Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында Бір халық-бір ел-бір тағдыр Діндер мен конфессиялар Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі Қазақстандағы діни жағдай

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі Қазақстандағы діни жағдай

24 Қазан 2013
645
0

Адамзаттың дінсіз тарихы да, мәдениеті де болмаған. Дін қай қоғамда болса да адамшылық құндылықтарының қайнар көзі ретінде қабылданады. 

   Адамзат ғарышты игеріп, жаңа технология жасауда дамудың шырқау шегіне жеткенімен, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда.

   ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап АҚШ пен Батыс Еурпопаның бірқатар елдерінде дәстүрлі емес діни культтар көбейе бастады. Олардың пайда болуы дәстүрлі діндер жүйесінің бұзылуы мен беделінің түсуіне байланысты еді. Мұндай культтардың қатарына қоғам өмірінде өз орнын таба алмаған жастар кірді. Сондықтан кейбір культтар «жастар діні» деп аталып жаңа діни қозғалыстарға айналды.

   Қазiргi кезде елiмiзде 70 пайыздай мұсылманның 2815 дiни бiрлестiгi жұмыс iстейдi екен. Ал жан саны белгiсiз протестантизм бағытын ұстанатындардың 40-тан астам әртүрлi ағымдарының 1238 ұйымы бар. Бұл – бүкiл республикадағы дiни бiрлестiктердiң 30 пайызы. Ал 70-тен астам дiни бiрлестiктер еш жерде тiркелмей қызмет етуде. Исламның басты мұраты адамдар арасында бейбітшіліктің болғаны. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.т. мақсаттары, ойлары болғанын тексеру керек. Екінші мәселе, сондай саяси-экономикалық топтар туралы айтқанда не жазғанда міндетті түрде «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың ойы бөтен.Террорист ұйымның мүшесі қандай бір мұсылман елдің азаматы болса болғаны, әлгі бұлақтар дереу «мұсылман террористтер» дей салады. Ал, басқа діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың діні айтылмайды да басшысының ғана аты немесе шыққан жерінің аты, ең болмағанда саяси көзқарасы ғана айтылады. Мәселен, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашанда «Христиан террорист Баск тобы» деп айтпайды олар. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «христиан/католик террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес! Сондықтан, мұның негізінде Исламды көре алмаушылық және Исламды жағымсыз етіп көрсету секілді жауыз пиғылдар болғанын айта кетуіміз керек.

   Бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасындағы заң жобасында миссионерлiк қызмет туралы айтылады. Осы ретте бiзге миссионерлiк қызмет қажет пе деген заңды сауал туындайды. Қараша халық сан мыңдаған секталарды елiмiзде тайраңдатуға әу бастан қарсы. Олар қазақтың дәстүрлi дiнi Ислам және христиан дiнiне басымдық беру қажет деп есептейдi. Өкiнiшке қарай, Қайрат Лама Шариф “қарастырылып отырған заң жобасы қоғамдық және дiни мүдделердiң тепе-теңдiгiн сақтауға бағытталған” дейдi. Бiзге ислам дiнi мен кришна немесе иегова куәгерлерiнiң “тепе-теңдiгi” қажет пе? Мүлде қажет емес. Шетелдiк миссионерлердi Қазақ елiне кiргiзуден үзiлдi-кесiлдi бас тартуымыз керек. Қазiргi кезде миссионерлiк қызмет бауырлас Қырғыз елiнiң дiн жөнiндегi заңында ғана кездеседi.Тағы да дәрменсіздік танытып отырған қазақ пен қырғыз.
   Қазақстандағы діни секталардың не істеп жатқанын білу және әшкерелеу өте қиын. Өйткені, діни секта жетекшілері дін бостандығы жөніндегі Заңды алға тартып, ғибадатханалардағы, шіркеулердегі өздерінің «құпия құлшылықтарын» дұрыс дейді. Мысалы, «Иегова куәгерлері» діни ағымы ғибадатханасында (Құдай патшалығы үйі) дін бостандығы туралы Заң мен оның баптары көрнекті жерде ілініп тұр. Жалпы, дін туралы Заң о бастан бізде дұрыс қабылданбады. Діни сенім мен заңның тарихы мен философиясын, Құдайға құлшылық дәстүрін білмей асығыс қабылданған Заңның кейінгісі де көңілден шықпайды. Заң бойынша, қулығына құрық жетпейтін миссионерлерге еркін жол ашылды. Ежелден дін емес бірақ өзін дін санайтын ағымдар және діни ұйымдар қанат жайып, соңында саны көбейді. [1, 250-252б]

   Мемлекетіміздің ұстанған діні Ислам болғандықтан, енді, осы діндегі белгілі ағымдардың тарихы мен теріс бағыттарына тоқталайық. Қазіргі діни әдебиеттер мен басылымдарда «Ахмадия жамағаты» және «Құраншылар» деген ағымдардың өмірге келуі мен тарихы жиі айтылады. Сырттай мұсылман болып көрінген «Ахмадия жамағатының» негізін салған, өзі Үндістанда туған (1839) Мырза Ғұлан Ахмад әл-Қадиян деген ғалым екені белгілі. Ол өзін әулие, көріпкелмін деп санап, «Бәрәхии Ахмадия» кітабын жазады. Өз пайдасы үшін дінді саясатқа айналдырудың жолына түседі.  

   Ахмадия және оның жамағаты Пәкістанда ел ішінде лаң салып, ойрандап, елдің шырқын бұзған.    Ахмадия жамағаты ағымы, Қазақстанда пәкістандық миссионерлердің ықпалымен 1994 жылы Әділет министрлігінде тіркелген. Ол «Ұлттық Ахмадия мұсылман жамағаты» деген атауға ие. Тоқсаныншы жылдардың басында «Демократтар үйінде» аталған ағымның бір уағыз жыйыны өтті. Олардың миссионерлері дәл осы аласапыран жылдары келіп, ашық-шашық жатқан елдің ішіне еркін кіре бастады. Секталар іс-әрекеттерін білдірмейді. Мүшелерінің жиналып бас қосулары мен жетекшілерінің кездесуі құпия жағдайда жүреді. Ұлтсыздықты уағыздайтын діни ағымның Қазақстандағы сектасына ингуш, күрд, орыс, татар, ұйғыр және украин сияқты этникалық-диаспора өкілдері барып, орыс тілінде уағыз тыңдайтын көрінеді. [2, 254-255б]

   Құранға байланысты өрескел әрі дінбұзарлық ағымды өмірге әкелгендердің бірі мысырлық ғалым Ахмад Сухби Мансур еді. Ахмед Сухби Мансур Құран мен сүннетікке негізделіп бекітілген үкімдерге қарсы шығып, ойын «Мұсылмандар дәстүрлі кітаптардың айтып кеткен үкімдеріне еріп және ол кітаптарды қастерлеп адасып жүр. Себебі, дәстүрлі кітаптар қазіргі замандағы экстремизм, фанатизм, лаңкестік пен пендантизмнің бастауы» деп түйіндейді. Айтпақшы, ол намазда айтылатын салауаттарды және азанға Мұхаммедтің атын қосуды Алла-Тағалаға серік қосу дейді. 2004 жылы АҚШ-қа әбден орныққан ол, ғаламтор арқылы өзі «ағымның» уағыз мен үгітін таратады. «Құраншылар» атанған, оның діни бағытын ұстанатындардың қатары көбейеді. «Құраншылар жолы» – Исламның дәстүрлі ұсынымына қайшы екені айтпаса да түсінікті.

   Қазіргі БАҚ дерек көздеріне сенсек қазақтардың өзге дінге өтіп, әртүрлі секталарға мүше болуы алаңдатады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Басқа дінге кіріп, осы діннің адамы болу – ұлтын жоғалту, яғни, онсыз да аз қазақтың азайып, қиын демографиялық ахуалы одан сайын мүшкіл халге түсірудің белгісі бұл. Соңғы санақ (2009) қортындысы бойынша 39172 қазақ христиан, 1923 қазақ идуаизм, 749 қазақ будда дінін қабылдаған. Соңғы үш жылда шоқынған қазақтардың саны бұдан да көбейгенін жобалап айтуға болады. Өйткені, елде дәстүрлі емес 254 діни бірлестік бар. Біздің дін туралы Заңымыз барлық діндерге еркін жол ашқан. Тіпті, жаңа Заңдағы «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» деген бап бұрынғы Заң қағидаларын қайталап тұр. Әсіресе, миссионерлік қызметке еркіндік беру – Қазақстанда толып жатқан діндер мен ағымдардың және секталардың күн сайын көбеюіне мүмкіндік туғызатыны айтпаса да түсінікті.

Толып жатқан ағымдар мен ұйымдары, қозғалыстары мен секталары бар еврейлердің идуаизм дінінің, қазір, Қазақстанда үш тармағы жұмыс істейді. Оннан аса синагоганың өмірге келуі – мұсылман елі саналатын Қазақстан үшін мәртебе емес. Жетпіс мың қазақстандық идуаизм дінін ұстанады.

   Белгілі дінтанушы-ғалым Мұртаза Бұлұтай дін тарихы мен философиясын және жаһандану заманындағы оның орнын өте жақсы зерттеген, ол «Қазақстан діни эксперимент алаңына айналып отыр» деп бұдан оншақты жыл бұрын айтқаны – ащы шындық.[3] Христиандық миссионерлер жүйелі, әрі ұйымдастырған түрде білдірмей шоқындырып жатыр. Шоқындырушы-үгіттеушілер тоқсаныншы жылдары көше-көшені кезіп, үй-үйді аралап, діни парақшалары мен кітапшаларын тегін таратып, қарқынды әрекет жасады. Қазір, оларды көшеде көп кездестірмейсіз. Олар енді құпия астыртын «іске» көшкен сыңайлы. Өйткені, қазақ БАҚ құралдары діни секталарға қатысты жантүршігерлік оқиғаларды айтып, дабыл қаққан болатын. Қазақстанда негізінен басты екі дін бар – олар ислам және христиан дін. Соңғы санақ бойынша (2009) Қазақстан халқының 70,2 пайызы исламды ұстанатын мұсылмандар. 26,3 пайызы христиан дініндегі еуропалық ұлт өкілдері. Сондай-ақ, 0,1 пайызы будда дінінің наным-сенімін ұстайтындар.

  Қазақстанда екінші орын алатын христиан дінінің толып жатқан секталары бір орталыққа бағынбай, өз беттерінше үгіт уағыздарын жүргізеді. Олардың не істеп жатқанын бір құдай біледі. Әсіресе, католик миссионерлері белсенді әрекет етеді. Католиктердің Павлодар, Астана, Қарағанды қалаларындағы діни «оқу орындары мен басылымдары сездірмей мақсаттарын жүзеге асыруда». Сонымен бірге, христиандық протестантизмнің баптистер және жетінші күннің дивентистері, сондай-ақ, Лютерандар да өздерінің діни ұстанымдары мен нанымдарын жүргізіп жатыр. Елімізде протестанттықтардың шамамен айтқанда отызға жуық сектасы мен мыңнан аса діни бірлестіктері бар көрінеді. Қазақтарды жаппай шоқындыру осы ағымның басты мақсаты болса керек. Дәстүрлі емес діни ағымдардың ішіндегі «сайентология» шіркеуі, бахаизм, кришна қоғамы, сатанизм, т.б. теріс үгіт-насихаттары жөнінде кезінде көп айтылды, дабыл қағылды. Әбден орнығып алған бұлар қазір ұлтқа қарсы қандай астыртын уағыз-насихаттар күшейтіп жатыр – оны әшкерелеу бүгінгі күннің талабы. Өйткені ағымдар «соғысы» айтпай келеді. Сөйтіп, сақтанбай соңында сан соғып қалмау үшін жат діни секталар мен бірлестіктер құқық қорғау ұйымдарының бақылауында, ҚМДБ назарында ерекше тұруы керек.[3, 1-2б]

   2013 жылдың 19 ақпан күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу өткізді. Президент кездесу барысында : «Алла –хақ, Пайғабарымыз Мұхамед(с.ғ.с.), қасиетті кітабымыз  Құран болғанымен, әлем сүнниттері төрт мәзһәбқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан артықшылығы – Ислам қағидаларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр салттарының да кеңінен қолдануында. Менікі дұрыс немесе мен білемін емес, түсіністік, бірлік қажет. Бұл біздің ортақ мақсатымыз», деген болатын. Біздің міндетіміз-осынау істердің үдесінен шыға білу. [4, 12б]

  Біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекеттілік – бірінші орында. Қазақстан жұртшылығы алдағы он жыл ішінде фундаментализм тұзағына түбегейлі түсіп қалмас үшін, дәстүрлі дінді және дәстүрлі емес діндерді  зерттеп, дін туралы Ата Заңымыздағы ұлт саясатына қайшы баптарды алып тастау керек. Кезек күттірмейтін ендігі мәселе қазақ даласындағы дін тарихынан хабары бар, сол дінге жаны ашитын кадрлар дайындауды жолға қоймай мәселе шешілмейді және халық та дәстүрлі исламды тұтынатын адамдар мен фундаменталистерді бір-бірінен ажырата алатын көреген дәрежеге жетуі керек. Ол үшін ел арасында дәстүрлі исламның негізінде діни-ағартушылық жұмыстар жүргізілсе орынды болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер.

1.Ғарифолла Е. «Дінтану негіздері»  250-252 беттер.  

2. Ғарифолла Е. «Дінтану негіздері»  254-255 беттер.  

3.«Ислам және Өркениет» №31.(286) 2-12 мамыр 2009 жыл «Елімізде күннен күнге діни секталарға кіргендер саны көбеюде».

4.«Ислам және Өркениет» №9.(294) 21-31 наурыз 2013 жыл «Дініміздің дамуына үлес қосатын алты бағыт». 


Елеусов Б.А.

Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

Тарих, құқық және қоғамдық пәндер кафедрасы


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз