Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дінтану Рухани кемелдікке жетудің жолы сан тарау...

Рухани кемелдікке жетудің жолы сан тарау...

17 Қыркүйек 2013
116
0

Өскен, өркендеген қоғамға тән сипат - оның руханият дүниесінің бай болуы. Сол қоғамда өмір сүрген мемлекеттің рухани кемелдікке жету жолындағы саналы да сапалы іс-әрекеттері неғұрлым көп болған сайын, оның бүгіні ғана емес, болашағы да соғұрлым жарқын бола бермек. Қазақ қоғамының бүкіл тарихын таразылайтын болсақ, оның туып, қалыптасуы, дамуына қатысты көптеген құбылыстардың, оқиғалардың, жағдайлардың болғаны қандай ақиқат болса, тұғырлы тәуелсіздігіміздің беки түсуі үшін тарихи тұрғыдан руханият дүниеміздің түгенделуі мен оның бүгінгі жағдайына бей-жай қарамаудың маңызы да соншалықты үлкен.

Осы орайда Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамын түгел жайлаған, мұсылман дінінің қағидаларына сүйенген діни-ағартушылық жүйенің, құбылыстың, ойшылдық арнаның ақ-қарасын ажыратып, ілімдік, білімдік тұрғыдағы сапалық ерекшеліктерін, қоғамға қызметінің оң, теріс жақтарын таразылау мен саралаудың, анықтаудың маңызы зор. Академик Ғ.Есім діни-ағартушылық бағыттағы ой-сананың қазақ қоғамында төрт бағытта өрбігенін дәлелдейді. Олар:

1. діни-ағартушылық ой – сананың қазақ әдебиетінде: фольклорда, жыр-дастандарда яғни ауызша және жазба әдебиеттің барша жанрлары мен үлгілерінде және өнер туындыларында: мазарлар, кесенелер, мешіттер т.б. орын алуы.

2. діни-ағартушылық ой-сананың жалпы халыққа білім беру ісімен тікелей байланысты болуы.

3. діни-ағартушылық ой-сананың тәрбие ісімен тікелей байланыстылығы.

4. діни-ағартушылық ой-сананың құқық мәселесінде кеңінен көрініс табуы. («Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» (Марал ишанның 230 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция материалдары, Алматы 2010, 7-бет).

Бажайласақ, діни-ағартушылық ой-сана қазақ қоғамының рухани жағын түгел қамти отыра, ұлттық сананың, идея мен идеологияның қалыптасуына тікелей әсер етуші болған екен. Академик Ғ.Есім «Осы діни-ағартушылық бағыттың негізінде қазақ елінде рациональды ойлау жүйесі қалыптасып, өсіп отырды. Оның бастау бұлағы Әл-Фараби, арғы жағы Платон, Аристотель, бергі жағы Абай, Шәкәрімдермен аяқталады. Және айтарым, қазақ халқының керемет ақындары: сонау Доспамбет, Қазтуған, Шал ақын, Махамбет, Тұрмағамбет, Жамбыл, Сүйінбай т.б. жыршы-жыраулар шығармашылығы мен дүниетанымы түптің түбінде қазақ елінде қалыптасқан діни-ағартушылық ой-санаға қатысты», - деп жазады (Жоғарыдағы кітапта 9-б).

Діни-ағартушылық ой-сананың орнығып, қоғамды ілгерілетуге қозғаушы күш болған жерлерінің бірі Сыр өңірі болғаны тарихтан белгілі. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейінгі жағдайында діни-ағартушылық ой-сананың өмірден, ұлттық сана мен тұрмыстан берік орын алуына қызмет еткендер өз заманының білімді, зиялы қауымы болып саналатын ишандар мен ахундар болды. Х-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген, Мекке, Медина, Бағдат, Шам, Ыстамбул, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд, Бұхара қалаларында оқып, білім алған олар Орта Азия мен Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік қызмет атқарды. «Менің Отаным-Қазақстан» сериясымен шыққан «Сырдария» атты ғылыми, тарихи - танымдық кітабымыздың (авторлары Б.Кәрібозұлы, А.Әбілов, Н.Мыңжасов, С.Тайманов, Ғ.Тұяқбаев) Н.Мыңжасов жазған бөлімінде Сырдария ауданы аумағында дүниеге келіп,  діни-ағартушылық бағытта қызмет жасаған бір топ ахундар мен ишандардың өмірбаяндық деректеріне тоқталғанбыз және олардың өздері өмір сүрген уақыттағы елге, халыққа жасаған қызметтерін саралағанбыз. («Сырдария» Астана, «Фолиант» баспасы, 2011, 139-б). Соларды атап өтсек: Сайд Ахмет Қосани (1461-1542жж), Мақтум Сейт баба (1590-1663жж), Қожжан қожа (1595-1676жж), Мәдіқожа (ХҮІІғ), Мүсірәлі сопы әзиз (ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.ғ.), Сейтбембет әулие (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.), Марал ишан Құрманұлы (1780-1841 ж.ж.), Құлболды ишан (1785-1860 ж.ж.), Оразай ишан Бұғыбайұлы (1809-ө.ж.б.),  Сайфназар ахун (1811-1873жж), Қалқай ишан (1815-1860жж), Ораз-Мұхамеджан ахуын (1836-1894жж), Мұңайтпас би Лапин (1838-1918жж), Алтайбек ахун (1841-1913жж), Бәймен ахуын (1846-1916жж), Тапал ахун (1842-1921жж), Бабай ишан Жүнісұлы (1857-1937жж), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916жж), Жармұхаммед ишан Оразайұлы (1858-1919жж), Садық ахун Қадырұлы (1860-1937жж), Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927 жж), Мақсұт ишан (1873-1938жж), Ақмырза ишан (1882-1930жж), Қарамолда Мұхамеджан (1888-1937 жж), Сүлеймен ишан Есейұлы (1888-1969жж) т.б.

«Сырдария» кітабында біз бұлардың өмірбаяндық деректерінен мағлұматтар берумен қатар, атқарған қызметтерін:

- еліміздің іргесін бекітуге, әлемдік өркениетке қосылуына, ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал ету;

- мешіт салып, елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелеу;

- медресе-мектеп ашып халыққа білім беру жұмысын ұйымдастыру;

- Шығыс ойшылдарының мұраларын зерделеу, тарих, тіл, әдебиет, өнер, философия, медицина, фармацевтика, астрономия және т.б. ғылым салалары бойынша іздену;

- халықты ауру-сырқаудан емдеу, салауатты өмір салтын насихаттау;

- елді кәсіпке баулу және отырықшы өмірге машықтандыру;

- халықтың әлеуметтік жағдайы төмен әлжуаз топтарына қамқор-пана болу, қайырымдылық көрсету;

- Орта Азия халықтары мен Ресей империясының отаршылдық ықпалына  қарсы халық арасында ұлт азаттығы мен діни-ағартушылық жұмыстарын насихаттау;

- Ресей білім жүйесі аясында оқу-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру;

- араб-парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі жазба әдеби, фольклорлық мұралардың классикалық үлгілерін қайталай жырлаған қолжазбаларды тарату, кітап етіп жариялау, т.б.

- Кеңес үкіметі кезіндегі идеологиялық қыспаққа қарамастан, отаншылдық, ізгілік, діни-мұсылмандық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру. («Сырдария», Астана 2011, «Фолиант» баспасы, 145-б)

Жоғарыда келтірілген ишандар мен ахундардың, ойшыл-ғалым, ұстаздардың көпшілігі Сырдария ауданының аумағында дүниеге келген. Ал бұл тізімді облыс, республика көлемінде алып қарастырар болсақ,  ел үшін, ұлт үшін қызмет еткен діни-ағартушылық бағыт өкілдерінің аты-жөнін тізіп шығудың өзі  том-том  кітаптар болар еді. Демек, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамының, шамамен қысқартып айтқанның өзінде Х-ХХ ғасырлар аралығы деуге болар, дүниетанымдық, білім беру, денсаулық сақтау, ел тәуелсіздігі мен  бостандығы, діни, мәдениет сынды сындарлы мәселелерінің осы діни-ағартушылық ой-санаға тәуелді болғанын айтуымыз керек. Олай болса, тұғырлы тәуелсіздігімізді бекіте түсіп, ақиқат тарихты бүгінгі және келер ұрпаққа ұғындыра түсу үшін егеменді еліміздің ғылымы халқымыздың өткен ғасырлардағы рухани өмірін түгел жайлаған бұл ілімді, құбылысты егжей-тегжейлі зерттеуі, зерделеуі қажет деп ойлаймыз.

Соңғы уақыттарда бұл бағытта сүбелі зерттеулер мен мақалалардың, салмақты әрі салиқалы ой айтатын  ғылыми еңбектердің  жарияланып жатуы - көңіл қуантарлық жағдай. Солардың бірі - Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақстан мешіттері мен медреселері – рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғ.ғ.)» (Алматы, «Аруна» 2009) деп аталатын кітабы. Кітапта ІХ-ХХ ғасырлар аралығында қазақ елінде болған мешіт, медреселер, оларда қызмет жасаған ислам ғұламалары мен ағартушылары, діни қайраткерлер жөнінде құнды деректер, мағлұматтар бар. Автор: «ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Түркістанда 20-ға жуық, ал 1920 жылдары 56 мешіт, медресе болды. Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында 200-дей, Бөкей хандығында 78-дей, Жетісу өлкесінде 269, Жамбыл облысында  49, ал Әулиеата қаласының өзінде 15 мешіт пен намазханалар жұмыс істеді», - деп жазады. (Жоғарыда аталған еңбек, 9-бет)

Біз білетінде Сыр өңірінде де 100-ге тарта мешіттер мен медреселер болған. Солардың негізгілері Өзкент мешіті, Айтбай  мешіті 1878 жылы салынған, Ақтас мешіті 1884 жылы салынған, Қазалы мешіті 1888 жылы салынған, Бабай ишан мешіті 1892 жылы салынған, Қожаназар мешіті, Мырзабай ахун мешіті, Қазалыдағы Ноғай мешіті, Әзілхан ишан мешіті, Сайғандыдағы Тілеулес мешіті, Бөгендегі Тәжімбет мешіті, Ақкөлдегі Алтай мешіті, Иманқұл мешіті, Бәлдік мешіті, Оқшы ата мешіті, Базар қожа мешіті, Қырық мешіт, Алдашбай ахун мешіті, Қызылтамдағы Алтынқожа мешіті, Оразай ишан мешіті, Ахмет ишан мешіті, Жармухаммед ишан мешіті, Қалқай ишан мешіті, Қарамолда мешіті, Қожжан қожа мешіті, Құлболды ишан мешіті, Қалжан ахун мешіті, Мақтұм Сейіт бабаның 20-ға жуық ишан болған ұрпақтарының мешіттері болған, Марал ишанның «Қарабөгет», «Байбол»,  «Ишан ауылы», «Қырғы», «Қолаңтөбе», «Қыш», «Қамыр төбе» мешіттері, Жаңақорғандағы Махмұт ишан мешіті, Қаналы мешіті, Кеңтоғайдағы  Базарұлы Жүсіп қажының мешіті, Сайыпназар ахун мешіті,  Ораз-Мухаммед ахун мешіті, Алтайбек ахун мешіті, Бәймен ахун мешіті, Сейітпенбет әулие, Мүсірәлі әулие, Қармақшы әулие, Тапал ахун мешіті, Мақсұт ишан мешіті, Ақмырза ишан мешіті, Сүлеймен ишан мешіті, Садық ахун мешіті, Қызылордадағы Ақмешіт мешіті, Алдаберген ишан мешіті, Басапа ишан мешіті, Дәулетназар ахун мешіті т.б.

Біз бұл жерде жермен-жексен болып, орындары ғана қалған Х-ХҮІІ ғасырларда жоғарыда аталғандардың алдында болған мешіттерді атап отырғанымыз жоқ.

Бұлардан шығатын қорытынды: Кеңес дәуіріне  дейін еліміз аумағында 2000-ның үстінде мешіт, медреселер болса, оларда жергілікті халық өкілдері тіл сындырса, сауат ашса не ауыл молдасынан алған сауатын әрі қарай білім алумен жалғастырса, Кеңес үкіметіне дейінгі қазақтардың 2-ақ проценті сауатты болған деген деректің жалғандығы өз-өзінен дәлелденбей ме? Басқаны былай қойғанда, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың біраз бөлігінің хат танығаны, сауатты болғаны жөніндегі деректерді Сыр елінің өмірінен де көптеп табуға болар еді.  Біздің қолымызда араб харпімен, төте жазумен жазылған, жастардың бір-біріне сүйіспеншілік сезімдерін білдіретін  хаттарының үлгілері бар. Бұндай «Хусни хаттар» жазу дәстүрі бүкіл қазақ елінде болғанына С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», Б.Майлинның «Шұғаның белгісі» шығармаларындағы мысалдар дәлел бола алады. Қазақ әдебиетінде жазба айтыс дәстүрінің  Сыр сүлейлері шығармашылығында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда болғанын қайда қоямыз?! Сауаттылықтың, білімділіктің деңгейі көркем әдебиетте дәстүрлі мазмұнды түр – жанр қалыптастыруға дейін көтеріліп жатса, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың 2 пайызы сауатты болған делінетін әдейі, саясатпен бұрмаланып айтылған деректің жалғандығы өз-өзінен дәлелденбей ме?!

Ендігі бір мәселе сауат ашу мен білім берудің қалай жүргізілгені  туралы болса, жоғарыда айтқанымыздай мешіт, медреселерде ұстаздық еткен Орта Азия, Түркия, Ауғанстан, Мысыр, Үнді т.б. елдерде оқыған, жоғары дәрежедегі білім алған ишандар мен ахундарға қайта ораламыз. Бұлар сөз жоқ – қоғамдағы діни-ағартушылық ағымның өкілдері болды. Соңғы уақыттары айтылып, жазылып жүргеніндей қазақ мұсылмандығын қалыптастыруға, бекітуге қызмет еткен діни-ағартушылардың дүниетанымдық тұғырнамасы, ұстанған бағыт-бағдары сопылық философияға негізделген еді. Жалпы қазақ, түрік  мұсылмандығы жөнінде айтқанда ұлы бабамыз Ясауидың «Менің Хикметтерім құран мәні» деп ғұмыр кешкен, түркілік дүниетанымда мұсылмандықтың жаңа, жасампаз үлгісін қалыптастырған, әдебиет пен өнерде сопылық поэзияның негізін қалаған данышпандық жолын біліп қана қоймай, басшылыққа алып ойлануымыз қажет-ақ. «Ясауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақайдтық жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің  айнасы» (Д.Кенжетай. «Ясауи жолы – дініміз бен діліміздің темірқазығы» «Егемен Қазақстан» 2011 жыл, 28 қыркүйек) екенінде дау жоқ.

Дәстүрлі қазақ мұсылмандығы дүниетанымдық тұрғыдан  сопылық философияға негізделсе, ұстанған жолы Имам ағзам Әбу Ханифа мазхабы десек – бұлардың қай-қайсысының болмасын адамзат тарихының ең көне дәуірлерінен тамыр тартатын көздері жоқ емес. Мәселен сопылық дүниетаным элементтері мұсылман дініне дейінгі уақыттарда да болған. Айталық данышпан  Платонның интуиция, абстрактілі ойлау жайындағы айтқан ой-пікірлерінде сопылық дүниетанымның негізі қаланғаны жөнінде философ ғалымдар арасында айтылатын пікірлер бар. Сол сияқты имам ағзам Әбу Ханифа мазхабы қазақ ұғымына  сіңгенше талай  өткелдерден өтіп шыңдалды. Мұсылман дінін тұтастық қалыпқа жеткізуге Құран ілімін білгірлікпен тәпсірлеп, іргелі ілімге айналдырған «Бейдауи, Рази сынды муфассир – ғалымдар, хадис ілімінің ұстыны болған әйгілі имам Бухари, имам Тирмизи сияқты ғұламалар, ақида-сенім негіздері ілімінің негізін қалаған Матуриди, Ашари тәрізді имамдар, шариғат ғылымын қалыптастырған Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Марғинани іспетті факихтар, тасаууф – руханият ілімінің шоқтығы биік ұстаздары Юсуф Хамадини, Қожа Ахмет Ясауи бастаған әулиелер Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып, ислам дінін тұтас қалпында жүйеге түсірсе» (Д.Қыдырәлі «Рухани ренессанс жолы» Егемен Қазақстан, 27 қыркүйек, 2011 жыл) осы айтылған ғалымдар жасаған ілім қазақ даласына тараған мұсылмандықтың да, оны негізге алып қоғамның қозғаушы күшіне  айналған күйінде Х-ХХ ғасырлар арасын түгел қамтыған діни-ағартушылық ой-сананың да бастау бұлағы болды. Олай болса, біз жоғарыда аттарын атаған діни-ағартушылар діни ұстаным тұрғысынан осы данышпандардың ілімімен қаруланып, имам ағзам Әбу Ханифа мазхабымен жүрген, шәкірт тәрбиелеуде, оқу мен оқытуда Қожа Ахмет Ясауи жолын ұстанған, өз заманының ойшылдары, діни-ағартушы ұстаздары болды деп айтсақ, қателеспейміз. Осындай ағартушы ұстаздар оқытқан, дүниеуани, заманауи мәні бар, адамзат тарихында тек гуманистік, прогресшілдік сипатты жүйеден сауат ашқан, сабақ алған ел қалай  сауатсыз болады?

Діни ағартушылық ағымның бүкіл Шығыста, Орта Азия елдерінде түгел орнағаны, оның осындай терең тарихы барлығы қазақ халқының кешегі, бүгінгі өмірінде үлкен маңызға ие. Шынтуайтына келгенде, Қазан төңкерісіне дейін рулық-патриархалдық, феодалдық қоғамды басынан өткерген қазақ елінің алғашқы уақытта большевиктік жүйеге, Кеңестік саясатқа мойынсынбаушылығының бірден-бір себебі де қоғамда берік орнаған мұсылман дінінің қағидаттарының, осыған негізделген діни-ағартушылық ағымның әсер-ықпалында жатыр. Бүкіл қазақ елін түгел жайлаған ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық көтерілістердің басына дінбасылардың келуі кездейсоқтық емес, әрине. Сыр өңірінің мысалымен айтқанның өзінде Марал ишан, Ақмырза ишан бастаған көтерілістерді айтсақ жетіп жатыр.

Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша түссек, ата-бабамыздың қаны төгілген, өздері шейіт болған, ұлт-азаттық көтерілістерімізді қалай айтпаймыз. Осы көтерілістердің басында батырлармен бірге, діни-ағартушыларымыздың жүргенін мойындасақ, олардың әрқайсысының өмірін, атқарған қызметін анықтап, ашығын айтуымыздың, оларды ұлықтауымыздың тарихқа жасаған әділетті қадам болатыны талассыз ғой..

Ұлы Тәуелсіздік. Осы төңіректе ойлағанымызда да қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық ілімнен, ой-санадан аттап кете алмасымыз анық. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейінгі тарихында білім беру саласында ғана емес, қоғамдық, ұлттық ой-сананың барлық салаларында жетекшілік роль атқарған діни-ағартушылық ілімнің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бізге оңай келмегенін дәлелдеуге келгендегі мән-маңызын әлі де болса толық айта алмай келеміз.

Айталық Сыр өңіріндегі Қазан төңкерісіне дейін қызмет атқарған 100-ге тарта мешіттер мен медреселер берген білім жергілікті халықтың сауатын ашып қана қойған жоқ, дүниетанымын, азаматтық бет-бағытын, көзқарасын қалыптастырған үлкен жүйе болды.  Қазан төңкерісіне дейін-ақ осындай мешіт-медреселерде діни оқулармен бірге жаратылыстану, қоғамтану пәндерінің оқытылғанына, тіпті орыс тілін меңгертуге, оқып-үйренуге мән берілгеніне мысалдар көп. Бұл деректің өзі діни—ағартушылық бағыттағы  мешіттер мен медреселердің ел, халық өмірінде прогрессивті сипат ала отырып, қоғамның қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді. Осы мешіт-медреселерді бітіріп, кейіннен үлкен қоғам, мемлекет қайраткерлеріне айналған жерлестеріміз қаншама. Демек,  Тәуелсіздік тағдырын толғағанда, тарихын түгендегенде қазақ руханиятынан орын алып, қазақ қоғамының дамуына үлес болып қосылған діни-ағартушылық ілімді, оның өкілдерінің өмірін, тұлғасын, ел алдында атқарған қызметін назардан тыс қалдыра алмайтынымыз түсінікті болса керек. Қайта керісінше, бүгінгі қазақ ғылымының тарих, философия, әлеуметтану, психология, өнертану, әдебиеттану, педагогика т.б. сынды салалары діни-ағартушылардың еңбектерін жан-жақты зерттеп-зерделеуі арқылы рухани дүниеміздің тарихы мен теориясына қатысты көптеген мәселелердің бетін ашары айдан анық. Ең бастысы, ұлт азаттығы мен бостандығы жолындағы халық арманының, тәуелсіздік рухының өлмегендігінің куәсі болар талай жайттардың сырына қанығар едік.

Бұл бағытта Сыр елінде елеулі-елеулі жұмыстар атқарылуда. Тарихи тұлғаларымызды ұлықтаудың үлгісі боларлықтай болып Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының жетекшілік жасауымен өткен  Марал ишан Құрманұлының 230 жылдық мерейтойына байланысты өткен «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» атты ғылыми-теориялық конференцияда (2010 жыл, 29 қазан) Марал ишанның өмірбаянына қатысты жаңа деректер, оның діни-ағартушылық, ұлт қайраткері тұрғысындағы тұлғалық сыр-сипаты, қадыр-қасиеті кеңінен сөз болды. Конференцияда ғалымдар тарапынан айтылған ой-пікірлердің салмақты бөлігі Сыр еліндегі, одан әрі бүкіл қазақ еліндегі Қазан төңкерісіне дейінгі діни-ағартушылық ой-сананың, қазақ қоғамын түгел жайлаған бүтін бір жүйенің жай-жапсарына арналды. Қазақ руханиятының тұтастай мазмұнына  айналған діни-ағартушылық ой-сананы, оны қоғамның қозғаушы күшіне айналдырған ойшыл-ғалымдарымыздың, ағартушыларымыздың өмірін, халыққа, елге атқарған қызметін зерттеудің қажеттілігі жөнінде жан-жақты айтылды.

Конференцияда қабылданған ұсынымдарды:

1. Конференцияның жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудегі, отанымыздың тарихы мен мәдениетін жаңаша пайымдаудағы, еліміздің болашақ бағытын бағдарлаудағы маңызы атап өтілсін.

2. Сыр бойындағы ағартушылық ой-сананың даму үдерісін философия, тарих, теология ғылымдары, әдебиеттану, өнертану, мәдениеттану, саясаттану салаларының зерттеу нысанына айналдыру. Діни ағартушылардың өмір-өнегесін, бай мұрасын жинақтап, бір ізге түсіруді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми әлеуеті мен мүмкіншілігін пайдалана отырып ұйымдастыру және бұл жұмыстарды мемлекет, бизнес құрылымдары мен даму институттары тарапынан қаржыландыруды қолға алу.

3. Марал ишан Құрманұлының қайраткерлік қырларын толық қамтып, ол өмір сүрген уақыттағы қазақ қоғамының саяси, тарихи жағдайларын өзара байланыстырып, зерделейтін ғылыми еңбекке конкурс жариялау және осы бағыттарда шығармашылық ұжымдар құру, студенттер мен магистранттардың өз бетінше ізденуіне арқау ету әрі олардың қорытынды біліктілік жұмыстарының тақырыптамалық тізбесіне ендіру арқылы тереңдетіп зерттеу.

4. Халқымыздың даңқты перзенті, ағартушы, ұлт-азаттық қозғалыс күрескері Марал ишан Құрманұлы туралы тың деректерді ғылыми айналымға ендіру, жүргізілген зерттеулерді қорытындылап отыру мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында 5 жылда бір рет ғылыми конференция ұйымдастыру сияқты іс-шараларды бүкіл ел болып атқарсақ, бұл жұмысымыз күнделікті өмірде жалғасын тауып, ауқымы кеңейіп, дәстүрге айналып жатырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Осы орайдан келгенде, 2012 жылды Қалжан ахунның туғанына 150 жыл толуына орай Қалжан ахун жылы деп атап, осының аясында ахунның діни-ағартушылық, ұстаздық, ғалымдық қызметтеріне арнап конференция өткізу, кітап шығару сияқты мағыналы да мазмұнды жұмыстарды жоспарлап отырған Сырдария ауданының талабы өте құптарлық жағдай.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары конференцияға дайындалу барысында Қалжан ахунның араб, парсы көне шағатай тілдерінде жазылған қолжазбаларын, өлеңдерін қазақ тіліне аударып, сол мәтіндер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мақсатымыз - Қалжан ахунның өмірбаянына қатысты деректерді толықтыра түсу, оның ұстаздық, діни-ағартушылық қызметіне жан-жақты сараптама жасау, сөйте отырып, Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана, ағартушылық қызмет, мешіт-медреселердің жағдайы, ахундар мен ишандардың оқу мен оқыту үрдісінде қандай бағыт-бағдар ұстанғанына, қандай бағдарламалар мен оқулықтар, оқу құралдарын пайдаланғанына, ел, қоғам өмірінде олардың атқарған қызметінің қыр-сырына жан – жақты тоқталу. Бұл орайдағы қызметіміз нәтижесіз де емес. Біз бірінші рет Қалжан ахун еңбектері мен ол оқыған, пайдаланған кітаптар арқылы көп нәрселерге, атап айтар болсақ: ел өміріндегі зиялылардың атқарған қызметіне, дін, діни білім беру жағдайына, саяси-әлеуметтік мәселелерге т.б. көз жеткіздік.

Қолымыздағы қолжазбалар арқылы білгеніміз - Қалжан ахун өз заманының зиялы, мәдениетті адамы болғаны, ел-халықты білімге, мәдениетке, отырықшылыққа үндегені, оларды мұсылмандық жолға, шариғат заңымен өмір сүруге үйреткені, мешіт-медреселерде діни оқумен бірге жаратылыстану пәндерінен: математика, химия, биология т.б. сабақтар жүргізгені, өз уақытындағы заман ағымын, қоғам жағдайын ортасына, шәкірттеріне айтып, түсіндіріп отыруға тырысқаны, шариғат заңдары бойынша елдің тұрмыстық түйткілдерін, адамдар аралық қарым-қатынастың даулы, күрделі мәселелерін шешіп отырғаны, сондай-ақ қолжазбалардан Қалжан ахунның дүниетанымдық тұрғыдан сопылық философияны негіздеуші, имам ағзам Әбу Ханифа жолын ұстанған мұсылман, мұсылмандық-түркілік бағытта шәкірт тәрбиелеуші ұстаз, қоғамтанушы ғалым, өз заманының озық ойлы зиялысы, халықты сауаттандыру арқылы болашаққа жетелеуші ойшыл болғанын көруге болады. 

Ойлы оқырманға Қалжан ахун қолжазбаларының мазмұны садақа, алтын-күмістің зекеті, синтаксис, неке, талақ, зина, мирас, туыстық силсилласы, грамматика, өлең жазуда кейбір грамматикалық ережелердің сақталмауы, бұзылуы, риторика, өлеңдегі теңеулер, арпа-бидайдың ақысын, садақасын беру, өлшем бірлігі, дұға ету әдебі, фиқһ мәселесі, некеде махр беру және талақ туралы, малды халалдап бауыздау және қай жерлерде, қандай жағдайларда бауыздауға болатыны жөнінде, туыстық қарым-қатынасты нығайту, пенденің амалдарына қарай марапатталуы, мирасты бөлу, зина, зиһар әйелді анасына ұқсатудың үкімі, сауда, сату және сатып алу, тірі мал саудасы, туыстар арасында мирасты бөлу, нәжістен пәктену, мәйіт үшін ізгі амалдар жасау, мал түріне қарай зекет мөлшерін  анықтау, намазда имамға еру, намазда денеден тоқтаусыз қан ағуы үкімдері, мәсіге масх тарту, намаз, намаздағы сәжде, рукуһ, әжетхана әдебі, ғибадат, ораза, рамазан айы оразасы, намаздағы қи-рат, намаз қазасы, соғыс, намазда имамға еру, Пайғамбарымыз (с.а.с) – ның миражға көтерілгені, мәсих, араб тілінің грамматикасы сияқты т.б. мәселелерден тұратынын айтқымыз келеді. Көріп отырғанымыздай, бұл айтылғандар Қалжан ахунның өз уақытының ағартушы – ұстазы, қайраткері, діни-ағартушысы болғанын айқын дәлелдейді. Аударма мәтіндерден үзінділер келтірсек:

Араб тілі грамматикасы.

Араб тілі грамматикасы сарф және наһу болып екіге бөлінеді. Сарф (морфология) сөз және оның формаларын зерттейді.

Араб тілінде есім сөздерден туындайды. Араб етістіктері үш әріптен тұрады. Кей кездері төрт, бес әріпті етістіктер кездеседі.

Кез келген сөздердің түбірін табу үшін ең бірінші сол сөздің етістігін табуымыз керек.

Мысалы, кітап, жазушы деген сөздердің түбірі жазу. Мысалы: кәтәба – китап, кутубун, катибун, мактабун т.б. Араб сөздігінен сөздің мағынасын білу үшін, оның түбірін (етістігін) білуіміз керек. Мысалы, мұғалім, ғалым, ғылым сөздерінің түбірі ілім сөзі.

Туыстық қарым-қатынасты нығайту туралы.

Туыстар бір ағаштың бұтақтары тәрізді. Бір тамырдан өскен, бірге тәрбие көріп және бірге ер жеткен. Оның үшін туыстық байланыс: ақша, мал-мүлік сияқты нәрселердің салдарынан бұзылмауы қажет. Өз туыстарының құқықтарына мән бермегендер, басқалардың құқықтарына әсте мән бермейді. Отбасында ағалар, әке-шеше орнында оларға да құрмет көрсету қажет. Ардақты пайғамбарымыз: «Ағалардың, інілердегі құқықтары, әкенің әулетіндегі құқықпен тең» деп бұйырған.

Талақ туралы

Мұсылман құқы ерлі-зайыптылардың бір-бірін таңдауда қателесудің және әр түрлі жағдайда келіспеушіліктердің болатынын ескеріп, олардың ажырасуына рұқсат берген. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бұл Аллаһтың ұнатпайтын ісі» деп ескертеді.

Ажырасу – мұсылман құқығы бойынша талақ деп аталады. Талақ етудің мынандай негізгі ерекшеліктері бар:

1.Құран мен сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету харам.

2.Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету – мәкруһ.

3.Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу – сүннет.

4.Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз.

5.Араларында сүйіспеншілік пен махаббат болмаған жағдайда ажырасуды ерлі-зайыптылардың өздері шешеді. Мұсылман құқығында «талақ» ету ер адамға берілуінің себебі, ер кісінің әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған. Талақтың мақсаты жұбайларды жарастыру. Себебі еркектің талақ айтуы үшін қойылған ең жақсы тәртіп бойынша талақ үш рет айтылуы керек. Яғни, талақ еткеннен кейін ерлі-зайыптыларға қайта қосылуға үш мүмкіндік береді. Соңғы талақ айтылғанға дейін 3 ай мерзім өтеді.

Мирас туралы

Мұсылман құқы бойынша отбасының барлық мүшелері белгілі мөлшерде мұрадан үлес алу құқығына ие. Қайтыс болған адамның артында сәби мұрагері қалған болса, мұраның үштен екісі оған беріледі. Әйел немесе қызға қарағанда ер баланың мұрадан алар үлесі екі есе жоғары болады. Ал, мұрагер қыз бала болса, мұраның жартысы оған беріледі. Кәмелет жасына толғанға дейін, сәбилердің мұрасын мұсылман қазысы (соты) сенімді бір адамға аманат ретінде тапсырады. Мұрагер ержетіп, оң-солын танығаннан соң, мұра оған тапсырылуы тиіс. Бұл туралы құранда былай баяндалады: «және Аллаһтың сендерді басына тұрғызған малдарды ақылсыздарға бермеңдер (жетімнің малын ақыл-есі толмай өздеріне тапсырыңдар), оларды тамақтандырып, киіндіріңдер де, оларға сыпайы сөз сөйлеңдер. Жетімдерді үйлену шығыны жеткенше сынаңдар. Сонда егер олардан естиярлық көрсеңдер, дереу малдарын өздеріне беріңдер. Сондай-ақ олардың ержетуінен қорқып, ысыраптап, тездетіп жемеңдер. Қайтыс болған адамның баласы болмай, әке шешесі болса, онда әйеліне мұраның үштен бірі тиесілі болады. Егер қайтыс болған адамның аға-іні, әпке-қарындасы болса, онда әйеліне мұраның жартысы қалдырылады. Ал, қайтыс болған адамның баласы, әке-шешесі болмаса онда әйеліне мұраның төрттен бірі тиесілі. Ал егер қайтыс болған адамның туыстары көп болса, онда мұраның үштен бірі солардікі. Қайтыс болушының артында жалғыз қыз баласы қалған жағдайда, мұраның үштен бірі қызына қалдырылып, қалған бөлігі жетім-жесір, жарлы-жақыбайға беріледі» т.б.

Осы мәтіндерде көріп отырғанымыздай, елге зиян келтіретіндей, оның дамуына кедергі болатындай не бар?! Ештеңе жоқ қой. Керісінше Қалжан ахунның өз заманының, елінің санаткері (идеологы) болғанын, ағартушы – ұстаздық қызмет атқарғанын, шариғат жолын ұстанған ізгі ниетті мұсылман екенін осы үзінділердің өзі дәлелдемей ме?!

Олай болса, Қалжан ахун өмірін үлгі ете отырып, Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сананы жан-жақты зерттеу арқылы қазіргі және келер ұрпаққа ақиқат тарихты, әділетті танымды оқытып-үйрету біздің міндетіміз болып табылады. 


Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Кәрібозұлы Бағдат


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз