Басты бет Қазақ тарихшыларында тәуелсіз сана қалыптасты ма?

Қазақ тарихшыларында тәуелсіз сана қалыптасты ма?

26 Маусым 2013
210
0


Тәуелсіз сана
Соның ішінде: оқулықтардағы біріз­ділік­тің жоқтығы, кейбір оқиғалар мен тұлғаларға әртүрлі баға берілуі, әсіресе жо­ғары оқу орындарында Қазақстан тарихына бөлінген сағаттардың азаюы, тарихшы мамандығына гранттардың кеми түс­кені, арнайы кафе­дралардың жабылып қалғаны, мемлекеттік емтиханның алынып тасталуы және т.б жайттардың нәтижесінде тарихшы-про­фессорлар, оқытушылар мен ассистенттердің жұмысынан қысқартыл­ғаны едәуір белең алып, көптеген қиын­шылықтарға ұшыратып отыр. «Көрмес  – түйені де көрмес» дегеннің кебін киіп, ауызды құр шөппен сүрте бермей, нақтылы ғылыми табыстарды айтар болсақ, тәуел­сіздік жылдары Отан тарихы тың көзқа­распен, ұлттық мүддеге сай және жан-жақты, объективті, тарихилық ұста­ным­­да­рымен талдау нәтижесінде едә­уір жетістік­терге жетті. Осының арқа­сын­­да азаттықтың елең-алаңында 1993 жылдың өзінде «Қазақстан тарихы. Очерк» деген ұжымдық монография жарық көріп, еліміздің тарихын көне дәуірден бүгінге дейінгі діңін, негізгі жүйе-жүлгесін таңба­лап берді. Мұның өзі отандық мамандардың еркін еліміздің ата тарихын бұрмалаусыз-жұлмалаусыз, тәуелсіз санамен жазуға дап-дайын екендігін көр­сететін дерек емес пе?! Ал 2010 жылы жарық көрген «Қазақ­стан тарихы» бес томдығы Отан тарихын батыс, шығыс деректерімен толық­тырып, терең де мәнді, дәлел мен дәйекке табан тіреп, архив мәліметтерімен толық­тырған іргелі де күрделі еңбек екендігі көзі ашық зиялы қауымға анық. 

Әйткенмен Отан тарихында әлі де нақтылай түсетін, кейбір жағдайда орынсыз дау-дамай, артыс-тартыс туғызып жүр­ген, бірақ арнайы зерттеуді, салиқалы пікір алысуды қажет ететін мәселелер де баршылық. Олардың ішінде Ресейдің ат төбеліндей, бірақ биліктегі тарихшылары жасанды түрде жасырын пиғылмен туғы­зып жүрген бір күрделі жағдай – «Қазақ­стан Ресей империясының отары болды ма» деген негізінде  ғылыми емес, саяси мәселе де әредік-әредік қозғалып жүр.

Сонымен, Қазақстан Ресей империясы­ның отары болды ма? Бұл өте маңызды мәселе және ол Қазақстан Республикасының көптомдық тарихында, әсіресе Жаңа тарих пен Кеңестік дәуірлерге арналған томдарда жан-жақты баяндалуы керек. Ресей Ғылым Академиясы Ресей тарихы институ­тының директоры Ю.А. Петров: «өте өткір мәселе – әртүрлі халықтар мен аймақтар­дың Ресей мемлекеті құрамында болуын түсіндіру», – деп мейлінше дұрыс айтады, соны айта отырып, «Отан тарихшыларының көпшілігі (шамасы, Ресей Федерациясын нұсқайды) Ресей империясын отарлық империя деп санауды қаламайды (бұл жерде Оттоман және Габсбург империялары сияқты, континенталдық-құрлық империя деген оңды болар еді), осыған орай олардың Ресей мемлекеті құрамында болған уақы­тын отарлық дәуір деп атауға болмайды», – деп қорытындылайды.

Өкінішке орай, Ресейдің отандық тарих ғылымының аса құрметті жетекшісі Ю.А. Пет­ров бұл жерде Ресей империя­сы­ның мемлекеттік актілері мен оның көп­теген ресми құжаттарын, сонымен қатар КСРО ҒА академиктері А.М. Панкратова, Н.М. Дружинин және атақты М.П. Вяткин мен басқа белгілі кеңес тарихшылары зерт­теу­лерін жоққа шығарып, қарама-қарсы пікір айтып отыр. «Көпшілік» емес, шынында ат төбеліндей азғана ресейлік тарихшылар Ресей империясының отар­шылдық сипатта болмағандығы туралы пікірді ұстанып отыр, олардың қатарында тек РҒА Этнология және антропология институтының директоры В. Тишков, РҒА ТМД елдері инс­титутының директоры К. Затулин, сонымен қатар, А. Князев, А. Лобанов, В. Третьяков, А.Д. Дугин, С. Козлов және басқалары бар, бірақ оларды «көп­ші­лік» деп атауға болмайды. Сонымен, бұл ре­сейлік құрмет­ті әріптес-ға­лым­дар тарих ғы­лымында А. И. Солже­ни­цын­ның, М.С.Гор­бачевтың және В. В. Жи­­ри­новскийдің айтқандарын өз­дерінше, жаңа сарынмен қайталауда. Соңғысы Қа­зақ­станда «персона нон грата» (дипломатиялық өкілдіктің елге келуін үкімет қаламайтын адамы) атанды.

Бұрын тарих ғылымында, Ресей империясы мен КСРО-да, сонымен қатар Кеңес Одағына кіретін басқа ұлттық республикалар мен облыс-округтерде бұл мәселе ешқандай пікірталастар да, келіспеушілік­тер де тудырмаған, сонымен қатар сол кездің нақты шындығы ретінде дәлелденген болатын. Тек кейінгі жылдары ғана Ресей мен Кеңес Одағында ғасырлар бойы қа­лыптасқан тарих ғылымындағы жан-жақты және нақтылы дәлелденген тұжы­рымды қайта қарауға әрекет жасалуда. Бай­қауымызша, бұл жаңа жағдай Ресей Федерациясы басшылығының Кедендік Одақ түріндегі экономикалық интеграцияны дамыту үшін ғана емес, Ортақ эко­но­микалық кеңістік құру, Кеңес Одағына енген бұрынғы республикаларды өз төңі­ре­­гіне жинау сияқты геосаяси мақсатқа байланысты өрбіп отырған сияқты. Осыған байланысты әлемге әйгілі қоғамдық фактіні жасыруға болмас. Кеңес Одағына дейінгі дәуірде, Габсбург, Оттоман және Британ империялары секілді Ресей де отар империя болып табылатын. Тек айырмашылық мынада болды: Британ империясы теңіздің ар жағындағы аймақтарды отар етті, ал басқалары – жақын және алыс шектескен елдерді отар етті. Кейбір қадірменді ресей­лік тарихшылар мына бір жайтты ескер­мейді: Ресей халықтардың түрмесі болған, ал басқаны езіп отырған халық ешқашан азаттыққа қолы жетпейді, – деп көрсеткен  осы елдің талай  ұлы классиктері. Тек қана Ресей империясы ғана емес, сонымен қатар басқа империялар да полиэтникалық, по­ликонфессионалдық мемлекет болған, ал оның жеке бөлімдері, ұлттық өлкелері әлеу­меттік-экономикалық дамуында әр­келкі болды, метрополиядан артта қалған еді. Бұл белгілі жағдай. Дау жоқ, великорос­тер отар өлкелердің өкілдерімен салыстыр­ғанда, көптеген артықшылық­тарға ие болды. Мәселен, жұмыспен қамту мәселесінде, білім алуда, қызметте өсу бойынша және т.б. Тіл жағынан кемсітушілікті айтпаса да түсінікті. «Бұратаналарды» теміржолға, әсіресе пойыздар жүрісіне байланысты қызметтерге алмады. Басқа діни де, өзге де, ұлттық та төзімділік болған жоқ. Киевтегі кірпіш зауыттың приказчигі, еврей М. Бейлис (1913 ж.) ісін еске алайық. XIX ғ. соңы XX ғ. басында Ресейде еврей­лерді қырғынға ұшырату, басқа діндегілер­ді қуғындау, жабайы әрекеттерге  бару оқи­ғалары орын алды. Естеріңізде болса, Ресейде басқа ұлттың өкілдерін былайша атаған: жидтер, самоедтер, калбиттер және т.б. В.И. Ленин 1922 жылы «ұлтшылдық жөнінде тарихи тәжірибеде әрдайым дерлік біз, үлкен ұлттың өкілдері, сансыз көп зорлық жасап, кінәлі болып жүрміз, тіпті одан да асып – өзіміз байқамайтын сансыз көп зорлық, зәбір көрсетеміз, –  бұл жөнінде менің Еділдегі есте қалғандарымды еске алудың өзі-ақ жеткілікті: бізде бұра­тана халықтар­ды ылғи кемсітетін, полякты басқаша емес, «полячишка» деп атайтын, татарды басқа­ша емес, «князь» деп келе­меж­дейтін, украинды басқаша емес, «хохол» деп атайтын, грузинді және Кавказдың басқа да халық­тарын – «Капказ адамы» деп атайтын», – деп жазған-ды. Ол кездегі Ресей империясында отар халықтардың мәселесі бойынша үйлесімді саясат та жүргізілген жоқ, керісінше казактардың «іздестіру шаралары» жүргізілді, сонымен қатар ұлт-азаттық қозғалыстарға қарсы қатігез экспедициялар ұйымдастырылды, оларды пат­­ша­лық Ресейдің ірі қандықол қолбас­шы­лары – генерал-жаулаушылар Ермолов, Скобелев, Черняев және т.б. басқарды. Біздің көзқара­сымызша, сондықтан, Ресей империясы құрамында «ұлттық құрылым­дардың сі­ңісу» тезисі сын көтермейді. Бұл жағдайға Ресей тарихшыларының кей­біреу­лері айтқандай, империяның билеуші топтары жүргізген этникалық элиталармен тығыз байланыста болу туралы дәстүр­лі ұстаным болғаны да, осылардың нәти­жесінде көп­этникалық жүйенің бірік­ті­рілгені де, им­периялық «беріктік» болғаны да шындыққа жанаспайды. Мұндай аты шулы империя­лық «беріктік» болған да жоқ. Бұл «берік­тік» 1917 жылы ақпан мен қазанда тас-тал­қан болған-ды, оның күйреуіне Ресейдің құрамындағы езілген халықтардың ұлт-азаттық қозға­лыстары да өзінің қомақты үлестерін қосты ғой. Езілген ұлттар жұ­мыс­шы және шаруа қозғалысымен одақта­са отырып, басқа елдерді тонау үшін бас­талған бірінші дү­ниежүзілік соғысты тоқ­тату үшін күрес нәтижесінде, алдымен Ресей халықтарын «біріктірген» патшалық «феноменді», соңынан іріп-шіріген, дарынсыз Уақытша өкіметті құлатқан-ды. 1730 жылы 19 ақпанда Ресейдің бодандығын қабылдау туралы Анна Иоановна пат­шайым­ның Әбіл­қайыр ханға жіберген грамотасы, 1917 жылға шейін патша билігінің барлық жар­лықтары мен ереже­лерінде, генерал-гу­бернаторлардың есеп­терінде жә­не т.б. Қазақстанның отарлық жағдайла­ры көр­сетіледі. Қазақ­станды Ресейге бағынды­ру Империяның Азияның басқа елдеріндегі мүдделерін жүргізудегі стра­тегиялық мақсат болатын. I Петр 1722 жылы ерекше басып көрсетті: «Барлық Азия елдері мен жерлеріне бұл (Қазақ) орда кілт және қақпа. Сол себепті бұл орданы Ресейге бағындыру қажет, сол арқылы барлық Азия елдеріне байланыс жасап, Ресей үшін пайдалы және жағымды шараларды іске асыру керек». 

I Петр А.Тепкелевке төмен­дегі­дей тапсырма берді: «Егер ол орда нақ­тылы түрде бо­дан­­дыққа кіргісі келмесе, онда қанша болса да қаражатты аямай, миллион болса да, тек Ресей империясына бодан болуға мін­дет­тенген бір бет қағаз берсе де болғаны».

Қазақстан Ресейдің отары болғаны туралы патшаның генералдары, аға офицер­лері, отарлық биліктегі шенеуніктер, ға­лым­дар және т.б. өз уақытысында жазған болатын. Солардың ішінен бірнешеуін атап өтетін болсақ: М.А. Терентьев, В.В. Бартольд, К.К. Абаза және т.б. Ресей им­периясының отарлау саясатында ма­ңыз­ды рөл атқарған казак әскерлері туралы ең­бектерді де көрсетуімізге болады. Бұл туралы Қазақстанның кеңес тарихшылары­ның алғашқы буынынан С. Асфендияров, Т. Рысқұлов және т.б. жазған зерттеу­лері жарияланды. П.Г. Галузо 1934 жылы Ташкентте «Түркестан  –  колония» деген кітап шығарды. Қазақстандағы кеңес та­рих­шы­ларының екінші буын өкілдері­нің қа­тарында Б.С. Сүлейменов, Е. Бекмаханов және т.б. еңбектері Ресейдің Қазақстанды отарлау дәуіріне арналды; бұл жерде айта кететіні, олар Ресейге қосылуының прогресс болғанын да көрсетті. Бұл жерде ай­рық­ша мән беретін мәселе, КСРО ҒА ака­демигі А.М. Панкратова Қазақстан мен Ресейдің отары болғаны және де көп отар­­ларының бірі болғаны туралы өз ұстанымында нық тұра алды. 1943 жылы  М. Абдықалықов пен А.М. Панкратова редакциялығымен Қазақстан тарихы туралы еңбек жарыққа шықты, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы, қилы кезеңдерде шық­қан Қазақстан тарихы үш ірі дәуірге бөлі­неді: Бірінші бөлім: Қазақстан халық­тары тәуелсіздік кезеңінде (1860-шы ж. дейін); Екінші бөлім:  Қазақстан – Отар – (1860-шы жылдардан 1917 ж. дейін); Үшін­ші бөлім: Социалистік Қазақстан. 

Қазақстанды отарлау үрдісі казактарды қолдану арқылы XVII ғасырда басталған болатын. 1616 жылы Орал қаласына таяу маңда Жайық бекінісінің салынуы, қазақ­тардың Әбілқайыр ханның қарамағындағы бір бөлігі Ресейдің бодандығын өз еркімен қабылдауы; Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы және т.б. мәселе Тәуелсіз Қа­зақстан көк байрағын желбіреткен кезеңнен ақиқатпен зерделеніп, ғылыми нақтылы нысанға айналды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың 14 қазанында Стамбулда өткен қазақстан-түрік бизнес форумында сөйлеген сөзінде: «Біз барлық түркі халқының Отанында өмір сүреміз. 1861 жылы соңғы қазақ ханы өлтірілген соң, Ресей патшалығының, содан кейін Кеңес Одағының отары болдық. Қазақтар 150 жылда өзінің ұлттық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрыптарынан, тілінен, дінінен айрылуға аз-ақ қалды. Құдай жар болып, 1991 жылы өзіміздің тәуелсіздігі­мізді жарияладық. Сіздердің ата-бабала­рыңыз тарихи Отаны  – Түрік қағанатынан кетерде, түркі халқының атауын ала кетті. Әлі күнге дейін түріктер ең жақсы жігіт­терін «қазақ» деп атайды. Міне біз – сол қазақтармыз», – деген болатын.

Кеңес дәуірі кезеңінде қазақтарды Мәскеу билігінің отарлауының  сипаты мен тамырын терең саралап көрсетуіміз керек. Ол үшін мына жағдаяттарға терең мән берген жөн: Алаш қайраткерлері мен Қазақ коммунистері арасындағы айтыс-тартыс, саяси күрес, оның себептері мен салдары, Қазақстандағы 1918, 1921, әсіресе 1931-1933 жылдары жаппай ашаршылықты Орталық билік – Мәскеу әдейі ұйымдастыр­ған деген тұжырым қаншалықты дұрыс? 1970-1980 жылдары Қазақстанда «тоқырау» болды ма? – деген сияқты көптеген мәселе­лерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз керек, оны он томдықта көрсете отырып, оның ішінде бұл жергілікті коммунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір қалам­герлер Әліби Жангелдинді, Сәкен Сейфул­линді, Бақытжан Қара­таев­ты, Тұ­рар Рыс­құловты, Мұхамедияр Тұн­ған­шинді және де басқа Кеңес билігінде болған қайрат­керлерді «әшкерелейді», 1917-1930 жылдары қарқынды саяси қа­рама-қайшы­лықтар ара­сындағы жағдайды сая­си-таптық тұр­ғыдан қарастырмай, та­ри­хы­мызды игере алмаймыз. Ұлт ком­­­му­нистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олар­дың барлығы өзде­рінше қазақ хал­қының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РСФСР Халық Комиссарлар кеңесі төраға­сының орынбасары Т. Рысқұлов пен Қоқан автономия Үкіметінің төрағасы, уақытша үкі­меттің Жетісудағы комиссары М. Ты­ныш­­баевтың Түркістан-Сібір теміржо­лын са­лудағы бірлесіп атқарған қызметі жар­қын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі то­бының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да, билей бер» деген отарлық саясаттың іске асуында да жатыр. Бұл Орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сы­нақтан өткізу әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақ интеллигенциясы өкілде­рін жойып отырды. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтарында да орын алған еді. Осы көп­томдық «Қазақстан тарихында» М. Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес уақытысындағы Мұса Жалилді ардақтай алған татар та­рихшыла­рының қызметі үлгі бола алады. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын-сүргіні бойынша Кеңес өкіметі шектен шыққан қатыгездік көрсеткенін арнайы зерттеген жөн.

 Әйткенмен Отан тарихында әлі де нақтылай түсетін, кейбір жағдайда орынсыз дау-дамай, артыс-тартыс туғызып жүрген, бірақ арнайы зерттеуді, салиқалы пікір алысуды қажет ететін мәселелер де баршылық. Әсіресе Кеңес Одағының фа­шистік Германияға қарсы 1941-1945 жылдары жүргізген Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайы жөнінде әлі де зерттей түсетін мәселелер де жеткілікті, соның ішінде соғыстың нәтижесінде жау қолына түскен тұтқындар тағдыры, елдегі әлеу­меттік-демографиялық жағдай, қазақтар­дың шығыны және басқа жайттар арнайы зерделенуі тиіс. 

Тарихымызды жаңа­ша зерделеуде тарих саласын зерттейтін төрт ғылыми зерттеу институттары мен университеттердегі тарих кафедраларының жауапкершілігін күшейту қажет. Әсіресе Астанадағы «Мемлекет тарихы институты­ның» орны бөлек, оның билікке жақындығы да, қаражат пен кадр молшылығы да осы бетбұрыс жағ­дай­да үлкен рөлге ие етеді.  

«Істі бітіретін – кадрлар» деп бекер айт­паған, қазіргі жағдайда, тарихымызды жа­ңаша зерделеуде кадрлар тапшылығы – маман тарихшылар (Батыс Еуропа мен Шығыс тілдерін білетін, деректанушы, антрополог және т.б.) жетіспеуі белгілі жағ­дай. Док­торлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын арнайы ғылыми кеңестер жабылғалы біраз уақыт өтті. Диссертациялары даяр, жарияланған еңбек­тері жет­кілікті ізденушілер бар, бірақ олар­дың қорғауға мүмкіндігі жоқ, шетелдерде қорғауға рұқсат берілмейді. Осының бәрі еліміздегі докторлар мен кандидат­тардың санын күннен-күнге табиғи түрде азайта түсуде, қорғап жатқан доктор PhD-дер де шамалы, олардың деңгейі кандидаттан әлдеқайда төмен. Біздің министрлік ең жоғарғы ғылыми дәреже – ғылым саласын­дағы доктор (доктор по профилю) жөнінде ешнәрсе, бір сөз айтпайды, не білмейді, не жасырады. Сонымен біраз жылдан соң студенттерге лекция оқитын, не ғылыми зерттеу жүргізетін магистр, тіпті бакалавр болатын жағдайға ұшырауымыз әбден мүм­кін. Осы жағдайға байланысты тө­мендегі шараларды ұсынамыз: біріншіден, 2-3 жылға доктор-кандидат ғылыми дәре­жесін қорғайтын кеңестерді қайта ашу керек, яғни Болон жүйесіне көшу  асығыс­тық болғаны рас, дегенмен сол жүйемен қабат, ескі (доктор, кандидат) жүйені қайта қал­пына келтірген жөн. Бұл үшін Астана мен Алматыда 2-3 ғылыми кеңес ашса бол­ғаны. Сонымен бірге шетелдерде де қорғауға мүмкіндік беру керек. 

Қорыта айтарымыз, халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудағы бет­бұрыс­тың алғашқы қадамдары зиялы қауымның сенімі мен қолдауына ие болып отыр. Дегенмен 5 маусымдағы Астанадағы оты­рыстан кейінгі кейбір келеңсіз жағдай­лар бұл бетбұрыстың оңай іс емес екенін де көрсе­теді. Мысалы, жақын арада ғана, сол оты­рыс­­тан кейін, С. Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік универси­тетінде Қазақстан тарихы кафедрасы жабылып, әлем тарихы кафедрасына қосыл­ды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ми­­нистр­ліктен жоғарғы оқу орында­рын­дағы тарих­шыларға бөлінген орын 2012 жылғы дең­гейде қал­дырылған. Осы фак­тілер біздің  көптен күткен тарихты зер­делеудегі бұл бетбұрыс кезектегі бір науқан сияқты болмас па екен, – деген күдік тудырады. Дегенмен халқы­мыздың тарихи санасын қалып­тастырудағы бұл бетбұрыс кедергілердің бәрін жеңіп, кеңінен дамиды деп сенеміз.    

Мәлікайдар АСЫЛБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағыТарих және этнология институтыныңбас ғылыми қызметкері,ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз