Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында Бағдарламаны жүзеге асыру Тарихи-этнологиялық экспедициялар, шетел мұрағаттарында жұмыс істеу Өзбекстан республикасы орталық мемлекеттік мұрағатындағы сыр өңіріне қатысты құжаттарды пайдаланудағы мәселелер

Өзбекстан республикасы орталық мемлекеттік мұрағатындағы сыр өңіріне қатысты құжаттарды пайдаланудағы мәселелер

13 Қараша 2013
130
0

Қазіргі таңда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени жағынан шарықтап даму үстінде. Атап айтқанда, еліміздің интелектулды деңгейі жаңа сапаға көтеріліп, жастарымыздың білім мен ғылымды және жаңа инновацияларды бойына сіңіріп жан жақты игеруі болашағымыздың жарқын екенін дәлелдеп отыр. Сонымен бірге, әр бір Қазақстандық азаматтар еліміздің тарихы мен тілін, дәстүрін, ділін, дінін біліп құрметтеуі керек. Тарих – тәрбие құралы, ол идеология. Сондықтанда тарихты білу ол болашаққа бағдар ашатыны сөзсіз. Белгілі тарихшы Х.М. Әбжанов «Тарих қауіпсіздік пен болашақтың кілтін ұстаушы құдірет» деп нақты тұжырымдайды. Осыған орай Үкіметіміздің қолдауымен «мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске асып көптеген жәдігерлеріміз қолданысқа енгізілуде. Шет мелдегі мұрағаттардан құжаттар алынып, тарих ғылымы жаңа сапаға көтерілді. Дегенмен әлі де болса, зерттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Атап айтсақ, Сыр өңірінің тарихына қатысты құжаттарды табу мен зерттеу бүгінгі облыс зиялы қауымының күн тәртібінде тұруы тиіс мәселе. Сыр бойы халқы бұрын Қоқан мен Хиуаның кейін Ресей империясының Түркістан генерал губернаторлығына қарасты Сырдария облысы және кеңес үкіметінің алғашқы он жылдығында Түркістан автономиясының Сырдария облысына тікелей қарады. Ол кездегі облыс орталығы Ташкент қаласы болды. Сондықтанда Ташкент қаласындағы мұрағаттар мен танысу және оны қолданысқа енгізу бүгінгі Отан тарихының өзектілігі болып табылады. Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатының қорларындағы құжаттарды талдауда біз екі кезеңді алып қарастырдық. Бірі Ресей империясы тұсындағы Сыр өңіріне қатысты құжаттар болса, екіншісі кеңес үкіметінің алғашқы он жылдығындағы өлкемізге қатысты құжаттарды саралап, ғылыми айналымға енгізу.

Сыр өңіріндегі азаттық күрестің күрделі тұстарын ашып, тарихимаңызын көрсету,оған обьективті тұрғыдан баға беру үшін деректік материалдарды талдаудан өткізу аса маңызды рөл атқарады. Солардың бірі Ресей империясының қазақ даласына, соның ішінде Сыр өңірін мекендеген жергілікті қазақтар мен отырықшы халықтарды отарлауға және кез-келген қарсылықтың алдын алуға қатысты шығарылған әр түрлі заңдық жинақтар және құқықтық актілер мен ережелер, әскери-әкімшілік мекемелердің құрылуы, міндеті мен әрекет ету жөніндегі мәліметтер. Ал оны талдауға алуда Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ҚРОММ), Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ӨРОММ) және Ресей Федерациясы Орынбор облысының Мемлекеттік Мұрағаты (РФОрОММ) қорларында сақтаулы Сыр өңіріне қатысты дерек көздері ерекше. Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатының қорларындағы құжаттар:

№ 1 қор – Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі;

№ 7-қор - «Түркістан өлкесіндегі егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасы»,

№ 16-қор - «Сырдария ауданындағы қоныс аудару ісі басқармасы»,

№ 17 қор – Сырдария облыстық басқармасы;

№ 47 қор – Түркістан өлкесі оқу орындарының Бас Басқармасы;

№ 336 қор – Түркістан облысының әскери басшылығы мен губернаторлығы;

№ 461 –  Түркістан аудандық күзет бөлімі;

№ 715 қор – Полковник Серебренниковтың Түркістан өлкесі жайындағы мәліметтері; Серебренников А.Г. Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края. – Ташкент: Тип. штаба Туркестанского военного округа, 1914. Т.VI. - 290 с.

1044-қордың (Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті)

№ 1 қордан Түркістан өлкесіндегі, соның ішінде Сырдария облысын басқаруға байланысты ережелер, жобалар мен басқару ісіне қатысты патша өкіметінің берген нұсқаулары, әскери губернатордың орталыққа жыл сайын беріп отырған есебі, өлкенің саяси және әлеуметтік ахуалына қатысты құжаттар және көтеріліс басшыларының саяси ұстанымдары және олардың қоғамдық-саяси қызметтері жайлы мәліметтер мен бірге өлкедегі әкімшілік басқару жүйесінің орнатылуы мен мұсылман халқының рухани болмысын әлсірету мәселесіне байланысты құнды құжаттар кездеседі. Сонымен бірге, Сырдария облысы тұрғындарының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқандары туралы, Сырдария облысының әскери губернаторы жергілікті халықтардың ортасына от жағып, оларды араздастыру бағытында уезд бастықтарына берген нұсқауы туралы деректер сақталған. Сонымен бірге, Түркістан өлкесінің ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік ахуалы жағдайында жергілікті халықтың отаршылдық саясатқа наразылығының өрістеуі, осы наразылық барысында Түркістандық зиялы қауым өкілдерінің қоғамдық-саяси ұйымдар құруға талпыныс танытқаны жайлы мәліметтерді қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қордағы құжаттар билік орындарының қоғамдық-саяси ұйымдар құруға деген талпынысын болдырмай тастау бағытындағы әрекеттерін де аңғартады.

№ 7 - «Түркістан өлкесіндегі егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасы»  деген қордан өлкедегі патша әкімшілігінің жер және әлеуметтік саясатынан, яғни мәдени-рухани салада жүргізген іс-әрекеттері мен қимылдары және орыс шаруаларын Түркістан өлкесіне қоныстандыру саясатына байланысты мәліметтер, сондай-ақ граф Паленнің басшылығымен Түркістан өңірінде жүргізілген сенаторлық тексеру комиссиясының қызметі барысынан сыр шертетін маңызды деректік табуға болады.

№16 - «Сырдария аудандық қоныс аудару басқармасы» деген қорда Сырдария облысындағы егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасының жер мәселесіне байланысты құжаттар мен патшалық Ресейдің орыс шаруаларын Түркістан өлкесіне қоныстандыру саясатына байланысты деректер мол.

№ 17 қордан Сырдария облысының әлеуметтік-экономикалық өміріне және өңірдегі Ресей билігінің орнауына қарсы жергілікті халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстары, билер мен батырлардың және сұлтандардың, зиялы қауым өкілдерінің азаттық күресті бастаудағы рөлі мен орындары туралы көптеген мәліметтер алуға болады. № 47 қордан Сырдария облысында ұлт-азаттық қозғалыстың өрлеуіне өз ықпалын тигізген жәдидтік ілім туралы мәліметтер ал, № 461 қорда патша өкiметiнiң отарлаушылық бағытта жүргiзген саясатына арналған құжаттардың көшiрмесi сақтаулы. Ол 1905 жылы құрылған Полиция департаментінің Түркістан аудандық күзет бөлімінің өлкедегі халықтың саяси өміріне қатысты тыңшылар арқылы жинастырған құжаттардан құралады. Олардың қатарында ХХ ғасыр басындағы жергілікті халық өкілдерінің өзара байланыстары жайлы көптеген мәліметтер кездеседі. Бұл қордағы М. Дулатовтың «Оян қазақ» атты кітабының жергілікті халық арасына таралуы туралы және ұлттық зиялы қауым өкілдерінің бірлесе өткізген іс-шаралары жөніндегі құжаттық мәліметтер ерекше көңіл аудартады. Ондағы құжаттарда түркістандық зиялы қауым өкілдерінің ХХ ғасыр басында-ақ қоғамдық ұйымдар құрып, соның негізінде жергілікті халықтың арасында ағартушылық жұмыстар жүргізуді көздегені, бірақ олардың мұндай әрекетіне билік орындарының тосқауыл қойып отырғандығы жайлы мәліметтер кездеседі. Сондай-ақ бұл қордың құжаттары патша өкіметінің тосқауыл қоюына қарамастан жергілікті зиялы қауым өкілдері бірінші орыс революциясынан кейінгі кезде ағартушылық сипаттағы үйірмелер ашып, ондай үйірмелерде ұлттық мәселелерді талқылап, өзіндік үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қол жеткізгенін көрсетеді.

 № 715 қордың алғашқы құжаттары В.А. Перовскийдiң 1839-1840 жылғы Хиуа жорығы, орыс әкімшілігінің дипломатиялық елшіліктері мен қазақ жерінде жүргізген бекініс құрылыстары және 1853 жылғы И. Бларамбергтің Қоқан қамалы Ақмешітті жою туралы жоспарлары, генерал В.А. Перовскийдің бекіністі алғаннан кейінгі жағдайы туралы, сондай-ақ Ресей үкіметінің Ақмешіт пен Түркістан аралығындағы бекіністерді алу туралы деректер баршылық. Бұл қор жергілікті халықты құраған рулардың саяси-әлеуметтік өмірін сипаттап, патшалық Ресей империясының жаулап алу жорықтары, оның жергілікті халыққа тигізген әсері, олардың жаулап алушылыққа қарсы күресі, билер мен батырлардың және тағы басқа да қазақтың ықпалды билеушілернің рөлін айқындайтын құнды мәліметтер береді. Осы қорда Кенесары ханның ұлы Сыздық төренің қоқандықтар жағында азаттық үшін күрескенін бейнелейтін құжаттар да мол. Ақмешіт, Жаңақорған, Әулиеата, Түркістан, Шымкент, Иқан, Ташкент және тағы басқа да бекіністер үшін болған шайқастарда қазақ жасақтарының қоқандықтар жағында болғанын дәлелдейтін мәліметтер тобы мәселеге тың көзқарасты тудырады. «Полковник Серебренниковтың Түркістан өлкесі жайындағы мәліметтері» атты қорлардан да патша әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастың тарихына қатысты құжаттар  көптеп кездеседі.

Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті құжаттары (И–1044-қор) 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан саяси ахуал жағдайында өлкеде жергілікті халықтың арасында «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема» секілді т.б. қоғамдық-саяси ұйымдардың қалыптасқандығы туралы мағлұмат береді. Осы қордың бірқатар құжаттарынан Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдардың Уақытша үкіметтің жергілікті билік орындарымен қарым-қатынасы жайлы деректік мәліметтер алуға болады.

Өзбекстан Республикасының Ташкент облыстық мемлекеттік мұрағатынан И–528-қордың (Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау істері бойынша Сырдария аймақтық комиссиясы) және 2-қордың (Сырдария облыстық Халық комиссарлары кеңесі) құжаттарының мәліметтері бар.

Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау істері бойынша құрылған Сырдария облыстық аймақтық комиссиясының құжаттарынан (И–528-қор) Түркістан аймақтық қазақ-қырғыз кеңесі, «Шуро-и-Ислам» және «Шуро-и-улема» ұйымдары атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар ретінде ұсынылғандардың тізімдері кездеседі. Бұл құжаттардағы мәліметтер ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Бүкілресейлік құрылтай жиналысына даярлық жүргізуі барысындағы әрекеттерін баяндауға мүкіндік жасайды.

Сырдария облыстық Халық комиссарлары кеңесінің құжаттары (2-қор) кеңестік билік орнағаннан кейінгі жағдайдағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ахуалын және олардың сол тұстағы ұстанымын аңғартатын мәліметтер бере алады.

Келесі екінші кезең Сыр өңірінің Кеңестік Түркістанның ықпалындағы әлеуметтік экономикалық, саяси және мәдени өмірі туралы мол құнды деректерді ашып көрсетуге болады. Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ӨР ОММ) қорларында №17-қор – «Түркістан АКСР-і Кеңестерінің Орталық Атқару комитеті», № 25-қор - «Түркістан АКСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесі», № 29-қор - «Түркістан АКСР-нің Жер шаруашылығы халық комиссариаты», № 34-қор - «Түркістан АКСР-нің Халық Ағарту комиссариаты», № 368-қор - «Орта Азия мемлекеттік университеті», № 374 - «Түркістан АКСР-нің Түркістан Шығыс институты» атты қорларда сақтаулы жоғарғы және жергілікті орындарына тән дерек көздері ерекше. Мұндағы құжаттық деректерден біз қарап отырған кезеңдегі қазақ зияларының Түркістандағы ағарту және мәдени деңгейін көтерудегі орны мен маңызы туралы біршама жақсы мәліметтер аламыз.

Мәселен, 17-қорда өлкеде кең көлемде жүргізілген мәдени іс-шаралар мен құрылыстарға байланысты деректер мен материалдар көп. Сондықтан бұл қордан өлкедегі сауатсыздықты жою мен ағарту ісінің өте қиын жағдайда жүзеге асқанын және оған Түркістан үкіметінің жан-жақты көмек көрсеткенін айғақтайтын құжаттарды алдық. ТүрікАКСР үкіметінің университеттік білім беруді дамытуға, студенттердің алғашқы ғылыми қоғамдарын құруға, қазақ даласына экспедициялар ұйымдастыруға байланысты қаражат бөлгені туралы құжаттары сақталған. Педагог мамандарын дайындау, жоғары мектептерді ашу және оны дамыту, ғылыми-зерттеу қоғамдары мен ұйымдардың қызметі, баспа ісіне байланысты құжаттарды 25- қордан табуға болады. 29-қорда өлкедегі Ерекше Комиссияның халықтың арасындағы сауатсыздық жою жөнінде жүргізген іс-шаралары жөніндегі мәліметтер, «Сауатсыздық жойылсын» және «Мектеп пен балаларған көмек»  атты қоғамдардың құжаттары жақсы сақталған. Әсіресе, қордағы балалардың, мұғалімдердің, жергілікті халықтың мектеп оқушыларының, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер мен тәрбиешілер, педагог мамандардың материалдық жағынан қиындық көріп жатқаны туралы жазған хаттары қызықтырады. 34-қордағы құжаттарда өлкедегі мектептердің салынуы мен оның халыққа білім беруі, халық ағарту орындарының ауылдар, қышлақтар, аудандар, қалаларда жұмыс атқаруы, халық ағарту комиссариаты мен оның бөлімдері, облыстық білім беру бөлімдері, басқармалар, коллегиялар, жекелеген қызметкерлердің есептері, мектеп, педагогикалық және техникумдармен училищелер меңгерушілерінің, жекелеген мұғалімдердің мәлімдемелері мен хаттары табылды. Сонымен қатар бұл қордан республиканың Халық Ағарту комиссариаты коллегиясы, Кеңестік Халық комиссариаты, Орталық Атқару комитеті және партиялық орындары басшыларының халық ағарту мәселесі бойынша шығарған шешімдері мен бұйрықтары және нұсқаулары бар. Сонымен қатар қор бойынша республикалық, облыстық, уездік, қалалық және аудандық партия, комсомол, кәсіподақтың пленумдары мен әр түрлі деңгейдегі жиналыстарында жасаған  халық ағарту мекемелері, орта және жоғары оқу орындары  қызметкерлерінің баяндамалары, іс-шараларының жоспарлары, есептері, стенограммалары, сондай-ақ қабылдаған қаулылары мен тезистері және тағы басқа да құжаттарға талдау жүргізуге болады.

368-қордан Түркістан университетіндегі Мәскеулік және Ташкенттік топтардың көп сатылы қызметі, Ташкентке келген Мәскеулік профессорлар мен оқытушылар, сондай-ақ университеттің ұйымдастырылуы мен қызметінің кезіндегі көптеген мәселелері жайлы құжаттар таптық. Сонымен қатар оның тізімдерінен университетті құру туралы үкіметтік нұсқаулар мен шешімдер, Басқарма Кеңесі мен факультеттердің жасаған жиналыстарының хаттамалары, олардың қызметі, алғашқы студенттік қоғамдардың ұйымдары, университтеттің ішінде болған қайта құрулар мен өзгерістер және 1918 жылдан бастап университеттің өсуі мен дамуы, студенттердің кәсібі, әлеуметтік және ұлттық құрамы, профессорлар мен оқытушыларды сипаттайтын құжаттар қамтылған. Осы қордың 2 тізімінде экономикалық және шығыс факультеттерінің жұмысына байланысты деректер кездессе, 6-ші тізімінен 1923-1928 жылдар аралығында ОАМУ-нің геоботаник ғалымдардың Орта Азия мен Қазақстанның мал өсіретін аудандарына жасаған экспедициялары туралы құнды құжаттарды табуға болады.

374-қор негізінен Шығыс институты құрылуы және батысеуропалық тілдерді оқытатын Жоғары курстарға байланысты құжаттардан тұрады. 56-қорда РКФСР Халық ағарту комиссариатының Түркістан өлкесіндегі ағарту ұйымдарын педагогикалық мамандармен қаматамасыз етуге байланысты істерге арналған.

Қорыта келе, сыр өңірінің мәдени рухани саласын толықтыра түсетін Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатының қорларындағы елімізге қатысты құжаттарды елімізге әкелу бұл жалпы зиялы қауым мен бірге әр бір азаматтың борышы. Сондықтан облыстық әкімшілік, қала берді үкіметіміз болып, мемлекеттік бағдарлама дайындап, Өзбекстандағы өлкемізге қатысты барлық деректерді саралап, құжаттар жинағын шығару қажет.

Бауыржан Бердіқожаұлы Енсепов 

Тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз