Басты бет Қазақстан тарихы Тәуелсіз Қазақстан Институалды реформалар. Экономикалық даму Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан

12 Қыркүйек 2013
860
0

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы еліміз үшін ерекше сынақ жылдары болды. «...Әлем тарихында капитализмнен социализге өткен елдердің тәжрибесі бар, ал кері қайтқан, яғни социализмнен капитализге көшкен бірде-бір ел, оның тәжірибесі болған жоқ. Осы бағыттағы алғашқы қадамды біздер, Кеңес Одағының құрамында болып, оны таратып егемендік алған республикаларға жасауға тура келді [1, 163 б].

  «Алдымен экономика» деп ұран тастады тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы реформалардың алғашқы басталар шағында. Егемендік алғаннан кейінгі іс-қимылдың ең басты бағыты, шешуші басымдылығы осы экономика саласы деп атап көрсетті. Бұл дұрыс пікір еді. Өйткені, жеке басты ғана емес, әр елді, әр халықты тұрмыс билейді. Ал, тұрмыстың негізі, оның жақсылық-жамандығы экономикада, оның тиімділігі немесе тиімсіздігінде. Сондықтан қоғам алдына қоятын үлкенді-кішілі мақсаттың, оның орындалуы ел экономикасының мүмкіндігіне байланысты. Саясат та экономиканың шоғырланған келбеті [2, 579-580 бб].

Сол алғашқы онжылдықта бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде шетел инвестициялары молынан келген бірінші ел Қазақстан екенін біз мақтанышпен айтамыз. Жалпы тәуелсіздік жылдары елемізге 120 млрд. доллардан астам инвестициякелген [1, 167 б].  ТМД елдерінде бұл ең жоғары көрсеткіш. Ал қазіргі кезде оның көлемі 136-140 млрд. долларға өсіп отыр. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында белгілі бір дәрежеде ТМД елдеріне бағдарланған сыртқы сауданы әртараптандыру байқалды.

Қазіргі кезде Қазақстан әлемнің 175-185 елдерімен сауда – саттық жасайды, оның ішінде 118 ел тауарларын экспортқа шығарады, ал 164 елден тауарларды импортқа шығарды. Соңғы жылдары Қазқстанның географиялық тауар айналымында алдыңғы кезекке Еуроодақ елдері, Ресей мен Қытай шықты [3, 11 б]. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан – 2030» барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» деген атаумен белгілі. Ол «Біз бүгін қай жерде тұрмыз?», «Қазақстан мұраты», «Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялары» және «Ұлттық қауіпсіздік»; Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы»; Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; Энергетика ресурстары; Инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; Кәсіби мемлекет деп аталатын жеті басымдық бойынша ұзақ мерзімді даму бағдарламасына негіз болды. 

Сондай-ақ, еліміздің негізгі үш мүмкіндігіне тоқталды. Олар: Еуразия аймағындағы жолдардың түйіскен торабында орналасқан географиялық жағдайдан туындайды. Еуразия идеясын дамыту; мемлекет құрылысы мен реформаларды жүргізудің ауыр процестерін шетелдік мемлекеттер мен донорлық ұйымдар тарапынан қолдау;  ауқымдану және ғылыми-техникалық прогресс үдерісі.

Бірінші мүмкіндікке орай «Таяу жатқан сыйымдылығы 2 млрд. адамға жуық нарықтардың бірен-сарандары болмаса, қалған кез келгені Қазақстан өнімін, әлбетте оның бәсекелестік қабілеттілігі болған және тиісті көлік арналары дамыған жағдайда жұтып қоюға қабілетті. Бұл көршілер – Ресей, Қытай және ислам мен Орталық Азия мемлекеттерінің тобы. Таяу және Орта Шығыс елдері тарихи тұрғыдан маңызды әлемдік орталықтар екені» айтылып,  Қазақстан үшін зор мүмкіндіктерді пайдалану мақсаты көзделді [4, 43-49 бб].

Осы ретте Азияның ең кедей елдерінің кейбірінің отыз жыл ішінде қайыршылықтан оңалып, индустриялы мемлекеттерге айналғаны, алғашқылары Корея, Тайвань және Сингапур болса, ал қазір оларға Малайзия, Индонезия және Тайланд қосылғаны  (Қытай, Үндістан мен Бразилия, Ресей де аталды) тілге тиек етілді.

Экономикалық табыстарының нәтижесінде «бұл елдер күллі әлемде Азия жолбарыстары ретінде танылып отырғанын» жеткізіп, 2030 жылға қарай Қазақстан Орталық  Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болатынына» сенім білдірді.

Жануарлар әлемінде жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері бар (тектілік, алғырлық, тәкаппарлық, батылдық, айлалық). Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды, әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартатыны айтылып, [4, 50-51 бб] елімізді 30 жылда Азия барысына айналдыру мақсаты қойылды. 

«Бүгінде оқшауланушылық саясаты, әсіресе Қазақстан үшін жеңіліспен тең. Ұлт пен мемлекеттің аман қалуының жалғыз жолы – экономиканы ашық ұстау, әлемдегі қуатты экономикалық аймақтармен ықпалдаса араласып-құраласу [4, 107 б].

...Біздің экономикамызға тіке салқынын тигізген 1997-1998 жылдардағы бірқатар аймақтық дағдарыстарға қарамастан, стратегиямызда өрілген барлық экономикалық өлшемдеріміз іске асырылды... Бүгінгі таңда Қазақстан 32 млн. тонна мұнай өндірсе, енді он жылдан кейін 100 млн. тонна мұнай шығаруға жетеміз. 

...Ұзақ мерзімді стратегиямызда белгіленген реформалардың бірінші кезеңі аяқталды, ал алғашқы үш жылға алдымызға қойылған басты міндеттер орындалды [4, 112-114 бб].

Мамандардың айтуынша, дүние жүзінде 220-дан астам мемлекет болса, соның 20-ы ғана экономикалық дамыған елдер қатарына кіреді [5, 211 б].  Сондықтан, экономикалық жағынан әлем елдері бір-бірінен ажырағысыз, Қазақстан да әлем экономикасының құрамдас бір бөлігі. Соңғы мәліметтер бойынша АҚШ әлемдік экономиканың 30 пайызға жуығын иемденіп отыр. Ал, Қазақстан әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойынша 9-орынды иемденеді [6]. 

1993-2002 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына тікелей шетел инвестициясынан 18 млрд.- қа жуық АҚШ доллары тартылған, бұл қолайлы инвестициялық климатты қалыптастырды және инвесторлар тарапынан жоғары сенімділік тудырды [7, 75 п].

1993-2002 (1 - тоқсан) жылдар аралығында ҚР Төлем теңгерімінің мәліметтері бойынша  17 716,8 млн. АҚШ долларын, оның ішінде Корея Республикасынан 1 628,3 млн. АҚШ долларын (9,2%) құрады.

Оңтүстік Корея үкіметі KOTRA KOICA – KISC (Korea Inbestment Service Center) сияқты мемлекеттік және жартылай мемлекеттік мекемелер арқылы инвестициялық қызметке үлкен мән беред.

Тікелей инвестицияның салалық негізгі бағыттары телекоммуникациялық инфрақұрылымдар, металлургия және электронды жабдықтау өндірісі болып табылады.

Оңтүстік Корея үкіметі және Қазақстанда жұмыс істейтін бірқатар корейлік компаниялар Каспий теңіз асты жобаларына қызығушылық танытты. Осы ретте Оңтүстік Корея күкіртті сутегін тұтынушы ел, бұл көрсеткіш бойынша әлемде 6-орында және мұнай импорты көлемі бойынша 4-орында тұрды. Оңтүстік Корея Парсы шығанағында өндірілетін мұнайға тәуелділіктен құтылуға және қауіп-қатерді барынша әртараптандыруға тырысты [8, 56 п].

Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде республикадағы макроэкономикалық жағдай 1997 жылдың 1 - тоқсанында салыстырмалы түрде тұрақты, ал кейбір көрсеткіштер бойынша бірқатар жақсару бағыттары болды.

1996 жыл сияқты 1997 жылы ЖІӨ мен өнеркәсіптік өндіріс өсті. Кәсіпорын жұмысының қалыпқа келуінің негізгі факторлары: тікелей инвестиция үшін жағымды инвестициялық климатты жасау, жекешелендіру қарқынын жеделдетті, соның ішінде шетел капиталының қатысуымен, Ресей, Беларусь және Қырғызстанмен Кеден Одағын құру, кіші кәсіпорын мен үй шаруашылығының дамуы.

1997 жылдың ақпанында инфляцияның деңгейі 2,1 %-дан 1,7 %-ға, наурызда 0,8 %-ға төмендеді. Нәтижесінде, егер 1996 жылдың 1 тоқсанында инфляция 8,5%-ды құраса, сол жылдың осыған ұқсас кезеңінде оның өсімі 4,6 %-ды көрсетті [9, 50 п].

ҚР Ұлттық мұрағат қорларында облыстардың онжылдық экономикалық даму тарихынан мынадай мәліметтер кездеседі: «1996 жылы еліміздің аймақтарындағы экономикалық реформалардың барысын бақылау (мониторинг) негізінде, Алматы қ. мен облыс әкімдері қызметінің рейтингілік жүйесі енгізілді. Бұл республиканың орталығы мен аймағын өзара байланыстыратын жаңа құралдардың бірі болды.

Нәтижесінде рейтингілік кестеде алдыңғы орынды Алматы қаласы мен Атырау және Маңғыстау облыстары иеленді. Жалпы бұл аймақтар еліміздің экономикасының дамуына айтарлықтай үлесін қосты.

Рейтінгілік кестеде тұйықталып қалған Торғай, Талдықорған және Семей облыстары, ал ең төменгі көрсеткіштер Торғай облысында болды. Өнімнің нақты көлемінің өсу қарқыны, тұтыну бағаларының көрсеткіші, табысты жинау деңгейі мен бюджетке міндетті төлемдер, зейнетақыны төлеу қарыздарының өсуі жағынан артта қалды.

Талдықорған облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі төмендеді, 1995 жылмен салыстырғанда 10,6 %-ды құрады, әлеуметтік сала ауыр жағдайда қалды, зейнетақыны төлеу қарызы бір жылда 3,7, есеге өсті және 1735.2 млн. теңгені құрады және желтоқсанда бюджет саласындағы жалақыны төлеу бойынша -1,8, есеге өсті. 

1996 жылдың қорытындысы бойынша Семей облысында ауыл шаруашылығында терең құлдырауға жол берілді (1995 жылмен салыстырғанда 65,3 %) [10, 18-19 пп].

Облыстардың ішінде жұмыссыздар саны, орташа республикалық деңгейден 2 есе жоғары болды.

Зейнетақыны төлеу қарызы 6,6, есе бюджет саласында жалақыны төлеу 3,8 есеге артты. Ескеретін жағдай, Семей облысында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты реформалау және оны дотациясыз негізде жедел аударуда жағымды тәжірибесі болды, сондай-ақ меншік түрлерін өзгерту бөлімінде аграрлық секторды реформалау жұмыстары жақсы жүрді. Алайда, бұл көріністер  өндірістік саласында аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда ілгерушілік рөл атқармады.

Рейтингілік кесте бойынша артта қалған үш облыстағы жағдайды түзету мақсатында ұсыныстар жасалды.

Қазақстан Республикасының Президентінің 1996 жылғы 26 қаңтардағы №2823 «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Жарлығына сәйкес аймақтардағы реформалау процесін жеделдету үшін капитал тарту мақсатында 4 Арнайы экономикалық аймақ (СЭЗ): Лисаковск, Жәйрем-Атасу, Қызылорда және Ақмола. Қызылорда АЭА қолайсыз экологиялық жағдайдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларын шешу мақсатында және Ақмола АЭА инвестицияны тарту жолымен жаңа астананы жедел дамыту мақсатында қайта құрылды.

Ескеретін жағдай, 1991 жылы елімізде құрылған 9 Арнайы экономикалық аймақтың (СЭЗ) ішінде, тек Лисаковск Арнайы экономикалық аймақты оң бағалауға болады.

Осы жылы орталық пен аймақтардың өзара байланыс әркеттерін жетілдіру жұмыстары жалғасын табады, ортақ стратегиялық міндеттер шеңберінде нарықтық реформаларды бірлесе жүргізу мақсатында №1600 24.12.1996 жылғы Қаулы қабылданды, соған сәйкес 1997 жылдан бастап Үкімет төрт облыс мысалында (Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда) тәжірибе жүргізіледі [10, 20-21 пп].

Бұл келісім аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуда әкімдердің жауапкершілігін көтеру мақсатында қабылданды. Бұл эксперименттің оң нәтижелері болған жағдайда, еліміздің барлық аймақтарына таратылады. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «1996 жылғы 6 қазанда Ақмола қаласының аумақтық шекарасы ішінде Ақмола арнайы экономикалық аймағын құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойды және осы Жарлықпен Аманжол Бөлекбаев оның тұңғыш төрағасы болып тағайындалды... Ақмола ЕЭА жемісті қызметінің нәтижесінде қала экономикалық аймақ қызметінен түсетін пайданың 60 пайызын алатын болды. Облыс бюджеті де сырт қалған жоқ, оған ЕЭА қаржы түсімдерінің 40 пайызын бөлінді... Мұндай еркін экономикалық аймақ құрылмағанда 1997 жылдан бастап орындалған құрылыс жұмыстарының осыншама орасан зор көлемін атқару мүмкін болмас еді. Осы қорға 70 млн. доллардай қаржы жиналды» [11, 192 б].

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Астанана салуға инвестициялар көлемі 2 млрд.-тай долларды құрайды. Бір атап өтерлігі, соның 70 пайызы біздің өз инвестициямыз» - деп атап көрсетті [11, 99 б]. Астананы ауыстыру да жаңа тарихымыздағы күрделі кезең, бұл бөлек мәселе. Ең маңыздысы – жаңа әлемдегі жаңа Астана бой көтерді. Астана – елдік символы. Астана – Еуразия жүрегіндегі мегаполис.

Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев  2012 жылғы 27 қаңтардағы Жолдауында нақты атап көрсеткендей, «...Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу – өмірлік маңызды нәрсе. Бүгінгі әлемде бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың түбегейлі мәселесі [12]. Бұл таяу онжылдықтардағы Қазақстан дамуының басты бағыты болып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

1.Сағадиев К. Экономика – елдік тұғыры. Қараңыз. Егемен Қазақстан тарихы: Тәуелсіздікке 20 жыл: Тарихи-құжаттық зерттеу /Құраст.:Б.Ғ. Аяған, Х.М. Әбжанов, Г.Р. Нұрымбетова /Б.Ғ. Аяғанның ред. – Алматы: Раритет, 2011. - 400 б.

2. Сағадиев К. «Алдымен – экономика...». Қараңыз.: Тәуелсіздік. 1991-2011 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде ел тәуелсіздігі туралы жарияланған мақалалар, сұхбаттар, сараптамалар, өлеңдер. Құраст. Әлисұлтан Құланбай. – Астана -2011, 980 б.- Б. 579-59.

3.Калиева Г.Т. Региональные приоритеты внешнеэкономической деятельности Казахстана.11-18 с.

4. Елдегі жағдай және ішкі, сыртқы саясаттың 1997 жылға арналған негізгі бағыттары туралы. Алматы, 7 қазан 1996 жыл. Қараңыз.: Елбасы жолдады – Елі қолдады. 1 том. Құрастырушылар: Г.Тәңірбергенова, Қ.Қалилаханова, Б.Имансерікова, Р.Әлімбеков. Астана: Күлтегін, 2008. – 312.

5. Аубакиров Я.А. Национальная экономика: теоретико-методологические и практические проблемы развития: Сб. науч. тр. – Алматы: Триумф «Т», 2009. – 408 с. - 221 б.

6. Борбасов С. Қазақстанның сыртқы саясат басымдықтары // akikatkaz.kz/?p=736

7. ҚР Ұлттық Мұрағаты. ҚР-ның Сауда және индустрия министрлігі Инвестиция комитеті. 136-қор. 1-т., 63-іс.

8.ҚР Ұлттық Мұрағаты.136-қор. ҚР-ның Сауда және индустрия министрлігі Инвестиция комитеті.1-т., 7-іс. Қазақстан Республикасының инвестициялық саясаты.

9. ҚР Ұлттық Мұрағаты. 63-қор. 1-т.,59-іс.-50 п. (Доклад о ходе Программы действий Правительства РК по углублению реформ на 1996-1998 годы (по состоянию на 5 апреля 1997 года). 

10. ҚР Ұлттық Мұрағаты. 10-қор. 1 (қосымша) т., 5-іс. Протокол №1 заседания коллегии Министерства экономики Республики Казахстан и документы к нему. 14.02.1997.

11. Назарбаев Н. Еуразия жүрегінде. Алматы: Атамұра, 2005. – 192 б.

12. Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Егемен Қазақстан. 28 қаңтар 2012 жыл.

К.М.Ильясова. т.ғ.к., доцент

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері


Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз