Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында Бағдарламаны жүзеге асыру Ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-ағартушылық, мәдени-білім беруші іс-шаралар Академик А.Д.Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Академик А.Д.Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

13 Қараша 2013
39
0

25.10.2013 жыл

Математика ғылымын дамыту, қазіргі заманғы математикалық білім берудің өзекті мәселелері, модельдер теориясы, алгебра және геометрия, операторлық әдістер, математикалық модельдеу және ақпараттық технологиялар және т.б.бірқатар мәселелер бүгін академик А.Д.Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі пленарлық мәжілісінде талқыланды.

Конференция жұмысы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғы сөзімен, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, Асан Таймановтың қызы Надежда Шкаликованың құттықтау сөзімен ашылды.

916a44f14aa5d1f2f4745a1f044456db.jpg

Жалпы, конференцияға Қазақстан Респуликасы Ұлттық Ғылым академиясы, Ресей Ғылым Академиясының академиктері, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Новосібір мемлекеттік университеті, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің С.Л.Соболев атындағы математика институты, Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті мен қазақстандық жоғары оқу орындарынан белгілі ғалымдар, академик А.Д.Таймановтың шәкірттері қатысты.

0c162b9ef3970c9871dfda08f237ff67.jpg

Конференция барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры т.ғ.д., профессор Қылышбай Бисенов академик Асан Дабысұлы Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне тоқтала келіп, жиынға қатысып отырған жас мамандар үшін конференцияның тәрбиелік, тағылымдық маңызы ерекше екендігін атап өтті.

Академик Асан Тайманов 1947-1954 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) жоғары математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Бұл кезеңде институттың және аймақтың ғылымы мен білімінің дамуына ерекше үлес қосқан Асан Дабысұлы студенттер мен оқытушылардың ғылыми қызметін ұйымдастыру бағытында тың бастамалар көтеріп, аз уақыт ішінде бұл салада шығармашылық зор табыстарға қол жеткізген.

Академиктің қажырлы еңбегін облыс әкімі Қырымбек Көшербав та ерекше атап өтті. «Асан Дабысұлы Тайманов Қазақстан ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағында жетекші математик болды. Оның өмірі және ғылыми-педагогикалық қызметі Қазақстан және Ресей ғалымдары үшін ерекше мақтаныш болып табылады. Асан Дабысұлының жеке еңбектері және шәкірттерінің ізденістері нәтижесінде Қазақстанда іргелі математикалық мектеп қалыптасты. Және бұл мектеп ірі математикалық жетістіктерін бүкіл әлемге паш етті», - деді облыс басшысы өз сөзінде. Сондай-ақ, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Антонович Садовничий конференция жұмысына сәттілік тілеп, арнайы құттықтау хатын жолдады.

Одан әрі ғылыми конференцияда Ресей ғылым академиясының академигі, ф-м.ғ.д. И.А.Таймановтың «Численный алгоритм вычисления топологических характеристик трехмерных тел», Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ф-м.ғ.д., профессор М.Ө.Өтелбаевтың «Решение 6-ой проблемы тысячелетия - проблемы Навье-Стокса», Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ф-м.ғ.д., профессор А.С.Жұмаділдаевтың «Стирлинговые мультиперестановки», Новосібір мемлекеттік университетінің профессоры, ф-м.ғ.д. Е.А.Палютиннің     «P-обогащения абелевых групп», Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры, ф-м.ғ.д. Ғ.Б.Бакановтың «Интегралдық геометрия есептерінің және кейбір параболалық теңдеулер үшін шеттік есептердің корректілігін зерттеу» тақыптарындағы баяндамалары тыңдалып, жан-жақты талдау жүргізілді, ғылыми тұжырымдамалар айтылды.

Пленарлық мәжіліс одан әрі секциялық отырыстармен жалғасты. Конференция барысында математик-ғалымдардың 110-ға жуық баяндамалары тыңдалды. Конференция жұмысы 26 қазан күні қорытындыланады.

Конференцияның негізгі мақсаты - жас ғалымдарды дайындауда, ғалым қандай болу керек, Отанға қалай қызмет ету керек, ғылымның асқан шыңына қалай жету деген ұғымды бүгінгі ұрпақ жадына сіңіру.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз