Басты бет Қазақстан тарихы Ресей империясы құрамындағы Қазақстан ХVIII-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті Халықтың сауаттылығы

Халықтың сауаттылығы

05 Қыркүйек 2013
47
0

XIX ғ. ортасына дейін қазақ балаларын оқыту – құран сүрелерін ұғынбай жаттап алу басты жетістік саналатын мектептерде жүзеге асырылды. Оларда мұғалімнің міндетін көбінесе оқыту жоспарлары мен методикасынан ешбір хабары жоқ молдалар атқарды. Мұсылман мектептерінде негізінен ер балалар оқыды. Мұның өзі әйелдер сауатсыздығының жоғары дәрежеде қалуы себептерінің бірі болды. Мысалы, 1884 ж. Верный, Қапал және Сергиополь уездерінің мұсылман мектептерінде 47,5 мың ер бала және бар болғаны 17,3 мың қыз балалар оқыды. 1895 ж. «Киргизская степная газета» мұсылман мектептеріндегі сабақтың өтуін суреттеп, былай деп жазды: «Балалар оқитын киіз үйден жан дәрменімен айқайлаған ащы дауыстар естілді. Әр оқушы өзінің сабағын айқайлап оқиды... Осылайша оқыту төрт жылдай уақытқа созылады. Осы мерзім біткеннен кейін оқушылар білім алудың толық курсынан өтіп, оны ешнәрсе де білмеген, бұрынғы надандық қалпында қалған күйінде тамамдайды».

Қазақстан халқының барып тұрған сауатсыздығы 1897 ж. халық санағын жүргізу барысында, ол ең алдымен сұралғандардың орысша оқи білетіндігін ғана жазып белгілегенімен, айқын аңғарылады. Ана тіліндегі сауаттылық сұраққа жауап қайтарушы орысша оқи білмейтінін айтқан жағдайда ғана белгіленді. Алайда санақ материалдары жекелеген халықтардың сауаттылық дәрежесін қамтып көрсете алмады. 1897 ж. санақ материалдары бойынша өлке халқының 8,1 проценті ғана сауаты барларға жатқызылды, еркектердің сауаттылары олардың 12 процентін, әйелдердің сауаттылары – 3,6 процентін құрады. Әліппелік сауаттылықтың біршама жоғары дәрежесі қоныс аударушылардың негізгі бөлігі тұратын солтүстік-шығыс губернияларынан байқалды.

Қазақстан халқы сауаттылығы дәрежесінің шыңдап артуы XX ғ.басында да бола қойған жоқ: мектеп жасындағы әрбір 10 баладан тек бір бала ғана мектепке барды. Егер Ресейлік орталық аудандарында прогрессивті интеллигенцияның бастамашылдығы бойынша әліппелік сауатсыздықты жою ісімен жексенбілік мектептер, земстволар айналысса, Қазақстанда бұл іс құр сөзден әрі аспады. Қалаларда ашылған жексенбілік мектептер балалардың болмашы ғана бөлігін қамтыды.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз