Басты бет Қазақстан тарихы Ежелгі дүние және Қазақстан аумағының игерілуі

Ежелгі дүние және Қазақстан аумағының игерілуі

05 Сәуір 2017
3910
1

Қазақстан жеріндегі ежелгі гоминидтердің пайда болуының алғышарттарын адамзат тарихындағы ең маңызды, өтпелі кезеңнің – плиоценнің екінші жартысының геологиялық-жағрафиялық жағдайына сүйене отырып іздеу керек. Ең ежелгі гомонидтердің, Африка құрылығынан бастап, қазіргі аридтік танап пен Сібір жеріне дейінгі орасан зор территориядан табылған іздері алғашқы гуминидтердің ұшы-қиырлы жоқ мол кеңістікке жайыла мекендегенін көрсетеді. (осыдан 1,6-1 мың жыл бұрын Каспий айналасындағы жазықтарда, Тұран түздерінде. Моңғолия мен Солтүстік Қытайда тап жоғарыдағыға ұқсас қал-жағдайда гомонидтер тұрақтары болған). Плиоценнің палеографиялық жағдайы Азияның аласа тау-қыраттары бар, ауа райы жұмсақ жазықтарында гуманидтердің қиыр терістікке қарай тез тарауына себебін тигізді деп есептеуге болады. Әсілі, Қазақстан, Моңғолия мен Солтүстік Қытай Еуразияның ерте кезеңіндегі қоныстаушылары үшін Ойкуменаның шалғай терістіктегі аудандары болса керек.

Ғылымдағы топтастыру бойынша ерте тас дәуірі үш ұзақ хронологиялық кезеңді қамтып отырады: ерте (төменгі), орта және кейінгі (жоғарғы) палеолит. Ерте палеолит — олдувай, ашель кезеңдерін қамтыса, орта — мустье, кейінгі — ориньяк, солютре және мадлен кезеңдерін қамтыған.

Төменгі палеолиттің ең көне дәуірі олдувай мәдениеті деп атаған. Шамамен б.з.б. 2,5 млн. жылдардан б.з.б. 800 мың жылдарға дейін созылды. Одан кейінгі — ашель дәуірі шамамен осыдан 800-140 мың жылдарды қамтиды. Көптеген зерттеушілер мустье дәуірі шамамен б.з.б. 140 мыңжылдықтардан б.з.б. 40 мыңжылдықтар аралығын қамтиды деп көрсеткен. Кейінгі палеолит шамамен осыдан 40-10 мың жылдарды қамтиды.

Көне тас дәуірі – адам және оның шаруашылығының қалыптасу кезеңі, бұл дәуір төменгі өндіргіш күштермен сипатталады. Олардың шаруашылығы қарапайым болып, олар табиғаттың дайын өнімдерін қолданған: жабайы өсетін астық тұқымдастары, жеміс-жидекті жинап, аңдарды аулап жүрген. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар ұжымның экономикалық теңдігіне негізделген, жынысы мен жасы бойынша еңбек бөлісу үрдісі жүрген. Осындай қарым-қатынастарды ұжымдық деп сипаттауға болады.

Палеолит дәуірінде қоғамдық ұйым күрделі және ұзақ жолды өткен. Оның бірінші сатысы — алғашқы қауым — бірлескен қорғау, шабуыл жасау және, аң аулау үшін құралған ұйым. Бұл ру дейінгі қауымдастыққа тән белгілер: қоғамдық қарым-қатынастар дамымаған, қауым-үй шаруашылығы болмаған, сонымен бірге осы кезде некелік қарым-қатынастар кішкене реттелген деп айтауға болады. Алғашқы ұйымддар палеолиттің ең төменгі дәуіріне — олдувай мәдениетіне жатады.

Ежелгі Қазақстан тарихының ескерткіштерін сипаттағанда, зерттеушілер екі дәуірді назарына алады: ерте (бұл кезеңге орта палеолит енген) және кейінгі палеолит. Қазақстан аймағында ежелгі адамның қалдықтары табылмаған. Дегенмен, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы палеогеографиялық жағдайлар ежелгі адамның өмір сүруіне қолайлы болған. Осыны Оңтүстік Қазақстанда табылған олжалар дәлелдеп отырады: Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкада табылған ерте ашель дәуірінің қарапайым еңбек құралдарына ұқсас болып келетін Оңтүстік Қазақстандағы көне тас құралдар, көне хайуандардың түрлілігі фауна және Қытайдың Чжоукоудянь үңгірінен табылған синантроппен тығыз байланысты болған.

Қазақстан аймағында қоныстауға қолайлы болған өңірлердің бірі — Қаратау жотасы. Осында және жақын жерде орналасқан аудандарда ширектік мұз басу белгілері жоқ екен. Біршама ылғалды және жылы климат, ылғал сүйгіш өсімдіктер, әлуан түрлі фауна көне палеолит дәуірінде адамның өмір сүруіне алғышарттарын жасаған еді.

Қоңырдек кентіндегі цементтелген конгломераттардың (Қаратау жотасының оңтүстік-шығысындағы Арыстанды өзенінің жер бетінде орналасқан жазық алаңы осындай конгломераттардан тұрады) ішінен табылған ең көне еңбек құралдарына ауыр тікбұрышты шақпақтас сынықтары жатады.

 

ec5fc0c61d5d5ba3e87eab53dd22c7e2.jpg

Клектон тұрпатты деп аталынатын осынау ең ежелгі құралдардың кейінгі сондай құралдардан бір айырмашылығы — оның күллі сындырғыш тұрқының жартысынан көбін алатын, рабайсыз үлкен соққыш дөңесі бар. Бұлармен бірге ол арадан кремнийлік дөңбектастар: кедір-бұдырлы дөңгелек тастар да табылған, әлгі сындырғыш осы тастардан бөлініп алып жасалған.

Қаратау жотасында табылған тас құралдар Үндістан, Пәкістан, Қытай, мен Африканың ерте ашель дәуірінің олжасы табылған жерлердегі тас мүліктерінен айырмасы шамалы, сондықтан да ежелгі адамдар Оңтүстік Қазақстанда ерте ашель дәуірінен бастап мекендеген деп айтуға болады.

Алғашқы тобыр төменгі палеолиттің ертерекетгі екі басқышына — шелльге дейінгі және шелль кезеңдеріне сәйкес келеді. Ашель заманында жаңа әлеуметтік организм — алғашқа қауымға қажетті алғышарттар біртіндеп толысып жетіле бастайды. Мустье дәуірінде отырықшылық, еңбекті жынысы мен жасына қарап, табиғи түрде бөлу жүзеге асады, қауымның бастапқы түрлері пайда болады. Кейінгі палеолиттің адами ұжымдары әлеуметтік жағынан жаңа бір қырынан сипатталады — оларды алғашқы рулық қауымның толысқан түрлері құрылады. Көптеген зерттеушілердің пікінше, осы бір сапалық секіріс неандерталдардың дене бітімі қазіргі адаммен бірдей саналы жанға (Homo sapiens) айналуына сай келеді.

Қазақстанның ең көне тұрғындары питекантроп пен синантроп замандастары болып, эволюциялық арақатынаста Homoerectus кезеңінде болған. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жаға алған. Археологиялық материалдар бойынша Қазақстанның оңтүстік пен шығыс аймақтарында алғашқы адамдар тек ашель-мустье кезеңінде пайда болған.

Қоныстандырудың бір жолы Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен, бірақ бұл болжам ғана. Бұл жерде төменгі палеолиттің көне мәдениеттері мекендеген. Орталық Қазақстанда қаратаулық дәстүрлерді сақтаған ескерткіштер бар. Олардың ең көнелері — ашель дәуірдің екінші жартысына жатады, яғни Обалысай тұрағы мен Семізбұғы кешеніне қатысты.

Одан басқа, мустье және кейінгі палеолит дәуіріннің мекендері, соның ішінде Вишневка, Оғызтау-1, 2 тұрақтары мен Саяқ кешені-де. Құралдардың ішінде қырғыш, бифос, шұңқырлы құралдар да бар.

Соңғы жылдардың ішінде Орталық Қазақстан аумағында палеолит дәуірінің ескерткіштері табылды, Қазақстандағы көне тас дәуірін зерттеуге ең қолайлы аудан деп айтуға болады. Кейінгі палеолиттің дәуірмен заманауи адамның пайда болуы байланысты (Homosapiens). Осы кезден бастап гоминидтердің эволюциясында үлкен өзгеріс болған, осылай адамзаттық тарих басталды.

Кейінгі палеолит — бұл адамзаттың жердің барша климаттық зоналарына тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құрылған кезі.Кейінгі палеолит дәуірінде саналы адамның пайда болуы мен адам қоғамының материалдық және рухани мәденитетінің ілгері дами беруі арасында тікелей байлыныс бар. Бұл құбылыс қоғамдық қатынастардың прогресті дамуымен, рулық қауымның құрылуымен, рудың , адамдар ұжымының ең алғашқа қоғамдық ұйымының өзгеше бір түрі ретінде пайда болуымен тура табысып жатыр. Рулық ұйым барлық жерде-де матрилиниялық (ана жағынан есептелген) және матрилокалді (ана жағымен тұйықталған), ал қауымдық құрылыс, әйел рудың жалғастырушысы ретінде болғандықтан, әйелдің қауымдығы жай-жағдайы өте мықты болған. Сондықтан да көне адамдардың идеологиялық түсінігінде әйелге табыну рәсімі қалыптасты.

Кейінгі палеолит дәуірі адамының дүние танымы күрделілене түседі. Аңшылық жадысына илану елігусенімі кең жайылады, оның түп төркінінде хайуанның рух бейнесін игеру арқылы оны билеп төстеуге мүмкіндік алу сенімі жататын. Алғашқы қауымның сол кездері пайда болған жарқын өнері жадылықтың бесаспап құралы қызметін атқарған деген-де болжам бар… Оның ең басты тақырыбы — әртүрлі жануарларды бейнелеу, ою мен мүсін. Жер құнарлығы, аналық бейнесі болған әйел бейнелері. Олар сүйек пен жіңішке тастардан ойып алынған.

Кейінгі палеолит дәуірінге мәдениеттердің ареалы Қазақстан аймағынан шығып кетеді, дегенмен, алдын-ала қорытындылар бойынша географиялық ескерткіштер көп емес болса да, бірақ географиялық тұрғыдан алып қарағанда кең ауқымды алып жатады. Палеографиялық жағдайлар осының бір себебі болып саналады. Осы кезде суық түсе бастады, құрғақшылық та басталды, соның арқасында жоғарғы палеолитта өмір сүрген адамдар үшін жағымсыз жағдайлар қалыптасқан болатын.

Қалыптасқан адамның өмірі құбылмалы табиғи жағдайлар кезінде өткен еді. Бұл мұздық дәуірінің аяқталған кезі.

Еуразияның ұланғайыр жазығында мамонттық кешен деп аталатын өзінше бір негіздегі фауналық кешен қалыптасты. Бұл кешеннің көп өкілдерінің қазынды қалдықтары Қазақстанның әр түрлі аудандарында да табылды. Оның негізгі түрлері мамонт, жүндес мұйызтұмсық, тур-бұқа, бизон, үңгір аюы және жолбарысқа да, арыстанға да ұқсас жыртқыш, аң болды. Олармен бірге жазық далада, тау шалғынында киік, арқар, бұғы-марал, елік және басқа ірілі-уақты хайуандар жайылып жүрді. Сол дәуірдің аяғында Алтай тауларында мамонттық кешеннің өзгеше бір нұсқасы қалыптасты.

Палеолит дәуірінде ірі жануарларды аулау адам қорегінің басты негізі болды; ал ірі жануарлардың қырылуы адамның тұрмыс жағдайларын өзгертті. Енді орташа және ұсақ андарды аулау үшін неғұрлым жетілдірілген жаңа құралдар қажет еді. Аңшылар топтары кейде тамақ іздеп ұзақ сапар шекті. Кезіп жүрген топ-топ, аңшылар тұрақтарының негізгі түрі жеңіл қоныстар мен ашық далада от жағылған уақытша оттар бола бастады.

Өзектастардан тас тіліктерін жарып алу техникасы жетілдірілді; мұның өзі тасты дәл өндеуге алып келді. Мустье дәуіріндегі дөңгелек және үшкіл өзектастарды призма секілді өзектастар алмастыра бастады. Осындай бір өзектастан бұрынғы уақыттағыдай екі-үш тас тіліктерін емес, ондаған жұқа тас тіліктері алынды, олар қайта өңделмей-ақ іске жаратылды; ал кейбір құралдар қысып түзету арқылы өңделді.

Осындай техника арқылы, қатты нәрсемен (таспен, сүйекпен, мүйізбен) басу арқылы көне замандағы шеберлер бітімі әр қилы құралдар жасай білді. Құралдарды жасағанда адам отты шебер пайдаланды. Тасты бірте-бірте қыздырып, кейін суыту оның құрылымын өзгертті; мұның өзі құралдарды қысып түзету техникасы арқылы өңдеуді жеңілдетті.

Әр түрлі іске қолданылатын еңбек құралдары пайда болды. Кейінгі палеолитте жонғыштар, доғал шетті қырғыштар, екі шеті жұқартылған тас тіліктері, бүйірлі және ортаңғы жүзді кескіштер, найза, шұңқырлы тас тіліктері, тескіштер секілді әр қилы құралдардың саны оннан асып кетті. Әсіресе тас тіліктері мен жаңқаларынан дайындалған кескіш құралдар көп еді, олардың өткір бұрыштары кесе-көлденең келетін шетіндегі тас тілігінің жазықтығына орналасып, кесетін жүзі жасап омырылды да.

Кескіштердің көп болуы сүйек өңдеудің рөлі әсе түскенін көрсетеді. Бұл материалдан шақпақ жүзді және сүйек сапты құрама құралдар, қилы бырғылар, тескіштер, ауланған жануарлардың терісін өңдейтін қырғыштар, найзалар мен сүйек ұштары, шанышқылар, лақтырылатын найзалар жасалды. Сүйек инелер пайда болып, адам теріден киім тігуді үйренді…

Аң аулау шаруашылықта бұрынғыдай жетекші рөл атқара берді. Бірақ аңшылық құралдарының әр қилы болуы, аң аулаудың, жаңа әдістері (отты қолданып, аңды қамау, оны ұстау үшін қамба қазу, арқанға байлап тас лақтыру, аран жасау) шаруашылық кәсіптің бұл түрінің өнімділігін арттырды. Алғашқы адамдар ыңғайлы жерлерде шанышқыларды, қысқа істік сүйектен жасалған долбарлы қармақтарды пайдаланып, балық аулады.

Адам бұрынғыша әр түрлі өсімдік тағамдарын: жабайы жаңғақ, жидек, жабайы сәбіз, қымыздық, жуа және кейбір өсімдіктердің түйнектерін теруді кәсіп етті.

Кейінгі палеолитте, әсіресе, оның климат суыған бірінші жартысында, адамдардың қоныстары кішігірім қырдың төбесіне жақсылап салынған баспаналар болды; бұлардың орнынан археологтар баспаналардың тіреуіштері қазылып орнатылған көптеген шұңқырларды және көп от жағылған жерлерді тауып жатыр.

Мезолит, неолит, энеолит

Тас дәуірінің тарихында Қазақстан аумағында мезолит пен неолит заманы шамамен б.з.б. XII-X және III мың жылдықтардың арасындағы уақытты қамтиды.

Неолит немесе жаңа тас дәуірінен металдарды кеңінен пайдалануға бет алған өтпелі дәуір әдетте энеолит немесе мысты-тас дәуірі деп аталады.

Аңшылар мен балықшылар тайпаларында бұл дәуір археологиялық материалдар бойынша әр уақытта бірдей жеткілікті айқын түрде бейнеленбегендіктен, отандық тарихнамада ұзақ уақыт Қазақстанның энеолиті неолитпен бірге қарастырылып келді.

 

5075b0de2f125c980f6dbd08d44a8b9c.jpg

Ол замандағы табиғи орта қазіргі бейнеге көшті. Жануарлар дүниесінің түрлік құрамы өзгерді: енді, аңшылардың аулау нысаны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян мен үйрек болды. Аңшылықтың жаңа құралдары ойлап шығарылды. Андарды бірлесе қуалап, қамап ұстау әдісімен қатар жеке-жеке аулау да зор маңыз алды; балықшылық кәсібі өрістеді.

Мезолит заманында ірі-ірі екі оқиға болды: садақ пен жебе ойлап шығарылды және микролиттер — үш бұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді шағын тас тілікшелері шықты. Ал неолит дәуірінде микролиттік индустрия ерекше кеңінен өрістеді. Микролиттер негізінде жебенің ұштары мен қыстырма құралдар жасауға жұмсалды: сүйек немесе, ағаш саптың ұзына бойындағы қуыстарына ондаған ұсақ микролиттер тығылды; нақ осылар құралдың өткір жүзі болып шықты.

Желім ретінде тау балауызы, қара май, битум пайдаланылды. Б.з.б. V мыңжылдықта басталған неолит тастың пайдалы қасиеттері барынша пайдаланылған дәуір болды. Еңбек құралдарын өндіру барған сайын мамандандырылды. Қысып түзету техникасының жетілдірілуімен қатар тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау, арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өңделетін тастар пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, келісаптар жасала бастады.

Дәуірдің аса маңызды белгісі мал өсіру мен егіншілік, яғни өндіруші шаруашылық деп аталатын шаруашылық туды; бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына — жиын-терін мен, аң аулаудың орнына келді. Шаруашылықтың жаңа түрлерінің шығуының адамзат қоғамының дамуы үшін орасан зор маңызы болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапа жағынан өзгертті. Адамның экономикалық қызметінің одан кейін талай мың жылдарға созылған бүкіл тарихының дені шаруашылықтың осы екі формасының даму, жетілу тарихы болып табылады.

Неолит дәуірінде алғашқы халықтың қолы жеткен өндіргіш күштер дамуының деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуына себепші болды. Қазақстанның ежелгі халқында кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты, оған керамикалық ыдыс белгілі болды.

Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды; онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен бірге мұның өзі қоғамның ұйымдасу формаларының неғұрлым жоғары дамыған уақыты болды: тайпалар немесе тайпалық бірлестіктер құрылды.

Тайпалар қандас-туысқандық байланысына қарай және шаруашылығының біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше (саны азды-көпті) рулық қауымдардан құрылды. Қазақстан аумағындағы әуелгі неолиттің ескерткіштері әзірше аз зерттелген.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағанан 800-ден аса неолиттік ескерткіштердің табылғандығы мәлім, алайда олардың, басым көпшілігі іріктеліп қана зерттелді. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай әдетте бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік тұрақ деп төрт түрге бөлінеді.

Әдетте өзендік тұрақтарда, сондай-ақ көлдік тұрақтарда едәуір көп заттар табылады; мұның өзі бұл жерлерде адамның түпкілікті немесе ұзақ уақыт тұрғанын көрсетеді. Мұндай тұрақтардағы негізгі құрал-саймандар — пышақ тәрізді тас тіліктері және солардан жасалған бұйымдар.

Қазақстан аумағында бұлақтық тұрақтар неғұрлым көп тараған, өйткені шөл және шөлейт аймақтарда өзендер аз болады. Бұлақтардың жанындағы тұрақтар — көбінесе кезбе, аңшылардың уақытша, маусымда тұрған жерлері. Қазақстанның шөл даласындағы неолиттік ескерткіштердің бір ерекшелігі сол, олардынң көпшілігі — ашық (жер бетіндегі) тұрақтар.

Барлық тұрақтарда жергілікті материалдардан жасалған тас құралдар — жебелер мен найзалардың ұштары, балталар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылды. Белгілі бір қаруларды жасау үшін тастардың түрлері сараланып, іріктеліп алынатын болды. Шикізаттың әр алуандығы оны ұқсатудың әр түрлі техникалық тәсілдерін дамытып, жетілдіруге себепкер болды. 

Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше аумақтық топ құрайды, бұл топтардың мәдениет жағынан бір-біріне жақын, туыс тайпалардың мекендеген аудандарына сай келуі ықтимал.

Қола дәуіріндегі тайпалардың палеоэкономикасын дамытудағы маңызы анықталды. Қазіргі Қазақстанның аумағы ерте көшпенділердің егіншілік пен мал шаруашылық трансформациясы өткен аймақтардың бірі болғанын дәлелденген.

Жәкен Таймағамбетов, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Акнур Усенова23.02.2015, 09:39

Почему столько ошибок?