Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Шетел Қазақстан туралы Төлеңгіттер - Қазақ халқының субэтникалық тобы

Төлеңгіттер - Қазақ халқының субэтникалық тобы

22 Қазан 2013
185
0

 Қоғамды танып білуге ұмтылған зерттеушілердің барлығы сол қоғамды  құрайтын әлеуметтік топтарды жіктеп, әр топтың алатын орнын, қызметі мен ролін анықтауға тырысқан. Бұл үрдіс әсіресе, өркениет дамуына байланысты, құлдықты жою кезінде қолға алынып, әртүрлі әлеуметтік топтарды қарастырды.

  Әлемді бөліске салуға жанталаса кіріскен ХIX ғасырдың алып империялары жаулап алған және енді бағындыруға ұмтылған елдерді жан-жақты зерттей бастады. Ресей үкіметі де отарлау саясатының бір бөлшегіндей болған бодандыққа түскен халықтардың ішкі құрылымдарымен, жай-күйімен, ұстанымдарымен, мәдениетімен танысуға талпыныстар жасап, осы зерттеулер нәтижесін өз мүдделеріне пайдалануға ұмтылды. Бұл кезде өркениетке бет бұрған Еуропаның әсер етуімен «құлдық», «құл еңбегін пайдалану» деген атаулар адамзат прогресіне жат ұғымдар ретінде, артта қалушылықтың белгісі сияқты көріне бастаған еді. Әлемдік бәсекелестікке белсене кіріскен Россия да бұл үрдістен тысқары қала алмады.Сібірді толықтай отарлап, қазақ даласына да дендей кірген орыс отаршылары бағындырған басқа халықтардан саны мол, ұлан ғайыр даланы мекендеген көшпелі қазақ  елінің әлеуметтік құрылымына да біршама зерттеулер жүргізді.

  Көшпелі дала тұрғындары – қазақтар негізінен «ақсүйек»,  «қарасүйек» деп екіге бөлінді. Ақсүйектерге Шыңғысханнан тарайтын төрелер мен пайғамбар тұқымы саналатын қожалар кіретін. Бұдан басқа былайғы халық «қарасүйек» немесе «қарашы» деп аталды. Бұдан басқа, қазақ қоғамында құлдар мен төлеңгіттер болды.Осының ішінде, көпшілік зерттеушілер төлеңгіттердің шығу тегі мен әлеуметтік статусын анықтауға келгенде едәуір қиыншылықтарыға тап болды. Бес томдық Қазақстан тарихында әлеуметтік топтар төрелерге, қожаларға, билер мен батырларға, ақсақалдарға біршама тоқтала келіп, «көшпелі қоғамның үстемдік етуші бөлігінің өкілдері болған әр түрлі сословиелік топтармен және қауымның еркін мүшелерімен қатар, Қазақстанда тәуелді халық санатында – құлдар мен төлеңгіттер болды. Сұлтандар сословиесінде қызметте жүрген адамдар төлеңгіттер деп аталды» деп қысқаша ғана анықтама бере салған. (қаз. тар. 204 б)

  Төлеңгіт атауының пайда болуы да белгісіз күйінде қалып келеді.Кейбір зерттеушілер «төлеңгіт» сөзін Алатайдағы теленгіт халқының атауынан алынған деп көрсетеді. Алтай қалмақтары болып келетін теленгеттерге Абылай ханмен Қошқарбай батыр бірнеше рет шабуыл жасап, көптеген адамдарын тұтқындаған. Сол тұтқындар хан төңірегіндегі төлеңгіттердің негізін құрағандықтан, қазақша айтылуына қарай «төлеңгіт» атауы шыққан деген тұжырым шындықтан сонша аулақ болмаса керек. Тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың пікірінше «Төлеңгіт” деген сөз қазақ сөзі емес, ол Алтай қалмақтарының “Теленгет” деген сөзінен алынған. (Бұл жерде Е.Бекмаханов айтып отырған Алтай қалмақтары, филолог-ғалым С.Аманжоловтың Алтайлық түріктер немесе қалмақтары да, сол сияқты Шәкәрім Құдайбердиевтің “тау қалмақтары”да, сайып келгенде осы өңірде ертеректе өмір сүрген Теленгет (қазақша-төлеңгіт) этносы екендігінде күмән жоқ-А.Ш) Бұл атаудың өзі ғана емес, шығу тегі мен қоғамдағы алатын орны жөнінен де нақты қорытынды жасауға келмейтін ерекше әлеуметтік топ.

  Ресей әкімшілігінің  1822 жылғы жарғысында құл иеленуді шектеуді, яғни бұрыннан құлдықта жүргендер болмаса, енді қазақтардан құл ұстауға болмайтындығы көрсетілген, солайша біртіндеп қоғамдағы мұндай құбылысты жоюды көздеген баптар пайда болды. Сол себепті қазақ даласындағы ауқатты адамдардың қолындағы басыбайлы, еріксіз адамдар тізімге алынды. Міне, дәл осы кезде ресми орындар сұлтандар төңірегіндегі «төлеңгіт» аталатын қазақтың барлық рулары мен жүздерінде кездесетін әлеуметтік ерекше топтың статусын анықтауы керек болып зерттеулер жүргізе бастайды.

  Бұл оңай шаруа болған жоқ. Зерттеушілерге қоғамдағы әртүрлі топтар өз мүдделеріне қарай түрліше түсініктер берді. Осыған орай, зерттеушілер де  төлеңгіттер жөнінде өз бағамдауларынша тұжырымдар жасады.

  Н.А. Аристовтың пікірінше: «Төлеңгіттер – бұрынғы хандар мен сұлтандардың жасауылдары, негізінен XVIII ғ. Алтай теленгіттерінен қолға түскен тұтқындардан құралған Орта жүздегі құлдар».

  Левшин: «Төлеңгіттер – хандар мен сұлтандардың қызметшілері, олардан және құлдардан ерекше класс жасаудың қажеті жоқ.Бұлардың алғашқылары қарапайым халық қатарында және құқықтары да солармен бірдей»  дейді.

  Красовский төлеңгіттер 1859 жылға дейін сұлтандарға басыбайлы (крепостной) адамдар болып келді деп көрсетеді.

  Мейердің айтуы бойынша, төлеңгіттер даладағы аласапыран кезеңдерде  ықпалды сұлтандардың маңайына топтасқан, өз елдеріндегі қылмыстары үшін жазадан қашып, аннан-мұннан жиналған тобыр. Оларды басыбайлылар деуге келіңкіремейді, дегенмен оларды сатып алынған, болмаса қолға түскен тұтқын құлдарға қосуға болмайды.

  Загряжский төлеңгіттер құлдар емес, олар сұлтандардың қызметші нөкерлері. Қырғыз манаптарының «жігіт» деп аталатын нөкерлері, сұлтандардың төлеңгіттерімен бірдей деп топшылайды.

  Сондай-ақ , Калачов төлеңгіттер Алтай теленгіттерінің туыстары десе, Харузин төлеңгіттер сұлтандардың кәдімгі қызметшілері  дейді.

  Қазақ даласындағы құлдар мен төлеңгіттер туралы өзінің алдындағы зерттеушілердің еңбектерімен таныса отырып, Зобнин төлеңгіттер туралы қазақ арасына сұрау салғанда әркімнен әрқилы жауап алған. Олардың бірі төлеңгіттер сұлтандарға басыбайлы десе, енді бірі төлеңгіт деген жеке ру деп жауап берген.Сұлтанның  басқаруындағы оның қарамағындағы жұрттың бәрі төлеңгіт болады деп жауап бергендер де болған. Олай болса, сұлтан басқаратын болыстағы халықтың бәрі төлеңгіт  болып шыға келеді.

  Мәселенің мңыздылығы сондай, 1833 жылы Үшбұлақ приказының құрметті адамдары төлеңгіттердің шығу тегі туралы  мәліметті ант ұстап тұрып берген. (Олардың бұл жауаптары сот ісіне керек болған). Мәлімет берушілер төлеңгіттердің кедейліктен, немесе әлдебір сиымсыз істері үшін елінен кетіп, сұлтандардың ығына жиналған қазақтар екендігін  және сұлтаннан  қай уақытта кетемін десе, сол уақытта кетуге ерікті болғандығына куәлік жасаған. Ал, қалмақ, башқұрт, қырғыз сияқты халықтардан түскен тұтқындар құл болып есептелінген. Оларды сатуға, болмаса зат сияқты біреуге сыйлауға қожайындары құқылы болған.Сондай-ақ, қазақты құлдануға ұлтқа деген құрмет ретінде жол берілмеген. (Зобнин. 40 стр)

  Сексен жастағы би Өжет Күтенов тергеуші Скоринге мынадай анықтама береді. «Бұрынғы уақытта төлеңгіттер өзін құлмен салыстырғанға қатты намыстанған болар еді. Керісінше, ол  кезде «төлеңгіт»  атауы сыйлы болатын, осы атауы малы мен басына қорғаныш әкелетін. Сондықтан, бұл атақты иемденуге малына сұлтан таңбасын салуға ұмтылушылар көп болатын және олар сұлтаннан кез келген уақытта өз ықтиярымен кете беретін».

  Байбөрі болысының старшыны Төлеген Таныбаев:  «бұрынғы кезде қазақтың ең мықты дегендері төлеңгіт болатын да олар сұлтандардың маңайында көшіп-қонатын. Егер сұлтаннан кететін болса, төлеңгіт атағы сақталмайтын» деп түсінік берген.

  Орманшы руының старшыны Олжабай Сатыбалдин: «кедейліктен, немесе басқадай қысым көріп, пана іздеген қазақтар сұлтандардың маңына жиналып төлеңгіт атанады.Сұлтандар төлеңгіттерді өздеріне қызмет көрсетуге дайын топ деп есептегенімен,  олар қызметті негізінен өз еріктерімен, өз пайдаларын ескере отырып жасайтын, әрі кез келген уақытта сұлтаннан бөлініп кетуге құқылы болатын» деп көрсетеді. (Зобнин 42-43 бет)

  Осы сияқты «төлеңгіт» атауы мен мәнісіне әртүрлі түсінікті басқа да көптеген адамдар берген. Олар ертеректе төлеңгіттер хан қазынасын ұстаушылар болғандығын да айтады.(41 бет Зобнин)

  Баянауыл округіне аға сұлтан болған Мұса Шормановтың төлеңгіттер жөнінде берген мәліметі де аса қызықты. Мұсаның айтуына қарағанда, «қазақтың арғы ата-бабасы   Қотанның үш ұлы болады. Соның ортаншы ұлы  Ақжол орта жүздің түп атасы. Ақжолдың 8 ұлы болған, оның төртеуі Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат – бәйбішеден, Керей, Уақ, Тарақты, Төлеңгіт – тоқалдан тарайды. Осы екінші әйелінен туғандар бәйбіше балаларына қызмет көрсетуге тиіс деп есептелініп, әр рудың өз міндеті болған. Төлеңгіт қолына найза алып, жылқы баққан, барымташыдан қорғаған, сол себепті таңбасы «найза» деп, елде жоқ ерекше шежірені келтірген.(Зобнин )

  Шұбартау төлеңгіттерінің шығу тегі біршама түсінікті деуге болады. Бір жерде жиын отырған Шұбартау төлеңгіттері өз шежірелерін ретке келтіріп, осы бір құрама рудың шығу тегі мен орналасуы жайлы «Арғын Арыстан тегі Мамадайыр, Мамашық, Барқы шежіресі және Шұбартау төлеңгіттерінің тарихы» деген кітап басып шығарды. Бұл төлеңгіттердің басым көпшілігі арғын ішіндегі алтай руынан тараса, қалмақ пен қырғыздан келіп сіңгендері де бар. Мұндағы төлеңгіттің қалмақ аталып отырған табы Алтай тауынан келген теленгіттер де, ал құсшы деп аталатын тармағының түп атасы қырғыз.

  Төлеңгіттер туралы зерттеушілердің тұжырымдарының арасындағы кейбір сәйкессіздіктерге қарамастан барлығының пікірімен келісуге болады. Өйткені, төлеңгіттердің әртүрлі кезеңдерде атқарған қызметі мен құрамдары да әртүрлі болды. Кең байтақ далаға шашырай қоныстанған қазақ руларының барлығының ішінде төлеңгіттер бар және олардың осы әлеуметтік топқа ену себептері де алуан түрлі. Олардың арасында шыққан тегі де, төлеңгіттікке кіру себебі де белгілі  қазақ руларының жекелеген  адамдары да, сондай ақ басқа халықтардың өкілдері де болды. Мысалы,   аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов өз төлеңгіттерін басыбайлы санап, оларды құл есебінде тіркемек болады. Ал, төлеңгіттер болса өздерінің Ұлы жүз ішіндегі сіргелі екендігін, бұрынғы уақытта аталары төреге (Тұрсынның арғы аталарына) қызмет етуге келгендігін дәлелдеуге тырысады. Араларында отыз жылға созылған даулы мәселе  бұлардың азаттық алуымен тынады.

 Сонымен, төлеңгіттердің атқарған қызметі мен статусы қазақ қоғамы дамуының қилы-қилы тарихи кезеңдерінде өзгерістерге ұшырап отырғанын байқаймыз.Жоғарыдағы зерттеушілердің тұжырымдарын төлеңгіттер туралы ақпарат берушілердің кім екеніне мән бере отырып қарастырсақ, мынадай қорытынды жасауға болады.

1)Ќазаќ хандығы ќұрылып, нығайғаннан кейінгі жылдары хандар мен сұлтандар сарайында оларға ќызмет ететін арнайы дәрежедегі (статустағы) адамдар тобы пайда болды. Бұл әлеуметтік ќауым –Төлеңгіттер деп аталды. Хан мен сұлтандардың төлеңгіттерінің атќарған ќызметтері өте ауќымды болды. Мысалы, олар хан мен сұлтандардың жеке бастарын ќорғады; зекет, соғым және басќа да алым-салыќтар жинады; сот биліктерін орындады; хан мен сұлтандар сарайларын ќорғады; елшілік ќызмет атќарды; сонымен бірге хан әскерінің негізгі бөлігі төлеңгіттерден тұрды.

 Тарихшы Левшиннің пікірінше хан-сұлтандардың жасақтары негізінен Төлеңгіттерден тұрған: «...қазақ хандығынының қарулы күштерінің біршама тұрақты бөлігі хандар мен сұлтандардың ордасымен бірге көшіп-қонып жүретін, оларға тәуелді төлеңгіттерден жиналған».Сонымен бірге Төлеңгіттер атқарған қызметтердің ішінен елшілік қызметті ерекше атауга болады. Мысалы, 1730 жылы Әбілқайыр ханның Кіші жүздің Ресейге өз еркімен қосылуы туралы өтінішін Петербургке алып барған елшілік құрамында Бақбек деген төлеңгіт болған. Сол сияқты Орта жүз ханы Сәмекенің 1732 жылғы осындай мақсатпен Петербургке жіберген елшілігінің құрамында да қашақ есімді Төлеңгіт болған. 1748 жылы Тевкелев Орскіге келген кезде губернатор И.И.Неплюев пен Әбілқайыр ханды келістіру мақсатында жүргізілген келіссөздердің басы-қасында да Төлеңгіттер жүрген.

1757 жылы сұлтан Жәнібек Петербург қаласына сапар шеккен кезде орыс үкіметі олардың жолына ақша төлеген. Мысалы сұлтанға күніне -50 тиын, старшинаға- 20 тиын, төлеңгіттерге -10 тиын, тілмаштарға- 5 тиын, ал солдаттарға -3-ақ тиын төлеген. Осының өзі Төлеңгіттердің хан сарайындағы алатын орнын анық көрсетіп береді.( Амангелді Шамғонов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры)

Егер қазіргі заман тілімен айтсақ, Төлеңгіттерді - сол заманда мемлекеттік қызметкерлер дәрежесінде болды дегеніміз дұрыс болар еді. Өйткені, олар мемлекетке, яғни, қазақ хандығына және мемлекет басшысына немесе хандарға қызмет етті. Бұл сөзімізді сексенге келген қазақтың өткенінен хабары мол жоғарыдағы Өжет Күтеновтың, Төлеген Тыныбаевтың т.б. айтқандары бекіте түседі.

Хандар мен сұлтандардың әскерін ќұрайтын, олардың сарайы мен жеке бастарын қорғайтын, алым-салық жинап, елшілік қызмет атқаратын адамдар сайдың тасындай мықты, ержүрек, қайратты да қажырлы адамдар болуы керек еді. Мұндай адамдар әртүрлі рудан таңдап алынды. Сол Хан сарайына әр рудан жинақталған осындай адамдар Төлеңгіттер деп аталды. Төлеңгіттер енді өздері қызмет ететін хан мен сұлтандардың таңбасын алды. Хандар мен сұлтандардың сарайларында қызмет ететін Төлеңгіттердің бұрынғы руына қайтып оралуына құлқы да болмады.

2) Қазақ мемлекеттілігі жойылып, бодандыққа түскеннен кейін мемлекеттік қызметшілердің де, әскери адамдардың да қажеті болмай қалды.Бұл арада айта кететін бір жайдай, бодандыққа мойынұсынбай бұрынғы дәстүрлі хандық билік сақталған  Кенесары ханның ордасында төлеңгіттер өз статусында  қалды. Е.Бекмахановтың жазуынша "Кенесары өз туы астында топтасқан туыстары, батырлары, төлеңгіттері арқылы күллі қазақ даласына үндеу таратқан." Соның нәтижесінде Кенесарыға қосылған көтерілісшілердің саны 20 мыңға жеткен. Мұнда Төлеңгіттер негізінен әскери жасақшы қызметін атқарған. «Тіпті, көтеріліске қосылған кейбір жеке қазақ рулары өздерін Кенесары төлеңгіттеріміз деп атады. Бұның өзі, уақытша болса да төлеңгіттердің әскери күш ретінде беделінің өскендігін көрсетеді».Жалпы, Кенесары хан Төлеңгіттердің құқығын барынша күшейтіп, Хандықтағы маңызды тапсырмаларды «Кенесары эмиссарлары» – Төлеңгіттер орындайтын болған. "Төлеңгіт Алданазар Жанитаев былай дейді: «Кенесары ханның Төлеңгіті болғандықтан, мен кімнің үйі болмасын, кедергісіз қонып, керек кезінде көлікті де пайдалана алдым".
  Атқаратын қызметтері өзгеріске ұшыраған соң, олардың қоғамдағы әлеуметтік статусы да соған сай төмендеді. Кешегі жасауылбасылар мен мемлекеттік қызметшілердің ұрпақтары енді жекелеген сұлтандардың төңірегінде қызметші-атқосшылар болып қалды.

 Орыс зерттеушілерінің де төлеңгіттер мәселесіне назар аударатыны да осы кезең. Сол себепті, бұл зерттеушілердің «төлеңгіттер сұлтандарға басыбайлы адамдар» деген сияқты кейбір ұшқарылау тұжырымдарын негізсіз деуге болмайды. Заман ағымын жылдам болжаған көзі ашық кейбір пысық сұлтандар орыс помещиктерінің басыбайлы (крепостной) шаруалар  ұстап, еңбегін пайдаланатынын білген соң, өз төңірегіндегі төлеңгіттерді басыбайлы құл есебінде тіркетіп, заңды түрде иемденгісі келді. Жоғарыда айтылған Тұрсын төреден басқа, қыржы болысына билеуші болып барған Жәңгір Уалиев те бірнеше отбасын өзімен бірге «басыбайлы адамдарым» деп  заңның күшімен алып кетпекші болған. Бірақ, сол кездегі қарадан шыққан азулы аға сұлтан Қисық Тезековтың араласуымен Жәңгір көрсеткен адамдардың сол жерді мекендейтін рулардың азат адамдары екендігі дәләлденіп, оның бұл абыройсыз әрекетіне тиым салынған.

Төрелердің қолынан билік кетіп, бұрынғы жоғары мәртебесінен айырылған кезде төлеңгіттер топтасып, өздерін ру ретінде көрсете бастады. Осы жерде Мұса Шормановтың төлеңгітті қазақтың басқа руларымен туыстыратын шежірені айтуы да бекер емес екендігін байқаймыз. Қазақ дәстүрі мен тарихының, көшпелі қоғам заңының білгірі (би атанудың басты шарты), ұлттың қилы замандарда аман сақталуының тұғыры болған ғұлама билердің ісін жалғастырушы Мұсадай атақты бидің төлеңгіттердің кім екенін білмеуі мүмкін емес. Жалпы, қазақ хандығының мемлекеттік идеологиясынының бір тұғыры ұлттың тұтастығына, түп атасы бір туысқандыққа негізделгенін барлық шежірелерден байқауға болады. Міне, осы идеологияны бойына сіңірген Мұса сияқты сұңғыла бидің бұрынғы дәрежесінен айрылған төлеңгіттерді бөтенсітпей, толыққанды қазақ руларының біріне айналдыру арқылы ел бірлігін, ұлт мүддесін көздеген түпкі мақсаты мен саяси ұстанымы айқындала түседі. Мұндай құрама рулардан біртұтас тайпаның пайда болуы қазақ қоғамында бұрында кездесіп тұрған. Аристов: «Ұлы жүздегі Жалайыр тайпасы  бір кездері Жалайыр руынан шыққан бір ықпалды көсемнің төңірегіне жиналған әр түрлі рулардан құралып, кейіннен әлдебір себептермен замана ағымында нығая түскен тайпалар одағы.Араларындағы нағыз жалайырлар бастапқы кезден-ақ азғантай ғана болатын. Гордековтың айтуынша осы бір шығу тегі (құлдардан) төмен тайпа қазір Ұлы жүздегі рулардың ағасы болып есептеледі» дейді.

Қазақ сұлтандарының көпшілігінде құлдар (еріксіздер) да болды деген болатынбыз. Міне, солар басқа халықтардан қолға түскен тұтқындардан және сатып алынған еріксіздерден құралатын. Бұларда ешқандай құқықтар болмады, оларды сатуға, немесе басқа қожайынға сыйлауға болатын. Сұлтандар қыздарын ұзатқанда сондай еріксіздерді де  қыздың жасауымен бірге беріп жіберетін. XIX ғасырдың екінші жартысында құлдық жойылғаннан кейін, сұлтандардың бұрынғы құлдары өздерін төлеңгіт руы қатарына қосып алды да, зерттеушілер төлеңгіттер бұрынғы тұтқын құлдардың ұрпақтары деген қорытынды жасауына себепші болды.

.Қорыта айтқанда, қазақ халқындағы Төлеңгіттер деп аталатын әлеуметтік қауым әртүрлі қазақ руларынан және жаугершілік заманда қолға түскен басқа да халықтардың өкілдерінен құралған. Олар төрелерге, яғни Шыңғысхан ұрпақтарына адал қызмет еткен мемлекеттік қызметкерлер.

Асылбеков Мұхаметбек Қасымханұлы

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығыныңжетекші маманы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз