Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Мәдениеттану Қазақ мәдениетіндегі заманауи бейнелеу өнерінің ерекшеліктері

Қазақ мәдениетіндегі заманауи бейнелеу өнерінің ерекшеліктері

13 Қыркүйек 2013
187
0

Қазақ халқы бейнелеу өнерінің мәдениеттанулық негіздерін, рәміздік ерекшеліктерін зерттеудің өзектілігі бірнеше мәдени факторлармен және Қазақстан Республикасында қабылданған мәдени даму бағдарламасымен үндес өтіп жатқан үрдістермен айқындалады. Бүгінгі таңда мемлекет тәуелсіздігін нық ұстау мақсатында жүргізіліп жатқан рухани шараларға қатысты ұлттық философия мен мәдениеттің өркендеуіне қолайлы жағдайлар туып, кеңінен жол ашылуда. Оған Республика президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Тарихи құндылықтарымызды барынша зерттеу мен қайта қалпына келтіру, сақтауға, зерттеуге мән беріп, өткен тарихымызды ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өзінің тарихи, мәдени тамырларына қайта оралу – бұл әрине оң процесс. Қазақстанда ұлттық тілді, өнерді, мәдениетті дамытуға барынша қолдау жасалып отыр, – деген сөзі айғақ.

Соның ішінде, қазақ бейнелеу өнері бір адам ғұмырына ғана жетерлік өте аз мерзімде өзгеру, өсу кезеңінен халықаралық ілтипатқа бөлену шағына дейін бүкіл даму сатыларынан өтті. Түптеп келгенде, бұл ортаға тарихи тұрғыда тән емес көркем ойлаудың жаңаша үрдісі, жаңаша ұлттық мектебі жасалды. Бұл мәдени құбылыс әлде де зерттеліп, саралана жатар, дегенмен, оның пайда болуы Еуропа мен Шығыстың (Азияның) көркемдік дәстүрлерінің өзара байланысының нәтижесінде мүмкін болғаны күмән тудырмайды.

Қазақстанның бүгінгі күнгі өнері туралы сөз қозғағанда, әдетке айналып кеткен қазақ бейнелеу өнеріндегі тұрмыстың мазмұндық мәселелері мен экзистенциалдылыққа тартымдылық тәрізді көріністерінің де жалғасып жатқанын атап өтпеуге болмайды. Кәсіби өнердің дамуының осы сәті суретшілердің осы заманғы тұтынушыға жеткізуге ұмтылатын идеялар кешенінен нақты байқалатыны оның шоғырланушылық сипатында. Бүгінгі күннің бейнелеу және мүсін өнері контекстік жағынан аса толықтырылған күрделі болып келеді, ол өз кезегінде қарапайым көрерменнің түсінбеуін тудырады. Бүгінгі күні суретшілер мектебінің қалыптасу сатысының алдыңғы кезеңіндегі тәжірибелерін толық тү-сіну болашақтың ісі. Түрлі түстер, композициялар, фактура немесе пластика көмегімен шығу көздері, жылдар бойы шыңдалған, әдеттегі құндылықтар мен түсінушіліктермен тығыз байланысқан, дүниенің құрылуы туралы ұлттық түсініктерді өнерде қалыптастыра, бейнелік шығармалар мен мүсіндік композицияларды қалпына келтіре отырып, суретшілер небір жиынтыққа, біртұтас жүйеге, шашырап қалған элементтер мен фрагменттерді жинайды деуге болады. Осы процесс барысында шығармалардың нысандарымен атқарылатын жұмыстар да жедел қойылғанын атап өтуіміз керек. Әр алуан түрлі стильдер, тәсілдер, қолтаңбалар бойынша қызмет атқаратын, сол бағыттарда тамаша туындыларды дүниеге әкелетін бейнелеушілер мен мүсіншілердің шығармаларында нысан рөлін әсемдік ерекшелік факторының күшеюі немесе күнделікті эстетикалық өлшемдерді жоққа шығару арқылы қарқындандыру жүзеге асырылуда. Осы үрдіс ұлттық менталитетке қатысты жаңа суретшілер тілін қалыптастырумен тығыз байланысты болып отыр. Ол өзінің сыртқы стильдік көріністерінде айтарлықтай шартты, орташалау, рәміздік, метафоралық немесе тіпті ашықтан – ашық метафизикалық сипатқа ие болды. 

ХХ-ғасырдағы қазақ мәдениетінің басты ерекшелігі жаңалыққа сергектігі мен ашықтығы деу орынды. Мұның айқын бір көрінісі – Республикамызда «contemporary art», яғни қазіргі заман өнерінің тез арада әрі табиғи түрде пайда болуы. Алғашқы кезде бұл бағыттың жақтаушылары Қазақстан үшін ең маңызды және қажетті «contemporary art» деуге басқан. Бірақ, Қазақстанның бүгінгі өнері тек осы бағытпен шектелмейтінін, ол әр алуан және әр түрлі стильдік бағыттардан және әр түрлі шығармашылық ерекшеліктерден тұратынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.

ХХ-ғасырдың ортасынан бастап әлемдік мәдениеттен өз орнын алған қазіргі заман өнері еліміз тәуелсіздік алғалы бері бізде де қанат жая бастады. «Сontemporary art» аталатын қазіргі заманауи өнердің (энвайронмент, преформанс, инсталяция, акция) республикадағы тұңғыштары деп Қанат Ибрагимов, Рустам Хальфин, Ғалым Маданов, Ербосын Мелдебеков, Елена және Виктор Воробьевтар, Юлия Сорокина тағы да басқа суретшілерді атау орынды. Өмірде жоқты жасауға ұмтылатын авангардистер сияқты олар да жаңаны тудыру үшін өнердің қайнар көздерін іздестіріп, қажет тұста көне де қарапайым дүниеге бет бұрады. Мысалы, К. Ибрагимовтың «Құрбандық шалу» акциясын (көрерменнің көз алдында құрбандық шалып, қойды бауыздау, қанын ішу екі тұрғыдан – біріншіден, өмірде жоқты жасау, екіншіден, көне дүниеден үйрену), ұмыт болған діни салт-дәстүрді тірілту деп қарастыруға болады. Аталмыш акция, демек қанша жаңа өнер десек те ата-баба дәстүрінен бастау алар табиғаты бар, өмір жалғастығының көрінісі дерліктей. Ал, Стамбулдағы биенналеге қатысып, шығармашылықтары жоғары баға алған белгілі суретшілер Елена және Виктор Воробьевтардың «Классиканың халықпен қоштасуы», «Мұнда болғандар» акциялары өткен қимастықпен қарап, жеңіл мұңға батуды және өмірде қандай да заттың өз орны бар екенін байқатады. Жалпы Воробьевтар шығармашылығының басты ерекшелігі айнала дүниеге, қоршаған ортаға жіті үңілу және оны қастерлей білуге үндеу деу керек. Қазіргі Заман өнері бағытында «Көпір» ассоциация-сының мүшелері табысты еңбек етіп жүр. Ассоциация жетекшісі Ғалым Мадановтың «Вавилон мұнарасы» энвайронменті күрделі дүние. Жоба белгілі мәдениеттануші, сәулетші А. Ордабаев пен белгілі өнер 

зерттеушісі Б. Барманқұлованың жетекшілігімен және аталмыш ассоциация мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Алматы да 80–90 жылдары саяси ағарту орталығы болған ғимаратта өткен бұл энвайронмент кеңестік кезеңнің келеңсіз тұстарын басқаша бір ракурста көрсетумен қатар қазіргі өміріміздегі қилы құбылыстарды айқындап аша түсті. Ең бастысы «Вавилон мұнарасына» заманауи сипат берілген.

Заманауи бейнелеу өнерінің республикалық көрмесі алғаш рет 1998 жылы болған еді. Соростың Қазіргі Заман Өнері орталығы ұйымдас-тырған көрмені бұл бағытта жұмыс істеп жүрген әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы мен стилін анықтауға мүмкіндік бергендей. Сонымен қатар, қазіргі заман өнері мәдени өзіндігін іздестіру жолында. Бұл бағытта жұмыс істеушілер халықтық салт-дәстүрлерді жандандыруға ден қояды, әрі қазіргі заман өнеріндегі әлемдік процестерден тысқары қалмауға ұмтылады. «Сontemporary art»-тың ішінде ең көбірек көзге түсіп жүргені Перформанс. Шет елдерде перформанс концептуальді шығармашылық болып табылмайды. ол әлдеқашан көпшілік қауымның игілігіне айналған ХХ ғасырдағы ақыл-ой жүйесі үшін өзекті стиль сюрреализмнің эстетикасы мен философиясынан нәр алып, галереяларды, театр, кино, теледидарды жаңаша қырынан көрсеткен. Қазіргі заман өнерінің халық ара-сына кең тарағанының ең бір мықты дәлелі деп фэшн индустрия мен перформанс клиптерді жиі көрсететін MTV жаппай комерцияланудың символы болып отырған музыкалық телеарнаға әсерін атауға болады.

Толығырақ мына файлдан оқи аласыз: 

Қазақ мәдениетіндегі заманауи бейнелеу өнерінің ерекшеліктері PDF 


Динара Жанабаева – Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым Министрлігі

 Ғылым Комитеті Философия, саясаттану жəне дінтану институты (Алматы)




Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз