Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Іс-шаралар мен конференциялар Бірліктің бұлағы

Бірліктің бұлағы

18 Қазан 2013
29
0

Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 19 қыркүйекте Қазақстан халқы Тілдер күні мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстел» жұмысына еліміздің тіл-білімі саласының белгілі ғалымдары, мемлекеттік басқару органдарының өкілдері, мемлекеттік және тәуелсіз талдау құрылымдарының жетекші сарапшылары, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтар және БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысын ашуға арналған кіріспе сөзінде «Ғылым ордасының» бас директоры Роза Кәрібжанова мемлекеттік тіліміздің жылдан-жылға өркендеп, қоғамымыздың барлық саласында сұранысқа ие болып, дамып келе жатқандығын атап өтті. Тіл адамның қарым-қатынас, ойлану құралы, сондықтан ол  – адамзаттың интеллектуалдық әлеуетінің қазынасы ретінде халықтың ең құнды байлығы болғандықтан ғалымдар үшін, жалпы қоғам үшін еліміздің ең жарқын мерекелерінің бірі. Ғылымның қара шаңырағы өзінің ордалық міндетін атқару мақсатында ана тіліміздің ғылымдағы, жалпы қоғамдағы дәрежесін лайықты деңгейге көтеру жолында барлық жағдай жасап жатқанын, ол жұмысты бұдан да былай заман талаптарына сай жүргізетінін жеткізді. Себебі тіл қоғамдағы ынтымақтың негізі, рухани арқауы, мемлекеттің тұғыры, бірліктің бұлағы. Осы бағытта ғалымдарға еліміздің ең өзекті мәселерінің бірі – тіл мәселесіне сіңіріп жүрген еңбектеріне мол табыс тілеп құттықтады.

Күн тәртібіндегі тақырыпта баяндаманы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті, ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Өмірзақ Айтбаев жасады. Белгілі ғалым өз сөзінде: «Әлемде бес мыңнан аса тіл бар екенін, ал сол тілдердің ішінде мемлекеттік мәртебеге ие болғандары небәрі екі жүздің маңайында ғана екені туралы қызықты деректен бастады. Мемлекеттік тіл мәртебесінің маңызы мен мерейін осыдан ақ аңғаруға болатынын түсіндірді. Ол 1989 жылы тұңғыш рет тіл туралы заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгені, бұл ретте еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдарымыздың еңбенктерін ерекше атап өті.  23 жылдың ішінде еліміз тілімізді жандандыру барысында мол жеңістіктерге жеткені және атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндап, мемлекеттік тіліміздің одан әрі дамытуға қатысты, әсіресе білім, ғылым саласына қатысты  ойларымен бөлісті.

  Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжатнама басқармасының бастығы Мамай Ахетов оңтүстік астанамыздағы мемлекеттік тілдің дамуына және осы бағытта атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Алматы қаласы әкімшілігі өкілінің айтуынша, қалада мемлекеттік тілдің өз дәресінде дамуына басшылық тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылып, жұмыстың жүйелі түрде жүруде. Мемлекеттік тілде білім беретін бала-бақшалар мен мектептердің саны жыл сайын артуда. Ағымдағы жылы қала бойынша салынып жатқан 7 мектептің 6 қазақ тліндегі оқу орындары. 

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты орын алып отырған қиыншылықтарды ғалымдармен бірлесе шешу қажеттігін  атап өтті. Қаладағы жарнамалардағы аудармалар мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатыр, оған сол жарнамаларды тиісті дәрежеде қазақ тіліне аударатын арнайы, жарнаманың ерекшеліктерін меңгерген мамандар жетіспеуде, балалардың қазақ тіліндегі сөздерін дұрыс қойып беретін дефектологтардың тапшылығы туралы ойымен бөлісті. Терминология және ономастика мәселелері бойынша тіл білімі институтының бірлесіп жұмыс жасау туралы ойларын ортаға салды.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Мырзагелді Малбақов тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында негізгі мәселелерге көңіл аудару жөнінде ойларымен бөлісті. Ғалымның пікірінше, тілдерді оқытуда мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек, орыстілді азаматтар арасында мемлекеттік тілді үйрену мәселесін насихаттайтын еңбектерді көбейту қажет, Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді қандай деңгейде игергендерін анықтау үшін жергілікті әкімдіктердің, аудандық оқу-ағарту мекемелерінің көмегіне сүйене отырып ҚазТЕСТ даярлаған оқу-әдістемелік құралдары жүйесін кеңінен пайдалану және мектепке дейінгі білімнен бастап, университеттегі жоғары білімге дейінгі барлық білім сатыларында тілдің тазалығы, сөз мәдениеті, тіл мәдениеті мәселелеріне ерекше көңіл бөлу жөн, осылайша бірнеше тілді қатар үйренуші жастардың тілінде «қойыртпақ» болмауын қадағалап отыру керекдеген ойларын ортаға салды.

  Жоғарыда баяндалған мәселелер бойынша М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының,  Информатика және басқару институның, Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының, Философия, саясаттану және дінтану институтының, Алматы қаласы «Қазақ тілі» қоғамының, басқа да құрылымдарының өкілдері өз пікірлерін ортаға салып, кеңінен ой бөлісіп, пікір алмасты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік тілді дамытуда, оны күнделікті қарым-қатынас құралына айналдыру және ғылым мен техниканың тілі деңгейіне жеткізу үшін барлық салада жүйелі жұмыстың қажеттігіне ерекше мән берді. Әр саланың мамандары өз бағыттары бойынша мемлекеттік тілдің дамуы туралы пікір білдіріп, жекелеген салалар бойынша қазақ тілін дамытуға байланысты ұсыныстар жасады. Ғалымдардың пікірінше  бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі, бұл интернеттің мүмкіншіліктерін қазақ тілінің қажеттілігіне кеңінен пайдалану екені анық. Бүгінгі таңда әлемдік ғаламтордағы ақпараттың 83 пайызы ағылшын тілінің үлесіне тиіп отыр, ал қалған 17 пайыз басқа тілдердің үлесінде.

Кездесу барысында еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуы мен Қазақстандағы тілдерді дамытуға бағытталған арнайы бағдарламалардың орындалу барысы және қазақ тілінің әлеуметтік және саяси мәртебесі мәселелері, латын әліпбиіне көшудің тиімді жолдары жөнінде тың ойлар айтылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тегеурінді саясатының негізінде жас ұрпақ үш тұғырлы тіл жүйесі бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруі тиісті нәтиже беріп жатқаны сөз болды. Мемлекеттік саясаттың негізінде инттелектуалды, білімді қоғам өзіміздің төл мәдениетіміз бен ана тіліміздің негізінде қалыптасуын, сонымен қатар еліміздің бұл өзекті мәселесі Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық тапсырмасында және  2012 жылғы қыркүйектің 5-де оқыған «Қазақстан білім қоғамы жолында» дәрісінде баяндалған қағидалармен үндесе жүргізілуі қажет екеніне ерекше атап өтті.

Тіл бірліктің бұлағы, тіл Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жүргізіп отырған Ұлы көштің рухани өзегі, қоғамның дамуының кепілі.

http://gylymordasy.kz/


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз