Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Макротарих Қоқан хандығының әлеуметтік саяси жағдайы және негізгі оқиғалары

Қоқан хандығының әлеуметтік саяси жағдайы және негізгі оқиғалары

13 Қараша 2013
113
0

Қоқан хандығының тарихи ғылыми  сонымен қатар практикалық қызығушылықты  тудырады.  Ферғана аймағына кіретін кішкене облыс  Бұхар мемлекетінен  бөлініп шығып, өзін Қоқан  хандығы деп  аталатын тәуелсіз  мемлекет  жариялайды. Нәтижесінде  жергілікті  халықтың әл-ауқаты  жақсарып, мәдениет пен әдебиетте  табыстарға  жетіп, көптеген  жоғарғы  оқу орындарын – медресе, мектеп және  мешіттерін ашты.  Елдің ирригациялық системасы мен  ауыл шаруашылығы, қолөнері мен саудасы өркендеп, жаңа  қалалар мен қышлақтар пайда болды. 

Бірақ, феодалдық өзара  тартыстар, билік үшін күрес, мемлекеттік төңкерістер  халық наразылығын тудырып, ірі көтерілістерге  ұшыратты. Қоқан хандығы  барлығы, 1703 жылдан бастап 1876 жылға дейін, 170 жыл өмір сүрді.

XIX ғасырдың алғашқы  жартысында Қоқан хандығы тәуелсіз  Түркістанның шығыс бөлігін алып жатты. Солтүстігінде - сыртқы Сібір  облыстарымен, батысында- Хиуа және Бұхарамен, оңтүстігінде-Қаратегін, Дарбаз және  Кулябпен, ал шығысында- Қашқариямен (шығыс Түркістан)  шектесті.

XIX ғасырдың  екінші жартысында  Ресей Қоқан  хандығының  бірталай  территориясын (Ақмешіт, Түркістан, Шымкент, Ташкент және оның  маңындағы елді мекендер) жаулап алып, 1867 жылы орталығы Ташкент болып Түркістан генерал-губернаторлығына  айналды. Сондықтан Қоқан хандығының  территориясы  біршама кішірейді.

1871жылғы А.Кунның  естеліктеріне  қарасақ Қоқан  хандығы  төмендегі  бектіктерден тұрған: Қоқан, Маргелан, Шахрихан, Андижан, Наманган, Сох, Махрам, Булан-Башин, Арабан, Балықшы, Шаартан, Наухат, Қасан, Шуст және Бабадорхан [1].

Қоқан хандығы дәстүрлі  феодалдық мемлекет болды. Мемлекет басында  шексіз билікке ие хан тұрды. Ханның  жанында кеңес жұмыс істеді. 1841 жылғы  мәліметтерге қарағанда  кеңес  мүшелерін  екі топ құраған: зиялылар және дін басылары. Әдетте кеңестегі  маңызды қызмет  орындарын хан  әулетіне  жақын адамдар  иеленген. Кеңеске  ханнан басқа  аталық, мыңбасы, атбек, саркер, дастарханшы, рисаличи, мехтар, наиб, удайчи, ходжа-калян,  қазы-калян, қазы-асқар, шейх ул-ислам және т.б. кірген.  Бұлардың көбісі  кеңес қызметімен  қоса  уәлаят пен қалалар билеушілері  болған.  Облыс әкіміне  бағынатын кішкене  қала  билеушілері  жай ғана «бек»  деп аталған. Ауылдарды ақсақалдар  мен старшиналар  басқарған. Олар істерді  бейбіт соттар түрінде  қараған, ал маңызды  істерді  әкімдермен  ақылдасқан. Қалалардағы  ақсақалдарды  хан өзі таңдап, грамоталар берген. Жоғарғы  сот билігі  қазылар  қолында  болған. Оларды  хан білімді дін  басылар арасынан тағайындап, өз мөрі бар грамота берген. Әскердің  ерекше қазылар алқасы болған [2, 200 б].

Мырза Алим Махдум Ходжа  өзінің  «Тарихи Түркістан» атты  кітабында ханнан  кейін мыңбасы мен амир-лашкар тұрғанын айтады.  Бұл қызмет  әскер  министріне  тең болған.  Ол сонымен  қатар мемлекеттің  сыртқы  істерімен айналысқан.  Екінші орында  ең ірі  қала билеушісі  қызметін  де атқарған.  Үшінші маңызда қызметте  парванашик болған.  Одан  кейін магаул, худайчи, тункатар, наиб, аталық, додхох, мехтарбаши, шербатдар, дастарханчи, қазынашы, махрамбашы, ишик аға-башы , пондсад-башы, туксаба, диван-беги, мырза-башы, саркар, мирахдур-башы, юз-башы, бакаул-башы, дах-башы т.с.с кете береді. Құқықтық және заң қызметкерлері:  қазы ал-куззат, қазы-калян, қазы-асқар, қазы-махсус, аллам, муфтий, мударич. Сонымен бірге  жоғары шенді  қызметтер шейх ал-ислам және шейх ал-машоих болған [3,169-170 б].

Аталық шеңін  ханнан жолы үлкен  хан уәзірлеріне  берілген. Аталық мөрі  хан мөрімен тең болған.

  Ал хаджа-калан, накыб, мир-асад, садра, судур, уран шендерін сіңірген еңбектеріне  қарай  тек Мухаммед  пайғамбар мен төрт  ұлы  Халиф  ұрпақтары  иеленіп отырған. Ал  мектеп  пен медреседе  мұсылмандық білім  алған  адамдар  Шейх ал-ислам,  маулови,  қазы-калян, қазы ал-куззет, қазы-аскар, қазы-мутлан, қазы-раис, муфтий, аълам, мударрис, имам атақтарын алған.  Бірақ шейх  ал-ислам титулын алу  үшін  білім құжаты  жеткіліксіз. Оған қоса адам қожаның  тұқымы болуға тиіс. Қоқан хандығының халық саны 3 млн адамды  құраған. Ал Ресей империясы  хандықтың  жартысын жайлап  алғанда  Ферғана даласындағы  халық 1 млн-ға  жуық болған. Халықтың  негізгі бөлігін  өзбектер, тәжіктер, қазақтар, қырғыздар және тағы  басқа  түрлі  рулар мен  тайпалар құрады. Сонымен бірге  халық құрамында  орыстар, ауғандар, ұйғырлар, ирандықтар,  үнділер, түріктер, арабтар, еврейлер  болған.  Қоқан хандығындағы  қалалар мен қышлақтарда  бұл  халықтар  бірге өмір сүрген. Өзбектер мен тәжіктер отырықшы, ал қыпшақтар мен қырғыздар  көшпелі болған.

1703 жылы Бұхар әмірлігінен бөлініп шыққан  Шадан қожалары  Ферғана  даласында  қозғалыс  ұйымдастырады.  Сөйтіп  тәуелсіз мемлекет құрады. Таққа  Шахрух биді  отырғызады.  Шахрух  мемлекетінің  құрамына  Қоқан, Наманган, Маргелан, Канибадам,  Исфара  қалалары мен оның аумағындағы  аудандар  кірді. Шахрухтың  билігі кезінде  В.П.Наливкиннің айтуы бойынша  атақты Наманган жорығы жасалған [4,55-56 бб].

Шахрух елді 13 жыл  басқарып, 40 жасында  қайтыс болады. Өлген жылы  болып 1721 жыл белгіленді.  Артында  үш ұлы қалады: Абду-Рахимбий, Абду-Каримбий және  Шадибий. Әкесінің  орнына үлкен  ұлы  Абду-Рахимбий отырады. Оның билігі кезінде  Ходжент, Андижан, Самарқанд, Қатта-Курган және Джизак жауланады. Елді 12 жыл  басқарғаннан кейін , ол 33 жасында  қайтыс болады. Оның ұлы Ирденбек пен үш қызы  болғанымен таққа  Абду-Каримбий  отырады. «Ансаб ас-салатин ва таварих-и  ал хавехин»  жазбаларының авторына  сенетін болсақ, Абду-Каримбий  таққа отырысымен ол халықтың  жағдайын  жасап,  сипахтар әскерін қайта құрып, жасақтайды.  Қалмақтар Ош, Андижан,  Маргелан қалаларын жаулап, Қоқанға  кіре бастаған кезде, тұрғындар қорғану  шараларын ұйымдастырады. Абду-Каримнің  нұсқауы бойынша  қорған алынады. Уақытылы келген  Ура-Төбе  билеушісі Фазыл-бектің  көмегімен қалмақтар ойсырата жеңіледі [5,13-20 бб].

Бұл мемлекеттер  архив  материалдарымен  куәландырылады. Оларға қарасақ 1745-1746 жылдары Сібір  шекарасында  соғысқан жоңғарлар батыс Түркістан билеушісі  Абді-Кәрім мен шайқасқан [6, 60-61, 417 пп]. Бухаретдин  Беймуратовтың көрсетуі  бойынша  1745 жылы  Қалдан-Церен  Абдул-Каримбий мен өзбектер  мемлекетіне  қарсы 20 мыңдық  әскер жібереді, бірақ әскердің  жартысы ғана  отанына  оралады. Енисей  қырғыздарының  ұрпақтарының айтуына  сенсек 1746 жылы Қалдан Церен мен Абду-Карим жүргізген  соғыстарының  алымдарынан (алам) жутағандықтарынан  урги  асып  кеткенін көрсетеді. Абду-Карим  мен қала  тұрғындары  қалмақ шабуылынан хабардар  болатын. Соғысқа  түйелерге артқан  кіші он шойын пушканы апарған.

Абду-Каримбий 40 жасында қайтыс  болады. Орнына оның ұлы отырғанымен алты айдан кейін  тақтан түсріліп, Маргелан билеушісі болып  тағайындалады. Билік Ерданаға көшкенімен  ол да  аз  уақытта  тақтан  тайдырылады. Орнына  Бабабек  отырады. Ол 1  жылдай  елді  басқарып  Бес Арықта  өлтіріледі. Сөйтіп Ердана таққа  қайта келеді. Ердана 14 жыл ел билейді. (кейбір деректерде 12 жыл) Оның  өлімінен  кейін  таққа  Шады-бектің  ұлы  Сулейман-бий отырады. Бірақ ол үш  ай ғана  хан болып, Абдулла-қушбегі  мен  Гурум-сарай  әкімі Отау-Бакаул  өлтіріледі. Қоқан зиялыларымен  ақылдаса  отырып,  өлтірушілер (Нарбута-бий таққа  отырысымен) Шуста мен  Наманган  билеушілерінің  сепаратизмін  басып жаныштайды.  Нарбота  Ходжентті  бағындырады. Оны  Қытай  мемлекеті  хан ретінде  мойындайды. Сөйтіп Қытаймен бірлесе  отырып Нарбута  Бұхараға  шабуыл жасап отырады. Өз иеліктерін  көбейтуге  тырысады. Осы мақсатпен ол Ташкентке сәтсіз жорық  жасайды. 1800-1801 ж Нарбута  өлімінен кейін  таққа оның  ұлы  Әлім-бек отырады. Оның  билігі  кезінде Қоқанның саяси  мәні  күшейеді. Әлім-бек тау тәжіктерінен (каратегиндіктер, шугнандықтар, бадахшандықтардан) тұратын жалдамалы  әскер құрайды.  Ол орталықтанған  билікті  күшейтіп, үлкен армияның  негізін салады. Әлімбек Қоқан  иеліктерін  көбейтеді. Оның кезінде  керуен  жолының  маңызды  бөліктері - Шымкент, Сайрам, Түркістан, Ташкент облысы,  Ангрен даласы  жауланады. Мемлекеті нығайып,  күші  Бұхарамен  теңескен кезде, 1805 жылы  Әлімбек ресми  түрде  хан титулын  алады, ал  оның мемлекеті Қоқан  хандығы деп атала бастайды.

1810 жылы  Әлімхан  Ташкентте  болғанда  ханға қарсы  топ «хан өлтірілді, ал таққа  оның інісі Омарбек отырды» деген өсек  таратады. Олти-куш  даласында  Әлімханды  Қамбар мырза  бастаған  андижан отряды күтіп алып, өлтіреді.  Оның денесін Қоқанға  жеткізіп жерлейді [7,8 б].

Омархан алдындағы хандар  сияқты  хандықтың территориясын  үлкейтуді ойлайды.  Оның  билігі кезінде  Ура Төбе, Түркістан және Ташкенттің  солтүстігіндегі  орта  қалалар қайта  жөнге келтіріліп, ауыл шаруашылығы, қолөнер мен сауда Омар хан (1810-1822) билігі кезінде гүлдейді.

Омарханның  билігі  кезінде әдебиет пен өнер дамыды, Қоқан әдебиет  ортасы  қалыптасты. Омарханның  өзінде  де ақындық  өнер болған. Оның сарайында  ақындар, каллиграфтар, суретшілер қызмет істеген. Халықтың білім беру ісі жанданды.  Медресе  мен карихане(арнайы мектеп) сияқты мектептер  ашылды. Қоғам өмірінде Омарханның әйелі  Мохлар-ойим көрнекті орын алды, лақап аты Надира. Надира халықтың мәдени өміріне  белсене араласып, ғылым, әдебиет, өнер ісінің  қамқоршысы атанды. Атақты ақын әйел ретінде  өзбек әдебиетінде  өз есімін  қалдыра білді.

1822 жылы  күзде Омархан ауырып, қайтыс болады. Таққа  оның ұлы  Мухаммед-Али отырғызылып, Қоқан ханы атанды. Мухаммед-Али жаугершілік саясатты  жалғастырады.  Мысалы,  Ташкент құсбегісі 1834 жылы  былай деп жазады: «Мухаммед – Али хан Ура-Төбе, Каратегин, Куляб және  Дарвоз қалаларын жаулап алды, әр қалаға өз билеушісін  отырғызды». 1826-1831 жылдар аралығында Қашқарға «газы» деген атаққа  ие  болған  қасиетті соғыс сапарын жасады. Мухаммед – Али  билігі кезінде  Қоқан-Бухар қатынастары бүлінді. Нәтижесінде 1841 жылы ол тақтан бас тартып, інісі Султан Махмудты  отырғызады.  Бірақ 1842 жылы сәуірде  Бұхар  әмірі Насрулла  Қоқанды  жаулап алып, Султан-Махмуд ханды, Мухаммед Алиді, Надираны  және ханға жақын  адамдарды  өлтіреді.  Әмір  Қоқанға басшы етіп Ибрагим-додхохты отырғызып, Бухараға жүріп кетеді.

Қоқандықтар  биліктің өзгергеніне  наразы болып Төре-Қорғаннан хан тұқымы Шерәліні  шақыртады. Сөйтіп оны  Қоқан  ханы етіп, 3-4 мың  әскерін  Қоқанға  кіргізеді. Ибрагим дадхох Қоқанға қашады. Бұхар әмірі  Насрулла Қоқанға қайта шабуыл жасайды, бірақ сәтсіздіктерге кез болады. Шерали хан билігі кезінде халықтан алынатын  төлемдер  көбейеді, халық көтеріліс пен  толқуларға қатысады. Мусулманкул-мыңбашы бұны пайдаланып мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруды  жоспарлайды. Көтерілісті басу үшін 1845 жылы Ош қаласына әскерімен  Мусулманкул  мыңбашы  келеді. Оның  адамдары Әлімханның  ұлы  Мұратқа  барып таққа  отыруын  сұрайды.  Мұрат жағдайды пайдаланып өзін Қоқан ханы және Бұхар әмірінің вассалымен дейді. Шерәліхан  өлтіріледі. Осы кезде Мусулманкул  Намангандағы  Шерәліханның ұлы жас Қудиярға өз қызын үйлендіріп, Қоқанға әкелтіреді. Ондағы Мұратханды  өлтіреді, ол Қоқанды  бірнеше күн ғана билеген еді. Сарымсақтың  хан болуға үмітті екенін  білген Мұсұлманкул оны Ташкентке  шақырып, өлтіруге бұйрық береді. Бұйрық орындалғаннан кейін Қудиярды хан тағына  отырғызып, өзі елді хан атынан еркін  билей  бастайды. Мұсұлманқұлдың билігі кезінде қыпшақтарға үлкен жеңілдіктер жасалынады, бұл халықтың басқа бөлігінің  наразылығын тудырады. Сөйтіп оппозиция Мұсұлманқұлды  мыңбасы қызметінен  тайдырады.

Осы уақытта 1853 жылы орыс әскері Қоқан қамалы Ақмешітті (қазіргі Қызылорда)  бағындырады. Орыс  әкімшілігі  В.В.Вельяминов – Зерновқа  құпия  түрде  Мусулманкулмен кездесуді  бұйырады.  Бұйрық орындалады.  Хан мен оның қарамағы  бәрін  біліп  қойып 20000 мыңға жуық қыпшақты  және Мұсұлманқұлды қатыгездікпен өлтіреді.

Бұл оқиғалардан кейін Қудияр хан (1853-1858) елді жеке билеуге көшеді. Ол халықтың қамын ойламайтын  тым қатыгез хан болады.  Қудияр хан елдің  солтүстік аудандарын өзін-өзі басқаруды ұйымдастырып, билікті Мырза-Ахмедке береді. Мырза-Ахмед халықты аяусыз қанайды, алымдарды көбейтеді. Соған байланысты  елдің солтүстік  бөлігінде 1857 жылғы көтерілістер  болып  өтеді. Көтерілісті  басуға  Қудиярхан өзінің үлкен ағасы Мали-бекті жібереді.  Мали-бек  көтерілісшілерге  кешірім жасап,  алымдарды  азайтады, халық арасында  қолдау  табады. 1858 жылы Мали-бек  өзінің  хан тағына  үміткер  екенін  ашық жариялап,  әскердің күшімен  Қоқанды басып алады. Қудияр Бұхараға қашады.

  Қоқан хандығының  саяси аренасында  қыпшақ  билеушісі – Әлімқұл  (қоқан  документтерінде  Али-Кули) пайда болады. Елдің саяси өмірінде қыпшақтардың рөлі қайтадан  күшейе  бастайды.  Орыс архив  материалдарына  сүйенетін болсақ,  Мали-хан  өз хандығымен  қоса, көшпелі  қырғыз, қыпшақ, қаратегін тайпаларына  билік жүргізе  алатын жағдайда  болған.  Ол өзінің  азиаттық  іскер саясатшы қасиеті арқылы таққа еркін  отырып, ішкі басқаруды тамаша жүргізеді [8,174п].

Бірақ 1862 жылы 25 ақпанда  Нұрмұхаммед қусбегі  мен Шадман-қожа дадхох  бастаған қарсы  топ  хан сарайында аяусыз өлтіріледі. Келесі  күн  таңертең Қоқан ханы етіп Шахмурад-бекті отырғызады [5,19 б]. Кейбір  деректерде қылмысты  Али-кул мыңбасы ұйымдастырды дейді. Сарай төңкерісінен хабардар болған Бұхар  әмірі  Музаффар Қудиярды  шақырып, оған көмек  көрсетуге  уәде беріп  Ташкентке  жөнелтеді. Сонымен  қатар Ташкент  билеушісі  Канаат та  Қудиярды  шақырып  оған  хан тағын  қайтарып беруде көмектесетінін айтқан болатын. Қудияр  үлкен қуанышпен Ташкентке жөнеледі. Нәтижесінде 1863 жылы мамырда  Қудияр  Қоқанға  Ташкент әскерімен басып кіріп, хан тағына отырады [5,20 б].

  Осы уақытта Қоқан хандығында  хан тұқымының үш  ұрпағы өмір сүрді:  Садық-бек, Ходжа-бек және Шахрух. Бұлардың барлығы  да  20-ға толмаған жасына  қарамастан  хан тағына үміткер екенін жариялайды. Бұл Али-Кулдың жоспарына  сәйкес келмеді. Сөйтіп Аликул  олардың  барлығына  тақты уәде етіп өз сарайына шақыртады.  Бозбалалар оған сеніп  Ош  қаласына  келеді. Али кул  олардың  барлығын өлтіреді. Осы қанды оқиғадан кейін  1863 жылы 9 шілдеде Аликул  Мали ханның ұлы  Сұлтан-Мұратты  Қоқан ханы жариялап, Қудияр ханға  қарсы бағытталған әрекеттерді жасауға  бел буады.  Нәтижесінде  Қудияр  хан  тағы да  Бұхараға  қашуға мәжбүр  болады. Сұлтан-Мұраттың  билігі  кезінде  қоқан-орыс  қатынастары  бұзылады. 1864 жылы Түркістан, Шымкентті, ал 1865 жылы Ташкентті  басып алады. Осы кезде Мулла  Аликул өлтіріледі.

Қыпшақтар мен қырғыздар  Құдайқұл-бекті хан жариялайды, ол кейін  Бельбакчи-хан деген атаққа ие болады. Ол 14 күн ел  басқарғаннан кейін,  ақша  мен асыл  заттарды  иеленіп Қашқарға қашады. Ал Құдияр хан болса еш кедергісіз Қоқанға ие болады. Құдияр  хан билігі аса  қатыгездікпен ерекшеленеді. Ол өз халқын он жыл бойы өлім мен ұрлыққа толы  болған қанауға  ұшыратады [9, 28-29 бб]. 

Қожақұлы Ө. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)

Әдебиеттер:

1. Туркестанский  сборник. Том-149

2.Орыс географиялық  қоғамының жазбалары. 3 кітап. - СПБ, 1849.

3. Тарих-и Түркістан.  - Ташкент, 1915.

4.  Наливкин В.П. Краткая история Кокандского хандства, Казань, 1886.

5. Институт  востоковедения АН Руз., рукопсиь.,инв.№3753,

6. Архив Географического общества Росии, Р65,1 тізбе, 11 іс

7. Институт востоковедения Ан РУз, рукопись, инв.№9841,

8. ӨРОММ.-и-715 қор, 1 тізбе, 23іс.

9. Россель Ю.Среднеазиатская культура и наша политика на Востоке.См: Туркестанский сборник, том 22.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз