Басты бет Қазақстан тарихы Ресей империясы құрамындағы Қазақстан ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан Уақытша үкімет және ұлттық мемлекеттілік мәселесі

Уақытша үкімет және ұлттық мемлекеттілік мәселесі

27 Шілде 2013
1820
0

Уақытша үкімет және ұлттық мемлекеттілік мәселесі

Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды. Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газетінің 9 наурызындағы санында: “Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Русия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш”-деп, бостандық күні туды деп жар салды. 

«Қазақ» газеті осы жылғы наурыздың 24 күнгі санында Минскідегі Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қазақ қайраткерлерінің Қазақстанның сол кездегі негізгі орталықтарына жолдаған жеделхат текстін жариялады. Жеделхатта: «Ресейдегі барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды… Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың-бірлік, адалдық болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі-демократическая республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі »/2/- деп жазылған болатын. Жеделхаттан қазақ қайраткерлерінің саяси айқындамасы анық көрінеді. Олар, біріншіден, халықты жаңа үкіметті қолдауға шақырып, демократиялық республика ұранын алға тартты. Екіншіден, жер жөніндегі мәселелерді шешуді күн тәртібіне қоюды ұсынды. Үшіншіден, Құрылтай жиналысына дайындық жұмысын жүргізу арқылы ұйымдасуға, бірлесуге, сөйтіп, ұлт тағдырына қатысты мәселелерді шешуге үндеді. Майдан жұмысында жүрген қазақ зиялылары ”Ресей барша халыққа ағайындақ, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек,”- деп, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаев, Ә. Сатбаев, Т. Құнанбаев, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов, Т. Шонанов, С. Ақаев, Қ. Қожықов және тағы басқа қазақ зиялылары жаңа үкіметке толық қолдау көрсетіп, соның шеңберінде ұлт тағдырына қатысты зәру мәселелері шешуге деген ұмтылыс байқатты. Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы жер-жерлерде бұқараның саяси белсенділігінің артуына ықпал етті. Революция қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Бұл мынадай жағдайларда айқын көрінді: біріншіден, билік мәселесін шешуде жергілікті жерлерде патша өкіметінің қойған адамдарының орнына революциялық рухпен қаруланған тұлғаларды тағайындау  рын алды;  екіншіден,  кейбір  1 . Зор өзгеріс //Қазақ. 1917. №221. 9 наурыз. 2.  Мұхамеджан. Учредительное собрание//Қазақ. 1917  №223. 24 наурыз.  жерлерде әкімшілік басқару тәсілдері мен жалпыға белгілі либералдық жүйенің талаптарын шығару байқалды; үшіншіден, демократиялық бостандық, жалпы демократиялық негізіндегі ұлттық автономия үшін қозғалыстар күшейді; төртіншіден, өлкеде революциялық қозғалыс пен революциялық үгіт күшейді. Ақпан революциясының өзіндік ерекшелігі-елде қос өкімет орнады: буржуазиялық Уақытша үкімет және жұмысшы, солдат депутаттарының Кеңестері орталықта және жергілікті жерлерде буржуазияның саяси билігінің ұйымдарын құрудың нақты негізі Мемлекеттік дума, қалалық думалар және әр түрлі комитеттер болып табылды. Уақытша үкімет биліктен отарлы әкімшіліктің әскери губернаторларын, генерал-губернаторларын, чиновниктерін аластатты. Олардың орнына облыстық комиссиялар, азаматтық атқару комитеті, коалициялық комитет тағы басқа құрылды. Болыстарда, ауыл мен селоларда сол баяғы болыстық және ауылдық басқарушылар, селолық старосталар, станицалық атамандар қалды. Уақытша үкімет облыстардың басшылығына патша өкіметінің бұрынғы шенеунік-отаршыларын, сондай-ақ қазақ зиялыларының өкілдерін де тағайындады. Мәселен, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссары болды. Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабарлар жергілікті жерлерге жетісімен түрлі әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару ұйымдарын құруды қолға ала бастады. Азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық ұйымдардың құрама атқару комитеті тәрізді қоғамдық негіздегі комитеттер патша өкіметінің билігі жойылған жерлерде дереу бой көтерді.  Ақпан революциясының алғашқы күнінен 5 наурызға дейінгі аралықта, яғни Уақытша үкіметтің жергілікті үкімет ұйымдарын құру жайлы қаулысына дейін 29 губерниялық комитеттер құрылды. Сол кезеңде жергілікті билікті жүзеге асыруға тырысқан бұл ұйымдардың бұқарашылдығымен бірде-бір қоғамдық - саяси институт тең келмеді.  Буржуазиялық-демократиялық революция ұлт аймақтарында жаңа әкімшілік жүйені негіздеу мен олардың өзін - өзі басқарып, билеу мүмкіндігін туғызды. Облыс, уезд болыс және ауылдарда Уақытша үкіметтің басқару орындары қалыптаса бастады. Бүкіл Ресейдегі тәрізді қазақ өлкесінде де Азаматтық комитеттер құрыла бастады. Азаматтық комитеттердің төменгі, яғни ауыл мен болыс дәрежесіндегі жүйесін құру ісі тез қарқынмен өрістеді. Бұлармен қатар уездік және облыстық комитеттерді құру ісі де қатар жүрді. Олардың құрылуы мен жергілікті атқару билігі жүйесін ұйымдастыру ісі толық жүзеге асырылды.  Қазақ қайраткерлерінің отарлық езгіден құтылуды, елдің өз билігі өзіне тиіп, басқа ұлттар қатарлы өз алдына ел болуды көздеген қозғалысы да осы Ақпан революциясынан кейін күшейе түсті. Революция жеңісінен кейін іле- шала Ә.Бөкейханов Семейге, Қарқарлыға, Оралға, Қызылжарға және басқа қалаларға жеделхаттар жолдап өзінің серіктерін жергілікті жерлерде қазақ комитеттерін құруға, Уақытша үкіметті жақтауға бағытталған іс - әрекеттер жасауға шақырды.  Осы кезеңде қазақ халқының бостандыққа ұмтылуының әрі оянған сананың негізінде қазақ комитеттері пайда болды. 1917 жылдың ақпан мен желтоқсан айларының аралығында өзінің шарықтау шегіне көтерілген ұлт- азаттық қозғалыс тарихында өзіндік орны бар қоғамдық ұйым - Қазақ комитеттері өз ұлтының жоғын жоқтап, азаттық үшін күрестің мол ауыртпалығын өз мойнына алған қазақ зиялыларының белсенді қоғамдық қызметі нәтижесінде өмірге келді.  Алайда Уақытша үкіметтің жергілікті басқару органдарын құру кезінде де облыс және уезд орталықтарындағы орыс жұртының қолында еді, комитеттердегі басшы орындар да солардың үлесіне тиді. Сондай-ақ олардың құрамына енгендердің арасында ұлтаралық қатынас мәселесінде ескі патшалық әкімшілік көзқарасында тұрғандар, әрине, аз емес болатын .  Жергілікті халық мүддесін ескермеу секілді кертартпа әрекеттері атқару комитеттерінің құрылу барысында-ақ көрініс бере бастады. Мұндай жағдайлар жер-жерде көрінді. Мәселен, Семейдегі облыстық комиттетер ісінде ұлттық мүдде мүлде ескерілмеді. Осындай жағдай туралы өз кезегінде ”Сарыарқа” газеті былай деп жазды: “Патшалық заманның туы құлады, мемлекет билігі жалпы жұрттың қолына келді, бірақ билік қолға келгенмен мемлекет жұмысын жалпы жұрт бір жерде жиылып отырып істеп отырмақ емес, бұл міндетті іске асырып атқаратын жұрттың сенім көрсетіп, ортасынан сайлап жіберген өкіл депутттары. Осы күнгі әр жерде көбейіп жатқан комитеттер сол жұрт билігінің сәуле суреті. 5 марта облыс билігін, әмірін атқарып тұраған Семей областной исполнительный комитеті ашылды. Комитетке әрбір ұйым қаумынан екі-екі кісіден мүшелер кірді. Қазақ ішінде ұйым-қауымдық жағынан бұл комитетке бірде-бір кісі алынбады” /1/.  Ескі әділетсіз патшалық билік жойылып, оның орнына жаңа билік келгенімен де қозғалыстар үшін ұлттық мүддені қорғап, талап тілектерін білдіретін мемлекеттік мекемелерсіз қалу қаупі төнді. Сондықтан да Семей облысының зиялы азаматтары 7 наурызда шұғыл түрде Семей облыстық Қазақ атқару комитетін құрды. Жаңа құрылысты қолдау және қазақ халқын замана көшінен қалдырмау үшін ұйымдастырушылық жұмысын өз мойнына алған облыстық Қазақ комитеті қазақтарға тиесілі істерді дербес шеше бастады. Ақпан революциясынан кейінгі Қазақстанның әлеуметтік-дамуында  ұлттық мәселелер өз шешімін күтті. Өлкеде осы кезде мұсылмандық қозғалыс өрістеді. Ұлттық мәселенің шешілуін жергілікті халық Уақытша үкіметтің құзырлығымен байланыстырды. Сондықтан да жер-жерлерде, әсіресе Жетісу мұсылмандары Ташкенге Уақытша үкімет өкілдерінің келуін асыға күтті. Олар өздерінің бостандық алатындықтарына сендi. Революцияның жеңісінен кейін Қазақстанда ұлттық қозғалыс күшейді. Алайда ұлттық қозғалысты кедей шаруа, батырақ т.б. өрістете алмады, толық түсіне алмады. Еңбекші бұқара ұлттық интеллегенцияның соңынан ерді және  соған бағыт ұстады, сөйтіп, алғашқы кезде ”ұлттық автономияның” идеяларына еліктеді. 1. Сарыарқа. 1917. №12. 19 маусым.  Ал Уақытша үкімет болса әлеуметтік мәселелер тәрізді ұлттық мәселені шешуге асықпады. Үкімет ұлттардың өзін-өзі билеуі, тәуелсіз болуы сияқты жергілікті халықтың көкейіндегі мәселені “жалпы мемлекетті қолдау”, ”Ресейдің біртұтастығы мен бөлінбестігі”-деген ұрандарымен ғана шектеді. Буржуазиялық үкімет пен буржуазия формальды түрдегі буржуазиялық демократияны жақтады. Орта Азия, Қазақстан сияқты шет аймақтарда шектелген демократияны ендіріп, “Ресейдің бөлінбестігін” қамтамасыз ету мақсатындағы шеңберден аспауға тырысты. Осыған орай, Уақытша үкімет Қазақстан мен Орта Азия халықтарына тұрғындарының 98 проценті мұсылмандар болып табылатын Түркістан аймағындағы 10 млн. халықтың бостандық, теңдік, халықтар бауырластығы негізінде Ресей революциясы берген ұлттық-мәдени өзін-өзі билеуге барлық құқықтары бар, - деп сөз жүзінде айтқанымен оны іске асыруға құлық танытпады. Уақытша үкіметтің шектелген “демократиясы” жеке адамдардың заң алдындағы теңдігі мен бостандығын формальды түрде жария етті. Жекелеген сот инстанцияларында істі жергілікті тілде жүргізуге, балаларды ана тілінде оқытуға, тағы осы сияқты мәселелерге рұқсат берілді. Буржуазиялық үкімет- ”мәдени автономия” идеясын құлшына қолдады, себебі мұның өзі жергілікті халықтың мектеп салуға, ағарту ұғымдарына бірігуді, өз ана тілінде сөйлеуді буржуазия өз мүддесіне сәйкес деңгейлер мен түрлерде шектеуге болатындығын түсінді. Өзінің әлеуметтік мәні мен мазмұны жағынан ”мәдени автономия” буржуазияның мүддесіне қызмет етті.  Уақытша үкіметтің алғашқы кезеңдерінде-ақ Орта Азия мен Қазақстанда, олардың басқару жүйесінде және елдердің ішкі өмірінде патша өкіметі кезіндегі құрылысты сақтап қалуға тырысқандығы айқын көрінді. Бұл губернаторлық жүйені сақтап қалудан, оған кейбір либералдық белгі беруден де аңғарылды. Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті ұйымдары кулак, қазақ ауылдарының байларына арқа сүйей отырып, қазақ халқының революциялық өрлеуін әлсіретуге тырысты, империалистік соғысты жүргізе отырып, оның ауыртпалығын халыққа түсіріп, қазақ жұртын тонауды жалғастырды. Уақытша үкіметтің Қазақстанда патшаның қанау саясатын ұстанғандығы  мынандай оқиғалардан да көрінді: ол 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азияда болған көтерілісті аяусыз басқан жазалаушы отрядтардың мүшелеріне амнистия беру туралы қаулы қабылдады. Жергілікті жерлерде бұрынғы уездік, облыстық басқармалар, губернаторлар азаматтық комитеттердің төрағалары, комиссарлары болды.  Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар өз күшінде қалды. Жер мәселесі шешілмеді. Казак әскері қарамағындағы және басқа да ірі жер иелері сол күйінде сақталды. Қазақтардан ең таңдаулы жерлерді тартып алған қоныс аудару басқармасы өз қызметін ары қарай жалғастыра берді. Мұның өзі уақытша үкіметтің әлеуметтік мәселелерді жергілікті ұлттың мүддесін шешуде ескермегендігін анық көрсетеді. Ал жер реформасын жүргізуді Уақытша үкімет империалистік соғыста жеңіске жеткен соң Құрылтай жиналысын шақырып, сонда жариялауды ұйғарған сыңай танытты. Ұлт мәселесінде Уақытша үкімет “Діни наным - сенімдерді және ұлттық шектеулерді жою туралы” 1917 жылдың наурызында декрет қабылдады. Онда былай деп жазылды: ”Ресей азаматтарының құқықтарындағы заң бойынша белгіленген барлық белгілі бір дінге сену, оны оқып-үйрену немесе ар-ождан шектеулері жойылады. Алайда бұл Уақытша үкіметтің өз мүддесін қорғау бағытындағы шара болды. Декрет шын мәнінде Ресей халықтары мен ұлттарының құқықтарын қорғауды, мүддесін көздемеді. Құжатта шет аймақтардағы халықтардың саяси және өзін-өзі билеу құқықтары туралы айтылмады. Сонымен қатар декретте саны жағынан аз ұлттар мен халықтардың, этникалық топтардың тағдары жайында еш нәрсе жазылмады. Декретте ұлттық езгі мен теңсіздікке негізделген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу былай тұрсын олар күн тәртібіне шығарылмады. Уақытша үкіметтің басшылары әлеуметтік мәселелер, соның ішінде ұлт мәселесі, оның шешілетіндігі жайлы даурықпа уәделер беріп, бұқара алдында сөз сөйлеуден аспады. Жергілікті жерлердегі жағдай қанағаттандырылмаған жергілікті халықтық ұйымдар, жекелеген топтар Уақытша үкіметтің атына жедел хаттар, өтініштер, ұсыныстар жолдап, орталыққа өкілдер жіберіп, ұлт мәселесі бойынша үкіметтік декларацияны іс-жүзіне асыруға қол жеткізуді сұрады.  Мәселен, 1917 жылы 8 тамызда Қысқы сарайға Бүкілресейлік мұсылмандар ұйымының атынан үлкен делегация келді. Оларды министрдің орынбасары Некрасов қабылдады. Делегация Түркістандағы ауыр жағдай туралы хабардар етіп, мұсылмандардың елді басқару саясатынан шеттетілгендігін мәлімдеді. Революцияның жеңісінен кейін Түркістан аймағында, Жетісу облысында тұратын халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарланды. Мәселен, Жетісу облыстық қырғыз және мұсылман комитетінің төрағасы Жайнақовтың  бас комиссарға жолдаған жедел хатында өлке тұрғындарының ауыр жағдайы ашып айтылады. Мұнда былай делінген: “Жетісу мұсылмандары өздерін қағаз жүзінде ғана еркін сезінеді, ал шындығында олар бұрынғыдан да езіліп отыр - сондықтан да олар өздерінің ауыр жағдайларына назар аударылып, шара қолданылатындығына сенеді. Қырғыз шаруаларын өлтіріп, тонау тоқтатылып, аштыққа ұрынғалы отырған тұрғындарды қорғап қалуға шара қолданылады деп ойлайды. Қырғыздарға, әсіресе Ташкент, Жаркент, Верный уездеріндегілерге орыс тұрғындары астық сатпайды, ал азық-түлік комитеттері оларға ештеңе бермейді. Жергілікті жерлерде көктемнен бері жаппай аштан өлу жағдайлары орын алуда,  Қырғыздар әртүрлі себептермен өз жерлеріне жіберілмейді. Ол жерлер азық-түлік, жер комитеттері арқылы арендаға берілуде” /1/. 1917 жылдың 24 тамызында Керенский Түркістаннан келген өкілдерді қабылдап, олардың жер мәселесі төңірегіндегі шағымдары мен келіспеушіліктерін таңдады. Керенский “бұратана тұрғындардың жерлерін басқа халықтардың пайдасына ешкім ешқашан да тартып алуға тырысқан емес” деп  ашып айтты.  1.  ӨР ОММ. И1044 қор, 1тізбе, 12 іс, 28 парақ.  Мұның өзі  Уақытша үкіметтің еңбекші бұқара үшін  аса өзекті болып табылатын жер, соғыс, ұлт т.б. мәселелерді шешуге асыға қоймауын толық аңғартады. Сондай-ақ жер мәселесінде орын алып отырған күрделі жағдайды ескермей, патша өкіметі кезіндегідей қазақ жерлерін тартып алу, қоныс аудару тәрізді саясатын өзгертпей сол күйінде жалғастырғандағын дәлелдейтін оқиғалар жиі ұшырасты. Уақытша үкіметтің ұлт мәселесін шешуге кері көзқарасына, кертартпа шараларына қарамастан жер-жерлерде ұлттық қозғалыс өрістей түсті. Қазақстандағы халықтың бас көтерулері саяси автономия, өзін-өзі билеу құқығын беру тәрізді талаптар басым болды. Мұндай талаптардың күшейгендігі соншалықты Уақытша үкімет басшылары оларға назар аударуға мәжбүр болды. Күшейіп отырған халықтық қозғалыстар әлеуметтік мәселелерді шешу үшін шектелген буржуазиялық үкіметті қыспаққа алды. Үкімет бұл мәселелерді құрылтай жиналысын шақырып, сонда шешуге уәде берді. Түркістандағы Уақытша ұйым басшылары ”барлық мұсылмандармен бірге, барлық Ресей республикасының азаматтарының мүддесін ескере отырып, өздерін халықтық ұйымдарға арқа сүйеген мемлекеттік билікті мойындап, қолдарынан келгенше қолдап, елді құрылтай жиналысына дейін алып баруға тырысатынын” білдірді. Уақытша үкімет ресми түрде “автономия” туралы мәселені шешуден бас тартпады, алайда бұл бағытты іске асыру үшін нақты шаралар қабылдамады, оны Құрылтай жиналысының құзырлығына қалдырды. Уақытша үкіметтің Түркістандағы комитеті тұрғындары үндеу тастап, оларды, “Уақытша үкіметтің айналасына топтасып, революцияны қорғауға шақырды. Комитет “Барлық билік халыққа берілсін-бұл билік еркін әрі мықты. Ол өзінің сөзін құрылтай жиналысында айтады”,-деп жария етті /1/.  Әйтсе де қазақ зиялылары ұлт және мемлекеттік мәселелердің құрылтай жиналысында шешілуін күтіп отыра алмады. Уақытша үкіметтің әлеуметтік- экономикалық, саяси мәселелерді шешуге асықпайтындығына көз жеткізген қазақ зиялылары оны жалпы халықтың деңгейде күн тәртібіне шығарып талпынды. Буржуазиялық-демократиялық революцияның жеңісінен кейін пісіп-жетілген мәселелермен қатар болашақ қазақ мемлекеттігінің түрі мен құрылымын анықтау қазақ зиялылары үшін аса маңызды мәселе болып саналды. Осыған орай қазақ зиялыларының белсенді өкілдері 1917 жылы 21- 26 шілдеде Орынбор қаласында жалпы қазақ съезін шақырды. Съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Ішкі Бөкей Ордасынан өкілдер қатынасты. Съезде жер, сот, дін, әйел, халыққа білім беру т.б. мәселелермен қатар мемлекеттік басқару түрі және қазақ облыстарының автономиясы туралы мәселе қаралды. Құрылтайда талқыланған мәселелердің қарарларында мемлекеттік басқару түріне байланысты былай деп жазылды: “Ресейде демократиялық федеративтік, парламенттік республика болуы тиіс” /2/. Ал қырғыз (қазақ) облыстарырының автономиясына сәйкес мынадай қарар қабылданды: “Қырғыз (қазақ) облыстары облыстық территориялық- ұлттық автономия алулары тиіс” /3/.  Мұның өзі қазақ зиялыларының  қазақ  1.  ӨР ОММ. И1044 қор, 1тізбе, 12 іс, 68 парақ. 2.  ҚР ОММ. 15 қор, 1тізбе, 1684 іс, 494 парақ 3.  Сонда мемлекеттілігі мәселесін ұлттық мүдде тұрғысында, халықтардың өзін-өзі билеу құқығы негізінде шешуге ұмтылғандығын айқындайды. Өкінішке орай Уақытша үкімет жергілікті жерлердегі ұлт өкілдерінің бостандық, өзін-өзі билеу құқығын алу, ұлттық мемлекеттік құрылымдарды құруға деген талпыныстарын қолдамады. Мәселен, белгілі кадет партиясының қайраткері Милюков өзінің партиясы “Қазіргі уақытта ұлттық-территориялық ұйымдардың құрылуын дұрыс деп есептемейді”-деп мәлімдеді. Керенскийдің өзі мүше болған социал-революционерлер партиясының көзқарасы да кадеттер партиясы мен патша генералдарының пікірімен сәйкес түсті. Өкімет басына келген Уақытша үкімет буржуазиялық-демократиялық революциясы жеңісі нәтижесінде шет аймақтардағы халықтар үшін ұлттық- территориялық мәселелерді шешуге тырыспады. Саяси тәуелсіздігін алуға, қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге ұмтылған қазақ зиялылары өз мақсаттарына жете алмады. Буржуазиялық-демократиялық революциясының жеңісін қуана қарсы алған  қазақ зиялы қауымының, Қазақстанның мемлекеттілік мәселесіне байланысты мәселені шешу жөніндегі үміттері ақталмады. Біз талдаған мәселені жоғарғы оқу орындарында оқып-үйренуде, әсіресе ”Тарих” мамандығы бойынша білім алатын студенттер арасында дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізуде Ақпан революциясының қазақ қоғамы үшін маңызын анықтау арқылы тәуелсіз  мемлекеттікті жаңғырту тарихына келу керек. Өз ұлтының жоғын жоқтап, азаттық үшін күрестің бар ауыртпалығын  мойнына алған қазақ зиялылары құрған қазақ  комитеттерінің қызметіне үлкен мән беру қажет. Қазақ комитеттері мен Уақытша үкіметтің мақсат- міндеттерін, атқарған істерін өзара салыситырып қарау ұлттық мемлекеттік мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік береді, әрі алғашқысының  көздеген мүддесі мен ынта-жігеріне тарихи фактілер негізінде көз жеткізуге жол ашады. Ақпан революциясы ауқымында тәуелсіз мемлекеттік үшін қазақ халқының күресінде мұсылмандық қозғалыстың тигізген ықпалы айтарлықтай болғандығын жоғарыда көрсетілген. Осы мұсылмандық қозғалыстың үлттық автономия алуға ұмтылысын және дара мәселе ретінде реферат, баяндама түрінде оқып - үйрену бағытына айналдыруға болады. Сол кезде Уақытша үкіметтің ұлт мәселесін шешуге кері көзқарасы, кертартпа шаралары  да айқын қарастырылатын еді.     

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз