Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Тарихтағы контент-сараптама Алаш арыстары қалай ақталды?

Алаш арыстары қалай ақталды?

25 Қыркүйек 2013
233
0

 Кезінде олардың әдеби мұраларын зерттеумен  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы айналысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған еді.

– Жабайхан Мүбәрәкұлы, 1988-1990 жылдары сіз басқарған Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комите­тінің комиссиясының қызметі туралы көп айтылып, көп жазылып жүрген жоқ. Осы комиссияның құрылуына не себеп болды және ол немен айналыс­ты? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Атыс-шабысқа, қуғын-сүргінге толы болған жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқы небір асыл ұлда­ры­нан айырылып қалғаны тарихтан белгілі. Сол кезде елді үрей биледі. Зорлық-зомбылық елесі қазақтың кең даласын бертін де кезіп жүрді. Дегенмен, халық Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек сияқты ұлы адамдарын ұмыт­қан жоқ. Олардың өлеңдері мен поэмаларын жаттап алып, айтып жүрді. Көбіне халық шығармасы дейтін. Сол жүрек­тер­ді баураған жырлардың шын авторлары кімдер екенін, мүмкін, жастар жағы білмеген шығар, ал, үлкендердің іштері сезетін. Бертін, Сталин өмірден озып, елдегі ахуал сауыға бастаған кезде жер-жерде жазықсыз жазаланғандарды ақтау жөнінде әңгіме қозғалып, жоғары жаққа өтініштер түсе бастаса керек. Бұл бір. Екіншіден, өткен ғасырдың 80-жылда­ры­ның аяғында КСРО-дағы жағдай күрт өзгерді. Билікке М.Горбачев келгеннен кейін қоғамды демократияландыру қолға алынды. Мәскеуде қуғын-сүргінге ұшы­ра­ғандар ақталып, олардың бұрын тыйым салынған еңбектері жариялана бастады. Бұл жағдай қазақ зиялыларын да ойландырмай қойған жоқ.
Мен ол кезде Қазақ КСР-і Ғылым академиясының вице-президенті едім. 1986 жылдан кейін біздің академияда да елеулі өзгерістер болды. Республика бас­шылығы тарапынан біздің атымызға жиі-жиі сын айтыла бастады. Ақыры не керек, академияның атқарған жұмыс­та­рын тексеру үшін Москвадан арнайы екі үл­кен комиссия келді. Ол кезде Ор­талық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы З.Камалиденов болатын. Бірде комиссия мүшелерін сол кісі қабылдады. Әң­гі­ме аяқталуға таяп қалған сәтте мәскеулік ғалым, КСРО Ғылым акаде­мия­сының кор­­­респондент-мүшесі Э.Р.Те­нішов күт­пеген жерден 3.Камалиденовтен: «20- жыл­­­­­дары сіздерде Ахмет Байтұрсынов деген тіл ғы­­лымының үлкен өкілі болып еді. Соның тағ­дыры не болды?» – деп сұрады. З.Ка­малиденовтің тосын сұрақ­ты ұната қойма­ғаны анық. Бірақ, ол сыр берген жоқ, үндемей құтылды. Өйткені, бұл кезде Қазақстанда А.Байтұр­сы­нов­тың есімі мүлде аталмайтын. Мұны еске алып отырғаным, біздің елдегі жағдайға бұлар неге үнсіз отыр, жоғалтқандарын неге іздемейді дегендей сыртта­ғылардың өз­дері де елеңдей бас­таған еді. Міне, комиссияның құры­луына осындай жағ­дайлар себеп болды деп ойлаймын.
– Орталық Комитет сізге осы комиссияны басқаруды жүктегенде қобалжыған жоқсыз ба?
– Неге қобалжымайын, қатты тол­қы­дым. Бір жағынан өзіме үлкен сенім көрсетіліп отырылғанын, сондай-ақ, бұл істің жауапкершілігі де зор екенін түсін­дім. Алаш арыстарын ақтау жөнін­де комиссия бұрын да болған. Бірақ, олар өз мақсаттарына жете алмады. Комиссия мүшесі Смет Кеңесбаевтың: «Шырағым, байқа, абай бол. Басың кетуі мүмкін»,  дегені де есімде. Мәскеуде мұн­дай комиссияны СОКП Орталық Ко­митетінің хатшысы, Саяси Бюро мүшесі А.Н.Яков­лев басқаратынын білетінмін. Соған қараған­да, жеңіл жұмыс емес. Шыным сол, қатты қиналдым. Уақытпен санас­пай жұмыс істеуге тура келді. Бірақ, өкінбеймін.
Сонымен, комиссия құрылып, оның құрамын Қазақстан Компартиясы Орта­­­­­лық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.Колбиннің өзі бекітті. Комиссия құрамына М.Қозыбаев, М.Базарбаев, С.Байжанов, Ә.Әлімжанов, З.Ахметов, Р.Бердібаев, Ш.Сәтпаева, С. Қирабаев, С.Зиманов, М.Қаратаев, Р.Сыздықова, Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, Ә.Кекілбаев, Ә.Қайдаров, С.Кеңесбаев сынды ғалым­дар мен жазушылар тартылды.
– Сол кезде ұлтшылдықтың қамы­тын киіп, халқынан ажырап қалған арыстар аз емес еді ғой. Ақтау жұ­мыстарының Ш. Құдайбердиевтен бас­талуын қалай түсіндіресіз?
– Себебі, оның мәселесі бұрын да бірнеше рет қозғалып, талқыланған екен. Біраз материалдар жиналған. Содан, ақылдаса келе, осы кісіге тоқтадық. Комиссия Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының шешіміне сәйкес жұмыс істегендіктен қажет құжаттарды, материалдарды алуда еш қиындық болған жоқ. Ш.Құдайбердиевтің жеке басына қатысты құжаттарды, анықтама­лар­ды Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен сұратып алдық. Әдебиет және өнер инс­титуты 2 том көлеміндегі шығармала­рын машинкаға бастырып берді. Бұл істен Семей облыстық, Абай аудандық партия комитеттері де шет қалған жоқ. Біраз құжаттар сол жақтан келді.
Орталық Комитеттің хатшысы мені жеке қабылдағанда: «Асықпаңдар, уақыт бар», деген болатын. Бірақ, мен комиссия мүшелеріне неғұрлым ширақ жұмыс істеуіміз керектігін айттым. Бұлай іске құлшына кірісуіме Шәкәрімнің шығар­ма­ларын жас кезімнен жаттап өскенім де әсер еткен болар. Біз Қызыл еңбек деген ауылда тұрған кезімізде, әскерден орал­ған бір жігіт оның екі дәптердей өлең­дерін алып келген еді. Ол кезде мен 8-ші сы­ныптың оқушысымын. Әлгі дәптерде Шә­кәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасы да бар екен. Бәріміз әлгі поэманы бірі­­­мізден-біріміз көшіріп, түгелдей жаттап алдық. Осы күнге дейін ұмытқан жоқпын.
Өткен іс – ойға күңгірт, көзге танық,
Көрмесе де, білгенге бәрі қанық.
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл
Қазақтың Сыр бойында жүргені анық.
Әнет бабам арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молда ғұламасы.
Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы.
Мәмбетей өсіп, өнді бара-бара,
Сол таптан бір бай шықты жеке-дара.
Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр,
Әрі сұлу, әрі есті, еркек шора, – деп басталатын.
Әрине, ол кезде біз бұл өлеңдердің авторы Ш.Құдайбердиев екенін білген жоқпыз. Оның халық жауы ретінде атылғанынан да хабарсыз едік. Мүмкін, үлкендер оның өлеңдерін сақтап қалу үшін осындай қадамға барған шығар?!
Содан, Шәкәрімге қатысты барлық материалдарды қолыма алып, демалыс уақытында қарындашпен сызып отырып, мұқият оқып шықтым. Өлендерінде орысқа немесе Кеңес өкіметіне қарсы бір ауыз сөз жоқ. Негізінен адамгершілік мәселелерін, өнер, білімнің пайдасын жырлайды. Ойшылдығы да терең. Нағыз ағартушының өзі. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстоймен дос болыпты. Оның 80 жылдық мерейтойына арнайы шақырылыпты. Комиссия мүшелерімен өзара пікір алмасқаннан кейін Орталық Комитетке көлемді анықтама әзірледік. Шәкәрім Кеңес өкіметіне қарсы болды деуге негіз жоқ. Ақтау керек. Осы пікірімізді бюроға жеткізуге ұйғардық.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, мате­риал­дар дайын болғаннан кейін соңғы сөзді кім айтты? Кәдімгідей талқылау болды ма?
– Орталық Комитет материалдарымызды қабылдап алды. Арада біраз уа­қыт өткеннен кейін бюроға шақырту алдық. Бюро отырысын Г.Колбин жүргі­зіп отырды. Бірінші сөзді комиссияның төрағасы ретінде маған берді. Мен комиссияның қорытындысына сүйене отырып, Ш.Құ­дай­бердиевтің өмірбаяны, шығармашы­лық қызметі жайлы айтып бердім. Оның мұрасының халықтың рухани өмірінде алатын орнына тоқтал­дым. Сөзімді аяқ­тағаннан кейін бір-екі сұрақ болды. Оларға қысқа да нұсқа жауап бердім. Осыдан кейін Колбин: «Онда талқылауға көшейік, кім сөйлейді?» – деді. Сол-ақ екен, Мемлекеттік қауіпсіз­дік комитетінің төрағасы В.М. Ми­­рош­ник орнынан ұшып тұрып: «Комиссия­ның қорытындысымен келісуге болмайды. Ш.Құдайбердиев еш­­­­қандай да ағар­­тушы емес. Ол – контр­революционер. Совет өкіметіне қарсы оқ атқан адам. Керек десеңіз, кулактарды көтеріліске бас­таған. Сол қақтығыста мерт болған. Ал баласы Қытайға қашып кеткен. Құдай­бердиев – Алашорда пар­тия­сының мү­шесі. Алашорда буржуазияшыл, ұлт­шыл­­дар мен контрреволюционерлер партиясы», – деді.
Зал тым-тырыс. Ұшқан шыбынның ызыңы естілгендей. Уақыт тоқтап қалған сияқты. Ешкім бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сәлден соң Н.Назарбаев, ол кісі сол кезде Үкімет басшысы болатын, үнсіздікті бұзып: «Бұған комиссияның төрағасы не айтады, жауап берсін», – деді.
Г.Колбин маған қарады. Жағдай бұлай аяқ астынан ушығып кетеді деп ойлаған жоқ едім. Енді шегінетін жер жоқ екенін түсіндім.
– Мирошник жолдас бұл қызметке жаңадан келген адам. Көп жағдайдан хабарсыз. Қызметкерлері дұрыс ақпарат бермеген болуы керек, қателесіп тұр, – деп бастадым сөзімді. – Біз дайындаған анықтамада тек комиссияның ғана емес, Семей обкомы мен Абай аудандық партия комитетінің пікірлері де ескерілді. Біз зерттеу барысында 300 адамға сұрау салдық. Олар Шәкәрімнің көтеріліске еш қатысы жоқ екенін айтты. Шәкәрімді Қарасартов пен оның орынбасары өлтір­ген. Осы қанды оқиғаға куә болған қой­шылардың бәрін қорқытып, көтерілісте соғысып жүріп өлді деген жалған құжат жаздырып алған. Сол кезде Шәкәрімнің жасы 75-те. Қандай қазақтың шалы 75-ке келгенде қол бастап, көтеріліске шыға­ды. Осылай дей келіп, қызды-қыздымен Мәскеуде қайта құру ісі қызу жүргізіліп жатқанын, ал Қазақстанның қауіпсіздік органдары уақыт талабына ілесе алмай отырғанын да айтып салдым.
Г.Колбин: «Басқа сөйлейтін кісі бар ма?» – деді. Ешкім үндемеді. «Онда ко­миссияның ұсынысын қолдайық», – деді ол бірден. Сол арада Ш.Құдайбердиевтің толық ақталғаны хабарланып, Әдебиет және өнер институтына бір жылдың ішінде оның шығармаларын басып шығару тапсырылды.
Еңбегіміз жанды. Халықтың қуаны­шында шек жоқ. Егер біз ұтылып қалған жағдайда менің тағдырымның не болатыны бір Аллаға ғана аян еді. Баба­лардың рухы қолдаған шығар, әйтеуір, Алла тағала аузыма дұрыс сөз салып, бір сыннан сүрінбей өттім. Әсіресе, сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының: «Төр­аға­ның жауабын тыңдайық», – дегені мәселенің оң шешілуіне түрткі болға­нына осы күнге дейін ризамын. Сол арада бәріміз үндемей қалғанда, мәселенің басқаша шешіліп кетуі де мүмкін еді. Әйтеуір, құдай сақтады.
Айтпақшы, жиналыстан шығып бара жатқанда В.М.Мирошникке кездесіп қалдым. Ол амандасқаны ма, әлде мені құттықтаған түрі ме, қол берді. Осы сәтті пайдаланып: «Мен өмір бойы В.И.Лениннің жұмыстарын жаттап өскен адаммын. Ол кісінің қандай еңбегін қай кезде, қандай жағдайда жазғанына дейін білемін. Сондықтан саяси қате жіберуім мүмкін емес», – дедім. Ол: «Жарайды, жолдас Әбділдин, бұдан былай бірігіп жұмыс істейік», – деді.
– Комиссияның осыдан кейінгі жұмысы қалай жалғасты?
– Арада көп уақыт өткен жоқ, тағы да Орталық Комитетке шақырылдым. Бар­дым. Ондағылар Орталық Коми­­тет­тің М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауы­тов­тың, А.Бай­­­тұрсыновтың шығармашылығын зерт­теу жөнінде комиссия құру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Комис­­сия­ны сіз басқарасыз деді. Құрамы да өзгеріссіз қалды.
Әдебиет және өнер институтының ға­лымдарын шақырып алып, осы үш адам­ға қатысты бүкіл материалдарды жи­­науды тапсырдық. Қазақстанда тек Мағ­­­­жан Жұ­мабаев туралы ғана дүниелер бар екен. Ал Ахмет Байтұрсынов пен Жү­­­­сіп­бек Ай­­­мауытов туралы материалдар болмай шық­­­ты. Содан бірнеше ға­лымды іс­са­пармен Ленинградқа аттан­дыр­дық. Олар бір-екі айдың ішінде М.Жұ­ма­баевтың, Ж.Айма­уытовтың кітап­тарын, А.Байтұр­сы­новтың еңбектерін түгелімен жинап алып келді. Жұмысты алдымен Мағ­жан­ның шығар­маларын сараптаудан бастадық.
– Шәкәрімді ақтаудың өзі қиынға түскенін айтып отырсыз. Ал Мағжан жөніндегі әңгіме қалай өрбіді? Жалпы, осындай комиссияның құрылып, іске кіріскені жөнінде халыққа хабарланды ма? Сіздерге жұмыс барысында ұсы­ныс-пікірмен келгендер болды ма?
– Әдетте, мұндай әңгіме тез тарайды ғой, Мағжанды білетін адамдар өзде­рі­нің ойларын айтып келіп жатты. Жо­ға­рыда айтқанымдай, 60-жылдардың со­ңын­да Мағжанның шығармалары Орта­лық Комитет құрған комиссияда қара­лып, олар М.Жұмабаев буржуазияшыл, ұлтшыл ақтауға болмайды деген қоры­тынды жасаған болатын.
– Комиссияның осындай шешімге келуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
– Меніңше, оның басты себебі, сол кезде комиссияның құрамында болған адамдар қуғын-сүргінді өз көздерімен көргендіктен, кеңестік режімнің қателес­кендерді аямайтынын білгендіктен Мағ­жанды қорғай алмады. Қорықты. Басқа да себептері болуы мүмкін.
Мен комиссияға келіп түскен Мағжан туралы материалдарды түгел қарап шық­тым. Партия тарихы институты өз анық­тамасында Мағжанға қара бояуды аямай жағыпты. Сол сияқты, Мемлекеттік қа­уіпсіздік комитеті де: «Буржуазияшыл, ұлтшыл, Алашорданың мүшесі, Кеңес өкіметіне қарсы, өлеңдерінің бәрі со­циа­лизмді қаралайды», деп айтпаған сөздері жоқ. Осыларға қарағанда, Мағжанды ақ­тау оңай болмайтын сияқты көрінді. 1988 жылы елдегі жағдай бапты емес-ті. Жел­тоқсан оқиғасына байланысты «Қа­­зақ­стан ұлтшылдығы» деген СОКП Ор­талық Комитетінің қаулысы шыққан болатын. Бірақ, шешінген судан тайынбас дегендей, жұмысымызды жалғастыра бер­дік. Мағжанның лирикасын, табиғат сурет­те­рі­не толы өлеңдерін алға тартумен болдық.
– Мағжанның шығармашылы­ғын­да басқа мағынадағы жолдар да болды ғой.
– Иә, оның өлендерінде сол заман­ның идеологиясына, таным-түсініктеріне қай­­­шы тұстар да жетерлік еді. Мағжан билік басындағылардың кең сахара қазақ даласын мекендеген жұртшылықтың өзіндік этномәдени ерекшеліктерін ес­кер­мегенін, табиғат пен қоғам, ел, халық тұтастығын бұзу, тіршілік иелерінің тынысын тарылтып экологиялық апатқа апару сияқты мәселелерге ашық қарсы шыққан. Мысалы, бір өлеңінде: «Жолбарыс жортатұғын сар даламда, Өңкей шошқа, доңыздар толып кетті» деген жолдар бар. Қайсыбір өлеңдеріндегі шарасынан асып төгілер­дей патриоттық сезімдері ұлтшылдық, түрік­шілдік деп бағаланған. Бірақ, біз ол жағын ескермей, Мағжанның ұлы ақын, Абай идеяларын әрі қарай жалғас­ты­ру­шы, дамытушы, қазақ халқының рухани дүниесі мен мәдениетіндегі зор кұбылыс екенін дәлелдеуге тырыстық.
Мағжанның ақындығына ешкімнің таласы жоқ. Ол – өз халқын шын сүйген нағыз патриот. Орыс ақын-жазушы­лары­мен дос болған. Оған А.М.Горькийдің өзі араша түскен. Осы жағын көбірек көрсеттік. Әсіресе, оның кейінгі кездері біржола халықтың позициясына шық­қан­дығын, ақындығымен қатар ағарту­шылық қызметпен айналысқанын, педагогикадан оқулық жазға­нын, психологиядан, социологиядан кі­таптар аударға­нын, ғылыми терминдер жасағанын баса айттық. Осындай мәсе­лелерді жазбасақ, Мағжанды ақтау оңай болмас еді.
Мағжан Жұмабаев материалдарын тексеру, сараптау барысында М.О. Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының қызметкерлері белсенділік танытып, көп іс тындырды. Ол кезде инс­титут директоры Шерияздан Елеукенов еді. Бәріміз ақылдаса отырып, Мағжанға қатысты материалдарды терең сараптап, комиссияның жалпы қорытындысын жазып, Орталық Комитетке тапсырдық.
Мағжанмен қатар тарих институты­ның қызметкерлерін қатыстыра отырып, Ж.Аймауытовтың еңбектеріне де сараптама жүргіздік. Ол кезде Тарих инсти­ту­тының директоры Манаш Қозыбаев болатын. Манаштың өзі де белсене кірісті. Тарихшы ғалымдарды Мәскеу, Ленинград кітапханаларына жіберіп, Ж.Айма­уытовтың барлық еңбектерін жинаттық. Біз ол кезде Ж.Аймауытовты білмейді екенбіз. Материал жинау барысында оның «Қартқожа», «Ақбілек» сияқты шығармалары және әдебиет мәселелері туралы марксистік тұрғыдан жазылған мақалалары қолымызға тиді.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, сіздің сөзіңізге қарағанда, Алаш арыстарын ақтауда еш қиындық болмаған сияқ­ты ма, қалай?
– Қиындық болмаушы ма еді. Әсі­ре­се, Ахмет Байтұрсыновқа келгенде қат­ты қиналдық. Өйткені, Ахаң тек ға­лым, ақын ғана емес, Алашорда мемле­кеті мен Алаш партиясының лидері, идеологы ћәм көсемдерінің бірі еді. Әлихан Бөкейхановпен қатар жүрген адам. Бұл кісі туралы мәліметтер мен еңбектерін тілші ғалымдар арқылы Ленинградтан алдырдық дедім ғой. Тіпті, тағы не бар екен деген оймен оларды ел арасына да жіберіп көрдік. Бірақ, тұщымды ешнәрсе табылмады. Ол кезде халық А.Бай­тұр­сыновтың кітаптарын, құжаттарын сақ­тап ұстауға қорықса керек. Бұл кісінің материалдары мен еңбектерін комиссия мүшелері түгелдей оқып шықты. Оның қазақ грамматикасын тұңғыш зерттеуші, терминдерді енгізуші ғалым екендігін дәлелдедік. Біз бұл жөнінде анықтамада жан-жақты жазып бердік. Әсіресе, тілге тиек еткеніміз ол кісінің Ленин, Сталинмен кездесіп айтқан ойлары. Ахмет: «Ленинмен кездескенде біз өзара жақсы түсінісеміз. Ал жергілікті коммунистермен ондай тіл табыса алмаймыз» деп жазған екен. Ленин ол кісіні түрлі ко­миссияларға, үкімет орындарына басшы­лықка жіберіп отырған.
Ал енді оның поэзиясына келетін болсақ, мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ. Ол өзге халықтардың шығарма­ларын барынша насихаттаған адам. И.А.Крыловтан «Қырық мысал» деген еңбегін аударғаны белгілі. Бұдан өзге де бірнеше жазушылардың шығармаларын тәржімалаған. Ахаң орыстың ірі жазушылары туралы тамаша ойларын айтып, қазақ пен орыс мәдениетін ұштастыруға тырысқан. Абайдың ақындығы жөнінде алғаш мақала жазған.
– Осы кезде Мемлекеттік қауіпсіз­дік комитеті қандай ұстанымда болды?
– Комитет үшеуіне де қарсы пікір жазды. Олардың айтуынша, үшеуі де ұлтшыл. Дайындаған анықтамаларында алашорданың мүшесі, контрреволюционер дегеннен басқа сөз жоқ. Сол сияқты, Партия тарихы институты да А.Бай­тұр­сыновты қаралаумен шектелген. Бірақ, біз анықтамамызда олардың берген материалдарын онша ескерген жоқпыз.
Анықтамада негізінен А.Байтұрсы­нов­тың ғылыми еңбектерін, қоғамдық саяси қызметін, орыс мәдениетін насихаттаушы, В.И.Лениннен жолдама алған деген тұстарға көбірек мән беріп, бояуын қалыңдата түстік. Дегенмен, бойда қорқыныш та бар. Бұл жолы үш адамды ақтайық деп отырмыз. Одан кейін А.Бай­тұрсыновтың халыққа белгісіз бір мәсе­лелері болды. 1929 жылы партия­ның XV съезінде Бухаринді әшкерелеуге байла­ныс­ты үлкен айтыс өтті. Сол жө­нінде Ахаң өзінің Қостанайдағы бір бажасына жазған хатында: «Мынау большевиктер өзара бір-бірімен айтысып-тартысып жатыр. Сендер қапыда қал­­маң­дар», – депті. Осы хаты МҚК-нің қолына түсуі мүмкін ғой. Біз енді: «Ән айта алмайтын айғайға басады» де­мек­ші Ахаңның Ленинмен кездескен жерлерін, оны қолдаған тұстарын баса айттық.
Қыруар жұмыс атқарылғанмен, кө­ңіл­де күмән көп. Мемлекеттік қауіп­сіз­дік комитетіндегілер өткендегінің есе­­сін қайтаруға ұмтылулары мүмкін ғой деген ой да мазалайды. Осы оймен қо­рытынды дайын болған соң, В.М.Ми­­рошникпен кездесіп: «Біздің жасап жат­қанымыз бір мәселе. СОКП Орталық Комитетінің тарихқа объективті түрде қараңдар деген нұсқауы бар. Сталин заманында тарихты бұрмалаушылық бол­ға­нын өзіңіз жақсы білесіз. Сондықтан қазір орталықтан көп сұраныс түсіп, тыйым салынған кітап­тар, репрессияға ұшыраған адамдар ақталып жатыр. Ал бізде бұл мәселенің шешілуі қиындау болып тұр. Өзіңіз білесіз, Шәкәрімді зорға ақтадық. Бұл ақталайын деп отырған кісілердің рухани дүниелері керемет. Олар орыстың көптеген көрнекті адамдарымен дос болып қатар жүрген. М.Жұмабаев Ресейдің Брюсов секілді көптеген ірі ақындарын үлгі тұтқан. А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтар да осындай дәрежедегі адамдар. Олар ешқандай ұлтшыл емес. Барлығы Абайдың шәкірт­тері. Абай қазақ халқын орыс халқымен достыққа қаншалықты шақырып үгіт­тесе, бұл азаматтар да осындай бағытты ұстанған», – дедім. Кейін мұның пайдасы тиді. Мирошник бюрода сөйлеген жоқ. Сөйтіп, бұл мәселе қалай шешілер екен деп уайымдап жүргенімізде, оп-оңай өтіп кетті.
– Міржақып Дулатовтың ісі қалай қаралды? Оның ісін қарауға әзірлік барысында туыстарымен, атап айт­қанда, қызы Гүлнәр апаймен кездес­тіңіздер ме?
– Бұлардың барлығын ақтап алғаннан кейін, Міржақып Дулатовқа да кезек келді. Бұл кісіні ақтау бізге өте қиынға соқты. Себебі, сол кезде ел арасында Міржақып Дулатов Амангелдіні өлтірді деген қауесет тарап кеткен еді. Комиссия жұмыстарына әдебиетші, тарихшы, философ мамандарды, заңгерлерді қатыс­ты­рып, ол кісі туралы қандай материал бар, соның барлығын жан-жақты тек­сердік. Бір күні хатшым келіп: «Сізге бір кісі келіп отыр. Міржақып Дулатовтың қызымын дейді», – деген соң: «Кірсін», – дедім. Бұл апаймен мен өзім Абай көшесінде бір үйде тұрғанмын. Ол кісі – Қазақ энциклопедиясында орынбасар болып қызмет істеген  Әбен Сатыбалдиев деген­ қаламгердің жары-тын. Содан Гүлнәр апай менің қабылдауыма келіп:
– Жабайхан шырағым, мен Міржа­­­қып Дулатовтың қызымын. Менің әкем сияқты жазықсыз жазаланғандарды ақ­тау жұмыстары жүріп жатқанын естіген соң комиссияның төрағасы деп сізге әдейі келдім, – деді.
Мен:
– Жақсы, келіңіз. Сіздің келгеніңіз өте жақсы болды. Бізге кейбір деректерді түсіндіріп, айтып берерсіз, – десем, ол кісі деректерді айтқаны былай тұрсын, Міржақып Дулатовтың бүкіл дүниесін сақтаған екен. Содан маған: «Менде әкемнің барлық материалдары бар. Мен әкемнің ақталатынына сен­генмін, – деді. Гүлнәр апай әкесін алып кеткен уақытта небәрі 12-ақ жаста екен. Шешесін де қоса алып кетіпті. 12 жасар қыз әкесінің бүкіл кітаптарын, құжат­та­рын бір қорапқа салып, орыс құрбысы­ның үйіне тығып қояды. Кейін тіпті жолдасына айтпаған. Апайдың барлық материалдарды алып келгені біздің комис­сияның жұмысын едәуір жеңілдетті.
Әкелген материалмен түгел танысып шықтық. Міржақып Дулатов Алашорда партиясының белсенді қайраткерлерінің бірі болған. 1911 жылы қазақ әдебие­тіндегі алғашқы роман – «Бақытсыз Жамалды» жазған. Өзі Қазанда білім алып, көптеген шығармаларын жариялаған. Со­ның ішінде «Жұт» деген өлеңін мен әкем­нің аузынан естігенмін. Мен жұт жөнінде жазылған талай шығармаларды оқыдым. Бірақ, Міржақып Дулатовтың сол бір ғана өлеңінде қазақ жұтының барлық сипаты, трагедиясы керемет көрсетілген.
Ол кісі тек ақын-жазушы, саяси қайраткер ғана емес, сонымен катар, математика және тағы басқа ғылымдардан еңбектер аударған. Осы күнде ол кісіні кейбіреулер математик деп жүр. Бірақ, Міржақып математик емес. Ол кездегі казақ зиялылары халықты ғылымға баулу үшін өзге тілден математика, биология, медицина саласындағы кітаптарды, оқулықтарды аударған. Осындай аудар­ма­шылардың бірі – Міржақып Дулатов. Бұл кісі газетте редактордың орынбасары болып, Кеңес үкіметіне бірталай қызмет еткен адам.
Комиссия мүшелері Жақаңның шы­ғармалары мен еңбектерін түгелдей қа­рап шыққан соң, Амангелдіні өлтірді деген сөз қайдан шықты, соны анықтауға кірістік. Бұл кісінің Амангелді өліміне еш қатысы жоқ екен. Оны өлтірген басқалар және мүлде өзге жағдайда болған оқиға. Міржақып өлтірді деген мынадан шыққан көрінеді: «Амангелді» спектаклі жүріп жатқан уақытта актер Қапан Бадыров Алашорданың ба, әлде орыстың ақ офицерінің рөлін ойнағанда Міржақыпқа ұқсап киінген екен. Мір­жақып сәнді киінетін, әдемі адам болса керек. Соны көрген жұрт: «Ә, Аман­гел­діні өлтірген Міржақып екен ғой», – деп ойлаған. Оған тіпті ешқандай дәлел жоқ. Біз бұның барлығын тексеріп шықтық.
Енді бұл кісіге орыс пен қазақтың мәдени байланысын нығайтуға қарсы ықпал жасаған дейтіндей ешқандай айып тағуға болмайды. Жалпы, қазақ зия­лыларының ешқайсысы да орысқа қарсы болмаған. Әрине, патшаның зұлымды­ғы­на, оның маңайындағы түрлі шенеунік­тер­дің озбырлығына қарсы шыққан. Бірақ орыстың әдебиеті мен мәдение­ті­не, Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, А.С.Пуш­кин, М.Ю.Лермонтовқа еш уақытта қар­сы болмаған. Сонымен осының бәрін бю­роға өткізетін анықтамамызға дәлел­деп тұрып жазып берген соң, бұл кісі де ақталды. Бұл шешімдерге халық жүрегі жарыла қуанды. Әсіресе, ол зиялылар ортасында үлкен серпіліс туғызды. Олар туралы мақалалар, естеліктер жарық көре бастады.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз