Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 2 Ақпан

Оқиғалар күнтізбесі

2 Ақпан

2 Ақпан 1940

75 жыл бұрын ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеге келді

75 жыл бұрын ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеге келді. 

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

«Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған.«Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

2 Ақпан 1913

«Қазақ» апта сайынғы газетінің бірінші басылымының шығуы

Орынборда (1913 жылғы 2 ақпаннан 1918 жылғы 26 қыркүйекке дейін) араб әліпбиімен қазақ тіліндегі апта сайынғы «Қазақ» жалпы ұлттық, қоғамдық-саяси және әдеби газеті жарық көрді. Шығарушылар – қазақ ұлттық қозғалысының басшылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы. Газеттің басты мақсаты – «Алаш» ұлттық-либералдык зиялылар партиясының және Алашорда үкіметінің идеяларын, қызметін насихаттау. Жалпы таралымы 8 мың данадан асатын 264 нөмір шықты. Газетті қаржыландыру жазушылар, жарнама берушілер мен баспашылардан түскен  мүшелік жарналар есебінен жүргізілді (Мұстафа Оразаев, «Азамат» серіктестігі). «Алғашқы жазушы» - бас редактор Ахмет Байтұрсынұлы.