Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Макротарих Мен-қазақтың үш Алашының ханымын

Мен-қазақтың үш Алашының ханымын

09 Қыркүйек 2013
202
0

                         Мен-қазақтың үш Алашының ханымын

Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор

 ХVIII ғасыр басындағы қазақ жеріндегі аласапыран оқиғалар тарих сахнасына біртуар, бір шоғыр, тарихи тұлғалар – арғы қазақ арыстары Тұмар, Шырақ, Бейбарыс сынды ұлы қаһармандық ерліктер қордала түсіп, әлқисса, Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылай сынды қайраткерлерді шығарды. Олардың өз замандастарынан ерекшелігі қалыптасқан саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайды парасатты жүрекпен талдап, қалың қазағы  алдындағы жауапкершілікті өз мойынына алып, шешуші кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» көпке үлгі болуы Еуразия ортасында орналасқан, ұлан-байтақ қазақ жерін сақтап қалуға әкелді. Бұл арада атақты билерге арқа сүйеген Тәуке ханның, 1710 жылы Қарақұм кеңесінде ел ортасына қасқайып шығып, «Жауларымыздан кек аламыз, шайқасып өлеміз, өз ауылдарымыздың талқандалып, ұл-қыздарымыздың құл мен күңге айналғанының соқыр куәсі болмайық. Қазақ даласының ерлері қашан қорқып еді» деп жоңғарларға берілуді қолдаған топқа қарсы ұмтылып, өз киімін жыртып, қылышын жоғары көтеріп, намысты оятқан Бөкенбай Қараұлының, өзі (Абылай - Ә.М.) «біздің халықтық бақытымызды қамтамасыз етуші» деп бағалаған Әбілқайыр ханның Ресеймен келісімге келудегі басты мақсатым «Өзім үшін емес, бүкіл қазақ халқының пайдасы мен тыныш өмірін қамтамасыз ету болды» деген жан айқайларын Абылай сезініп өсті. Басты мақсат қазақ жерінің оңтүстік-шығысындағы монғол тайпаларын біріктіріп, Қытайдың Цинь империясымен ашық теке-тіреске шыққан Жоңғар хандығынан қорғану болатын. Жоңғар хандары Батур (1635-1654), Галден (1671-1697), Цеван-Рабдан (1697-1727) тұсында қазақ халқы жойқын шабуылдарға ұшырады. Жоңғардың осынша күшеюіне бірден-бір себепкер қитұрқы, жәдігөй саясатты Ресей болатын.

Қытайдың Орталық Азия бағытындағы саясаты Ресейдің Жоңғарияны оған қарсы тұратын қорған ретінде пайдалануға итермеледі. Тіпті, І Петр тұсында Жоңғарияны орыс бодандығына қабылдаудың алғашқы қадамдары жасалды. Ал 1728 жылы 22 сәуірде Ресейдің Қытайдағы елшісі С.Л. Владиславич-Рагузинский жоңғар елшісі Боджирдің Петербургке келуін пайдаланып, І Екатеринаға «олармен қарым-қатынас Ресейге тиімді, сондықтан қонтайшымен келісімге келген жөн» деген ұсынысын білдіреді (Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.). Документы и извлечения. - Барнаул: Азбука, 2006. –С.37). Ашық қолдауға ие болған жоңғарлар бірден назарын көршілес қазақ хандығына аударды. Оған қоса қазақты қыспаққа алу жоспарлы түрде батыстан  орыс-казактар, қалмақтар, солтүстіктен орыс-казактар мен башқұрттар арқылы басталды. Ол турасында Бөгенбай Ақшаұлы А. Тевкелевке қазақтың бір мезгілде жоңғар қалмақтары, Еділ қалмақтары, башқұрттар, Сібір, Жайық казактары шабуылына ұшырағандығын хабарлады. Әбілқайыр хан болса, оларға Бұқара, Хиуа хандықтарын қосып «төрт жағамыздан бірдей жау қоршауында қалдық» деп анықтады ( Мұқтар Ә.Қ.Тарих тұңғиындағы тұлғалар (мақалалар жинағы). –Алматы; Арыс, 2008.-18 б.)

Міне осындай сын сағатта Абылай Уәлиұлы тарих сахнасына көтерілді. Ата шежіреге, Бұқар және Үмбетей жырларына арқа сүйеген Р.Б. Сүлейменов, В.А. Моисеев, М. Қозыбаев, К.К. Абуев және т.б. ғалымдар Абылайды 13-15 жастан бастап атқа қондырып, аға буынмен ел қорғауға белсене кіріскендігін жазған. Дегенмен, оның жұлдызды сәті ел ауызын өзіне қарата бастаған тұсы 1730 жылдары  өмірінің екінші кезеңінде басталды деуімізге әбден болады. Бұқар жыраудың

«Сені алғаш көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет хандарға

Қызметші болып тұр едің» - дегені шамамен оның немере ағасы Әбілмәмбет Болатұлының билігінің күшейе бастаған тұсына  келеді. Өйткені Әбілмәмбет 1739 жылы арғын руының және Түркістандағы Нияз батырдың қолдауымен хан тағына көтерілгендігін мұрағат деректері айғақтайды. Дегенмен Абылайдың 1723 жылғы “Ақтабан шұбырындыны” өз көзімен көргендігі, қазақтың төл перзенті ретінде 1727 жылғы Бұланты, 1729 жылдың аяғы 1730 жылдың басындағы Балқаш көлі маңындағы Аңырақай шайқасына қатысып, алғашқы соғыс тәжірибесін жинағандығына күмән келтіруге болмайды. Ол қиын-қыстау кезеңдегі барша қазақ азаматтарының парызы болатын. Осы шайқастарда ол қазақ елінің тағдыр тәлкегінде тұрған кезеңінде Әбілқайыр мен Семеке, Әбілмәмбет пен Бұлқайыр, Батыр мен Барақтың, Бөкенбай мен Есеттің, Жәнібек пен Бөгенбайлардың басын қосып, Алаш деп атқа қонғанын, жаудың бетін тек оңтүстік шығыста ғана емес, сонымен бірге солтүстік-батысында қайтарғандығын сезінді. Абылайдың өзі Аңырақай шайқасында ел аузына іліге бастады. Шайқас тарихын зерттеуші И.В. Ерофеева «тәуелсіздік үшін күресте ірі қазақ қосындарын Әбілқайыр хан басшылығымен Әбілмәмбет, Барақ, Абылай, Бұлқайырлар басқарды» деп көрсетеді (Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. – Алматы: Дайк-Пресс 2007,- С. 190). Оны М. Тынышпаев, М. Көпеев т.б. жинақтаған фольклорлық еңбектерде айғақтай түседі. Бірақ бір өкініштісі, ол турасында мұрағат деректері сыр ашпайды.

  Мұрағат деректерінде Абылай сұлтан 1737 жылдардан бастап кездесе бастайды (бұрынғы мақаламда 1738 жылдан деректер келтіріп жазған едім - Ә.М.). Бұл кезеңде орыс патшасының Азия бағытындағы ашық саясаты тек қазақтарды ғана емес, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде қазақтарға үнемі қауіп төндірген башқұрттардың өздері де сезініп, Ресейге қарсы кезекті ұлт-азаттық күресінің жанданып жатқан болатын. Отарлық қамытты мәңгілік кимеу үшін, «орыстардың башқұрттарды талқандап, үлкендерін өлтіріп, жастарын солдатқа алып, балаларын шоқындыруды бастағандығын» алға тартқан 40 башқұрт елшісі 1737 жылы 30 сәуірде Әбілмәмбет сұлтанға келген. Көп ұзамай башқұрт елшілері Әбілқайыр мен Семеке хандарға, маусым айында Абылай сұлтанға да жетеді. 1737 жылы тамызда Ноғай жолының башқұрттары Әбілмәмбетке келіп, Абылай сұлтанды өздеріне хан ретінде тағайындауын сұрады (РМКАМ. 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 769п.). Сөйтіп осы жылы Абылайдың атағы қазақтан асып башқұртқа жеткен. Абылай башқұрттарға бармағанымен оларды қазақ руларына қабылдауға шешім қабылдады. Содан башқұрттардың бірнеше жүздеген түтіндері қоңырат, керей рулары арасына көшкен. Әбілмәмбеттің өзі ұлысына 45 башқұрт түтінін қабылдады. Ресейдің түрлі уәдесін тыңдап қана қойған Әбілмәмбет пен Абылай В.Н. Татищев пен А. Тевкелевке «қазақ рулары, соның ішінде арғын, найман рулары бізге бағынбайды, олардың өздері Еділ қалмақтарының шабуылын күтіп, қауіптенуде» деп жауап қайтарып, башқұттарды қайтару ұсыныстарының жүзеге аспайтындығын сездірген. Кейін Абылай башқұрт елшілерін ертіп «келісімге келіп, ортақ шешім қабылдау үшін» Әбілқайыр ордасына аттанған. Бірақ Әбілқайыр бұл мезгілде, яғни 1737 жылы 12 тамызда Орынборға кеткен болатын (РМКАМ 248 қ., 17т., 1164 кітап, 759п.).  Патша үкіметі Әбілқайыр ханды башқұрттарға қарсы айдап салуға тырысқанымен, туысқан халықтар тіл табыса білді. Башқұрттар Әбілқайырды хан ретінде мойындап, башқұрт қызына үйлендіріп, оның «бодандығына» өтуге ұсыныс білдірді. 1738 жылы көктемде орыс аманатындағы Ерәлі сұлтанды босатуға бағытталған бірлескен шаралар қолға алынды. Содан Башкирияға Күшік хан, Бұлқайыр, Абылай сұлтандар, өзге де қазақ батырлары бастаған 30 мың қол келіп жеткен (ОрОММ. 2қ., 1 т., 4іс, 9п.) 1738 жылдың наурызынан бастап Әбілқайыр қазақ, башқұрт халықтары атынан сөйлеп, шекарадағы орыс қорғандарынан олардың сауда-саттығына кедергі жасамауды талап етіп, «башқұрттар өзара келісімге келді» деген хаттармен орыс үкіметіне шыға бастады. Мұндай батыл шешімнен қауіптенген В.Н. Татищев оны тез арада Башкириядан шығарып жіберуге барын салды. Тіпті ол «қазақ ордасы мен Башкириядағы тұтқындар ішінен орыстар орыстарға, мұсылмандар мұсылмандарға қайтарылады» деп хабарлады. Башкириядағы хан тағына баласы Қожахмет сұлтанды жіберуді жоспарлады. Бірақ ойы жүзеге аспай қалды. Қазақ-башқұрт қатынасын зерттеуші Г. Избасарова оның себебін Бөкенбай және Жәнібек батырлардың башқұрттарға сенбеуіне сілтейді. Біздіңше, оған негізгі себеп жоңғар қонтайшысының қайтадан күшейіп, Орта жүзге қауіп туғыза бастауы. Мұндай жағдайда Ресей патшасымен ара-қатынасты шиеленістіру аса қауіпті болатын.

  Қауіптің алдын алу үшін Әбілқайыр хан 1738 жылы 3 тамызда жанына Нұралы сұлтан мен 100 би, сұлтан, батырларды ертіп Орынборға келді. Ресей саясаткерлері мұқият алдын-ала толтырған барлық құжаттарда Әбілқайыр «бодандық» туралы ант берді делінгенімен, қазақ үшін басты мәселе өзара тұтқындар алмасу, сауда-саттықты дамыту, бейбіт өмір сүру болатын. Кездесу барысында Әбілқайыр Әбілмәмбет пен Абылай сұлтандарға сенетіндігін байқатты (КРО І, -С.128).

  1739-1740 жылдары жоңғар хандығының шабуылдары қайта жанданды. 1739 жылы күзде нойон Септен бастауымен 30 мың, кейін Септен, Сары- Манджи басшылығымен жоңғарлар Орта жүзге қайта-қайта басып кіріп, Тобыл, Есілге дейін жетті.

  1740 жылы 19 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Орынборда қазақ-орыс келіссөзі өтті. Оған Әбілқайыр ұлдары Нұралы, Ерәлі сұлтандар, Жәнібек батыр, 24 тамызда Әбілмәмбет хан және Абылай сұлтан қатысты. Оларға Нияз батыр да қосылды. Келіссөз барысында Ұлы жүздің жоңғарлар қарамағында екендігі белгілі болды. Қазақ игілері сауда-саттық, тұтқындар алмасу, өзара сенім мәселелерін көтерсе, Ресейліктер қазақ даласында пана тапқан башқұрт көтерілісінің басшысы Қарасақалды қайтаруды қозғады. Орыс мұрағаты кездесу барысында Абылай сұлтан алғаш рет Ресейге «Әбілмәмбетпен бірге, бас киімін қолына алып» адалдық антын берді деп жарыса жазды. Абылай өз ойын бүкпестен «біздің ата-бабаларымыз хан болып еді, бәрі де әріптестеріне адал болған, сондықтан бізде  сөзде тұратын адалмыз. Сіз де адал болады деп сенеміз» деген пікірін білдірген. Әбілмәмбет хан генерал-лейтенант В. Урусовқа Абылай қарамағында «үш рулы ел бар. Біріншісі 6 мың, екіншісі 10 мың, үшіншісі 4 мың шаңырақ» барлығын атап көрсеткен (КРО І. – С.134-167). Келіссөз барысын талдаған Р.Б. Сүлейменов пен В.А. Моисеев «қаралып отырған кезеңде Ресей қолдаушы, одақтас ретінде есептелген. Осы бағыт саяси жағдайды қатаң есепке алған, шексіз билікке ұмтылған, тәккәпар Абылай үшін өте тиімді болды. Бұл Абылайдың Орынбор әкімшілігімен алғашқы және соңғы кездесуі болатын. Осыдан кейін ол Орынборға да, тіпті басқа орыс  бекіністеріне де келмеді» - деп бағалады (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана ХVIIІ веке (о внешней и внутренней политике Аблая).- Алма-Ата, науке. 1988, - С.31).

  Абылай Әбілмәмбетпен бірге Башқұртстаннан қазақ даласына қашып келген Қарасақалды патша үкіметі қанша талап етсе де қайтармады. 1740 жылы қыркүйекте Қарасақалдың найман, керей руындағы Барақ сұлтанда екендігі белгілі болса да, Абылай оны Ұлы жүзде, үйсіндерде деп хабарлап, оларға билігі жетпейтіндігін алға тартты. Үлкен биліктен үміттенген Қарасақал кейде өзін қонтайшы Цеван-Рабданның баласы Шуна батырмын елден қуылғанмын, Жоңғар тағына таласым бар деп көпшілікті сендіріп қоятын. Оның қонтайшыға еш қатысы болмағандығын, Шунамен бірнеше рет кездескен, қалмақ тұтқынынан бері танитын Есет батыр анық білетін (КРО-І. –С.202). Бұл арадағы басты мақсат Қарасақалды Жоңғарияға қарсы пайдалану болатын.

  1741 жылы ақпан айының соңында жоңғарлар «барлық қазақ Ордаларын түбірімен жою үшін» Орта жүзге басып кірді. Оның себебін Сібір губернаторы П.И. Бутурлин Сыртқы істер алқасына «қазақтар Қалдан-Цереннің туысын ұстап алып өлтірді, одан кек алу үшін әскер аттанды» деп түсіндірді (Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг.- ХVIII вв.).– С.75). 1741 жылы көктемде болған шайқастардың бірінде Абылай атақты жоңғар нойоны Шарышты өлтірген-ді. Өлтірілген Шарыш қазақ аңыздарында Қалдан Цереннің баласы делінгенімен мұрағат деректері оның атақты жоңғар нойоны екендігін айғақтайды. Шарыштың өлтірілгендігін 1742 жылы Әбілқайыр ханға келген ойрат елшілері Қошке мен Бұрын да атап өтеді (КРО-І, -С 231). Көп ұзамай осындай шайқаста Септен нойон Абылайды, жанындағы жауынгерлерімен қолға түсірді. Ол турасында Септен подполковник Заринге «Есіл өзені бойындағы Шілік және Шідерті мекенінде бізге кездескен Абылай сұлтанды 200 адамымен талқандап, қолға түсірдім» деп хабарлады. Бұл хабарды 1745 жылғы 12 сәуірдегі Сібір губерниясының кеңсесі хаты да дәлелдейді (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана ХVIIІ веке. –С.34; Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.). – С.106).

  Абылай сұлтан шамамен 1741 жылдың мамырынан 1743 жылдың шілде айы аралығында Жоңғарияда тұтқында болды. Ерәлі сұлтанның қарамағындағы Керей руында болған И. Лапин мен М. Аксаковтар 1743 жылдың шілде айының екінші жартысында Әбілмәмбет ханға Абылай сұлтаннан бес елші келіп, «оның тұтқыннан босап, елге бағыт алғандығын және жанында 30 жоңғар елшілері бар екендігін» хабарлады (РИССМ. 122 қ., 1743 ж., 3 іс, 122 п.). Оны тұтқыннан босатуда барлық қазақ игілері бірлесе күш салды. Міне,осы арада Әбілқайыр ханның Ресейден көмек сұрағаны, ұлы Айшуақты Жоңғарияға аманатқа беру туралы ойлары белгілі болды. Сол үшін Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Күшік, Барақ, Жәнібек, Есет т.б. Еділ қалмақтарымен де келісімге келді, Ақшора батыр бастаған елшілер Қалдан Церенге жіберілді. 1742 жылы сәуірде Орта жүзге оралған Ақшора батыр 3 жоңғар елшісімен келіп, қонтайшының Абылайды босату шарттарын жеткізді. Қалден Церен қазақтың белді азаматтарының балаларын аманатқа жіберуді талап етті. Содан 1742 жылы көктемде барлық қазақ Ордаларының белгілі азаматтарының қатысуымен үлкен кеңес өтті. Қорытындысында Әбілқайырдың Ресейден көмек сұрауы қажеттігі, Орта жүзден аманат жіберілетіндігі шешілді. Араға уақыт сала Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз бен Малайсары және  т.б. Жоңғарияға жіберілді. Әбілмәмбет хан аманатты орындау арқылы екі мәселені – біріншіден Абылайды босатқан, екіншіден Түркістан өңірін қайтарып алған.

  Орыс елшісі К. Миллер Ерәлі сұлтанның бағыттауымен нойон Сары Манджамен кездесіп, қонтайшыға жетпей кері қайтуға мәжбүр болды. Сонымен қазақтардың Абылайды босату мәселесіндегі бірлігі өз жетістігін берді. Елге аман оралған Абылай халқымыздың игілігі үшін белсене іске кірісті. 1743 жылы желтоқсанда Орынборға жолдаған хатында Ресеймен «тату көрші болуды» қалайтындығын, «өзіне және ағалары Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханға Орынборда сауда жасауға рұқсат» берілуін сұрады (КРО І. – С.307-312). Кейін Абылай сұлтан өзінің және Барақ сұлтан ұлдарын қонтайшыға жіберді. Аталған шаралардың барлығы оның шебер саясаткер болып қалыптасқандығын айқын дәлелдеді. Қалден-Цереннің сеніміне ие болғаны соншалық, қазақтар Жоңғарияға дейінгі жерлерді еркін жайлай бастады. Мұны көре тұра И.И. Неплюев 1745 жылы 16 сәуірде Абылайға «Сіздің көшіп жүрген халқыңыз біздің жаққа ешбір алаңдамасын. Абыройыңыз арта берсін, менің Сізге деген шын ниетімді қабыл алыңыз» деген жолдардан тұратын хатын жолдады. 1745 жылы қыркүйек айында Қалден-Церен қайтыс болып, аманаттағы Барақ сұлтан ұлы Шығай елге оралғанымен қазақ-жоңғар қарым-қатынасы 1750 жылдарға дейін бейбіт түрде дамыды. Бұл аралықта Абылай Жоңғариядағы ішкі тартысқа ашық  араласпай, қонтайшы орнына бақталастарының көмек сұрайтын адамына айналды. Керісінше Ресей Еділ қалмақтары, орыс-казактары және башқұрттарды қазақтарға қарсы айдап салды. Ол турасында 1747 жылы 10 сәуірде Ресей сыртқы істер алқасы құпия жарлық шығарса, 21 шілде де қазақтарға қару-жарақ, оқ-дәрі, оттық, қорғаныс құралдары, тіпті оқ жасалмаған күйінде де сатылмайтынын айтқан бұйрық таратылды.

  1748 жылы тамыз айында Әбілқайырдың өлтірілуі Абылайға қатты әсер етті. Ел ішіндегі бірлікті бұзған Бараққа Жәнібек тархан «Әбілқайыр хан сияқты басты ханды өлтіріп, қашқаның жарамайды»,  Орта жүз билері Өтебай, Шорақ, Қабанбай батыр «Әбілқайыр хан барша қазақтың мүддесі үшін патшаға ұлын аманатқа да беріп қойды; қазаққа сауда жасауға мүмкіндік туғызды; жайлы қоныс, байтақ жайылым тауып берді. Әбілқайыр арқасында қазақ халқы әлі күнге игілігін көріп отыр»  деп сәлем жолдаса, Қазыбек би «қазаққа қанша жер алып берген ханды өлтірдің» деп Барақты Ұлы жүзге, Жоңғарларға жібермей жолдан ұстап қалған. Оларды Төле би де қолдады (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы (Құраст. З.С. Тайшыбай). – Петропавл. 2005.-172, 175б.). Көп кешікпей Абылай да Бопай ханымға келіп көңіл айтқан. Кейін ол Керей руын басқарған Ерәлі сұлтанды да Барақ әрекеттерінен қорғап қалды.

  Абылай сұлтан 1749 жылы қаңтар-ақпанда Бопайға Барақтың тұрақтаған жерін көрсетсе, 9 мамырда И.И. Неплюевке жіберген елшісі арқылы Барақтың «жауыздығын» сынап, Нұралы хан, Ерәлі сұлтанмен бірге кеңеске қатысқандығын жазды (РИССМ. 122/1 қ., 1749, 4 іс, 56 п.)

  Сыр бойына көшкен Барақ Тұрсынұлы (Көкжал Барақ-Ә.М.) қарамағындағы найман, арғын руларымен бірге оңтүстіктегі Иқан, Ташкент, Отырар, Созақ және т.б. қалаларды сарттардан босатқанымен, 1749 жылы күзде қырғыздарға шабуылдап, жеңіліс тапты. Барақ Абылайдың «бір жағым - Қоқан, бір жағым – Қытай, бір жағым – орыс, қазақ-қырғыз бір ұрық едік» деп ескерткенін есепке де алмады. Қазақ – қырғыз қатынасын зерттеген А. Махаева осыдан бастап қазақ-қырғыз арасы бұзылғанын дәлелдейді. Барақтың іс-әрекеттерінің арты оның екі ұлымен 1750 жылы Қарнақ қаласында қолмен ұйымдастырылған қорлық өліміне әкелді.

  1781 жылы 29 маусымда Сібір корпусының генерал-майоры Н.Г. Огаревке жолдаған хатында Барақ ұлы Дайыр сұлтан «әкем (Барақ - Ә.М.) өлгеннен кейін Ұлы жүздегі хандық билік Абылайға бағынды» деп хабарлады (ОрОММ. 3қ., 1т., 176 іс, 424 п.). Сөйтіп, Абылай билігі біртіндеп Орта, Ұлы жүздерде мойындала бастады.

  ХVIII ғасырдың 50-ші жылдары Абылай Жоңғариядағы ішкі тартысты қазақ мүддесіне пайдаланып, қашып келген жоңғар нойондары Әмірсана мен Даваци, Банчжураны қабылдап, Лама-Доржиге бермеді. Ойраттар шабуылының алдын алу үшін Абылай Лама-Доржиге елші жіберіп, қашқындарды қайтару мәселесі қазақ кеңесінде шешіледі деп жеткізді. Кеңеске үш жүз игілері түгел шақырылып, қатыстырылды. Әбілмәмбет хан Түркістаннан келіп, нойондарды берген дұрыс деген қорытындыға келген. Бірақ Абылай, Ерәлі сұлтандар, Дәуіт тархан (Жәнібек тархан ұлы - Ә.М) Бөгенбай батыр және т.б. Әбілмәмбет ұсынысын қолдамады. Кеңесте Абылай Давацидің мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның себебін Жапақ батыр Абылайдың жоңғар тұтқынында болған кезеңінде Давацимен қалыптасқан достығымен түсіндірді. Кеңестен соң Абылай Лама-Доржиге елші жіберіп «нойондар өздері келді, біздің дәстүр бойынша «қонақтарды» бере алмаймыз» деген көпшіліктің шешімін жеткізді. Мұндай шешімді күтпеген Лама-Доржи 1752 жылы қыркүйекте 20 мыңдық әскерін қазақтарға аттандырды. Абылай бастаған қазақ әскері қазан айында Баянауылда жиналып, жоңғарларды талқандап, кері шегіндірген. Мұны пайдаланған Даваци мен Әмірсана 600 әскермен тылдан соққы беріп, жоңғар билігін тартып алды. Жоңғар ханы Даваци бірден Әбілмәмбет пен Абылайға елші жіберіп, достық келісімге келді. Көп ұзамай Жоңғарияда Даваци мен Әмірсананың өзара тақ таласы басталды. Оның соңы Жоңғар мемлекетінің құлап, Қытай империясының қарамағына еніп, тарих сахнасынан жойылуына әкелді (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана ХVIIІ веке. –С.47-52)

  Сонымен Жоңғария ішіндегі тартысқа араласқан Абылай әскерлері қытайлықтармен бетпе-бет кездесті. 200 мыңдық Қытай әскері 1755 маусым айында жоңғар хандығын жойғаннан кейін, Абылай ханға ресми елшілігін жіберді. Елшілікті қабылдаған Абылай қазақтар атынан Бөлебай бастаған елшілерін келген  қытайлықтарға қоса аттандырды. Бұл оқиға жаңа замандағы қазақ-қытай байланысының  бетбұрысты бастамасы еді. «Бабаларымыз Есім хан, Жәңгір хан заманынан бермен қарай Қытай империясының лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді» деген жолдардан басталатын Абылай хаты 1757 жылы тамыз айында Қытай патшасына жетті. Бастапқы кезеңде қазақ қолдарымен шайқасқа енген Абылай, қаптаған қытайлықтармен соғысудың арты қырғынға әкелетінін түсініп, «біздің әскер бастап шығуымыз әсте ірі елмен жауласу емес еді. Қалың қолдарың бізге бірінші шабуыл жасады» дей отыра, келіссөздің маңыздылығын ескерді. Қытай құжаттарында Абылай хан атала бастады. Қытай генералы Шунданамен кездескен Абылай «Мен Орта жүздің ханымын. Кіші жүз бен Ұлы жүзді де менің тумалас бауырларым билейді!» деген пікірін білдірген. Сол жылы Қытай патшасына Абылайдан Қанжығалы, Өміртай, Төлеп, Еренжі, Әбілпейіз сұлтан, Тапаш, Бөкенбайлар арнайы келіп, «ежелгі өрісіміз еді» деп Тарбағатай жерлерін қазақтарға жайлауға рұқсат сұраған (100 құжат. (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты құжаттар). –Алматы, 1998. – 25-34 б.)

  1757 жылы 5 қарашада Қытай ресми түрде Ресейге қазақтарды өз қамқорлығына алғанын хабарлады. Қытай патшасы «орыстар қазақтарды біздің әскерлерімізден қырылып, жерлерін тастап алысқа көшкенін көріп тұрып, оларды қандай себептермен  «боданымыз» дейтінін түсінбейміз» деп таңданыс білдірген (Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.).-С.224). Көп ұзамай Абылайдың қайраткерлігін мойындаған Қытай оны хан ретінде бекітіп те үлгерді. Сенімге ие болған Абылай қазақ-қытай сауда-саттығын дамытып, Үрімжіні 1758 жылы орталық базар ретінде таныды. Үрімжінің ашылу рәсіміне күзде Қабанбай батыр жіберілді. Атақты қолбасшы Қабанбайды жіберудің артында Қытайды тану саясаты жатқан болатын. Абылай Әбілмәмбетпен бірге елшілікті Қытайдың «қазақтар үш жылда бір мәрте патшаға сәлемге келуіне болады» дегеніне қарамастан жиі-жиі жіберген. 1759 жылы Абылай өз інісі Сұлтанмәметтің баласы Орыс сұлтан мен Бөкенбайды, 1760 жылы Жолбарыс сұлтан, Даулеткерей сұлтан және Науанды, 1762 жылы Бөкенбайды, 1762 жылы Әбілмәмбет хан Сайбекті аттандырған. Елшілер тізімі осылай жалғаса береді. Кейін елшілікке Абылайұлы Уәли сұлтан, Әбілпейізұлы Жолшы сұлтан да барып қайтты. Көп жағдайда елшілік сауда базарларын кеңейтіп, жайылым мәселелерін, шекарадағы келіспеушіліктерді реттеуге бағытталды.

  1762 жылы Қытай бағытына Ұлы, Орта жүздермен бірге Кіші жүз хандары да тартыла бастады. Осы жылы Нұралы хан Әбілмәмбет елшілеріне өз адамдарын қосып жіберген. Содан 1763 жылы 23 ақпанда Қытай патшасы Ұлы жүз бен Кіші жүзге жіберген жарлығында Абылайдың көрегендігін алға тартты (100 құжат ... 62-63б.). Алайда Кіші жүз елшіліктері түрлі себептерге байланысты жалғасын таппай қалды. Бұл арада, сөзсіз, жердің шалғайлығы да, Ресейдің айла-шарғылары да әсер етті. Кейін Қытай патшасы «Сендер сияқты жат елдерге қару жұмсап, қысым жасап, оларға ант бергізіп, алым-салық төлеуге міндеттегеніміз жоқ. Қазақтардың басқа да мемлекеттерге бағынышы болуын шектемейміз. Бұған да тыйым салмаймыз» деген жауап хат жолдады (Мұқаметқанұлы Н.ХVIII-ХХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары. -Алматы; Санат, 1996, 66б.).

  Қытайдың «жұмсақ» саясатының түпкі мәнін Абылай ашық түсіне білді. Өйткені өзімен шекаралас халықтардың қазақтармен теке-тіресінде Қытайдың генералдары Абылайды сөз жүзінде қолдап, әскери жорықтарға кедергі келтірумен шұғылданды. Міне, осы кезеңде Қытайдың Орталық Азиядағы мұсылмандарды жаулап алу жоспарына қарсы Ауған шахы Ахмад көтерілді. Б.П. Гуревич оның басында Абылайдың Қытайға қарсы ортақ күш біріктіру жоспары жатты деп есептейді (Гуревич Б.П. Международные отношения в Центральной Азии в ХVII- пер. полов. ХІХ вв. М., 1979, - С. 183). Ахмад шах Нұралы мен Абылайға, Әбілмәмбетке хабар салып, Қытайға 1763 жылдың басында елшілерін жіберіп, Цинь патшасының Жоңғария және Шығыс Түркістан бағыттарындағы саясатын анықтады. 1763 жылы көктемде Абылайға Ахмадтан елші келіп, соғыс басталар жағдайда өзара көмекке шақырды. Кейін Ахмадтың Үндістан жеріндегі соғысқа араласуы, Абылайдың Қытаймен ортадағы байланысты үзбеуі Цинь империясымен қатынасты шиеленістірмеді. Оның үстіне мұсылмандардың бірігу әрекеті де Қытайдың жылжуын белгілі дәрежеде тоқтатты деуімізге болады.

  Оған Абылайдың қырғыздар және Қоқан хандығымен күрестегі батыл қимылдарын атауымызға болады. Ол бір жағынан, олардың Қытаймен қаншалықты келісімі барлығын тексере отырып, қажетті жерінде Қоқанның Ердене бегін Пскентке қуып тықса, қытайлықтар Абылайдың зеңірек сұрауын қанағаттандырмаса да, қазақты, қырғызды, қоқандықтарды біздің қармағымызда деуден әрі аса алмады. Абылай қырғыздармен де шиеленісті қарым-қатынасына қарамастан келісімге келуді мақсат тұтты. 1766 жылы Абылай қырғыз би Қаработаға келіп, оның ұлын бас қылып, аманатқа тоғыз түтінді өзімен ала кетті. Міне осы жылдары (1764 жылы) Абылай сұлтан қырғыздар қолына да түсті, тұтқыннан кейін босатылды дегенде пікірлердің қырғыз зерттеушілер тарапынан жазылып жүргендігін айта кетуіміз керек. Ол турасында «Егемен Қазақстанның» 2006 жылғы 19 тамыздағы санында жазылған болатын. Бұл деректі Абылайдың мемлекеттік басқаруын қалт жібермей бақылап отырған, қытай тыңшылары да жазбаған.

  Сонымен Абылайдың Қытай патшасымен тікелей байланысы, қазақтардың еркін сауда саттығы, одан әрі Қашқарға сауда керуендерін жіберуі, қырғыздармен келісімі, Ташкентті бағындыруы, аталған мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуде оны Әбілмәмбет, Нұралы хандардың, Қазыбек бидің, өзге де би, батырлардың, сұлтандардың қолдауы бұл тұлғаның қадір-қасиетін, алысты болжайтын сарабдал саясаткерлігін дәлелдеді. Мұны солтүстіктегі «аюлар елі» орыс патшасы да түсінді.

  Ресей Абылайға 1740 жылы «бодандықты» қабылдадың, «Орта жүз  Семеке хан заманынан бері бізге бағынады» деп сендіруге тырысқанымен өзінің түпкі мақсатын жүзеге асыра алмады. И. Неплюев «Абылайға «неғылса да Қытайдан аулақ бол» деп түпкі ойымызды ашып білдірмей-ақ қояйық. Қазақтарды сескендіріп алмайын деп отырмын» деп мойындауға мәжбүр болды.

  1758 жылы мамыр айында Абылай Орынбор қаласына арнайы шақырылғанымен 8 қыркүйекте орыс әкімшілігіне, А. Тевкелевке хат жолдап, өзінің Әбілмәмбет ханға шақырылғандығын, Батыр сұлтанның ұлы Бөріні (Абылайға болашақ күйеу бала болатын - Ә.М.) аралдықтардың өлтіргендігін, оған бару қажеттілігін, Қытайдан өзіне елші келе жатқандығын, оны күтуде екендігін алға тартып бармайтындығын мәлімдеп, өз орнына немере інісі Жолбарыс сұлтанды жіберді. Жолбарыс Орынбордан әрі Петербургке аттанды. Кездесу барысында қазақ-орыс қатынасындағы орыс әскерилерінің озбырлығы, жер-жайылым мәселелері қаралды.

  1759 жылы 22 қаңтарда А. Тевкелев пен П. Рычков Сыртқы істер алқасына қазақ даласындағы қазіргі жағдай туралы мәліметтерді жолдады. Алдымен «қазақтар далалық халықтар ішінен бағзы заманнан жауынгер халық. Бүгінде жоңғарлар талқандалғаннан кейін бізге (Ресейге - Ә.М.) жақын олардан асқан халқы көп, мықты көрші жоқ, олар ешқашан, ешкімге салық төлеген емес» деп ескерте отырып, Әбілмәмбет ханның Түркістанда тұруына байланысты, Абылайдың Орта жүзде бас билеуші саналатындығын хабарлады. Хабарламамен танысқан патша саясаткерлері Орынбор губернаторы А. Давыдовқа Абылай туралы толық мәлімет жинауды тапсырды. Губернатор арнайы нұсқау дайындап, 1759 жылы қараша айында порутчик Ураков пен аудармашы Гуляевті Орта жүзге жіберді. Басты мақсат Ресей мүддесі үшін Абылайға хан атағын құпия түрде ұсынып, ойын білу, сол арқылы оны «ерекше қамқорлыққа» алу болатын. Содан орыс тыңшылары 1760 жылы 7 сәуірде Орынборға оралып, есептерін тапсырды. Есептен Абылайдың Ресей тарапынан ұсынылған хандық лауазымнан бас тартып, Әбілмәмбет ханмен ақылдасатыны белгілі болды (КРО –І, -С.567-568, 571-582,607). Ресейдің Әбілмәмбет пен Абылай арасына араздық отын жаға алмағандығын тыңшылар да мойындады. Керісінше Әбілмәмбеттің бас хан екендігі, үнемі ел ішін аралап жүретіндігі, Абылайдың ханды аға тұтатындығы анықталды. Соған қарамастан егер Абылай Орынборға келетін болса  жоғары деңгейде қабылдап, Ресейдің оны қамқорлығына алатындығын сезіндіру шекара әкімшілігіне қатаң тапсырылды. 1760 жылы маусым айында Абылайға «ұн қанша керек болса да босатылады» деп хабарланды. Ресей Сыртқы істер алқасы Сібір әскер шебінің бастығы генерал-майор Вейморнның қазақ даласын отарлай түсу жоспарларын саралап, қазақтарды тыныштандырып, ежелгі салтынан айырып, мінез-құлқын өзгерту үшін оның байлығы болып табылатын малын азайту ұсынысын қолдады. Содан Абылай мен Құлсары батырға шекарадан үй салуға, шекарадағы талас мәселелерді тездетіп шешуге, қытайлардан іргесін аулақ салуы үшін қазақ басшыларын бауырға тартуға рұқсат етілді. Ресейлік саясаткерлер «қазақ малын қолға ұстатуды үйрету керек, жем-шөп дайындап берейік, сонда құлындар қорада өседі, пішенмен азықтанған жылқы тебінді ұмытып, қолдан шөп жейді. Шөп қоры шектеулі болғандықтан, мал саны да азая береді, малы азайса, қазақта тұрақтанып, қамқорлық күтеді. Мініс аттары азайғаны бізге жаксы. Қытайлықтар қазақтардан көп ат сатып алмас еді, атты әскер жасақтау мүмкіндігінен айырылар еді» деген де армандарын жасырмады. 1762 жылы 21 наурызда Ресей Сыртқы істер алқасы  «бұл шараларға қазақтар тез арада «нәзіктенбек» түгілі, өзінің көшпелі тұрмыс тәртібін ғасырлар бойы ұмыта алмайды, дегенмен бұл ұсыныстар қазақтарды Ресейдің қарауында ұстауға және Қытай ықпалынан аулақтатуға азда болса себі тиеді» деген тоқтамға келді (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы (Құраст. З.С. Тайшыбай). -327-329, 337б.).

  Ресей кейінгі жылдары да Сібір шекарасында Абылай үшін ерекше құрмет танытып, оның талап-тілектерін орындағанымен орыс қорғандарына  кездесуге келтіре алмады. Керісінше орыс елшілері жиі келіп, Абылайға деген ресейлік құрметті көрсетіп тұратын. Патша үкіметінің хаттары да осы елшілер арқылы жетті.  Елшілер ғана Абылайдың «Ресей жағына ықыластары түзеу» екендігін жеткізіп отыратын. Кейде Абылай «қытайлар бізге жақсылық ойламайды, бұрынғысынша Ресей патшасына сүйенейік, сонда қытайлықтар бізге қастық жасай алмайды» деп айтты деген әңгімелерде жетіп жатты. Соған қарамастан 1767 жылы жазда Абылайға барып қайтқан башқұрт старшындары Әбілмәмбет хан мен Абылайдың Орынборға келуді ауызға алмағандығын, тіпті ойында жоқтығын хабарлады. Мұның барлығы бұл кезеңде Абылайдың көп векторлы саясатты қолданып, толық іс жүзіне асырғандығын айғақтайды. Жылда Қытайға елші жіберіп, өзін 1757 жылы хан ретінде мойындатқан Абылай «бүкіл қазақты бастап Қытайға ел болуды тілеймін. Қытайдың ұлы патшасы тілеуімізді қабылдағайсыз» деп жазғанымен, оны оңтүстік-шығыстағы шекараны реттеуге, түпкілікті жайылымды шешуге, өзімен көршілес халықтармен талас-тартысын анықтауға, соңында Жоңғарияны жер бетінен жойған Қытай империясын келісіммен тоқтатуға пайдаланды. Бұл саясат Ресейдің де Абылаймен есептесіп, Орта жүз бағытында батыл қимылдауына басты кедергі жасады. Абылайдың хатшысы М. Мәмметов 1768 жылы «Абылай өз пайдасын ойлап, Қытай жағына өтірік берілгенсіп отырса да, Ресейге бағыныштылығын артық санайды. Керісінше, оған қарайтын кейбір қазақ рулары, мысалы бір мың түндік Бура наймандар қазірдің өзіне Қытайға берілген, ауылдарымен көшіп, жоңғардан босаған жерлерге қонуда» деп мойындады. Хат Абылайдың жайылым мәселесін Қытай елімен бейбіт түрде шешкендігінің айғағы.

  Абылай Ресейдің Азия бағытындағы саясатын толық түсінді деп айтуымызға болады. Сондықтан да өз жанындағы сұлтандар, би-батырлар арқылы Ресеймен байланысын жалғастырып, қазақ-орыс қатынасын реттеп отырды. Оған Ресей сеніміне ие болған Құлсары, Құлеке батырлардың іс-әрекеттері дәлел болады.

  Абылай үлкен саясатта ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Мәселен бірде қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайдың үйінен оның бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабар екі қайтара жеткенімен «отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау» дегені (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том. Алматы, 2006. – 76б.), Орта жүзде болған тау-кен инженері И.П. Шангиннің (1783-1830) 1816 жылы «Абылай дала заңдылықтарын қатаң сақтады. Кез келген қылмысы үшін жауапкерлер қатаң жазаланатын. Қазақтар арасында барымта деген болмады. Халқының ең кедейінде 500, ауқаттысында 5000-нан 15000 дейін мал болатын» деп жазғаны (Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-ХІХ вв (история, историография, источники). –Алматы, 2003. –С.85), Ресейдің ішкі бірлікті бұзып, арандатуды жоспарлап, 1758 жылы Әбілмәмбет орнына хан сайлау ұсынысын қабылдамауы, қырғыз бен ташкенттіктерді бауырына басуы, Ахмад шахпен келісімге келуі, Кіші жүз басшылары Нұралы, Батыр хандармен, Ерәлі, Айшуақ сұлтандармен қарақалпақ, түркімен бағытындағы бірлескен қимылдары оның қазақтың бас ханы деңгейіне көтерілгендігін дәлелдеді. Дегенмен Абылай ата заң бойынша Әбілқайыр хан өлгеннен кейін бас хан ретінде мойындалған немере ағасы Әбілмәмбет ханның алдына түспеді. Керісінше оны қолдап, өзара сеніммен, оның ұлы Әбілпейіз сұлтанмен қоян-қолтық араласты. Ал Әбілпейіз Кіші жүз ханы Нұралының күйеу баласы болатын.

  Әбілмәмбет хан есімі орыс деректерінде соңғы рет 1768 жылдың желтоқсанында  аталады. Ол бойынша  Орта жүзден барлаудан оралған К. Юсупов пен У. Аслаев 1768 жылы 27 қарашада Орынборға келіп, Әбілмәмбет ханның амандығын жеткізді(ОРОММ. 3қ., 1т., 98 іс., 281-283п.).  Содан кейін мұрағат қорынан кездеспейді. Қытай деректемелерінде 1768 жылы Әбілпейіз «қазақтың ел ағасы» ретінде атала бастады (100 құжат ... 379б.). Соған қарағанда Әбілмәмбет  1769 жылдың басында қайтыс болған. Оны  1769 жылы Цинь патшалығынан Әбілмәмбет асына 200 тұяқ жылқы ақтық салып, арнаулы адамдардың жіберілуімен анықтай түсеміз (Мұқанбетқанұлы Н. Тарихи зерттеулер. –Алматы, 1994. -60б.).

  Әбілпейіз 1772 жылы қыркүйекте Қытайға жолдаған хатында «Әбілмәмбет ханның бар кезінде, Ташкент жақтан бізге керектілердің барлығы келуші еді, екі-үш жыл болды, қырғыз жабылды да әрі-бері жүргелі болмай қалды» деп атап өтеді (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том. -117б.). 

  Әбілмәмбет қартайып, ауруы дендеген соңғы жылдары қазақ хандығының болашақ Бас ханы мәселесі күн тәртібіне шыққан сияқты. 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай Омбы әкімшілігіне жазған хатында «менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деп алғаш рет қазақ хандығының бас хандарын тізбелеп берді (РИССМ. 122 қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.; Исмурзин Ж.А. Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860 жж) . т.ғ.к. диссерт. Орал 2008. – 23б.). Бұл дерек Абылайдың өз атынан жазылғандықтан оған толықтай сенуімізге болады. Оған қосымша анықтама ретінде  И.В. Ерофееваның Абылай хан мөрінің Түркістанда (1771 жылы) хан сайланғанға дейін 3 жыл бұрын соғылғандығына таңданыс білдіргенін де келтіруімізге болады (Ерофеева И.В.  Символ Казахской государственности (позднее средневековые и новое время). – Алматы, 2001. –С 53).

  Сонымен Абылай ханды 1769 жылы Әбілмәмбет қайтыс болған соң Орта жүз ғана емес, қалың қазақтың мойындаған хандар ханы атанды.

  Дегенмен бұл арада Ш. Құдайбердіұлының «Абылай барлық қазақтың ханы болып  1735 жылы сайланды» (Құдайбердіұлы Ш. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий. – Алма-Ата, 1990. –С.54), М.Қ. Қозыбаевтың «Келесі 1734 жылы Әбілмансұр Абылай деген атпен хан болып сайланды» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. –Алматы, 1994. -63 б.) және оларды қайталайтын пікірлердің де бар екендігін атап өту абзал. Бұл пікірді қолдаушылар Абылайлап жауға шапқан батырдың Шарышты өлтірген шайқасын 1734-1735 жылдарға жылжытады. Ал шайқастың 1741 жылы көктемде өткендігі мұрағат дерегінен белгілі. Ендігі екінші пікір 1744 жылдан Әбілмәмбет ханның Түркістанға көшіп, Орта жүзге Абылайды қалдырды деп жазған зерттеушілер пікірлерінен туындап отыр. Ол П.И. Рычков, А.И Левшиннің еңбектерінен бастау алады. Олар Әбілмәмбеттің Түркістанға көшу себебін Әбілқайыр ханның саясатынан іздейді. Расында оған еш негіз жоқ. Әбілмәмбет қазақ-жоңғар келіссөзінен кейін, ұлы Әбілпейізді Жоңғарияға аманатқа беріп, Түркістанды билеуге қол жеткізгендігі тарихтан белгілі.

  Әбілмәмбет заманында Абылай үш жүздің алдында айрықша сенімге ие болды. Сөз жоқ, Әбілмәмбет хан оған бірден-бір себепкер еді. Сол үшін кезінде ұлы Әбілпейізді аманатқа берді, кейін әр кез оның жанына қосып үлкен саясатқа – Ресей, Қытай бағытына машықтандырды. Жоғары деңгейдегі келіссөздер мен ел тыныштығы үшін істелген жұмыстар әрдайым өзара келісімде жасалды. Оған 1759 жылы 10 қаңтарда Қытай әскерінің қолбасшыларының бірі Наванның қазақ даласына елшілікке келген кезіндегі Әбілпейіздің «Саудаға адам жіберу туралы Абылай біледі», Әбілмәмбеттің «Абылай менің інім, Әбілпейіз менің ұлым. Олар менің тапсырмам мен бұйрығыма қарсы шығады дейсіз бе! Әрине, мен де өзімнің інім мен ұлымның игі бастамасын бұзбаймын ғой»,  Абылайдың «Әбілмәмбет менің ағам болғандықтан, барлық іс соның айтқаны бойынша жүреді, мен оның айтқан тапсырмаларына бойсұнамын» дегендерін қағазға түсіруі айқын дәлел болады (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том. -69-74 б.). Міне, осы Әбілмәмбет және ел игілері біздіңше, үлкен сеніммен Абылайды Жоңғариядан келгеннен кейін Орта жүз ханы етіп сайланған. Оны жоғарыдағы орыс зерттеушілері еңбектері де, мұрағат деректері мен түрлі тарихи зерттеулердегі Абылайдың белсенділігі де айғақтайды. Орыс үкіметі ресми түрде мойындамағанымен Қытай патшасының өзі 1756 жылдан бастап жазған хаттарында Абылайды хан атап, 1757 жылы 1 қыркүйекте бекітуді ұсынады(Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы (Құраст. З.С. Тайшыбай). -231 б.). Ал осы аралықта өмір сүрген Жоңғар билеушілері де Абылайды ел билеушісі ретінде мойындады.

  Қорыта келгенде, 1743 жылы ақ киізге көтеріліп, Орта жүз ханы ретінде сайланған Абылай  1769 жылы Әбілмәмбеттің қайтыс болуына байланысты қазақ ордасының бас хандығына лайықты үміткер болатын.

  Абылай Қоқан ханы Ерданаға соғыс бастар кезінде қазақ жүздері билеушілерінің Жәнібек ханның үш ұлынан тарайтындығын, олардың екеуі, яғни Ұлы жүз бен Орта жүз өз кезегінде Ташкент пен Бішкек жерлерінде тұрғандығын алға тартып, бауырлары атынан сөйлеген-ді. Ташкенттіктерді жеңгеннен кейін Абылайдың Кіші жүзде де беделді айтарлықтай өскен. Оны 1768 жылы 5 сәуірде Кіші жүзден келген Я. Гуляев жеткізді. Патша үкіметі Нұралы хан орнына кім үміткер деген сұраққа Ерәлі, Абылай, Қайып аттарын естіді. Осы жылы көктемде Абылай Ерәлі сұлтанға түркімендерге қарсы соғыста көмек көрсетті(ОрОММ 3қ., 1т., 84іс, 130-133п.). 1769-1770 жылдары Абылай хан Н.Е. Бекмаханованың анықтауынша Еділ – Жайықта өткізді. Оған Арқада қардың қалың түсіп, қыстың ала бөтен суық болуы себеп болған (Бекмаханова Н. Легенде о невидимке. Алма-Ата, 1968. –С.158).

  Абылай хан 1771 жылы қаңтар айында басталған Еділ қалмақтарының Жоңғарияға көшуі кезеңінде үш жүздің қарулы қолдарымен бірлесе қимылдады. Ол Ерәлі сұлтан жасақтарымен бірге қоян-қолтық қалмақтарды түпкілікті талқандады. Міне үш жүз игілері қатысқан жорықтар тұсында қазақтар 1771 жылы Түркістан қаласына жиналып, бірауыздан Абылайды тағы да ақ киізге көтеріп, Қожа Ахмет кесенесі жанында Бас хандыққа заңды түрде бекіткен. Ол турасында Абылай 1778 жылы 28 ақпанда «менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар өмірден өтті. Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үщ жүзі – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұлтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қаласында ... мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді» деп Ресей патшасы ІІ Екатеринаға арнайы хат жолдады (КРО – ІІ, -С. 86-88). Одан хабардар  Ш. Уәлиханов «1771 жылы Абылай серт беру үшін орыс шекарасына барғысы келмеді. Мені хан етіп, халық сайлап, Көктің ұлы өзінің грамотасымен әлдеқашан бекіткен» деп жазғанды. Сөйтіп 1767 жылы  көтерілген Бас хандық мәселесі 1771 жылы түпкілікті шешілді.

  Бас хандыққа сайлану барысы  мұрағат құжаттарында толық  көрініс таппағанымен оған белгілі  хан, сұлтандар  мен беделді би-батырлардың қатысқандығын, олардың бірауыздан келісімге келгендігін болжауымызға болады. Абылайдың жанында жүрген  Әбілмәмбет ұлдары Болат, Әбілпейіз хандар да түсіністік танытып, әкелерінің әркез Абылайды қолдаған аманатын іс жүзіне асырды. Ел ішінде Әбілпейіз оғаш мінез көрсетті деген қаңқу сөздер болғанымен, жеме-жемге келгенде ол тау қырғыздарының бір ұлын хандыққа шақыру ұсынысына Абылайсыз шеше алмайтындығын алға тартып, оларды кері қайтарған. Ал Кіші жүзден Қайып хан, Ерәлі, Айшуақ және т.б. сұлтандар Абылаймен бірге талай рет көршілес халықтармен талас мәселелерді бірлесе бейбіт түрде, кейде қарумен шешті. Ресей мойындаған Нұралы ханға келсек мұрағат қорларында оның Абылайға байланысты қарсы  іс-әрекеттерін дәлелдейтін бірде-бір құжаттың кездеспегенін атап өтуіміз қажет. 1772 жылы қыркүйек айында Нұралы хан Абылай ханға Қабылан сұлтанын жіберіп, қазақ даласындағы қалмақ, түркімен тұтқындарын Ресейдегі қамаудағы қазақтармен алмастыру мәселесін талқылап келісімге келген.  Мұндай ішкі келісімді есепке алмастан  тарихымызда Абылайды Әбілқайырға, Әбілқайырды Әбілмәмбет пен Бараққа, Нұралыны Қайып пен Абылайға қарсы өзара айдап салулардың орын алғандығы белгілі. Мұның барлығы қазақ тарихына әбден сіңіп алған ел игілерін бір-біріне қарсы қою, үнемі бірін ұлықтап, бірін аласартып, қолдан жау жасау кешегі орыс империясының қазақты бағындыруда қолданған, жемісін де берген қитұрқы саясаты еді. Ел ішіндегі бірлік болмаса, халқының өз хандарына сенімі қалыптаспаса, бүгінгі қазақ мемлекетін, оның ұлан-ғайыр жері мен байлығын кім сақтады ? 

  Өз заманында  А.И. Левшин «Абылай тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ  өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың бөгде ханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаҺарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді» дегенді(Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсакских орд и степей.-СПб.,1832, т.1. –С.264). Бір сөзбен түйіндесек, Абылай қалың жұрты мойындаған  Бас ханы болды, өле-өлгенше оны дәлелдеп өтті. Оған Ресей қайта-қайта тықпалаған, өздері бекітіп, орыс патшасының  «айрықша белгімен марапаттаған», жалақыға отырғызып, орыс шенеунігі қатарына қосқан, «аты жазылған қылыш, бұлғын ішік пен сусар бөрікті» хандық дәреже керек те емес еді. Абылайға әрдайым халқының сенімі, жұртының үмітін ақтағаны, қазақ елінің іргесінің беріктігі, мелекеттілігінің мәңгілігі қымбат еді. Сондықтан да қазақ даласынан «Абылай екіүшты саясат ұстанып, түрлі айла-шарғымен түлкі-бұлаңға салуда. Патша тарапынан берілген хандық белгілерді қабылдауға ниет те білдірмейді», «Ресей жағына аяғын баспай отыр» дегендер жетіп жатты. Орыс патшасы 1779 жылы 4 қазанда құпия түрде Орынбор губернаторына «Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіру үшін, оған «бақталас» біреуді іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн» деген жарлығын жолдады (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы (Құраст. З.С. Тайшыбай). -446 б.).

  Абылай Ресейдің жымысқы арандату тәсілдерін Әбілқайыр өлімінен жақсы білетін. Мұны қатаң есепке алған ол Ресейге үнемі батыры Құлсарыны жіберіп, шекарадағы жағдайды анықтайтын. 1778 жылы мамыр айында  Абылай атынан ұлы Тоғым сұлтан, Дат Қарабатырұлы және т.б. орыс патшасының қабылдауында болды.  Басты мақсат Ресей көздеген  «орыстарға бағыныштылық емес» керісінше өзара тиімді байланыстарды дамыту және талас мәселелерді шешу болатын. Әрине Абылай өз ойларының  көздегендей нәтиже бермейтінін білмеді дей алмаймыз. Соның ішінде әскери көмек, шекарадағы күш көрсетулер т.б. Соған қарамастан екі жақты байланыстар қай уақытта да тиімді болды. Саяси, экономикалық байланыстар Қытаймен де жалғасты.  1780 жылға дейін Қытайға Әбілмәмбет хан 4, Абылай хан 12, Әбілпейіз 6 рет елшілерін жіберген. Сөйтіп Абылай хан 1780 жылы күзде қайтыс болғанға дейін екі алыптың ортасында өзіндік қазақы саясатты жүргізіп,  оны өзге де көршілес халықтарға толық мойындата білді.

  Қорыта келгенде, алдыңғы буын ағалар жолымен бүгінгі Қазақ мемлекетінің ұлан ғайыр территориясын сақтап, ата-бабасының ұрпағына аманаттаған бірлігін қастерлеген Абылай хан  әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалар қатарынан орын алады. Оның сарабдал саясаткерлігі өз заманының тынысын да, ағысын да, даму барысын да терең түсінуімен айқын.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз