Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісі Халықаралық қоғамдастықтағы тәуелсіз Қазақстан орны

Халықаралық қоғамдастықтағы тәуелсіз Қазақстан орны

06 Қыркүйек 2013
109
0

Жаңа онжылдықтың басында еліміздің әлемдегі қауіпсіздік жөніндегі ең ірі халықаралық ұйымдардың бірі-Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (алда-ЕҚЫҰ) төрағалық ету тізгінін өз қолына алуы, тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл посткеңестік мемлекеттер үшін де тарихи маңызды оқиға болды. Құрамында Еуропа, Кавказ, Орталық Азия, Солтүстік Американың 56 мемлекеті бар осындай саяси беделді ұйымға Қазақстан Республикасы 1992 жылдың басында-ақ мүше болып, Хелсинкидегі Соңғы Актіне қол қойғаны белгілі. 

Қазақстан Азия мемлекеті, түркітілдес елдердің ішінде және басым бөлігі мұсылман дінін ұстанушылар болып табылатын мемлекет ретінде ЕҚЫҰ тарихында алғаш рет ұйымға жетекшілік етіп отыр. Ендеше, бұл жетістік- Қазақстан Республикасының әлемдік саяси сахнадағы орны мен рөлін бірден бірнеше есеге арттырған ғасырлық оқиға болды десек те артық болмас. Осы орайда Елбасы өзінің биылғы жылы халыққа арнаған Жолдауында: «Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті. Дамуымыздың маңызды алғышарттарына айналған Қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды. Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды. Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды. Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды. Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық»,[1]- деп атап көрсеткен болатын.

Тәуелсіздік алғанан бергі  он тоғыз жылдың ішінде халықаралық қоғамдастықта қазақ халқы қашан да болсын бейбітшілікті жақтаушы, қолдаушы ел ретінде танылғаны белгілі. Оған бір-ақ қана мысал келтіруге болады.  2003 жылдан бері қазақ жерінде үш мәрте әлемдік және дәстүрлі дін басшылары бас қосқан болатын. Елбасы бастамасымен 2003, 2006, 2009 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өткізілді.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаев еліміздің алыс-жақын шет елдерімен қарым-қатынас орнатуда үнемі көптарапты бағыттарды ұстанатынын атап өту қажет. «Географиялық жағынан алғанда біздің еліміз аса ықпалды үш геосаяси орталықтардың: Ресейдің, Қытайдың және мұсылман әлемінің ортасында тұр. Оған қоса Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан географиялық жағынан неғұрлым шалғай жатқан орталықтардың да ықпалын сезініп отыр. Мұның өзі көп жағдайда еліміздің сыртқы саясатының мазмұнын айқындап келді және келешекте де айқындай беретін болады.

Сонымен қатар мұндай жағдай елімізге шын мәніндегі стратегиялық артықшылықтар береді, оларды іске асыру Қазақстанның дамуына ғана емес, тіпті күллі Еуразия құрлығында оңтайлы ахуалдың қалыптасуына жәрдемдесуі мүмкін»,[2]- деп Елбасы осыдан он төрт жыл бұрын 1996 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің сыртқы саясатының нақты даму бағыттарын айқындап берген болатын. Міне, көріп отырғанымыздай, қазіргі күні Қазақстан шынымен де бүкіл Еуразия кеңістігінде оң ахуалдың қалыптасуына бастамашы, ұйытқы болып отыр.

Негізінен, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатта ұстанатын бағыты өңірлік және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан еліміз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастығы сияқты интеграциялық ұйымдардың жұмысын жан-жақты дамытып, жетілдіре түсуге белсене араласып келеді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің саяси маңызды тұстарына қатысты келгенде, 2007-2009 (қыркүйек айына дейін) жж. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Марат Мұхамбетқазыұлы Тәжиннің «Хабар» агенттігінің «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында егжейлі-тегжейлі айтқан тұжырымдарына тоқталсақ: біріншіден, ЕҚЫҰ-ның институттарын Орталық Азия жағдайында пайдалануға болады. Бұл – теңдесі жоқ,  орасан зор басқарушылық, мәдени, құрылымдық тәжірибе. Біз жағдайды тек нақты нәрсемен - теңгемен, доллармен, евромен және тағысын-тағылармен бағалауға тырысамыз. Дегенмен, құрылымдық, ұйымдық мәдениет тәрізді жолға қойылған кейбір жақсы нәрселер бар, мұның үстіне олардың өте күрделі қайшылықтарды реттеудегі тәжірибесі  отыз жылдан асады... бұл  - бүгінгі күні әлемнің әр бөлігі арасындағы мәміле алаңы болатын жалғыз ұйым. Сол себепті ЕҚЫҰ-ның құрылымдық тәжірибесін іске жарату өте маңызды.

Екіншіден, ЕҚЫҰ - қаржылай демеу көрсетудің өте қолайлы арнасы, мейлінше ыңғайлы құралы, себебі ЕҚЫҰ-ның өз қаражаты бар және мұның сыртында – ЕҚЫҰ-ның тиімді тетіктері  арқылы басқа экономикалық ұйымдармен жұмыс жасап, ресурстық база тарту ісіне ден қоюға болады.

Үшіншіден, ЕҚЫҰ -  ымыралық шешімдер қабылдайтын орын, мұндай ретте оларды ішкі жағдайға бейімдеу мен жүзеге асыру тетігі де қарастырылған... ЕҚЫҰ-да таза ымыра негізінде қабылданған шешім кейіннен жүзеге асырылады. Сондықтан... біз әртүрлі бағыттар бойынша бірігуіміз керек, мысалы, егер экологиялық немесе миграциялық мәселелер туралы сөз ететін болсақ, айталық... есірткі тасымалы, радикалды экстремистік топтар, адам саудасы, жасырын көші-қон процестерінен бастап  барлық мұндай нәрселерді жападан-жалғыз емес, олармен айналысатын құрылымдарды, қуатты ақпараттық базаларды жасаумен ғана шешуге болады.

ЕҚЫҰ-ның көшпелі миссиясы Қазақстанда көп жылдан бері жұмыс істейді және елде азаматтық қоғамды құруға, экологиялық ұйымдардан бастап әйел мәселесімен айналысатын ұйымдарға, жастар құрылымынан кез-келген медиалық, біліммен айналысатын құрылымдарға дейін көмектесіп келеді [3].

Міне, осындай бірнеше маңызды бағыттар бойынша кең көлемді жағдайда қызмет атқаратын халықаралық ұйымды басқару, елімізге үлкен жауапкершілік артады. Осы ретте Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық жасауы кезінде ұстанатын басты қағидалары: «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» болып айқындалды. Сондықтан Елбасының үстіміздегі жылы Астанада  ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізіп, онда ЕҚЫҰ-ның  жауапкершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті мәселелерін, Ауғаныстандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін талқылауды ұсынуының өзі, еліміздің Еуропадағы ең алып ұйымындағы төрағалығы бүкіл әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталатынын дәлелдейді.

Жалпы, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекет және үкімет Басшылары ЕҚЫҰ өңіріндегі жағдайға бағалау жүргізу және қызметтің жаңа негізгі бағыттарын анықтау үшін  Жоғары деңгейдегі кездесулер өткізілетіні мәлім. Алайда ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті 1999 жылы 18-19 қарашада Стамбұлда өткен-тін.ЕҚЫҰ-ына қатысушы елдердің Мемлекет және Үкімет  Басшылары қатысқан бұл саммитте «Еуропалық қауіпсіздік туралы Хартия» қабылданған болатын.

Ал 1996 жылы желтоқсанда Лиссабонда өткен саммитте «Лиссабон саммиті Декларациясы» және «ХХІ ғ. Еуропа үшін жалпы және бәрін қамтушы қауіпсіздік үлгісі туралы» Декларация қабылданды.

Сонымен қатар, аталған саммитте «Қаруландыруды бақылаудың тұжырымдамалық базасы» және «Қауіпсіздік аясында ынтымақтастық бойынша Форум күн тәртібін дамыту» атты құжаттар қабылданған-тын[4].

Міне, ЕҚЫҰ  тарихында осындай маңызды шешімдер қабылданатын саяси мәртебесі биік Басқосу араға ат төбеліндей бір онжылдықты салып, біздің Елбасымыздың бастамашылығымен қайтадан жұмысын жандандырайын деп отыр. Мұндағы мақсат- ЕҚЫҰ –ны қазіргі уақытта жаңадан пайда болып жатқан қауіп-қатерлерге жауап бере алатын ұйым ретінде мүмкіндіктерін арттыра түсу. Осындай жағдайда ғана ЕҚЫҰ қызметі тек қана Еуропада емес, әлемдік деңгейде қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз етуге қол жеткізеді.

Жалпы алғанда, ЕҚЫҰ өзінің  құрылымы жағынан өте күрделі болып келеді. Осы ретте Ұйым жанында бірнеше маңызды органдар жұмыс істейтінін атап өту қажет. ЕҚЫҰ-ның жұмысын ұйымдастыруда маңызды рөл атқаратын органдардың бірі- Сыртқы істер министрлерінің Кеңесі. Кеңес аса маңызды мәселелерді қарайтын және тиісті шешімдерді қабылдайтын орталық директивалық және басшылық етуші орган болып табылады[5].

Ал, ЕҚЫҰ-ның күнделікті жедел жұмыстарымен Тұрақты Кеңес айналысады. Бұл Кеңес құзыретіне  ЕҚЫҰ-ға байланысты барлық мәселелерге қатысты консультациялар өткізу және шешімдер қабылдау енеді. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның  құрылымындағы келесі бір ең маңызды орган- Парламенттік Ассамблея[6].

Адам құқықтарын қамтамасыз ету, демократияның дамуын және заң үстемдігін орнықтыруды қамтамасыз ету мәселелеріне жәрдемдесуге байланысты іс-шараларды Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро ұйымдастырып, басшылық жасайды.

ЕҚЫҰ-ның басты міндеті- қауіпсіздікті, соның ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан әртүрлі сипатты жанжалдар мен соғыстар жүріп жатқан аса қауіпті аймақтарына қатысты ушықты мәселелерді шешу болып табылады.

ЕҚЫҰ-ның тыстағы миссияларының қызметі тікелей осындай мақсаттарға бағытталады. Атап айтқанда, жанжалдардың алдын алу, дағдарыстарды реттеу, сондай-ақ нақты бағыттар бойынша дамуға көмек көрсету мақсаттарына қызмет етеді. Олардың мандаты орналасқан жерлердегі мүдделі тараптармен байланыстарды жолға қоюды және үнқатысуды дамытуды көздейді.

Қазіргі кезде ЕҚЫҰ-ның сырттағы 19 миссиясы бар, атап көрсеткенде, олар бірнеше бағыттар бойынша айқындалған:

·  Балқанда: Албания, Босния және Герцеговина, Черногория, Хорватия, Сербия, Косово, Македония;

·  Шығыс Еуропа елдерінде: Белоруссия, Молдова, Украина;

·  Кавказда: Әзірбайжан, Армения, Грузия[7], ЕҚЫҰ-ның Минск конференциясының тақырыбы болып табылған жанжал жөніндегі ІТ Жеке өкілінің офисі;

·  Орталық Азияда: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан жұмыс істеуде.

Жоғары деңгейдегі жоспарлау тобы Таулы Қарабақтағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі ЕҚЫҰ күштерін құруға дайындықпен айналысады.
Сондай-ақ Әскери зейнеткерлер бойынша ресейлік-латвиялық бірлескен комиссиядағы ЕҚЫҰ өкілі де әрекет етуде.

Түйіндей келгенде, еліміздің осындай халықаралық маңызды ұйымға жетекшілік етуі алдымен Орталық Азия аймағында, одан барлық ТМД мемлекеттері үшін ортақ  саяси-экономикалық мәселелерді шешуде бұрын-соңды болмаған жаңа мүмкідікке жол ашты.

Қазақстанның бүгінгі күні ЕЫҚҰ-на төрағалық ету  мәртебесіне қол жеткізуі еліміздің халықаралық қоғамдыстықта нық тұғырлы мемлекет екендігін танытты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Akorda.kz

2.  Елбасы жолдады-Елі қолдады. Астана. 2008. Б. 9-10.

3.  Сыртқы істер министрі М.Тәжиннің «Хабар» агенттігінің «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбаты.//http://www.khabar.kz

4.  СІМК кездесулері жылына кемінде бір рет әрбір Төрағаның өкілеттік мерзімінің аяқталуына таяу өткізіледі.

5.  Аталмыш Ассамблея 1991 жылы құрылған болатын.

6.  ЕҚЫҰ-ның Грузиядағы миссиясының мандаты 2008 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды.

7.  ЕҚЫҰ басты құжаттары қатарында: «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша Кеңесінің Қорытынды Актысын» (1975); «Жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясын»; (1990); «Еуропадағы қалыпты қарулы күштер туралы Келісімді» (1990); «Басқыншылық ұлтшылдық бойынша Декларацияны» (1993) атап өтуге болады.

Қаленова Т.С.,

т.ғ.к., ҚР Білім және ғылым

министрлігі Ғылым комитеті

Мемлекет тарихы институты

мемлекет теориясы мен тарихын

зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми

қызметкері, Астана қаласы


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз