Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Сандық тарих Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері

Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері

30 Қараша 2013
699
0

XX ғасырдың соңында еліміз халықтарының ұлы жетістігі Қазақстан тәуелсіз мемлекеттілігінің орнатылуы болды. Бұл ұлттық отарлықтан құрылу, толық мағынадағы тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған, күткен арманы болатын. Осы ұлттық мүдде жолында алаштың ең ардақтылары өз жандарын құрбан қылды. Қазақстанның тәуелсіз ұлттық мемлекеттің, халқымыздың еркін, азат өмірін, өз тағдырларын өздері шешетін ұлы бақытын көруді бүгінгі ұрпаққа нәсіп етті.

Тәуелсіз алғаннан кейін Қазақстан тарихына бүкіл ұлттық қызығушылық артты. Бұл кездейсоқ пайда болған қызығушылық емес еді. Ұзаққа созылған науқастан соң есін енді жинай бастаған адам сияқты, қазақ халқы да өзінің өткенін жадына түсіргісі келді. Халықтың жадысы - тарих. Сол тарих арқылы қазақ, қалайша осындай жағдайға душар болғанын білгісі келді, өзін-өзі түсінгісі келді. Ол- заңды құбылыс. Тарихқа деген сұраныс ұсынысты тудырды. Мерзімді басылым беттерінде тарихи деректер мен тарихи мақалалар тасқыны басталды. Журналистердің, әдебиетшілердің, басқа да зиялы өкілдердің тарихи тақырыпқа арналған мақалалары көптеп жарияланды. Белгілі ғалым, профессор Д. Кішібеков: «Тарих үйретеді, тәрбиелейді» [1,77 б]  деген мақаласында «Қазақстан тарихы-біздің ата- бабаларымыздың көне заманнан бүгінге дейінгі өмірі, тіршілігі, ой-өрісі, әлем тарихынан алатын орны, оны объективті зерттеп жазатын да, оған жаны ашитын да, жігерленіп кірісетін де, орнықты терең ой айтатын да өзіміз болуымыз керек. Қай халық өз тарихын басқа ел өкілдеріне жаздыртқан. Ал өз тарихымызды жазуда біз білетін, біз айтатын мәселелер жеткілікті. Бірақ өз тарихымызды өзіміз жазамыз деп жалпы халықтар тарихымен байланысты үзіп алмауымыз басты шарт. Тарих тек объективті тұрғыда жазылғанда ғана, оған ел ден қояды, оның тәрбиелік мәні айқындалады» деп жазды. Тәуелсіздік жылдарында ұлт тарихында тұңғыш рет деп айтуға болады, Қазақстан кәсіпқой тарихшылары ешкімге жалтақтамай, өз халқының тарихы туралы өз ойларын еркін жаза алатын жағдайға жетті.

1989-1990 оқу жылынан бастап, республика мектептерінде жаңа дербес пән - «Қазақстан тарихы» дүниеге келді. 1991-1992 жылдары жаңа оқу жоспарына сай тарих факультетінде Қазақстан тарихын оқыту қолға алынды. 1992 жылдан бастап Қазақстан тарихы пәні барлық орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқу жоспарына енді. 1993 жылдың екінші жартысынан бастап елімізде тарих мәселелеріне арналған қазақ тіліндегі тұңғыш журнал  «Қазақстан тарихы» шыға бастады. Белгілі ғалымдар, зерттеушілер тарих ғылымының өткені мен келешегі туралы пайымды ой-пікірлер білдірді, тарихқа жаңаша қараудың үлгісін көрсетті.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен қатар Отан тарихындағы көптеген өзекті мәселелер жаңаша тұрғыдан қаралып, дербес, тын, тәуелсіз ой-пікірлер мен тұжырымдар қалыптаса басталды. Тарих ғылымында жаңа бағыттар, айтарлықтай өзгерістер пайда болды.

Біріншіден, өзгеріс ең алдымен ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық –методологиялық негіздерін қамтыды. Бұрынғы таң шеңберлі, қасаң таптық позицияға негізделген методологиядан, жалпы адамзаттық құндылықтарды басшылыққа алған және ұлттық мүддеге негізделген методологияға бағыт алында. Қазақ тарихы жалпы адамзат тарихының тінінде (контексінде) зерттеле бастады.

Екіншіден, қазақ тарихшылары өз халқының тарихын ешкімге жалтақтамай ана тілінде жазуға мүмкіндік алды. Қазақ тілінде кандидаттық, докторлық диссертациялар дайындалып қорғалды және монографиялық зерттеу жұмыстары дүниеге келді.

Үшіншіден, Қазақстан тарихшылары бұрын жабық болған қолдануға тыйым салынған дерек көздерін пайдаланып, оларды ғылыми айналымға тарта бастады. Жаңа деректерді іздестіру, оларды сұрыптап, талдау негізінде арғы-бергі тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толтырудың жолдары мен әдістері айқындалды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде арнайы деректану және тарихнама кафедрасы ашылды.

Төртіншіден, халқымыздың тарихына қатысты бұрын пайда болған деректер газет, журнал беттерінде молынан жарияланды немесе жеке кітаптар түрінде жарық көрді. Бұл факторлар тарихымыздың қара түнек беттерін ашық, тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында  «Қазақ тарихы», «Отан тарихы», «Алаш» журналының шығуы халық санасында жаңа көзқарас қалыптастыру мен насихаттауда оң қызмет атқарды.

Бесіншіден, бұрын зерттеуге болмайтын тақырыптар, яғни «тарих ақтаңдақтары» ашылып, большевиктер партиясының халқымызға қарсы жасаған қылмысты істері әшкереленді. Большевиктер қолымен ұйымдастырылып, ұлтымызға орны толмас қайғы-қасірет әкелген зұлматтың себеп-салдары көрсетіліп көлемі анықталды.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған еңбектер көлем едәуір болды. Олардың арасында, әсіресе, кеңестік тоталитарлық  жүйе тарихынан жазылған еңбектер айтарлықтай мол.

Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің шын тарихы тек Қазақстан тәуілсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаңаша парадигма негізінде зерттеле бастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, тарихымыздың осы мәселесін зерттеуге бет бұрған тарихшы ғалымдардың бірі академик М. Қозыбаев болды. 1992  жылы М. Қозыбаевтың осы тақырыпқа және Қазақстан тарихының басқа да өзекті мәселелеріне арналған «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты еңбегі жарық көрді. Осы еңбектің «Тарихтың ащы сабағы» дейтін мақаласы [2,17-18.б.] аталмыш мәселеге арналған. Академиктің пікірінше И. Сталин кезіндегі жеке басқа табынушылық идеологиясының әсерінен тарихшылар «Алашорда» қозғалысын арнайы зерттеген емес, Ресейдегі үш төңкеріс кезіндегі қазақ зиялыларының Алаш қозғалысына саяси топталуы кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйым ретінде беріліп, оларға  «ұлтшыл», пиғылдағы «зиялылар» дейтін айдар тағылды. М.Қозыбаев пікірінше, «Алаш»- қазақ халқының ежелгі атауы. Ендеше, Алаш қозғалысы- ұлт-азаттық қозғалысы. Осылайша М.Қозыбаев «Алаш» қозғалысын  ұлт-азаттық қозғалысқа теңеп, қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалыс тек таза пролетарлық қозғалысы болуы мүмкін еместігін, бұл қозғалыс ортағасырлықтан буржуазиялық демократияға төңкерісінен кейін қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысының туын жоғары байқуатты отбасылардан шыққан, оқыған, зиялы қауымның саяси аренаға көтергенін жазады [2,18б].

Қазақ мемлекеттігін жаңғырту жолында күрес жүргізген Алаш қозғалысы туралы жазылған іргелі зерттеу К. Нұрпейісов Алаш қозғалысы туралы жазылған іргелі зерттеу К.Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясы. Қ.Нұрпейісов Алаш қозғалысы бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым екендігін, бұл ұғымға біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) бақаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) кіретіндігін жазады [3,82б]. Алаш қозғалысын тереңдете зерттеген ғалымдар арасынан М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» [4]. Д. Аманжолованың «Казахский автономизм в России. История движения Алаш» [5] Р. Нұрмағанбетованың  «Проблемы Алаш и Алашорды в казахстанской историографии 20-90 годов XX века» [6] еңбектерін бөліп көрсеткен жөн. Бұларда Алаш қозғалысы тарихын зерттеудегі жетістіктерімен қатар, әлі де назардан тыс қалып келе жатқан мәселелер кеңінен талданды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының назарын аударған келесі бір аса ірі мәселе XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарына тоталитарлық жүйе күшімен жүзеге асырылған аграрлық реформаның барысы, сипаты және ауыр салдарлары. Бұл мәселенің кеңестік жүйе тұсында тек жағымдық тұрғыдан сипатталып келген белгілі. Сондықтан да тарихшылар жаңа жағдайда мәселенің келеңсіз тұстарына баса назар аударды.

Қ. Атабаев, Т. Омарбеков, Ж. Абылхожин, М. Қозыбаев, М. Тәтімов, Б. Төлепбаев, В. Осипов тәрізді зерттеушілер тәуелсіздіктен бұрын жариялылық пен қайта құру берген мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш мәселеде тарихи шындықты айқындайтын алғашқы еңбектерді жариялап үлгерді. Бұларда Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясаты батыл айтылды және оның қайғылы салдарына ғылыми талдаулар жасалды.

Кеңестік тоталитарлық кезеңдегі Қазақстан тарихының тәуелсіздік алғанға дейін зерттелмей келген өзекті мәселесінің, ақтаңдақ беттерінің бірі - тәуелсіз Қазақстан тарихшыларынан Ұлы нәубет атағын алған 1939-1932  жылдардағы ашаршылық. XX ғасырдағы қазақ халқының трагедиясы И. Сталин мен Ф. Голощекиннің 20-30-жылдардағы жаппай ұжымдастыру және отырықшыландыру саясатының кесірінен болған ашаршылық екендігі, осы Ұлы нәубет кезінде 2 миллионнан астам қазақтардың опат болғандығы қазіргі кезде белгілі болып отыр. Қазақстандағы 1930-1932 жылдардағы ашаршылықты тәуелсіз Қазақстан тарихшылары 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» асып түскен қырғын, геноцид болды деп дәлелдейді.

XX ғасырдың  20-30 жылдарындағы қазақ халқының қасіретін монографиялық зерттеудің тақырыбына арқау еткен тарихшы ғалымдардың бірі Т. Омарбеков. Оның «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті» [7] атты еңбегі жаңа парадигма, методология негізінде жазылған. Еңбектің кең деректік негізі және осы тақырып тарихнамасына жасалған жан-жақты, терең талдаулары көңіл аудартады. Сонымен қатар еңбекте Қазақстанда жүргізілген тәркілеу, ұжымдастыру, отырықшыландыру саясатына, осы саясат салдарынан орын алған ашаршылықтың, шаруалар көтерілісінің себептеріне, зардаптарына, қазақ халқына әкелген қасіретіне, егжей-тегжейлі терең талдау жасап, баға берген.

Кеңестік тоталитарлық кезеңдегі Қазақстан тарихының кезекті бір өзекті мәселесі 1930-1950 жылдар аралығындағы саяси репрессия.

Тәуелсіздік тізгінін қолға алған бетте тарихшыларымыз сталиндік қуғын-сүргіннің себептерін, сипатын, ішкі механизмін және ауыр салдарларын ашып көрсететін зерттеулерге бет бұрды.

Аталмыш мәселе төңірегінде Б. Қойшыбаев, Т. Қожакеев, Қ. Атабаев, Ж. Әлмашұлы, Д. Қамзабекұлы, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков тәрізді зерттеушілер біраз жұмыстар жасады.

Олардың еңбектерің қазақ зиялыларын «оңшылдыққа» және ұлтшылдыққа айыптаудың бұрындары тарихымызға белгісіз, «ақтаңдақ» болып келген кейбір тұстарын айқындап, сталиндік қуғын-сүргіннің методологиялық және теориялық бағыттарын белгілеуге көмектесті. Бұл тақырыптағы зерттеулердің қорытындысы Д.Махаттың арнайы жазылған кандидаттық диссертациясы болды [8]. Мұнда 1925-33 жылдардағы қазақ зиялыларын «ұлтшылдыққа» және «оңшылдыққа» айыптау, тарихи жаңа көзқараспен жүйелі зерттелді. Зерттеу тың және мол тарихи деректерге негізделді.

Біз аталмыш мақалада тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының кеңестік тоталитарлық кезеңдегі кейбір тақырыптар бойынша жарияланған зерттеу жұмыстары туралы ғана айттық. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан тарихының кеңестік дәуірі саяси-әлеуметтік, экономикалық, этникалық қарама-қайшылықтарға, трагедиясы аралас драмаға толы болды. Сондықтан Қазақстан тарихының осы кезеңге сәйкес өзекті мәселері төңірегінде зерттеушілеріміз біршама жұмыстар атқарғанмен, біздің ойымызша тарихшылар алдағы уақытта осы тақырыптар және  басқа да зерттелетін тақырыптар төңірегінде тарихнамалық талдауларды өрістету керек деп ойламыз. Сонымен қатар кеңестік дәуірдің ащы шындығын ашып көрсететін зерттеулер тәуелсіз Қазақстанда әлі де жеткіліксіз.


 Аңсатова. М.Н

(Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры 

Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы)


   Әдебиеттер:

1.  Кішібеков Д. Тарих үйретеді, тәрбиелейді.\\ Ақиқат.-2002.-№11.-77б.

2.  Қозыбаев М. «Ақтаңдақтар ақиқаты». – Алматы: Қазақ университеті,1992

3.  Нұрпейісов К. «Алаш һәм Алашорда» . – Алматы: Атабек,1995.-82б.

4.  Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысы» . – Алматы:Санат, 1995.-368б.

5.  Аманжолова. Д. «Казахский автономизм в России. История движения Алаш».- Москва: Россия молодая, 1994-216с.

6.  Нұрмағанбетова Р. «Проблемы Алаш и Алашорда в казахской историографии 20-90 годов XX века» Автореф., Дис., канд., ист.наук.- Алматы, 1993.-28с.

7.  Омарбеков Т. «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті». Көмекші оқу құралы. - Алматы, 1997.-141-142 бб.

8.  Махат Д. Қазақстан қоғамдық саяси өмірінде оғңшылдыққа және ұлтшылдыққа айыптау: тарихы және салдарлары (1925-1933 жж). Тар. Ғыл. Канд. Ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты.- Алматы, 2000.-29 б.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз