Басты бет Қазақстан тарихы Тәуелсіз Қазақстан Институалды реформалар. Экономикалық даму Экономикасы қарқынды дамыған Қазақстан

Экономикасы қарқынды дамыған Қазақстан

29 Тамыз 2013
429
0

 Ал ауыл шаруашылық өнiмдерiнен астық экспортының келешегi өз алдына алға жылжыды.  Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикалық дағдарыстан шығып, соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. Елдегі өмiр сүру деңгейi жоғарылап, индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталды. Қазіргі таңда Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындады. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстан экономикасына 21 млрд. астам АҚШ доллар тартылды. Стратегиялық тұрғыдан алғанда қабылданған үлгiге сәйкес Қазақстан бәсекелестiкке және әлемнiң барлық елдерiмен өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға негізделген тауарларды, қызметтердi, капиталды және жұмыс күшiн экспорттауға бағдарланған ашық экономикалы ел ретiнде қалыптасты. 2001-2002 жылдары-ақ ЖIӨ-нiң орташа жылдық өсу қарқыны 11,5 пайызды құраса, өткен жылы ЖIӨ екi есе ұлғайды. Экономиканың шикiзат секторынан алынатын iрi кiрiстерден шектен тыс толығу қаупiн ескеріп елімізде Ұлттық қор құрылды. Ол мұнай мен түстi металдарға әлемдiк баға деңгейiнiң белгiленген қалыпты шектен асып кетуiнен түсетiн кiрiстерді жинақтауға күш салды. Бұл өз кезегінде қазақстандық қаржы жүйесiне түсетiн валюта қысымын жоюға және экспортты ынталандыратын және дайын өнiмнiң импортын тежейтiн теңгенiң айырбас бағамын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. Сонымен қатар, құрылымдық-институционалдық реформалар саласы, қаржы секторы және елдiң экспорттық әлеуетi жедел қарқынмен өсті. Әйтсе де, өнеркәсiптiң өңдеушi салалары, сондай-ақ өндiрiстiк сипаттағы қызметтер көрсететiн салалар тиiсiнше дамымай отыр. Тек өңдеушi өнеркәсiпте металлургия өнеркәсiбi ғана сыртқы рынокта бәсекеге түсе алады. Ал тамақ өнеркәсiбiнiң кейбiр өнiмдерi осыған ұқсас шетелдiк өнiмдермен iшкi рынокта ғана бәсекеге түсе алады. Бүгiнгi таңда өңдеушi өнеркәсiптiң қалған өнiмдерi тiкелей және жанама субсидиялардың есебiнен ғана ұсталуда. Ол электр энергиясына, ЖЖМ, өнiмдi тасымалдауға тө мен және экономикалық тұрғыдан негiзделмеген тарифтiң белгiленуiнен, кедендiк қорғау баждарын белгiлеуден көрiнiс тауып жатыр. 

Қазiргi таңда ел экономикасында бірқатар проблемалар бар. Олар: эконо-миканың шикiзат бағыттылығы, әлемдiк экономикаға ықпалдасудың әлсiздiгi, ел iшiндегi салааралық және өңiраралық эко-номикалық ықпалдасудың босаңдығы, өңдеушi өнеркәсiп өнiмдiлiгiнiң төмендiгi. Екіншіден, iшкi рынокта тауарлар мен қызметтерге деген тұтыну сұранысының мардымсыздығы, өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымның жеткiлiктi дәрежеде дамымауы, мұнай-газ және кен-металлургиялық кешенге жатпайтын экономика салаларында негiзгi қорлардың тез тозуы, кәсiпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалуы, ғылым мен өндiрiс арасында ұтымды байланыстың болмауы, ЗТКЖ қаржының аз бөлiнуi, отандық ғылымның нарықтық экономика жағдайларына нашар бейiмделуi. Үшіншіден, ғылыми-техникалық өнiмдi тауар деңгейiне дейiн жеткiзудiң ықпалды тетiктерiнiң болмауы, менеджменттiң экономиканы ғаламдану үрдiстерiне және сервистiк-технологиялық экономикаға өтуге бейiмдеу мiндеттерiне сәйкес келмеуi. Осындай кемшіліктердің салдарынан біздің еліміздің экономика салаларындағы еңбек өнiмдiлiгi бойынша кейбiр индустриялық дамыған елдерден 7-10 есе артта қалып отырған жайымыз бар. Елдің индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк стратегиясы Қазақстанның 2015 жылға дейiнгi кезеңге арналған мемлекеттiк экономикалық саясатын қалыптастыруға және экономика салаларын әртараптандыру арқылы дамудың шикiзаттық бағытынан қол үзу арқылы елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуге бағытталған. Ал мемлекеттiк индустриялық-инновациялық саясаттың басты нысаны — өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа бағдарланған тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндiрiсiн жетілдіру болып отыр. Стратегияның мақсаты қандай болса, алға қойып отырған міндеттері де үлкен жауапкершілікті қажет етті. Яғни өңдеушi өнеркәсiпте орташа жылдық өсу қарқынын 8,8-9,2 % мөлшерiнде қамтамасыз ету көзделді. Ал 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы еңбек өнiмдiлiгiн кемiнде 3,8 есе арттыру және ЖIӨ энергия сыйымдылығын 2 есе төмендету міндеті қойылды. Сондай-ақ Үкіметтің алдында өңдеушi өнеркәсiптiң негiзгi қорларының өнiмдiлiгiн арттыру, кәсiпкерлiк ахуалды, құрылымды қалыптастыру және жеке секторды ынталандыратын әрi бәсекелестiк артықшылықты жетiлдiретiн қоғамдық институттарды қамту, қосылған құнға барынша қол жеткiзе отырып, нақты өндiрiстерде қосылған құндар тiзбегiндегi элементтердi игеру, ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық экспортқа негiзделген өндiрiстер құру, елдiң экспорттық әлеуетiн қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердiң пайдасына қарай әртараптандыру, сапаның әлемдiк стандарттарына көшу, дүниежүзілiк ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қосыла отырып, өңiрлiк және дүниежүзiлiк экономикамен ықпалдасуды күшейту секілді бірнеше басым бағыттарды анықтап алу міндеті тұрды. Ал осы жауапкершілігі жоғары жұмысты ары қарай іске асыру үшін үш кезең таңдап алынды. Бірінші кезең — 2003-2005 жылдар, 2 — кезең - 2006-2010 жылдар, 3-кезең — 2011-2015 жылдар. 

Ағымдағы жылы Елбасының бастамасымен дүниеге келген Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында индустрияландыру картасының барлық жобалары бойынша 1,5 трлн. теңге инвестиция игеруді мақсат еткен болатын. Ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің берген мәліметіне сенсек, келер жылы индустрияландыру картасы жаңартылып, оған Т8,3 трлн. соманың 469 жобасы кіреді. Биылғы жылдың бірінші жартысында Т114 млрд. соманың 75 инвестициялық жобасы іске қосылса, екінші жарты жылдықта Т600 млрд. соманың 130 жобасын іске қосу жоспарланды. Ал өткен жылы 152 инвестициялық жоба жүзеге асырылса, биыл 20 мың тұрақты жұмыс орнын құратын 731 млрд. соманың 204 жобасы іске асырылуда. Былтыртың өзінде елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 144 жаңа кәсіпорын пайдалануға беріліп, олардың 72-і бірінші жартыжылдықта іске қосылған. Қазақстандағы экономиканы толығымен алып қарасақ, бір жұмысшы жылына 17 мың доллардың ғана тауарын өндіреді. Ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі. Бұл жағдайды түзеу үшін еңбек өнімділігін көтеріп, инновацияны ендіру қажет. Осы критерий бойынша бағалау, қаржылай қолдау көрсету сияқты барлық басқару жұмыстарына бақылау жүргізу Үкіметтің басты міндеті болмақ. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ұлттық экономиканы әртараптандыру мен жаңғыртуға, инновация мен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы алдағы 5 жылда да еліміздің экономика саласындағы негізгі құжаты болып қала бермек. Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде 2015 жылға қарай елдің ІЖӨ 50 пайызына қол жеткізу міндетіне қол жеткізу көзделген. Ол үшін басты үш бағытты атап өткен жөн. Ең алдымен – индустриалдандыру. Ол жаңа өндірістік қуаттылықтарды, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіпте қосылған құны жоғары өнімдерді жасауға бағытталған. Екіншісі – үдемелі индустриалдандыру. Бұл дағдарыстан кейінгі даму және Кеден одағына мүшелікпен байланысты жаңа перспективалар жағдайында өзіміздің бәсекелік артықшылықтарымызды барынша тиімді пайдалану. Үшінші міндет – инновациялық индустриалдандыру деп аталады. Ол алғашқы екі бағыттың қорытындысы – еңбек өнімділігінің жоғарылуы, озық технологияларды барынша пайдалану, ұлттық инновациялық жүйені дамыту болуы тиіс. Соңғы жылдары өнеркәсіптегі өсу қарқыны 11,5 пайызды құрады. Мәселен, өңдеуші кәсіпорындар 742,1 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Физикалық көлем индексінде бұл өткен кезеңдегі осындай көрсеткіштен 18,7 пайызға көп. Тоқыма өнеркәсібінде мақта-матадан иірілген жіп өндірісі 4,2 мың тоннаға дейін өсіп, ол 284,3% құрады. 974,1 мың данаға, киімнен басқа яғни 260,3%-ға тоқыма бұйымдарын шығару ұлғайған. Химия өнеркәсібінде хром тотығын шығарудың 6,9 мың тоннаға, яғни үш есе дерлік өсті. Натрий бихроматы өндірісі 6 еседен асып, 15,9 мың тоннаға жетті. 136%-дан астамға фосфорлық, минералдық және химиялық тыңайтқыштарды шығару ұлғайды. Металлургтер ферроқорытпаларды шығаруды 426,9 мың тоннаға дейін әртүрлі диаметрдегі құбырларды, прокат бұйымдарын өндіруді – 37,9 мың тоннаға дейін өсіріп қуантып отыр. Сондай-ақ, отандық фармацияда да экономикалық өрлеу бар. Дәрі-дәрмектер өндірісі 3,6 млрд. теңгеге өссе, өзге фармацевтикалық препараттар 548,5 млн. теңгеге ұлғайды. Республикамызда жұмыссыздардың саны азайды. Жалдамалы жұмысшылардың саны 1,7 миллионға жетті. Осы уақыт аралығында қазақстандықтардың нақты табысы 2,6 есеге артты. Оқушылар саны бір жарым есеге артып, керісінше жұмыссыздар саны бір жарым есеге қысқарды. Биылғы жылдың басында 106,5 мың жұмысшыларға деген қажеттілік туындады. Механик, темір ұстасы, дәнекерлеуші, жүк көліктері мен мамандандырылған көліктердің жүргізушілері, жабдықтаушы операторлар, электромонтажшы т.б. мамандарға сұраныс артып отыр. Сол себептен 1 шілдеден бастап аталмыш бағдарлама пилоттық режимде іске аса бастады. 

«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша, «Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» шеңберінде кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне 13,3 млн.теңге көлемінде нысаналы трансферттер бөлініп отыр. Ағымдағы жылы оқуға 48 мың адамды, оның ішінде кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында кәсіптік даярлауға 18 мыңнан астам адамды жіберу жоспарланған. Бағдарламаның үшінші бағыты «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасу және бизнесті дамытуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға қолдау шаралары көзделді. Оған экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын өз бетінше жұмыспен айналысатын, жұмыссыз және табысы аз адамдар қатарындағы азаматтарға берілу көзделген. Бұл елдегі еңбек ресурстарының ішкі көші-қонының процесін және экономикалық өсу орталықтары мен экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге еңбек ресурстарын тартуды тәртіпке келтіруге септігін тигізбек. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз