Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Әлеуметтік өзара қатынас Ұлттық идеяны қалыптастыру мәселелері

Ұлттық идеяны қалыптастыру мәселелері

05 Қыркүйек 2013
1721
0

 Ол бірнеше ғасыр бойы отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркендету, мемлекеттік деңгейде ұлттық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қайтару, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру және ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді шешуді жүктейді.

Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан кейін еліміздің алдындағы өзекті мәселелердің бірі – жаңа заман талабына жауап бере алатын мемлекеттің ұлттық идеясын жасау мәселесімен қатар, қазіргі модернизациялану жағдайында қоғам өміріндегі ұлттық идея¬ның алатын орнын анықтап, рухани жетілу, адамгершілікті дамыту, идеологиялық біріктіру қызметтерін кеңейту мүмкіндіктерін іздестіру қажеттілігі туды.

Қазақстандық көпұлтты қоғамның қазіргі ұлттық даму сатысындағы өзіне тән ерекшеліктердің бірі – әртүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан сан-алуан әлеуметтік-мәдени құрылымдардың қатар өмір сүруі және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы деп айтсақ болады. Сонымен қатар, бұрыңғы концепциялар қайта қаралып, тарихта ұмытылған немесе тоталитарлы кезеңде тыйым салынған құбылыстарды қайта жаңғырту үрдісі байқалуда.

Осылайша, қазіргі қоғамдық өмірдің реформалануы мен демократиялануы жағдайында, Қазақстан Республикасы мен ТМД-да болып жатқан түбегейлі өзгерістер тұсында ұлттық идеяны қалыптастыру – тарихи қажеттілік, әрі уақыт талабы болып табылады.

Жоғарыда айтылғандардан көретініміз, халыққа ортақ бағыт-бағдар беретін ұлттық идеяны қалыптастыру көпұлтты қоғамды біріктірудің маңызды шарты болып табылады. Себебі, өз дамуының белгілі бір шарықтау шыңына жетіп, дамудың түбегейлі жаңа сатысына көтерілудің орасан зор мақсаты жолындағы қоғам мен мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және басқа барлық күштерін біріктіру міндеті туындаған кезде кез келген ел өзінің ұлттық идеясын қалыптастыруға деген қажеттілікті сезінеді.

Ұлттық идеяның табиғатын түсіну үшін, алдымен «идея» мен «ұлт» түсініктерінің ғылыми анықтамаларына тоқталуымыз қажет.

Идея сөзі грек тілінен аударғанда – көрініп тұрған нәрсе, бей¬не, яғни, мағына, ой, пікір, маңыз, мән ұғым¬дарын білдіретін, түрлі мағынада қол¬да¬нылатын философиялық термин. Идея болуға тиістінің жалпы кескінін көрсетеді, соның жалпы бағытын анықтайды. Сол идеяның негізінде кейін тұтас бір жүйелер, олардың нақты түрлері мен фор¬малары өрбиді. Осы жағынан алғанда идеялар саяси және әлеуметтік өмірде, көркемөнерде, дінде, философияда шын мәнінде белгілі бір (жалпыадамзаттық, ұлттық, гуманистік, т.б.) құндылықтармен тығыз байланысып жатады. Қоғамдағы әрбір адамның өзіндік идеялары, өмірге деген көзқарастары, идеалдары мен құндылықтар жүйесі бар. Бұлар жиналып келіп, адамның рухани жан дүниесін құрай¬ды.

Сонымен, идея – бар нәрсені емес, басқа ұғымдардан өзгеше әлі жоқ нәрсені, жасалуға тиіс дүниелерді білдіреді. Идея өзі тарихи дамудың нәтижесі ретінде өзінің даму барысында өзінің көптеген қырларын айқындап толысқан ұғым. Ол бүкіл даму тарихындағы жасалған рухани байлықтардың бәрін бойына сіңірген, бір жүйеге біріктірген.

Ал, «ұлттық» термині ұлтқа тиесілі деген мағынаны білдіреді. «ұлт» ұғымына Қазақстанның ұлттық энциклопедиясында былай деп анықтама берілген: ұлт – ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеу¬мет¬тік бірлестігі. Сонымен бірге, көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады. Ұлт қалыптасуында адамдардың бірлігінің бастауы болатын ортақ этногенетикалық тек те маңызды рөл атқарады. Осындай талап тұрғысынан қарастыр¬ғанда «ұлт» және «этнос» ұғымдары біріне бірі өте жақын, этнос ұлттың туып, қалыптасуына негіз болады . Дегенмен, әлі де философиялық және саяси-әлеуметтік ой-пікірде «ұлт», «этнос» категориялары туралы бір арнаға тоғысқан түсінік қалыптаспаған.

Бұл орайда, ұлт туралы О. Бауер: «ұлт – тағдыр ортақтығы байланыстырған ортақ сипатты адамдардың бүкіл жиынтығы. Осы тағдыр ортақтығы негізінде пайда болған белгі ұлттық мәдениет ортақтығын интернационалдық ортақтықтардан : кәсіби, таптық, мемлекетті құрайтын халықтық – бір сөзбен айтқанда, түп негізін бір тектілік құрайтын осындай барлық ортақтықтардан бөліп тұрады… Ұлттық сипат – сол ұлт тарихының таң¬басы, одан басқа ештеңе де емес», – деп айтады .

Әлемдік философиялық, әлеуметтік – саяси ойда «ұлт» ұғымы әр түрлі түсіндіріледі. Себебі, әр мемлекетте «ұлт» ұғымы жергілікті әлеуметтік және саяси ахуалға байланысты қабылданады. Дегенмен, ұлт дегеніміз «этнос» негізінде пайда болатын әлеуметтік қауымдастық. Ұлттық белгілер этникалық белгілерден туындайды. Халықтарды әлеуметтік–экономикалық формациялар теориясына сүйеніп ұлтқа, этносқа, ұлысқа, тай¬паға бөлу маркстік идеялардың негізінде пайда болған.

Жоғарыда айтылғандардан, ұлт – бұл өз ерекшелігімен анағұрлым дамыған әлеуметтік-этникалық қауымдастық. Бұл этникалық қауымдастықтың тұрақты белгілері негізінде пайда болған қауымдастық, оған – ортақ экономикалық байланыстар, территория, тіл, мемлекет және ұлттық сипат жатады, бұл ұлттың мәдениеті, тұрмыс ерек¬ше¬лігінен көрініс тауып отырады. Мәдениеттегі ұлт көрінісі – бұл тек тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүр ғана емес, сонымен қатар, халықтың өзіндік мінезі, тілі, психологиясы, оның тарихи негізі және әлемді қабылдау ерекшеліктері .

Жоғарыда айтылған «идея» мен «ұлт» термин¬дерін біріктіретін болсақ, онда ұлттық идея бұл ұлттың ойы, санада көрініс табатын мақсат-мұраттары десе де болады. Ол ұлттың өзіндік санасының жүйеленген көрінісі ретінде халықтың, этностың, ұлттың өмір сүру мәнін анықтап, ұлттың пайда болуы мен тарихын, оның тарихи миссиясын көрсетеді.

Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерле¬рінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді .

Ұлттық идея, академик Д. Кішібековтың пікірін¬ше, тамырын тереңнен алады және этностың болмыстық табиғатын түзеді, оның тарихымен және мәдениетімен байланысты болады. Ұлттық идея этникалық сезімдердің негізінде пайда болады. Ал идеология қоғамдық сананың жоғары даму сатысы болып табылады. Егер ол ұлттық идеяға негіз¬делсе, оны құндылықтармен толықтырса, күшке ие болады. Идеялардың маңызды топтастырушысы болып табылатын идеология стихиялы түрде пайда болмайды, оны адамдар қалыптастырады және оның өзіндік мақсаты мен қызметі болады. Ұлттық идеяның одан айырмашылығы – оны адамдар жасамайды, ол табиғи түрде пайда болады.

Ал, тарих ғылымдарының докторы Х.Әбжанов ұлттық идеяны былайша сипаттайды: «ұлтты сақтайтын ұлттық идея болуы керек. Ол ұлттың өмір сүруі, тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенің тоқ етерін тапқанымыз» .

Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттің өзінің құндылықтар мен идеалдар жүйесі, өзінің дүниетанымы болады. Әр халық өзінің тарихи даму барысында қандай да бір ұлы идеяны «алып жүруші» немесе оны іске асырушы болады. Осылайша, ұлттық идея тұтас бір халықтың ұлы идеясы ретінде мақсат, бағыт-бағдар, өмірлік мән береді.

Ұлттық идеяның компоненттері мен ұлттық болмыстың кескінін бейнелейтін ұлттық өзіндік сананың қойнауында жасырынған және дәстүрлі қазақ қоғамындағы осындай топтастырушы идеялардың ізін халқымыздың философиялық және әлеуметтік-саяси ойының тарихынан табуға болады.

Сонымен, ұлттық идея – этностық, діни, мәдени және өзге де қауымдастықпен біріккен адамдар тобының ұжымдық жады, мақсат-мұраттары мен армандарының, дүниетанымының, көзқарастары мен құндылықтарының кешенді жиынтығы. Ол осы ұлттың өзі туралы, қоршаған әлем мен тарихи үдерістегі орны мен миссиясы және тарихы, өткені мен болашағы жайлы жалпы көзқарастарды аңғартады. Сондықтан ұлттық идея ұлт пен ұлттық бірегейліктің қалыптасуына тікелей әсер етіп, халықтың бар күш-жігері мен іс-әрекетін ортақ игі мақсатты жүзеге асыруға жұмылдырып, сол үшін әлеуметтің тұтастығын қамтамасыз етеді. Ұлттық идея, жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға, Қазақстан халықтарының шоғырлануына бағыттал¬ған дүниетанымдық сипаттағы бағдарлардың, құндылықтар мен идеалдардың кешенін білдірген¬діктен, өтпелі кезеңді бастан кешіріп, әлемдік өркениеттік қауымдастықтан өз орнын табуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін ауадай қажет. Алайда, ұлттық идея кез келген қақтығыс пен қарама қайшылық тудырмауы тиіс, яғни ұлттық идеяның мәні мен мазмұнын, ең алдымен, ыдыратушылық емес, керісінше біріктірушілік, топтастырушылық пен ұйыстырушылық қасиеттері құрайды. Тағы бір ескеретініміз, ұлттық идеяны жай ғана ойлап табу мүмкін емес және белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан әрі өрбіген ұлттық идея кездейсоқ құбылыс емес.

Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық пост¬кеңестік мемлекеттер үшін маңызды болып отыр. Бүгінде қазақстандық қоғамда да мемлекетіміздің болашақ даму бағытына қатысты ұлттық идея мен мемлекеттік идеология қандай болуы тиіс деген қызу пікірталас қалыптасып отырғандығын аңғаруға болады. Бұл мәселеде Қазақстанның зия¬лы қауым өкілдерінің пікірлері келесідей бағыттар¬ға бөлінеді:

– кеңестік заманда ұмыт болған дәстүрлі мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту және нығайту;

– батыс құндылықтарын енгізу;

– батыс құндылықтар жүйесі мен дәстүрлі сананың араласуы.

Сонымен қатар, елімізде анағұрлым кең инте¬гра¬цияны білдіретін «еуразияшылдық» идеясы да кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, қоғамның идеялық шоғырлануына септігін тигізетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы «Қазақстан – 2030» стратегиясы, «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына ену», «Зияткерлік ұлт қалыптастыру» идеялары да соңғы кездері ресми билік тарапынан да, бейресми ұйымдар тарапынан да қызу пікірталастар тудырып отыр.

Ұлттық идея, ел Президенті Назарбаевтың пікі¬рінше, қоғамның дамуына қарай туындайды. Осыған орай «Қазақ¬стан-2030» Стратегиясы біздің осы заман¬ғы ұлттық идеямыздың негізі бола алады дей келе, ұлттық идеяның мынадай басты тұғырларын анықтайды: бірінші тұғыры – ел бірлігі; екінші тұғыры – экономиканың бәсекеге қабілеттілігі; үшінші тұғыры – интеллектуалдық жасампаз қоғам; төртінші тұғыры – өркениетті мемлекет.

Қазір біздің елде де дүниежүзінің өркениетті елдеріндегідей, «ұлттық» сөзі «мемлекеттік» деген ұғыммен бірдей қолданылады. Демек, «ұлттық банк», «ұлттық экономика», «ұлттық валюта» сияқты сөздерде «ұлттық» сөзі тек қазақ ұлтының сөзі деп түсінілмейді, ол бүкіл қазақ халқынікі деп түсіні¬леді. Сол сияқты «ұлттық идея» дегенде де біз тек қазақ халқының идеясы туралы емес, жалпы Қазақстан халықтарының идеясы туралы сөз болып отыр деп түсінуіміз қажет. Сонда, ұлттық идея – қазақ ұлтының және Қазақстан жерін мекендеген өзге ұлттық диаспора өкілдерінің қатысуымен жасалады. Еліміздегі ұлттық идея мен азаматтық идеясын үйле¬сімді біріктіріп, жалпыұлттық идеяны жасау арқылы елімізді түрлі ұлт өкіл¬дерінен құрал¬ған біртұтас азаматтық және саяси қауымдастыққа айналдыру мемлекетіміздің ұлттық саясатының басты мақсаты болуы керек деп ойлаймыз.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ұлттық идеяда халықтың түпкі мақсат-мүдделері көрініс табатын болғандықтан, ол жалпы түрде қалыптасқан идея болмауы керек. Оны қалыптастырғанда елдің өзіндік ерекшеліктер мен тарихи тағдыры ескерілуі қажет. Қазақстанның ұлттық идеясы мен оның даму ерекшеліктерін өзіндік ұлттық деңгейде, сонымен қатар, жалпыұлттық және жалпыөркениеттік деңгейде қарастыру керек деген пікірдеміз.

Осы айтыл¬ғандарға орай, бүгінгі таңда мемлекетімізге құндылықтық бағдар болатын, болашақтың жарқын жолын анықтайтын ұлттық идея қажет екеніне күмән келтіруге болмайды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ұлттық идеясы көпұлтты мемлекетіміздің азаматтары мен алыс және жа¬қын шет елдердегі қандастарымыздың жү¬регіне жететін, жарқын болашаққа жетелейтін бағдар, рухани деңгейде әрқайсысына демеу болатын қасиетке ие көшбасшы ой-тұжырым болуы керек.

Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніміз жаңа жаһандық демократиялық құндылықтардан бас тартпай, осы жаңашылдықты қалыптастыруда қазақтың дәстүрлі құндылықтарын жаңғырта отырып, ұлттық қорға сүйену.

Қорыта келгенде, бүгінгі таңдағы адамның еркіндігі, бостандығы мен құқының сақталуы мен қауіпсіздігі басты құндылық болып саналады. Қазақстандық қоғам өзінің ерекшеліктеріне қарай, гуманизм, патриотизм, төзімділік, адамгершілік, ұлтаралық сыйластық пен ашықтықты ұстанымдарын алға қояды. Бұл құндылықтар Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностарды біріктіретін ұлттық идеяға негіз бола алады.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз