Басты бет Е-ресурстар Электронды мұрағат Дерекнама және құжаттардағы қазіргі Қазақстан Тәуелсіз Қазақстан тарихы оқулықтарда

Тәуелсіз Қазақстан тарихы оқулықтарда

13 Қараша 2013
192
0

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел, не істеп, не қойғандығын білмейді,келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы боп тұрады.

                                                                                                                 А. Байтұрсынов «Қазақ газетінен»

Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеу мен оқыту көкейтесті мәселелердің бірі. Осы орайда Қазақстан тарихы туралы жазылған  іргелі зерттеу еңбектер мен оқулықтарда бірқатар мәселердің басы ашылғаны анық. Дегенмен еліміз егемендік алғалы бері мемлекетіміздегі біршама түбегейлі өзгерістер мен оқиғаларды бұхара халыққа таныту жағы кемшін. Бұның бірнеше себептері де бар, біріншіден, кешегі кеңестік дәуірде Дүние жүзі мен КСРО-тарихы арнайы оқытылып, Қазақстан тарихы сол кеңес одағы тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Сол жарыққа шыққан оқулықтарда қазақ тарихы жайлы көптеген жайттар бұрмаланып, негізгі мәселелер партиялық ұстанымдармен, тар таптық шеңберде жазылды. Екіншіден, Ресейдің өзінде бұрыннан оқулық жазумен арнайы жеке бір институттар айналысады. Ал біздің елімізде тарихты зерттейтін санаулы ғана ғылыми-зерттеу институттары бар. Оның өзінде аталған ғылыми-зерттеу институттарының зерттеу нысаны көбіне отан тарихының іргелі мәселелері болып табылады.

Осыған қарамастан қазіргі кезде Қазақстанның тәуелсіз жылдарындағы тарихы біршама оқулықтарда көрініс табуда. Осындай оқулықтардың қатарына орта мектептің 9 сыныбына арналған Б.Ғ.Аяған мен М.Ж.Шәймерденова шығарған Қазақстанның қазіргі заман тарихы атты оқулықты айтуға болады. Осы оқулықтың төртінші бөлімі тәуелсіз Қазақстан тарихына арналып, онда тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстан Республикасы қалыптасуының қиын да сындарлы жолдары жалпы адамзат тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастырған. Атап айтқанда, КСРО-ның ыдырауының себебі мен салдары оның республикамыздың саяси өміріне әсері айқындалып, еліміздің егемендігін жариялауымен бірге Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы дамуы жан-жақты ашып көрсетілген. Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның саяси дамуы, экономикадағы түбегейлі өзгерістер қайта құру мен тәуелсіздік жылдарындағы мәдени құрылыс, білім беру мен денсаулық сақтау және Қазақстан республикасының халықаралық қатынастардағы орны мен рөлі көптеген деректі құжаттар арқылы айшықталып, оқушыларға түсінікті тілде жеткізілген [1].

  Мектеп оқулықтарында оқушыларға көмекші құрал ретінде Б.Ғ. Аяғанның құрастыруымен шыққан жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған Қазақстанның қазіргі заман тарихы хрестоматиясында тәуелсіз Қазақстан тарихы жайлы документтер жинағын молынан көрсетеді [2]. 

Орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда тәуелсіз еліміздің тарихы сомдалған. Олардың қатарына М.Қ. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, Қ. Жүкешевтің 9 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы, Т.С. Садықов, Р.Р. Қайырбекова, С.В. Тимченколардың 11 сынып оқушыларына бейімдеп жазылған Дүние жүзі тарихы оқулықтарын айтуға болады.

М.Қ. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, Қ. Жүкешевтің 9 сыныпқа арналған Қазақстан тарихында, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының себебі мен тарихи маңызы, қайта құру кезіндегі демократия мен жариялық, кеңес одағының ыдырауы мен ТМД-ның құрылуы тарихи тұрғыдан жүйеленіп берілген. Сонымен қоса кітаптың бесінші тарауында еліміздің конституциясының қабылдануы мен экономикалық дамудағы нарықтық қатынастардың орнығуы және ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның даму белестеріне талдау жасаған [3]. 

Т.С. Садықов, Р.Р. Қайырбекова, С.В. Тимченколар шығарған 11 сынып оқушыларына арналған Дүние жүзі тарихы оқулығының Кеңестік Социалистік республикалар одағы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы атты төртінші тарауында КСРО-ның ыдырауының себеп салдарын және ТМД органдарын құру үдерісін екі кезеңге бөліп, біріншісі 1991 жылғы желтоқсан мен 1993 жылғы қаңтар аралығын қамтып, осы кездегі достастықтың саяси үйлестіруші органдары құрылып, олар ТМД жарғысына тіркелгенін, екінші кезең, 1993 жылғы қаңтардан бүгінгі күнге дейінгі халықаралық жағдайдағы ықпалымен және мемлекетаралық қатынастардың өзгеруі себепті ТМД-ның басқарушы құрылымының өзгерістеріне талдау жасайды [4]. Яғни осы тарауда Қазақстанның ТМД елдерімен өзара байланыста жетекші орында келе жатқанын, әсіресе ТМД-дағы аймақтық экономикалық құрылымдар Ресей, Беларуссия, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің біріккен Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылуымен оның маңызына тоқталады.

Мектеп оқулықтарымен қатар бүгінгі күні оқушылар, студенттер және жалпы оқырман қауымға арналған оқулықтар мен оқу құралдары көптеп кездеседі. Міне, сондай оқулықтардың қатарына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты ұжымы шығарған «қазіргі Қазақстан тарихы атты оқулықтың маңызы зор. Себебі бұл оқулықта Қазақстан тарихының көне замандардан бүгінге дейінгі өзекті мәселелері қамтылып, тәуелсіз мемлекетіміздің саяси дамуы, мемлекеттік стратегияның маңызды тұстары, қоғамның қазіргі даму ерекшеліктері және Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мәселелік тұрғыдан қарастырылған. Сондай-ақ ол оқытудың көрнекті құралдарымен, суреттер мен кестелермен жабдықталған [5].  

Жоғарғы оқу орындарының студентеріне арналған келесі оқулықтар мен оқу құралдарының қатарына А. Күзенбайұлы, Е. Әбіл, Г.В. Кан, Н.У. Шаяхметов, С. Сабырұлы еңбектері ерекше.

Мәселен А. Күзенбайұлы мен Е. Әбіл шығарған «История Казахстана» [6]  деп аталатын оқулықта Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын жаңаша көзқараспен жазады. Соның ішінде қайта құру жылдарындағы республикамыздың әлеуметтік, саяси өмірі мен тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық демографиялық үдерісін тарихи тұрғыдан баяндайды.

Ал  Г.В. Кан мен Н.У. Шаяхметов шығарған жоғарғы оқу орындарында арналған «Қазақстан тарихы» атты оқулықтың оныншы бөлімінде  тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңдері мен қазіргі Қазақстанның дамуының негізгі бағыттары сараланады [7].

Барлық аталған оқулықтардың мазмұны толыққанды ашылып, еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі аса маңызды даталар, оқиғалар, құжаттар жүйелі түрде берілген. Бүгінгі жаңа Елорданың құрылысы игілікті өзгерістің белгісіне айналғанын, Астанада қысқа мерзім ішінде дамыған инфрақұрылымды заманауи әсем мегаполис бой көтергенін, мемлекеттік сыртқы саясатта да айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін, Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толық құқықты мүшесі болғанын, мемлекеттің алғаш қалыптасу барысында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қыруар рөл атқарғанын, жаңадан ірге көтерген ел миллиондаған Қазақстандықтардың ерен еңбегімен қайрат-қажыры арқасында табысқа қол жеткізілгенін айқындаған.

Қазіргі оқу үдерісінде Қазақстан тарихы пәнінің бағдарламасы бойынша Тәуелсіз Қазақстан тарихы жалпылама оқытылып, тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекет тарихы, төл Конституциямыздың қабылдануы, әлеуметтік жағдайымыз, Қазақстанның саяси дамуы, мәдениеті, ғылымы, экономикадағы түбегейлі өзгерістер, тағы басқа мәселелер, Қазақстан тарихы бөлігінің құрамдас бөлігі бола отырып,  өзіндік жеке қарастыруға өзекті, әрі сұранып тұрған тақырыптар. Аталған тарихи оқиғалардың тәуелсіздігімізді қалыптастырудағы үлесін болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Егемен Қазақстанның жүріп өткен жолдары төңірегінде берілген материалдардың алдымен танымдық жағын ескеруіміз қажет. Тәуелсіз Қазақстан тарихының негізгі тараулары тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарын сипаттаудан басталуы тиіс. Оқулықта өткен оқиғаларды тұжырымдамалық бағытта және неғұрлым объективті тұрғыдан баға берілуі керек. Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқып үйрену барысында бүгінгі күні игіліктер еліміздің қол жеткізген экономикалық, ғылыми-ағартушылық, мәдени жетістіктерін дәріптеу де өз орнын алады. Тәуелсіз Қазақстанның даму кезеңдерінен халықтың санасын, ойын, рухын көтеретін мәліметтерді баса көрсетуіміз қажет. Тарих – тәрбие құралы, ол идеология. Яғни мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастырудың ең төте жолы тарих оқулығы. Тәуелсіз Қазақстан тарихының негізгі міндеттерінің бірі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу болуы қажет, сонымен бірге, тарихтағы жалғастық ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына жеткізуде, түсіндіруде – басты құрал. Әлемдік тарихпен байланыстыратын болсақ, ақпараттық технологияның дамыған заманында Жапония, Корея, Қытай елдерінде қоғамның кез-келген саласы дәстүрге негізделгенін байқауға болады. Қоғам дамуының мүмкіндіктері дәстүрге негізделсе, жаһандану заманында халықтың өз болмысын сақтап қалуы мүмкін болары сөзсіз. Бұдан келіп туындайтын мәселе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейін саяси оқиғалар атап-айататын болсақ, Егемендік туралы декларация, Президенттік сайлаулар, тәуелсіздіктің танылуы, Қазақстан Республикасының рәміздері, БҰҰ-ға мүшелік, қарулы күштерімізді құру, экономикалық ынтымақ ұйымдарына мүшелік, дипломатиялық қарым қатынас, халықаралық жағдай тағы басқалар жарқын оқиғалар ретінде сарапталуы тиіс. Демек қазіргі жаһандық үдерістердің бой алған кезінде әлемдік дамыған державалы елдердің әр-түрлі мақсаттағы экспансиясы (экономикалық, діни, мәдени, т.б.) қауіп төндіруі мүмкін. Белгілі ғалым Х.М. Әбжановтың тұжырымды пікірінде «егер кешегі отарлау мен тоталитаризм бір мемлекеттің ғана күшімен жүзеге асса, жаһанданудың артында әлемдік әлденеше алпауыт мемлекеттер тұрғанын бір сәтте қаперден шығармау керек. Ендеше тарихты зерттеу өткен-кеткенді судай сапырып, құрғақ, желбауыз әңгіме емес. Ол бүгінгі өзекжарды міндеттерді оң шешу үшін ауадай қажет шарттылық әрі заңдылық. Тарих қауіпсіздік пен болашақтың кілтін ұстаушы құдірет [8].

Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан тарихын аталған ұстанымдар бойынша негіздеуіміз, бүгінгі қоғамда ұлттық тарихи сананы, идеологияны, қалыптастыруға бірден-бір себепші болары анық. Тарих рухани құндылық бастауы ретінде рөлі артады. Тарих ол – қоғам тарихы, мемлекет тарихы, халық тарихы, ондағы адамдардың тарихы ұлттық құндылықтарды ұлықтау негізінде іске аспақ.Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуда ақпарат беру әдісімен қатар танымдық мәселелер де жетекшілік етуі аса маңызды. Танымдық ол алдымен білімді санада нығыздайды, әрі өздігімен ойлауға жетелейді.

Әдебиеттер:

1. Аяған Б.Ғ., Шәймерденова М.Ж. Қазақстанның қазіргі заман тарихы. 9-сынып. – Алматы: Атамұра, 2005.

2.  Қазақстанның қазіргі заман тарихы.  9-сынып Хрестоматия. – Алматы: Атамұра, 2005.

3. Қозыбаев М.Қ., Нұрпейіс К., Жүкешев Қ. Қазақстан тарихы. 9-сынып. – Алматы:  Мектеп, 2009. – 23 9б.

4. Садықов Т.С., Қайырбекова Р.Р., Тимченко С.В. Дүние жүзі тарихы. 11 сынып. – Алматы: Мектеп, 2007. – 255 б.

5. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы: Раритет,  2010.- 429 б.

6. Күзенбайұлы А., Абил Е. История Казахстана./ Учебник для вузов. – СПб.: Солда, 2004. - 419 с.

7. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. – Алматы: Кітап, 2007. -  263 б.

8. Әбжанов Х.М. Ұлт тарихы. Оны зерттеудің өзекті ұстанымдары қандай болу керек? // Егемен Қазақстан.  - 2006.


Б.Б. Енсепов, тарих ғылымдарының кандидаты

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Н.Т. Қайназаров, Қызылорда «Өркениет» медициналық колледжі, Қазақстан Республикасы


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз