерістер бар. Жалпы мұндай мөрлердің Йассауи кесенесінде жеті дана болған деген болжам бар /9/. Ерге басатын мөр темірден жасалады, ұрар басы соққыдан қозықұйрықтанып келген, мөрлі басы төрт қырлы. Мұндай мөрмен әуелі жұқалай сыдырылған қайың тозғанына майлы күйемен өрнек түсіріп,  оны құранды  ерге  қатар­қатар етіп қиюластырылған және желіммен жапсырылып, тоздаған. Ол ерге сән берумен қатар ерді жасаушы туралы да белгі болған /10/. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін қолданылған мөрлердің орны, Қазақстан сфрагистикасында, бөлек десек қателесперіміз анық. Мемлекеттік қызметті жүргізуде үлкен маңызға ие нышандардың бірі болған мөрдің белгіленген, келер ұрпаққа мұра болатын түрі болмады. Әрбір билеушінің өзінің жеке мөрі болды. Қазақ хандығының  тұсында хан мөрлерін жасау стандарты қалыптасқан, олар енді тамшы пішінді беті бар күміс жүзік кейпінде  жасалынды. Оның үшкір жері мөрдің басы болып  саналып, бетінде араб тілінде әшекейленіп жазылған жазу оның иегерінің есімі мен атағын, әкесінің аты мен лауазымын білдірді. ХVІІІ ғасырдан бері қазақ ақсүйектерінің мөрлері таза күмістен жасала бастады, тас пен  алтын қолдану өте сирек кездеседі. Оған Арынғазы ханның (1816­1821) шынжырға тағылатын дөңгелек алтын жалатылған күмістің ортасында ақықтан жасалынған мөрінің болуы дәлел /11/. Хан­,сұлтандардың мөрлері тек тамшы тәріздес болса, би,­старшындардың мөрлерінің пішіні дөңгелек, сопақ, төртбұрыш болған және аса көп әшекейленбеген. Осындай мөрлердің ҚР-­ның МОМ­да сақталуда­ 98 ескі мөр бар. Сонымен қоса хандардың мөрлерінің үлгілерін архив  материалдарынан да таба аламыз. Себебі хандар іс-­қағаздарға, хаттарға басқан таңбалары ескі құжаттарда сақталады. Мысалға, ҚР МОМ­де архивтен жиналынған Абылай, Әбілмәмбет, Барақ, Әбілхайыр, Кенесары сынды атақты хандардың қағазға басылған мөрлерінің көшірмесі экспозицияға  қойылған. Жалпы қандай жолдармен болмасын қазақ даласында табылған мөрлер көп жағдайда бір­біріне ұқсамайтын болып келеді. Дегенмен осы шағын зерттеуде көрсетілген мөрлердің арасынан біз сасанидтік геммалар, Қожа Ахмет Йассауи есімі жазылған мөрлер, қазақ хандарының, би-­старшындардың мөрлерінің жеке тобын бөліп көрсете аламыз. 


Көптілеуова А.Б.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ


 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:  

1. Шәймерденов Е. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері. А., 2001.   

2.  Шәймерденов Е. Елтаным. А., 2005.  

3.  Акишев К.А. Курган Иссык. М., 1978.    

4.  Байпаков К.М., Подушкин А.Н. Памятники земледельческо-­скотоводческой культуры Казахстана. А., 1989.   

5.  Байпаков К.М. По следам древних городов Kазахстана. А., 1990.  

6.  Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. А., 1986.   

7. Смагулов Е.А. Находки сасанидских гемм в Отрарском оазисе.// Археологические памятники на великом шелковом пути. А., 1993. 

8. Шәлекенов У.Х. V­ХІІІ ғғ. Баласағұн қаласы. А., 2006. 

9. Қожаев М. Әзірет сұлтанның үш мөрі.// Жібек жолы. 1991. №3(4) наурыз.

10. Отырар. Энциклопедия. А., 2003.  

11. Ерофеева И.В. Cимволы казахской государственности. А., 2001. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз