Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Саяси ғылымдар Қазақстанның саяси жүйесіндегі прзидент және парламент инститтуттарының өзара қатынастары эволюциясы

Қазақстанның саяси жүйесіндегі прзидент және парламент инститтуттарының өзара қатынастары эволюциясы

06 Қыркүйек 2013
564
0

Қазақстан мемлекетінің нысаны мен табиғатын анықтауда ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында еліміздің саяси лидері мен интеллектуалдық күштері алдында аса күрделі міндеттер тұрғаны белгілі. Ахуал сол кезеңде ел тағдыры үшін тым күрделі, қатерлі сипат алды. Коммунистік әлеуметтік-экономикалық формация, оның саяси және басқару жүйесі уақыт сынынан өте алмады. КСРО күйрегеннен кейін пайда болған жас мемлекеттік құрылымдардың ал­дында енді өздерінің егеменді ұлттық мемлекетінің конституциялық архитек­турасын анықтап, берік негізін қалау жауапкершілігі тұрды. Бізге бұл мәселеде жаңылысып, сүрініп-қабынуға, бұрынғы қателіктерді қайталауға болмайтын еді. Мемлекет құру мәселесінің бүкіл қиындығы мен қайшылығын ерекше сез­ген Н. Назарбаев сол тарихи да тағдырлы уақытта былай деп толғанды: «Қазіргі са­рапшылар белгілі бір саяси режим жай­ында баға бергенде, оның мойнындағы міндеттерді ескермей, баға беруге ты­рысады. Ол мемлекетті қалыптастыру, бір экономикалық жүйеден екінші бір экономикалық жүйеге көшу, демократия­лану процесін дамыту, әлеуметтік және ұлтаралық орнықтылықты сақтау және нығайту, сыртқы саяси бағыттар желісін тарту... Ұлттық жаңару, мемлекеттікті қалпына келтіру әрдайым оп-оңай жүзеге аса бермейді» [1].

Қазақстанның тәуелсіз мемлекеті қалыптасуының саяси тарихында Н. Назар-баевтың жеке тұлға ретіндегі үздік рөлі, саяси қызметі тарихи-саяси тұрғыдан мойындалған, жан-жақты танылған, әділ бағаланған құбылыс. Ол қорытындылардың дұрыстығына және бүкіл халықтың қолдайтындығына биылғы жылғы Мемлекет басшысының 70 жасқа толуына байланысты қарапайым адамдардың, ғалымдардың, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өз бастамашылығымен баспасөз бетінде кеңінен жариялаған мақалаларынан тағы да көз жеткіздік.

Ақиқатында екі – ХХ-ХХІ ғасырлардың түйіндісіндегі еліміз тағдыры үшін айрықша маңызды оқиғаларға қатысушы тұлғалардан Н. Назарбаевтың оқ бойы озық тұрғаны – даусыз құбылыс. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аса жауапты тарихи кезеңдегі мемлекет пен ұлт дамуының мүдделеріне, елдің тарихи, саяси, демократиялық, мәдени-тілдік дәстүрлеріне, әлеуметтік-таптық құрылымына, әлеуметтік-экономикалық деңгейіне сай өкілдіктері бар парламенттің формасын таңдау, оны конституциялық жолмен анықтау мисси­ясы жауапкершілігін Н. Назарбаев өзіне алды.

Елімізде жоғарғы өкілді заң шығарушы органның қалыптасып нығаюында да Қазақстан Республика-сының Президенті Н. Назарбаевтың орны бөлек. Қос палаталы кәсіби Парла­мент пен парламентаризмнің теориялық тұжырымын жасап, оның бас саяси ар­хитекторы Президент Н. Назарбаев бол­ды. Және келешекте еліміздегі жоғарғы заң шығарушы органның беделінің артып, пәрменді өкілеттіке ие болуы Президенттің осы мәселедегі саясаты мен ұстанымына, көзқарасына тікелей байланысты.

Н. Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылғы бүкілхалықтық ре­ферендумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси жүйенің жаңа архитектурасын қалыптастырды. Осы жылдан еліміз саяси жүйесі дамуының жаңа кезеңі басталды. Ал еліміздің он бес жылғы конституциялық дамуы оның іргелі негіздерінің беріктігін, өміршеңдігін, оны құраушы институттық құрылымдардың міндеттері мен басқару мүмкіндіктерінің дұрыс анықталғандығын дәлелдеді.

Қазақстан Конституциясының екінші бабында: «Қазақстан Республи­касы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» - деп атап көрсетілген. Қазақстанның мемлекеттік құрылысының, оның саяси бүкіл мәні мен басты ерекшелігін анықтайтын осы­нау конституциялық қағида еліміз саяси жүйесінің бүкіл табиғатын, құқықтық өрісі мен кеңістігін, құзыреті шектерін анықтағандай.

Елімізде парламентаризмнің мәртебесі, беделі және даму перспек­тивасы, сайып келгенде, президенттік институттың қызметіне тікелей байла­нысты. Сондықтан Н. Назарбаевтың Парламенттің қалыптасуындағы орны мен рөлі, Президент пен Парламенттің өзара қарым-қатынасы, Мемлекет басшысының жоғарғы заң шығарушы органның билік жүйесіндегі орнына, оның мемлекетіміз дамуының әр кезеңіндегі қызметіне қоғам алдындағы күрделі міндеттерге байланысты берген бағасын, қорытындыларын, тұжырымдарын саяси, теориялық және ғылыми-практикалық тұрғыдан үнемі талдап, сараптап отыру ерекше маңызды.

Бұнда қазақ мемлекеттігі мен демо­кратиясы қалыптасуының күрделі саяси жолдары мен тарихи кезеңдері, оның ішкі-тартыс, қым-қиғаш қиыншылықтары һәм болашағы жатыр. Ал Қазақстандағы өкілді органның қызметі, Парламент және парламентаризм туралы Н. На­зарбаевтан көп жазған, айтқан, ұлттық Парламенттің бүкіл қызметіне әр қырынан талдау жасаған мемлекет қайраткері де, саясаткер де және ғалым да жоқ деп тұжырым жасасақ – ғылыми ақиқат пен объективтілікке сай емес деп бізді ешкім сөге алмас.

Президент және Парламент ин­ституттары өзара қарым-қатынастың қайшылықты, күрделі эволюциясы­нан өтті. Бұл процеске Қазақстанның мемлекеттік, саяси-демократиялық та­рихында нағыз, байырғы өкілді билік институттары дәстүрлерінің әлсіздігі, президенттік институттың мүлдем жаңадан құрылуы да әсер етті.

Қазақстанның кәсіби парла­ментаризмге келер жолы күрделі де қайшылықты, саяси шиеленісті, бұралаңды болды. Осы тартысы көп, қиян асу, қиын жолда бұрынғы Кон­ституциялар бойынша (1978 және 1993 ж.ж.) сайланған Республика Жоғарғы Кеңесінің екі құрамы таратылды. Елімізде парламенттік демократия, пар­ламентаризм көптеген қиындықтармен, саяси теке-тіреспен, қайшылықтар арқылы, біртіндеп қалыптасты. Қай елде де билік тармақтарының арасындағы өзара қарым- қатынас қашанда күрделі де қайшылықты. Бұл жолдан біздің еліміздегі билік тармақтары да өтті. Бұрын сындарлы демократиялық дәстүрлері, Парламенті болмаған Қазақстанда бұл жолдан біршама қайшылықты, күрделі өтті. Қалыптасу мен кемелденудің жолындағы «балалық ауруға» Қазақстандағы билік тармақтары да шалдықты. Екі Парламент таратыл­ды.

Қазақстандағы Президент және Парламент арасындағы өзара қарым-қатынастың ерекшелігі сол – бұл істе Президент әуелгі күннен инициатива­ны өз қолында ұстады. Парламенттің құзыреттерін, ондағы заң шығару үрдісінің тәртібі мен қағидаттарын, парламент депутаттарының мәртебесі мен функцияларын Президент өз көзқарастары мен ұстанымдарына сәйкес жеке дара қабылдады. Бұл пікіріміздің нақты дәлелі – «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депуттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республи­касы Президентінің конституциялық Заң күші бар жарлығы 1995 жылы 16-шы қазанда – Жоғарғы Кеңе таратылған кезеңде қабылдануы. Содан бері оған тек Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес кейбір ішнара толықтырулар енгізілгенімен, ол Президент әуеліде қабылдаған нұсқасында бүтіндей сақталды. Бірінші, екінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының осы Заңға өзгеріс енгізбек болған та­лаптары нәтижесіз аяқталып, Президент қарсылығын алды. Бұл да, сірә, еліміздегі екі билік институты арасындағы қарым-қатынастың ерекшелігі мен басымдықтар табиғатын білдірсе керек.

1995 жылы қабылданған Кон­ституция, оған 1998 және 2007 жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздегі Президент институтын үнемі нығайту бағытында деп қорытыныды жасауға толық негіз бар. Ең алдымен еліміздегі басқару жүйесі «президенттік басқару нысанында» деп сипатталады. Осы Конституцияның жобасын дайын­дау жөніндегі жұмыс тобын басқарған академик Ғ. Сапарғалиевтың пікірінше, бұл белгілі бір деңгейде даулы түсінік [2]. Ғылыми әдебиеттерде «басқару ны­саны» деп республика немесе монар­хия есептеледі. Осылай атау ғылыми әдебиетте әбден қалыптасқан, бекіген түсініктер. Ал «президенттік басқару нысанында» деген түсінікті Конституция авторларының төл шығармашылдығы, конституциялық теориядағы қазақстандық ізденіс, басқару нысанын анықтаудың қазақстандық нұсқасы деп түсінген абзал.

Бұған ресейлік белгілі мемле­кеттанушы ғалым В.Е. Чиркин кезінде назар аударып, уақыттың басқару фор­малары туралы түсініктерге өзгеріс енгізетіндігін, Қазақстан Конституциясы президенттік республика деп еш қандай екіұштылықсыз, тура атайтындығын арнайы атап көрсеткен болатын» [3]. Конституция бойынша қалыптасқан сая­си жүйенің түбегейлі айырмашылығы неде?

Саяси жүйеде белгілі бір мүдделер негізінде оның құрамына енетін құрылымдар қызметінің нәтижесінде институттық қатынастар мен рөлдер қалыптасады. Американдық белгілі әлеуметтанушы ғалым Т. Парсонс кезінде дөп айтқандай, белгілі бір құрылымдар әлеуметтік жүйенің «анатомиясын» құраса, олардың функциясы «физиологи­ясын құрайды». Бұл қағиданы қоғамның саяси жүйесіне де толық қолдануға бо­лады. Өткен кезеңде Қазақстанның сая­си жүйесінің «анатомиясы» түбегейлі өзгерістерге түскені хақ.

Осы мәнді «анатомиялық» түрлену мен түзілудің мәні мен мазмұны жинақтай айтсақ, біздің пікірімізше, бұл құрылымдық өзгерістер, негізінен мыналарға келіп саяды:

– ең алдымен еліміздің сая­си жүйесінде бұрын болмаған Президенттік институт, қос палаталы кәсіби негізде жұмыс істейтін Парла­мент, көппартиялылық тәрізді принципті жаңа құрылымдардың пайда болып, қалыптасуы және толыққанды қызмет жасауы;

– Қазақстанның Конституция­сы және заңнамасымен жоғары және жергілікті мемлекеттік билік тармақтары жігінің ажыратылуы, олардың тежемелік әрі тепе-тендік жүйесінің қалыптасуы, әр билік тармағының міндеттері мен құзыретінің нақты белгіленуі;

- саяси жүйенің барлық ресми ин­ституттары қызметінің негізінен бір ортақ мақсатқа - демократиялық, құқықтық, за­йырлы және әлеуметтік мемлекет құруға бағытталуы;

- биліктің негізгі үш институтының: Президент, Парламент және Үкіметтің біріккен еңбегінің нәтижесінде еліміздің саяси жүйесінің барлық құрамдас бөліктері қызметінің құрылымдық, ұйымдық-құқықтық мәселелерін түпкілікті және жан-жақты реттейтін қазіргі заманғы заң жүйесінің жасалуы.

Осыдан туатын тағы бір қорытынды кейде, әсіресе, еліміз Конституциясы­на 2007 жылғы өзгерістерге байланы­сты кейде еліміздің саяси құрылысын, президенттік-парламенттік немесе жар­тылай президенттік-парламенттік, ол біртіндеп парламенттік-президенттікке қарай даму жолындағы мемлекет де­ген пікірлер жиі айтылады» [4]. Бұндай қорытынды жасауға, біздің пікірімізше, әзірше ертерек. Керісінше, еліміздің мемлекеттік-саяси құрылысының 1995 жылдан бергі бүкіл даму логикасы, дәл сол 2007 жылғы конституциялық реформа еліміздің саяси жүйесіндегі президенттік институттың одан әрі нығаю бағытының жетекші үрдіс екенін көрсетіп отыр.

Еліміздегі қоғамдық-саяси пікір де президент институтының нығаюын қолдайды және бұл құрылымның қызметіне балама жоқ деп есептейді. Мемлекеттік құрылыс саласын зерттеуші қазақстандық белгілі ғалымдар да 2007 жылғы конституциялық рефор­ма еліміздің саяси – демократиялық жүйесінде Президенттің, әсіресе Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен билігінің, оның құзыреттері мен функцияларын одан әрі нығайта түсті деп есептейді» [5]. Бұл пікірді бізде қостаймыз. Бұл жағдайды: Президенттің заң шығару бастамасы құқына ие болуы; Сенатқа Президент тағайындайтын депутат­тар санының он беске дейін көбейтілуі; Президент Төрағасы болып табыла­тын Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық мәртебеге ие болып, оның Парламент Мәжілісіне тоғыз де­путатын сайлау құқы; Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тара­ту құқы; Тұңғыш Президентке респу­блика Президенттігіне сайлануға шек қойылмауы сияқты конституциялық нор­малармен нақты бекітіп отыр.

Президент Н. Назарбаевтың саяси еркімен, конституциялық саяси бастамасымен тәуелсіз Қазақстан Ре­спубликасы Конституциясына екі рет – 1998 және 2007 жылдары сындарлы өзгерістер енгізілді. Ол өзгерістердің көпшілігі ең алдымен президент инсти­тутын нығайтуға және осы институттың Паламентпен ара қатынасынт нығайтуға бағытталғанын көру қиын емес.

Мемлекет басшысы Н. Назарба­ев бастамасышысы болған 2007 жылғы конституциялық реформаның бүкіл мазмұны мен басты нысанасы – еліміздің саяси жүйесін одан әрі түрлендіріп, модернизациялау, саяси үдерістерге серпінділік әкеліп, түптеп келгенде оның тұрақтылығы мен үдемелі дамуын қамтамасыз ету, елді басқаруда Парла­ментке белгілі бір құқықтар беру еді.

Егер нақты мәселелерге көшсек, конституциялық реформаның негізгі ережелері ең алдымен президент және парламент институттары ара қатынасына байланысты болды. Президент пар­ламентаризм институын нығайтуға бағытталған кейбір нақты қадамдарға барды.

Біріншіден, конституциялық өзгерістер билік тармақтарының арасындағы теңгермелік және тежемілік қағидатын одан әрі жетілдіру, оның тиімділігі мен тепе-теңдігін нығайту арнасында Парламенттің рөлін ішнара нығайтуға бағытталған. Президенттің өкілдіктерінің бір бөлігі Парламентке ауысып, Парламент Мәжілісі Премьер-Министрді тағайындауға келісім беруді дербес, енді Сенаттың қатысуынсыз шешеді; әр Палата Конституциялық Кеңестің екі мүшесін, Орталық сай­лау Комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.

Сенаттың мәртебесі мен рөлі күшейтіліп, енді ол Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функция­ларын орындайды.

Екіншіден, конституциялық өзгерістерде Президенттің Парламент­ке, Үкіметке, Жоғарғы сотқа, Орталық сайлау комиссиясына, Ұлттық Банкке, жергілікті атқарушы органдардың бас­шысы – әкімдер жөніндегі өклеттіктеріде одан нақтыланылды. Президент енді Парламенттің ғана емес, сонымен бірге оның жеке Палатасының да сай­лауын тағайындайды. Сенат қызметінде еліміздегі ұлттық-мәдени және басқа да мүдделерді ескеру мақсатында енді бұл Палатаға Мемлекет басшы­сы тағайындайтын депутаттар саны 7-ден 15-ке дейін көбейтілді. Президент тұтастай Парламентті де, сонымен бірге жеке Мәжілісті де тарату құқына ие бол­ды.

Үшіншіден, Конституциялық өзгерістердің негізгі өзегі еліміздегі соңғы жылдардағы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар өкілдерімен, белгілі саясаттанушылар және заңгерлермен өткен жалпы ұлттық пікір алмасу және дискуссиялардан кейін еліміздің саяси және мемлекеттік басқару жүйесіндегі Парламенттің, әсіресе, бүкіл халық сайлайтын Мәжілістің рөлін нығайтуға жасалған кейбір қадамдар.

Премьер-Министр кандидатура­сын Парламент Мәжілісінің келісуімен тағайындайды және бұны Парла­мент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялардың фракцияларымен ал­дын ала консултациялар жүргізгеннен кейін жүзеге асырады. Осы жерде айта кетерлік бір мәселе – енді Үкімет басшы­сына кандидатты бекітудің ел алдындағы бүкіл саяси жаупкершілігін Президент­пен бірге төменгі Палата депутаттары да бірдей көтереді.

Төртіншіден, конституциялық өзгерістердің нәтижесінде сайлау жүйесіне енгізілген басты новелла – Мәжілістің пропорционалдық сайлау жүйесі арқылы қалыптастырылуы, біздің пікірімізше, еліміздегі бүкіл саяси-партиялық жүйеге импульс әкеледі. Партиялық саяси кеңістіктегі бәсекелестік артып, сайлау қорытындысында жеңіске жеткен партияның елдің мемлекеттік басқару жүйесіне, ел ішіндегі экономикалық-саяси үдерістерге ықпалы артады. Электорат алдындағы жауапкершілігі күшейеді. Енді саяси партиялар алдыңғы кезеңде Парла­мент Мәжілісі қызметінде болғандай атқарушы билік қызметін негізді-негізсіз сынауға бейімделмей, өзі сенім көрсетіп құрған Үкіметпен тізе қосып, сындар­лы конструктивизм шеңберінде жұмыс істеуге ынталы болады. Парламент құрамына кірген басқа партиялық фрак­циялар тарапынан парламентте көпшілік орын алған партияның парламенттік қызметіне талапкершілік, сыншылдық, сараптамалық талдау күшейіп, бұл өз ретінде партиялрдың ел халқының сая­си еркін білдіруге ұмтылысы сапалық деңгейге көтеріледі деп есептеу керек.

Конституциялық реформаның бұл бағыттағы өзгерістерінің басты құндылығы, біздің пайымдаумызша мынада жатыр – ол еліміздегі бүкіл партиялық-саяси спектрді қозғалысқа келтіріп, оларға азаматтарды мемлекеттік істерді басқаруға тартуға нақты мүмкіндіктер жасады.

Бесіншіден, Парламенттің, билік тармақтары мен өзара қатынастарындағы рөлін нығайтумен қоса жаңа конституциялық өзгерістерде, соны­мен бірге, Парламент депутаттарының жауапкершілігі күшейтілді. Еліміз Кон­ституциясынан Парламент депутаты қандай да болсын аманаттық мандатқа тәуелді болмайды деген норма алынып тасталды. Енді депутаттардың партиялық жүйе арқылы өз сайлаушыларымен байланысының жаңа тәртібі қалыптасты деуге болады.

Парламент депутатының өкілеттігі тоқтатылатын жағдайлар нақтылана түсті. Аманаттық мандатпен байла­нысты емес деген норма алынғаннан кейін, енді Мәжіліс депутатының ман­датынан айырылуының нақты себептері көрсетілді. Енді депутат конституциялық заңға сәйкес, өзін сайлаған саяси пар­тиядан шыққан немесе шығарылған жағдайда, немесе оны сайлаған саяси партия қызметін тоқтатақан кезде өз мандатынан айырылады.

Біріншіден, Қазақстанның 1995 жылғы Конституциясы қалыптастырған демократиялық-құқықтық өрістегі соңғы он бес жылдағы саяси, әлеуметтік-қоғамдық дамуының басты қорытындыларының бірі – белсенді қызмет жасаушы, негізгі саяси және әлеуметтік күштердің мүддесі тоғысқан және соны бейнелейтін, мемлекеттік билік жүйесіндегі дербес бір тармағы – Парламентсіз елімізде шынайы де­мократия, құқықтық мемлекет орнату мүмкін еместігіне бүкіл қоғамымыздың көзі жетті. Парламент, парламентаризм ашық пікірталастар мен көзқарастар еркіндігінің, жария саясаттың биік мінбері ғана емес, сонымен бірге әлеуетті мүмкіндігі мол, аса маңызды мемлекеттік институт ретінде қалыптасты. Қазақстан Парламенті он бес жылда Конституция негізінде және оның қағидаттары мен та­лаптарын қоғамдық қатыныстардың түрлі салаларында жүзеге асыру және реттеу мақсатында 1700-ден астам заң қабылдап, еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңаруын заңнамалық тұрғыдан кешенді қамтамасыз етті. Бүгінде Парламенттің заң шығарушылық қызметінен тыс қалған, мүдделері еске алынбаған бірде бір қоғамдық сала не­месе әлеуметтік топтар жоқ деп айтуға толық негіз бар. «Бұрынғы Конституция бойынша, - деп атап көрсетеді Н. Назарба­ев, - 1995 жылға дейін бізде Президенттік Республика көзделгенімен де, ол шын мәнінде Парламенттік болды. Жоғарғы Кеңес қоғамға қажетті заңдар қабылдау орнына күні бойы министрлер мен мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдаумен болды, депутаттар сөзіне құлақ аспағандарды орнынан ала­мыз деп қорқытатын. Үкімет әрі-сәрі күн кешті… Бейнелеп айтқанда «бәрін» және «ештеңені де емес» басқарып кел­ген Жоғарғы Кеңестің орнына тұрақты жұмыс істейтін қос палаталы кәсіби Парламент келіп, осы жылдар ішінде еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылданды» [5].

Парламент Конституцияны, заңнаманы демократиялық құқықтар мен нормаларды, рәсімдерді сақтай от­ырып, өзінің сан-салалы қызметі арқылы бүкіл елдің мүддесін білдіруші және қорғаушы коллегиялық органға айналды. Парламент заң шығарушылық қызметі арқылы заңдардың күрделі архитекто­никасын анықтап, жүйетартушылық, жүйеқұраушылық рөл атқарып, саяси жүйенің аса маңызды саяси құрылымдары институтануының, бүкіл мемлекеттік құрылысты заңнамалық нығайтудыңәлеуетті кепіліне айналды.

Н. Назарбаевтың қос палаталы Парламенттің міндеттері мен парламен­таризм туралы 90 жылдардың ортасын­да жариялаған идеяларына, теориялық ұстанымын он бес жылдан кейін тағы бір пайымдасақ, талдау жасасақ, олар, біздің пікірімізше, мынаған келіп саяды, әрі күні бүгінге дейін өзекті:

- әрбір мемлекеттік орган өз құзіреттері шеңберінде өкілеттікті жүзеге асыруға тиіс, өзінің заң шығарушылық қызметі арқылы елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайды түпкілікті тұрақтандыру үшін қызмет ету – Парламенттің ба­сты саяси міндеті, ал парламенттің заң шығарушылық қызметінің мазмұны соншалықты кең, ол іс шетсіз де шексіз болады, өйткені, біздің мемлекеттік және қоғамдық өміріміздің барлық салалары іс жүзінде заңдармен реттелетін болады;

- шынайы парламентаризм халықтың әртүрлі топтарының мүддесі тоғысқан, еркін шығармашылық аху­ал үстемдік еткен жерде туады. Са­палы заң шығару процесі үшін «тек дау үстінде ғана ақиқат туындайды» дегенді ескерер болсақ, сындарлы саяси оппозицияның болғаны пайдалы. Парла­мент қабырғасында қызу айтыс-тартыс буырқанып жатсын. Ол – қалыпты жағдай. Ол Парламент қабырғасынан шықпай, қоғамды толқытуға немесе күйретуге себеп болмауы керек;

- заң шығару процесі барысын­да палаталардың тиімді, үзіліссіз өзара ықпалдастығын қалыптастыру өте маңызды, палаталардың ішкі алауыздық пен дауларға ұшырауына, қай палата мәртебесі жағынан жоғары, қай палата төмен деген әңгімеге жол беруге бол­майды. Палаталар өздерінің құқықтары жөнінен тең, тек заң шығару процесінде олардың әрқайсысының өз рөлі бар:

- депутат жауапкершілігі – ең алды­мен халық алдындағы, өз ар-намысының алдындағы жауапкершілік. Парламенттегі депутат жұмысы құрметті ғана емес, тәжірибені, білімді жұмылдыруды және тер төгіп жұмыс істеуді, міндеттілікті та­лап ететін аса күрделі жұмыс екендігін түсіну ерекше маңызды» [6].

Бүгінде Қазақстандағы парламентаризмнің балаң кезеңі кейінде қалды. Есейді. Толысты. Мемлекеттік биліктің өзіндік орны институтына ай­налды.

Ал Қазақстандағы 2007 жылғы конституциялық, өзгерістердің мәні, біздің пайымдауымызша, президенттік-парламенттік басқару нысанына ауысу емес, билік тармақтарының арасында тежемелік пен тепе-теңдіктің, шынайы демократия мен халық билігі үстемдігін қамтамасыз етуге ұмтылған кейбір кіші-гірім, сақ қадамдар ғана. Бұл пікір, әрине, елімізде бүгінде билік қатынастарының арасында қалыптасқан өзара қатынасты, кемшіліктері бола тұрса да белгілі бір тежемелер мен тепе теңдікті теріске шығару емес. Әңгіме келешекте де билік тармақтарының тежемелік және тепе теңдігі принципі қызметін қалыптасқан конституциялық өрісте жетілдіру, парламенттің халық билігінің ең жоғарғы өкілді органы ретінде нығайту туралы болып отыр.

Біздің еліміз саяси жаңару жо­лында тұрған ел болғандықтан онда конституциялық даму тұрақты іс. Ен­деше жоғарғы билік тармақтарының қызметі, олардың өзара байланысындағы тежемелік және тепе-теңдік принципін үнемі жетілдіру туралы келешекте батыл ұсыныстар беру заңгерлер мен саясатта­нушы ғалымдардың жауапты миссиясы деп есептейміз.

Соңғы өзгерістердегі Парламент институтының рөлін көтеруге жасалған қадамдарды парламентаризм институ­тын белгілі бір мөлшерде нығайтуға бағытталғанымен, біздің пікірімзше, ол әлі жеткіліксіз. Ол парламента­ризм институты беделін нығайтудыңтүбегейлі мәселелерін шешкен жоқ Ал өкілді органның пәрменді де көпсалалы қызметінсіз қазақстандық жаңаруға қажетті құқықтық өрісті қамтамасыз ету, мемлекеттік құрылысты, кадр сая­сатын жетілдіру, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресу, елді демократиялық басқару стилін қалыптастыру мүмкін емес.

Осы ретте конституциялық тео­рия саласындағы белгілі неміс ғалымы В. Гессеннің: «Нағыз демократиялық мемлекеттің парламенттік болма­уы мүмкін емес, парламентаризм конституциялық режимнің тәжі бо­лып табылады» [8] деген тұжырымын еске салғымыз келеді. Қазақстанның да конституциялық режим мен конституциялық жетілуі жолындағы аса маңызды қажеттілік – ең алды­мен Парламенттің, әсіресе, Мәжілістің құзыреттерін кеңейту.

Конституциялық дамуымыздың келесі сатысында парламентке бүгінгі конституциялық өрісте белгілі бір бақылау функциялары берілуі керек деп есептейміз. Нақты бақылау функцияла­ры жоқ парламент – халық өкілеттігі мен билігін пәрменді жүзеге асыра алмайды.

Демек, келешекте еліміздің мемлекеттік құрылысы парламенттік-президенттік басқару нысанына қарай да­митын болса, ондағы алғашқы маңызды қадам – парламентке неғұрлым кең де нақтылы бақылау функцияларын беріп, оған атқарушы биліктің қызметіне нақты бақылау жасау механизмдерін заңнамалы тұрғыдан дәл анықтап, бекемдеу. Сонда ғана біз нағыз парламентаризм институ­тына қарай нақты қадам жасаймыз.

Қазақстанда парламентаризм институтының демократиялық-саяси ин­ститут ретінде қалыптасуының өзіндік ұзақ эволюциясы болады. Қазақстан тұрпаттас әлеуетті президенттік басқару нысанындағы елдерде парламентаризм институтының кең өріс алуы – сая­си және құқықтық-ұйымдық тұрғыдан күрделі мәселе. Оның келешектегі конституциялық мәртебесінің көтерілуі және даму перспективасы, билік тармағы ретіндегі беделнің нығаюы – Мемлекет басшысының елдің саяси жаңару стратегиясындағы парламенттің рөлі мен орнын бағалауына, саяси еркі мен ұстанымдарына тікелей бай­ланысты. Еліміздегі конституциялық реформалардың қорытындылары – бұл пікіріміздің айқын дәлелі.

Және бұл жерде мына бір заңдылық та есте болуы керек. Әлеуетті президенттік билік үшін – пәрменді, құзіреттері мол парламентаризм инсти­туты керек. Саясаттанушылар жиі айта­тын «күшті Президент – күшті Парла­мент» приципі – келешекте парламенттің өкілеттіктерін нақты кеңейтуді қажет етері сөзсіз. Онсыз қазірде тағы бір көп қайталанатын формула – президенттік-парламенттік басқаруға көшу жай ғана насихаттық –ұрандық деңгейде қалып, Абайша айтқанда, «сол баяғы бір жартас, бір жартас» деген өкіну мен шарасыздық күйге әкелуі мүмкін. Ал, бұл ахуалдың демократиялық дамуымыздың дұрыс анықталған бағытына үлкен бөгетке айналмауы үшін тағы нақты қадамдар қажет. Бұл ретте көргені мен түйгені көп, тоқсанның асуына шыққан ақылман абызымыз, академик С. Зимановтың «президенттік билік тиімді жұмыс істейтін парламентсіз ешуақытта әлеуетті де беделді бола алмайды… Парламент өз орнында болуы үшін… оның мәртебесін, депутаттардың мәртебесін көтеру керек. Ал, әзірше атқарушы билік Парламент­ке, депутаттарға шектен тыс үстемдік көрсетуде» [9] деген пікірі өте орынды

Парламентаризмнің Қазақстанда демократиялық-саяси институт ретінде кемелденіп, толысуы парламентшілердің бір емес, бірнеше ұрпағының пешенесіне тиер жауапты тарихи-саяси мис­сия. Әлемдік демократияның тарихи тәжірибесі солай.

Еліміздің саяси жүйесінде пре­зидент және парламент институттары негізгі жүйеқұраушы құрылымдар. Конституцияға сәйкес шешуші рөлді пре­зидент институты атқаратыны белгілі. Еліміздің қазіргі саяси жаңару және демократиялық дамуының түбегейлі мүдделері келешекте өкілді демока­ратия, ең алдымен ең жоғарғы өкілді орган – Парламенттің құзыреттерін кеңейтуді қажет етеді. Өйткені еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттерді Парламенттің жүйеқұраушылық, жүйетартушылық, ұйымдастырушылық, кадрлық, сан-салалы заң шығарушылық қызметін жетілдірусіз мүмкін емес. Бұны елдегі мемлекеттік билік жүйесінің ырғақты қызмет жасауының кепілі ретінде Президентте өз саяси бағытының маңызды бір құрамдасы ретінде қабылдаған, анықтаған деп есептейміз. Бұл пікіріміздің дәлелі – еліміздегі 1998 және 2007 жылғы болған конституциялық өзгерістердің логикасы мен мазмұны.

Парламенттің әр сайланымының өзіндік орны бар. Олардың әр қайсысы сол кезеңдегі елдің алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге саяси-демократиялық кеңістік және заңнамалық алғышарт жасауда. Осы ретте Президент Парламенттің әр шақырылымы қызметіне сын тұрғысынан баға беруді дәстүрге айналдырды. Төртінші сайланған Парламенттің кезекті сессиясын ашарда Н. Назарбаев өткен сессияның жұмысын қортындылай келе, оны былай бағалады: «Парламент Жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолын­да пәрменді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің Бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны – мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған».

Қорыта келе айтарымыз, Пре­зидент және Парламент институтта­ры арасындағы өзара қатынастардың эволюциялық даму арнасындағы сындарлылығы мен жемістілігі, жоғарғы өкілді билік тармағы ретінде парламент институтының мәртебесі мен беделінің нығаюы – Қазақстанның демократия, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде тұрақты дамуының басты кепілі.

Н. Қалиев

ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР:

1. Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. Алматы: «Өнер», 1996. 128-132 бб.

2. Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасы Конституциялық құқығы: Академиялық курс. 2-басылымы. – Алматы: «Жеті жарғы», 2004. -195 б.

3. Чиркин В.Е. Конституционное право: Россия и зарубежный опыт. – М.: Из­дательство «Зерцало». 19987. - 448 с.

4. Қараңыз: Қазақстандағы парламентаризм: жай-күйі мен даму перспектива­лары». Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Аста­на, 2007 жылғы 22 қараша, -Астана, 2008 - 126 бб.

5. Сонда 5-6; - 126 бб.

6. Президент және Парламент. Н. Назарбаевтың сөздері мен баяндамалары.-Жауапты шығарушылар Раев М.Қ., Байменше С.Е. -Алматы: Атамұра, 2000. - 336 б.

7. Назарбаев Н. Конституция кемел келешектің кепілі. «Егемен Қазақстан», 30 тамыз, 2002 ж.

8. Дәйек сөз мына еңбек бойынша беріліп отыр: Могунова М.А. Скандинавский парламентаризм. Теория и практика. -М.:Российский гуманит. ун-т, 2001.- 350 с.

9. Зиманов С. Законы и критерии их эффективности // Тәуелсіз Қазақстандағы парламентаризм: жай-күйі мен проблемалары». Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. –Астана, 2007 жылғы 22 қараша, -Астана, 2008

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз