Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Саяси ғылымдар Президенттік биілік және демократия

Президенттік биілік және демократия

06 Қыркүйек 2013
198
0

Қазақстан Республикасы – азаматтық қоғамға негізделген құқықтық, әлеуметтік, зайырлы, демократиялық мемлекет құруды мұрат тұтқан егеменді ел. Әрине, Қазақстанда 70 жылдан астам үстемдік еткен ескі тоталитарлық жүйенің орнына биліктің жаңа құрылымдарын орнату жыл­дам әрі жеңіл жүзеге аса қойған жоқ. Бұл өте күрделі және ұзақ үдеріс екені адам­зат тарихынан белгілі. Ескі мен жаңаның күресі жеңіл жүзеге аспайды. Еуропа елдеріндегі 1848 жылғы буржуазиялық төңкерістер, патшалық Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер соның дәлелі.

Елімізде 20 жыл бұрын басталған демократиялық қайта құрулар, саяси жаңарулар нәтижесінен ел болашағы тәуелді еді. Сондықтан осы бағытта жасалған алғашқы қадам 1990 жылы 24 сәуірде Президент қызметін ендіру туралы шешімнің қабылдануы десек жаңылыспаспыз.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында «...Үкімет басында Учредительное собра­ние мен Г.Дума қалауынша кесімді жылға сайланатын Президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу...» [1] – деп жариялаған «Алаш» қайраткерлерінің арман-мұраттарын іс жүзіне асыру бағытында алғашқы қадам жасалды.

Сөйтіп, жоғарыдан басталған саяси жаңару Қазақстанның жаңа сапада, яғни тәуелсіз, егеменді мемлекет ретінде даму­ын анықтады. Басты мақсат жаңа саяси ин­ституттарды, құрылымдарды ендіріп қана қою емес, оларды жаңа жағдайда жұмыс жасату болды.

Жаңа мемлекеттің өмірге келуін жаңа жұлдыздың тууына ұқсатуға болады. Кейбір жұлдыздар табиғатынан әлсіз бо­лып келеді. Азаматтық жолдың жарқын да айқын болып қалыптасуы, әрине, белгілі бір уақытты қажет ететіні заңдылық.

XX ғасырдың 90-жылдарындағы жаһандық үдерістердің тереңдей енуімен бірге дүниежүзінде орын алған жаңалықтардың бірі – кеңестік социалистік республикалар одағындағы (КСРО) ішкі құрылымдық шиеленістер бүкіл әлемдегі ауқымды өзгерістерді тездетті. КСРО-да азаматтардың бұрынғы кеңістіктегі, яғни тұтас кейіптегі дағдыланып, аңыз бо­лып келген көзқарасы, одақтас елдердегі адамдардың өмірге деген бейімділігі, демократиялық құрылыс пен нарықтық экономикаға еркін бойлауы, бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі мен биліктің сайланбалылығы өмірдің барлық саласында қалыптаса бастады.

90-жылдардың ортасына қарай жалпы қоғамдық өмірде қайта құрулар орын алып, халық шаруашылығының барлық саласы­на жаңа өзгерістер ене бастады. Мұндай жаңа өзгерістерді Қазақстанның зиялы қауымымен бірге тұңғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаев қабылдап жүзеге асырды. Сөйтіп, Қазақстан тарихының жаңа кезеңі басталды.

Осы орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Даму стратегиясын ұлттық-мемлекеттiк ерекшелiктерiмiздi, саяси тарихымыз бен мәдениетiмiздiң өзiндiк сипаттарын, кеңестiк жүйеден қалған стереотиптердi, этникалық дәстүрлерiмiздi, өркениеттiк-мәдениеттiк аямызды түгел ескере оты­рып өзiмiз анықтауымыз қажет» [2, 162 б.], – деуi әр адам, азамат санасында ел тағдырына, ел болашағына қатыстылық сезiмiн ұялатты.

Саяси жүйе толығымен өзгерістерге ұшырады. Жаңа дәуірде КОКП монополиялық билігі орнынан кетіп, саяси плюрализм, тұрақтылық, бұқаралық ақпарат пен сөз бостандығы алдыңғы орынға шықты.

Кеңестік қоғамдағы адамдардың рухани өмірі жаңа жағдайға бейімделе бастады. Азаматтық қауымдастықтағы коммунистік (таптық күрес, пролета­риат диктатурасы, т.б.) қоғамның орны мен рөлі терең дағдарыстарға ұшырады. Қазақстандағы азаматтардың еркіндігі мен бостандығы Конституциямызда жаңа толық мазмұнда қорғалды. Яғни, 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның жаңаруы мен дамуы өтпелі кезеңнен өркениетті қоғамға қадам басқанын көрсетеді. Қазақстанның қазіргі заман тарихында, яғни посткеңестіктегі еліміздің гүлденуі мен дамуында Елбасы­мыз Н.Ә. Назарбаевтың жасаған еңбектері ерекше. Атап айтқанда, ол Қазақстанның болашақтағы мемлекет басшысы, көптеген реформаларды жүзеге асырушы, барлық облыстардағы халықтардың әлеуетін реттеуші. Сонымен қатар Елбасының жүзеге асырған саясаты ТМД елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен сол кездегі Ресей басшысы Б.Н. Ельциннің реформаларымен бірдей мазмұнда болды.

Қазақстанда президент институтының негізін қалау арқылы мемлекеттілігіміздің дамуындағы жаңа бір кезең басталып, еліміздің демократиялық құндылықтар мен демократиялық саяси институттар­ды қабылдауға ашық екенін білдірді. Бірақ президент институты кеңестік сая­си жүйеде бұрын-соңды болмағандықтан, оның мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын анықтау барысында көптеген қиыншылықтарды бастан кешуге тура келді. Соның бірі – президент институтын ендіру бірден мемлекеттік басқарудағы түбегейлі өзгерістерге әкелген жоқ. Алғашқы жылдары жетекші рөл Жоғарғы Кеңес қолында сақталды. Президенттің басқа билік тармақтарымен қарым-қатынасын реттейтін механизмнің болма­уы да біршама қиындықтар тудырды.

Осы билік тармақтары арасындағы қарама-қайшылықтар мен теке-тірестерді 1995 жылы 28 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы шешіп берді. Сөйтіп, жаңа Конституция прези­дент институтына жетекші рөл берілетін мемлекеттік құрылысты бекітті. Әрине, президенттің жаңа мәртебесі мен оның өкілеттік ауқымының кеңдігі отандық ғалымдар мен саяси қайраткерлер тара­пынан әр қалай бағаланып, сыналды да. Дегенмен, мұндай қадамның өтпелі кезең талабынан туындағанын уақыттың өзі дәлелдеді.

Президент институтының пайда болу себептерін, қалыптасу эволюция­сын зерттеу тәуелсіз, егеменді Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен билік тармақтарының өзара қарым-қатынасын жетілдіруде өте маңызды. Сонымен қатар, президент институты дамуының әлемдік деңгейдегі және ТМД мемлекеттеріндегі тәжірибесін зерттеу еліміздегі президенттік биліктің күшеюі себептерін түсінуге және оны түсіндіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі Қазақстан тарихының қалыптасуы жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы мен дамуы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланы­сты.

Н. Назарбаевтың жеке қасиеттерін бөліп қарайтын болсақ, олардың ішінде мақсатшылдық пен батылдықты ерекше атап өткен жөн. Өйткені осы қасиеттердің арқасында ғана ол ескі қоғамға тән дог­малардан арылып, өз ұстанымдары мен көзқарастарын түбірлі өзгерте алды. Жаңа қоғам құру жағдайында пайда болған көптеген қайшылықты пікір, көзқарастарға батылдықпен тиімді ықпал ете білді. Ол ше­бер саясаткер және қарапайым адам ретінде халықтың, оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, кезінде тың және тыңайған жерлердіигеруге келген көптеген еңбек адамдарының, белгілі бір тарихи, саяси, басқа да себептерге бола өз Отанын тастап, бас сауғалап кеткен отандастарымыздың мұң-мұқтажын, жағдайын терең ұғынып, оларға мүмкіндігінше қолдау көрсетудімемлекеттік саясатына арқау етті. Ол көпшілік қауыммен, халықпен жүздесуге мүмкіндік туған әрбір сәтін қолынан жібермей, үнемі ел ішінде болуға тыры­сты. Шет елдерге де іс-сапармен шыға қалғанның өзінде ел мүддесін естен бір сәт шығарған емес. Ол қай салада бол­масын әлемдік озық технологиялар мен жаңалықтарды елге әкеліп, ендіруге асығатын, сөйтіп Қазақстанның әлемнің дамыған елдерімен терезесі тең, әлемде өзіндік қолтаңбасы бар айбынды елге ай­налуына барынша күш жұмсауда. Ол үнемі ел ішін аралап, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік дамуына зор ықпал тигізетін жаңа объектілерге (мектептер, емханалар, бизнес объектілері, т.б.) ерекше қамқорлық танытуда.

Мемлекеттің басты кезекте тұрған мәселелеріне дамыған шет елдерден жас мемлекетіміздің экономикасына ірі инве­стициялар тартып, жақсы қарым-қатынас орнатты.

Қазақстан жаңа жағдайда ұлт саяса­тын қолға алып, бірқатар жағдайлардан шықты. Сөйтіп, 2000-жылдары Қазақстан дамудың бағытын толыққанды анықтады. Экономикалық тұрғыдан өрлеу, қордың жиналуы, жағымды инвестициялық климат қалыптасып, Қазақстан жаһанданудың сұраныстарына толығымен төтеп бере алатындай әлеуетке ие бол­ды. Соның арқасында Қазақстан елді жайлаған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан неғұрлым шығынсыз шығуға және ел экономикасының тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік туғызды. Соған қоса, ТМД-ның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда алға шығып, 2009 жылы жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) 1,1%-ға арттыр­ды. ЖІӨ көрсеткіші 100 миллиард АҚШ долларын құрады.

Республиканың экономикалық даму­ында 2010 жылдың алғашқы жартысына арналған индустриалды-инновациялық бесжылдық жоспардың жасалуы зор маңызға ие болды. Қазақстан өз дамуында көршілес елдер іспетті кеңестік қоғамның, экономиканың дағдарысын бастан кешіріп, тәуелсіздік пен егемендікке қол жеткізді.

Республикамыз ТМД елдерінің ішінен алғашқы болып жоспарлы ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегиясы негізінде (соны­мен бірге антикризистік басқаруда) дамуға бет бұрды.

Өзіндік даму бағытын ұстанып келе жатқан Қазақстан бүгінде көптеген мемле­кеттерге үлгі болуда. Бұның айқын дәлелі – Қазақстанның Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі мен «Еуропаға жол» бағдарламасының қабылдануы. Осы тұрғыдан Қазақстан тек экономикалық қана емес, саяси жағынан да үлгі болуға жарарлық.

Сондықтан бүгінгі конференция­да еліміздегі президент институтының демократиялық реформаларды жүзеге асырудағы рөлін жан-жақты талқылауға толық мүмкіндігіміз бар.

Б.Ғ. Аяған


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз