Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Мемлекет Басшысы тұлғасының Ұлттық тарихтың қазіргі кезеңіндегі рөлі Тәуелсіз Қазақстаннығ шекара мәселесі – мемлекет тұтастығының негізі

Тәуелсіз Қазақстаннығ шекара мәселесі – мемлекет тұтастығының негізі

06 Қыркүйек 2013
380
0

     Қазақстанның тәуелсіздігін алған  алғашқы күннен-ақ мемлекеттің сыртқы саясатын негіздеу басты міндеттің біріне айналды.  Отанымыздың басқа елдермен, соның ішінде тікелей көршілерімен теңдік пен түсіністік жағдайындағы аталған бағыттағы қызметінің бастауында  Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұрды. Оның “ ... уақыт талабына сай жүргізген  сын­дарлы қызметінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекетіміз әлемдік қауымдастыққа берік еніп, өзін бейбіт сүйгіш, демо­кратиялық,  құқықтық мемлекет ретінде таныта білді. Республика  жер шарындағы қазіргі күнгі барша беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабыл­данды. Соның ішінде, атап айтқанда Қазақстанның БҰҰ-ғы өзіндік орны қалыптасты. Ел Президенті атал­ған халықаралық ұйым мінбесінен бірнеше рет сөз сөйлеп, әлемдегі, жекелеген аймақтардағы бейбітші­лікті қамтамасыз етуге арналған бағалы бастамалар кө­терді”[1.194] Солардың ішінде мемлекетіміздің басшысы тарапынан ядролық қаруды әлемдік тұрғыда  сынауды тоқтату, оны толығымен жою бағытындағы бастамашылық қызметі Отанымыздың  шеңберінен асып, дүниежүзілік  маңызға ие болып отырғандығы белгілі. Яғни, “Н.Ә.Назарбаев­тың халықаралық қатынастағы жемісті қызметі өзі­нің бабалары, қазақ қоғамының тарихи өткенінің әр кезеңдегі жетекшілері Керей мен Жәнібек, Тәуекел, Тәуке хандардың, әсіресе қазақ хал­қының басына сын түскен еліміздің еркіндігі мен тәуелсіздігіне қауіп төн­ген кездегі Абылай ханның  жүргізген саясатының қазіргі күнгі жалғасындай болып отыр”[1.197-198].

  Нақтылап айтқанда, Қазақ хандығы қалыптасқан ХҮ ғасырдың екінші жартысынан бастап-ақ  мемлекеттің шекарасын айқындау аса маңызға ие болып осы бағыттағы көршілерімен әр бағыттағы қатынастары орнады. Қазақ хандарының шешуші қадамдарының нәтижесінде халқымыздың көне заманнан негізделген территориясы қалпына келтіріле бастады. Алайда сол мерзімдердегі  сыртқы қатынаста қазақ мемлекетінің территориясын айқындау  көршілерімен арадағы бейбіт жолмен іске асырылмады. Бұл мәселе үнемі орын алып келген әскери қақтығыстар, кең ауқымды соғыстармен шешіліп отырды.  Әсіресе Қазақ елінің  тікелей көршілері болып қалыптасқан Орта Азия хандықтарымен арадағы қатынас осындай бағыт алды.

  ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар мемлекетіміздің  сыртқы саясатындағы аса шешуші кезең болып қалыптасты. Әсіресе  ХҮІІІ ғасырдың бірінші ширегінде Орталық Азияда қуатты әскери күш жинай білген Жоңғар билеушілері осы мерзімде бірлігі бұзылып, жікке бөліне бастаған Қазақ хандығына қарсы ашық шабуыл жасап, барша қазақ жерін өзіне қосып алуға ашық  кірісе бастады. Жоңғарлар  тарихын зерттеуші  В.Кузнецовтың жазуынша: “Оның (Галдан Цереннің,-Ғ.Қ.) қолбасшылық және дипломатиялық шеберлігі нәтижесінде (ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы,-Ғ.Қ.) Жоңғар хандығының беделі  жоғары болып  қала берді”.[2] Аталған мақсаттарына жету үшін Галдан Церен  қазақ даласына үлкен әскери жорықтар ұйымдастырып келді. 

  Тура осы уақытта Орталық Азияға ықпалдарын жүргізуді жоспарлап келген  Ресей және Қытай империялары  жерімізге, оның байлығына ие болуға нақты қадамдар жасай бастады. Яғни қазақ даласы үш жақты бәсекелестікке түсті. Халқымызға басқаға бодандықа, құлдыққа түсу, тіпті қырғынға ұшырау қаупі төнді. Өзінің отаршылдық саясатына бірден ашық кіріскен Ресей тарапынан қХҮІІІ ғасырдың басынан, атап айтқанда:“Жоңғар хандығы талқандалғанға дейінгі қырық жылдан артық мерзімде ... Ертіс өзенінің оң жағында  орыс бекіністері салына бастады.  Мысалы, 1715 жылдан 1718 жылға дейінгі  Ямышево,  Железинск, Долонск, Омбы және Семипалатинск  ...” [3] қамалдары тұрғызылды. Ал көрсетілген  ғасырдың ортасы көлемінде бүкіл Ертіс, Алтай өңірі орыс әскери қамалдары, бекіністерімен толтырылып, шекара шептері құрылды. Өлкені ресейлік өнеркәсіптік игеру, оны орыстармен қоныстандыру  жылдам қарқынмен іске асырыла бастады.

  Бұлармен бірге Жоңғар хандығын талқандағаннан кейін Цинь империясы кезінде жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін өзіне қаратуға шұғыл кірісіп, жеріміздің оңтүстік-шығыс және Алтай аймағы Ресей мен Қытайдың тікелей бақталастығына түсті. Міне осылай, қазақ жеріне бөлшектену, жойылу қаупі ашығынан төнді. Еліміздің басына түскен осындай сын-сағаты мерзімде жұртымыздың бостандығын, жерінің тұтастығын сақтаудағы Абылайдың қызметі барынша көрінді. Ш.Уәлихановтың  атап көрсеткеніндей: “Сол уақыттың күңгірт жағдайы  Абылайға батылдығын,  тапқырлығы мен ақылдығын  жарқырата көрсетуге  мүмкіндік берді.”[4]

  Осындай жағдайдағы, соның ішінде ХҮІІІ ғасырдың  50-жылдарының ортасындағы  белгілі жоңғар нойоны Әмірсана мен Цинь империясы билеушілері  арасындағы қалыптасқан ауыр шиеленісті жағдайға қатыса отыра оны  Абылай туған елінің мүддесіне сай пайдалана білді.  Әмірсананы ұстап беруді сылтау ете отыра қазақ жеріне  басып кірген  Қытай әскерлеріне қарсы ол барша батырларын жинап және Әмірсананы көмекші ете отыра бірнеше рет батыл  тойтарыс берді. Осы арқылы ол Циндіктерге біріккен қазақ әскерлерінің қуатын көрсете білді.  Сонымен қатар жұртының тағдыры шешілер сын-сағатты мерзімде  Абылай Ресей империясымен де тиімді қатынасты жолға қоя алды.  Оның осындай әскери және дипломатиялық көреген шаралары Қытай жаулаушыларының қазақ жеріне шапқыншылығының тоқтауына тікелей әсер еткендігі айғақ. Абылай  тарапынан жүргізілген  осындай қадамдардан кейін Цинь империясы мен қазақтар арасындағы даулы мәселелер өзара келісімдіктер арқылы шешіле бастады. Өзіне тиімді сәттің туғандығын білген Қазақ Ханы  Қытайдан жоңғарлар басып алған жерлерді қайтарып беру мәселесін батыл қойды. Осы оқиғаларды баяндайтын тарихи деректерде баяндалғанындай: “1760 жылы  қазақтар  Тарбағатай облысы мен Ертістің жоғары ағысындағы  өздерінің жайлымдықтарын кеңейтті.  Цинь үкіметі қазақтардың Жоңғария территориясына одан ары орналасуына қарсы болды, алайда олардың әрекеттері сәтсіздікке ұшырады, және  қазақ малшылары өздерінің көштерін одан ары жалғастырды.  Циньдік Жоңғария территориясындағы жайылымдық  қыстық тұрақ ретінде пайдаланылды, және қазақ көшпенділері  қытай-ресей шекарасынан өтуді жалғастырып келді.  1760 жылдан  қазақ көшпенділері  Тарбағатай және Алтай облыстарын игере отыра алға қарай жылжи түсті. 

  ... Осы уақытта  үкімет (Қытай үкіметі,-Ғ.Қ.)  қазақтарды  Цинь империясы  басқарып отырған территорияға (Жоңғарлар басып алған бұрынғы қазақ жеріне,-Ғ.Қ.) кіргізбеуге  ұмтылды. Жоңғар шекарасы бойымен жаңадан қойылған бекеттер  қазақ көшпенділерін Цинь иеліктеріне енулерін болғызбауға әрекет етті.  Алайда  1760 жылдары  Цинь үкіметі қазақтардың  өз территориясындағы қыстық жайылымдықтарды пайдалануға рұқсат беруге мәжбүр болды”. [5].Н.Ә.Назарбаевтың жазуынша: “Халықтың ерік-жігерінің  тастүйін бірлігі Абылай ханның  бір басында бейнеленді.  Батырларымен тізе қосып, қаһармандықтың  тамаша үлгілерін  көрсеткен, сөйтіп халықтың ұйтқысы болған  Абылай ханның  ерліктері сонау  қатал заманда  қазақ рухын  қайта түлетудің  бір алтын діңгегіне  айналды.” [6]

  Осыдан екі жарым ғасырға жуық мерзімнен  кейін  егемендігін алған Қазақстанның уақыт сабақтастығы талабына орай  жүргізген сыртқы саясатының нәтижесінде  еліміздің  Ресеймен, Қытаймен, Еуразия аймағы­на үлкен назарын аударып келген әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен тиімді байланыстары орна­тылды. Олардың қорытындысы  тәуелсіз республикамыз  үшін ма­ңызды тиімді нәтижелерін бере бастады. Оның айқын белгісі-қазіргі күні Еуразия аңғары, соның ішінде ТМД елдері арасындағы халықаралық мәселелер, со­ның ішінде экономикалық қарым-қатынас, т.б. Қа­зақстанның орны ерекше айқындалып отыр. Отанымыз  Орталық Азиядағы мемле­кеттер арасындағы ынтымақтастық, түсіністік пен өзара пікірлестіктің  белді буыны ­ ретінде танылып келе жатқандығы белгілі.

  Осы айтылғандардың қатарында еліміздің бостандығын алғанға дейінгі мерзімде Ресей империясына толығымен күшпен қосылып, осы мемлекеттің одан кейін Кеңес Одағының ажырамас аймағы ретінде танылып, отарлаушылардың мүддесіне орай бұзылып келген  тарихи территориямызды айқындап, оны  халықаралық қауымдастық тарапынан заңдастыру кезек күттірмейтін міндетке айналды.  Қазақстанның келесі тікелей көршісі Қытаймен арадағы шекараны белгілеу де  шешімін табуға тиісті болды. 

  КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы уақыттан - ақ  Қазақстанның  Ресейлік бодандық пен Кеңес Одағы құрамында бірге болып, осы уақыттарда территориялары империялық мүддеге  сай  қазақ жері есебінен өзгертіліп келген  Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекараны  анықтайтын мәселелер де бірден туындады.  Міне осылай, тура осы мерзімдегі Елбасының жоғарыдағы аталған елдермен  жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да аталған күрделі  мәселелерді  бейбіт жолмен түбегейлі және де  әділетті тұрғыда шешуге арналды.  Нәтижесінде қысқа мерзімде  Қазақстан Республикасының  көрші мемлекеттермен, соның ішінде  Қытай, Ресеймен арадағы  шекаралары толығымен танылды.

  Аталған тұрғыдағы Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей:“1994 жылы  премьер Ли Пэннің Қазақстанға келген  сапарында, екі елдің  арасындағы  шекараны  заңдастырып,  үлгеріп, тиісті  келісімге қол қойдық.  ... 1995 жылдың қыркүйегіндегі  бұл елге барып қайтқан  үш күндік сапар  үстіндегі  соңғы жолығысу  өте ерекше болды.  ... Қазақстан мен ҚХР арасындағы  Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау  жөніндегі  грамоталар алмасу  протоколына қол қойылды.

 ... 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Пре­зиденті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары бары­сында Қазақстан мен Ресейдің 1999 жылдан Қазақ­стан Республикасы мен Республикасы мен Ресей Федерациясы арасын­дағы шекараны анықтауды белгілеген Хаттамаға қол қойылды.

  ... Осы қатынастың қорытындысындай (2005 жылдың,-Ғ.Қ.) 18 қаңтарында  Мәскеуде  Нұрсұлтан Назарбаев  пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей  мемлекеттік шекарасы  туралы  келісімге қол қойды, нәтижесінде  әлемдегі  ең ұзақ  шекара құқықтық  негізде бекітілді.

 ... 1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республи­касы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мем­ле­кеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды”[1.108,64,142]. Өзбекстанмен арадағы шекара да  екі елдің тарихи мүдделеріне сай реттелді.  Қорытындысында: 

  - Үнемі даулы сипат алып,  ұзақ жылдар бойы, әсіресе  ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан екі халық арасындағы қалыптасқан достық  пен ұғыныстыққа қаяу түсіріп, мемлекеттер қатынасын күрделендірген  Қазақстан мен Ресей арасындағы территория мәселесі де қазақ халқының ұзақ дәуірден қалыптасқан ата қонысының  негізінде түбегейлі анықталып, екі мемлекет шекаралары достық пен ұғыныстықтың орнына айналып отыр;

  - Ғасырлар бойы, соның ішінде Қазақ хандығы кезінде танылмай,  одан кейінгі мерзімдегі қазақ жері құрамында болған  Ресей патшалығы және  Кеңес Одағымен  арадағы  жиі орын алған араздықтар, тіпті қарулы қақтығыстардың  ошағына айналған Қазақстан мен Қытай арасындағы  шекараны белгілеу  қазіргі күні  толығымен және түпкілікті біздің халқымыздың  мүддесіне сай қорытындысын тапты;

  - Тарихи тамырлас ұлттар арасындағы  орын алып  келген  түсініспестіктердің екі жақты қанағаттанушылық тұрғысындағы  жауабы табылып, Өзбекстанмен арадағы шекара мәселесі де өзара әділдік нәтижесінде  айқындалды.

  -Қырғызстанмен екі арадағы қазіргі күнгі  шекара туыстас қос халық арасындағы ынтмақтастық, тарихи тамырластық, ұғыныстықтың белгісіне айналып, екі халықтың одан ары экономикалық, мәдени, салттық, тұрғыдағы араласуына мүмкіндік беріп отыр.

   Яғни, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан халқымыздың ғасырлар бойы жерінің  тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен  арманы қысқа мерзімде және де бейбіт,  дипломатиялық келісім жолымен іске аырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің  территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды. Осы тұрғыда Н.Ә.Назарбаев: “Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді,”[7]-деп көрсетті. Міне осылай ата-бабаларымыздан бізге мұра болып қалған  кең –байтақ жеріміз толығымен қалпына келтірілді.

  Сондықтан да  2014-2015 жылдардағы  Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының  толығымен айқындалуының  20 жылдығы қарсаңында  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Отанымыздың болашақтағы барша дамып, гүлденуі, тұтастығы мен бірлігініңің негізгі  кепілі- кең байтақ жеріміздің тұтастығын қамтамасыз етудегі қызметін ұрпағымызға насихаттап, оның тарихи маңызын айқындау басты міндет деп есептейміз. 

 

  ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Қарасаев Ғ.М.Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты  ХХ ғасырдың  соңы-ХХІ ғасырдың басында  (тарихи-саяси бағыт).-Өскемен, 205 б. 

  2. Кузнецов В.С. Амурсана. – Издательство “НАУКА” Сибирское  отделение., Новосибирск, 1980, c.6

  3.Записки  Императорского  русского географического  общества, издаваемые под редакцией К.Н.Бестужева-Рюмина.  Книжка третья.  Действительный член Николай  Абрамов.“Усть-Каменогорск в 1861 году”.- Спб., 1863- с. 110

  4. Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. /Шоқан Уәлиханов-Алматы: 2010.Т.4. 119 б.

 5. История Казахстана  в западных источниках ХІІ-ХХ в.в. Том ІІІ. Казахи Китая. Очерки  по этническому  меньшинству (сборник статей). Часть І. /под редакцией  Л.Бенсон и И.Сванберга.-Алматы. “Санат”, 2005.- сс.107-108

  6. Назарбаев Н. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 1999, 284 б.

  7. Қазақстан - 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің  жаңа саяси бағыты.- Қазақстан  Республикасының Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы.-//Егемен Қазақстан, №828-831 (27902), 15 желтоқсан, сенбі 2012, 2 б. 

       (Абылай хан мен Елбасы Н.Ә.Назарбаев саясатының сабақтастығынан)

  Қарасаев Ғани Мұқашұлы,

т.ғ.д., Мемлекет тарихы институты. Астана қ.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз