Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Саясат Қазақстан Республикасындағы миграциялық саясаттың кейбір мәселелері

Қазақстан Республикасындағы миграциялық саясаттың кейбір мәселелері

23 Қыркүйек 2013
574
0

Демографиялық процестердің ішінде халықтың миграциясы маңызды орын алады. Өйткені миграцияға қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге шұғыл көңіл бөлетін жауапты сипат тән. Қоғамдағы дұрыс басқару және тиімді әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу үшін миграциялық ағымдардың көлемі мен мигранттардың құрамын бағдарлай және миграцияны тудыратын факторлар мен миграцияның салдарын анықтай білу қажет.

Миграциялық саясат дегеніміз – бұл тұрғын халықтың миграциялануына алып келетін әлеуметтік мінез-құлықтың, әрекеттің бір түрі немесе элементі болып табылатын миграциялық қозғалысқа ықпал ету.

  Қазақстан Республикасы  Үкіметінің 2000 жылғы 5-ші қыркүйектегі 1346-қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының миграциялық саясатының тұжырымдамасында былай айтылған:

-  миграция процестері мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге, елдегі экономикалық және демографиялық ахуалға әсер етеді;

-  миграциялық саясат  Қазакстанның  мемлекеттік сыртқы және ішкі саясатының құрамдас бөлігі болып табылады, оны іске асыру мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болуға тиіс;

-  миграция саясатының субъектілері – орталық және жергілікті атқарушы органдар болып табылады.

Тұжырымдамада адам кұқықтары мен бостандықтарын сақтау негізінде жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, миграция саясатының негіздері айқындалады делінген.

Қазіргі ғылымда, әсіресе батыс ғылымында миграцияны зерттеп, талдауда бір жағынан бірін-бірі толықтыратын және  біріне-бірі біршама қарсы келетін екі негізгі теориялық парадигмалар бар. Біріншісі, құрылымдылық парадигма. Бұл парадигма миграцияны түсіндіргенде басты орынды адамды немесе топты миграциялауға итермелейтін құрылымдарға береді. Осы парадигма макротеориялық парадигма ретінде анықталады, өйткені миграцияның себептері экономикалық және саяси құрылымдар мен қоғамның трансформациялануы болып табылады. Қазіргі кездегі миграцияның себептерін талдауда орын ауыстыру экономикалық детерминация рөлінің маңыздылығы күшті екендігін көрсетеді.

Миграция теориясындағы екінші парадигмада, яғни миграциялау туралы мәселеде субъективті факторға басты орынды беріледі. Субъективтік парадигма микродеңгей теориясы ретінде анықталады, өйткені адам миграцияның басты агенті ретінде талданады. Микродеңгей теориясы миграцияның  макротеориялық себептерінің маңызын жоққа шығармайды, бірақта ол деңгей, объективті факторлар бәрібір де жеке тұлғаның шешіміне байланысты болады дейді. Бұдан көретініміз, миграцияны талдаудағы микротеориялық  тәсіл жеке тұлғалардың шешімдерін зерттеуге көп көңіл бөледі. Бұл парадигма аясында мигрант өзіндік ерекшеліктері бар, миграциялаудан түсетін шығындар мен табыстарды бағалай алатын адам ретінде қарастырылады.

  Тарихқа үңілсек, миграциялық процестерді ең алғашқылардың бірі болып жүйелендірген ағылшын ғалымы Е.Г.Равенштейн. Ол 1885 жылы Ұлыбритания мен Солтүстік Америка тәжірбиесінде миграцияның он бір заңын немесе ережелерін (Ravenstein’s Laws of Migration) қалыптастырып берді, бұл ережені қазірдің өзінде миграциялық теорияны жасаушылар негізге алып келеді. Осы он бір ереженің ішіндегі ең маңыздылары мыналар:

1)  миграция көбіне қашықтықта жүзеге асады (бұл жерде мигрант-спринтер жөнінде пікір білдіріледі, алайда қазіргі кезенде мигрант-стайерлер де көп);

2)  территориялық  орталық ірі болған сайын, ол өзінің тартылымдылығын күшейтеді;

3)  әр миграциялық ағымға өзіндік қарсы ағым сай болады;

4)  ірі қалалардың өсуі қала тұрғындарының табиғи өсіміне емес, халықтың қоныс аударып келуіне байланысты;

5)  халықаралық миграция елдің ішіндегі болып жатқан миграция заңдылықтарымен дамиды;

6)   миграцияның көлемі өндірістің,сауданың, әсіресе көліктің дамуына байланысты көбейе түседі;

7)  Миграцияның,  ең басты, анықтаушысы –экономикалық себептер.

Ал бүгінгі қоғамның дамуында, жоғарыда айтылғандардан, әсіресе, соңғы екі заңдылық берік және анықтаушы сипатқа ие. Демографиялық процестердің арасында тұрғындардың миграциясы ерекше орын алады. 1989 жылы жарық көрген «Миграциология» деген еңбекте миграция дегеніміз «бұл – әлеуметтік-экономикалық қатыныстарға байланысты болатын миграциялық қозғалыс»,- деп жазылған. Миграцияның мынадай категорияларға негізделген интегралды классификациясы бар, олар: 1) типі; 2) түрі; 3) формасы; 4) себебі; 5) деңгейі. 

1) Миграциялық қозғалыстар бір елдің ішінде де, осымен бірге мемлекеттердің арасында да болады. Сол себептен де тұрғын халықтың миграциясының екі типін бөліп алады: халықаралық (мемлекетаралық, сыртқы) және ішкі (мемлекетішілік).

Халықаралық миграцияға иммиграция және эмиграция деген түсініктер тән. Біріншісі, жұмысқа орналасуды немесе оқуға түсу мақсатында және басқа да себептерге байланысты басқа елге барып кіруді білдіреді. Екіншісінде елден кету туралы айтылады.Осыған байланысты иммигранттар және эмигрантар болып бөлінеді. 

Ішкі миграция дегеніміз – бір мемлекеттің территориясы көлеміндегі қозғалыс. Ішкі миграцияның ағымдары мынадай бағыттары бойынша бөлінеді: қала–қала;ауыл–ауыл; ауыл –қала; 

2) Ішкі және сыртқы  миграция: қоныс аудару, қайтарымсыз және тұрақты-уақытша миграцияға бөлінеді, біріншісі тұрақты мекен-жайын, азаматтығын өзгертумен байланысты, ал екіншісі болса, жаңа жерде (жаңа елде ) шектеулі бір уақытпен журуді бейнелейді.

3) Формасына қарай миграциялық қозғалыстарды былай деп бөлуге болады: Мемлекеттің немесе әртүрлі қоғамдық құрылымдардың (мәселен, ұйымдастырылған түрде еңбекшілерді жинау, қоғамдық үндеулер бойынша миграция) көмегі арқылы жүзеге асатын қоғамдық-ұйымдасқан және ұйымдаспаған, яғни мемлекеттің көмегінсіз жүзеге асатын миграция. 

  4) Мигарциялық қозғалыстарды себептеріне байланысты жіктей отырып мыналарды бөліп алуға болады: экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени, діни, нәсілдік, әскери, демографиялық (отбасының бірігуі, некелік миграция) және т.б миграция.

Қазіргі кезеңде миграцияны қандай факторлардың анықтағанына қарамастан, басты орынды экономикалық миграция алады. 

5) Тұрғын халықтың миграциясы үш деңгейге бөлінеді. Бірінші деңгей – бұл миграциялау туралы шешімді қабылдау. Екіншісі, бұл территориялық қоныс аудару: ұйымдасқан немесе ұйымдаспаған миграциялар, яғни мигранттың өзінің тәуекеліне байланысты.Үшіншісі – бұл мигранттың жаңа орынға, жаңа жұмысқа бейімделуі және үйрену деңгейі. 

Мемлекеттік миграция саясатының қалыптасу кезеңдерін қарастыратын болсақ, халықтың миграциясы объективті әлеуметтік-экономикалық процес ретінде бір-бірімен тығыз байланысты құрамдас бөліктерден тұрады. Яғни, сыртқы миграция: эмиграция мен иммиграция және ішкі миграция (ауыл мен қала, қала мен қала т.с.с). 

Қазақстан Республикасының миграциялық саясатының тұжырымдамасы бір мезгілде сыртқы да, ішкі де миграцияны реттеуге арналған. Мұндай саясат мемлекеттің белгілі бір аймақтағы мигранттар қозғалысының ағымы мен құрамына ықпал ете отырып, халықтың санымен құрамын сақтап қалуға немесе өзгертуге бағытталады. Оның басты мақсат экономиканың және халықтың тиімді дамуын қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындарды дұрыс орналастыру, оның сапалық құрамын жақсарту, аймақтардың бірдей дамуын қамту, өмір жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты теңестіру болып табылады.

Әдебиеттер:

  1. Тәтімов М.Б. Дербестігіміз – демографияда. – Алматы, 2002.
  2. Сатершинов Б.М. Қазақ мәдениетінің кейбір мәселелері. – Алматы, 2005. 


Ә.С.НҰРЫМОВ, саяси ғылымдарының кандидаты

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз