Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 25 Тамыз

Оқиғалар күнтізбесі

25 Тамыз
1892 Режиссер, драматург, актер Шанин Жұмат Тұрғынбайұлының туған күні
Қазақтың ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам және театр қайраткері, Қазақ АКСР-інің халық артисі Жұмат Шаниннің туғанына 123 жыл

25 Тамыз 1892

Режиссер, драматург, актер Шанин Жұмат Тұрғынбайұлының туған күні

Кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныды. Жас кезінен өмір теперішін көп көрсе де, Шанин ұлттық ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болып өсті. 

Туған нағашысы Алтыбайдан ән салып, домбыра тартуды үйренді. Әсіресе Қоянды жәрмеңкесіне барып, халық сауыққойларының думанын тамашалау оның ой-қиялын қозғап, өнерге деген ынта-ықыласын арттырды. 1913 ж. Омбы қаласына келіп, біраз уақыт зауытта жұмыс істеді. Мұнда С.Сейфуллинмен, Н.Нұрмақовпен және Б.Серкебаевпен танысады, әрі өз бетінше оқып білімін жетілдіреді. 1915-1916 ж. бухгалтер курсында оқып бітіріп, зауытта бухгалтердің көмекшісі болып қызмет етеді. Осы жылдары алғаш рет қалалық театр спектакльдерін көреді. 

Бірақ көп ұзамай-ақ, патша үкіметінің жарлығымен Шанин майдан жұмысына тартылады; одан туған ауылына 1917 ж. оралды. Сол жылдан бастап Қарқаралыда, Павлодарда (1921 – 1922), Зайсанда (1922), Семейде (1923) және ҚазАКСР ОАК мүшесі болып, т.б. қоғамдық жауапты орындарда қызмет етті. Саяси-әлеуметтік және қоғамдық істерге белсене қатысу Шаниннің ой-өрісін кеңейтіп, кейінгі режиссерлік әрі жазушылық қызметіне игі ықпал жасады. 

1920 ж. Семей қаласында «Ес аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфуллинменнің «Қызыл сұңқарларын» (1922) қойды; сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 ж. Семейдің «Таң» журналында жарияланды. Бұдан кейін ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры (1926) болумен қатар оның көркемдік жағын басқарды. Шанин Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ профессионалдық тұрғыда қалыптастырып, сахналық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірді. 

Алғашқы шығармашылық-ұйымдастырушылық қызметінен бастап Шанин актерлер мәдениетін көтеруге, театр жұмысын белгілі бір жоспар бойынша жүргізуге, репертуардан тәрбиелік һәм идеялық-көркемдік сапасы жоғары драм. шығармалардың орын алуына ерекше көңіл бөлді. Бұл мәселелер «Қазақтың мемлекеттік театры», «Мемлекет театрының артистері» (1927), «Қазақстан мемлекеттік театры» (1928), «Театр тарихынан» (1931), «Сахна техникасын меңгерейік», «Сахнада шындықты тану» (1935) атты әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында жан-жақты қарастырылып қамтылды. 1927 ж. бір топ өнер шеберлерін бастап, Мәскеу қаласында өткен этнографикалық концертке қатысады, 1932 – 33 ж. қазіргі Қырғыздың мемлекеттік академиялық драма театрының (Бішкек қаласы) бас режиссері болды. 1934 ж. ашылған музыкалық театрды (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге Е.Г. Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынын» қойды. Осы музыкалық спектакльдер Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде жоғары бағаланды. 1936 жылға дейін осы театрдың көркемдік жағын басқарған Шанин алғашқы музыка театр өнерінің қалыптасып дамуына да мол үлес қосты. 

Шанин қаламынан туған күрделі «Арқалық батыр», «Шахта» пьесалары 20 ғ-дың 30-жылдары республикада жаңа ұйымдаса бастаған көптеген қазақ театрларының (Семей музыкалы драма театры, Қарағанды облысы драма театры, Шымкент облысы драма театры, Жамбыл облысы драма театры) репертуарынан орын алды. Ш. халық би өнеріне де көңіл аударып, «Киіз басу», «Қоян-бүркіт», «Өрмек», «Шашу», т.б. секілді билерді музыкалық спектакльдерде пайдаланды. А.В. Затаевич, Д.И. Ковалев пен Л.А. Хамиди Шаниннің орындауында бірқатар халық әндерін жазып алды; өз тұсынан да ән-күйлерді нотаға түсірді. Кезінде Ш. шығармашылығын Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Ғ.М. Мүсірепов, т.б. жоғары бағалады. 

1972 ж. Шымкент облысы драма театрына және 1992 ж. бұрынғы «Южный» кеңшарына (Павлодар облысы) Шаниннің есімі берілді. 1973 ж. Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында «Торсықбай» және «Айдарбек» комедиясы (реж. Ә.М. Мәмбетов пен Қ.Р. Жетпісбаев), ал 1992 ж. Шымкент облысы драма театрында «Арқалық батыр» драмасы (реж. Ә.Т. Құлданов) қойылды.