Басты бет Қазақстан тарихы Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстан Қазақстан азаматтық қарсыластық кезеңінде Алаш әскері: құрылуы мен қызметі

Алаш әскері: құрылуы мен қызметі

12 Қыркүйек 2013
118
0

Тәуелсіздік жылдарында алаштанушы - тарихшылар Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш Һәм Алашорда» (Алматы, 1995), Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» (Алматы, 1995) атты монографиялық зерттеулері,  дәл осы тақырыпта 4 томдық және 3 томдық құжаттар мен материалдар жинақтары, сондай-ақ әдебиет шығармалары жарық көрді. Бұл еңбектер атына заты сай алаштың өзекті мәселелерін зерттеуге негіз болатын құнды шығармалар. Солардың ішінде Алаш әскерінің тарихы бар.

Бүгінге дейін Алаш әскері туралы арнайы қалам тартқан авторлар санаулы. Әзірге қазақ тіліндегі басылымдарда Марат Әбсеметовтың «Ұлттық әскердің де тарихы бар (Ана тілі. 13.02.1991), Күлпаш Ілиясованың «Алаш әскері» (Қазақ тарихы. - №6. 1997.), Ерлан Сайлаубайдың «Алашорда әскері» (Абай журналы. - №1. 2000.) атты мақалаларымен шектеліп отырмыз. Осы мақалаларды қазіргі мерзімді басылымдар мен интернет сайттарында насихаттап жүрген тарихшы Сейтқали Дүйсен (Алашорда әскері туралы. Материалдар жинағы. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ: Астана,2000; Алашорда әскері. Астана ақшамы. 14.08.2007; Алашорда әскерінің ұраны: «Жасасын, Отанның адал ұлдары». Намыс.kz. 13.12.2010) .

Алаш әскерін құру идеясы 1917 жылғы І-ші жалпы қазақ съезінде көтерілген, бірақ ондағы «...анархия  болу  қаупі  бар,  сол себепті осы күнгі  әскер  орнына  халық  милициясы құрылсын» деген сөздер сол күйінде қалды. Одан кейінгі ІІ-ші жалпы қазақ  съезінде «мемлекет  халі  тайғақ  кешуде,  тар  жолға  душар  болып  тұрғанда жан-жақты  қоршаған  қалың  бәледен  сақтану  үшін  халық  әскерін  жасау  керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ  милициясын құру  жоспары жасалып, бекітілді» [1].

Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталды. Бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер  ұғымы жатқаны анық. Сондықтан, Алаш әскерінің іс-қимылдарын 1917-1919 жылдар аралығында жарияланған материалдар мен солардың негізінде жазылған зерттеулер бойынша талдап көрелік.

ІІ-ші жалпы қазақ сьезінде халық әскерінің әр  облыс, уезд орталықтарындағы саны,  оларға  соғыс өнерін үйрету, қажетті  қару-жарақ, қаржы, көлік және тағы басқа заттармен қамтамасыз  ету  тәртібі анықталып, «26 500 адам  тіркелген  халықтық  милиция  құру  қажет»  деген  қаулы  қабылданады. Бұл  идеяны Жақып Ақбаев ұсынған болатын [2, 29 б]. 

Съезд  қаулыларында нақты көрсетілгендей,  Алаш әскерін құру  үшін  алдымен  милицияға  алынатын  адам  шығынын  анықтау,  оларды  қару-жарақ,  ат-көлікпен  қамтамасыз  ету,  әскери  мамандар (офицерлер мен инструкторлар)  даярлау  жұмысын  айқындап, оған қажетті қаражатты 6  облыстың  қазақтары  есебінен  жинайтын  болды.

Әрине,и пұлсыз  Алашордасы да, оның  комитеттері де ешнәрсе істей алмайтын еді. Сондықтан, «бұл істі  тоқтатпастың жалғыз-ақ  шарасы - ақшаны қарызға  алу,  жұрттан  ақша  жиналған соң  орнына  салу еді. Орданың  өзі  де, жергілікті  комитеттері  де  қарызға  берілетін  ақшасы  бар  жерлерді  қарастыра бастады» [3]. Осылайша Алашорда үкіметі адмирал А.Колчак, атаман Б.Анненков, атаман А.Дутовпен, орталықтағы Халық Комиссарлар Кеңесімен келіссөздер жүргізді. Айталық, Алашорданың батыс бөлімі 1918 жылдың көктемінде Мәскеудегі ХКК-нан сұралған 40 млн. қаражаттың 12 млн.-на қол жеткізген [4].

Жалпы Алаш әскерінің іс-қимылдары билікке келген большевиктерге қарсы 3 бағытта жүргізілді: 1) оңтүстік-шығыс бөлімі (Жетісу);  2) шығыс бөлімі (Семей); 3) батыс бөлімі (Орал). Ал әскердегі қазақ полктерінің саны шамамен 12 –ге жеткен. Олардың ұрыс қимылдары Алашорда үкіметі құрылғаннан кейін күшейді. 

Алаш әскерінің оңтүстік-шығыс бөлімі. 1918 жылдың жазында Алаш әскерін құруда ерекше көзге түскен – жетісулық Отыншы Әлжанов болды. «Ол Түркістан Комитеті (бастығы О.Шкапский) арқылы қазақ милициясына 500 мың сом ақша алдырып, оны Лепсі казначействосына салған, бірақ большевиктердің талан-таражына түскен [5]. Көп кешікпей сол үшін «...большевиктер О.Шкапскийді баласымен бірге абақтыда атып өлтірген» [6].

О.Әлжанов Отанды Қорғау Комитетінің құрамына кіріп, 300-ден астам адамнан әскер жасақтайды [7]. Ақыры осы істің жолында большевиктер қолынан құрбан болады.

Жетісу облыстық қазақ комитетінің төрағасы Ы.Жайнақовтың мәліметтері бойынша «Жетісудағы большевиктердің жалпы саны 10 мыңнан асқан» [8]. Реті келгенде айта кетейік, 1918 жылдың басында Алаш әскерін жасақтау мақсатында «Жетісу облысындағы қырғыздарды Г.Шахворостов пен Пестов фабрикаларынан шығатын шұға өнімдерімен қамтамасыз ету туралы сұраныс болған» [9].

1918 жылдың басында Зайсанда 15 атты милиция  шығарылған. Оның құрамында әскери қызметтен қайтқан ноғай солдаттары болды. Алты айда 30 милицияны құру үшін 22 мың сом ақша бөлу жобасы  жасалған [10].

Алаш әскерінің шығыс бөлімі. Азамат соғысы басталғанда Алашорданың орталығы Орынбордан Семейге көшкені белгілі. Сөйтіп, олардың алғаш қолға алған ісі халық әскерін құру болды. Бұл туралы  тарихшы Е.Сайлаубайдың жоғарыда аталған мақаласында егжей-тегжейлі жазылған.

Семей облысына қарасты 22 болыстың  әрқайсысынан 30 адамнан жинау көзделді. Соның нәтижесінде 700-ден астам қазақ милициясы құрылды. «Әйелі жоқ салт жігіттерге айына 60 сом, әйелі барларға 160 сом берілген. Бәрінің киім-тамағы һәм басқа шығындары қазынадан бөлінген» [11].

Семейден бастау алған Алаш әскерін құру ісі еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын тапты. Ұлттық мерзімді басылым материалдарында «Қостанайда 2-ші қазақ полкі, Жаманқалада (Орск) - 3-ші, 4-ші, Оралда - 5-ші, 6-шы қазақ полктері жасалатыны» туралы мәліметтер кездеседі. Сондай-ақ, «Өскеменде қазақ капитаны Хамит Тоқтамышев ер көңілді қазақ жігіттерінен 1-ші полк пен офицер шығаратын медресе ашқан».

1918 жылдың 29 желтоқсанында Қостанайдағы 2-ші қазақ полкі Қоңырау станциясына (Орынбор губерниясы) бет алған, оның құрамында Елдес Омаров та болған» [12]. Алаш әскерін ұйымдастыруда Х.Ғаббасов, А.Тұрлыбаев, М.Тынышбаев, Б.Мәметов, Х.Тоқтамышев ерекшеленді.

«...Әскерге алынған қазақ жігіттерінің көп уақытқа дейін қару-жарақтары болмаса да, ұрыстан беттері қайтпаған... Мысалы, 1918 жылдың наурыз-қазан айларындағы шабуыл кезінде «жүздіктегі» Балтай Бисебеков пен Қағазбек Дашке  баласының  (Саратовка), Ахметқали Орманбаевтың (Андреевка) [13] және қоршауда қалған 12-ші Алаш полкінің 98 жігітінің ерлігін (Антоновка) бөліп айтуға болады [14].

 «1918 жылдың желтоқсан айының ішінде атаман Б.Анненковтың ұйғаруымен тілмаш Жармұхамедов мырзаның Семей мен Алаш қаласынан жинаған 13 800 сом ақшасы 1-ші атты қазақ полкінің пайдасына тапсырылды [15] және Алаш қаласындағы А.Бөкейханова, Г.Тынышбаева бастаған әйелдер қауымы  «қазақ һәм ноғай әйелдерінің күшімен қысқа мерзімде 1000 пар көйлек-көпшікті дайындап, қазақ әскерін сүзек ауруынан сақтап қалған» [16].

1918 жылдың  8 маусымында Ә.Бөкейхановтың  басшылығымен өткен Кеңес қаулысында көрсетілгендей, біріншіден, милиция керек; екіншіден милиция атты болады; үшіншіден милицияға  жігіт беру  міндетті  емес,  ұлт  үшін  тіленіп жазылғандар  кім болса  міндетті  қылып  алу  Алашордада болсын; төртіншіден милицияға  керек  ат,  ақша  жұрттан  салықпен  алынсын,  байдан  байша,  кедейден  кедейше; бесіншіден қанша  ат,  қанша ақша  жинау  еркі  Облыстық  Комитетке берілетін болды» [17].

 Ең алдымен «...милицияға бөлінетін  адамдар  мен қаржы  дайын болғанша,  офицер, инструкторларды  дайындау керек-тін. Екіншіден милицияға қажет қару - жарақ атты казактардан  сұралды... үшіншіден  соңғы кезде  юго-восточный  союз  деп  мойын созғанша,  Орал, Орынбор, Сібір, Жетісу атты казактары Алашордасына  қараған  қырғыз-қазақтармен  бірігіп, дербес Шығыс Одағын (Восточный  Союз)  жасау  қолайлы» делінді. Бұл ұсынысты Орынбор  атты  казактары да қолдады. Сонда Алаш  автономиясына  қараған жердің аламайы дөңгеленіп, қазіргісінен гөрі ыңғайлырақ  болады және Күнбатыс, Солтүстік, Шығыс – үш жағымыздан атты казактар бізге қорғаныш болмақ» [18].

Алаш әскерінің батыс бөлімі. Алашорданың батыс бөлімінің жетекшілері Орал облыстық қазақ сьезіне «1918 жылғы (ақпан) Орал казачествосымен одақтасу жөніндегі (кеңес өкіметіне қарсы) келісім шартты заңдық негізде даярлау; Орал казачествосына заттай және қаржылай көмек беру. Әсіресе, оның әскерін ат-көлікпен, жылқымен қамтамасыз ету; Қазақ офицерлерінің басшылығымен Уфадағы әскери үкіметке «Қырғыз милициясының» атын «Қырғыз халық армиясы» деп өзгерту мақсатында жіберілетін адамдарды белгілеу; Жымпитыдан 6 айлық юнкерлік қысқа курс ашу. Төменгі команданың құрамын даярлау үшін сауатты қырғыз жастарын (2 кластық білімі бар гимназистер мен реалистер, мектеп мұғалімдері) және оларды әскер ісіне үйретуге Орал казачествосынан әскери мамандарды шақыру» туралы ұсыныстарын білдірді [19].

Уақытша Ойыл Уалаятынан Орынбор атты казак үкіметіне арнайы жіберілген Облыстық земство мүшесі А.Несіпбаев 1918 жылдың 17 – шілдесінде... Орынборда ғаскер үшін қару - құрал табу жайын кеңеспек» болды [20].

Азамат соғысы жылдарында Антанта елдерінің қолдауына сүйенген үкіметтер құрылғаны белгілі. Солардың қатарында Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметі, 1918 жылы маусымда Самарада құрылған Құрылтай жиналысы мүшелерінің Комитеті (Комуч) және 1918 жылы қыркүйекте құрылған Уфа директориясы («Уақытша  Бүкілресейлік  үкімет»), сондай-ақ Башқұрт үкіметі мен Алашорда үкіметі де болды.

Алашорда үкіметі азамат соғысы  жылдарында аталған  Уақытша  үкіметтермен  тіл  табысып,  Орал, Сібір, Жетісу, Орынбор атты казактарымен тығыз байланыс орнатты және оларға Алаш автономиясын  ресми  тану  жөнінде өтініштер жасады. Сонымен қатар мүмкіндіктеріне қарай көмек беруді сұрады. Осы тұста 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Құрылтай  мүшелерінің  Комитеті  Алаш  автономиясын  танығанын және Самара Комитеті Алашордаға қару-жарақ,  киім-кешек жағынан көмек бере  бастағанын» айта кеткен жөн [21].

Ал, 1919 жылдың 27 тамызында адмирал А.Колчак  Орал әскери үкіметі мен А.Кенжин бастаған қазақ делегациясын қабылдаған кезде қазақтардың мемлекеттік мекемелерін құру жұмысына кеткен қаржының орнын толтыруға 6 млн. сом көлемінде ақша сұралған және оның тезарада талқыланатыны» айтылған [22]. Елде қалыптасқан осындай күрделі жағдайда Алаш әскері іске кірісті және оның ұрыс қимылдарының ауқымы кеңейді. 

Алашорда әскерінің құрылуы мен қызметінің мерзімдік шеңбері 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты қамтиды. 

Пайдаланылған деректер тізімі:

1. Халық ғаскері //Сарыарқа.-1918.-25 қаңтар.- № 29.

2. Құл-Мұхамед М. Алаш ардагері. Ж.Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарстары. Алматы: «Жеті жарғы», 1999. 1996. – 224 б.

3. Зайсаннан //Сарыарқа.-1918.-18 ақпан.- № 30.

  4. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты.- 1227-қор. Б.Қаратаевтың жеке қоры.1-т.,7-іс.133п.; Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. – Москва, Издательский центр Россия молодая, 1994. -217 с.

  5. Мадияр. Тағы құрбан//Қазақ.-1918.- 5 қыркүйек.- №263.

  6. Сатылғанның хаты//Сарыарқа.-1918.-12 маусым.- №43.

  7. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты. - 811-қор.4-т.,205-іс.12п.

  8. Бірлік туы.1918-13(2) наурыз.- №25.

  9. ҚР ОММ.9-қор.1-т.,90-іс.58п.

  10. Мұсылман полктерін жасау//Бірлік туы.-1917.-20 қазан.- №12.

  11.Ішкі хабарлар // Сарыарқа.-1918.-19шілде.- №47.

  12. Ішкі хабарлар //Сарыарқа.-1919.-26 наурыз.- №74.

  13. Қазақ қалай соғысады //Сарыарқа.-1919.-26 наурыз.-№74.

  14. Халық ғаскері //Сарыарқа.-1919.-16 сәуір.- №77.

  15. Ішкі хабарлар //Сарыарқа.-1919.-26 наурыз.- №74.

  16. Тоқтамышев Х...//Сарыарқа.-1919.-16 сәуір.- №77.

  17. Алашорда хүкіметінің іске кіріскендігі туралы //Сарыарқа.-1918.-5 шілде.- №46.

  18. Тығыз жұмыстар//Қазақ.-1917.-13 желтоқсан.- №257.

  19. ҚР ОММ.- 1227-қор.Б.Қаратаевтың жеке қоры.1-т.,7-іс.133 п.; Аманжолова Д.А. Казахский автономизм…-Б.57.

  20. Уақытша Ойыл Уалаяты //Қазақ.-1918.-30 шілде.- №225.

  21. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты. - 811-қор.С.Шәріповтің естелігінен.1-т.,73-іс.163-1657 пп.

  22. Ішкі хабарлар // Жас азамат.-1918.-4 қазан.- №6.

К.Нұрпейіс «Алаш милициясы» деген мақаласындағы мәліметтер

(ҚҰЭ..1 том. – 1998. - 249-250 бб)

- ІІ жалпы қазақ сьезінде құрылған (05-13.12.1917);

- 10 мәселенің 4-шісі;

- 20-35 жас аралығындағы жігіттер алынған;

- 6 облыс (Бөкей, Орал, Жетісу, Сырдария, Ақмола, Семей) бойынша 13 500 адам;

- әр облыстан 1000-4000 адам шығару көзделген;

- 100 милиционерге 1 офицер;

- 50 милиционерге 1 нұсқаушы;

- Орынбор казак офицелерін даярлау тәжірибесі алынды;

- Самарадағы Комуч, Омбыдағы Уақытша сібір үкіметі; Колчак үкіметімен келссөздер жүргізілді;

- Алашорданың батыс бөлімшесі 600 винтовка, 1 пулемет, Торғай бөлімшесі 300 мылтық, 20 мың найза алды;

- Дутов әскері Қостанай, Ырғызда 2 атты полк жасақтады;

- Қазақ офицері Хамит Тоқтамышев Семейде 750 жауынгер, 38 офицері бар Алаш полкі құрылғанын жеткізді:

- Зайсан, Павлодар, Қарқаралы, Өскеменде (150-250 адам) әскери құрамалар құрылған;

- Алаш әскері саны 3000 ( қаңтар 1919 ж.);

- Ә.Бөкейханның сөзі: «милиция – біздің әскеріміз. Іс жүзінде бар. Жетісуда – 700, Троицк түбінде 540, Оралда 2000. Барлығын қосқанда 5000-ға жуық адам болған.

   Алайда, нашар қаруланған, соғыс тәжірибесі жоқ «халық милициясы» бөлімдері Қазақстандағы азамат соғысының барысына ықпал ете алмады. Алашордамен бірге «халық милициясы» бөлімдері де таратылды.

 Ілиясова К.М. т.ғ.к.,доцент

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

(Астана қ.)


Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз