Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Халықаралық қатынастар Әбілқайыр хан мен Нәдір шах: Қазақ және Иран мемлекеттерінің XYIII ғасырдың I жартысындағы қарым-қатынасы хақында

Әбілқайыр хан мен Нәдір шах: Қазақ және Иран мемлекеттерінің XYIII ғасырдың I жартысындағы қарым-қатынасы хақында

09 Қыркүйек 2013
125
0

Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор

  XVIII ғасырдың I жартысында қазақ елі өзін айнала қоршаған Ресей, Жоңғария, Иран мемлекеттерімен белгілі дәрежеде қарым-қатынас орнатты. Басқыншылық саясат ұстанған олар ұлан-байтақ территорияны алып жатқан, өз орталарында орналасқан қазақ еліне көз тіккені шындық. Оны айлалы Ресей өз бодандары – қалмақ, казак-орыстар, башқұрттарды айдап салу арқылы жүзеге асырса, қызыл жалындай Жоңғария бар әскерін қазақ даласына төкті. Бұл кезеңде Иран өз тәуелсіздігі үшін ауған және түрік билеушілеріне қарсы күресіп, ІІ Тахмасп шах төңірегіне топтасқан-ды. Дәл осы мезгілде оған азаттық күресте аты шыққан Афшар тайпасының Қырқылы руынан тарайтын Нәдір қолбасшы әскерімен қосылып, 1726 жылы түркімендер басып алған Мазандаран қаласын босатты. Сіңірген еңбегіне Нәдір шах қолынан сұлтан лауазымына қоса, қала губернаторы болып шыға келді. Сөйтіп әлем тарихында аты қалған Нәдір тарихының жаңа өрлеу кезеңі басталды. XVIII ғасырдағы Иран әдебиетінің ірі өкілі Табиб Исфагани Нәдірді түркіменнің Афшар тайпасынан дей отыра, Иранды кеңейтіп, ауған, орыс, түріктер тартып алған жерлерін кері қайтарып, ұлан-байтақ жаңа мекендер қосқан соңғы билеуші ретінде атап көрсетті (1).

  1736 жылы Иран мемлекетінің саяси бірлігі жүзеге асқан тұста ирандықтар Нәдірді «Иранды азат етуші» деп таныды. Мұндай жағдайдың Иран билеушісі шах тағына жол ашатынын түсінген ол осы жылы қаңтарда Муган даласындағы әскери лагерінде үлкен құрылтай өткізіп, оған барлық әскери, шен-шекпенді, діни ақсүйектер, көшпенді тайпалар басшылары мен қалалық старшындарды, ауылнайларды, армяндық – католикос Абраам Кретациді шақырды. Барлығы 100 мыңға жуық адам қатысқан құрылтайда Нәдір ІІІ Аббас шахтың жастығын еске салып, жаңа шахин-шахты сайлауды арнайы мәселе ретінде көтерді. Сонымен араға екі ай салып, 1736 жылы наурызда 4 жасар ІІІ Аббас шахты Хорасанға жіберген Нәдір Иранның жаңа шахин-шахы болып сайланды. Міне осыдан бастап ол басты саяси бағытын жаулап алушылыққа арнап, 1739 жылдың мамырына  дейін Ауғаныстанды, Индияны біржолата бағындырды. Үнді жорығында Нәдір шах 90 мың әскерімен қарсыласының өзінен бірнеше есе мол 340 мыңдық үнді әскерін талқандап, Азиядағы ең мықты мемлекетті қалыптастырды. Үндістандағы сұрапыл соғысты көзімен көрген Мырза Мехти «Ат тұяғының дүбірінен жер дірілдеп, шаң бағаны көкке жетті; оқтың зуылы, жебенің сатыр-сұтыры, зеңбіректің күрсілі барлығы мидай араласып кетті; атыс гуілінен күн жерге құлардай; айнала толған жансыз денелер, дұшпанның барлық бас қолбасшылары өлтірілді-ақыры әскер шіміркенді. Нәдір шахтың мерейі үстем болды », - деп хабарлайды.

  1740 жылы маусым айында ол Гератқа оралып, тамыз айында Иран иелігіндегі жерлерге бұрын шабуыл жасаған Бұхара билеушісі Әбілпейіз ханға соғыс жариялады. Бұхара Астрахандықтар әулетінің (кейде Джанидтер әулеті) астанасы еді. Оның негізі Астраханнан келген Жәнібек сұлтан кезінен қаланып, 1599 жылы Мәуреннахрда жаңа өзбек әулетінің үстемдігіне әкелді.

Сонымен Нәдір шахтың әскери қимылдарының солтүстікке бағыт алғаны туралы хабар өз заманының тамыршысындай болған қазақтың бас ханы Әбілқайырға келіп жетті. Жоңғар қонтайшысы Қалден Цереннің 1739 жылдың көктемінде 24 мың, 1739 – 1740 жылдың қысында 30-35 мың қолмен, 1740 жылдың күзінде жаңа шабуылына қарсы күресіп жатқан қазақтар үшін ендігі жағдайда тез арада елдің оңтүстік-батысына да назар аударып, шешуші қадамдар қабылдауына әкелді. Оны ескергендіктен де Әбілқайыр 1740 жылы 19 тамыз 1 қыркүйек аралығында Орынборда өткен қазақтың барлық белді тұлғалары (Әбілмәмбет хан, Абылай, Нұралы, Ерәлі сұлтандар, Есет, Бөкенбай батырлар, Жәнібек тархан, Бөгенбай батыр т.б.) қатысқан қазақ-орыс келіссөзіне бармай, алдын-ала Арал теңізіне қарай аттанды. Әбілқайырдың кездесуге қатыспау туралы батыл шешімін үстірт тоң пішуге үйір Ресей тарихшылары ханның жеке басынан іздеп, ішкі алауыздық әсерінен деген қорытындыға келеді. Бірақ мәселе басқада еді. Кездесу барысында толтырылған хаттамаға назар аударсақ 30 тамыз күні Нұралы,  Ерәлі,  Есет, Бөкенбайлар Әбілқайыр хан хатын алып, Орынбор басшыларымен қоштаспастан кетіп қалған. Кейін байқағанымыздай Нұралы және батырлар Арал иеліктерінде жүрген Әбілқайырға жол тартқан. Бұл арада Әбілқайыр ханның Сыр бойына үлкен қорған қала салу туралы ойларының дұрыстығы енді ғана сезіле бастады. 1739 жылы Әбілқайыр осы жоспарын орыс патшасына білдіріп, оның әскери көмегіне үміт артты. 1739 жылы 26 тамызда Орынбор комиссиясының басшысы генерал-лейтенант В.А. Урусов қазақ ханына әскери көмек пен артиллерия беруден бас тартқаны туралы түрлі сылтаулармен хат жолдады. Әбілқайыр  алдын-ала дайындалған жоспарының  сәтсіз аяқталғанына көзі жетті. Мұны толық сезініп, ендігі жауапкершілікті мойнына алған Әбілқайыр 1740 жылдың жаз айларында өз жайлауын Сырдарияның ар жағындағы Қуандария бойындағы Адам ата өзеніне орнықтырды. Хан қыркүйек айының басында Арал иелігіне  аттанды (2).

  Ал Нәдір шах тамыз айында өзіне бас иіп келген Әбілпейіз хан мен Мұхаммед Хакім  би аталықты қабылдап, Бұхараны еш соғыссыз Иранға бағындырды. Көп ұзамай Әбілпейіз бір қызын Нәдірге, екіншісін оның туысына беріп туысқан болып шыға келді. Нәдірдің ендігі бағыты Әбілқайырдың ұзақ жылдар бойы өзіне қосып алуды армандаған жоспары Хиуа хандығына келіп тірелді (3).Хиуа ханы Елбарыс тез арада қорғану шараларына кірісті. Елбарыстың өзін Әбілқайыр хан 1728 жылы Хиуа тағына отырғызған болатын. Тарихи деректер Елбарысты Әбілқайыр ханның немере бауыры деп те жазады. Оны Хиуаға тағайындау арқылы қазақ ханы оңтүстік шекарасын бекітуді көздеген-ді. Оның алдында Хиуа ханы болған Әбілқайырдың  немере бауыры  Мамай ( Сары-Айғыр) сұлтан бірнеше күннен кейін белгісіз жағдайда аттан құлап қайтыс болса (4), кейін Хиуа ханы ретінде мойындалған Батыр сұлтан біраз уақыттан кейін амалсыздан елге қашып келгенді. Әбілқайыр ханның Хиуа тағына ұсынған үшінші үміті Елбарыс хиуалықтармен келісімге келе алды. Ол тіпті өзбек билеушілерінің ырқына да көнді. Оның әскери қолбасшылық қабілеті де анық көріне бастады.  Елбарыс және Хиуаның беделді адамдары Әбілқайырдың Ресей бағытындағы саясатына сенімсіздікпен қарады. Мұның өзі қазақ ханымен арадағы қатынасты белгілі дәрежеде шиеленістірді. Бірде Хиуа сарайындағылар қазақ ханы атынан келген Нұралы сұлтанға «Әбілқайыр хан билігі тек қазақтарға ғана жүреді, ал Хиуада оны ешкім тыңдамайды, ол нәтижесіз істі (Ресеймен қарым-қатынасы туралы) бастап отыр» деп мәлімдеген. Өзбек билеушілеріне сенген Елбарыс хан Нәдір шахқа қарсы күресте жалғыз қалды. Әскер шебін Амудария бойындағы Хазарасп қаласы түбіне орналастырып, Елбарыс алғашқы шайқастан соң қорғанға әбден бекініп алды. Соғысқа әбден машықтанған Нәдір әскерлері Хазараспты қоршап, еш шабуыл жасамай Ханках қорғанына қарай аттанды. Мұны естіген Елбарыс жауынгерлері де жанталаса қорғанды тастап өз иеліктерін қорғау үшін жеке-жеке бөлініп, еш бұйрықсыз бытырай бастады. Ал Елбарыс болса, аз әскерімен тез арада Ханках қорғанына жетіп үлгерді. Ирандықтар тағыда шабуылға кіріспей, қорғанды бірнеше күн артиллериялық соққы астына алып, Нәдірге берілуін қамтамасыз етті. Елбарысқа жеке басына қауіпсіздік уәде етілгенімен, кейін шах өзінің шейхтарының ақыл-кеңестерін жөн деп тауып, ханды өлім жазасына кесті (5).

  Қалмақ ханы Дондук Омба 1741 жылы 13 ақпанда граф А.И. Остерманға жазған хатында «парсылар 1740 жылы тамызда Бұхараны бағындырса, 4 қыркүйекте Хиуаны жаулап алды. Олар Хиуадан 10 қыркүйекте кетті» деп хабарлады (6). Кейін парсылардың Хиуадан Әбілқайыр хан ұлы Ерәлі сұлтанға айттырылған Елбарыс ханның қызын да ала кеткендігі белгілі болды (7).

  Нәдір шахтың Хиуаға қарсы аттану себептері толығырақ мырза Мехди хан Астрабадтың «Тарихи Надири» еңбегінде жазылған. Еңбектен Елбарыс ханның Нәдірдің Үндістандағы соғысын пайдаланып, 1738-1739 жылдары өзбек, түркімен қолдарымен Хорасанмен шектес елдерге шабуылдауы басты себеп болғандығы анықталады. Бірнеше парсы қорғанына соққы берген Елбарыс хан Нәдір шах баласы Ризақұл әскерінен шегініп, Хорезмге оралуға мәжбүр болды. Кек алуды жоспарлаған Нәдір шах сонымен Әбілпейізді бағындырған соң, оның бар әскерін қосып ала отырып, жоғарыда жазылғандай қыркүйек айында емес 1740 жылы 7 қазанда Бұхарадан Хиуаға бағыт алып, 3 қарашада оның шекарасындағы Дэвэ-боюн (аудармасы «Түйе мойын») елді мекеніне келіп тоқтады. Содан Хазараспты айналып өтіп, оның ізімен Ханках қорғанына жетіп бекінген Елбарысты жойқын атқылауға алды. 14 қазанда көптеген өзбек әскербасылары қорғаннан шығып, өздігінен берілуге мәжбүр болды. Ал 15 қазанда парсы әскері Елбарысты сарайдан алып шықты. Хиуа ханы шах Бұхараға келген кезінде Әбілпейіз хан жіберген елшілерін өлтіргені үшін жанындағы 20 әскербасымен бірге өлім жазасына кесіледі (8). Бұл дерек 1793-1794 жылдары Орынбордан  Хиуаға келген майор Бланкеннагельдің  жазбасы арқылы да дәлелдене түседі. Майор жазбасында «Осыдан 50 жыл бұрын Нәдір шах Хиуаға 30 адамнан тұратын елшілерін жіберген-ді. Хиуалықтар өздерінің құпиясын ашпау үшін елшіні және оның жанындағыларды өлтірді. Осындай зұлымдыққа ашуланған Нәдір шах өзі бастап Хиуаға келіп, оның әскерін талқандап, Елбарыс ханын және 30-дан астам басты Хиуа шенеуніктерін тірілей жерге көмді» делінген (9).  Мырза Мехди «Елбарыс қазақтар ханы Әбілқайырдан көмек сұрады. Әбілқайыр қазақтар мен Арал өзбектерінен әскер құрап көмекке келгенде Хиуа қорғанының жағдайын көріп, шахқа елші жіберді. Бірақ ешкімге бағынуды ойламай, еркіндікті сүйетін  Әбілқайыр хан және қазақтар өз иеліктеріне қарай кетуге мәжбүр болды» деп те толықтыра түседі (8, С.122).

  Мехди  бізге толық ашпаған Әбілқайыр ханның Арал иелігіндегі жоспарлары орыс деректері арқылы анықтала түседі. Оны 1740 жылы 5 қыркүйекте Орынбордан арнайы Әбілқайыр ханға жіберілген Орынбор драгун полкінің поручигі Д.Гладышев, геодезист Муравин, инженер Назимов, аудармашы Осман Араслановтар жеткізді. Орыс елшілері басты мақсатымыз қазақ ханы үшін Сыр бойынан қала салу үшін қолайлы жер іздеу және жер қыртысын зерттеу дегенімен, күнделіктерінде барлық тыңшылық жазбаларын тізбеледі. Сол арқылы біз Әбілқайырдың парсы шахының әрбір қимылын бақылауға алғандығын және ханның өзіндік саясатын анықтаймыз. Сонымен бірге Арал аймағында жүрсе де Әбілқайыр хан орыс елшілерінің өзіне сапарын назарында ұстаған. Мұның өзі Ж.Қасымбаев жазған «Әбілқайыр іс жүзінде Кіші жүзбен байланысын жоғалтты» дегенін жоққа шығарады (4, С.72). Қазақ ханы келе жатқан Д.Гладышевқа хат жолдап, өз ордасына аман-есен жетсе, ұлының өзіне ертіп келетіндігін ашық айтқан. Д.Гладышев бастаған топ Адам Ата өзеніне орналасқан Әбілқайыр ордасына 1740 жылы 7 қазанда жетіп, ханның Арал иелігіндегі Шахтемір қаласында екендігін естіген. Содан Бопай ханым рұқсатымен 15 қазанда жолға шығып, 2 қарашада Шахтемірге жеткен. Келесі күні Әбілқайыр хан нөкерлерін және орыс елшілерін ертіп хиуалықтардың шақыртуы бойынша Хиуаға аттанған. Әбілқайыр ханды 4 қарашада Амудария жағасында күтіп алған Авест-Мираб бастаған өзбек старшындары парсы шахынан қорғану мақсатында, оны Хиуа тағына шақырды. Елбарыс тағдырының шах қолында екендігін сезінген Әбілқайыр орыс патшасынан өз артынан келе жатқан елшілерін пайдаланып, Хиуа хандығын біржолата қазаққа бағындыру ретінің келгендігін түсінді. Содан оны қолдан шығармау үшін тәуекелге бел буып, қазақтардың атам заманнан Хиуа билігіне таласы бар екендігін алға тартып, 5 қарашада Хиуа ханы болып сайланды. Д.Гладышев 7 қарашада Хиуаға келгенде хан сарайындағы тақта Әбілқайырдың отырағанын көріп, «Басына қызыл жібектен сәлде ораған Әбілхайыр амбвонмен ( патша қақпасы алдындағы биіктеу жер) бекітілген, парсы кілемі жабылған, ханның орнында қызыл барқыт жастық жастанып отырды; айналасында қырық шақты ақсүйек хиуа старшындары отыр» деп таңдана сипаттайды (2, С. 178). 

  Елшілердің келуін пайдаланған Әбілқайыр 8 қарашада геодезист И.Муравинді және қазақ, қарақалпақтан бір-бірден, Аралдықтардан 4 адамды қосып, Нәдір шахқа жіберді. 9 қарашада елшілер шах қабуылдауында болып, орыс патшасының «Кіші жүзді боданым» деп есептейтін грамотасын және Әбілқайыр ханның, Арал билеушісі Артық  бектің, қарақалпақтардың хаттарын тапсырды. Әбілқайыр хан өз хатында Нәдір шахты бейбіт келісімге шақыра отырып, Хиуаның болашағын анықтауға ұмтылды. Хан Иранның Ресеймен байланысында еске салып келісім болмаса, «соңғы адамымыз қалғанша соғысамыз» деп те ескертеді. Нәдір шах хатпен танысып, ханға жауабын Құдайшүкір, Мырза Ақбазар, Ғабдолшүкір арқылы қайтарып, оны өзіне шақырды (10). Әбілқайыр хан шақыруды қабылдап, Нәдір шахпен кездесуге бауыры Нияз сұлтанды түрлі сый-сияпатпен бірге «тірі барыс» беріп жіберуді жоспарлай бастады. Бір деректер бойынша Әбілқайыр баруды өзі де ойластырған. Бірақ кездейсоқ хан қолына Нәдірдің Үргеніш тұрғындарына, Қазы Мұхаммед Латифқа, барлық би, старшын, қожаларға жолдаған құпия хаты түсті. Шах хатында Хиуалықтарды әскери күшімен қорқытып, талабын орындаушыларға рақымшылық уәде беріп «Әбілқайырды қаладан шығармауын» талап етті. Бұл кезеңде Нәдір шах Хиуадан не бәрі 35 шақырым жерде болатын. Хиуа үшін таластағы жағдайдың күрт өзгеруі, өзбек әмірлерінің Нәдір жағына шығуы, Ресейдің хан саясатын ашық қолдамауы, Әбілқайыр жанындағы не бәрі 3000 әскерінің қуатты шах әскеріне қарсы тұра алмайтындығы қазақтардың кері өз иелігіне шегінуіне мәжбүрледі. Әбілқайыр хан 12 қарашада Хиуадан Арал иелігіне келіп, Нұралы сұлтанды хан ретінде бекітті.

  Сонымен Әбілқайыр ханның батыл саясаты дегеніне жетті. Біріншіден, хан алғаш рет Азияны бағындырып, қазақ даласына жеткен Нәдір шахпен бетпе-бет кездесіп, келіссөз жүргізіп, ол сәтсіз болса да парсы әскерінің солтүстікке қарай жылжуына тоқтау салды. Екіншіден, қазақтардың басты әскери күштерін Жоңғарияға қарсы бағыттауға қол жеткізді. Үшіншіден, қазақтардың Хиуа тағына дәмелері бар екендігін дәлелдеді. Нәдір шах Әбілқайыр хан орнына Хиуаға Тахирды қойғаннан кейін көп ұзамай Нұралы сұлтан шабуылдап, оны өлімші етті. 1742 жылдың аяғында парсылар шабуылынан сақтанған Хиуалықтар Нұралыны хандықтан айырып, хан тағына қазақ сұлтаны, Елбарыс хан баласы Әбілғазыны сайлады.

Соған қарамастан Әбілқайыр Хиуа бағытындағы саясатын жалғастырып, Нәдір шахпен байланысын үзбеді. Өйткені  елдің оңтүстігіндегі тыныштық, өзбектер мен түркімендердің қазақпен қарым-қатынасы Иранға тәуелді болатын. Көршілес тайпалардан жаны қысылған сәтте Хиуалықтар қазақ ханынан қолдау күтетін. 1745 жылы 22 қарашада Хиуадан келген татар Нияз Мед Астрахань губернаторы Брылкинге «парсы шахы 5 жыл бұрын Хиуаны алып, ханы Елбарысты өлтірді. Орнына баласы Әбілғазыны отырғызып, содан бастап Хиуа шах қамқорлығына өтті. Өткен жылы (1744 жыл) түркімендер шабуылы күшейіп, Хиуа маңындағы ауылдарды тонап, Хиуаны 8 ай қоршауға алды. Содан Әбілғазы шахтан көмек сұрады. Көмекке шах Али Гули ханды (Хорасан губернаторы) жіберді. Ол 30 мың әскермен, биыл жазда келіп, түркімендерді талқандады» деп хабарлады (11). Осы тұста Хиуалықтар тағы да Нұралы сұлтанды өздеріне жіберу туралы мәселе көтерді. П.И. Рычковтың анықтауынша, Нұралыға Нәдір шахтың баласы да қолдау көрсетемін дегенімен, оның артында сұлтанды өлтіру жоспары жатқан. Бұл хабарды Нұралының Хиуада хан кезінде үйленген әйелі арнайы хатпен жеткізген (12). Нәдір шах кеңсесінің Нұралыға назар аударуы Ресей саясаткерлерін қатты алаңдатты. Әсіресе Орынбор губернаторы И.И. Неплюев Нұралыға Хиуа ханы тағын қабылдамауға ашық үгіттеді (13). Әбілқайыр билігінің Иран тарапынан мойындалуы Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатына кедергі жасайтын.

Осындай шиеленісті жағдайда Әбілқайыр тағы да Нәдір шахқа елшілік жіберу қажет деп шешті. Әбілқайыр хан алдына елшілік басшысын таңдау және оның шахпен арадағы қарым-қатынасты жандандыру, өзара сенімділік орнату міндеті басты орынға шықты. Хан таңдауы бір кезде Хиуаны билеген Батыр хан ұлы Қайып сұлтанға түсті. Қайып Хиуаны 1715-1728 жылдары билеген Шерғазы ханның қызынан дүниеге келген. Зерттеуші Ж.Исмурзин Қайыпты 1728-1729 жылдары туған деп есептейді (14). Олай болса сөз жоқ, Қайып Хиуа хандарының жиені ретінде оның  мәселесімен шұғылдануға толық құқылы болатын. Н.П.Рычков күнделік жазбасында «Парсының патшасы Хиуа иелігіне дейінгі жерлерді жеңіп келіп, бұл жердің астанасы Хиуа қаласын да алған. Осы кезде батырды қамқорлығына алуды сұрап, қазақ ханы Әбілқайыр Қайыпты Нәдір шахқа елші қылып жіберген» деп анықтай түседі (15). Сонымен, Қайып Батырұлы Әбілқайыр тапсырмасымен, біздіңше, 1745 жылдың көктемінде Нәдір шахқа аттанған. Оны осы жылы жазда Әбілқайыр ханға Хиуа елшілері Құдайберді инақ пен Құтлы молда әкелген шах, парсы әскер басы, Хиуалық Уәйісқұл михтярдың хаттары айғақтайды. Нәдір шах 1745 жылы 5 мамырда Әбілқайыр ханға «бізбен келісе отырып, иомут халқына соққы беруді сұрайсыз, сонымен бірге марқұм Шерғазы ханды мысалға ала отырып, Қайып сұлтанды және басқаларын қоюға болатындығына үміттенесіз, біздің әуелден сізге қайырым көрсету ойымыз бар» десе, Хиуалық Уәйісқұл «Сіздің жіберген елшілеріңіз шах қызметінде болып, шахтардың шахы оларға көптеген мейірім көрсетті» деп хабарлады (16). Қайып бастаған елшіліктің сәтті қабылданғанына куә болған Әбілқайыр хан 1746 жылы Ақмырза арқылы парсы шахына тағы хат жолдады. Хан «егер орыстар тарапынан қысымға түссе, олардан қорғану мақсатында Хиуа иелігіндегі Бесқала қалашығын өзіне беруді» өтінді. Сапарында Ақмырза Қайып сұлтанның шах сеніміне ие болғандығын анықтады. Бұхара хандары Үбайдолла (1702-1711), Әбілпейіз (1711-1747) сарайында кітапханашы болған Мұхаммед Вафа ибн Мұхаммед Захир Карминаги (Казы Вафа) «Тухфат ал-хани» («Хан сыйлығы» немесе «Тарихи Рахим хан») еңбегі де Қайыптың осы кезеңдегі өмірі мен қызметін толықтыра түседі. Еңбектен Қайыптың шах бұйрығы бойынша атақты Фирдоуси ақынның отаны Хорасандағы (Иран) Туе қаласында қызметте болып, сеніміне ие болғанын байқаймыз. Еңбектің бір бөлімі Қайыптың Дешті – Қыпшаққа қашуына да арналған (17).

Қайыптың Хиуа тағына отырып, Хорасан қолдауына ие болуы Әбілқайыр хан саясатының жеңісі еді. Мұндай жағдай қазақ ханының оңтүстігіндегі елдің іргесін бекітіп, Нәдір құрған Иран мемлекетімен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергендей болды. Мұның өзі қазақ ханының сыртқы саясатында Ресеймен ғана шектелмей, сол тұста әлем мойындаған Жоңғар мемлекеті, Иранмен байланысы көп векторлы даму бағытын ұстанғандығын дәлелдейді. Оның нәтижелі дамуын Нәдір шахтың 1747 жылы 20 шілдедегі, ал Әбілқайыр ханның 1748 жылы 15 тамыздағы өлімі тоқтатты. Ел азаттығы үшін ешкімге бас имеген, жауы алдында тайсалуды білмеген, халқы үшін жанын аямаған екі тұлғада күндігін ойлаған сатқындар қолынан қаза тапты. Екеуі де өмірінің аяғында жауымен алысып, бірі қанжармен, екіншісі найза, қылышпен кескіленіп өлтірілді.

 

 

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Камалов А.А. Жизнь и творческое наследие Табиба Исфагани. Автореферат на соис. уч. степ. к.ф.н. Душанбе, 2011, С. 8-9

2.КРО 1, С. 177

3. Хидоятов Г.А. Моя родная история. – Т: Укитувчи, 1990. – С.216

4. Қасымбаев Ж. Абулхаир хан и Надир шах // Ізденіс, Поиск. 2001, №2, С.71

5.Темиргалиев Р. Казахские ханы Хиви. Часть 1. http://www.zonakz.net/articles/31203?moda=neply

6.РИССМ, «Түркімендер ісі» 133 қ., 133/1 т., 1741, 2 іс, 1-2пп.

7.РИССМ, 122 т., 122/1 т., 1741,  2 іс, 22 пп.

8.Материалы по истории туркмен и Туркмении. Т.2 М., Институт Востоковедения, 1938

9.Замечания майора Бланкеннагеля впоследствия поездки его из Оренбурга в Хиву в 1793-94 годах // Вестник императорского Русского географического общества 1858 г. №3

10.Ханыков Я.В. Поездка из Орска в Хивум обратно, совершенная поручиком Гладышевым и геодезистом Муравиным // Географические известия. СПб., 1850, С. 542-543; КРО-1. С. 170-171

11. РИССМ. «Түркімендер ісі» 133 қ., 133/1 т., 1741, 3 іс. 1-20 пп.

12. Рычков П.И. История Оренбурская (1730-1750). Оренбург, 1896, С.81

13. Материалы по истории Казахской ССР. Т.ІІ. ч.2 (1741-1751 гг.). – Алма-Ата, 1948. С.129-132

14. Исмурзин Ж.А. Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860 жж.). Тарих ғ. к. дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы. Орал 2008, 32 б.; РИССМ. 122 қ.,122/1 т., 1747, 3 іс, 265 п.

15. Рычков П.И., Рычков Н.П. Капитан жазбалары. А., 1995, 85-86 бб.

16.РИССМ. 122 қ., 128/1 т., 1745, 3 - іс, 132,142 пп.; Исмурзин Ж.А. Көрсетілген еңбек. 33 б.

17. Тулибаева Ж.М. Казахстан и Бухарское ханство в XVIII – пер. половине XIX в. Алматы. 2001, С. 45-50


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз