Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Талдау мен сараптама Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан археологиясы: негізгі қорытындылары мен келешегі

Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан археологиясы: негізгі қорытындылары мен келешегі

27 Тамыз 2013
17
0

Байтанаев Б.А.

Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан археологиясы: негізгі қорытындылары мен келешегі

Қазақстан археологиясы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде-ақ қалыптаса бастады. Қазақстан археологиясының шарықтау шегіндегі шешуші оқиға – 1991 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының құрылуы болды (ҚазКСР Министрлер кабинетінің 1991 жылы 28-тамыздағы № 496 «Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының құрылуы туралы» Жарғысы). Институт Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы бола отырып, Республикадағы археология ғылымын басты үйлестіруші ретінде өзінің жиырма жылдық шығармашылық және жасампаз жолын лайықты жүріп өтті.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты бірден құрылған жоқ. Оның қалыптасуы кеңестік уақытта,1946 ж. ұйымдастырылған Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология и этнография институты қабырғасында басталды.

Институттың Ә.Х. Марғұлан атын алуы да кездейсоқтық емес. Қазақстан археологиясының қалыптасуы тікелей осы тұлғаның есімімен байланысты. Әлкей Хақанұлы жан-жақты ғалым ретінде әсіресе, тарих, филология ғылымдары мен шығыстану төңірегінде көп еңбек сіңіріп, археологияға ерекше қарады. Сондықтан да ғалым ҚазКСРҒА құрылған соң, бірден Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының алғашқы археологиялық экспедициясын жасақтады. Бұл экспедиция кейіннен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы болып аталды және ғалымныңжетекшілігімен 20 жыл бойы жұмыс жүргізді. Ғалым экспедициясының көп жылдық зерттеулерінің басты нәтижесі,тарихшылар, археологтар және жалпы қоғам арасында мойындалып, бағасын алған Орталық Қазақстандағы Беғазы-дәндібай мәдениетінің ашылуы болды.

Соғыстан кейінгі жылдары басталған Қазақстандағы археологиялық зерттеу жұмыстары жоспарлы және жүйелі сипатта жүргізілді.

Қазақстандық археолог мамандарды даярлауда А.В. Арциховский, М.Е. Массон, С.П. Толстов, А.Н. Бернштам, М.П. Грязнов, С.С. Черников, П.И. Борисовский, А.М. Беленицкий, Л.Р. Кызласов және т.б. кеңес ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осыған байланысты Кеңес дәуірінде Қазақстанда еңбек еткен Е.И. Агеева, А.Г. Максимова, Е.И. Сенигова, К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзакович, Х.А. Алпысбаев, М.Қ. Қадырбаев, С.М. Ақынжанов, Б.Н. Нұрмұханбетов, Т.М. Савельева, Ж.Қ. Құрманқұлов, З. Самашев, А.С. Ермолаева және өзге де көптеген ғалым-археологтарды атап өтпеуге болмайды. Олар өз еңбектері және жеткен жетістіктерімен болашақ дербес Археология институтының іргетасын қалады.

1991 жылы құрылған Археология институты Қазақстан археология ғылымының алдына келесі негізгі ғылыми бағыттарды міндет етіп қойды:

«- тас дәуірінде Қазақстан аумағында алғашқы қоғамдық адамдардың таралып орналасуы,антропогенез мәселелерін талдау;

- археологиялық деректер бойынша қазақ этногенезін зерттеу;

- өндіруші шаруашылықтың (малшылық және егіншілік) пайда болуы мен дамуы мәселелерін зерттеу. Палеоэкономика, ежелгі технологиялар эволюциясы мәселелері;

- көшпенділікті, ежелгі және орта ғасырдағы урбанизация, көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысын зерттеу;

- археология, ежелгі өнер және сәулет ескерткіштерін зерттеу. Мәдени мұраны сақтау мәселелері» (Байпаков, 1992, с. 3).

Осы міндеттерді шешу үшін институтта төмендегідей бөлімдер құрылды:

- алғашқы қауым археологиясы;

- орта ғасыр археологиясы;

- жаңақұрылыс экспедициялары;

- археологиялық ескерткіштер Жинағы;

- археологиялық технологиялар зертханасы;

- археология мұражайы.

Институттың ашылуы Қазақстанның археологиялық мектебінің нәтижесі. Бұған қазақстандық ғалымдардың ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы – мәдениеттер диалогы жолы»(Байпаков, 1993, с.5) атты халықаралық жобасына қатысуы және Алматыда ЮНЕСКО-ның халықаралық семинарының өткізілуі дәлел бола алады (Взаимодействие кочевых и оседлых ..., 1991).

Өтпелі кезең мен бұрынғы одақтық республика экономикасының күйреуіне байланысты Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар археология ғылымы қалыптасуының бастапқы кезеңіне де әсер етті. Бұрынғы ғылыми байланыстар жоғалып, бұрынғы одақтас республикалардың кітапханаларында, мұрағаттар қорларында жұмыс істеу қиындады. Дегенмен де, далалық археологиялық жұмыстарды қаржыландырудың жоқтығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы археологиялық топтарының өзара қарым-қатынасына әсер ете алмады. Керісінше, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа ғылыми байланыстар пайда болды.

Қазақстанға алыс және жақын шетел ғалымдары мен экспедициялары бет бұра бастады. Бұған 1990 жылдардағы Ботай мәдениетінің зерттелуі, қазақ-орыс, қазақ-американ, қазақ-француз экспедициялары жарқын мысал бола алады. Бұл мәселе бойынша профессор В.Ф. Зайберт: «Тәуелсіз Қазақстан құрылған соң, Ботай қонысына Англия, Америка, Германия ғалымдары келе алатын болды. Олардың сапарлары барысында Ботай материалдарын зерттеудің ортақ бағдарламалары қабылданды және 1994 жылы мен Британ университеттерінде Ботай жөнінде дәрістер оқыдым және Ботай мәдениеті туралы Кембридж археологиялық мұражайында көрме ұйымдастырылды, сондай-ақ, 1995 жылы Ботайда «Еуразияның ерте заманғы жылқы өсірушілері» атты халықаралық симпозиум өткізіліп, оған жақын және алыс шетелдің16 елінен 80 ғалым қатысты» – деп жазады (Зайберт, 2005, с. 161-162)

1992 жылдан бастап қазақ-ресей экспедициясы құрылып, халықаралық «Ежелгі адам палеоэкологиясы және Еуроазиялық материктің алғашқы игерілуі» атты бағдарламаны іске асыру үшін Ресей мен Қазақстан аумағында біріккен жұмыстар жүргізілді. Ресей жағынан А.П. Деревянко басшылығымен РҒА СБ Археология және этнография институтының мамандар тобы жұмыс істесе, Қазақстан жағынан – Ж.Қ. Таймағамбетов басшылығымен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізді.

1995 жылдан 2000 жылға дейін экспедиция «Қазақстанның қуаң аймақтар палеолиті: кезеңдеу және хронологиясы» атты жобаны жүзеге асырды. Бұл жұмысқа Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де қатысты. 2000 жылдан бастап жобаға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қосылды. Алынған нәтижелер Бельгия, Голландия, Ресей мен Қазақстанда өткен халықаралық форумдарда жақсы баға алды(Деревянко, Таймагамбетов, Петрин, 1999, с. 29-30).

«Біріккен Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясының ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесі – ерте, орта және кейінгі палеолит кезеңдеріне жататын жаңа табылу орындарының ашылуы болып табылады. Плейстоцен дәуірінде Орталық Азия аумағын ежелгі адамның орнығуы үрдістерін көрсететін қызықты мәліметтерге қол жеткізді. Оңтүстік Қазақстанның травертинді нысандарында атқарылған жұмыстардың жер бетінде жатқанартефактілер кешендерін зерттеумен үйлестіре жүргізілуі – ежелгі адамның палеоэкологиялық өмір сүру жағдайын қалпына келтіру үшін және қуаң аумақтарды мекендеген адамзат қоғамының бейімделу жүйесін қалпына келтіруге тырысу үшін де ерекше маңызды. Бұл бізге адамзаттың Еуроазиялық материктің қуаң аудандарын игеруі уақыты, ерекшелігі мен бағыты туралы біршама батыл сөз қозғауға мүмкіндік береді» (Деревянко, Петрин, Зенин, Таймагамбетов, 2003, с. 7).

1993 жылы Қазақстандағы тасқа салынған суреттерді зерттеу бойынша қазақ-француз экспедициясы құрылып, оның құрамына Археология институты, «Қазжобалауқайтажаңғырту» институты және Францияның Ұлттық ғылыми зерттеу орталығымамандары кірді. Экспедицияның негізгі мақсаты – Қазақстан петроглифтері Корпусына материалдар даярлау; тасқа салынған суреттерді көшіру; геохимиялық сараптамалар; петроглифтерді сақтау әдістемесін талдау. Петроглифтерді геохимиялық сараптамадан өткізу қызықты нәтижелерге қол жеткізді, ол бойынша жартастардың бетінде өмір сүретін микроорганизмдережелгі ауа райы туралы әртүрлі мәліметтер жинақтайтыны анықталды. Петроглифтер салынған жартастарда орналасқан бактериялар өте ұсақ органикалық қалдықтарды қатпарлайды, осы бактериялар мен обалардан табылған археологиялық жәдігерлерге салыстырмалы сараптама жүргізу суреттердің жасын анықтауға мүмкіндік береді (Самашев, Туякбаева, 1993, с. 92-93).

1997 жылы З. Самашевтың жетекшілігімен құрылып, құрамына Францияның Орталық Азиядағы археологиялық миссиясы мен Италияның Лигабуе ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері және Ресей, Италия, Швеция ғылыми ұйымдарының өкілдері енген халықаралық экспедиция жұмысы өте нәтижелі болды. Экспедицияның негізгі мақсаты Қазақстан Алтайының ежелгі көшпелілерінің ескерткіштерін толыққанды зерттеу. Халықаралық жоба шегінде Майемер, Тарасу, Берел қорымдары зерттеліп, тасқа салынған бейнелердің жаңа ескерткіштері ашылды (Самашев, Франкфорт. и др., 1998, с. 174-175).

Берел сақ қорымын, әсіресе 11-обаны зерттеу нәтижесінде таңқаларлық нәтижелерге қол жетті. Обаның тас үймесінің астында түзілген мәңгілік мұздақ арқасында адамдар, жерленген жануарларқалдығы, киіз, тері, ағаш бұйымдары мумияланып сақталған (Самашев, Франкфорт, 1999, с. 33-37). Бұл жәдігер әртүрлі әдебиеттерде кеңінен жарық көріп, әлемдік деңгейдегі ерекше ашылу ретінде жоғарғы бағасын алды және Алтайдың ежелгі көшпенділері мәдениетін зерттеуге маңызды үлес қосты.

К.М. Байпақов жетекшілік еткен қазақ-американ экспедициясы қоныстан урбанизацияға дейінгі эволюция үдерісін анықтауды негізгі мақсатта ұстап, Талғар аймағында сақтардан орта ғасырға шейін аралықты қамтыған кезеңде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Экспедиция жұмыстарына Қазақстан жағынан К.М. Байпақов, Т.В. Савельева, Ф.П. Григорьев, Ю. Пешков, Ә.Манапова, О.В. Кузнецова, Т.В. Трифонова, АҚШ жағынан - К. Чанг, П. Туртеллотт, К. Райн, А. Розен, М. Форштадт, Б. Руан, С. Танака секілді ғалымдар қатысты.

1997 жылдан бастап Қазақстанда конкурс негізінде тәуелсіз ғылыми-техникалық сараптама жүргізіліп, іргелі және қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламалар жүргізіле бастады. Археология институтының алғашқы іргелі бағдарламасы «Қазақстанның ежелгі мәдени мұрасы: қайнар көздері және дәстүрлері» деп аталып 1997-1999 жылдары жүргізілді(Байпаков, Петенева, 2001, с. 8). Содан бері институт, Қазақстанның басқа да көптеген ғылыми ұйымдаросы бағдарлама аясында қызметтерін жүзеге асырды.

Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен 1998 жыл Ұлттық тарих және ұлттар бірлігі Жылы болып жариялануықазақстандық археологтар үшін атаулы болды. Осы жылы Мемлекеттік «Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендеу, сақтау және түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын дамытуды сабақтастыру және туристік инфрақұрылымын құру» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға зерттеу бойынша Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігінде орналасқан 30 ескерткішті қалпына келтіру, мұражайландыру және сақтау секілді іс-шаралар кешеніенді (Байпаков, Петенева, 2001, 8 б.).

Халық бірлігі және ұлттық тарих жылында К.А. Ақышев жетекшілік ететін Есіл экспедициясы құрылып, өз алдына Нұра-Есіл өзендері аралығында археологиялық және палеоэтнографиялық зерттеулер жүргізудіміндет етіп қойды,негізгі мақсаты ортағасырлық қалалық мәдениет ескерткіштерін анықтау және топографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, болашақ ауқымды қазба нысандарын анықтау болды (Акишев, 1999,с. 5).

Осы жылы К.А. Ақышев экспедицияның нәтижелері бойынша былай деп жазды: «Биылғы жылы біздің зерттеушілер тапқан жәдігерлер ежелгі және орта ғасыр кезеңіндегі тарихи-мәдени даму сұлбасын анықтауға және зерттеу жұмыстары келешегін бағалауға мүмкіндік береді. Ертіс-Есіл-Нұра өзендері аралығы әртүрлі тарихи дәуірлерге жататын көп санды археологиялық ескерткіштері бар далалық аумақ болып табылады» (Акишев, 1999, с. 5-6).

1990жылдарқазақстандық археология үшін ерекше маңызды болды, нарықтық экономиканың жаңа жағдайларына ғылым мен археологтардың бейімделуі жүзеге асты. Далалық зерттеулерге жеке, заңды және корпоративті қаражаттар мен халықаралық қорлардың қаржылары тартыла бастады.

1990жылдардың өтпелі кезеңіндегі қаржылық қиындықтарға қарамастан, К.М. Байпақов жетекшілік ететін Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы, Ж.Қ. Құрманқұлов жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы, К.А. Ақышев жетекшілігімен Жетісу кешенді археологиялық экспедициясы, З. Самашев жетекшілігімен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы, М.Қ. Хабдулина жетекшілігімен Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, Л.Б. Ерзакович жетекшілік ететін Қазақстан жаңақұрылыс археологиялық экспедициясы, Е.Ә. Смағұлов жетекшілігімен Түркістан археологиялық экспедициясы, А.З. Бейсенов жетекшілігімен Сарыарқа археологиялық экспедициясы, В.А. Грошев жетекшілігімен Қазақстанның археологиялық ескерткіштері Жинағы экспедициясы, А.М. Досымбаева жетекшілігімен Мерке археологиялық экспедициясы, Б.Н. Нұрмұханбетов жетекшілік ететін Алматы жаңақұрылыс археологиялық экспедициясы өз жұмыстарын жалғастырды.

1990жылдары бұл экспедициялар Маңғыстау үстіртінде, Арал теңізінің сол жағалауында, Жетісуда, Шығыс және солтүстік Балқаш маңында, Шығыс Қазақстанда, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы 115 археологиялық ескерткіште ауқымды барлау жұмыстарын және тұрақты археологиялық қазбалар жүргізді (Байпаков, Петенева, 5-6 бб.).

ХХ ғ.аяғы – ХХІ ғ. басы Қазақстан археологиясы үшін аймақтарда ғылыми-зерттеу орталықтары мен археология институттардың ашылуымен есте қалды.

1996 жылы Түркістан қаласында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан Археология ғылыми-зерттеу институты ашылып, 1998 жылы жеке ғылыми-зерттеу орталығы болып қайта құрылды.

1996-1999 жж. Археология орталығын З. Исабеков басқарса, 2001-2008 жж. профессор М. Елеуов,2008 ж. бастап бүгінгі күнге дейін профессор С. Жолдасбаев жетекшілік етуде. Бұл археология орталығында әр жылдары белгілі археологтар – К.М. Байпақов, О. Ысмағұлов, З. Самашев, Ж.Қ. Таймағамбетов, Р.З. Бурнашева, А.Б. Қалышев, Д.Ф. Винник, Д. Тәлеев, М. Қасенов және т.б. жұмыс істеді. Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті орталығының археологиялық экспедициялары Қаратаудың солтүстік және оңтүстік беткейлерінде орналасқан ескерткіштерде зерттеу жүргізу барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Кең ауқымды барлау жұмыстары жүргізілді. Бұрын белгісіз болып келген жүздеген жаңа ескерткіштер анықталды. Оңтүстік Қазақстанның жекелеген аудандардың ескерткіштер жинақтары құрастырылды. Төрткүлтөбе, Қарашық, Сауран, Сығанақ қалаларында жүргізілген қазба жұмыстары біздің Оңтүстік Қазақстанның қала мәдениеті туралы түсінігімізді өзгертіп, жаңа материалдармен толықтырды.

2003 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанынан Сарыарқа археологиялық институты (САИ) ашылды. Институттың құрылуы өз бастауын университетте В.В. Евдокимов жетекшілік ететін археологиялық зертхана жұмыс істей бастаған 1976 жылдан алады. 1994 жылы бұл зертхана Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп Орталық Қазақстандағы археология бөлімі болып қайта құрылды. Сарыарқа археологиялық экспедициясы Орталық Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу және сақтауға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. «Андрон мәдени-тарихи қоғамының жерлеу ғұрыптары», «Қыш ыдыстар қола және ерте темір дәуіріндегі Қазақстан тұрғындары тарихының дерек көзі ретінде», «Қола дәуірінің соңындағы Орталық Қазақстан», «Қазақстанның ежелгі тайпаларының дүниетанымы мен әлеуметтік құрылымын қалпына келтіру (б.з.д. 2-1 м.ж.)» атты ғылыми тақырыптар зерттелді.

2002 жылы профессор М.Н. Сыдықов жетекшілігімен және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қатысуымен Батыс Қазақстан Тарих және археология орталығы құрылды. Орталық жұмысы құрыла салысымен, арнайы жасалған мемлекеттік және аймақтық бағдарламалары арқылы жұмыс істей бастады. Бұл жылдары орталық мың жарымдай археологиялық ескерткіштерді анықтады. Жайық қаласында, Лебедевка, Қырық оба, Бұлдырты, Солянка, Илешкер, Үлгілі, Ақсай және т.б. қазбалар жүргізілді(Археологическая карта ЗКО, 2009, с. 11-14).

2006 жылдың қаңтарында Ақтөбеде А.А. Бисембаевтың жетекшілігімен Облыстық тарих, археология және этнография орталығы құрылып, бірден өз аумағында барлау және қазба бағытында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Бүгінгі күні орталық Ақтөбе облысының жалпы аумағының 50% жалпы зерттеумен қамтып, облыстың бес ауданы бойынша Табиғат және тарихи-археологиялық ескерткіштер Жинағын шығарды.Ірі қазба зерттеулері Гүрілдек, Сарытау, Оңайбұлақ, Талдысай, Сапыбұлақ қорымдарында жүргізілді. 2009 жылдан бері Орталық Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты мен Герман археологиялық институты мамандарымен бірлесіп, Ақтөбе облысының «Ор-Елек өзендері аралығындағы ерте көшпенділердің ескерткіштері» атты аймақтық бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.Орталық дәстүрлі халықаралық «Қадырбаев оқулары» конференциясы жарияланымдарымен де танымал.

Әсіресе, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрамында құрылған Археология ғылыми-зерттеу институтын ерекше атап өту керек. Институттың құрылуы археологтар мектебін қалыптастыру, археолог мамандарды тәрбиелеу және Есік обасындағы «Алтын адамды» ашуымен Қазақстанның археология ғылымының дамуына теңдессіз үлес қосқан Қазақстанның көрнекті археолог-ғалымы Кемел Ақышев есімімен байланысты. К.А. Ақышев атындағы Археология ҒЗИ Орталық Қазақстан аумағында археологиялық зерттеулер жүргізеді. ҚР БҒМ ҒК іргелі және қолданбалы бағдарламаларын, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын орындаушы болып табылады және ортағасырлық Бозоқ қаласында қазба жұмысын жүргізуде. Қазба барысында жаңа ғылыми-техникалық әдістер қолданылып, сәулет-археологиялық құрылыстарды қалпына келтіру және қайта жаңғырту әдістері өңделіп қолданылады. Археологиялық нысан жағдайының мониторингі жүргізіледі. Алынған нәтижелер оқу үрдісінде қолданылады.

Жақында ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан археологиялық орталық құрылды. Бұл орталықтың құрылуы ректор У.А. Жолдасбековтың бастамасымен 1971 жылы құрылған археология кафедрасының қызметіне байланысты болды. Осы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің археология кафедрасынан ғылымда лайықты орын алған бірқатар ғалымдар білім алып шықты. Олардың арасынан Ж.К. Таймағамбетов, Ә.Т. Төлеубаев, С.И. Әжіғали, М.Е. Елеуов, Е.А. Смағұлов, М. Қожа және т.б. атап өтуге болады. Әр жылдары кафедрада Ә.Х. Марғұлан, С.С. Черников, Ю.А. Заднепровский, М.П. Грязнов, К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, О.И. Ысмағұлов, Х.А. Алпысбаев, Х.А. Арғынбаев және тағы да көптеген белгілі ғалымдар дәрістер оқыған. Тарих ғылымы саласында жоғары білікті мамандар тәрбиелеу секілді маңызды әлеуметтік тапсырысты орындаудан өзге, археология кафедрасы Қазақстанның бай мұрасын зерттеу нәтижесі бойынша да жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер тас ғасырын – Ж.Қ. Таймағамбетов, қола дәуірін – Ә.М. Оразбаев, ерте темір ғасырын– Ә.Т. Төлеубаев, қалалық мәдениетті – М.Е. Елеуов, С.Ж. Жолдасбаев, Н. Алдабергенов зерттеулерінің нәтижелері бойынша белгілі.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде археологиялық зерттеулер зертханасы белсенді жұмыс істейді. 1998 жылдан бері археологиялық зерттеулер зертханасына және Торғай археологиялық экспедициясына А.В. Логвин жетекшілік етуде. Зертхананың негізгі бағыты – Қостанай облысының археологиялық ескерткіштерін іздестіру және зерттеу. Тас, қола дәуірлерін, Торғай аумағының алғашқы қоғамдық тайпаларының антропологиялық түрлері және алғашқы қауымдық құмырашылықты зерттеу бойынша бірнеше негізгі ғылыми-зерттеу тақырыптары қарастырылуда.Зертхана мамандары ашып, зерттеу жүргізген көптеген ескерткіштер арасынан 1991 жылдан бері зерттеліп келе жатқан Бестамақ қорымынбөліп көрсетуге болады. Бұл ескерткіш Қазақстан Республикасы аумағындағы ерекше ескерткіш болып танылған зерттеудің жиырмажылдық кезеңінде 170-тен астам жерлеу орындары мен діни құрылыстар аршылып, зерттелді.

2002 жылы М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Археология және этнология» кафедрасы, 2007 жылы «Археология» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Ректоры В.К. Бишимбаевтың ат салысуы және жеке бақылауға алуының арқасында «Оңтүстік Қазақстан облысын этномәдени және тарихи зерттеулер бойынша Бағдарлама (2001-2003 жж.)» жасалды (Аталған бағдарлама М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ Ғылыми Кеңес отырысында бекітілді (№ 9 хаттама, 09.10.2001 ж), ал одан сәл бұрын Қазақстан Республикасы Вице Премьер-министрі И.Н. Тасмағамбетов тапсырмасы және жоғарғы және орта білім беру Департаменті директорының хатына сәйкес М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша этномәдени және тарихи мәселелері бойынша базалық жоғарғы оқу орны ретінде анықталды (2001 жыл 4 шілде (№ 24-2/и-643). Бұл «Бағдарлама» сол жылдары Бүргелік жерінде орналасқан археологиялық нысандарды зерттеуді мақсат етіп қойды. Университеттің археологиялық экспедициясы Бүргелік ескерткіштерін зерттеуде Қазақстанның оңтүстігінде өзгеше қаржантаулықдеп аталатын қыш ыдыстар түрі бар кейінгі қола дәуірінің қонысын алғаш рет ашу арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізді (Байтанаев, 2010, 32-39 бб.).

М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ археологиялық экспедициясы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде (2004-2009 жж) және ҚР БҒМ қолданбалы және іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша (2006-2008 жж.)зерттеулер жүргізді. Сайрам (Байтанаев, 2007, с. 62-81), Шымкент (Байтанаев, 2008, с. 31-37), Қараспан, Жуантөбе, Төрткүлтөбе және т.б. қалаларда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қаржантау, Қаратау, Қазығұрт таулары баурайларында өте үлкен көлемде барлау жұмыстары жүргізілді. Шымкент және Сайрам қалаларының жасы анықталды. Ерте көшпенділердің қорымдары зерттелді.

Қазақстанның тәуелсіздік кезеңінде Мәдениет министрлігінің музейлері де археологиялық жұмыстар жүргізді. Олардың арасынан Орталық музейді, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін, «Әзірет сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейін ерекше атап өту керек. Музей қызметкерлері арасынан тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанның археология ғылымына үлес қосқан М. Қожа, Ф. Григорьев, М. Тұяқбаев, А. Ержігітова, Е. Есжан, С. Ақылбек, С. Ахмет және т.б. мамандардың орны ерекше.

2000 жылдан бастап Қазақстан археологтары әртүрлі ірі халықаралық жобаларға қатысып келеді. Олардың бірі халықаралық ЮНЕСКО - Қазақстан – Жапония «Отырар қаласы мен Отырар алқабы ескерткіштерін қорғау мен сақтау» (2001-2004 жж.) жобасы болды. Жобаны орындау үшін Англия, Германия, Жапония, Италия, Қазақстанның тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық мамандар тартылды. Бұл жоба кейіннен К.М. Байпақов жетекшілік еткен «Ежелгі Отырарды жаңарту» бағдарламасымен жалғасты.

Осындай жобаларды іске асырудың бірінші кезегінде, академик К.М. Байпақов жетекшілігімен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Отырар алқабына көп жылдық зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. 40 жылдың ішінде Отырар, Құйрықтөбе, Оқсыз, Көкмардан, Алтынтөбе, Пұшықмардан және т.б. қалалар зерттелді.

ЮНЕСКО жобасы аясында жүргізілген зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту іс-шаралары Отырар алқабы ескерткіштерін Ұлы Жібек жолы бойындағы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға жағдай жасауға мүмкіндік берді. Қам кірпіштен тұрғызылған археологиялық сәулет құрылыстарынсақтау, қайта жаңғырту және құжаттау бойынша жаңа әдістер жасалды.

2004 жылдан бері Қазақстан археологиясы қазіргі күнге дейін жалғасып жатқан дамудың жаңа қарқынына ие болды. Қазақстанда бүкіл әлемде теңдесі жоқ «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды.

Бағдарламаның алғашқы кезеңі 2004-2006 жж., екіншісі - 2007-2009 жж. іске асты, үшіншісі 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін жүргізілуде. Зерттеу нысандары ретінде негізінен бұрыннан белгілі, айшықты археологиялық ескерткіштер таңдалып алынды. Бұл кезеңдер бойы Қазақстан археологтары жыл сайын 35-тен астам нысандарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы жұмыстар нәтижесінде тас ғасырынан кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын өте үлкен археологиялық материал жинақталды, ал бұл материалдарды ғылыми ұғыну үшін бірнеше онжылдықтар керек болатыны сөзсіз.

Біздің алдымызда ең алдымен жаңадан қабылданған Ғылым туралы заңда анықталған жаңа міндеттер тұр. Ол бойынша археологияның дамуы екі бағытпен – іргелі және қолданбалы бағыт бойынша дамиды.

Тарихи зерттеулерде, білім беру мен халық ағарту саласында басымдықтағы бағдар ретінде Қазақстанды еуразиялық мәдениетке жатқызу жөніндегі ереже саналады. Бұған отырықшы және көшпелі мәдениет, қала мен дала, әртүрлі этникалық, тілдік, сенім дәстүрлердің өзара байланысы мен дамуы тән және Қазақстан аумағындағы мәдениеттердің үздіксіз даму сабақтастығын көрсетуге болады.

Біз үшін қазақстандық іргелі археология ғылымының келесі даму бағыттары: антропогенез, адамзаттың пайда болуы және Қазақстандағы мәдениеттің ерте кезеңдерін зерттеу; адамзат тарихи даму үрдісіне Қазақстанның әсері мәселесін теориялық талдау; Қазақ хандығы дәуіріне дейінгі көшпенділер мәдениетін зерттеу; ежелгі дәуірмен орта ғасырдағы көшпенділер мәдениеті мен отырықшылық өркениеттің өзара байланысын, оның ішінде Қазақстанның ежелгі қала өркениетінің алғашқы кезеңі туралы мәселені зерттеу; мұсылман мәдени кеңістігінің бір бөлігі ретінде дамыған орта ғасыр кезеңіндегі X-XVIIIғғ. Қазақстан қалалары мәдениетін зерттеудегі археологияның рөлі; Еуразия тарихында маңызды рөл ойнаған ірі этностардың бірі – түркі халықтарының ғылыми тарихын жазу маңызды болып табылады

Инновациялық бағыттар арасынан ландшафттық археология, экологиялық археология, этноархеология, оның ішінде әсіресе дәстүрлі қазақ мәдениетін зерттейтін бөлігін ерекше атап өтуге тиіспіз. Ары қарай археологиялық сәулет, археологиялық дінтану, археологиялық технологияларды зерттеу серпін алуы керек. Бұл бағыттардың бәрі жаңа компьютерлік технологиялармен, құжаттау, картография, хронология бойынша жаңа құралдарымен жалғасуы қажет. Дегенмен, пәнаралық зерттеулерге маңызды орын берілуде. Іргелі зерттеулердің негізгі нәтижелерін алдымыздағы бесжылдықта даярланып жарыққа шығатын көптомды «Қазақстан археологиясы» жарияланымында жарыққа шығару көзделуде.

Қазақстан экономикасының қарқынды өсуі, үлкен құрылыстар, бос жерлерді халық шаруашылығында пайдалану секілді факторлар әсерінен тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтауға байланысты проблемалар туындады.

Бүгінгі таңда, Қазақстанның үлкен аумағын игеру барысында жыл сайын археологиялық ескерткіштер тобы жойылуда.

Бұл бірінші кезекте, ҚР «Тарихи-мәдени мұраны қорғау туралы» Заңының дұрыс қадағаланбауы себебінен болуда.

2007 жылы аталған Заңға өзгерістер енгізіліп, онда жер телімі бөлініп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек екендігі айтылған. Дегенмен Заң көп жерлерде сақталмай, Қазақстанның әртүрлі облыстары аумағындағы археологиялық ескерткіштерге алдын ала зерттеу жүргізілместен және құзыретті органдардың рұқсатынсыз жеке меншікке берілу және құрылыс барысында жойылу фактілері орын алуда.

Олай болса, Қазақстанның қолданбалы археологиясы бірінші кезектеөз күш-қайратын құрылыс және жерді шаруашылық игеру жағдайында толықтай жойылып кету қаупі туып тұрған ескерткіштерді сақтап қалуға бағыттауы керек. Қазақстан археологтары кей жерлерде өз еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтап қалу үшін құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Республикадағы басты ұйым ретінде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының рөлі бүгінде үйлестіруші және ұсыныс беруші ретінде болуы керек.

2011 ж. 26 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында Қазақстанда тұңғыш рет археологтардың Жазғы мектебі өткізілді. ТМД елдерінің тарихи-мәдени мұрасы Жылына орай ТМД аясындағы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығы Халықаралық қорының басшылығымен Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты ұйымдастырған бұл шара Түркістан археолгиялық экспедициясының негізінде өтті.

Жазғы мектептің жұмысына Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан елдерінің және көптеген Қазақстан өкілдері қатысты.

Мектептің жұмыс бағдарламасы ауқымында төмендегі тақырыптар бойынша лекциялар мен баяндамалар, дискуссиялар мен мастер-кластар тыңдалды:

1.  Түркістан қала жұрты археологиялық ескерткіштері (Күлтөбе қонысы) бойынша қазба методикасы мен материалды тіркеу мәселесі.

2.  Көне Орта Азияның ғибадатханалары мен ғұрыптары.

3.  Орта Азияның көне және ортағасырлық діни орталықтары.

4.  Орталық Азияның археологиясы мен тарихындағы Сауранның ролі.

5.  Қазақстан діндері.

6.  Орталық Азияның археологиясы мен тарихындағы Сайрам – Испиджаб.

7.  Қазақстан археологиясында сақ мәдениетінің зерттелуі.

8.  Сидақ қала жұрты - ерте ортағасырлық Қазақстанның ғұрыптық құрылыстарын зерттеу дерегі.

9.  Отырар қалашығы Орталық Азияның тарихы мен археологиясында.

10.  Кенжидаокругі Орталық Азияның тарихы мен археологиясында.

11.  Бөріжар қорымы Орталық Азияның көне ғұрыптары мен діндері тарихын зерттеу дерегі.

12.  Археологиялық құжаттау методикасы.

Мектепке қатысушылар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарының жаңа тәсілдерін игерудің кәсіби дайындығынан өтті, Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасымен танысты, ескерткіштер мен музейлерді көрді, ТМД ауқымындағы археологиялық мұраны сақтаудың өзекті мәселелерін талқылады, археология мәселелері бойынша міндеттерді орындаудағы билік, археологиялық институттар мен БАҚ арасындағы іскерлік өзара ынтымақтастық пен кешенді тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.

Осылайша, тәуелсіздік кезіндегі Қазақстан археологиясы дамудың лайықты жолын жүріп өтті.

1991 жылдан 1997 жылға дейінгі уақытты - нарықтық экономиканың жаңа жағдайларына бейімделу кезеңі деп атасақ, 1997 жылдан 2004 жылға дейінгі кезең - тұрақтылық кезеңі, 2004 жылдан бастап бүгінге дейінгі уақытты - Қазақстан Республикасы экономикасының дамуын қамтамасыз ету және «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын - сілкініс кезеңі деп атай аламыз. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз