Басты бет Қазақстан тарихы Тәуелсіз Қазақстан Саяси модернизация Қазақстандық парламентаризм

Қазақстандық парламентаризм

12 Қазан 2013
504
0

1995 жылғы Конституция мемлекеттік басқару жүйесі, меншік, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты міндеттерді жаңаша тұрғыда шешті. Жоғары өкілді орган — екі палаталы Парламенттің құрылуына құқықтық негіз жасады. 1993 жылғы Конституцияда келісім және саяси тұрактылық, халықтын игілігі үшін экономиканы дамыту, қазақстандық патриотизм, мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелерді демократиялық әдістермен шешу, республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру түсіндірмелері енгізілмей қалған болатын. Елбасының кадағалауымен бұл түсініктер 1995 жылы қабылданған Конституцияға енгізілді.

Конституцияға «Парламент» ұғымы заң шығарушы органды жетілдіру және одан әрі дамыту мақсатында екі палаталы Парламент енгізілді. Парламенттің жоғары палатасы төменгі палатаның «бұқара халық талаптарына аса көңіл бөлуін қадағалау» мақсатында құрылды. Жалпы, Сенат республика басшысы мен төменгі палата Мәжіліс арасындағы жалғастырушы құрылым міндетін аткарады.

1995 жылғы Конституцияға сәйкес парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұрады. Сенат өкілеттілігі — 6 жыл, Мәжіліс өкілеттілігі — 5 жыл. Осы уақыттан бастап кәсіби парламент қалыптаса бастады. Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасынан екі өкілден сайланады. Сенатқа 7 депутатты қоғамның ұлттық-мәдени және басқа мүдделерін ескере отырып Президент өзі тағайындайтын болды. Мәжіліс — 77 депутаттан тұрды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тұңғыш төрағасы — Марат Оспанов.

Президенттік баскарудың жаңа жүйесі аткарушы биліктің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін арттырды. 1995 жылғы Конституцияга сәйкес Прсзидент мемлекет басшысы және жоғарғы қызмет тұлғасы болып табылды. Бірак атқарушы билік оған тікелей басшылық ете алмайды. Яғни, Президенттің Үкіметтен арақашықтығы байқалды.

1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституция мен «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарынын мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес заң шығарушы орган мен онын мүшелерінің мәртебесі айқындалды. Қос палаталы Парламент Жоғарғы Кеңестер сияқты жылына 2—3 рет өткізілетін сессияларға жиналып отыратын өкілді орган емес, сессиялары жылда қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен басталып, келер жылғы маусымның соңғы жұмыс күні біткенше тұрақты қызмет ететін, еліміздегі заң шығару функциясын жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органға айналды. 1995 жылы сайланған Парламент — 500-ге жуық заң қабылдады.

Конституциямыздың 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке берілді. Парламент заң шығару қызметімен қатар, осы зандардың орындалуын бақылады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 53-бабына сәйкес парламент Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бюджеттің орындалуы туралы есебін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттінің орындалуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі — Парламенттің үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді. Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының қабылдануымен сайлау жүйесінің жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның Сайлау туралы заңнамасының негізін 1995 жылы 28 қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» (консти-туциялық заң күші бар) Президент Жарлығы құрайды. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, бірінші шақырылымдағы Парламент Сенатына сайлау —1995 жылы 5 желтоқсанда өтті. 1995 жылғы Парламент сайлауы науқанының ерекшелігі саяси бірлестіктердің өзара бірігуі болды. Сенатқа — 40 депутат, 19 облыстан және Астанадан 2 адамнан сайланды. 7 депутатты Қазақстан Республикасы Президенті тағайындады. Сенат төрағалығына — Өмірбек Байгелді сайланды.

Қос палаталы Парламенттің 1996 жылғы 30 қаңтарда өткен бірінші мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев: «...біз Қазақстанның шынайы, өркениетті парламентаризмінің мөлдір баста-уында тұрмыз» деп атап көрсетті. Елімізде кәсіби парламент қалыптаса бастады. Парламентаризм дамуында парламенттің заң шығарушы қыз-метпен кәсіби айналысу, депутаттық қызметтің кәсібиленуі, бір палаталы құрылымнан екі палаталы құрылымға өтуі бағыттары қалыптасты.

Қазақстан тарихында Парламент ең алғаш рет 1996 жылдың қаңта-рынан бастап тұрақты негізде заң шығару функциясын атқаруға кірісті. Конституцияның 3-бабының 4-тармағында «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау ұстанымына сәйкес жүзеге асырылады», — деп көрсетті.

Дерек көзі «Қазіргі Қазақстан тарихы» Алматы «Раритет», 2010ж. 133-135 беттер. Б.Ғ. Аяған, Х.М. Әбжанов, Д.А. Махат

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз