Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Сандық тарих Қазақ тарихы қалай жазылу керек?

Қазақ тарихы қалай жазылу керек?

05 Қыркүйек 2013
217
0


Дидахмет Әшімханұлы:

 Бүгінгі тақырып баршаңызға белгілі. Ең алдымен, бұл тақырып бізді қуантады. Тақырыптың қуантатыны – өтпелі кезеңнен өте бастаған сияқтымыз. Бұл соның көрінісі сияқты. Өйткені тарихымызға бет бұруымыз, тарихымызды тереңнен қозғайық деуіміз, мемлекеттік тұрғыдан көзқарас болсын деуіміз, бізге қатты ұнайды. Мәмбет ағалар алғаш рет алашшылдарды ақтады ғой. Сол жылдардағы ұйқысыз өткізген күндердегі жұмыстарды ойласақ, бәріміз ерекше патриот болған екенбіз. Сол жылдары керемет жұмыстар атқарылған екен. Халықтың, елдің рухын көтерген ақтаңдақтардың бетін ашуға сол кездері істелген жұмыстардың аса көп нәтижесі болмады. Бізде қалыптасқан бір жаман үрдіс бар ғой. Бірнәрсені «уралатып» бастаймыз да, кейін соңы саябырсып қалады. Бұған да әртүрлі жағдайлар себеп болған шығар. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарих туралы әңгімесі қазақ баласын ғана емес, мемлекеттің әрбір өкілін қуантады деп ойлаймын. Нақты ғылымдар жөнінде көп талас тартыс­тар бола бермейді ғой. Ал ғылымдардың ішінде, өз икеміне қарай қалай бұрамын десе, икемге көнетін ғылым – ол тарих ғылымы. Кеңестер Одағы кезінде тарихты қалай жазғаны белгілі. Иван Грозныйды жақсы білгенімізбен, хандарымыздың тарихын білмедік. Орыстың тарихын кешегі Николайға шекті дейін жатқа білдік. Ол дәуір де өтті. Оның бәрін айта берсек, әңгіме ұзаққа кетеді. Міне, бүгін, жаңаша көзқараста, еліміздің тарихын қалай жазамыз деген мәселеге келіп отырмыз. Жуырда, бірер ай бұрын Путин тарихшыларды жинап алып, арнайы тапсырма берді. Олар да өз тарихын қайта жазайын деп отыр. Ресей тарихшылары қалай жазатынын мен білмеймін. Бірақ бірнәрсені ішім сезеді. Олар барлығын Ресейдің мақсатымен, баяғы орыстық рухпен жазады ғой. Біздің тарихымыз орыс­тармен, Ресеймен о бас­тан бірігіп, біте қайнасып кеткен. Оған қалай баға береді? Кешегі өткен Куликово шайқасына қалай баға береміз. Оны біз білмейміз. Ол туралы пікірлер өте көп. Сондықтан, кіріспе сөзді ұзаққа созбай-ақ қояйын, осы мәселе жөнінде әңгімемізді ары қарай өрбітейік. Алғашқы сөзді Зардыхан аға, сізге берейік.

Зардыхан Қинаятұлы:

- Астанадағы жиынға барғам жоқ. Бірақ газеттерден, телеарналардан берілген хабарлардан, материалдардан оқып білдім. Тарихқа өте дұрыс бағыт берілді деп ойлаймын. «Тарихты қалай жазамыз?» дегенге келер болсақ, тарихты қайта жазамыз деген жоқ. Тарих бұрыннан жазылып келеді. Жазылып та жатыр. Бірақ сол тарихтың кейбір тұстарына қайтадан бір қарап, кең ауқымда баға бергеніміз жөн. Ұлттық тұрғыдан тарихқа бет бұрып, бұрын кемшін қалған тұстарды толтырып, жүйелі, концептуалдық тұрғыдан қарау керек деген мәселелер айтылған екен. Мен бұған өте қуаныштымын. Тарихтың көкжиегін кеңейту туралы айтылыпты. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Тарихшылармен жиі қатынасып жүремін. Талай жерде талай әңгімелер айтып жүрміз. Бүгінгі біздің тарихты қайтадан қарап, қайтадан толықтырып жазу үшін, бізге төрт түрлі ауру дейміз бе, содан құтылуымыз керек. Бірінші, измшілдік тарихтан. Екінші, тапсырыстардан. Үшінші, өзшілдіктен құтылуымыз керек. Төртінші, құлдық санадан арылуымыз қажет. Өткенге баға бергенде, өткенді бағамдайтын жаңа критерий, бағыт керек. Мемлекеттік хатшының айтқан сөзіне қарап отырсам, мынадай сөз бар екен. «Өткенді бағаламасаң, келешек сені құрметтемейді». Осыған байланысты, осыдан екі күн бұрын өзім қатысқан тарихшылардың жиынында мынадай мәселе айтылды. «Өткенді бағалау үшін, Кеңес Одағының кезіндегі көптеген мәселелерді қайтадан көтеруіміз керек, қайтадан жетілдіруіміз қажет» деген сөздерді естіп қалдым. Онда мысалы, біраз әңгімелер айтылды. Ресей бізді қоқандардан қорғап қалды. Кенесары Қасымовтың қозғалысы – ол ұлт-азаттық қозғалыс емес. Феодалдың өзінің қайтадан феодалдық жүйесін жасау үшін жасаған көтерілісі деп қарау керек деген сияқты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, Кеңес кезеңіндегі ананы қайта қарау, мынаны қайта қарау керек деген сияқты әртүрлі мәселелер айтылып жүр. Мен осы тұстан сәл сескеніп қалдым. Неге дейсіздер ме, Кеңес Одағының кезіндегі, яғни советтік тарихта айтылмаған дүниелерден бірнәрсе жоқ. Батырып, көркемделіп, ол тарих жазылды. Жазылмай қалған тарих ше? Ұлттық тарих ше? Ұлттың менталитеті бар, ұлттың этногенезінің динамикасын көрсеткен ұлттық тарихты жазуға Кеңес үкіметі мүмкіндік бермеді. Қазақ Кеңестер Одағы кезінде айрылған мүмкіндігін әлі іздеп біткен жоқ. Әлі түгендеп біткен жоқ. Сондықтан, менің ойымша, қазақтың ұлттық мүддесін, ұлттық құндылықтарын түгендеп, ұлттық тарихтың кемшін тұстарын түгендеу әлі де жалғасады. Өткенге, әсіресе, Кеңестік тарихқа кеңірек бет бұрып кетер болсақ, ұлттық құндылықтарымыздан қайтадан айрылып қалуымыз мүмкін. Осыны ескерсе екен деп ойлаймын.


14d105fa308da9e72fd21b3b1e17ff7a.JPG

Дидахмет Әшімханұлы:

- Өте дұрыс айтасыз. Мәмбет аға, бұған сіз не дейсіз?

Мәмбет Қойгелді: 

- Зәкеңнің ойын ары қарай жалғайын. Біз, жалпы, соңғы екі-үш ғасырда, бір емес, әлденеше рет жеңілген ұлтпыз. Өкінішке қарай, солай. Арыға бармай-ақ қояйын. Бергі ХІХ ғасырға келер болсақ, Кенесары бастаған қозғалыс. Оның финалы өте трагедиялы болды ғой. Ол – үлкен жеңіліс. Үш жүздің басын қосып, жердің тұтастығын сақтаймын, барлығын қалпына келтіремін деген қозғалыс еді бұл. Кенесары ханның көтерілісіне ұлттық көтеріліс деп баға беруге қарсы топтар әлі бар. Кенесары өзінің Ресей патшасына жазған хатының бірінде: «Менің атам хан Абылай тұсында сіздер Ертістен бері енбегенсіздер. Шекара сол жермен шектелген. Қазір қазақтың жерін басып алдыңыздар. Соны қазаққа қайтарыңыздар», – деген сыңайдағы пікірін ашық мәлімдеген. Ендеше, ол неге ұлттық көтеріліс емес? Захаңның сөзінің жаны бар. Біз осындай дүмбілез тұжырымдар мен ойлардан арылуға әрекет жасауға тиіспіз. Одан кейінгі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Ол да жеңіліс. Алаш қозғалысы – бұл да жеңіліс. Ұлттың жеңілісінің бәрі – жеңіліс. 1931-32 жылғы көтерілістер – бұлар да жеңілістер. Сондықтан біз қазір қандай терең құздан шығып келе жатқанымызды түсіне бастадық. Ұлт азаттығы үшін күресте тек қана халық жеңілген жоқ. Тарихы да жеңілді. Бағзы замандардағы бір данышпанның айтқан сөзі бар екен: «Тарихты жазуға тапсырысты жеңген адам береді», – деп. Расында да, тарихты жазуға тапсырысты жеңілген адам бермейді. Кеңестік дәуірде біздің тарихымыз осы ұстаным тұрғысынан жазылды деп ойлаймын. Тапсырыс қайтадан баяндалу керек. Қандай уақытта, қандай мазмұнда жазылды дегенге келер болсақ, тарих деген ғылым бізде ХХ ғасырда дүниеге келді. Мен мұны кәсіби тұрғыдан айтып отырмын. Тарихшылардың ең алғашқы буыны – ол Бек Сүлейменов, Ермұхан Бекмаханов. Бұл алғашқы буын тарихшыларымыз. Әрине, бұдан да бұрын тарихшыларымыз болған. Олар: Санжар Асфандияров, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев сияқты буын бар. Халел Досмұхамедов та бар бұл қатарда. Олар тарихты қорытуға әрекет жасады. Олар тарихты сол кездегі халық өміріндегі қозғалыстарға, өзгерістерге байланысты қорытуға тырыс­ты. Олардың арнайы тарихи білімі болмаса да, барынша күш салды. Себебі, азаттық қозғалыста ұлттық интеллигенцияның функциясы сол, тарихты қорыту болатын. Олар осы функцияны атқарды. Ал кәсіби тарихшылар дегенде, алғашқы буын тарихшылар Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменов. Сол тарихшыларымыз 25 жылға сотталды. Ол не деген сөз? Олар тарихты дербес, тәуелсіз деп айта алған жоқ, бірақ өзінің табиғи арнасында қорытуға тырысты. Әрекет жасады. Сол әрекеттің өзі сол кездегі билікке ұнаған жоқ. Сол себепті оларды соттап жіберді. Кеңестік дәуірге қарасақ, мынадай қызық ситуация бар. Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес. Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана. Ең алғаш рет осы Алматыда Голощекиннің тапсырысы бо­йынша дайындалған бір кітап болған. Ол Брайнин мен Шапироның Алаш тарихына қатысты жазған кітабы. Сол кітап үлкен талқыға түсті. Кейінірек, 1944 жылы «История Казахский ССР» атты жинақ талқыға түсті. Бұл жинақ Ресей авторлары мен қазақ ғылымдарының бірігіп жазған алғашқы жинағы. Бұл кітапты талқылауға басшылық жасаған сол кездегі Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Молотов болатын. Әрине, оның арғы жағында Сталин отыр. Сол талқылау барысында мынадай бір сөз айтылды. «Соншалықты талқыға салатындай бұл қандай таңдаулы халық?» – деді. Избранный народ – әлем тарихында біреу. Бұдан кейін Бекмахановтың монографиясы талқыға түсті. Оны Ғылым академиясының тарих институты талқылады. Одан кейін Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сы 1976 жылы талқыға түсті. Мұны тарих бөлімі мен филология бөлімі бірігіп талқылады. Осылайша, қазақ тарихы төрт рет талқыға түсті. Бұл жай талқы емес. Бұл дегеніміз – ұлт тарихына жасалған шабуыл. Ұлт тарихына бағыт-бағдар беру деген сөз. Соған мәжбүрлеу деген сөз. Біздің тарихымыз жеңілген тарих. Мұны мойындауға тиіспіз. Мойындауға тура келеді. Кезінде осындай халде, осындай жағдайда жазылған тарихты қайта қарау, қайта қорыту қажет. Бәрін болмаса да, халықтың кейбір өзекті мәселелерін қайта талқыға салу қажет. Осы тұрғыдан келген кезде, Мемлекеттік хатшының айтқан ойлары орынды, негізді, дәлелді. Бірнәрсе айту керек, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баяндамасы жақсы шықты деп ойлаймын. Әрине, мемлекеттік хатшының баяндамасында айтылмаған нәрселер де бар. Бұл жерде мақсат мынада: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демей ме Абай. Мемлекеттік хатшының айтпаған ойларын біз айтуымыз керек. Мемлекеттік хатшы көрсеткен инициативаны іліп алып кетуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, тарихшылардың айтатын ойлары бар деп ойлаймын.

Дидахмет Әшімханұлы:

- Тарихсыз халық болмайды. Тарихсыз кішкене тайпа да болмайды. Өйткені, ол аспаннан түскен жоқ. Адам баласы жаратылғаннан бері талай тарихты бас­тан кешірді. Ең бастысы, қазақ мемлекеті ХV ғасырда қалыптасты дейміз. Қазақ қашан пайда болды? Пайда болған емес, тарихты кімнен бастауымыз керек? Ең бастысы, осының басын ашып алғанымыз дұрыс шығар деп ойлаймын. Бейбіт аға, сіз қалай ойлайсыз?

Бейбіт Қойшыбай:

- Зәкең сияқты менде газеттен ғана бағаладым. Өздеріңіз айтқандай, Мемлекеттік хатшының баяндамасы, шынында да, баршамызды серпілтіп өткені анық. Мемлекеттік хатшы баяндамасын Елбасының Жолдауынан бастады ғой. Шындап келгенде, ұлттық тарихтың шынайы ұлттық бағытта жазылуының түйінді мәселелерін атап айтып өтті. Бір ауыздан келісеміз. Шынайы ұлттық тарих жазылуы керек. Сол шынайы ұлттық тарих негізінде заман талабына сай, ұлттық сана, ұлттың жаңа ұлттық дүниетанымы қалыптасуы тиіс. Тәжин тарих зерттеушілерін жаңа әдістемемен қарулануға шақырды. Менің ұққаным осы. Ұлттық тарих біздің мемлекетіміздің одан әрі нығая түсуіне, шын мәнінде мың жылдық ролін баянды етуінде аса үлкен роль атқарады. Алға үлкен міндеттер қойылды. Тарихи білімді дамыту жолдары, азаматтарымыздың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға басым бағыттарды белгілеу қажеттігі айтылды. Тарих ғылымының өкілдері ғылымды, мәдениетті дамыту саласына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене атсалысу керек екендігі көрсетілді. Бұл өте орынды талап. Өйткені, халықты, жастарды тарих арқылы тәрбиелеу елімізге, тәуелсіздік туын алып жүрушілерге қажетті отаншылдық сезімінің ұшталуын қажет етеді. Көп жылдан бері тарихи танымды шығармалар топтамасын жазып жүрмін. Мақсатымның дұрыс екендігіне анық көзім жетті. Мемлекеттік хатшы іргелі мәселелерді көтерді. Ғалымдар тарихты зерттеуде жаңа әдістемені пайдалана алмай жүр деп айтты, мен дұрыс ұқсам. Қазіргі тарих ғылымына сыни тұрғыда қайта қарау талабы қойылды. Бүгінгі тарихшы ғалым тек фактілерді тізіп, суреттеп беруші ғана емес, нақты қоғамның құндылықтарын, ережелерін, ақиқи келбетін аша алатын пайымдаушы болуға тиіс деді. Сонда ғана ұлттық тарих өзінің күллі күрделі де іргелілігімен жаңғырып, еліміздің болашағын бекемдеу­ге қызмет ететін рухани азық алады. Біз бұған шынында кәміл сенеміз. Шынында орындалуға тиіс деп ойлаймын. Осы орайда, ел Президентінің сонау 1996 жылы жарияланған алғашқы жолдауы еске түседі. Естеріңізде болса, сол жолдауда: «Біз тарихымызды жаңаша оқудың негізінде ғана ұлттық идеяны қалыптастыра алуымыз мүмкін» деген болатын. Біз осы уақытқа дейін тарих арқылы ұлттық идея қалыптастырдық деген хабарды естіген емеспіз. Демек, отандық тарих ғылымын дамытудағы жаңа кезеңнің бұл реттегі міндеттерін терең түйсініп, батыл зерделеу парыз. Жаңа әдістемемен қарулануды советтік кезеңдегі дәстүрлерден біржола бас тартып, ұзақ жылдар ой-сананы билеген, еуроцентристік көзқарастан іргені аулақ салу, төл тарихымызды ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан, жалпы адамзаттық тарих тұрғысынан, әділ әрі обьективті түрде қарастыру деп білген дұрыс. Мәселен, халқымыздың ұлы даланы төрт мың жылдан бері бойын мекендеп келе жатқанын, әр кезеңде әр түрлі мемлекеттік құрылымдарды түзгенін, этностық бет бейнесінің және мемлекеттігінің Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін, Жошы ұлысынан кейін жаңа тұрпатта қалыптаса бастағанын, бұл тарихи үдерістің Ақорда тұсында нақтылана түсіп, ақыры тарих сахнасына бүгінгі атымен 1456 жылы шыққанын түбегейлі дәйектеп, батыл тұжырымдау қажет деп ойлаймын. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, қазақ тарихына қатысты, орыс, қытай, парсы дереккөздеріндегі мәліметтердің жинақталғаны мәлім. Сол негізде тың зерттеулердің де жарық көргенін білеміз. Соларды мұқият зерделеп, қазақ мемлекетін басқарудың XVIII ғасырда орын алған түрін әділ талдау керек. Күрделі геосаяси ахуалды ұланғайыр кеңістікті алып жатқан елімізді оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп беруді қамсыздандыру мақсатында Тәуке хан жасаған реформаны дұрыс талдап, түсіндіру жөн. Ол үш өлкеге үш хан сайлатты. Баршамыз білеміз. Бұл кезеңді кейбір тарихшылар біртұтас қазақ халқының өмір сүруінің аяқталған кезеңі деп біледі. Бұдан былай, бір хандықтың орнына бірнеше бірлік пайда болды. Үш хандық келді деп есептеді. Осыны өзіміздің ұлттық мемлекеттік мүддеміз тұрғысынан қайта пайымдау орынды болар еді. Ұлы хан ретінде Тәуке хан ортақ істі үш ханмен ақылдасып шешкен болуға керек. Тәуке хан дүние салғаннан кейін, ұлы хан сайланған жоқ. Бірақ Тәуке ханнан кейін аға ханның міндетін Қайып хан алып жүрді. Оны бақталастары өлтіргеннен кейін, Әбілқайыр хан алып жүрді. Отыз жылдай ұстап тұрды. Одан кейін кезек Әбілмәмбет ханға келді. Ол ұлы хан болып отырды. Одан кейін Абылайханның ұлы хан болып жүргенін білеміз. Абылайханнан кейін оның орнына ұлы хан деп ешкім сайланған жоқ. Өйткені, бұл уақыттарда қазақтың бірлігін ыдырату мәселесін патша үкіметі қатты қолға алған болатын. Тұтастық біртіндеп ыдырай берді. Қазақ мемлекетін қалпына келтіруге ұмтылған ХІХ ғасырдың 40 жылдарындағы Кенесары қозғалысы. Ол біздің қаһармандық тарихымыздың беттері. Одан кейінгі тарихта орны бар – Бөкей хандығы. Жері де шағын, ғұмыры да қысқа болғаныменен құрамында сол кездегі өркениетке сай ұлттық мемлекет құрудың үлгісі болды. Осының бәріне жаңаша көзқарас қажет. ХХ ғасырдағы қазақ мемлекеттігін жаңғырту және совет үкіметі тұсындағы үміт пен күдікті, ұтылыстар мен ұтыстарды, шарықтау мен құлдырауды, қол жеткен жетістіктерді әділ таразылап пайымдау үшін керек. Егер біз ұлттық тарихымызда халқымыздың атамекенінің қазіргі уақыттан әлдеқайда кең болғандығын көрсете алсақ, оның тарылу себептерін көрсете алсақ, қазақтың экономикалық тұрғыдан тарату орталықтары болып тұрған ірі қалаларынан айрылу себептерін көрсете алсақ, халқымыздың көп жағдайда жасанды сипат алған зұлмат салдарынан ұлттық апатқа ұшырағанын бере алсақ, осылайша босатылған кеңістікке өзге жұрттың лек-легімен әкелінгенін ашық түсіндірсек, онда тарихымыздың қасіреті мол осындай әділ, шынайы беттері сөз жоқ, бүгінгі көп этносты еліміздің бірлігін арттыра түсуге қызмет ететін болады деген ойдамын. Сондықтан да, мен мемлекеттік хатшының баяндамасын негізге ала отырып, осы тұрғыда көп жұмыстар атқару қажет деп ойлаймын .

Көлбай Адырбекұлы:

 - Көптен бері ойымда жүрген сауал бар еді. Тарих мәселесі жөнінде Мемлекеттік хатшы баяндама жасады. Шынында, Мемлекеттік хатшының бұл баяндамасы тарихшы ғалымдарымызға есік ашып берді. Мәмбет аға айтпақшы, оны кеңейтіп жіберу – сіздердің қолдарыңызда. Менің айтқым келгені, тарихи деректі фильмдердің ролі. Әсіресе, бұл тарихи тұлғаларға арналған деректі фильм­дер болса, жарар еді. Бұл әрі көпшіліктің көретін дүниесіне айналар еді. Көпшілікке ой салатын дүние болар еді. Біздің тарихымыз талай дүниені бастан кешірді. Осының бәрін деректі фильмдерде көрсетуіміз қажет. Деректі фильмдерді көрсеткен кезде, тарихшылармен кеңесіп алғаны дұрыс. Сонда ғана тарихтың кейбір көлеңкелі тұстарын терең білуге мүмкіндігі болады деп ойлаймын.

Дидахмет Әшімханұлы:

- Арамызда этнограф ғалым отыр. Ол білікті тарих­шыларымыздың бірі – Ахмет Тоқтабай мырза. Аха, тарихты қайта жазу туралы не айтар едіңіз?

Ахмет Тоқтабай:

- Соңғы кездері Қа­зақстанды Ресейдің отарлауын жұмсақ болды, болмаса, гуманист болды деген пікірлер жиі айтылып жүр. Ол жазылып та жүр. Негізінде, Ресейдің отарлауы дүниежүзіндегі барлық отарлаудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы болған орыс империясының аса зұлымдығымен жүзеге асырылды деп айтамыз. Оған бір ғана мысал, К.Маркс пен Ф.Энгельстің бүкіл еңбектері орыс тіліне аударылды. 55 том болып шықты. Оны біз студенттік кезден білеміз. Соның ішінде бір аударылмаған нәрсе бар. Маркстың «Тайная дипломатия» деген еңбегі бар. Ол К. Маркс пен Ф.Энгельстің Берлинде шыққан толық шығармалар жинағының он бесінші томында бар. Сонда бүкіл орыс империализміне, орыс саясатына, керек десеңіз, орыс халқына мінездеме береді. Орталық Азия­ны, оның ішінде Қазақстанды қалай жаулап алғаны айтылады. Қандай қулық-сұмдықпен, қандай алдап-арбаумен жасалғанын айтып отырып: «Орыстың шовинизмі шегіне жеткенде, ол садизмге айналады», – дейді. Біз осындай орыстың отарлауын айтып келеміз де, орыс отарлауын гуманистік деп, қазаққа білім-ғылым алып келді, мектеп салды, теміржол салды деп айтамыз. Осындай сөздерге әуеспіз. Осы шешен соғысы қайдан пайда болды? Неге кереметтей рухты халық соғысқа душар болды. Шешеннің Авторханов деген тарихшысы мынадай термин кіргізді. «Орта Азия – екі рет жаулап алынған Кавказ», – деп жазады. Біріншісі, орыстың жаулап алуы, екіншісі – қызыл коммунистердің жаулап алуы. Коммунистердің жаулап алуы – орыстың жау­лап алуынан бірнеше есе қырғын алып келді. Сондықтан да, біз осы жағына көңіл аударуымыз керек. Осы Авторхановтың кітабын қазақ тіліне аударуымыз қажет. Соңғы кездері, біздер этногрофтар, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шет елдегі қазақтарды зерттей бастадық. Бірінші, бес-алты жыл Моңғолия қазақтарын зерттедік. Одан кейін Қытай, Өзбекстан қазақтарын. Қазақтарды зерттей жүріп, көз жеткізген бір нәрсе, қазақтар қаншама дүниесінен айрылған. Жұрдай болған екенбіз. Әуелі орыстың отарлауы келді, одан кейін коммунистердің отарлауы. Көрші Моңғолиядағы қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, салты, бүкіл қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрі бар. Осы Моңғолияны зерттеп келгенде, қазақ тарихындағы ең қанды жер – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі 1929-31 жылғы аштық. Әдейі қолдан ұйымдастырылған аштық. Большевиктерге қазақ халқы керек болған жоқ. Оларға жер қажет болды. Бос Қазақстан қажет болды. Бос Сарыарқа керек болды. Содан кейін 1956 жылы тың игеруді желеу етіп, екі миллион қазақ қырылған жерге екі миллион адамды орналастырды. Қытайдағы қазақтарды зерттедік. Олар талай жағдайларды бастан кешті. Бірақ соған қарамастан, Қытайдағы қазақтар тап біздегідей емес екен. Біздегідей этномәдениетінен, біздегідей тарихынан, біздегідей ұлттық құндылығынан айрылмаған екен. Мен соған таң қалдым. Соңғы кездері шетелдегі қазақтарды зерттей отырып, сол жақтағы ұмытылып қалған ұлттық құндылықтармызды жинай бастадық. Тарих институтының басшылығы жиырма томдық кітап шығармақ. Сол жиырма томдықтың екі томы осы шетелдегі қазақтар туралы болады.

Дидахмет Әшімханұлы:

 - Арамызда үлкен тарихшы, Қытай жеріндегі қазақтардың тарихын, Қытайдағы көне жазбаларды әкеліп, қазақ тарихын күрделі зерттеп жүрген ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы отыр.

Нәбижан Мұқаметханұлы:

- Астанада өткен жиынға мен де қатыстым. Ол жиналыстан үлкен әсермен шықтым десем болады. Мұндағы үлкен мәселе қайда жатыр? Бұл жердегі жиналыстың үлкен маңызды тұсы – ұлттық тарихты жазу. Ұлттық тарихты жазу – ұлттық этногенезімізде жатыр. Қайдан пайда болдық, қалай тарадық, қандай тарихи кезеңдерді бастан кешірдік. Сондықтан, бұл мәселенің көтерілуі біздің тәуелсіздігіміздің жиырма бір жылдан бері қарай тарих ғылымының даму кезеңдерінің жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетеді. Осы баяндама жарияланғаннан кейін, қоғамда осыны әрбір топтар, болмаса жеке адамдар өз мүддесіне пайдалану үшін түрлі уағыздарды тарата бастады. Қалай пайдалану керек? Ешкім де қарсы емес. Кім үшін қызмет ету мәселесі басталып кетті. Менің түсінігімде, біз Еуразия сахарасында осындай кең байтақ жерді иемденіп, мемлекет құрып отырған қазақ халқының сонау үш мың жыл бола ма, төрт мың жыл бола ма, этногенезімізден бас­тап, жойылып кетпей, жаңа мемлекет болып, әлемдік сахнаға көтеріліп отыруының өзі үлкен жеңіс деп есептеймін. Сондықтан, Президенттің «Тарих толқынында» кітабының негізінде Мемлекеттік хатшы тарихи зерттеудің жаңа методологияларын өте жақсы атап көрсетті. Біз қандай деңгейде қарауымыз керек. Әлем – біртұтас. Адамзат – біреу. Әлемдік тарихи процестерде өзімізді қоя отырып, ұлттық тарихымызды саралауымыз керек. Бұл жерде көптеген күрестер керек. Адамзат өмірінің өзі күреске толы. Жеңіс те бар, жеңілістер де бар. Қандай жеңістер? Өркениеттер арасындағы жеңіс пен жеңілістер. Не үшін XV ғасырдан кейін батыс өркениеті үстемдікке шықты. Демек, бұл ғылыми технологияның жемісі. Қазір біз неге инновация мәселесін көтеріп отырмыз. Шығыс елдері жеңілді. Шығыс өркениеті жеңілді деп айтуымыз керек. Олар отарланды. Екінші мәселе, қоғамдық жүйелер арасында күрес жүрді. Отарлаушы елдер жеңілді дағы, отарланушы елдер жеңісте болды. Кім күреспеді? Үндістер күресті. Қытай күресті, жартылай отарлық мемлекет болды. Түбінде отарлық жүйенің ыдырауына алып келіп, жеңіске жетті. Капитализм мен социализм арасында күрес болды. Социалистік жүйе жеңілді. Жеңілетін себебі, адамзат дамуының тарихына қайшы жүрді. Қазақ халқы не үшін жойылып кетпеді? Бұл жерде Мемлекеттік хатшы жақсы айтып отыр. Біздің ұлттық болмысымызды, мінезімізді тани білуіміз керек. Қандай тарихи кезеңдерді бастан кештік? Кешегімізді нақты бағамдай білсек, бүгінгімізді дұрыс анықтайтын едік. Өркениеттер тоғысындағы жүйе, ұлттар арасындағы тоғыстар. Жоңғар мемлекеті неге жойылып кетті? Қазақ жеңді. Жеңіс пен жеңілістер арасындағы жүйелерді белгілі бір тарихи кезеңменен, кеңістікпенен өлшеуіміз керек. Екінші бір мәселе, біздің ұлтымыздың этногенезін мыңжылдықтан бастауымыз керек. Біздің ұлттық тарихымызды қандай концепцияда жазу керек. Біздің ұлтымыз көп қайнарлы, көп салалы, бірегейлену процесіндегі ұлттық тарих. Бір де бір мемлекет өзінің территориясы бойынша қалыптасқан емес. Оның кеңейген кезеңдері бар, тарылған кезеңдері бар. Біздің мемлекетіміздің біртұтастығы мәселесі. Мемлекет болған соң, кейде күшейеді, шарықтайды, кейде әлсірейді. Бұл қалыпты құбылыс. Әлем тарихында бар дүние. Қытайдың бес мың жылдық тарихы бар. Біртұтас Қытай болды ма? Қырық мемлекет болған кезі болды. Жеті мемлекет болып күрескен кезі де болды. Ол мемлекеттердің уақыты он-жиырма жыл емес, екі жүз жылға дейін уақытты қамтыған кездері бар. Біз біртұтас халықпыз дейміз. Кейбір кезде күшейген кезіміз болды, кейбір кезде әлсіредік. Бірақ бізде рулар, жүздер арасында қарулы қақтығыстар болған жоқ. Қоғам болғаннан кейін, ішінара қарама-қайшылықтар болады. Тағы бірнәрсе, ешқашанда төңіректегі халықтарға агрессия жасаған халық емеспіз. Тек қана қорғаныста болдық. Кейде шабуыл арқылы да қорғануға болады. Қазір біз жаңа бір тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Мемлекеттік мәселе қойылып отыр. Ол – Мәңгілік мемлекет идеясы. Біздің мемлекеттік идеямыз неде болуы керек? Ұлттық идеологиямызда болуы керек. Осыны қалыптастыратын кезең келіп жетті. Сондықтан, менің айтайын деген ойым, нағыз тарихшыларға сынақ келіп тұр. Мұны тарихшыларға ғана берілген сынақ емес, ғылым саласындағы барлық адамдарға берілген сынақ деп ойлаймын. Тарихшылар үшін жақсы бір орай келіп тұр. Ендігі міндет – тарихты жаңа сипатта, ұлттық мүдде тұрғысынан жаза білуімізде.

Қайрат Әлімғазиев:

- 5-маусымда ҚР Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төра­ғалығымен ҚР ұлттық тарихының зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысының жиналысы өтті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында осындай жоғары мемлекеттік деңгейде – тарихшыларды, басқа да гуманитарлық саласының ірі ғалымдарын жинап, ғылыми-теориялық тұрғыдан тарих ғылымының ХХІ ғасырдағы ролін, даму парадигмаларын талқылау, ой-пікірлермен бөлісу – бұл алғаш рет өтіп отыр деп айтсам, қателеспеймін.

Тарих ғылымының қоғамды тәрбиелеу, қоғамдық ой-сананы қалыптастыру, мем­лекеттілікті нығайту ролі зор екендігі күмән туғызбайды. Жаһандану заманында «постгуттенберг» эпохасы барлық ғылым салаларына, методологиялық жаңа құбылыстарды туғызды. Марат Тәжин өз баяндамасында мұны талқылау барысында ХХ ғасырдағы екі методологиялық төңкеріс (біріншісі – Аннал ғылыми мектебі) екендігіне назар аудара отырып, тарих – пәнаралық ғылым, зерттеу нысанын «антропологиялық жылжу» концептуалды көзқарас тұрғыдан түсіну екендігіне орынды өз бағасын берді. Бүгін қазақстандық тарихшыларға ұрпақтар жолын жан-жақты, обьективті тұрғыдан зерттеуге толық жол ашық. Және де мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселелері де өз шешімін табуда. Мемлекеттік хатшының тарих ғылымының гуманитарлық ғылымдардың ішіндегі ұйытқы роліне басты назар аудару – тарихшыларды қуантатын жайттан басқа – бұл жаңа ақпараттық бұлағы басым болған, постиндустриалдық ғасырда, интеллектуалды рухани капитал мемлекеттілігінің парадигмалық іргетасы екендігіне әлеуметтің, жалпы қоғамның осыны түсіну қажеттілігіне назар аудару. Мемлекет іргетасы бұдан да былай нық болуына – тарих ғылымының ролі зор. Кей кезде орын алатын тарихты бұрмалау, ұлт тарихын дүниежүзі тарихи процесстерден тыс қарастырып, «ерекшелендіруі» – жаһандану заманында ұлттық мүдде мен мемлекеттік идеяны, тарихи зерттеу принциптерден алшақтап – оқиға, тарихи дерек, тарихи факті араларын тепе-теңдікпен өлшеу – бұл методологиялық ұстаным негізінде деректерді жан-жақты талдап жүргізілетін тарихи зерттеу жұмысы бар екендігін түсінбеу деп қабылдауға болады.

Заманауи тарихты тек мемлекеттік мұрағаттарда сақталып келе жатқан ақпа­раттық базасымен зерттеу – бүгін мүмкін емес. Жаңа заманда тарихи дерекке айналып келе жатқан, ақпараттың жаңа, сандық, қағаз жүзінде жоқ, үлгілері пайда болды. Онымен бірге, ақпараттың тым, геометриялық көрсеткішпен есептегенде, өсуін алуымызға болады. Миллиондаған ақпаратты игеру дәстүрлі тарихи зерттеу жолдармен зерттеуге, объективті тұрғыдан мүмкіндік жоқ. Сол себепті, толық және жүйелі түрде осы тарихи мезгілді тарихшыларға зерттеу үшін экономика-математикалық, компьютерлік әдістерді игеруге тура келеді. Пәнаралықты осы мысал арқылы-ақ көруге болады. Марат Тәжиннің тарихты оқытуда, зерттеуде ғылыми-инновациялық технологияларды кең пайдаланып, жаңа методологиялық инструментарийді игерген кадрларды даярлау туралы айтқаны да осы бағыттағы қорытындылары. Түбегейлі айтылған проблемалар, сөз болған мәселелердің барлығына тоқталу мүмкін емес. Бүгін өткенді зерттеудің жаңа алгоритмін іздеу – гуманитарлық ғалымдардың заманауи болмысын қалыптастырды. Тарихи зерттеулердегі қазіргі номотетикалық әдісті, яғни кеңестік тарихнамадағы маркстік пайымның орнына келіп, тарихи зерттеудегі феноменологиялық бағытты – өткеннің адамын тану арқылы тарихи құбылысқа талдау жасауға ұмтылуы деп бағамдаған жөн.

Шәмек Тілеубаев:

 Тәжиннің баяндамасы тарихшыларға үлкен сын болды. Бізге бағыт беріп отыр. Ендігі үлкен жауапкершілік тарихшыларда. Қоғамдық, гуманитарлық ғылым салаларына да. Осы уақытқа дейін тарих қалай жазылып келді деген мәселе бар. Кезінде І Петр «кез келген бұратана халықтың тарихы Ресейдің мүддесі тұрғысынан жазылу керек» деген екен. Кешегіге дейін солай жазылып келді. Тек егемендік алған жиырма жылдың ішінде ғана біраз деректер, көзқарас пайда болды. Бейбіт аға айтып өтті, Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Тәуке хан заманына байланысты. Ол кез өте ауыр заман болды. «Тәуке хан неге билер институтын құрды, неге «Жеті жарғыны» шығарды?» деген мәселеге келсек, мемлекеттік ішкі басқаруда алауыздық туындаған соң барды. Бұл үлкен сабақ болатын нәрсе. Тәуке хан мемлекеттік басқаруда соны ұстап тұруға тырысты. Ал жан-жаққа тартқан кезде біздің халық басқарусыз қалды. Билеуші топ өкілдері халықты ұйыстырып, шапқыншылыққа қарсы әдісті танытты. Ішкі алауыздықты дұрыс түсінген. Тарихтан сабақ алу керек. Содан кейін қазақ халқы ес жия алмады. Орыстың илеуіне түсті. Абылай ханның заманында Қазақ хандығын орыс­тар мойындаған жоқ. Оны тек орта жүздің ханы деді. Қытай ғана мойындады. Одан кейін отарлық кезеңде орыс империясының құрамында болғанда дейді, өз еркімен дегенді алып тастап еркімен дейді. Біз жаулап алу саясатын ашық айтуымыз керек. 2002 жылы Ресейдің кітабында бұл ашық айтылған, ал біздің тарихшыларда жалтақтаушылық бар. Ал орыс тарихының бізге қатысты жерін қарағанда, империяшылық кезеңде бәрінде Ресей тұр. Ал Түркістан, Жетісу өлкесінде 1916 жылғы көтерілістен кейін жүз мыңнан астам адам аштан қырылып қалды. Бұл көтерілістің негізін қалаған патша билігі. 1916 жылы қазан айында көтерілістен кейін автономия құру мәселесі қарастырылған. Бұл тарихта айтылмай жатыр. Сосын репрессия тұрғысында қазір көптеген деректер ашылуда. Осы жағына мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Парламентке де хат жаздық. Деректер әлі де дұрыс ашылмауда. Тың деректерді қорытып, ғылыми тарихты дұрыс жазу керек. Көп жағдайда бір нәрсені айқайлап айтамыз. Оған тарихшының кәсіби дайындығы үлкен рол атқарады. Тарихшы деректің астарына үңіліп, салыстыра отырып, сараптама жасау керек.

Зардыхан Қинаятұлы:

 Орта ғасыр тарихын зерттеп жүрген маман ретінде мына мәселеге тоқтала кетпесем болмайды. Мәселен, Қазақ хандығының құрылған жылы туралы мүлт кеткен деректер бар. 1456 жылы құрылған делініп жүр. Бұл тарихтан кеткен қате пікір. 1858 жылы орыстың белгілі шығыстанушы тарихшысы Вельяминов-Зернов Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашидисін» орыс тіліне аударды. Соның негізінде «Қасым хандар туралы» деген кітап жазды. Сонда қате кеткен. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Осы жылдары барлық Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан билеп тұрды» дейді. Онда жыл аталмаған. Ал Вельяминов-Зернов 1456 жыл деп ойынан қосып жіберген. Сосын осы жылды М.Тынышпаев қолданды, М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесінде» жазды. Кейбір оқулықтарды осылай жазып, қате жібердік. Ал шын мәнінде, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде: «Хижраның 870 жылы қазақ хандары өз билігін бастады» деп жазады. 870 жылды григориандық күнтізбеге келтірсек, бұл 1465-66 жылдарға сәйкес келеді. Қазіргі Қазақстанның бес томдығы осы дұрыс нұсқасымен жазылды. Екінші мәселе, тарихта Кіші жүздің Әбілқайыр ханы қазақтың бас ханы болған жоқ. Тәуке хан қайтыс болғандығы туралы екі түрлі дерек бар. 1715 және 1718 жылы деген. Тәуке хан өмірден өткеннен кейін Қайып хан билікке араласқанмен, Болат хан сайланды. Бірақ оны Әбілқайыр да, Сәмеке де, Күшік Сұлтан да мойындамады. Болат ханның ролі аз болды делінді. Тарихтан оның атын алып тастау керек, хан болмады деген мәселе көп айтылады. Ал Әбілқайыр ханның тарихта атқарған үлкен ролі бар. 1726 жылы өткен біріккен жиында қазақ қолының бас қолбасшысы болып тағайындалды. Бұланты, Аңырақай шайқасында бас қолбасшы болды. Бірақ Әбілқайыр хан Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі Өсеке сұлтанның ұлы. Ол хандардың кіші тармағы болып саналды. Бірақ хан ретінде сайлануға құқы да, мүмкіндігі де болды. 1930 жылдың басында Болат хан қаза табады. Бірақ Аңырақайдан кейін Талас бойында болған қазақ хандарының жиынында Әбілмәмбетті хан сайлады. Оған Сәмеке де, Әбілқайыр да өкпеледі. Қазақ тарихында 25 бас хан, 19 кіші хан болған. Алайда, олардың барлығының басқарған уақыты тарихта анықталған. Сондықтан да Қазақ хандығы 1465-66 жылға тоқталу керек деймін.

Мырзан Кенжебай:

- Қай ғылымды алып қарасаң да, оның белгілі салалары болады. Мысалы, химия пәні органикалық, бейорганикалық деп бөлінсе, физикада – молекулалық және ядорлық деп бөлінеді. Ал біздің тарихшылар қай кезеңді сұрасаң да жауап беріп жатады. Бізде кезең-кезеңге сәйкес мамандану деген бар. Тарих әр уақытта қай қоғамда да, қай мемлекетте де саясаттың жетегінде жүреді. 1996 жылы Президенттің өзі: «Біз тарих арқылы ұлттық идеология жасау керек» деп айтқан. 21 жылдан бері қазақ тарихын дұрыс жаздық па? Жоқ. Тарихқа бет бұруымыз керек дейді. Тәжиннің сөзін ертең біреу былай, біреу бұлай бұрып кетеді. Осы кезде «Әбілқайыр бүйтіпті, Абылай сөйтіпті» дегенді қояйық. Концепциясын айтуымыз керек. Мектептің тарих оқулығын қарасақ, қазақта жоңғардан басқа жау болмаған сияқты. Халел Досмұхамедов: «1592 жылы казачество құрылғаннан бастап қазақ даласы Батыс өлкесінің 250 жылдық тарихы қанмен жазылды. Ол орыстар жазған қан», – деді. Ал бұл айтылмайды. Мектептің, жоғары оқу орнының тарихында орыстың жасаған қорлығын, зорлығын айту керек. Бәрі атүсті айтылады. Әрбірден соң тарих – идеология. Ол оқулықта да идеология. Кинода да тарихты идеология ретінде көрсету керек. Марат Тәжиннің айтқанын ұлттық тарих жасауға пайдалану керек. Қайта пайымдау деген де сол. Мысалы, осы күні тарихта мынау Ұлы жүздің жері, Орта жүздің жері, Кіші жүздің жері деп сызып қойған жерлер бар. Бұл бізге керек пе, керек емес пе? Бұл – бір. Екіншіден, біздің балалар қазақты аман алып қалған үш батыр ғана бар деп біледі. Олар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп жүр. Сондықтан алдағы уақытта балаларды адастырмау керек деп ойлаймын.

Мәмбет Қойгелді:

- Кәсіби білімі төмен адамдар қазақтың санасын, қазақ қоғамын лайлап жатыр. Біз ол заманнан өтіп кеттік. Қазір біз тарихты қорытатын уақытқа келдік. Біздің жазушы, журналист ағайындар тарихшылардың бірде-бір кітабын оқымай жатып, тарихтың іргелі мәселесі жөнінде тұжырым, қорытынды жасайтын болып алды. Бұл өте қауіпті нәрсе. Әлемдік тарихшылардың төрт, бес жылда бір мәрте конгресі өтіп тұрады. Соның бірінде тарихты аңыздандыру мәселесі қаралды. Тарихты аңыздандыратын көп жағдайда тарихшылар емес, тарихқа төтеннен қосылған әуесқойлар. Кәсіби тарихшылар мұндай ұстанымда емес. Қисынсыз, негізсіз сынау ұят.

Бейбіт Қойшыбаев:

 - Қайрат інім «Тарихты қайта жазу мүлдем дұрыс емес» деген пікір айтты. Кезінде І Петр де өзінің тарихшыларының жазып әкелген тарихын лақтырып жіберген. «Маған империяның зұлымдығына қызмет ететін тарих керек» деген. Бізге де ұлттық мемлекетті құруға, ұлттық мемлекеттің азаматтарын тәрбиелейтін тарих керек. Ол фактілерді қайта пайымдайтын тарих керек. Отаршылдық туралы да айтылды. Мұстафа Шоқайдың: «Орыс отаршылдығының басқа ағылшын отаршылдығынан айырмашылығы, ағылшын отаршылдары өзінің басып алған жерін сау­да айналымына қосқысы келсе, ал орыс отаршыларының соңынан орыс мұжығы қоса келіп, басып алған жерін орыстандырады» деген. Орыс тарихшылары: «Орыстар Орта Азияны түнектен құтқарып, өркениет апардық», – дейді. Осының бәрін ұғымымызда қарсы пайдалануымыз керек. Мысалы, орыс­тар шекаралық қисынды пайдаланады. Олар тарихи жерінің аумағын кеңейткісі келеді. Олар «Ресей – орталық, Қазақстан – аймақ» деп қарайды. Біз мемлекетпіз. Сондықтан сол тұрғыдан қайта пайымдап жазу керек. Ашаршылық салдарынан жер босап, ұлттық азшылдыққа әкелді. Үкімет қазақ халқына қатысты қылмыс жасады. 1936 жылы сол қылмысты жасыру үшін одақтық мәртебе берді. Қазақтың сол кезде одақтық мәртебесін көтеруге еш жағдайы болмады. Егер Ресейдің құрамында қала берсек, тәуелсіздікке қол жеткізбейтін едік. Осындай мәселе толып жатыр.

Дидахмет Әшімханұлы:

- Шынында да, Шыңғысхан төңірегінде абсурд әңгімелер көп. Әуесқой тарихшылардың да жұмысын жоққа шығармайық, бірақ солардікі жөн деу ыңғайсыз. Тарихты қайта жазу керек деп жатырмыз. Оны қанша уақытта жазу керек? Оны кімге тапсыру қажет?

Мәмбет Қойгелді:

- 10-11 сынып оқу­шы­ларына арналған тарих оқулығының авторларының бірімін. Оқулық жазу оп-оңай нәрсе емес. Оқулық жақсы жазылу үшін, шығу үшін ұлт тарихындағы өзекті мәселенің бәрі егжей-тегжейлі зерттелуі керек. Мысалы, француздар, ресейліктер үшін мектепке оқулық жазу бізге қарағанда көп жеңіл. Өйткені, олардың ұлттық тарихында түрлі кезеңдерге байланысты іргелі зерттеулер мен монографиялар көп. Өз тарихын зерттейтін мектеп, дәстүр қалыптасқан. Ал бізде оқулық жазу неге қиындық тудырып отыр? Себебі, ұлт тарихында әлі ашылмаған тарихи кезеңдер бар. Монографиялық деңгейде зерттейтін мәліметтер бар. Мысалы, Кенесары қозғалысы туралы айқай-шу болып жатыр. Кенесары қозғалысы туралы Ермұхан Бекмахановтың, орыс тарихшыларының жазған монографиялық еңбектері бар. Сосын Қасымбаев Жанұзақтың еңбегі бар. Бірақ Кенесары қозғалысы толық зерттелді деп айта алмаймыз. Бекмахановтың зерттеуі кеңестік идеология жағдайында жазылды. Тәуелсіздік алған уақытта Кенесары қозғалысын қорыту жеңілге түсіп жатқан жоқ. «Неге жақсы тарих жазылмайды?» дейтіндер көп. Жақсы тарих жазу жеңіл сияқты түсінеді. Тарихи фактілерді қорыту үшін уақыт керек. Уақыт дегеніміз не? 21 жыл болды десек те, кейбір мәселелерге мемлекеттік тапсырыс болуы керек. Мысалы, Францияның, Ресейдің тарихын қарасаңыз, бәрі іргелі зерттелген, мемлекеттік тапсырыстық негізде жазылған. Айталық, Н.Карамзин «История государства Российского» деген еңбекті жазарда Ресей патшасы тапсырыс берген. Қаржыландырған. Тамаша жерде отырып, еркін қалам тартқан. ХІV ғасырда өмірге келген Рашид-ад-Диннің«Жәми-ат-Тауарих» еңбегі Газан ханның тапсырысы бойынша жазылған. Оған көмекшілер беріп қойған. Моңғолияның өзінен алты тарихшы қатысқан. Бұл ұжымдық еңбек. Кеңес заманында тапсырыспен жазылған тарихымыз өмірге 5 томдық болып келді. Бұл мемлекеттік сыйлық алған. «20 жылдық тарих неге жазылмады?» дегенге келсем, бұл сырт қарағанда тәуелсіз көрінгенмен, жеңіл уақыт болған жоқ. Әсіресе, адамның санасында өзгеріс жүріп жатты. Тарихшының да санасында жүрді. Ал ұлт тарихының кейбір іргелі мәселелері жөнінде тапсырыс та берілген жоқ. Өзім Алаш қозғалысының тарихын зерттеп жүрмін ғой. Алаш тарихын мемлекеттік тапсырыс бойынша іргелі зерттеу жөнінде қанша рет айттық. Бірақ қолдау таба берген жоқ. Алаш тарихының бес кітабын шығардық. Соған қанша қарсылық болды. Оған көптеген құжаттар енбей қалды. Тіпті, қарапайым нәрсе – екі дүркін Алаш сотына байланысты материалдарды шығара алмай жүрміз. Ал Алаш тарихын қорыту үшін ол жабық түрдегі материалдар тарихшылардың қолына түсуі керек. Содан кейін ғана қорытылады, егжей-тегжейлі зерттеледі. Сонда ғана Алаш қозғалысы ұлттық тарихтан орын алады. Екінші, адами нәрсені есте ұстау керек. Тіптен, өмірге іргелі еңбектер келу үшін ұрпақ ауысу керек. Кейбіреулер «Тарихшыларға аштықты қорыту үшін тағы 20-30 жыл керек екен» деп айтыпты. Бұлай айта салу оңай. Оны істеу керек. Мәселен, ашаршылық туралы мемлекеттік тапсырыс болған жоқ. Бәріміз трагедия деп айқайлап жатырмыз. Саяси репрессияға да солай. Тек өз еркімен зерттеушілердің еңбектерін ғана пайдаланып келеміз. Олардың өзіне көп жағдайда архивтік құжаттар берілмейді. Сондықтан билік пен тарихшылардың арасында өзара түсіністік, үйлестік болу керек. Байланыс орнау қажет. Сонда ғана іргелі тарих келеді өмірге. Соны білмей жатып, «Тарихшылар неге жазбайды? Неге жұмыс істемейді?» деу бекер айқай. Тағы бір нәрсе – іргелі тарих жазу үшін тек қазақ тілінде майын тамызып сөйлеу аз. «Патриотпын», «ұлтымды сүйемін» деп айқайлау түкке тұрмайды. Бұл – жалаңтөс батырлық. Ал іргелі тарих жазу үшін үлкен теориялық, методологиялық дайындық керек. Сондықтан жағдайымыз ала-құла. Оған түсіністікпен қарау қажет.

Дидахмет Әшімханұлы:

- Нақты фактіні келтірейін. Баспаның директоры ретінде Мәмбет Қойгелдімен Алаш қозғалысының 5 томдығын шығардық. Сонда бұл кісілерге төлеп отырған ақша мардымсыз. Бір баспа табаққа бес, он мың теңге төледі. Ал 20 бас­па табаққа көп болса, 180-200 мың теңге берді. Бұл ақша ма? Міне, бұл кісілер осы қаржыға жұмыс істеп отыр. Кейбір баспалар сол ақшаның өзін бере алмайды. Сондықтан түрлі себептері көп.

Мырзан Кенжебай:

- 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда туған бала 21 жасқа келді. Оларда ұлт тарихы туралы көзқарас қалыптасты ма?

Дидахмет Әшімханұлы:

- Біз өтпелі дәуірден өте бастаған екенбіз. Бұл оңай дәуір болған жоқ. Ф.Энгельс: «Адам ғылым мен мәдениетпен айналысу үшін ең алдымен киерге киімі, ішерге асы, басында баспанасы болуы керек» деген. Біз енді ғана маңайымызға барлап қарайлап келеміз. 20 жыл уақыт түк емес. Мықты тарих 20 жылда бір-ақ рет жазылады. Бір-бірімізге түсіністікпен қарайық. Жалғанда бір-бірімізді жоққа шығармайық. Әуесқой тарихшылар да жазсын. Баспасөзге, кітапқа шығады. Ол да қоғамдық пікір туғызушы. Бірақ «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, нағыз кәсіби мамандар жазса дейміз.

Зардыхан Қинаятұлы:

-Мемлекеттік тап­сырыс туралы сөз болып жатыр. Біздің институтқа 2012 жылы үкіметтен Қазақстан ұлттық тарихының 20 кітаптан 10 томдық еңбекті жазу туралы тапсырыс түсті. Қазір жазылу үстінде. 70 пайызы бітіп қалды. Отандық және шетелдік 160 тарихшылар қатысуда. Ежелгі дәуірден бастап бүгінге дейінгі уақытты қамтиды. Ал еңбектер туралы айтсам, осы отырған тарихшылардың кем дегенде бес, он монографиясы бар. Бізде тарих бар. Бірақ тарихи сана, тарихи мәдениет, тарихи тәрбие жоқ. Адам қолына түскен тарихты талдауға тырысады. Бірақ оны ғылыми емес, пендешілік тұрғыдан, өзімшілдік тұрғыдан талдайды. Әуелі кітаптан өзін іздейді, жоқ болса, маңайындағыларын іздейді де, ол да жоқ болса, «Бұл тарих емес» дейді. Мысалы, Карамзин «История государства Российского» деген еңбегін 1815 жылы шығарып, патшаға ұсынған. Мұны Пушкин оқып, «Бұл еңбектен Ресейді таптым» деген. Ал бізде мұндай мәдениет жоқ. Өйткені, жазылған еңбекті бағалай бермейміз. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша біздің Тарих және этнология институтынан 20 кітап шықты. Шығыстану институтынан 32 кітап жарық көрді. Олар айналымға енді еніп жатыр. Тарих жоқ деуге болмайды. Бірақ тарих жазылып қойды деуге тағы болмайды. Тарихты парақтау керек, қайта қорытынды жасап, ұлттық идеология тұрғысынан қарау керек.

Шәмек Тілеубаев:

- Тарихпен тәрбие деген мәселе бар. Тарихтан сабақ алу керек. Деректі фильмдерге, киноның қоғамдық тәрбиеде алатын орны ерекше. Бұған дейін біраз деректі фильм жарық көрді. Өкінішке қарай, сол фильмдерде тарихшылардың кеңесі дұрыс ескеріле бермейді. Мәселен, «Көшпенділер» фильмін қоғам дұрыс қабылдаған жоқ. Ал кейінгі өмірге келген «Жаужүрек мың баланы» орта буын да, жас буын да жақсы қабылдады. Неге десеңіз, мұнда жақсы тарихшы мамандар кеңесші болып, рухты оятуға күш салды. Сондықтан кәсіби мамандардың ақыл-кеңесін әрдайым ескеріп отыру қажет. Әсіресе, мультфильмдерді де солай түсіру керек.

Бейбіт Қойшыбаев:

- Кино туралы жақсы пікір айтылды. «Жаужүрек мың бала» жақсы фильм. Іс жүзінде талай зерттеу жүргізіледі. Нақты зерттелген еңбекте Болат хан Жоңғар шапқыншылығы кезінде қайтыс болған делінеді. Абылай ханды сұлтан деп бересіздер. Бірақ қазақта мемлекет болған деп, идеологияға көңіл бөлу керек қой. Осы жағында кемшін тұстары бар.

Ахмет Тоқтабай:

- Қытай мемлекеттілігінің тарихы, қытай патриотизмі туралы айта кетсем. Қытай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ұлы мемлекет болып отыр ғой. Мұның себебі, қытай тарихшылары шетелдік отаршылдардан көрген қорлығын, қайғы-қасіретін ашық жазып, кітап, киноға, ақпарат құралдарына енгізді. Бүкіл калонизациядан көрген зорлық-зомбылығын жас ұрпақтың бойына, жүрегіне сіңіріп келді. Біз де қазақ халқының бірігу жолында рухын көтереміз десек, жастар отаршылдардан көрген қорлығын білу керек. Біз жеңілу былай тұрсын, табанға тапталған халықпыз. Орыстан, қытайдан не көрдік, соны жастар білу керек. Жақында бір орыс шалынан мынандай әңгіме естіп келдім. «Казактар қазақтардың жеріне келгенде, ойына келгенін істеді», – дейді. Казактар өзінің мылтығының күшін көрсету үшін қазақтардың басын тірідей жинайды екен де, атады екен. Сонда мылтықтың оғы қай жерден шықты деп, ойынға айналдырып, қазақты қырған көрінеді. Мұндай қорлықты ХV ғасырдағы Үндістанды жаулап алған испандар, ағылшындар істеген жоқ қой. Ал оны 1830-1860 жылдары казактар істеген. Мұны жас ұрпақ білу керек.

Мәмбет Қойгелді:

- Орталық Азияда екі мемлекет – Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы ХV-ХVІ ғасырдан бастап текетіреске түсті. Екеуі де көшпелі, мықты мемлекет болды. Ал енді осы екі халықтың тарихына келсек, Жоңғар хандығын Қытайдың Цинь империясы жойып жіберді. Сол кезде жоңғар өзенінің суы қан боп ақты дейді. Бұл факт. Қытай патриотизмінің іргетасында осындай тарих жатыр. Енді жоңғармен ұзақ ғасыр бойы соғысқан Қазақ хандығының тағдыры не болды? Екі көшпелі өркениеттің, қоғамның трагедиялық тағдыры. Екеуінің қақтығысының негізінде жатқан нәрсені тура түсінуіміз керек. Мұнда көпшелі шаруашылықтың дағдарысы жатыр. Көшпелі шаруашылық тек қана үлкен жайылымға негізделеді. Оларға жер керек. Арғы жақтан Қытай, мына жақтан Ресей қысқан уақытта екеуі соғысты. Мұны Қытай да, Ресей де ұтымды пайдаланды. Бұл трагедия Жоңғар хандығының біржола жойылуымен аяқталды. Ал бізге Жоңғар мемлекеттілігінің буферлік мемлекет ретінде қалғаны пайдалы еді. Сосын Ресей қосып алған Қазақ хандығының тағдырына келсек, бұл қандай отарлаушы жүйе? Қытай қандай отарлаушы жүйе? Қытай тәжірибесінің астарынан көп жағдайды аңғаруға болады. Оның қандай мемлекет екенін Жоңғар хандығының жойылып кетуінен көресіз. Ал ресейлік отарлау белгілі дәрежеде еуропалық отарлау. Ресейлік отарлау акцентті неге жасады? Орыс­тандырып, ассимиляцияға ұшыратты. Орыс­тандыру арқылы халықтың бойына сіңірді. Әрине, ассимиляция саясатын Қытай да арғы заманнан бері жүргізіліп келеді. Бірақ Қытай Жоңғар хандығына байланысты жоюдың ең жаман, дөрекі тәсілін қолданды. Мұндай тәсілге Ресей бұған барған жоқ. Тарихты мойындау керек. Болған фактіні айту қажет. Ғылым сол үшін керек. Таразыға салғандай зерттеу болу керек. Ресей ондай әдіске барған жоқ. Ресейдің әдісі бойынша қазақ халқы біртіндеп ассимиляцияға ұшырау керек еді. Біз оған түстік. Биологиялық құбылыс жойылып кету үшін төрт, бес кезеңнен өтеді екен. Егер төртінші буында тоқтап қалса да, қайтадан жанданып кетуі мүмкін. Сол сияқты осы биологиялық процесс біздің халықтың басында да жүрді. Біз ассимиляцияның үш-төрт кезеңінен өттік. Қазіргі біздің мәселенің көбі соған байланысты. Дегенмен, біз жойылып кеткен жоқпыз. Біздің негізіміз күшті екен. Сондықтан жойылмаймыз. Біздің қайта жаңғыруымызға, мемлекет болуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Сол үшін күресу керек. Ол үшін әуелі ауызбіршілігіміз мықты болуы қажет. Елбасы: «Ұлт тарихы – бірігу, тұтастану тарихы» дейді. Дұрыс айтады. Ең үлкен қауіп – қазақтың өзінен. Мұны мойындау керек. Біз қырық құрау халықпыз. Бізде осы уақытқа дейін ауызбіршілік жоқ. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген мәселе алдымыздан шығады. Бүгінгі тарихта неге көп көңіл аударуымыз керек? Жан-жағымызға қарайықшы. Мына Арабтың шығысында не болып жатыр? Ғылыми тарихи санасы жоқ халық сондай жағдайға тап болады. Олардың дағдарысының бір себебі осында жатыр. Жаһандану заманында ұлттық, тарихи санасы күшті болмаса, жем болады. Біз үшін ең бас­ты мәселе – ұлттық мемлекеттігімізді, тұтастығымызды, бірлігімізді сақтау керек. Қазіргі уақытта біз үшін үлкен қауіп – рушылдық, жүзшілдік тартыстан сақтану керек. ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым тұтастыққа, бірлікке шақырды. Кеңес дәуірінде тоқтап қалған сол процесс қазір қайта жандана бастады. Бірақ сабақтастық жүріп жатқанмен, бұл рулық, жүздік негізде ғана. Өкінішке қарай, бұл қайғылы жағдай. Әлі де болса, рулық, жүздік сананы қоздыруға, от жағуға даяр жастар бар. Бұған жол беруге болмайды.

Ахмет Тоқтабай:

- Көрген қайғы-қа­сіретімізді жазып отырып, халықты бірлікке шақыру керек. Қазақстан халқының бірлігі деген – миф. 130-140 ұлт өкілдері қазақ тілін білгенде ғана, бірлік болады.

Нәбижан Мұқаметханұлы:

- Бір үлкен концепция болу керек. Отар елдерінің бәрінің кәсібі ұқсас. Кейбір тарихи дәуірде ғана айырмашылық бар. Қатты мен жұмсақты қоса қолдану бар. Мысалы, Цинь империясы болсын, Ресей империясы болсын, кеңестік империя болсын солай. 1931-1932 жылдары 3-4 миллион халықтың бейбітшілік жағдайда жойылып кетуі қандай тарихта бар? Ешқандай тарихта жоқ. Сондықтан империяның бәрі – империя. Кейбір тарихи уақыт, тарихи кеңістікте ғана айырмашылық бар.

Бейбіт Қойшыбаев:

- Халықтың бірлігі керек. Оған қосымша кешегі үлкен апаттың орнына келген халық тарихты дұрыс жасауы қажет. Бізге қазақтың бірлігі ғана емес, Қазақстан халқының бірлігі керек. Басқа ұлттар тарихтағы орнын білуі тиіс. Тарихи әділеттілікті орнатуға септігін тигізу қажет.

Зардыхан Қинаятұлы:

- Жақында біздің институтқа мемлекеттен тарихты жаңаша пайымдаудың концепциясын жасап, желтоқсан айында Елбасыға тапсыру керек деген тапсырма келді. Қазір концепцияның негізгі бағыттары бөлімдерде жасалып жатыр. Барлық инс­титуттар біріккен концепция жасап, оны жібереміз. Қазір процесс жүруде.

Дидахмет Әшімханұлы:

- Ең алдымен дүниеде жақсылықты көріп, одан кейін ғана жаманшылықты айту керек. Соңғы жылдары билік тарапынан оң көзқарас, қолдау бар. 2050 стратегиясы туралы әркім әртүрлі айтып жатыр. Мемлекет тарапынан бүкіл тетік түзілді. Осы бойынша жұмыс істеу керек. Президент айтты, ал жұмыс істеуді ұлттың зиялы қауымына артып отыр. Екінші, Тәжиннің тарих жөнінде әңгіме айтуы сондықтан. Демек, ел екенімізді, мемлекет, ұлт екенімізді мойындау жоғары жақтан басталды. Осыны іліп әкетуіміз керек. Тарих жөнінде әртүрлі әңгіме көп. Біз көшпенді болған жоқпыз дейтіндер бар. Бірақ ұлан-байтақ осындай жерді алып қалу әрбірден соң көшпенділіктің арқасы. Көшпенділікпен мақтанбасақ, оны жоққа шығаруға болмайды. Сосын бір мәселе, жүзге бөліну мәселесі. Ол ХХ ғасырдың басында өз форматын ақтап біткен. Оның қазір не экономикалық, не туыстық негізі жоқ. Адамзаттың, әрбір рудың, аймақтың мінез-құлқының қалыптасуында ерекшелік болады. Ол тұрған жеріне, климатына, кәсібіне байланысты. Сондықтан ру, жүз мәселесіне кең қарау керек. Мұхтар Мағауин бір сөзінде «Қайда барсаң, үш би» деп бекер айтқан жоқ. Билерді жоққа шығармаймыз. Бірақ «Сен орта жүзсің, кіші жүзсің» дегеннен арылу керек.

Дайындағандар:

Гүлзина Бектас,

Динара Мыңжасарқызы



Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз