Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 9 Сәуір

Оқиғалар күнтізбесі

9 Сәуір

9 Сәуір 1993

«ҚР қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды

1993 жылы 9 сәуірде мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, көптеген басқа құжаттарды әзірлеуге негіз болған «ҚР қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. 


9 Сәуір 1860

154 жыл бұрын (1860-1945) халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Байғанин Нұрпейіс дүниеге келді

Жастайынан домбыра тартуға, жанынан суырып салып, өлең шығаруға талпынған. Көп кешікпей-ақ ол «бала жыршы» деген атқа ие болады. Нұрпейіс өз кезіндегі белгілі ақындардың жырларын тыңдайды, олардың шығармаларын жаттап алады. Жас кезінде-ақ оның репертуарына Батыс Қазақстанның ақындары Абыл Тілеуұлының, Алаша Байтоқтың, Шернияз Жарылғасұлының, Нұрым Шыршығұлұлының өлеңдері мен жырлары енген.

17 жасынан бастап Нұрпейіс маман ақын болып қалыптасады. Белгілі ақындармен айтысқа түсіп, үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ол кәдімгі ақындар сияқты ауыл-ауылды аралап, өлең шығарады, ал көп кешікпей оның есімі тек туған жерінде ғана емес, Оңтүстік Орал, Сырдарияның бойында, Қарақалпақстан, Хиуада, Түркменстанда белгілі бола бастайды.

Қазақтың халық эпосын білгені оны жігері жасымайтын ақын етеді. Енді эпикалық поэмаларды жатқа қайталап айтумен шектелмей, оларды өңдейді, толықтырады, байытады, өзінің жанынан шығарған тамаша шумақтармен жандандырады. Осындай жолдармен Нұрпейіс Байғаниннің жырлауында «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ - Мамай», «Қарасай - Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз-жібек», «Айман-Шолпан» нұсқалары туған.

«Қобыланды» эпосының 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемдісі де Нұрпейіс Байғаниндікі болып шығады. 9300 жолдан тұратын жырды 1940 жылы оның хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған.

1917 жылы Нұрпейіс Байғанин көтерілісшілердің жалынды ақын-үгітшісі болады. Оның сюжеттік өлеңдерінің тақырыбы мен шығармашылық әдісі де кеңейеді. Ертедегі өткендер енді шындыққа айналады, халық эпосының авторлықпен өңделген қайта жырлаулары күнделікті өмірдегі батырлық жөніндегі шығармаға айналады. «Ақкенже» поэмасында ол жас өмірдің қысым астында қалғаны жөніндегі тарихтың жан тебірентерлік бейнесін жасаған.

30-жылдары Нұрпейіс Байғанин әр түрлі мекемелерде жұмыс жасайды, колхоздарда үгітші және ұйымдастырушы болған. 1938 жылы Нұрпейіс Байғанин алғаш рет Алматыға келіп, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысып, «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», тағы басқа жырлар шығарған. Осы кезден бастап Нұрпейіс Байғаниннің барлық шығармалары оның бірінші жеке хатшысы Ахмет Ескендіров арқылы қағазға түсіріліп отырылады, соның арқасында ақынның жақсы шығармалары бізге дейін жеткен. Осы жылы Нұрпейіс Байғанин «Комиссар Пожарский» атты поэма жазады.

1939 жылы ақын Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болған. Нұрпейіс Байғанин ақындардың республикалық слетіне қатысып, топпен бірге Мәскеудің ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберіледі. Көрме барысында Нұрпейіс Байғанин айтқан жырлар орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан беріледі.

Осы жылы Нұрпейіс Байғанинге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ беріліп, ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталады. Ақын өз арнауымен ашқан бірінші облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады.

1940 жылы қоғамдық қайраткерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл оқиғаға ол өзінің «Қуаныш жыры» атты өлеңін арнаған.

Әйгілі «Седовшылар» атты өлеңін 812 тәулік бойында мұз құрсауында қалған «Седов» қаһармандарына арнаған.

Оның соғыс жылдарындағы шығармашылығы табысты болды. Бұл кезеңдегі ақынның шығармалары еркін әрі тамаша өмір үшін күреске арналған. Ол эпостардағы халықтық қаһармандықты көрсете отырып, жеке батырлар мен майдандағы оқиғалар жөнінде өлеңдер мен дастандар шығарады. Бұл кезеңдегі шығармаларының белгілілері - «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан - майданға»және басқалар.

Нұрпейіс Байғанин қиын кезеңде халықты тек жырымен демеп қоймай, үгіт бригадасының құрамында республиканы аралап, елдегі еңбекшілердің жауынгерлік рухын көтерген. 1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған.

Ақынның шығармаларын Мәриям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев, Ержан Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған.

Ақтөбе облысындағы ауданға, туған ауылына, Ақтөбе қаласындағы көшеге Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген.