Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Талдау мен сараптама Тәуелсіз Қазақстанның жаңа бағдарламалық құжаты

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа бағдарламалық құжаты

23 Қыркүйек 2013
53
0

Қазақстанның жиырма жылдық шепті еңсеруі жаңа кезең мүмкіндіктері мен болашақ көкжиектерінің ашылуымен сипатталады. Ерте ме, кеш пе, әрбір мемлекет өткен жолының, басынан кешкен заманының мәнін түсінуге тырысады. Жиырма жылдың ішінде Қазақстан тек қана егемендік пен тәуелсіздік жолын меңгеріп қоймай, осы мерзімде нарыққа негізделген қоғамды құруға бар күшін жұмсады. Дегенмен нарық пен нарықтық қатынастарды әрі қарай дамыту жолындамыз.  Бұған қоса әлемді жайлаған жаһандық үрдіске мән берсек, дербес мемлекетті құру қаншалықты қиын болғанын оңай елестетуге болады.

Өткен жетістіктерді қорытындылап болашаққа болжау жасау ерекше заманауилық көрегендікті талап етеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайымызды «қысымды турбуленттік» деп сипаттап қана қоймай, болашағымыздың баянды болу жолдарын анықтауға арналған сомды ой-толғауларын тағы да халқына жолдап отыр.  Бұл жай ғана мақала емес, сарапшылар қоғамы оны алғашқы күннен бастап бағдарламалық құжат деп бағалауда. Әрі айтқанда, ол тарихи құжат. Оны Қазақстанның қазіргі заман тарихы, қоғамның өзі дүниеге әкеліп, көптен күткен жаңа леп ретінде қабылдап отыр.

Елбасы қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың басты мәніне назар аударады. Яғни, экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасындағы тиімді тепе-теңдікті табудан басталады. Нарықтық үрдістерге бейімделген әлеуметтік мемлекетті қалыптастыру ісі заңдылықты түрде тұрақты өзгертулер мен мақсатты әрекеттерді пайдалануды талап етеді. Бұндай әрекеттер нарықтың нақты субъектілеріне қамқорлық көрсетуге арналады. Өйткені нарық кейде сұрапыл апатқа тең құбылыс. Тіпті аяқ астынан соққанда оның күші мен әкелетін зардаптарын болжау да мүмкін емес. Мұндай жағдайда жеке адамға қамқорлық көрсету, оны есен-аман алып қалу, әрине, мемлекет пен қоғамның басты мақсаты.

Ұлт көсемінің жария етіп отырған бағдарламалық көзқарасы тек Қазақстан ғана емес, әлемнің барлық адамдары мен мемлекеттері үшін маңызды. Жаһандық үдерістер мұхиттың арғы бетінде ғана емес, дала мен тауда, теңіз бен шөлде өзіндік белгілерін қалдыра береді. Алайда оның нышандарын нарықтық экономикаға бейімделген қоғамдардан нақты табуға болады.

Жиырма жылдан астам мерзімде Президент пен Үкімет, жалпы Қазақстан халқы мықты әлеуметтік мемлекет пен өзіндік дамуға қабілетті қоғамды құруға талпынған еді. Тәуелсіз мемлекетті құру оңайлыққа түскен жоқ. Әрине, бүгін біз әлемді таңқалдырған ғажайып мемлекет ретінде танылып отырмыз. Біздің осындай қол жеткізген сара жолымыз күлінен қайта тіріліп көкке ұшқан Феникс құсына тең құбылыс.

Әлеуметтік жаңғырту ісі тек қана мемлекет тарапынан емес, қоғамның барлық институттары мен құрылымдарының қатысуы нәтижесінде жүзеге асады. Бүгінгі таңда бұл салаға білек сыбана араласып жүрген «Нүр Отан» Халық-демократиялық партия белсенділері. Бір ғана Алматы филиалына назар аударсақ, мұнда осы күндері әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырудың жаңа әдістері мен жолдарын анықтап, оларды сапалы орындау ісінің қолға нақты алынғандығын байқауға болады. Көзге ерекше түсіп отырған Әуезов ауданы филиалының жүргізіп жатқан іс-шаралары. Күн ара емес, күнде десек артық болмас көптеген адамдардың басын қосып қоймай, олардың ішінде нақты әлеуметтік топтар, жеке адамдар мен тұлғаларға, жастар мен қарияларға арналған түрлі қоғамдық шаралар қызу атқарылуда. Жақын арада тарихи және мәдени байланыстары тығыз шекаралас Алматы облысына қарайтын аудандармен ынтымақтастықты нығайтатын арнайы іс-шаралар жүзеге асты. Басты нәтиже - ұрпақтар сабақтастығының қалыптасуы. Тарихи-танымдық экспедиция, оның барысында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жамбыл атамыздың мұражайына сапарға, ақпараттық шолуларға, мектеп стадионындағы ұлттық спорт ойындарына үлкен жастағы мен орта буын, жастар мен бала-шаға бірдей қатысып, үлкен рухани нәр алды. Дәл осындай істерден жеке адамға деген бетбұрыс басталады. 

Елбасының туындысы мақсаттылығымен және нақты істерді меңгеру қажеттілігімен сипатталады. Қазіргі Қазақстанның бастан кешіп жатқан нарықтық жағдайда бұл өте маңызды. Әр адам мемлекетіміздің қамқорлығын сезінуге тиісті, бұған оның құқығы да бар. Әрине, бір құжат көлемінде барлық мәселелердің шешімін белгілеу мүмкін емес. Өмір барысы сауалдар мен олардың жауаптарын қайта-қайта тудырып жатады. Адам баласының жаратылысынан бастау алатын әлеуметтік проблемалар осы күнге дейін азайған емес. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» немесе «Алтын ғасырлар» тек ғана тарихи жадта сақталады. Ал осы күнге дейін өз заманымызды сондайға тең, немесе одан артық қылып болашақ жадында қалдыру ойы қайсымызды күрсіндіріп, мазалап  жатыр екен? Ол үшін қаншалықты дайынбыз, талпындық па деген сауалдарды жиі көтерген жөн.

Тарихтың қалдырған үлкен тағылымы - қандай да бір қиын заман болғанымен, еңбек еткен адамның ол қиындықтарды жеңіп шығуында. Адамның еңбекке деген құштарлығы, оның нәтижелеріне маңдай терімен жету, сөйтіп атқарған еңбек жемісімен бөлісе білу талай рет оны адам қылған, ұрпағын сақтаған, бүгінгі күнге жеткізген. Нарықтың тұманында жатасып, оңай ақша табу жолдарын көздегендердің күні қараңғы да, шектеулі. Бұған Елбасының Үкіметке тапсырған жиырма тапсырмасы үлкен дәлел.

Ең бастысы - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы. Бұндай идеяның өмірге келуі кездейсоқтық емес. Қоғамды әрі қарай дамыту мақсатындағы жалпыға бірдей идеялардың дүниеге келуі - адамзат тарихындағы заңдылықты тіршілік нышаны. Қазақстан мен әлемнің қазіргі таңдағы жағдайы осыны талап етеді.

Ғасырлар тоғысы адамдарға жаңа серпіліс беріп, толғандырады. «Бүгінде еңбек – ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор», - деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінің классикалық мәні бар. Өйткені ақиқат еңбектің қиындығында. Әрине, адал еңбек ету оңай емес. Бірақ сол адалдықтың нәтижесінде, төгілген маңдайтердің арқасында бекзатыққа бөленесің, адами қасиетіңнен айырылмайсың. Тағдыр еңбек еткенге игі ниетті келеді. Нағыз еңбек еткен ешбір апат пен дағдарыстан үрейленбейді.

Президенттік жаңа бағыттың ой өзегі – Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртуының акмеологиясында. Кемелдену биігінен көріну, толыққанды адам болу адамзат баласына тән қасиет. Сол арқылы қоғам өзгереді, оның ықпалы мемлекетке әсер етеді. Мемлекеттік патернализм кемелінде ұзақ өмір  сүру мүмкін емес. Әлеуметтік уайымсыздық, дауылдатқан нарықтың амалына сену тек артқа тартып, көштің соңында қалдырады.


С.Ф. Мәжитов

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану және Халықаралық ақпараттандыру

академияларының академигі (Алматы қ-сы)


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз