Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Талдау мен сараптама Қиялдан тарих тумайды

Қиялдан тарих тумайды

27 Қыркүйек 2013
80
0

Шетел ғалымдары тарих («historia») термині – ежелгі грек сөзінен алынған деседі. Және ол дайын аңыз, миф арқылы емес, арнайы және мақсатты түрде жүргізілген зерттеу нәтижесінде алынған білім мағынасында қолданылады екен. Бұл («historia») термин ағылшын тілінде алғаш рет XV ғасырда, ал «тарихи» («historiсal», «historiс») сөзі XVII ғасырдан бастап қолданысқа енген. Жалпы, тарих туралы айтқанда, екі маңызды мәселені естен шығармаған абзал дейді ғалымдар. Тарих – өткен кезеңдерде болған фактілерді дәйектейді. Алайда, ол факті болып танылу үшін міндетті түрде баяндалуы қажет. Айтылмаған факті тарихи элемент болып есептелмейді. Ал баяндалған оқиғаның айтушысы міндетті түрде болады. Сондықтан да тарих өз кезеңіндегі белгілі бір адамның қолдан жасаған еңбегі. Біз, жалпы, қазақ тарихы туралы айтқанда, көбінесе болған оқиғаларды баяндаймыз, ал оны жазған кім, ол қаншалықты дәлелді екені назарымыздан тыс қалып жатады. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарихшы Рәшид Оразовты көкейде жүрген осындай сауалдар төңірегіндегі әңгімеге тартқан едік...

– Өткен әр күніміз тарих еншісіне айналуда. Ал сол уақыттың қадірін біз біле алдық па? Бұл туралы әлем әде­биетінде де, қазақ әдебиетінде де аз жазылмаған десек те, оның қыр-сырына жете мән беріп жүрміз бе? Бұрнағы замандарда бір күнінің өтіп бара жатқанына қайғырған екен. Ал бүгін ше? Кейде көңіліңді жадырататын немесе жабырқататын сәттерге бойкүйездік танытып, барлығын ұмыт қалдыратынымыз да осы уақыттың мән-маңызын сезінбегендіктен болар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Уақыт қашан да адам баласы үшін қымбат. Өйткені, адам белгілі бір уақытта жаратылды және нақты бір аралықта өмір сүреді. Уақыт бізге емес, қайта біз оған тәуелдіміз. Уақытты қала­ған кезде ұзартып, қысқарта алмаймыз. Уақытты үнемдей білу үшін оны қадірлеу қажет. Адам баласы уақытын ысырап етпей, ұтымды пайдалана біл­ген­де ғана көздеген мақсатына жетеді. Өткен тарихымыз бен әр күнімізді қалай бағалаймыз дегенде ақын Қадыр Мырза-Әлінің мына бір өлең шумағы еріксіз еске тү­седі: «Маған бүгін керек емес ертегі, Ер­те­гіні балам өзі шертеді. Тарих керек – ір­гетасы қазақтың, Іргетассыз қалан­бай­ды ертеңі». Сондықтан да болашақты болжау үшін өткен күніміз бен тарихымызға үңілудің еш артықтығы жоқ. Қазіргі жаһандану заманында тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын, басқа да қоғамдық гуманитарлық ғылым­дар­ды жетілдіру біздің мемлекеттік сая­са­тымыздың басым бағыттарының бірі болуы шарт.

– Тарихымызға жете мән беру ар­қы­лы болашағымызды болжай алатынымызды көптеген ғалымдар айтып өтті. Алайда, кейде тарихты аңыз ре­тінде қабылдайтынымыз бар. Он­да­ғы жылдап жалғасқан қанды шай­қас­тар мен ереуілдер біз үшін тіпті таңсық. Көз көрмеген соң сезіне алмауымыз заңды да шығар. Қалай болғанда да сол заман мен бүгінгі күн­нің арасын жалғаған уақыт тамыршы. Жалпы, тәуелсіздік тарихының жазылуы үшін де өткенге шегініс жасау қажет десек, кеше мен бүгін арасын­дағы байланысты қалай қабылдаған жөн? Біз өз тарихымызды құрметтей білеміз бе?
– Кезінде Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жо­ғалуға бейім тұрады… Дүниеде өзге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқы­мым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып, бі­луге тиіс болады», – деп жазған еді. Тәуелсіздік тарихын жазған кезде жіберген кем­шілік­теріміз бен жеткен жетістіктерімізді саралап алғанның еш артықтығы жоқ. Тәуел­сіздік жолындағы күрес бір ғана жылдың не болмаса бір ғана ғасырдың жемісі емес. Ол қаншама ұрпақтың аң­саған арманы. Осы жолда қазақ­тың небір азаматтары басын бәйгеге тігіп, ұлт мүддесі үшін ойын да, жігерін де аяған емес. Қаншама ер тәуелсіздік үшін құрбан болды. Демек, тәуелсіздік жолындағы күрес күрестердің ішіндегі қасиеттісі болмақ. Тәуелсіздік үшін бол­ған күрестердің басында тұрған батырларымыз бен зия­лы­ларымыздың жүріп өткен жолын, төгілген қаны мен терін ұмыту – ұрпаққа сын.
Мемлекет өз тарихы мен тілін қор­ғап, қамқорлығына алғаны жөн. Тіл мен тарих мемлекеттің өркен­деуі үшін қажет. Гуманитарлық ғылымды нарық заманында нақты ғы­лымдармен салыстырып, «ол қоғамға пайдалы болуы тиіс» деген қағида ба­сымдық алып барады. Біз тарихымызды өзіміз құрметтеп, содан кейін ғана өзгеге танытуымыз керек. Дәл қазіргі кезде шетелге біздің тари­хымыз емес, бай­лығымыз бен жеріміз керек болып отыр. Осыны естен шығармасақ, ұлтымызды және тарихымызды құрметтей алдық дейміз.

  – Тарихты бәзбіреулер сақ дәуі­рі­нен, енді біреулер хандық дәуірден бастаған дұрыс деседі. Ал тарихтағы шындық сөз бола қалса, ғалым­дар­дың басым көпшілігі ақиқатты тап басып айта алмаса да, оның түрлі себептері мен дә­йектерін алға тартады. Мәселен, ғалымдардың «қазақ халқы орда тарихшыларын ұстаған жоқ» немесе «өткенімізді өзгелер жазып қалдырды» деген уәждерін естігенде «Сонда шынайы тарих қашан жазылады?» немесе «Өткенді қайта жазуға не ке­дер­гі?» деген сауал туындайды.
– Әр дәуірдің тарихын толық тану үшін сол дәуірге қатысты деректерді ақтару міндет. Ал мен айналысатын ХІХ ғасыр тарихына қатысты мұрағат құжаттарының басым көпшілігі отарлаушы Ресей империясының мұрағатында және сирек қолжазбалар қорларында жатыр. Ре­сей­дің Қазақстандағы отарлау мә­селесіне тоқталғанда осы уақытқа дейін үстем бо­лып келген бірнеше пікірлердің болған­ын жоққа шығара алмаймыз. Оның бірі – Ресей отарлауының пәр­мен­ділігін тө­мен­детіп көрсетуге ұмтылу­шылық, яғни ағылшын, испан, португал отар­лауындағы сияқты жер­гілікті тұр­ғындар қырғынға ұшыраған жоқ делінеді. Бірақ қандай болса да, отарлауды ақ­тауға болмайды. Отаршылар ешқашан жер­гілікті халықтың мүддесімен санас­қан емес.
Сондықтан да шынайы тарих жазылу үшін мұрағатта сақталған, әлі күнге дейін игерілмеген құжаттарды айналымға көп тартуымыз қажет. Солай болғанда ғана тарихтың шынайылығы ашыла түседі. Тарихты шынайы жазу үшін табандылық пен еңбек қана қажет.

– Әр адам өзінің мүмкіндіктері мен болашағын болжауы үшін тарихын, ата-бабаларының жүріп өткен жолын, жеңген, жеңіліс тапқан тұстарын білуі шарт деседі. Жалпы, тарихи жады, тарихи сана пенденің ғана емес, елдің болашағы үшін де маңызды. Десек те, қазақ тарихы туралы сөз бола қалса, көбінесе жапа шеккен, ұтылған жер­лері айтылады. Сонда ұлтымыздың ұтқан, жеңген тұстары жоқ па, әлде бұл да айтылмаған шындықтың қата­рында ма?
– Барлығымыз да Кеңес заманында орта мектептен білім алып, тек Ресей тарихын оқып, оның айтулы даталарын жаттап өстік. Қазақ тарихы мектепте айына бір рет қосымша түрде оқытылды. Оның өзінде Кеңес идеологиясына келе­тін таптық күреске сай тұлғалар айтылды да, қалғандары феодалдық кертартпа заманды көксеушілер ретінде жазылды. Патшалық Ресей билігі кезінде де азаттық үшін күрескен тұлғалар хан, сұлтандар, би-батырлар орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ «қарақшы», «барымташы», «бүлікшіл» атауларымен анықталды. Бұл дәстүр кейіннен кеңестік тарихнамада да жалғасын тапты. Соның ішінде хан, сұл­тандардың қоғамдық-саяси қызметтері, олар­дың көзқарастары ашық бұрмалау­шылыққа ұшырады. Кенесары немесе басқа да тұлғаның тарихын зерттеген көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Ділмұ­хамедов, Е.Ысмайылов қудалауға ұшырап, олардың ғылыми шығармашы­лығына тыйым салынды. Міне, содан кейін біздің тарих тек «партия тарихын», «бес­жылдық жоспарлар тарихын» және «комсомол тарихын» зерттеуге басым бағыт берді. Сіз аталған кезеңді зерттеген болсаңыз, жылдам ғылыми атаққа қол жеткізесіз. Ал шынайы тарихпен ай­налыссаңыз, болашағың бұлыңғыр. Осының нәтижесін Ұлттық кітап­ха­на­мыздың диссертациялар залындағы қорғалған жұмыстардан байқауға болады. Екіншіден, ХІХ ғасыр тарихымен айналыссаңыз, Ташкент, Орынбор, Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы мұрағат қорларын ақтаруға тура келеді. Ол уақыт пен қар­жы­ның еншісіне барып тіреледі. Кезінде Шоқан тарихымен ай­налысқан академик Әлкей Марғұлан уақытының көбін мұрағат құжаттарын іздеуге арнады. Іздеу барысында Шоқ­анның бес томдық шығар­маларын жариялады. Ғалымның ұлт тарихына қатысты жинағандары әлі толық жарық көрмеді десек те болады. 
Өткен тарихымызда ұтқан да есе жіберген тұстарымыз да жетерлік. Ұтыл­ған тұсымыз – ауызбіршіліктің жоқтығы. Сол замандағы мемлекеттің тұтастығын сақтай алмауымыз. Бұған мұрағаттағы құжаттарды оқыған сайын көз жеткізуге болады. Ал ұтқан тұсымыз – қазақ жас­та­рының білімді, ғылымды игеруге деген құлшынысы. Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Еуропа мен Ресей, Түркия елдерінде білім алған зиялыларымыз ұлттың болашағы үшін барын салды. ХІХ ғасырда алдыңғы ұрпақ жі­берген кемшілікті, яғни өнеркәсіптік төң­керіс заманында өзге елдерден артта қалып, өзгенің отарына айналғанын көр­ген ұлт зиялылары өз жастарын жоғары білім алуға жетеледі. Осыған қол жеткізуге ұмтылды. Міне, осы уақыт аралығында қазақ жастары мемлекеттік думалар мен басқа да биік мінбелерден өз ұлтының мүддесін қорғауға барын салды. Сол жоғары оқу орындарын біразы алтын алқамен бітірді. Бұл – біздің білімді болу­дағы ұтқан кезіміз деп толық айтуға негіз бар. Ал қазіргі таңда шетте білім алған азаматтарымыз осы игі дәстүрді жалғас­тыруда белсенділік таныта алмай келеді. Біз туған жеріміздің тарихын толық білмейміз. Оны білуге талпынбаймыз да. Біздің төл алфавитіміздің үш рет ауысуы да өзіндік кедергісін келтіргенін айту орынды. Мысалы, мұрағаттағы
1929 жыл­ға дейінгі қолжазбалар мен дерек­тер­дің араб графикасында жазылуы, одан кейін латын әрпіне көшкендегі тарих, кейінгі кириллица жазуындағы дерек­терді көргенде отарлаушы ел біздің өз тарихымызды оқуымызға тосқауыл жасағанын байқаймыз.

– Жалпы, қазақ халқының көне жыр-дастандарының қайсысын ал­саңыз да, сонау ықылымнан бергі тұтас тарих басқыншы жаулармен жан алып, жан берісе өтіп келе жат­қа­нына көз жеткізесің. Жалпы, бүгін­де ерліктің шын бағасын бере алып жүрміз бе?
– Көне ғасырларға үңілген сайын, сол заманға қатысты деректер аз болғанның өзінде өзге елдің кітапхана­лары мен мұрағаттарынан табылуы еліміздің өз құндылықтарын сақтау мен жинақтауда артта қалғанымызды көр­сетіп отыр. Ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ даланы өз ұрпағына мұра етіп қалдыруы, білек пен жүректің күштілігі нәтижесінде келгендігін жас ұрпақ білуі тиіс. ХІХ ғасырда ұлт-азат­тық күресте қол бастаған Жоламан, Сыздық және т.б. тұлғаларымыз тарихтан әлі де өз орнын алмай келеді. Аталған тұлға­ларға институт әзірлеп жатқан 20 томдық тарихта жан-жақты зерттелген материалдар енгізіледі деп жоспарлануда.

– Ал ел үшін, жер үшін болған қанды-қырғын шайқас нәтижелерін бүгінгі ұрпақ қалай түсінеді?
– Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезін алып қарайықшы. Бізде осыған қатысты дерек­тердің басым көпшілігі Ресейдің мұрағатында сақтаулы. Оған қол жеткізу де оңай емес. Мәселен, қазақ ұлтының жасаған еңбектерінің барлығын үстем ұлт пайдаланды. С.Баймағамбетов жасаған ерлікті А.Матросовқа теліді. Осындай мысалдар өте көп. Дәл осы себеппен көп ерлік бағаланбады кезінде. Ал өскелең жас ұрпақ ерліктің бағасын біледі. Біз де өз кезегімізде мектеп оқулықтарында батырларды барынша дәріптеуге тиіспіз. Осылайша жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге болады.

– Дегенмен, еуропалықтар: «Егер қандай да бір елдің батырлары көбей­се, ол – артта қалғандықтың белгісі», – дейді. Мысалы, біз сонау ерте за­ман­дағы батырларымызды да әлі күн­ге дейін дәріптеудеміз. Ал ол кез­дегі батырлардың ерлігін растайтын деректер бар ма қолда? Бұл шындық­қа қан­ша­лықты жанасады?
– XVIII ғасырдағы батырларымызға қатысты деректердің басым бөлігі ауыз әдебиетінің үлгісінде ғана. Мұрағат құжат­тары өте аз. Болған күннің өзінде қазақ-орыс қатынастарына және қазақ-қытай байланыстарына қатысты көршілес елдердің мұрағатында сақталған деректер. Еліміз егемендік алғаннан бері халық тарапынан сұраныс тудыратын тарихи кезең, әрине, XVIII ғасырдағы тұлғаларға қатысты деректер. Мен жұмыс жасайтын «Жаңа дәуірдегі Қазақстан» бөліміне жыл сайын оншақты хат келіп түседі. Көпшілігі қазақ-жоңғар соғыстары кезіндегі батыр­ларға қатысты. Батыр дегенде халықтық батыр, өлкелік батыр, ауылдық батыр деген категориялар бар. Осыны ажыратып алуымыз қажет. Бізде мынандай түсінік қалыптасқан. Егер мұрағатқа бар­саңыз, кез келген тұлғаға қатысты жеке іс пен мәліметтер қаптап тұрғандай кө­рінеді. Сол жерде барлығы жазылып тұр ғой, неге тарихшылар алып қарап, соны жарияламайды деп ойлайды. Кейде сондай азаматтарымыз Орталық Мемлекет­тік мұрағатқа барып, құжаттарды қа­рағаннан кейін ғана тарих өздері ой­­ла­ғандай бір істе (құжатта) тұрмағанын түсінеді. Тарихты жазу кезінде терезені ашып қойып, қиялға берілу – үлкен қиянат.

– Қазақ халқының басынан небір қиын кезеңдер өтіп, ашаршылық, соғыс жылдары қаншама қандас­тары­мыздан айырылдық. Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүзден аса батыр шығып (еленбей қалғаны қаншама), жауынгер халық екенімізді дәлелдегендей болды. Әйтсе де өзгелер бұны әлі күнге дейін мойындағылары келмейді. Тіпті, соғыс өнерін меңгермеген халық деген байламдар жасайды. Бұл туралы не айтасыз?
– Патшалық Ресей ХІХ ғасырда қазақ даласын отарлау барысында қазақ халқының қолындағы қаруы мен астын­дағы атын алу арқылы жауынгерлік рухынан айыруды мақсат етіп қойды. Орыс әскери шенеуніктерінің жазбаларында қазақ атқа мінгенде айбарланып кетеді деп жазады. Отарлық қыспақ қазақ халқын қанша езгенімен, оның жауынгер­лік рухын жоя алмады. Әр уақыт кезеңін­де батырлық істер алмастай жарқырап шығып отырды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес одағына енген ұлттардың қай-қайсысында болсын, өзін ел мүддесін қорғаушымын, мына соғысқа қосқан үлесім ешкімнен кем емес деген отан­сүйгіш түйсік үстем болды. Оның ішінде қазақ халқының ержүректігі осы соғыста тағы да бір қырынан көрінді. Сталиннің радиодан сөйлеген сөзінен кейін халық санасында өткен тарихына үңіліп, атақты батыр, айбынды ел билеушілердің рухына табыну, соларды мақтан тұту сияқты ұлт­тық сезімдер оянды. Өкінішке орай, сол соғыста ерлігі еленбей, жасаған батыр­лығы үстем болған орыс ұлтына таңыл­ған­дары қаншама. Бұл – тарихтан белгілі. Ұлы Отан соғысында батырлы­ғымен көзге түскен Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қай­се­нов­терге батыр атағы берілмеуінің өзі осы­ның дәлелі. Ұлы Отан соғысының ақи­­қатын толық ашу үшін Ресейдің Қор­ғаныс министрлігіне қарасты Подольскі мұрағатына кіру қажет. Осы және басқа да мұрағаттарды ақтар­майынша, ақи­қатқа көз жеткізу қиын. Деректерді саралау арқылы шындыққа қол жеткізуге болады.

  – Кез келген ірі тарихи оқиға бол­ған кезде көбінесе алдымен лақап тарайды. Соның салдарынан шыны мен өтірігін ажырата алмай қалатын жағдай жиі орын алады. Мұндай жайларды ғалым­дар қалай реттеуде? Ха­лыққа елеп, екшеп, дұрысын жет­кізу жолында қандай кедергілер болуы мүмкін?
– Тарихты халық пен жекелеген тұл­ға­лардың атқарған ісіне қарап ба­ға­лаймыз. Бізде өкінішті жайт – тарихтағы аттас тұлғалардың ерлік істерін шатастыру, бірінің ерлігін екіншісіне балау, туған жылдары мен істеген ерліктері деректерді қарағанда сай келмейтін тұстары да көптеп кездеседі. Мұрағат деректерін ауыз әдебиеті үлгілерімен үнемі салыстырып отыру қажет. Олар бірін-бірі толық­тырады. Кей тұлғаларымызды ұлықта­ған­да тарихи деректер тапшы болып жа­тады. Осыдан кейін барып аңыз-әңгімелер алдыңғы орынға шығады. Сонымен қатар, сол тұлғаны іздеуші тұл­ғалар­дың қаржылық басымдылығы қолдан тұлға жасау кейінгі кезде өрістеп барады.

– Қолдан тұлға жасау өрістеп барады дейсіз. Ал оның себебі неде?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін, әсіресе, ХVIII ғасырдағы батырларға қатысты дерек жоқтың қасы. Дені ауыз әдебиеті үлгісінде ғана жеткен. Белгілі бір тұл­ғаларды зерттеп, қараған кезде дәйектер табылмайды. Осылайша кейбір іздеушісі жоқ тұлғалар толық зерттелмей қалған. Ал тарихи тұлғаны қолдан жасау дегеніміз, мысалы, қазір бизнесмендер, кәсіп­керлер, ақшасы көп адамдар өздерінің аталарын ұлықтауда. Дәл осылай қолдан тарих жасау дәстүрі белең алып бара жатыр. Мысалы, белгілі бір мешіттерге аталарының атын береді. Ал тарихты алып қарасаңыз, қажылыққа қатысты бірде-бір дерек кездестіре алмайсыз. Бұдан бөлек жергілікті жерлерде әркім өзінің өңірінің тұлғаларын дәріп­тейді. Ал нағыз тұлғалар іздеушісі болмай, еленбей қалуда. Мысалы, Кіші жүздегі Жоламанға қатыс­ты мұрағатта құжаттар өте көп. Осындай батырларды ұлықтап, оларға ескерткіш орнатсақ, оның еш­қандай айыбы жоқ. Алайда, кейде болмайтын батырларды көтеріп, ес­керт­кіштерді көптеп орнатып тастаймыз. Ал оның болашақ ұрпақ үшін қажеті қанша? Біз өзіміздің осындай әре­кетімізбен келер ұрпақты шатастырып, ақиқаттан алыстатып алмаймыз ба деген сауал туындайды. Сол себепті де өткен тарихымызды өзіміз игеріп, ұлықта­майынша, өзгеге құрметтете алмаймыз.

– Бұқаралық ақпарат құрал­да­рында тарихи тақырыптар төңірегінде ма­қалалар мен материалдар аз жарияланып жүрген жоқ. Десек те, мә­селе оның қоғамға қалай әсер етуінде. Сіз қалай ойлайсыз, БАҚ ұстаздар қауымына, оқушыларға, жалпы оқырманның тарихи түсінігіне игі әсер ете алып жүр ме?
– Тәуелсіздік алған кезіміздегі мер­зімді басылымдарда жарияланған ма­қалалар ұлттың сусындап отырған өзек­ті мәселелерін дәл көтеруімен ерек­ше­ленеді. Биыл жарық көргеніне 100 жыл толып отырған «Қазақ» газе­тін­дегі материалдар мен қазіргі баспа­сөздегі материалдарды сараласақ, айыр­ма­шы­лық көзге бірден байқалады. «Қа­­зақ» газетіне бүкіл қазақ зиялысы атсалысты. «Қазаққа» жазғандардың бәрі бір-бір саланың білгірі, маманы болды. Қазір 100 жыл өтсе де, сол кезде баспасөзде көтерілген тіл, дін, жер, латын әліпбиіне көшу мәселелері бүгінгі күнмен сабақ­тасып жатыр. Бүгінгі таңда елімізде 2 532 газет-журнал болса, соның 500-ден астамы ғана мемлекеттік тілде шы­ғады, соның өзінде де олар күн тәрті­бінен түс­пей жатқан проблемаларды қозғап келе жатқаны ащы да болса шындық. Ресми басылымдар мен оппозициялық басылым­дардағы тарихқа қатысты материалдар өте аз. Ресми газеттердің бе­кітілген бес­жылдық жоспарлары бар, ал оппозициялық басылымдарымыз рулық жанжалдар мен сенсациялық мақа­ла­лардан асып отыр­ғаны шамалы. Сон­дық­тан да ресми газеттер тарихи құнды­лық­тарымызға көп көңіл бөлген жағдайда нақты тарих ауылдық оқырмандарға көптеп жетеді деген ойдамыз.

– Адал еңбек туралы жиі сөз ете­міз. Бұл Кеңес одағы тұсында да айтылды. Алайда, қағидаға айналып үлгерген бұл ұстаным тәуелсіздік ал­ғалы бері өзгеше сипатқа енгендей. Оған аса күш жұмсамай-ақ баюға болатынын байқатқан элиталы топ өкілдерін мысалға алуға болатын сияқты. Дей тұрсақ та, кез келген жетіс­тікке тек адал еңбекпен ғана жетуге болатынын насихаттайтын қоғамның ойшыл бөлігі мұнымен қалай күресуде?
– Кеңес заманында жеңіл зерттеу мен атаққа ұмтылу басым болғанын жоққа шығара алмаймыз. Кешегі же­ке­шелендіру кезінде де халықтың мен­шігін жекесіне айналдырып, байлықтың буына мастанғандар көп болды. Қо­лын­дағы байлығының бір пайызын әлеу­мет­тік мәселелерге аударуды намыс көре­тіндер де баршылық. Батылдық таныту деген – көшеге шығып айғайлау не­месе биліктің жағасына жармасу емес, әрқашан да әділін айту. Біліп айту. Көзге көрініп тұр­ған шындықты бұрма­ламау. Олай бол­маған жағдайда тарихқа қиянат жа­салғанмен тең. Зиялы қауым өкілі қоғам­дағы орын алып отырған олқы­лықтарды ашып айта білулері керек. Тек сынап қана қоймай, қоғам өміріндегі келең­сіздіктердің себебін ашық айта білулері тиіс. Пікір айту мәдениетін де ұмытпаған жөн.
Кеңестік және посткеңестік кезең­дерде жарық көрген қайсыбір еңбектерде кеңестік билік пен коммунистік партияны қазақ еліне оның жерін жинап, мем­лекеттігін құрып беруші күштер ретінде көрсету етек алды. Ия, рас, бұл тұжы­рыммен белгілі дәрежеде ғана келісуге болады, дегенмен, оны толық күйінде қабылдау қиын. Өйткені, қазақ жерінің тұтастығы мен оның мемлекеттігі жөнін­дегі идея, сондай-ақ, оны іске асыру әре­кеті кеңестік заманда ғана емес, одан да ерте кезеңдерде, тіптен Ресей империясы құрамына енген уақыттан бұрын да анық көрініс тапқан болатын.
Осы тұрғыдан алғанда ұлттық мем­ле­кет­тік дербестікке байланысты Алаш идеясы Абылай хан, оның немересі Кенесары хан, қазақ қоғамындағы басқа да азаттық үшін қозғалыстардың шынайы көрінісі және тікелей жал­ғасы ретінде қарастыруға толық негіз бар. Тарихтағы тұлғалардың еңбегін сызып тастауға немесе аттап өтуге болмайды.
Тағы бір айта кететін жәйт, мысалы, орта ғасырларда бір тарихшы болған. Оның ежелгі Қытай мен түркі дәуіріне қа­тысты жазылған төрт мақаласы ғана бар. Алайда, сол кезеңді зерттегендер осы төрт мақалаға сілтеме жасамай, жаза алмайды. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, кейде біздің де жекелеген тұлғалар аз ғана еңбегімен аты шығады. Ал енді біреулер ғылымда том-том ең­бек­тер жазып жатады. Алайда, ол еңбектер оқырмандар тарапынан көп қолданыла бермейді. Оларға сұраныс жоқ. Мысалы, моғолстан дәуірін зерттеген кезде Пищулина Клавдия Антоновнаның XIV-XVI ғасырлардағы «Оңтүстік-шығыс Қазақстан тарихы» деген еңбегіне сілтеме жасамай жаза алмайды. Міне, тарихтағы еңбектің бағалануы деген – осы. Яғни еңбекпен келген, ізденістер нәтижесінде жазылған дүние өзінің оң бағасын араға ғасыр салса да алады.

– Өткен ғасырлардағы қаншама зобалаңдар халықтың сағын сын­-
ды­р­­ғанымен рухын жоғалта алмап еді. Ендігі елдігіміздің «тұғы­рына» көз салсақ, нені аңғарамыз?
– Еліміздің тәуелсіздігі мықты болуы үшін шетелдің жылтыраған реформа-
ларын қоғамға тықпалай берудің қажеті жоқ. Ғылымда шетелге табыну басым болып барады. Біз бір сәт өзіміз бен шы­ғыстық құндылықтарға да назар аударуымыз жөн. Біз батыс бола алмаймыз, батыс шығыс бола алмайды. Өткен тарихтан сабақ алуды бір сәт естен шығармау керек. Х–ХІІ ғасырлардағы Шығыс ренессансы кезінде Шығыс қалай дамыды, кейін­гі XVI–XVII ғасырлардағы Еуропаның қайта өрлеуінде неге Шығыстың құн­дылық­тарын дамытып, Еуропа алға дамыды. ХХІ ғасырдағы Шығыс елдерінің алға жылжуын (Қытай, Жапония, Сингапур және т.б.) еске алсақ, оны батыстық саясатпен тұмшалаудың қажеті бола қоймас.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айгүл Сәметқызы.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз