Басты бет Тұңғыш Президент Стратегиялық жоспарлауды ұсынушы «Мәдени мұра» Ұлттық жобасы (2003) Қазақ музыкасының антологиясы

Қазақ музыкасының антологиясы

29 Тамыз 2013
276
0

Қазақ музыкатану тарихында алғаш рет «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 томдық «Қазақ музыкасының антологиясы» дайындалып жатыр.

Бұл жобаның басты мақсаты:

- көне дәуірден ХХ ғасыр басына дейінгі қазақ халқының дәстүрлі өнерінің ноталық үлгілерін жинақтау;

- орыс және шетел саяхатшылары, этнографтары мен зерттеушілері еңбектеріндегі қазақ халқының музыка мәдениетіндегі халықтық, халықтық-кәсіби, әншілік және аспаптық мұрасының бірегей ескерткіштерін айқындау;

- материалдарды жүйелеу және каталогтау;

- жергілікті аймақтық, стильдік және жанрлық принциптер бойынша айқындалған фольклордың сирек үлгілерін классификациялау.

Жобаланған «Қазақ музыкасының антологиясы» дәуірлер мен ғасырлардың музыкалық ескерткіші, музыка мәдениеті тарихының классикалық үлгілерінің баға жетпес қазынасы және ұлттық рухани самоидентификацияның жалпы көрінісі болып табылады, сол арқылы көшпенділер өркениеті әлемінің көркем бейнесі көрінеді. Антологияда протоқазақтар музыкасының көне формаларын, жалпытүркілік негіздегі музыка мысалдарын, тұрмыс-салттық фольклор үлгілерін, аспапты музыканың көне түрлерін, эпикалық мәдениеттің музыкалық көрінісін, ақындық өнердің мақамдарын, ауызша дәстүрдің халықтық және халықтық кәсіпқой композиторлардың классикалық шедеврлерін (Біржан сал, Мәди, Ақан сері, Абай, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Дина және т.б.) қамтылады.

Қазақ музыкасы. Антология: Бестомдық. 1 - 5 тт. - Алматы: ҚАЗақпарат, 2005 - 2007. (Әр қайсысы 50 б.т.).

 Антология 1 том - Көне музыкалық фольклор.

 Қазақ музыкасының тарихында тұңғыш рет жарық көріп отырған бес томдық «Қазақ музыкасы» антологиясының бірінші томы ұлттық мұрамыздың көне түрлері: сарындар, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері және байырғы қобыз, шаңқобыз, сыбызғы, домбыра күйлерінің нұсқалары жүйелі түрде жинақталып берілді.

 Антология 2 том - Орта ғасырдағы қазақ музыкасы.

 Антологияның 2-томы орта ғасырдағы қазақ музыкасына арналлды. Мұнда эпикалық және жыраулық дәстүрдің саз нұсқалары, қазақтың батырлық, лиро-романтикалық эпостарының музыкасы, жыр, толғау, терме, діни мақамдар, халықтың еңбек, тарихи, қоңыр және лирикалық әндері берілді. Сонымен қатар ұлттық аспапты өнердің көптеген үлгілері - тарихи, әдет-ғұрып және лирикалық жыр-күйлер енгізілді.

 Антология 3 том - Алғашқы авторлық музыка.

 Антологияның үшінші томы қазақ халқының саз өнеріндегі алғашқы авторлық музыканың үлгілерін қамтиды. Антологияның 2-томының жалғасы ретінде халық әндері мен күйлері енгізілді. Сондай-ақ аталмыш томға әйгілі «Айжан», «Әттегенде», «Жиырма бес», «Дүние» сынды, т.б. халық әндерімен қатар, Қабан жыраудың, Махамбеттің, Нияз серінің, Мүсірәлі шығармалары беріліп отыр. Осы басылымға айтыс жанр ретінде тұңғыш рет ұсынылды. Кітаптың 2-біліміне домбыраға, қобызға, шертерге, сыбызғыға арналған күйлер енгізілді.

 Антология 4, 5 том - Кәсіби халық композиторларының шығармашылығы.

 Антологияның төртінші томы қазақ халқының аса дарынды, айрықша талант  иелері, кейінгі толқынға өлмес мұра қалдырған кәсіби өнер өкілдерінің туындыларына арналды. Сонымен қатар, бұл кітапқа олардың шығармалары сұрыпталып, белгілі бір аймақтың (Арқа, Жетісу, Батыс Қазақстан, т.б.) стильдік ерекшеліктерін қамтитын әуендік, ырғақтық жағынан бай, әуезді музыкалық нұсқалары, атап айтқанда, ән өнерінің белгілі өкілдері - Біржан сал, Ақан сері, Дәурен сал, Сүйінбай, Балуан Шолақ, Мұқит, Адайдың 7 қайқысы, домбыра өнерінің шертпе және төкпе мәнерінде орындалған Дәулеткерейдің, Байсеркенің, Қазанғаптың, Есбайдың, Қарасақалдың өшпес туындылары енді.

Антологияның 5-томына Арқа, Жетісу, Батыс Қазақстан, т.б. белгілі бір аймақтың стильдік ерекшеліктерін қамтитын әуендік, ырғақтық жағынан бай, әуезді музыкалық нұсқалары, атап айтқанда, Құрманғазы, Тәттімбет, Есір, Мөңке, Тоқа, Тіленді, Шал Мырза, Қыздарбек, Мәменнің, т.б. атақты күйшілердің шығармалары және Ықыластың - қобыз, Сармалайдың - сыбызғы күйлері, айтыс мақамдары топтастырылды.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз