Басты бет Пәнаралық зерттеулер Философия Ерлік пен намыс жыршысы

Ерлік пен намыс жыршысы

11 Қыркүйек 2013
88
0

Халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде игі жұмыстар атқарылуда. Тарихтың тарау бетіне салып кеткен асыл ердің сара жолы, қиын да қилы өмірі, тарихи келбеті мен адами ізгі қасиеттері бүгінгі таңда әдебиетші, тарихшы, өнер зерттеушілерінің назарынан тыс қалмай, әркез сөз етіліп келеді. Өйткені, ол – уақыт сұранысы, тәуелсіз рухта ұрпақ тәрбиелеп жатқан заманымыздың талабы. Десе де, халқымыздың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «... Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді»,-десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі»,-деген пікір білдіріп, батыр тарихын әлі де зерттей түсу керектігін ескертеді.

Академик Манаш Қозыбаев: «Тарихи құбылыстарға ХХІ ғасырдың биігінен қарайтын мүмкіндігіміз бар. Кешегі Абай, Шоқан, Ыбырай бабаларымыз еліміздің Сахара жерін жыртып, бір тұқым сеуіп кеткен сияқты. Ол тұқым ХХ ғасырдың басында алаш зиялылары болып өсті. Алаш зиялыларының ықпалымен қазақ елінде бір екпінді қозғалыс болды. Сол қозғалысқа қатысқан талай адамдардың есімі осы уақытқа дейін толығымен аталмайды. Сондай есімнің бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Оның әрекеттерінің негізі – отаршылдыққа қарсы екпін. Шынында, қай салада болмасын өзінің өрендігін, ерендігін таныта білген, қазақ өнерінің, ұлт-азаттық қозғалысының, қазақ мәдениетінің ірі тұлғасы екендігі күмән тудырмайды»,-дейді. Қазақстанның егемендігін алуымен бірге ел бірлігі жолында бастарын бәйгеге тіккен асыл ерлердің тарихи келбеті мен рөлін бағамдау, әрі әділ бағасын беру уақыты да туды. «Алмас қылыш жатпайды қын түбінде». Солақай саясаттың қан тамған қылышына іліккен, жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткерлері ақталып, уақыты келгенде біразы әділ бағаларын алды. Архив деректерін ақтарып, тарихи шындықтың мәнін ашуға мүмкіндік туды. Көрнекті әдебиетші-ғалым Рахманқұл Бердібай «Ерлік пен намыс жыршысы» Иманжүсіп Құтпанұлының тарихымыздағы алар орнын, ақындық, әншілік, композиторлық мұрасының көркемдігін айта келіп: «Міне, осы бір шын мәнінде халық қаһарманы дәрежесіне көтерілген қайраткердің тарихымыздан алатын орнын түсініп, біліп болмағанымыз өкінішті-ақ. Бірақ халықтың жүрек түкпірінен орын алған арыстардың есімі мен еңбегін мүлде ұмыттырып жібере алатын күш жоқ екен. Бұған халқымыздың қалаулы ұлы, ерлік пен өнер туын қатар ұстаған, қауымның санасында өшпес із қалдырған Иманжүсіп Құтпанұлының мұрасын талдау мен бағалауда жаңа серпін туғанын мысалға келтіре аламыз һәм мұндай күнге жеткенімізге шүкіршілік етеміз»,-деп пікір білдіреді. Ғалымның пікірі Әбіш Кекілбаевтың пікірімен бір жерге түйіскен секілді. Тарихымыздың әлеуметтік төңкерістер, ұлы өзгерістер заманында өмір сүрген Иманжүсіп Құтпанұлының ақындық, әншілік, композиторлық мұралары, батыр туралы жазылған көркем туындылардағы оның көркемдік бейнесі мен келбеті халқымыздың әлденеше буын ұрпағының рухани қазығына айналатыны ақиқат. Өйткені Иманжүсіп жайында жазылған әр шығарма, әр көркем туынды оның басына түскен ауыртпалықтар себебін жан-жақты көрсете алғандығымен, әрі иманжүсіптану мәселесіндегі дәстүр жалғастығымен құнды.

«Қазақ жерінде аты аңызға айналған азаматтардың біреуі – Иманжүсіп. Ол кешегі балуан Шолақ, Мәди секілді дала кезіп, серілік құрған, балуандығымен, әншілігімен, шешендігімен атағын асырған өнерпаздардың қатарында. Тіпті осы үшеуінің өмірбаянының ұқсастығын аңғаруға болады. Үшеуі де Сарыарқада туған, үшеуі де – балуан-батыр болған, үшеуі де – композитор, үшеуі де бай-болыстардың қуғындауымен талай мәрте абақтыда жатқан, үшеуі де жаңа заманды қуана қарсы алған. Ең арғысы – үшеуі де өз ажалдарымен өлмеген. Алдыңғы екеуі – Балуан Шолақ пен Мәди жөнінде аз жазылған жоқ. Жеке зерттеу мақалаларды айтпағанда, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романдары тарихи тақырыптағы көрнекті көркем шығармалар ретінде бағаланды»,-деп көрсетеді белгілі жазушы, иманжүсіптанушы ғалым Оразбек Сәрсенбай. Сал-серілер дәстүрін жалғастырушылардың бірегейі Иманжүсіп Құтпанұлының өміртарихы мен шығармашылығына қатысты зерттеу-мақалалары, өміріне, заманына байланысты баспа беттерінде басылған еңбектер, көркем шығармалар бар. Саналы ғұмырында ақтаңдақ тұлға патшалық, империялық саясатқа қарсы күресіп өтті. Өткен ғасырда қазақ халқының басынан өткен зорлық-зобалаң, әлеуметтік қақтығыстар, қазақ ауылындағы тағдыр-талайы, ұлт-азаттық көтеріліс сырлары сол кезде өмір кешкен ұлт қайраткерлерінің, соның ішінде Иманжүсіп Құтпанұлының болмысына да ортақ болатын. Қазақтың зиялы қауымы Иманжүсіп сынды асыл ұлын, оның халқына еткен қызметін, күрескерлік бейнесі мен жарқын жүзін, көркемдік келбеті мен тарихи маңызын тың терең зерттеулерге, көркем туындыларға арқау етті.

Ұлтымыздың тарихи тұлғалығын таныта отырып Иманжүсіп жайында сыр ақтарған абзалдарымыз Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Жүсіпбек Елебеков, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Александр Затаевич, Әбділда Тәжібаев, Евгений Брусиловский, Әуелбек Қоңыратбаев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қасым Аманжолов, Ғабдол Сланов, Қалижан Бекқожин, Оралхан Бөкеев, Мұзафар Әлімбаев, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Илья Жақанов, Зейтін Ақышев, Оразбек Сәрсенбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Қалихан Ысқақ және тағы басқалары. Қазіргі қазақ поэзиясының көшін бастап келе жатқан Қасымхан Бегіманов, Ғалым Жайлыбай, Серік Тұрғынбековтардың өлең өрнегіне, соны тақырыбына айналған тұлғаның бірегейі осы – Иманжүсіп.

Тар заманның нар тұлғасы И.Құтпанұлының өміртарихы, заманы мен шығармашылығына қатысты зерттеу еңбектері мен көркем туынды, зерттеу мақалалары 3 кезеңге бөліп қарастырылады. Бұл кезеңді қамтитын уақыт төмендегідей:

І Бірінші кезең өткен ғасырдың басынан бастап 30-жылдарына дейінгі уақытты қамтиды.

ІІ Екінші кезең - 1960 жылдардан кейінгі уақыт.

ІІІ Үшінші кезең еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытты қамтиды. И.Құтпанұлы 1992 жылдың маусым айында толық ақталды.

Иманжүсіп Құтпанұлы туралы архив деректері де, естелік материалдар да едәуір. Мәселен, Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архивінде Омбы дала губернаторлығының іс қағаздары ішінде Иманжүсіпке қатысты біраз документтер (276 бет) жатыр. Қазақ ССР Ғылым Академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында Иманжүсіптің өлеңдері сақталған.

Батырдың өміртарихы мен шығармашылығын зерттеудегі бірінші кезең өткен ғасырдың басынан бастап 30-жылдарына дейінгі уақытты қамтиды. Оған Ә.Қоңыратбаевтың, М.Әуезовтің, А.Затаевичтің, А.Жұбановтың жазғандары айғақ болып табылады. Бұл қатарға академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін де атағанымыз ләзім.

Фольклорист-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Шиелінің халық ақындары» атты зерттеу мақаласында, «Керуен» деген атпен жарық көрген деректі әңгімелер мен естеліктер кітабында Иманжүсіп Құтпанұлының әншілік, серілік, ақындық қасиеттерін аша отырып, әңгіме желісіне айналдырады. Ал Қ.Сәтбаевтың Иманжүсіпке қатысты құнды пікірлері «Иманжүсіп» (құрастырған – Раушан Көшенова) атты кітапқа енген. Аталған кітапта ақтаңдақ тұлғаның қилы тағдыры, батырдың көзін көрген көнекөз қариялардың айтқан естеліктері, сырлы да өр үнді әндері жинақталған. Раушан апайымыз ғылыми-шығармашылық жолын атасының рухына арнаған. Бұл еңбектің құндылығы, оның авторы жайлы Бағдат Ілиясова былай деп ілтипат білдіреді: «Ақындар, қолбасшылар мен батырлардың, даналар, ғалымдар, жер жинаушылар мен қазақ мемлекеттігін құрғандардың ұлы есімдері оралуда. Халайықты жинап, олардың Отанға деген рухы мен сүйіспеншілігін нығайтқандар туралы Даланың әрбір шөбінің сабағы естіді, біз үшін тым қастерлі ата-баба есімдерінің сақталғаны да сондықтан, ал біздерге, олардың ұрпақтарына Иманжүсіптің немересі Раушан Нұрханқызы сияқты желдің не туралы ән салғанына, шөптің не жайында сыбдырлағанына құлақ түріп, уақыт пен кеңістіктің аңызын буындап, түйірлеп жинау ғана керек. Мұндай еңбек кез келгенге дес бермейді, бұл адами ерлікті жасауға кез келгеннің күші жетпейді, бірақ оның қолынан келеді, оған сөз жоқ. Атасының руластарының, елдестері мен отандастарының ізімен елге жасалған дүниелерді оқыңыз және ашыңыз. Халықтың батыр жайлы естелігі сезімге де, Ақылға да, қатыгез әрі қатал Тарихтың логикасына да арқа сүйеуі үшін бұл кітаптың негізіне толық айқындалған сезімдер ғана емес, дәл, шынайы, нақты білім де тұнған. Бұл кітап – қазақ тарихының іргетасына қаланған тағы да бір берік тас». Бұл еңбектегі естеліктердің бірінде академик Қаныш Сәтбаев Иманжүсіптің әндерін жоғары бағалағаны, халқының классикалық музыкасы деп санағандығы жөнінде айтылады. Бұл жайлы Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, профессор Хайдар Арыстанбеков Раушан Нұрханқызына өз мақаласын ұсынады. Мақаланың аты - «Ол көп іс тындыратын еді». «Иманжүсіп» атты кітапта Хайдар Арыстанбекұлының мақаласынан үзінді келтірілген. Мақалада академик Қаныш Имантайұлының Иманжүсіп әндерін ерекше бағалайтыны, өзінің батырмен жерлес екендігін мақтаныш ететіні де айтылады. Иманжүсіптану мәселесінің алғашқы кезеңінде ән, өнер зерттеушілерінің орны ерекше. Ең әуелі А.В.Затаевич Иманжүсіптің көзі тірісінде «Қазақ халқының 1000 әні» (1925, 1963 ж) еңбегіне оның 5 әнін (№117, 196, 217, 758, 840) кіргізді. Қазақ тілін білмеген зерттеуші бұл әндердің нотасын жазған да, ән мәтінін келтірмеген. Иманжүсіп әндерін орындаушылардың ішінде ең атақтылары Қ.Байжанов, И.Байзақов, Қ.Байсейітов болды. Қазақ радиосының «Алтын қорынан» Иманжүсіп Құтпанұлының 13 әні табылған. Орындаушылар: Рамазан Баймағанбетов, Ғалымбек Нұрғазинов, Қайрат Байбосынов, Жүсіпбек Елебеков, Мейіргүл Нұрмағанбетова, Жаппас Қаламбаев, Әмина Нұғыманова, Сматай Үмбетбаев, Айтбек Нығызбаев, Ербол Айтбаев.

Иманжүсіптің өмірі мен шығармашылығын зерттеудің екінші кезеңі 1960 жылдардан кейінгі уақытты қамтиды. Батырды ату жазасына бұйырғанда оған төрт түрлі айып тағылады. Олар: банда-шайкасының басшыларының бірі, көтеріліске жан-жақты мәліметтер жинақтаған, шайқастарға қатысқан және банда-шайкаға мылтығын сатты деген айыптар. Ешқандай кінәсі дәлелденбеген ақын осы айыптар бойынша атылған. Арада жиырма тоғыз жыл өткен соң, 1960 жылғы 25-ақпанда Жамбыл облыстық сотының шешімімен Иманжүсіп ақталған. Бірақ оның ісімен танысуға отыз жылдан кейін ғана рұқсат берілген. Иманжүсіптің аты-жөнін, артына қалдырған әндерін айту осы уақыттан кейін басталады.

Жұмабай Орманбаев – Иманжүсіптің көзін көрген, дәмдес-тұздас болған. Қаламгердің «Жұлдыз» журналында «Бір сапарға шыққанымда» деп аталатын Иманжүсіп пен Сәкен Сейфуллиннің достық қарым-қатынасы жайында мақаласы, 1972 жылы «Тұзақталған шортан» атты жинақта «Үлкен аға аузынан» деген атпен әңгімелері жарық көрді. Кейін «Бір сапарға шыққанымда» деген әңгімесі «Тұғыры биік тұлға» кітабында «Аяулы аға шылауында» деген атпен басылып шықты. Бұл әңгімелерде Иманжүсіптің көпқырлылығы, адами ізгі қасиеттері суреттеледі. Сонымен бірге, Раушан Нұрханқызы Жұмабай Орманбаевтың «Дала перзенттері» атты құнды қолжазба тапты. Жанры жағынан – роман, көлемі – 500 бет. Романға Иманжүсіптің қилы да қиын тағдыры өзек болған. Роман баспа бетін көрмеген, Раушан Нұрханқызы қолжазбаны болашақта жарыққа шығармақшы.

Іле-шала жазушы Зейтін Ақышевтің Иманжүсіптің өмірі мен өнері жайлы жазылған романы оқырмандарға жол тартуға тиісті еді, бірақ саясаттың кедергісінен болып 1987 жылы ғана баспадан шығады. Бұған М.Әлімбаев, Р.Бердібаев, О.Сәрсенбаев сынды қаламгерлердің игі ықпалы болды. Кезінде Ә.Тәжібаев Иманжүсіп пен Қажымұқанның достығы жайында жазған болса, Ақселеу Сейдімбек 1986 жылы атам турасында тың деректерді жариялады. Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжолов өз өмірінде Иманжүсіп пен Құрманғазыны пір тұтып өткен. 1988 жылы «Парасат» журналында осы жайында Оразбек Сәрсенбаев менің берген деректеріме сүйене отырып, көлемді мақаласын жариялады. Иманжүсіп Құтпанұлының өлеңдері ең бірінші рет «Бес ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының антологиясына енді. Осында белгілі журналист Керімбай Боранбаевтың да сіңірген еңбегін айт кету ләзім. Міне, осыдан бастап Иманжүсіпті зерттеу басталды деп айтуға толық негіз бар».

Өнердегі Иманжүсіп бейнесі мен өмірдегі Иманжүсіп өмірін сабақтастыра бейнелеуге ден қойылған мақалалар көптеп дүниеге келді. Жалпы алғанда, бұл мақалаларда Иманжүсіптің даралық келбетін нақты талдау басшылыққа алынған. Кейіпкердің түр-пішінін, адами ізгі қасиеттері мен талантын сипаттау түрлі үлгіде беріледі. Кейде мақала авторлары Иманжүсіптің сырт кесікін-келбетін, мінез ерекшеліктерін толық келтіреді, енді бір тұста оның бойындағы қасиеттерді екінші бір адамның көзімен бағалату – жазушы шеберлігінің бір қыры. Иманжүсіпке қатысты жазылған поэзиялық көркем шығармаларда батыр ерлік пен бостандықтың нышаны, жазықсыз жапа шеккен күрескер тұлға, бойындағы дарынын туған еліне бағыштаған сері ретінде сипатталып, суреттелсе, мақалаларда ел перзенті, кемелденген жастағы асқақ тұлға, жүйрік ат, алғыр тазы, қыран бүркітті серік еткен адам ретінде баяндалады. Журналист Ж.Орманбаевтың «Үлкен аға аузынан», «Аяулы аға шылауында», Ә.Тәжібаевтың «Палуан аға», Ғ.Слановтың «Сезімі өрен ақын дос», Ә.Қоңыратбаевтың «Иманжүсіп» мақала, әңгіме, естеліктері Иманжүсіпке арналады.

  Жазушы Жұмабай Орманбаевтың «Үлкен аға аузынан» және «Аяулы аға шылауында» атты мақалаларында сөз болған мәселе – Сәкен Сейфуллин мен Иманжүсіп Құтпанұлының достық қарым-қатынасы. Оқиға 1927 жылы болған. Республика астанасы Қызылорда қаласына Ұлы Октябрьдің он жылдық мерекесіне Сәкенді іздеп Иманжүсіп келеді. Әңгімелердің мақсаты – рухы биік, ел жадындағы елеулі азаматтардың достығы мен сыйластығын көрсету. Иманжүсіптің түр-тұлғасы мен мінез қырлары авторлық баяндау арқылы беріледі. Осы тұста оның келбеті даралана елестейді: «Иманжүсіп зор, асқақ денелі кісі екен, сонан ғой дедім, шар тартқан нағыз тұлғасы кесек, жуантық емес сидалау, қапсағай көрінді. Қолмен қойғандай иегіне ғана біткен селдірлеу ұзынша сақалы, жебелі мұрты көк бурыл тартыпты. Жанары таймаған үлкен көзді, сәл шолақтау қыр мұрынды, ат жақты ашаң қара сұр жүзді байсалды да ойлы тәрізді. Жырта қарыс салалы саусақтары жуан да сүйрік. Үстінде қара көк маутыдан сұлу тігілген бешпент, шалбар, аяғында әміркен кебіс-мәсі, басында қара барқыт топы. Қоңыр күрең жібек барқыт шапаны мен баспа құндыз бөркі ілулі тұр. Ел аузында аңыз болып жүретін шежіре адамның алғашқы байқауда көзге түскен сырт көрінісі осы іспетті еді». Сол жылы Иманжүсіп алпыс жеті жаста екен. Бұл уақыттағы батырдың ермегі мен өмір серігі - ән, домбыра, жақсы ат, жүйрік ит, қыран құс. Осы сапарында олар жиналып, «Телкөл сапарына» шығады. «Үлкен аға аузынан» атты әңгімеде осы жәйт сөз болады. Екі ағаның қасына Мұқажан, Әшірбек, Жұмабай деген жігіттер еріп шығады. Думанға толы сапар болады. Бірақ Иманжүсіп Қараөткелден кеткен соң өлеңді де өр мінезді де тастағанын айтады: «-Ұмытылып еді ғой бұл қызық, көңіл шіркін тоқырап, басылып еді ғой,- деді сүртініп тұрып. –Сәкенжан, сол көңілді сен көтердің, басқа мәнде көтердің, семірдім, көңілім толды саған, шаршауды ұмыттым. Денеме тың күш, сезім кірген тәрізді.

  -Жүрген-тұрғандай емес, мен де қуанып қалдым,- деп Сәкен де серги сөйледі». Иманжүсіп өмірінде кездескен жандардың ішінде ұнағаны да – Сәкен. «Иманжүсіпке Сәкен де ұнады. Жасым үлкен, өткендігім бар, ел-жұрт біледіні бұл қарттан естіп байқамайсыз. Көне қазақ Имекеңнің осы мінездерін Сәкен де қымбат бағалады. Бұл да өзіне тән осы қасиеттерімен Сәкенге ұшырасқан бір ғана кексе қазақ». Осы сапардан кейінгі кездесу, той-думандарда Сәкен мен Иманжүсіп кездесіп тұрады.  Иманжүсіп көп кешікпей дүние салады. «Бұдан соң да Сәкен Иманжүсіппен болған жерлерден, оны білетін адамдардан, архивтен Имекең жөнінде көп материалдар жинаған еді. Бірақ нәсіп болмады. Сәкен Иманжүсіп жөнінде жазбақ үлкен еңбегін жарық көрсете алмай кетті». 1927 жылы С.Сейфуллин И.Құтпанұлын Қызылорда қаласында өтетін кеңес үкіметінің он жылдық мерейтойына шақырғаны – тарихта бар оқиға.

  Осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаев «Палуан аға» естелігінде Қажымұқан мен Иманжүсіп жайын сөз етеді. Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды. «Палуан аға» әңгімесі 1977 жылы «Жұлдыз» журналының 12-санында жарияланған болатын. Әңгімеде Қажымұқанның Иманжүсіпті жоғары бағалап, құрмет тұтқаны туралы айтылады. Автор батырға былай деп баға береді: «Мәдиді айтамыз батыр деп, Иманжүсіпті де де сол сапқа қосамыз. «Екі метр бойы бар, ат шыдамайды екен астына. Қырық кісімен жалғыз өзі қамшымен ғана төбелесіпті» десеміз. Бірақ бұлар да ең алдымен ақындық, әншілікпен тарихқа кірген кемеңгер жандар. Барлық махаббаттарын, отты жүректерін, ақ тілектерін, алып қайраттарын туған халқына арнаған жандар».

Қалың бет, бура түсті, қара нардай,

Жұп-жұмыр жуан діңгек, бойшаң нардай.

Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,

  Айбынды жолбарысқа болар пардай ,-

деп Сәкен Сейфуллин баға берген Қажымұқан «Имекеңнің қамшысын да жеген». Әңгімеде ол оқиға былай суреттеледі: «Қояндының базары қызып жатқанда бір кесір шалға тілім тиіп кетіпті. Шал маған қамшы сілтемек болғанда, мен оны аттан жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жіберіппін. Күлген жұрт зәресі ұшқан шалды үйден түсіріп алып, қайта аттандырып жіберіпті. Ызалы қарт сол бетімен Иманжүсіпке барыпты... Үйдей кері атының үстінде найзадай тіп-тік қадалған Имекең маған шын-ақ ашулы сияқты көрінді. Содан соң тепсіңкіреп кеп қамшымен тартып өтті. Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, әйтеуір аман екем. Көзім қарауытып барып әрең жығылмай құладым. Әзірейіл Имекеңнің қамшысының ұшында десетін онда жұрт. Қайда ондай ағалар, бөлек жандар еді ғой олар». Ә.Тәжібаев қаламынан туған «Палуан аға» әңгімесі сыршылдық, ойшылдығымен, оттылығымен ерекшеленсе, жазушы Ғабдол Слановтың «Сезімі өрен ақын дос» естелігі терең нәзіктігімен тәнті етеді. Қасым Аманжоловтың Иманжүсіп әндеріне жоғары баға беріп, ұйып тыңдайтыны - естелікке арқау. «Иманжүсіптің белгілі әні мен Құрманғазының «Аш бөрі» секілді сөздері ірі әнін ұйып тыңдап, ерекше бір дарқан шыққан өлең шумақтарына келгенде мәз болып, қозғалақтап күлімдеп кететін. Әсіресе, Иманжүсіп пен Құрманғазының үндестігі Қасымды мейлінше риза қылатын. Иманжүсіп патшаның айдауында жүргенде:

«Сарыарқаны жайлаушы ем қаздай көшіп,

Сол бір күндер отыр ғой еске түсіп.

Арғынның бар қатыны ұл туса да,

Барлығы бола бермес Иманжүсіп»,-

депті. Осыны естіген Қасым Құрманғазының «Аш бөрі» әнінде айтылатын:

«Бастан өтті жан шошыр талай майдан,

Шыққан жоқ атқан серкем терең сайдан.

Өзіммен ұлы дауға бір түсетін,

Ұл туар мендей жігіт қатын қайда!»-

деген бір сөздерін ең алғаш білгенде, ағасы базардан келген баладан артық қуанып, мәз болғанын көзіммен көргем»,- дейді жазушы Ғ.Сланов.

Ал Әуелбек Қоңыратбаевтың «Иманжүсіп» атты естелігінде Сыр өлкесінде болған той арқау етілген. М.Бекежановтың «Иманжүсіпке хат» дастаны негізінде жазылған. Иманжүсіптің Ерейменнен Сырдағы туғандарына келіп қосылған тойы. Бұл тарихи оқиғаны «Дара тұлға» атты мақаласында Айғали Аманжолұлы былай береді: «Негізі Иманжүсіптің Сыр еліне 1914 жылдың көктемінде келген. Оның аты Сыр еліне ғайыптан туған ер, ел қысылғанда көрінген бір күшті бары болып танылады. Қобыланды қыстағында отырған оны ел ақсақалдары Сыр өлкесімен таныстыру үшін сол жылғы мамыр айында ұзақ сейілге алып шығады. Мұны сол кездегі ел «Батырдың ағайынымен көрісуі» деп те атаған. Шиеліден Ақмешітке дейін барған бұл танысу төрт айға созылып, өзінше бір той-топырға айналған. Бұл тойға бүкіл Сыр өңірі шақырылып, мыңдаған адамдар қатысқан. Сөйтіп елі атақты батыры Иманжүсіппен солай танысқан». Иманжүсіптің өміртарихына қатысты осы дерек көркемдік сипатқа ие болып, айрықша суреттеледі. «Иманжүсіп» әңгімесінде «сұңғақ бойы екі кездей, кейкі маңдай, ұзын саусақты» батырдың «...алыстап кетіп, қайта сағына қосылған өзінің өскен тауы, ұшқан ұясына қанат жайып шүйілген сұңқар бейнесі еріксіз елестейді». «Той үстінде қалың елді таңырқатқан жай – Иманжүсіп жайы болды. Ол жөніндегі түрлі аңыздар, оның ерекше тұлғасы, Ақмола абақтысынан қашуы, сонда салған сағынышты сазы, атасы Тұрғанбай мен әжесі Малбике жайындағы әңгімелер аңыздай өрбіді». Мәнсүр жыраудың шежіреге толы «Иманжүсіпке хат» дастаны да оқылады. Иманжүсіптанудың екінші кезеңі осындай оқиғалармен айшықталды.

Иманжүсіптанудың үшінші кезеңі еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі уақытты қамтиды. И.Құтпанұлы 1992 жылдың маусым айында заңды жолмен ақталды. Батырдың атылып кетуінің ешқандай себепсіз екені де анықталды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ерейментауға келгенде Иманжүсіптің өлеңін жатқа оқып тұрып, бір әнін басқалардың білмейтініне реніш білдірген екен. Оны жазған Алтайдың мұзбалағы О.Бөкей еді. Қалай айтсаңыз да, «алтын пышақ қап түбінде жатпайды». Тарихи құндылықтың үлкен үлесі біздер әлі қазып, қопара алмаған уақыттың еншісінде жатыр. Ел мен жерге деген ұлы махаббаттың үлгісі бола білген «Феникс» құс секілді ұлылардың рухы бізді әрдайым жебей беретіні сөзсіз.

 Дара тұлға жайлы, өмірі мен шығармашылық жолы туралы тың зерттеу мақалалары, ғылыми еңбектер тарихшылар, әдебиетшілер, өнер зерттеушілері тарапынан жазылды. Ақындар өз өлең жолдарын, жазушылар таңдаулы шығармаларын, режиссерлер кинофильмдерін, фототілшілер альбомдары мен альманахтарын арнаса, ғалымдар ғылыми еңбектерді қосты. 1992 жылдан кейін түрлі дәрежедегі ғылыми-практикалық конференцияларда, әдеби кештерде баяндамалар жасалды, зерттеу еңбектері Иманжүсіпке арналып жатты.

«Иманжүсіп өнері, Иманжүсіп мұрасы, Иманжүсіп дүниетанымы мен көкжиегі зерттеуді, терең талдауды қажет етеді»,-деген тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұмановтың пікіріне сүйенер болсақ, ел-жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған «нағыз дала көкжалы» (Әбіш Кекілбаев) Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты телегей-теңіз мәселені зерттеп, игеру, жас буын өкілдеріне насихаттау – алдағы күннің еншісінде.

Иманжүсіп Құтпанұлының қазақ әдебиетінде сомдалған көркемдік бейнесі мен болмысы, қазақ тарихындағы қоғамдық, саяси-әлеуметтік орны қандай болды деген сұрақтарға жауапты Иманжүсіптің өміртарихы мен заманына қатысты жазылған өлең, поэма, әңгіме, естелік, романдардан іздегеніміз абзал. Тарихи тұлға образын жасауда әр уақыттың ақын-жазушысы мен зерттеушісі мұрағат деректеріне, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелердің желісіне сүйене отырып, шоқтығы биік көркем туындыларды, құнды әдеби шығармаларды дүниеге әкелді. Солай белгілі тұлғаның өмір шежіресін көркем туынды ретінде жинақтады. Өр мінезді, күрескер ақын, нар тұлғалы Иманжүсіп Құтпанұлының тарихи тұлғасы, көркемдік және күрескерлік бейнесін сомдауда ақиық ақындар, қара сөз шеберлері, көрнекті жазушылар образ төңірегіндегі уақиғалар, заман шындығы мен шырғалаңын өз шығармаларына, көркем туындыларына арқау етті.

Қазақ тарихы мен өнерінің бастау қайнарында тұрған сал-серілердің, ірі талант иелерінің бәріне ортақ қасиет – көп қырлылық. Балуан Шолақ, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды өр мінезді өнер саңлақтарының Иманжүсіп өмірі мен өнерінде сабақтастық, үндестік байқалады. Осы тұлғаларға қатысты жазылған шығармалар соның айғағы.

Қазақ жерінде аты аңызға айналған тұлға – Иманжүсіп Құтпанұлы. Иманжүсіпке қатысты тың пікір айтқан сыншы-ғалым – Тұрсынбек Кәкішев. Көрнекті ғалымның Иманжүсіпке қатысты айтылған құнды пікірін толық келтіруді жөн санадық: «Тарихта бағы жанған, бағы жанбаған тұлғалар бар. Солардың бірі – Иманжүсіп. Иманжүсіп сияқты азаматтар жалғыз ғана патша үкіметіне қарсы шыққандықтан емес, жалпы, ел азаматы, қазақтың біртуар батыр ержүрек ұлы. Оған қоса, атақты әнші, сазгер, сері. Иманжүсіптің әндерін айтпайтын, жадында сақтамаған қазақ болмаған. Ол әндерінің ар жағында туатын сұрақтар: қалай, қай кезде айтылған, кімге арналған, қай күйде шығарған, осындай әндерді жазған адам қандай болған – жауап іздемеу – бұл біздің елдігіміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің дұрыстап қалыптаспағанының бір көрінісі деп ойлаймын. Иманжүсіп сияқты адамның қазақ әдебиетінің, өнерінің тарихында рөлін жарқыратып көрсету – біздің парызымыз. Баяғыда Сәкен Сейфуллин 1927 жылы арнайы іздеу салып, Иманжүсіпті тауып, кездесіп, аса құрметтепті. Ал егер Сәкен Сейфуллин іздеп жатса, кейінгі біздер қолымызға шам алып іздеп жүруге тиістіміз ғой».

Ал Иманжүсіпке қатысты көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеу еңбектерінің авторы Оразбек Сәрсенбай былай дейді: «Саналы ғұмырында тағдырдың теперішін көп көрген Иманжүсіп күрескерлік өр үнін әндерінде танытады. Еркін жарық дүниені көруге зар болған Иманжүсіп сонда:

Күнім қайда баяғы таңдай атқан,

Қараөткелдің көшесін дабырлатқан.

Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,

Жарғанат болғаным ба бұғып жатқан?-

деп өлеңдетеді. Иманжүсіптің даңқы, әндері қазақ даласына кеңінен тарай бастайды. Қалың көпшілік халық оны әділетті ісі үшін күрескер жеке батыр ретінде бағалайды. Қиянатшыл заманның жаласына ұшыраған Иманжүсіп Өскемен уезіне бес жылға жер аударылады. Өскеменде бес жыл айдауда болып, Есіл бойына қайтып оралған Иманжүсіпке Жайықбай әулеті бәрібір тыныштық бермейді. Тағы да алыс-жұлыс басталады... Сұрапыл қайрат иесі Иманжүсіп зорлықшылардың өзіне күш көрсетуден тайынбаған. Мұрағат деректерінде оны жөнге салуға келгендердің талайы оңбай таяқ жеп, жарақаттанғаны айтылады. Оны ноян серінің өзі де жасырмайды.

Тумай жатып өш болды маған болыс,

Аударылды сол үшін талай қоныс.

Сатырлатып сабаушы ем, шеттерінен,

Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс!...».

Осындай өмір кешкен Иманжүсіп тағдыры көптеген көркем шығармаларға арқау болды. Қазақ радиосынан Иманжүсіп Құтпанұлына арналған «Дауылпаз ақын: ерлік пен намыс жыршысы» атты радио-бағдарламада батыр туралы: «Иманжүсіп – тарих беттерінен өшіруге мүмкін емес қазақ халқының алпауыты. Ол біздің кешегі, бүгінгі және келешектегі рухымыз іспетті. Әрине, кеңес үкіметі саясатына қабыспайтын ақын жүректі азамттың алуан түрлі әрекеті болды. Дала перзенті құйтұрұқы заманды қабылдаған жоқ. Ақиқатында, әмбе қазақтың табиғаты солай еді. Көз көрген және көп білетін игі қазақтың кешегі жақсылары Иманжүсіп есімінен имандай ұйыды»,-дегендей, Иманжүсіптің есімі – ерліктің, бостандықтың, батырлықтың символы. Ол бар бітім-болмысымен, бойына біткен табиғи дарынымен күллі қазақ даласына ортақ болатын. Уақыт өте келе нар тұлға өзін мойындатты. Қазақ еліне даңқы жайылған атақты батыр, палуан, ақын, әнші-сазгер, сері Иманжүсіп Құтпанұлының тарихтағы орны, қазақ елінің бостандық алу жолындағы күрестердегі даралығы, артына қалдырған ән-өлеңдерінің мән-маңызын бағамдай отырып, төл әдебиетіміздің көрнекті ақын-жазушылары мұрағат деректері, батырдың көзін көрген көнекөз қариялардың аузында сақталған аңыз-әңгімелердің желісімен Иманжүсіптің көркем әдебиеттегі бейнесін сөзбен сомдады.

  Отаршылдық езгіге қарсы күресіп өткен Иманжүсіп болса - талантын туған елге бағыштап өткен нар тұлға. Тарихта болған және тарихи оқиғаларға қатысып, бел ортасында жүрген батыр тағдырын қарымды қаламгерлер, ақындар өз көркем туындыларына арқау етті. Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен шығармашылығы, оның өзі өмір сүрген заманымен астастыра суреттеген шығармалардың қай-қайсысын алып қарасақ та, ел-жұртының болашағына алаңдаған қайсар ердің ерлігі мен азаматтығын танытады.

(с) Раушан Көшенова

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз