Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Халықаралық қатынастар Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының бастауында

Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының бастауында

06 Қыркүйек 2013
282
0

Бұл мақалада тәуелсіздіктің еліміздің алғашқы кезеңінде дипломатия-лық кызметінің қалыптасуының мәселелері қарастырылады.

Түйін сөздер: дипломатия, сыртқы істер, халықаралық ұйымдар.

Тәуелсіз Қазақстанның қалып-тасып нығаюында сыртқы саясат маңызды рөл атқарады. Республика­мыз тәуелсіздік алғаннан кейін мем­лекет басшылығы алдында сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын толыққанды дипломатиялық қызмет құрудың күрделі міндеті тұрды.

Кеңестік дәуірде Қазақ КСР-інде Сыртқы істер министрлігі болғанымен бұл саяси ведомство қызметкерлерінің саны аз және оның өкілеттігі мен функциялары шектеу-лі болатын. Қазақ КСРСыртқы істер министрлігі дипломатиядан алыс қызметпен шұғылданатын. Халықаралық қатынастар саласы-ның білгір мамандары саусақпен санарлықтай ғана еді. Қазақстанның дербес сыртқы саясат жүргізуді айқындайтын тұжырымдамасы да, шетелдерде дипломатиялық мекемелері де болған жоқ. Сыртқы саяси қызметтегі дәстүріміз тым жұтаң болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы ай­ларында Қазақстанды санау­лы мемлекеттер ғана таныды. Әлем мемлекеттерінің бірқатары Қазақстанды КСРОшеңберінен жаңа шыққан, болашақтағы дамуының бағыт-бағдары белгісіз, қуатты ядролық қаруы бар, алдағы уақытта мемлекет болып қалу-қалмауы белгісіз мұсылман елі ретінде қабылдады. Сондықтан республиканың сыртқы саяса­тын тездетіп қалыптастырмайтын болса халықаралық деңгейдегі мүдделерімізге орасан нұқсан келуі мүмкіндігі белгілі болды.

Жаңа еңсе көтерген еліміздің сын сағаттағы сыртқы саяси ахуа­лын Президент Н.Ә. Назарбаев: «Тәуелсіздік алған алғашқы жылда­ры бәрі де оңай көрінетін. Әсіресе сыртқы саясатымыздың келешегі

еш күмән туғызбайтын. Егемен-дігімізді жарияласақ болды, күллі әлем есігін алдымыздан айқара ашып салады деп ойлайтынбыз. Бүгін көзіміз жетіп отыр: бәрі өздігінен бола салмайды екен; жеңіл ештеңе жоқ екен»,- деп еске алады [1, 196 Б.].

Тәуелсіз елдің сыртқы сая­си ведомствосын қайта құру Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүргізілді. Осы жолда «Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы», халықаралық құқық, Қазақстан Республикасының заңдары т.б. құжаттар зерттеліп сараланды.

Қысқа мерзімде сыртқы сая­сат ведомствосының заңнамалық құжаттары жасалды. 1992 жылы 2 шілдеде «Қазақстан Республи­касы Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республика­сы елшілігі туралы», «Қазақстан Республикасының Төтенше жә-не Өкілетті уәкілінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» Президенттің Жарлығы шықты. Осы құжаттарға сәйкес 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Коллегиясы тура-лы Ереже қабылданды. Министр-лікте басшылық қызметкерлерден және тәжірибелі дипломаттардан кеңесші рөл атқаратын 17 адамнан тұратын Коллегия құрылады.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болу құрметі Төлеутай Сүлейменовке бұйырды. Осы уақыттың қарсаңында сыртқы саяси ведомствоның құрамы небәрі 17 адам болатын. Министрлік басшылығы алдымен Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағытта-ры туралы Тұжырымдама жасады. Қазақстан Республикасының сырт-қы саясатының тұжырымдамасын әзірлеуде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев елеулі көмек көрсетеді. Осы құжат министрліктің 1992-1993 жылдардағы қызметінің негізіне алынды.

Сыртқы істер министрлігі Парламенттің тиісті комитеттерінің басшылары Жабайхан Әбділдинмен және Шәріп Омаровпен өзара тығыз іс-қимыл жасап жұмыс істеді. Осы бірлескен жұмыстың маңызды бір нәтижесі Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңының қабыл-дануы болды [2, 408 Б.].

Сыртқы істер министрлігі құрылымдық жағынан орталық ап­парат және шетелдік өкілдіктер болып бөлінді. Құрылымға сәйкес министрдің тиісті орынбасарла­ры жетекшілік ететін департа­менттер мен басқармалар, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшілер тобы құрылды. Бұл бөлімшелер министрлік қызметінің белгілі бір бағыттары үшін, соның ішінде ТМДшеңберіндегі өзара іс-қимылдар, шет мемлекеттермен екі жақты ынтымақтастық, жалпы еуропалық ынтымақтастық, көп жақты ынтымақтастық, халықаралық-құ-қықтық мәселелер, консулдық және хаттамалық тұрғыдан қамтамасыз

ету, кадрлар, қаржылық, шаруашы-лық қызмет көрсету, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық корпус, т.б. үшін жауап беретін болды.

1992 жылдың алғашқы айлары Қазақстанның жас дипломатиясы-ның басшылық буынының жа-сақталуы сияқты оқиғамен бай­ланысты болды. С. Құрманғожин министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Министрдің орынбасарлары С.Батыршаұлы Таяу және Орта Шығыс басқармасына және халықаралық-экономикалық байланыстар жұмысын үйлестіру, Қ. Тоқаев Азия басқармасы және баспа, ақпарат, халықаралық ұйымдармен байланыс жұмыстарын үйлестірумен айналысты. Министр-ліктегі Америка және Еуропа басқармасына В.Х. Ғизатов, Азия басқармасына Х.Р. Омаров, Таяу және Орта Шығыс басқармасына Н.Ж. Дәненов, ТМДбасқармасына И.М. Аманғалиев жетекшілік етті. Б.КНұрғалиев, Б.Ш. Тұрарбеков, А.Е. Қожақов, А.О. Шәкіров ми-нистрдің бұйрықтарымен тиісті бөлімшелердің басшылары етіп тағайындалды.

Сыртқы істер министрлігі

Президент Әкімшілігімен, Үкі-мет Аппаратымен, Парламент комитеттерімен, сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асыруға қатысы бар министрліктермен және ведомстволармен өзара іскерлік бай­ланыстарды жолға қоюға күш сал­ды. Сыртқы саяси ведомствоның жұмысын ұйымдастыруда сол жыл­дары Президент Әкімшілігінің басшысы болған Н. Әбіқаев, Мемлекеттік кеңесші Төлеген Жүкеев, Президент Әкімшілігінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі Ғани Қасымов және оның орын­басары Әркен Ахметов, Үкімет Аппаратының Сыртқы байланыс-тар бөлімінің меңгерушісі Сержан Қанапиянов үлкен көмек көрсеті.

1992 жылғы Үкіметтің қаулысына сәйкес министрліктің орталық аппаратына кезең-кезеңмен 476 қызметкер қабылдау көзделді. Мәселен, 1992 жылы 190 адам, ал 1993 жылы-197. Министрдің 5 орын­басары болатын болды. Қызметтік оклад, дипломатиялық дәрежелер үшін қосымша ақы төлеу көзделді. [3, 218 Б. ].

Сыртқы саясатты жүзеге асы­ратын негізгі тұлға дипломат­тар болғандықтан бұл кезеңде республиканың кәсіби диплома­тиясын жасақтау мәселесі өткір қойылды. Сыртқы саясат ведом­ствосын халықаралық қатынастар саласының мамандарымен жедел түрде қамтамасыз ету, жұмыстың тиісті учаскесіне басшылар іріктеу қажеттігі туындады. Ең қиыны ол кезде Қазақстанда дипломаттар да­ярлайтын бірде-бір маманданды-рылған оқу орнының жоқтығы еді.

Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев КСРОСыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, шетелдік миссияларында жұмыс істеген қазақстандық дипломаттарды және бұрынғы Қазақ КСРСыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің күш-жігерін біріктіру туралы шешім қабылдайды. Қажет болғанда жұмыс тәжірибесі мол бұрынғы партия-кеңес қызметкерлерін осы салаға тарту да көзделді.

Соның нәтижесінде Қазақстанға сырттан 12 тәжірибелі дипломаттар оралды. Олардың қатарында

С. Құрманғожин, Қ. Тоқаев, С. Ба-тыршаұлы, В.Х. Ғизатов, Х.Р. Ома­ров, Н.Ж. Даненов, И.М. Аманғали-ев сияқты кәсіби дипломаттар еліне қызмет етуге келді.

Министрлік бос қызмет орында­рын уақытша толтыру үшін елімізде осы салада жұмыс істеуге жарайтын білімі мен қабілеті бар Қазақстан азаматтары үшін республикалық конкурс жариялайды. Сыртқы істер министрлігіне кадрлар қабылдау үшін тәжірибелі дипломат, Сыртқы істер министрінің бірінші орынба­сары С. Құрманғожин жетекшілік еткен қабылдау комиссиясы құрылып жұмыс жасады. Жедел түрде кадрлық және тіл комиссия лары құрылды, олардың құрамына кеңестік дипломатияның тама­ша мектебінен өткен тәжірибелі қызметкерлер кірді. Тәжірибелі ди­пломаттар министрліктің орталық аппаратындағы бос қызмет орнына үміткер әрбір кандидатпен іс жүзінде күн сайын жеке-жеке әңгіме өткізіп отырды. Үміткерлердің жеке істерін мұқият, ерекше талаппен қарап, тілдік және кәсіптік даярлығын, зиялылық деңгейін тексерді.

Үміткерлерге жоғары білімі ту­ралы дипломының болуы, бір шет тілін білуі және жұмыс өтілінің болуы сияқты талаптар қойылды. Әңгімелесу бір шет, қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Үміткерлер қатарында ғылым докторлары мен кандидаттары, жоғары оқу орындарының оқытушылары және ғылыми қызметкерлер болды. Жар­ты жылда министрлікке 187 адам жұмысқа қабылданды [3, 220 Б.].

Тәуелсіздіктің алғашқы екі жы­лында шетелдерде Қазақстанның 17 елшілігі ашылды. Кәсіби дипломаттардың тапшылығынан шет елдерге елшілік қызметке түрлі қызметтерде әбден ысылған, көпшілікке белгілі мемлекет, партия және қоғам қайраткерлері, ғалымдар жіберілді. Мәдениет министрі Қанат Саудабаев Түркияға, Экономика министрі Тілеухан Қабдірахманов Францияға, Талдықорған облы-сының әкімі Сағымбай Тұрсынов Германияға, ақын Мұхтар Шаханов Қырғызстанға, мемлекет қайреткері Мырзатай Жолдасбеков Иранға, ғалым Мұрат Әуезов Қытайға, өндіріс саласының маманы Әкім Жаңбыршин АҚШ-қа, бұрынғы кеңес қызметкері Ю.А. Клочков Украинаға, Сайлау Батыршаұлы Өзбекстанға, Ибрагим Аманғалиев Әзірбайжанға, бұрынғы партия қызметкері В. Б. Темірбаев Ресей Федерациясына, Болатхан Тайжан Египетке, өндіріс маманы, әрі ғалым Әуесхан Қырбасов Бельгияға, Сәлім Құрманғожин Венгрияға, ғалым Мұхамеджан Исаев Үндістанға елшілер етіп жіберілді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшілерінің қатарында С.Батыршаұлы,

Б. Тайжан, С. Құрманғожин жә-не И. Аманғалиев қана арнайы дип-ломатиялық білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандар болды. Белгілі дипломат Қ. Тоқаевтың пікірінше қазақстандық дипломатияға қатысты саяси тағайындаулар негізінен елдің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының бірінші кезеңіне сәйкес келді.

Мұндай саяси тағайындаулар негізінен елдің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының алғашқы кезеңіне сәйкес келді және өзін ақтады.

Президент бұрын Қазақ КСРСыртқы істер министрі қызметін атқарған А.Х. Арыстанбекованы 1991 жылы 20-шы желтоқсанда Нью-Йоркке Қазақстанды БҰҰ-на қа-былдау мәселесімен айналысу үшін жібереді. Елбасы «Біз үшін БҰҰ-мен байланыс орнату ауадай қажет»,-деп тапсырады. А. Арыс-танбекова КСРОтарамай тұрғанда БҰҰ жанындағы КСРОТұрақты Өкілдігінің аға кеңесшісі және Қазақ КСР-нің өкілі ретінде тағайындалды. Елбасы А. Арыстанбекованың тағайындалағанын егемен Қазақстанның сыртқы саяси байланыстарды дер­бес жүргізе бастағанының мысалы ретінде келтірді.

Таңдаудың А.Х. Арыстанбековаға түскен себебі, ол екі жыл­дай сыртқы істер министрлігін басқарған және 1990 жылы қыркүйек-қараша айларында БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сес­сиясында жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған болатын. Ол БҰҰ-ның қызметкерлерімен жақсы таныс болатын. Ақмарал Арыстанбекова мемлекет басшысы тапсырған жауапты тапсырманы абыроймен орындап шықты. [4, 10 Б.].

1992 жылы 2 наурызда Қазақс-тан Республикасы БҰҰ-ның 168 –ші мүшесі болып қабылданды. Респуб-ликамыз үшін бұл тарихи күн са­налады. Әлем мемлекеттері Қазақ мемлекетін ресми түрде таныды. Қазақстанның туы алғаш рет БҰҰ-ның алдында желбіреді. Қазақстан Республикасы БҰҰ-на кіруі тура­лы ресми шешім қабылданғаннан кейін екі ай өткен соң Президент Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасының Тұрақты өкіл-

дігін ашу туралы шешім қабылдады. Ақмарал Арыстанбекова 1992 жылы 15 сәуірде Қазақстан Репуб-ликасының БҰҰ-дағы Тұрақ-ты өкілі болып тағайындалды және ол тәуелсіз Қазақстанның шет елдегі тұңғыш елшісі болды. БҰҰ-ға мүше бола отырып Қазақстан барлық халықаралық істерге толыққанды араласу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігі алғашқы жылдары 5-ақ адамнан құралды. А. Арыстанбекованың деректеріне қарағанда шағын топ осы халықаралық ұйымның қарарларының талқылауларына қалмай қатысып, пікірін білдіріп солардың бәрінің дауыс беруіне қатысқан БҰҰ-на мүше 20-25 мемлекеттің қатарында тұрған. ТМДелдерінен бұл құрметті тізімде Ресей мен Қазақстан ғана болды. Тұрақты өкілдік басшысы 1990 жылдардың ортасына дейін БҰҰ-да талқыланған ең өзекті мәселелер бойынша орта­ша есеппен сессия сайын 25 рет сөз сөйлейтін. Осылай қазақ дипло­маттары өз елін БҰҰ-да танытып, беделін көтеруге үлестерін қосады. Өкілдіктің қалыптасып белсенді жұмыс істеуіне БҰҰ-ғы ал-ғашқы қазақстандық дипломаттар-М.Х. Сыздықов, Е.Ә. Ыдырысов, М.А. Смағұлов елеулі үлес қосады [4,125 Б.].

1992 жылы Қазақстан Рес-публикасының Президенті Н.Ә. На­зарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-шы сессиясына қатысып Азия-дағы өзара ықпал және сенім ша­ралары жөніндегі Кеңес шақыру инициативасын ұсынып, ол БҰҰ-ның көптеген мүше мемлекеттері тарапынан қолдау тапты. Бұл ұйым кейін Қазақстанның бастамасымен Алматыда құрылды. Сөйтіп біздің еліміз Орталық Азия аймағында халықаралық қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылықты ұстап тұруға өзінің нақты қосқан үлесімен танылды. Бұл ұйым қазір аймақтаға ең беделді халықаралық ұйым ретінде белгілі.

Бастапқы кезде Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар мен басқа елдердегі мүдделерін Ресейдің дипломатия-лық өкілдіктері арқылы қорғады.

Сыртқы істер министрлігінің территориялық бөлімдердің қыз-меткерлері жекелеген елдер­мен қатынасты назарда ұстау, министрлік басшылығына жекеле­ген елдермен қарым – қатынас жасау туралы ұсыныстар әзірлеу және аймақтық проблемаларды зерттеу мәселелерімен шұғылданды. Соны­мен қатар, жекелеген елдер туралы мәліметтер жинау, анықтамалық материалдар әзірлеу, шетелдегі елшіліктерімізбен тұрақты байла­ныста болу, Қазақстанда тіркелген шетел дипломаттарымен байланыс жасау мәселелерімен айналысты.

Қабілетті жас дипломаттар шетелдердегі дипломатиялық ака-демияларға және жоғары оқу орын­дарына оқуға, білімдерін жетілдіруге жіберілді. Вена дипломатиялық ака­демиясында -2, ГФРДипломатиялық академиясының Берлин бөлімінде -3, Ресей дипломатиялық академия­сында -3 қызметкер дайындықтан өтті. Кейіннен бірқатары Үндістан, Пәкістан, Голландия және басқа елдердің дипломаттар даярлайтын оқу орындарында қысқа мерзімді дайындықтан өтті [3, 220 Б.].

КСРО-ның ыдырауы сал­дарынан барлық экономикалық байланыстарымыз үзіліп, ауыр экономикалық дағарысқа тап болған Қазақстанға шетел инвестициясын тарту үшін, ең алдымен, екі жақты дипломатиялық қатынас орнату қажеттігі көрінді. Қазақстанмен ықпалдастыққа ынталы мемле­кеттермен қарым-қатынастың құ-қықтық негізін жасау керек болды. Мемлекет басшылары қол қойған халықаралық қатынастарымыздың негізі жайындағы келісім-шарт, инвестицияны қорғау, оларға екі бірдей салық салмау, саудада қолайлы жағдай туғызу т.б. хақында үкіметаралық шарттарға отыру, та-ғы сондай құжаттар алмасу керек болды.

Алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шет елдерде мекемелерінің жоқтығын ескере отырып, әлемдік аренада тәуелсіз Қазақстанның толық ауқымдағы таныстырылу рәсімі Президенттің және үкімет делегацияларының шет елдерге ресми сапарларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асы­рылды. Тәуелсіздіктің тек алғашқы екі жылында ғана Қазақстан Президенті әлемнің 19 еліне рес­ми сапар жасады, халықаралық 11 басқосуға қатысты [5, 344 Б.]. Осы қатарда әлемнің жетекші елдеріне-Австрияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа, ГФР-ге, Францияға, Жапонияға, сондай-ақ Үндістанға, Пәкістанға, Қытайға және басқа елдерге спармен бару стратегиялық әріптестікті орна­ту тұрғысынан неғұрлым маңызды оқиғалар болды.

Сонымен 1991-1992 жылда­ры Қазақстан дипломатиясы өзінің қалыптасуының алғашқы кезеңін бастан өткізді. Елбасының тікелей араласуымен және қадағалауымен Сыртқы істер министрлігін қалыптастырудың құқықтық, әлеу-меттік-саяси және ұймдастыру-кадр мәселелері оң шешімін тапты.

әдебиеттертізімі

1 Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996. - 272 б.

2 Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. - Алматы: ҒӘ Пбк «GAUHAR», 2002. - 568 б.

3 Курмангужин С.А. 45 лет на дипломатической службе. – Алматы: ИД«Жібек жолы», 2003. - 320 с.

4 Арыстанбекова А.Х. Қазақстан және Ұлттар Ұйымы. – Алматы: Дайк-Прессс, 2002. - 432 б.

5 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 5 томдық. 5-том. –

Алматы: «Атамұра». 2010. - 688 б.


С.Ж. Дүйсен

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты,

Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің

жетекші ғылыми қызметкері

Дерек көз: «Мемлекет тарихы» ғылыми журнал/«История государства» научный журнал № 3, 2012, стр. 41-48


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз