Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Құқықтану Заң шығару дәстүріндегі тарихи сабақтастық

Заң шығару дәстүріндегі тарихи сабақтастық

14 Қараша 2013
141
0

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетіндегі

«Саясаттану және әлеуметтану»

кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.к.  Е.М.Абенов

  Бірнеше мың жыл бойы Евразия көшпелілерінің нақ ортасында Алаш туының астында болған қазақ рулары мен тайпаларының өз бетімен мемлекет құрған уақыты ХҮ ғасырдың ортасы екендігі белгілі. Керей мен Жәнібек хандардың кезінде мемлекеттік идеясының өміршеңдігі үшін күрес - одан кейінгі қазақ хандары кезінде де өз жалғасын тапты. Яғни, мемлекетті нығайту, заң ережелерін бір қалыпқа немесе бір негізге келтіру, ішкі және сыртқы саяси аһуалға заңдарды ыңғайлау мәселелері болатын.

  Әлемдегі кез-келген елді алып қарайтын болсақ, ішкі және сыртқы саяси жүйені реттеп отыратын заңдық жүйесі болды. Мысалы, тарихқа көз жүгіртсек, ежелгі  Вавилондағы “Хаммурапи заңы”, ежелгі Римдегі “ХІІ таблицалар заңы”, Осман империясындағы “Кануннаме” заңдары, орта ғасырлардағы Европалық феодалдық мемлекеттерге тән “Сали шындығы”, т.б. заңдарының болғаны тарихқа аян.

  Қазақтардың құқықтық жүйесінің құнды дерегі болып табылатын  қайнар көзі - әдет-ғұрып құқығы болып табылады. Қазақтың құқығының бастаулары осы 1) әдет-ғұрып нормалары, 2) шариғат нормалары, 3) жеке билеушілердің құқықтық заң ережелері, 4) билер институты құрайды. 

  Көшпелі қоғамдағы құқықтық қатынастардың дамуы мемлекеттіліктің қалыптасуымен қатар жүрді. Қазақ хандығына мирас ретінде жеткен түрік мемлекеттерінің дағдылы құқығын, саяси, азаматтық, қылмыстық құқықтық ережелердің тарихы осы мемлекеттердің қалыптасуы, өрлеуі, құлдырауы кезеңдерінің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Біртұтас мемлекеттіліктің негізінің қалануында қоғамдағы құқықтық қатынастардың реттеу ісінің күрделене бастағанын біз түрік дәуірінде де байқаймыз.

  ҮІ ғасырда Орталық Азиядағы көптеген тайпалық одақтардың бірігуі негізінде Түрік мемлекетінің құрылуы, оның іргесін салушы Бумын қағанның мемлекеттің тұтастығын, қоғам мүшелерінің азаматтық құқықтарын қорғаған заң жүйесінің қабылданғаны белгілі.

  Алғашқы Түрік қағанатының заңы бойынша түрік қоғамының талаптарына сай отбасылық, азаматтық, қылмыстық істерді шешіп отырған. Әрине, бұл заң ерте ортағасырлық мемлекеттік сипатқа тән болған. Мемлекетті басқарудағы саяси әдістер, көшпенді қоғамдық қатынастарды реттеу зерттеулерде “көшпенді мемлекет” ұғымын туындатты. Мұндай саяси билік түрік қоғамындағы құқықтық құрылымды үш нормаға негіздеді. Азаматтық, қылмыстық, отбасылық, мұрагерлік істер әдеттік құқықпен реттелді.

  Моңғол ұлысының құрылуы тұсында мемлекетті нығайту мақсатында көшпенділердің әдеттік-құқықтық нормаларының жиынтығына сол кезеңдегі моңғол қоғамының талаптарына орай өзгерістер енгізіліп, жетілдіріп қабылданған заң жинағы “Ұлы Яса” болды. “Ұлы” деп аталуы моңғолдардың барлығына тиісті заң болды.

Яса –Шыңғыс ханның қабылдаған моңғолдардың заңдар жиынтығы және ережелері. Рашид ад-Диннің мәліметіне қарағанда бұл заң моңғолдардың 1206 жылы өткен құрылтайында қабылданған. Бұл заңның Шыңғыс ханның керей, найман, меркіттерге жасаған жеңісті жорығынан кейін жиналған Ұлы құрылтайда қабылдануы оның билігінің нығаюына жол ашты. Кейінірек 1218 жылы Түркістанға қарсы жорықты ұйымдастыру мақсатында жиналған құрылтайда толықтырулар енгізіліп, 1225 жылы қайта қабылданған. “Ұлы Ясаның” түпнұсқасы толығымен сақталмаған. Оның үзінділері араб, парсы, тарихшыларының еңбектерінде кездеседі. “Ұлы Ясаның” толығырақ мазмұны ХІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген парсы жылнамашысы Ала ад Дин-Ата Малик Джувайнидің “Тарих-и-Джахангушай” аударғанда “Әлемді бағындырушының тарихы” атты еңбегінде кездеседі.

  Моңғол империясындағы негізгі құқықтық ескерткіш “Ясаның” күштілігі сонда, Шыңғыс хан ұрпақтары Моңғол империясынан қаншалықты қашықтықта билік құрса да осы заңға бағынып, берік ұстауға тырысты. Ясаның құрамы халықаралық құқық, мемлекеттік және әкімшілік құқық, қылмыстық құқық, сауда құқығы, сот құқығы, заңды бекіту сияқты баптардан тұрды. 

  Сонымен қазақтың құқықтық негіздерінің тарихи бастауларын осы территорияда мемлекеттілігі қалыптасып, күрделі қоғамдық даму үрдісінен өткен мемлекттік құрылымдардың әдеттегі құқықтық қатынастары және жеке билеушілерінің қабылдаған заңдары мен біліктері құрайды. 

  Қазақ халқы мен оның мемлекттілігі тарихындағы келесі аса ауыр да бетбұрысты кезең қазақ хандығы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Әрине, бұл екі аралықта қазақ халқының тарихи тағдырына әсер еткен оқиғалар аз болған жоқ. Олардың ішінде ең маңыздысы - ХҮғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының құрылуы. Осынау сипаты жағынан күрделі де сан қырлы процестің нәтижесінде қазақ этнонимі қалыптасып, ол мемлекеттік құрылымның атауына айналды. Тарихта  Керей мен Жәнібек құрған Қазақ Хандығын нығайту мен орталықтандырудың күшеюі - олардың ұрпақтары Қасым хан, Есім Хан, Хақ-Назар хан, Тәуке хан, және т.б. хандар тұсымен сәйкес келсе, екінші жағынан қазақ жерін Жоңғар мемлекетінің басып алу қаупінің төне түсуімен сипатталады.

  Әр дәуірдің негізгі заңдарының дерек көздері ретіндегі ерекшеліктері де сол кезеңдердің ерекшеліктерінен туындайды. Алайда тарихи сабақтастық заңдылығы бойынша, заңдар сабақтастығының да  болатындығын байқауға болады.

  Осыған орай Қазақ хандарының негізгі заңдары - қазақ тарихының маңызды дерек көздерін құрайтындығы күмәнсіз. ХІҮ ғасырдың соңғы жылдарына таман тарихта Алтын Орда ыдырап, оның орнына Ақ Орда мен Көк Орда пайда болғаны, осы ордалар орналасқан ұланғайыр жерді біздің ата-бабамыз мекендегені белгілі. Қазақтың ұлт, этнос ретінде қалыптасуы осы кезге сәйкес келеді. Осы кездегі алғашқы қазақ мемлекетінің іргетасын қалағандар Керей мен Жәнібек сұлтандар еді. Олар қазақты жеке ел, ұлт ретінде қалыптастыруға ерен еңбек сіңірді. Осы негізі қаланған қазақ мемлекетін одан әрі дамытып, ішкі, сыртқы саясатын шебер жүргізіп, әлеуметтік, саяси, экономикалық жүйені реттеп отыратын жарғылар қабылдап, елдің салт-дәстүрін сақтаған қазақ хандарының бірі - Қасым хан есімі тарихта “Қасым ханның қасқа жолы” деп аталатын заңдар жинағымен белгілі. Ел басқару жүйесінде ата жолын ұстанған Қасым хан заман ерекшелігіне орай, жаңа ортаға сәйкес жаңа низам жүйесін енгізеді. “Қасым ханның Қасқа жолы” аталатын бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және хұқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптайды, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін тағайындайды. Қазақ Ордасының мемлекеттік негіздері де осы “Қасқа жолда” көрініс тапқан тәрізді.

Зерттеуші-ғалымдардың пікірлерінше, ол бес бөлімнен тұрады:

-Жекеменшік нормаларын реттейтін құқық;

- Әскери істерге байланысты құқық нормалары (міндеткерлік, 

  -Қылмыстық құқық нормалары;

  -Халықаралық  құқық  нормалары  және  елшілік  этикет

турасында;

  -Қауымішілік  және  қауымаралық  міндеткерлік қатынастары

 “Қасым ханның қасқа жолы” бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1645 жж.) тұсында “Есім ханның ескі жолы” деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХҮІІ ғасырдың аяғы немесе ХҮІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. 

Есімнің немересі, Жәңгірдің бел баласы Тәуке хандық құрған ХҮІІ ғасырдың аяғы ХҮІІІ ғасырдың басы – қазақ елінің абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Қазақ қоғамында біртұтастық пен ынтымақ орнатуға дәнекер болған ежелгі ереже - қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп низамының, салт – дәстүрінің жүйелі жиынтығы – атақты “Жеті жарғы” еді. “Жеті жарғы” – дана бабаларымыздың “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” деп аталатын мемлекет басқару мен халық билеудің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс – тірлігіне, қоғамдық, әлеуметтік аһуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап,  жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасын қалдырды. “Қасқа жол ” мен “Ескі жол” заңдарын толықтырып, елеулі өзгерістер енгізіп дамытқан Тәуке хан бұрынғы бес тарауға тағы да екі тарау қосып, “Жеті жарғы” деп атады. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. “Жеті жарғыны” қазақ халқы негізінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келді. Ал кейбір нормалары Қазан төңкерісіне дейін толығынан қолданылды, қоғамдық қатынастарды реттеу функциясын тиімді атқарып келді.

 Қазақ хандығы дәуірі ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда, яғни қасқа жолды Қасым хан, ескі жолды Есім хан, Жеті жарғыны шығарған Тәуке хан тұсында басқару жүйесі хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған, бірұтас, құқықтық мемлекет болды.

- Осы кезеңде қазақ хандығының көрші орналасқан мемлекеттермен байланыста болып, олармен сауда, саяси мәселелерін шешу заң жүйесі арқылы анықталды.

- Қазақ хандарының негізгі заңдары қазақ хандығын осы кезде мемлекет ретінде танытып қана қоймай, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына ықпал етті. “Қасқа жол”, “Ескі жол”, “Жеті жарғы” заңдарын дүниеге әкелген бабаларымыз тек қана көреген емес, сондай-ақ өте данышпан, ұлы, құдыретті, қасиетті екенін көреміз.

ХVІІІ ғасырдан бастап Қазақстан жері Ресей отарына айналғаны баршамызға белгілі. Осыған орай жергілікті халықтың қазақы дәстүрі мен заң-жоралғылары ескерілместен отарлаушы елдің заң ережелері енгізіле бастады. 

1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына ішкі істер министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарда алынбады. Ш.Уалиханов халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді. 

1867-1868ж реформаның негізгі мақсаты «Қазақ даласының ХІХ ғасырдағы Ресейдің басқада бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу. Ресейдің кол астындағы халықтардың бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды.

Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір,әрбір генерал-губернаторлық облысқа бөлінді.

1868 жылы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867жылы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық билік берілді. Сұлтандардың барлық әлеуметтік-саяси мұрагерлік құқықтары жойылды, ел билігі орыс шенеуніктері қолына шоғырланды.

Осының бәрі қазақ қоғамындағы билік жүйесінің дәстүрлі базасы мен салт-дәстүрге негізделген ережелерге  әсер етті. Сондықтан билер соты тоқырауға ұшырады жәнеоның беделі мен қажеттілігі төмендеді.

1886 жылғы Түркістан өлкесін басқару туралы Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болса, 1891жылғы 25 наурызындағы Далалық облыстарды басқару  туралы ереже бойынша сот жүйесіне елеулі толықтырулар мен нақтылаулар жасалды. Ол өз кезегінде бұрынғы сот жүйесінің өзгеруіне себеп болды және  ислам шариғатын уағыздаушы билер мен дәстүрлі құқықтық жүйені ығыстырып шығарды.

ХХ ғасырдағы алғашқы Қазақстанның Конституциясы Ресей қол астында болғандықтан 1925 жылы 18 ақпанда  қабылданды.

1937жылғы 26 наурызда КСРО Конституциясы қайта қабылданды.

КСРО құрамындағы Қазақстан үшін келесі Конституция 1978 жылы қабылданса, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993ж 28 қаңтардағы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. 

  ҚР қазіргі Конституциясы 1995ж 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданғаны баршамызға белгілі. Міне, осылайша «Қасымханның қасқа жолынан»  бастау алып, «Есімханның ескі жолымен» еселенген Отанымыздың түп қазығы Ата заңымыз мемлекетіміз бен халқымыздың тұрақты дамуына, экономикамыздың өркендеуіне, өркениетті ел ретінде танылуымызға кепіл бола беретініне сеніміміз мол. Сол үшін де оны ардақтап, құрметтеу баршамыздың парызымыз екені анық.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз