Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Заманға бейімделген салттар мен жаңа дәстүрлер Қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген

Қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген

05 Қыркүйек 2013
214
0


Қазақ қыз-келіншектері қалай киінген? Ерте заманнан бастау алатын киім кию дәстүрі бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатса да, ұлттық киім кию мәнеріміз, өзіндік бітім-болмысымызды айқындайтын өз киіміміз қандай болды? Осыған келгенде түрлі дау-дамай туып, нәтижесі өзге ұлттардың киімін қазақ киімінің түп тарихына байланыстыруға әкеледі. Шын мәнінде, қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген? Мына материалда біз осы сұраққа жауап іздейміз.

Қазақ қыз-келіншектері киімінің негізгі ерекшелігі - тұла-бойды жауып тұратындығында. Әйелдің киімі, әсіресе, баскиімі оның жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты өзгеріп отырған. Қазақ киімі өзге ұлттардағыдай аса шеберлікпен, дәлдікпен, әсемдікпен тігілген.

Киімде бүкіл ұлттың, жалпы халықтың болмысы жатса, қызға қырық үйден тию жасаған қазақ қыз-келіншектерінің киімінде көшпелі ұлттың қатпарлы тарихы қатталып жатқандай. Қыз етегінің ұзын болу себебі, ибалықты білдірсе, кимешек секілді басты жауып тұратын бас киімдер көшпелі халықты желдің өтінен, күннің ыстығынан, қыстың ызғарынан қорғаған. Ғалымдардың ұзақ жылдар бойы сан түрлі тәжірибе жасап барып, дәлелдеп жатқан дүниелерін бір ауыз сөзбен айтып кеткен көреген халық, біздің ата-бабаларымыз ақ түстің денсаулықты қорғай алатын қасиеті бар екенін біліп, ақ түсті киелі түске айналдырған.

Кішкентай қыз

Жаңа туған нәрестеге әлбетте, иткөлек киігізген. Ал есі кіріп қалған қыз балаларға көйлек кигізіп, тұлымшағын өріп қойған. Басына тақия кигізіп, үстіне тізесін жауып тұратын көйлектер кигізген.

Бойжеткен

Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?                                                              Абай                                                                                   

Жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Қыздардың киімдері қайта оралмас қыздық дәуреннің белгісіндей аса ұқыптылықпен тігілген. Ою-өрнектің сан түрімен әшекейлеп, түрлі тастармен безендірілген. Бұрымын әсемдеп өріп қойып, шолпысын сылдырлатып жүрген бойжеткендер талай жүректі дір еткізген. Қазақ қыздары осынау сұлулығын сырт көзден бүкпей, керісінше қырмызы гүлдей құлпырып жүрген.Әсіресе, шаш күтіміне ерекше қарап, кейде қыз сұлулығын шаш сұлулығымен өлшейтін де замандар болған. Қазіргі кезде жігіттердің "Қандай қыздар ұнайды?" деген сұраққа ойланбастан "Шашы ұзын қыздар" деп жауап беретіні сол түсініктің жұрнағы. Шашқа бойжеткен мен оның жеңгелері ерекше құрметпен, күтіммен қараған. Шашқа арналып тағылатын әшекейдің түр-түрі қыздардың қобдишасынан табылған. Аңыз болып "Көрінер қыздар сұлу шашбауымен, бұрымын кейін сілкіп тастауымен" деген өлең жолдары қалған. Қазақ қызы ешқашан шашын жасырып жүрмеген. Қазақта мынадай ырым-тиым бар: "Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ - жаулық, қара - қайғы". 

Келіншек

Керім жібек басына сәлде орайды,
Бір ораған сәлдесін жүз орайды.

Халық өлеңі

Келін өзге шаңырақтың босағасын аттаған соң, оған жаулық салып, еншілейді. Яғни, орамал - тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Балалы болмағанға дейін үй тірлігін атқарғанда кедергі келтірмес үшін, тамақ пісіргенде шашы тамаққа түсіп кетпес үшін, басына орамал тағып жүреді. Сондай-ақ, жас келін сұқтанған көзден сақтану үшін де орамал тартады. Наным-сенімі берік халқымыз келінін тіл-көзден сақтау үшін орамал таққызған. 

Әйелдер

Қазақ әйелдері көбіне үй шаруасымен айналысып, шаңырақтың ырысын сақтап отырған. Салт бойынша, балалы болғаннан кейін әйелдер кимешек киген. Яғни,кимешек кию - ана болғанның белгісі. Неге киген? Себебі, кимешек баланы емізгенде айналаға өңірін ашып көрсетпей, төсті жауып тұрады. Ол кеуде, иық, жонды жауып тұратын, әйелдің бет-әлпеті анық көрініп тұратын киім. Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізсе, шайтан түртіп, қайызғақ баланың аузына түсіп кетеді деп ырымдаған. Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болады, сәйкесінше, әйелдер үй мен қонаққа киетін кимешектерін бөліп киген. Кимешекке ою салып, моншақпен әсемдеу оның жолдасы бар екенін білдірген. Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап таққан...

Әже

Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса...

Нені көрем?

М. Мақатаев

Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Кимешек көшпелі өмірге бейімделіп тігілгендіктен, көшіп-қонған заманда әйелдің денесін таза, жылы ұстау үшін киілген. Кимешектің үстінен жаулық тартқан. "Ақ жаулықты әже" тіркесі осыдан шықса керек. Жаулықтың маңдайына қатты қағаз салып орау әжелердің мәртебесін, салтанатын көрсеткен.

Үстеріне тобыққа жететін көйлек кию қазақ қызына тән ерекшелік. Өйткені, біздің ел қыздың ибалы, инабатты болғанын қатаң қадағалаған. Сондықтан, қыз күнінен-ақ ұзын етек киген қыз өмір бойы сол ұзын етекпен жүреді. Кіндік ашу, қысқа етек кию ата салтта болмаған. Кіндігі тұрмақ, аяғы ашық қыздарды ата-бабаларымыз қатаң жазалап, иба мен инабатты киіммен бірге сіңірген.

Қыз да, келіншек те, барынша сәнденіп, боянып жүрген. Өзін-өзі күткен. Әшекейдің түр-түрін жас ерекшеліктеріне орай таққан. Сұлулықтарын паш етіп, қарақат көз, қолаң шаш арулар мен айжүзді әйелдер сұлулық пен нәзіктіктің, әсемдік пен көркемдіктің символы болған. Сыртқы сұлулыққа тамсану бүкіл адамзат атаулыға ортақ нәрсе болса, атам қазақ та қыздың көркін жасырмай, сұлулыққа сүйсініп, оны қадірлеу арқылы эстетикалық талғамдарының жоғары екендігін көрсеткен. Әлбетте, бұл сөзімізбен ешкім дауласа қоймас...

Бұл күні заманның заңына орай, киім киісімізді осы негізге отырып бейімдеуге болады. Бастысы - киім дененің ұятты жерлерін жауып тұруы керек. Заманға сай киіну, заманауи ару не заманауи келіншек атану ұлттың қасіреті емес. Ұлттың қасіреті - киім арқылы сананы жаулап, түп-төркінді құрту...Ұлттық ерекшелігіміз ретінде моншақты сәукеле, тілерсекке дейін жеткен бұрым, сыңғырлаған шолпы мен кимешекті айтуымызға болады. Осындай дәстүрлі киімдеріміздің бүгінгі күнге дейін жетіп отырғаны қазақ ұлтын өзге ұлттардан өзгешелеуі керек. Киім кию үрдісінің кейбір жұрнақтары бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Яғни қыздарымыздың мейлінше сәнденіп, шаштарын ашық қойып, әжелеріміздің ақжаулық салып, келіндердің орамал тартуы сөз жоқ, қазаққа тән нәрсе. Ұлттық болмыс деген де осындай дүниелерден құралса керек...

Заман дөңгелегіне ілесіп, ұлттық киім де өзгеріске ұшырайды. Әлемде ата-бабадан қалған ұлттық киіммен жүретін халықтар некен-саяқ. Заман бір орында тұрмайды. "Сән айналма сағат сияқты". Жылдар жылыстаған сайын, киім де өзгешелікке ұшырап, уақытқа сай бейімделіп отырады. Қай-қай ұлтты алмаңыз, ұлттық киім бүгінде тек арнаулы мереке мен мейрамдарда киілетін құнды жәдігерге айналып кетті.

Жоғарыдағы бабадан балаға мирас болған қатпарлы тарих қазақ ұлтының киім киюдегі өзіне тән ерекшеліктерін айқындап берді. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз