Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Мәдениет Оңтүстік Қазақстан өңірінің ауыл-селосындағы мәдени-ағарту мекемелер жүйесіндегі өзгерістер (ХХ ғ. 90-шы жылдарынан бүгінге дейін)

Оңтүстік Қазақстан өңірінің ауыл-селосындағы мәдени-ағарту мекемелер жүйесіндегі өзгерістер (ХХ ғ. 90-шы жылдарынан бүгінге дейін)

27 Қыркүйек 2013
83
0

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендігін алып, демократиялық жолмен дамуға қадам басқан алғашқы жылдардан бастап, қоғамымыздың рухани-мәдени дамуына аса зор маңыз берілуде. Өйткені мәдениет кез келген халықтың, мемлекеттің бет-бейнесін айқындайды, базистік құндылықтарын қалыптастырады /1/.

  Мәдениет-адамзаттың өзінің материалдық және рухани байлығын жасау барысындағы белгілі бір тарихи даму дәрежесінің шынайы көрінісі деген түсінікке иек артсақ, алдымен ойымызға еліміздің және халқымыздың рухани-мәдени ахуалы оралады. Бұл саланың, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары көрініс тауып отырған шақта өзіне ерекше мән беріп, айрықша назар аударуды талап етіп отырғаны өмір шындығы /2/. Сондықтан тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мен бүгінгі таңдағы Қазақстан мәдениетін, оның ішінде ауыл-село мәдениетін, оның мәдени өміріндегі өзгерістерді, ауыл-село интеллигенция өкілдерінің кәсіби қызметін зерттеу өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай бұл мақаламызға Оңтүстік Қазақстан өңірі ауыл-селосының мәдениетін, оның материалдық-техникалық база жағдайын, мәдени-ағарту мекемелер жүйесіндегі сандық және сапалық өзгерістерді арқау етпекпіз. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу жұмысының аясында ауыл-село мәдениетінің даму үрдісін тарихи деректермен саралап, салыстыра отырып, терең де жан-жақты талдау жасау арқылы толықтай республика көлемінде қарастырмақпыз.

  Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес ауыл аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, осыған орай бүгінгі таңда республиканың ауыл-селолары жан-жақты жаңару үстінде.

  Қазіргі кезде елімізде 7660 ауылдық елді-мекен бар. Олардың арасында экологиялық жағдайы төмен 22 ауыл болса, қараусыз қалған елді-мекендердің саны 136 болып отыр /3/. Осы ауыл аумақтарын дамытудың мемлекеттік сасясатының негізгі мақсаты - ауылды орналастыруды оңтайландыру негізінде ауылдың қалыпты тыныс-тіршілігі жағдайларын жасау және оның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуын жүзеге асыру болып табылады.

  Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының алғашқы кезеңінде қала мәдениетіне де, ауыл-село мәдениетіне де айтарлықтай көңіл бөлінбеді, бюджеттік қаржыландыру тоқтатылды. Жергілікті жерлерде мәдени-ағарту мекемелерін ұтымдандыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде көптеген кітапханалар мен клубтар, автоклубтар т.б. жабылып қалғандығы баршамызға мәлім. Атап айтсақ, Қазақстанда 1992-1993 жылдары  466  кітапхана мен 122 клуб мекемелері жабылса, 1995 жылы мемлекеттік кітапханалар жүйесі 491-ге кеміген. Соның ішінде Қызылорда облысы бойынша 1994 жылдың 1 сәуіріне Сырдария аудандық мәдениет бөлімі бойынша  4 кітапхана мен 4 автоклуб, Тереңөзек аудандық мәдениет бөлімі бойынша 2 кітапхана, 2 автоклуб, 2 селолық клуб, Шиелі аудандық мәдениет бөлімі бойынша 9 кітапхана жабылған. Осы жылы Арал аудандық әкімшілігінің шешімімен мәдениет және демалыс паркі жабылса, қаражаттың жетіспеушілігіне және электр қуатының қымбаттауына байланысты Қазалы және Жаңақорған аудандарындағы мәдениет және демалыс парктері жұмыс істемеді. Ал, Қармақшы ауданы бойынша 1994-1996 жылдары мәдени-ағарту мекемелерінің жүйесі 65 бірліктен 36 бірлікке азайды, ол 44,6% -ды құрады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 9 қаңтардағы №31 жарлығымен 1996 жылдың қаңтарынан шілде айына дейін мәдениет саласында кітапханалар мен клубтарды, автоклубтарды және олардағы қызметкерлер санын 20%-ға дейін қысқарту жұмыстары жүргізілуге тиіс болды. Осыған орай ауданда 1 клуб, 4 кітапхана (12,2%), олардағы 15 қызметкерлер (14,5%) қысқартылды /4/.

  Жалпы 1994-1996 жылдар аралығында облыс бойынша 209 мәдениет мекемелері, соның ішінде 93 кітапхана, 88 автоклуб, 27 село клубтары мен қызыл отаулар, 1 қалалық клуб жабылған /5/.

  Осындай мәдени-ағарту мекемелерінің жүйесін қысқарту салдарынан ауыл-село мәдениетіне зор нұқсан келтірілді. Бұл жағдайды түзетуде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен 2000 жылдың «Мәдениетті қолдау жылы» деп, сонымен қатар Елбасының Қазақстан халқына Жлодауына орай 2003-2005 жылдар «Ауылды дамыту жылдары» деп жариялануының маңызы өте зор болды. Осыған орай Қызылорда облысында 2003-2005 жылдарға арналған аймақтық «Ауыл» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты-облыстың ауыл аумақтарының даму механизмдері мен басымдылықтарын анықтау, ауыл экономикасын көтеруге ықпал жасау, елді-мекендерді мемлекеттік қолдау, аймақ тұрғындарының еңбек әлеуетін толық пайдалану, халықтың денсаулық сақтау, білім, мәдениет қызметтеріне қол жеткізуін жақсартуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жолымен ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту болып табылды. Осы бағдарлама аясында облыс көлемінде ауыл-село мәдениетін дамытуда бірқатар игі істер атқарылды. Атап айтсақ, 2003 жылы мәдениет мекемелерінің желісі 455 бірлікті құраса, оның ішінде ауылдық жерде 375, олар 162 кітапхана,142 мәдениет үйі мен клуб, 2 мұражай және 71 киноқондырғы жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде.

  90-шы жылдары ауыл-селодағы мәдениет ошақтарының белгілі себептерге байланысты жабылуы Оңтүстік Қазақстан облысында да орын алды. Дәлірек айтсақ, 1995 жылға дейін облыста барлығы 773 кітапхана болса, «мәдени реформадан» кейін соның 171-і ғана қалған, яғни 600-дей кітапхана жабылып, қызметкерлері жұмыссыздыққа ұшырады /6/. Осы жылдардағы кітапхана жұмысындағы шешімін күтіп, қордаланып жатқан мәселелердің бірі-кітапханалардағы қазақ тіліндегі кітаптар мен күнделікті басылымдарға қатысты мәселелер болды. Облыстағы 100-ден аса ұлт өкілдерінің 60%-н астамын қазақтар құрағанына қарамастан олардың үлесіне осы облыстағы 8,5 млн. кітап қорының небәрі 34,6 %-ы ғана келіп отырды. Кітаптардың мәселен, 62,2%-ы тек орыс тіліндегі басылымдар болатын. Демек, орыс халқы өкілдерінің жан басына шаққандағы үлесі 13 кітап болса, бұл көрсеткіш қазақтарға келгенде бар болғаны 3 кітаптың төңірегінде болды /7/.

  Қазіргі  кезде облыс бойынша кітапхана саны-361, кітап қоры 5 млн. 474 712 кітап, ал оқырмандар 363 733 адамға жетті. 2002 жылы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына барлығы 14077 дана кітап келді. Ол кітаптар облыс аумағындағы 296 ауылдық және 1 облыстық кітапханаға таратылды. Ал, 2003 жылғы қаңтар-ақпан айларында 10 баспадан түскен 9506 дана кітап 59 ауылдық және 3 қалалық кітапханаға таратылып, ауыл кітапханалары жаңа кітаптармен толыға түсті. Сондай-ақ, кезінде жекешелендірілген клубтар мен мәдениет үйлері жергілікті мәдениет мекемелеріне қайтарылып, оларға жөндеу жұмыстары жүргізілді және де қажетті дыбыстық, саздық, көркемдік жаңа құралдармен жабдықталды.

  Алматы облысының Ұйғыр ауданы бойынша мәдениет саласына  3 млн.500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінсе, Үлкен Ақсу ауылындағы мәдениет үйінде демеушілердің көмегімен 140 мың теңгеге дыбыс күшейткіш құралдары мен ұлттық аспаптары алынды. Ал, бұдан бірер жыл бұрын Іле ауданындағы 49 кітапхананың нарық қыспағына шыдамай 46-сы жабылып қалған болса, ауылды дамыту жылдарына орай Ащыбұлақ Қарой, Чапай ауылдарынан, Өтеген батыр кентінен жаңа кітапханалар ашу белгіленді. Оған қажетті ғимараттар да, тиісті кітап қорлары да дайындалған. Талғар, Қарасай, Балқаш аудандарында да кітапханалар бүгінгі күннің талабына сай құралдармен, жабдықтармен толықты.

  Қазіргі кезде Жетісу өңірінде  60 кітапхана жұмыс істеп, оларда 254 кітапханашы оқырмандарға лайықты қызмет көрсетуде. Әрине мәдени орталықтарды жандандыруға кең көлемде қаражат қоры қажет. Сондықтан  2000 жылға қарағанда жергілікті бюджеттен мәдениетті дамыту саласына бөлінетін ақша мөлшері 50%-ға артты.

  Осылайша 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасының және Ауылды дамытуға бағытталған өзге де мемлекеттік бағдарламалардың аясында игі істердің атқарылуы нәтижесінде республика көлемінде жергілікті жерлердегі мәдениет ошақтарын қалпына келтіру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы нығайып, барша мәдени-ағарту мекемелерінің жергілікті мәдени дәстүр ерекшеліктерін сақтай отырып жұмыс жасауы жетілдірілуде.  

Әдебиеттер

1.  Б.Алтаев. Ұлттық мәдени мұра-ғасырлар куәсі.  // Кітапхана. №1, 2004., 

   10 бет.

2.  Г.Оспанова.  Қазақстандағы ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы мәдени 

  процестер., т.ғ.к. дисс.  –Алматы., 2001, 3 бет.

3. Қазақстанда 7660 ауыл бар.  //Дала мен қала. №7, 2004., 10 бет.

4. Қызылорда мемлекеттік облыстық мұрағаты.  660-шы қор, 2-ші тізбе, 58- 

  іс,  17 бет.

5. Бұл да сонда, 660-шы қор, 2-ші тізбе, 29-іс, 1 бет.

6. М.Құдияр.  Ауыл кітапханалары-жаңа кітаптармен толығуда. //Қазақ 

  әдебиеті. №18, 2004., 7 бет.

7. Г.Оспанова.  Қазақстандағы ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы мәдени 

  процестер., т.ғ.к. дисс.  –Алматы., 2001, 74 бет.

Төлегенова А.Ж.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз