Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Заманға бейімделген салттар мен жаңа дәстүрлер Дін мен дәстүр

Дін мен дәстүр

05 Қыркүйек 2013
85
0

Егер деректерге жүгінсек, ислам діні Қазақстанның оңтүстігіне VII ғасырда ене бастаған. Тарихтан мәлім болғанындай, Түргеш қағанаты тұ­сын­да Талас өзенінің жағасындағы Атлақ қаласы жанында Тан империясы мен Араб халифаты арасындағы әйгілі ұрыс өтеді. Осы бес күнге созылған майдан шын мәніндегі тарихи майдан болады. Екі жақтан да адам шығыны көп болып, жеңілген Тан әскерінің қолбасшысы генерал Гау Шиянжи бас сауғалап қашып, оның 20 мың адамы тұтқынға түседі. Атлақ бойындағы осы қанкешуде араб-түркі әскерлері­нің жеңіске жетуінде қарлұқтардың рөліне назар аударған жөн. Түргеш­тер­мен және өзге де түркілік тайпалармен үнемі соқтығысып жүретін қар­лұқтар шешуші уақытта бауыр­ластарымен арадағы келіспеушілікті ұмытып, басқыншы тан әскерін тың күшпен шабуылдайды. Сайын дала­дағы жеңіс осылайша қолға тиеді.

IX ғасырдың аяғында қазақ жерінде алғашқы мешіттер бой көтере бас­тайды. Ал X ғасырда ислам діні Қара­хан қағанатының мемлекеттік діні бо­лып табылады да, ислам дінінің енуі­мен енді түркі әліпбиін араб жазуы ығыстырады. Осы тұстарда Орталық Азия мен қазақ жерінде софылық ілім тарай бастайды. Жер-жерде софылық мектептердің негізі қаланады. Ислам діні мен оған дейінгі Тәңірге табы­ну­шылық арасындағы ізгіліктерді та­биғи түрде жымдастыра, халықтың жанына етене ету ислам дінінің да­муына оң ықпал жасайды. Софылық ілімнің осылайша тарауында Қожа Ахмет Ясауи бабаның барша өмірі мен еңбегі өзгеше болды. Софылық ілімде әулиелік дәстүрді қадір тұту ислам дінін халықтық дінге айнал­дыруға жол ашты. Әулиелерді қадір­леу көшпелілердің аруақты қастер­лей­тін ғұрпымен астасып жатты. Мұ­нымен қоса, араб әліпбиімен түркі тілінде жазылған «Диуани хикмет» кітабының жазылуы да далалықтарға ислам дінін жақындата түсті. Ал Алтын Орда хандарының исламды қабылдауы ханына қарап бой түзейтін қарашасы үшін керемет үлгі болғаны анық.

Алтын Орданың тарихи жалғасы – Қазақ хандығында ислам діні ресми мәртебесі бар дінге айналған. Әз Тәукенің «Жеті Жарғысында» егер кімде-кім шоқынып кететін болса, онда оның мал-мүлкі тәркіленіп, туыс­қандарына бөлініп беріледі делінген. Сонымен бірге, онда Мұхаммед пай­ғам­бардан тарайтын қожалардың ерек­ше дәрегейі де белгіленген. Алайда, қазақтар арасындағы сол заманға сәйкес құқықтық қатынастар тек ша­ри­ғатпен емес, дәстүрлі әдет-ғұрып­тар­дың шариғат заңдылықтарына ұш­тасуымен реттеліп отырған. Осы­лай­ша шариғатта көрсетілмегенімен, дала ғұрпындағы қалыңмал беру, әмең­герлік, құда түсу, т.б. салттар ха­лықпен бірге жасасты.

Осы тұста мына бір мәселені ой­дан шығармаған абзал. Ол–мемлекеттегі биліктің ешқашан теократиялық қалыпты иеленбеуі. Хан болып сайлану құқығы тек Шыңғыс ұрпағына – тө­релерге ғана тиесілі болып, ха­лық­тың ішінде ақсүйек-төрелер мен асыл­сүйек-қожалар элита саналды. Яғни, Құнанбай қажыша айтқанда, «Тірі­міз­дің билігі «Алдияр» ұранды төреде, Өліміздің билігі – «Алла» ұранды қожада» болды.

Әу баста Ресей империясы далаға келгенде қазақтарды шоқындыруды мақ­сат тұтқаны айқын. Алайда, ол жос­парлары жүзеге аспай, кейде да­лаға жіберген миссионерлерінің ба­ла­лары қазақтарға үйленіп, қыздары қазақтарға тұрмысқа шығып кеткенін көрген патша өкіметі саясатын басқа арнаға бұрады. Қазақтарды христиан дініне тартқаннан гөрі, оған бақылау жасаған тиімді деген отаршыл өкімет өздері тағайындаған татар молдала­рын далаға тоғытты. Және Орталық Азиядан молда келтірмеуге ұмтылды, яғни олардың қазақ жерінде ілім таратуына тыйым салды. Елде қазақ­тар­ға арналған мүфтият болмай, ол Орынбор мүфтиятының қарамағына енді. 1868 жылғы «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқарудың ережесінде» әрбір болыс­тықта тек бір ғана мешітке рұқсат етілді.

XX ғасырдың басындағы дінді саясиландыруға, мұсылмандардың діни еркіндігін шектеуіне ұлт зиялы­лары риза емес-тін. «Алаш» партия­сы­ның бағдарламасында барлық дін­дердің теңдігі, діни бостандық қа­жет­тігі, қазақ даласында жеке өз мүф­тия­ты болуы мәселелері көтерілуінің осындай заңдылығы бар еді. Дегенмен, алашордалықтар шариғат құзі­реті тек некеге тұру, ажырасу, туу мен өлімді тіркеу аясында ғана болуы қажет деген ұстанымда болды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін имамдар мен хазіреттер, діни бас­қар­малардың өкілдері 1921 жылдан бастап сайлану және дауыс беру құ­қы­ғынан айрылды. 1926 жылғы құжат­тарда мұсылмандықтың антикеңестік сипаты турасында тезистер пайда болса, 1927 жылы ол ашық қудалауға ұшырады. Мешіттер қиратылып, дін өкілдері түрмелерге айдалып, елде «Бай­ларды, молданы қойдай қу қамшымен» деген әндер айтылып, «Құдайсыздар қоғамы» деген қо­ғамдар құрылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс мем­ле­кеттің дінге деген көзқарасын өзгер­ту­ге мәжбүрледі. Осыған дейін ат­та­рын атауға тыйым салынып келген халық батырларының аты жарыққа шығып, діннің де отан қорғауда үлесі болатынын ұққан кесір өкімет енді Орталық Азия мен Қазақстанға арна­лып, орталығын Ташкент етіп белгілеген Діни басқарма ашты. 1961 жылы елімізде мешіті бар 25 қауым­дастық тіркеліп, оның сыртында 60 қауымдастық және 500 тіркелмеген молдалар болды. 1989 жылы 59 мешіт тіркелсе, 1990 жылы Қазақстан мұ­сыл­мандарының діни басқармасы құ­рылды.

Қарап отырсақ, қазақ жеріндегі ислам дінінің тарихы мыңжылдық ме­жеден асып жығылады, ал ислам дінінің қазақтар үшін дәстүрлі дін екені айқын. Алайда, осы мың­жыл­дық ішінде ислам діні барлық түркі тілдес халықтардағыдай қазақ діліне бейімделген кейіпте, сүнниттердің Абу Ханифа мазхабы негізінде хал­қы­мыздың рухани тіні болып келеді.

Ислам дінін негізгі ұстанушылар сүнниттер мен шиитер деп бөлінеді. Сүнна дегеніміз араб тілінен аудар­ған­да жол, бағыт деген ұғымды береді. Немесе шариғат саласында діни ғы­лым, мектеп, ілім, түсінік деген ма­ғынаны білдіреді. Ислам дінінде әһлү сүннә уәл джәмаьа делінетін төрт мазхаб бар. Олар Ханафи, Шафи, Малики және Ханбали мазхабтары. Әр мазхаб сол мазхабтың негізін құрау­шы имамның есімімен аталады.

Ханафи мазхабының негізін салу­шы имам Әбу Ханифа Ан Нұғман ибн Сәбит. Білімділігі себебінен тарих­шы­лар имам Әбу Ханифаны Ағзам (Ұлы имам) деп атап: «Егер дін Шолпан жұлдызына көтеріліп кетсе, оны жерге имам Әбу Ханифа қайтарады», деген. ІХ ғасырдан бастап, қысқа мерзім ішінде Ханафи мазхабы Анатолия, Балқан, Солтүстік Кавказ, Еділ аймағы, Орталық Азия, Қытай, Үн­діс­тан, Ауғанстан төңірегіне және Индонезия аралдарына тараған.

Жоғарыда айтылғандай, «байлар мен молданы қамшымен қойдай қуа­тын» заманның беті әрі қарап, тәуел­сіздікке қол жеткеннен кейін қазақ жастары шетелдерге барып діни білім ала бастады. Бірақ, осы үдеріске мемлекет тарапынан дұрыс мән берілмеуінен олардың (діни жоо-лардың) қан­дай мазхабты негізге алып оқы­та­тындығы ескерілмеді. Діни ілімге сусап барған жас қайдан білсін, оқыған жерлерінде ұстанған бағытты хақ деп танып, елге қайтқан соң шалбарларын балағынан шорт кесіп, домбыра ұс­та­ғанмен қас болып, суретке түспей, келін түссе, бет ашпайтын болды. Олар үшін келіннің келген жеріне, түскен еліне, олардың үлкеніне иіліп сәлем салуы «бидғат». Тіпті, келіннің бетін аштырмайтын «халал асаба» дегендер шыққан.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Құжы­рат» сүресінде «Әй, адам баласы! Сен­дерді бір ер, бір әйелден жарат­тық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тану­лар­ың үшін сендерді ұлттар, рулар қыл­дық», деген аят бар. Ұлы Жара­ту­шының өзі түрлі етіп жаратып, оған ұғынысатын түрлі тіл, өзіне тән өнер, мәдениет, діл ұсынғаны хақ. Адамзат баласы ғасырлар бойы осы ғаламат оркестрге әрқайсысы өз үнімен қо­сылып, Алланың мың сан ғаламды қалайша түрлі етіп жаратқанына таң­данумен өсіп-жетіліп, тарихы мен тағдыр талайын жасап келеді. Әлем осынысымен құнды. Егер адам­дар­дың көрсоқырлығынан, таяздығынан жер бетінен бір мәдениет, бір тіл жоғалып кетсе, ол – адамзаттың бетіне басылған қара таңба. Халық үшін тіл қандай қажет болса, оның өз бейнесін өзгелерден ажыратуға мүмкін­дік беретін дәстүр де сондай қажет. Ал одан айрылу неге апарып соқтыратынын көзге елестетудің өзі қиын.

Анар Төлеуханқызы


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз