Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Үш жақты транзит қазақстандық мемлекет пен қоғамның өтпелі кезеңінің айрықша ерекшелігі ретінде Еуропалық Одақ және Қазақстан: бүгінгі жағдайы және болашағы

Еуропалық Одақ және Қазақстан: бүгінгі жағдайы және болашағы

06 Қыркүйек 2013
528
0

Қазақстан мен Еуропалық одақтың (ЕО, Еуроодақ) екіжақты қарым-қатынасы тәуелсіздік жылдарынан бері нәтижелі дамып келеді. Біздің елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық айналым айтарлықтай жоғарылады және ха­лық­аралық саясат, қауіпсіздік, қорғаныс сала­ларын­дағы ынтымақтастық биік деңгейге жетті. Қазақстан жер байлығының, ауыл шаруашы­лы­ғының арқасында ЕО-ның Орта Азиядағы не­гізгі және маңызды әріптесіне айналды. Еу­роодақ елдерінде Қазақстан тұрақтылық­тың белгісі сонымен бірге, Шығыс пен Батысты байла­ныс­тырушы көпір ретінде мойындалып отыр. Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы осы қарым-қа­тынастардың ірге­сін қалаушы құжат – ол 1995 жылы қол қойы­лып, 1998 жылы күшіне енген ЕО мен Қазақ­стан арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік жайындағы Келісім болып табылады. Алайда, соңғы жылдары ЕО мен Қазақ­стан арасындағы ынтымақтастық және серік­тестік туралы бұрынғы Келісімнің орнына жаңа, күшейтілген Келісімді жасау қажеттілігі туындады. Жаңа, күшейтілген Келісім саяси диалог және ішкі істер, құқық қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға қажетті шараларды қамтамасыз етіп, өзара сауда мен инвестицияны артуға үлесін қосады, сондай-ақ Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қазіргі қарым-қатынасты нығайта түспекші. Сондай-ақ, Қазақстан мем­лекеті қабылдаған 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» атты мемлекеттік бағдарламаның да мәні терең құжат болып табы­лады. Айтпақшы, Қазақстан осындай құжатты қа­былдаған әлемдегі жалғыз ел екен. Сол арқылы Еуропалық одақпен ынтымақтастық құруға өте ықыласты болып отырғанын осы құжаттары арқылы дәлелдеп отыр.

Бүгінде Еуроодақ пен Қазақстан арасын­дағы тауар айналымы 30 млрд АҚШ доллары кө­лемінде. Қазақстан мен Еуропа Одағы­ның арасында энергетикалық саладағы ынтымақтастықты терең­­детудің мәні зор болмақ. Қазақстан прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің еліміз ОПЕК-ке мүше елдерден Еуропаға энерго­та­сы­­мал­даушыларды жеткізетін Ресей, Нор­ве­гиядан кейінгі үшінші ірі ел болып саналады. ЕО-ның бірқатарында қазақстандық мұ­найдың үлесі едәуір мол. Мәселен, Румынияда ол – 30 %-ды, Австрияда 25 %-ды құраса, Швей­царияда біз 2-ші орын аламыз. Тұтастай ал­ғанда, Қазақстан ЕО-ға шығарылатын энер­­­готасымалдаушылар импортының жалпы мөлшерінің 20 %-ына дейін қамтамасыз ете­ді», – деді. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында осы аймақтағы басты қозғаушы күші бола тұрып, Еуроодақпен ерекше серіктестікке мұқтаж болып отыр. Мұндай пікірді, «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасы мен Еуропа Ода­ғының Орталық Азия бойынша Стратегиясын іске асыру нәтижелеріне арналған «Берлин Еуразиялық клубы»-ның Брюссельдегі үшінші отырысы барысында «Eurasian Transition Group» президенті Михаэль Лаубш айтып өтті. Оның пайымдауынша, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша қазіргі стратегиясы Еуропа Одағының барлық 27 қатысушы мемлекетінің Орталық азиялық бес республикаға (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан) қатыс­ты жалпы позициясын көрсетеді. Алайда көрші­лерінен даму бойынша алға озып отырған Қазақ­станға қатысты құжат жеткілікті түрде көлемді емес.
М.Лаубш мырзаның айтуынша, Еуроодақ үшін Қазақстан Түркия және Мексика сияқты елдермен бір деңгейде тұр. Еуропадағы ұшақтарды жасауға пайдаланылатын барлық титанның 50 пайызы бір Қазақстаннан алынады, ал, Германия және Австрияда пайдаланылатын жалпы бен­зиннің әрбір үшінші литрі де Қазақстанда өндіріледі. «Еуроодақ осындай елмен Өз­бекстан немесе Түркменстанға қарағанда өзгеше байланыста болуы тиіс. Ал, Орталық Азияның басты қозғалтқышы болған Қа­зақ­стан Еуроодақпен ерекше серіктестікке мұқ­таж», – дейді М.Лаубш. Бүгінде Қазақстан орталығы Брюссельде орналасқан Еуроодақпен тек «Еуропа – Қавқаз – Азия» көлік дәлізі – ТРАСЕКА, «Мұнай мен газды Еуропаға тасымалдау» – ИНОГЕЙТ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы секілді мегажобаларға қатысумен шектеле алады. Еуроодақ бүгінгі күні өз инвестициясын Қазақстанның газ, мұнай, көмір, металл және уран өндіру салаларына ғана салып отыр. Ал, Қазақстан «Еуропаға жол» бағдарламасы шең­берінде Еуроодақ елдерінен жаңа технология, инвестиция, қоғамның барлық саласындағы еуростандарт, сапалы құқықтық нормалар, білімді профессорлық база алуға дәмелі болып отыр.

Соңғы жылдары Еуроодаққа мүше Грекия, Испания, Италия секілді елдердегі бірінен соң бірінде жалғасып жатқан қаржылық дағда­рыстардың тоқтайтын түрі байқалмайды. Ал, Ұлы­британия премьер-министрі Дэвид Кэмерон жақында Ұлы­британияның алдағы уақыт­та осы одақтан шығуы мүмкін екенін ресми түрде мәлімдеді. Еуроодақ елдері басшылары Кэмеронның бұл сөзіне алаңдаушылық біл­дір­ді. Жақында АҚШ президенті Барак Обама «АҚШ Еуропа Одағы құрамындағы қуат­ты Ұлыбританияның болуын қашанда баға­лай­тынын» айтқан болатын. Бұдан соң сарапшылар, егер, Ұлыбритания одақ құрамынан шы­­ғып кетсе, ұйым әлсіреуі мүмкін, шығыс Еу­ропа елдері бұдан кейін ұйымға мүше болып кіре алмай қалуы да мүмкін екендігін айта бастады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші егерде сон­дай жағдай болып қалса, ЕуроОдақпен тығыз қарым-қатынас орнатуға аса мүдделілік тынытып отырған Қазақстанның жағдайы не болады деген сұрақ еріксіз туады? Бұл жағдай Қазақстанға да Еуроодаққа да жақсы болмасы шындық. Бірақ, соған қарамастан Еуроодақ елдері Ресей және Қазақстаннан мұнай мен газ алуды арықарай жалғастыра берері сөзсіз болмақ. Өйткені, экономика, әлеуметтік және мәдениет саладарында әлемде алда келе жатқан Еуроодақ үшін өзінің энергетикалық-отын қауіп­­сіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты мақсаты болып отыр, бола бермек. Каспий мұ­найына бұрыннан көз салушының бірі осы Еуроодақ болмақ. Қазірдің өзінде аймақ мұнайы Еуропаға Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры, ал газы Баку-Тбилиси-Ерзурум газ құбыры арқылы жеткізілуде. Бү­гінгі күні Еуроодақ газ импортының 40 пайызында Ресейге тәуелді. Сондықтан қосымша ши­кізат көлеміне қол жеткізу ресми Брюссель үшін маңызды мәселе болып қала береді. Ал, Еуроодақтың газ тасы­малы бойынша Ресейді айналып өтетін басқа жолдарын белсенді түрде ойластыра бас­тағанын түсінуге болады. Себебі, Солтүстік Африкадан тартылатын газдың мөл­шері шамалы болып шықты, Скандинав елдерінің қоры да жеткіліксіз екен. Міне, осы мақсатта «На­букко» жобасы жасалынған болатын. Оған сәйкес, түркімен және өзбек газы Әзірбайжан, Гру­зия, Түркия, Болгария, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехияға жетуі тиіс еді. Бірақ алысты көз­деген кремльдіктер Ашхабад және Ташкентпен алдын-ала 2028 жылға дейін газ тасымалдау жөнінде ұзақ мерзімді келісім-шарт жасап үлгерді. Ал Ортазиялық екі елдің бір уақытта 30 миллиард текше метр газды  Ресейге де, Еуропаға да бере алмайтыны белгілі. Міне, сондықтан да қазірше «Набукконың» тек қағаз жүзіндегі жоба екені ешкімге жасырын емес. Десе де, ресми Брюс­сель күндердің күнінде Набукко газ құбыры жобасы Еуропаға жылына 30 миллиард текше метр газ жеткізетін болар деп үміттенеді. Алайда сол газдың белгілі бір бөлігінің Әзірбайжан, Қазақстан және Түркменстаннан тікелей келуіне Одақ мүдделі болып отыр.
Қазақстан Еуропа елдерімен тек экономика саласында ғана емес сонымен бірге саясат пен қауіпсіздік, экология, демократия мен адам құ­қықтары саласында Еуропадағы қауіпсіздік жә­­не ынтымақтастық (ЕҚЖЫ, ОБСЕ) атты бе­­делді ұйым шеңберінде ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Тіптен осы беделді ұйымға Қа­зақстан 2010 жылы төрағалық етті. Бұл құр­мет пен сенімнің Қазақстанға оңайлықпен кел­ме­гені рас. Қазақстан төрағалық еткен мер­зімде ЕҚЫҰ көлемінде шешетін мәселелері де аз болмады. Қалайда, бүгінгі күні Қазақстан Еу­роодақтың Орталық Азиядағы негiзгi сауда және инвестициялық әрiптесi болып отыр. Екiн­шi жағынан, Еуроодақ Қазақстанның ең iрi сауда iрiптесi болып табылады, 2008 жылы оның көлемi 39 миллиард долларды құрады, яғни елдiң барлық сыртқы саудасының 40 пайызы болды. Еуроодақ елдерi бiздiң елiмiздiң экономикасына 40 миллиард долларға жуық тiкелей инвестиция әкелдi, ол Қазақстанға келген шетелдiк тiкелей инвестициялардың жалпы көлемiнiң жартысынан астамын құрайды. Дегенмен осы инвестицияның көп бөлiгi отын-энергетика ке­ше­­нiне салынды. Көлiк, жаңа технологиялар, таза энергетика саласындағы iске қосылмаған ре­зервтер бар екенi айтылуға тиiс. Бiздiң елi­мiз үшiн еуропалық инвестицияны ғылыми ауқымды және өнеркәсiптiң инновациялық салаларына шоғырландыру ма­ңыз­ды. Елiмiзде индустриялық-технологиялық да­мудың жаңа бағ­дарламасын жүзеге асыруда Еуроодақ Қазақ­станның пайдалы әрі маңызды әрiптесi бола алады.

Досан Баймолда,

философия ғылымдарыныңдокторы, саясаттанушы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз