Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында Бағдарламаны жүзеге асыру Ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-ағартушылық, мәдени-білім беруші іс-шаралар Қазақ тарихын зерттеудің өзекті мәселелері

Қазақ тарихын зерттеудің өзекті мәселелері

16 Қазан 2013
22
0

bba8c95c0019df788dd391eae2fa8653.png

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының мәжіліс залында танымал шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қазақ тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті.

Жиынға Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған, РҒА Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Бекмаханова Наиля Ермухановна, РҒА Дағыстан ғылыми орталығы Тарих, археология және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, Дағыстан Республикасы ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Кидирниязов Даниял Саидахмедович, Стамбул университетінің профессоры Мехмет Сарай, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлтттық университетінің деректану, тарихнама және тарихи ақпараттар кафедрасының профессоры Батырбаева Шайыркул Джолдошевна және аталмыш институттың ғалымдары қатысты.

Шараны Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған ашып, жүргізіп отырды.

Жиын басында профессор Бүркітбай Ғелманұлы қадірменді қонақтарды таныстыра келе, Мемлекет тарихы институтының Ғалым хатшысы, т.ғ.к., доцент Ғабдулина Анар Жеңісқызын туылған күнімен құттықтап, институт қызметкерлері атынан бір бума раушан гүлі мен құттықтау хатын тапсырды.

Жиында бірінші болып сөз алған Стамбул университетінің профессоры Мехмет Сарай тарих ғылымын зерттеуге қатысты өзінің пікірлері мен ұсыныстарын айтып, жалпы түркі халықтарының тарихын, соның ішінде қазақ тарихын сонау 1970 жылдан бері зерттеумен айналысып келе жатқандығын жеткізді. Әрі қазақ халқының тарихына қатысты өзінің жазған ғылыми еңбектері мен көп жылдан бері жинақтап келген құнды материалдарын Мемлекет тарихы институтының кітапханасына табыс етті. Сондай-ақ, профессор Мехмет Сарай алдағы уақытта түркі тектес халықтардың ғалымдары жиі бас қосып, осындай шаралар тұрақты өткізіліп тұрса деген ниетін білдірді.

Шара барысында Наиля Бекмаханова, профессор Даниял Кидирниязов, профессор Шайыркул Батырбаева арнайы сөз алып, қазіргі тарих ғылымындағы түйіткілді тақырыптарға қатысты өздерінің пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар, Институт ғалымдарымен пікір алмасып, қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берді.

Жиын соңына қарай, Институт директоры Бүркітбай Ғелманұлы қонақтарға Институт атынан алғыс айтып, сыйға бірнеше кітаптарды тарту етті.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз