Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 5 Қаңтар

Оқиғалар күнтізбесі

5 Қаңтар

5 Қаңтар 1935

80 жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі дүниеге келді

80 жыл бұрын (1935-2011) қазақтың тамаша ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Республикалық «Тарлан», Халықаралық «Азияс» (монғолшадан аударғанда «талант») сыйлықтарының иегері Мырза Әлі Қадыр Ғинаятұлы дүниеге келді.

Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. 1962-1965 жж. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры болды.
Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: «Көктем» (1959), «Данышпан» (1961), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (екі кітап, 1971 және 1974), «Кеш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан» (1981), «Саз сиқыры» (1982), «Күндер-ай» (1984), сондай-ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының бес томдығы, ал 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Екі жүзге жуық ән мәтіндерін жазып, «Күндер-ай» (1984) деген атпен жеке жинақ болып шықты. Көптеген өлеңдері оқулықтарға енген. Балаларға арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдармен қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олар: «Жаңғалақтар» (1960), «Данышпан» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964).
Өлеңдері ағылшын, француз, неміс,болгар, венгр, фин т.б. көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петифидің т.б. жырларын қазақ тіліне аударған.
«Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнәмә» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004), т.б. көптеген кітаптардың авторы.
Орыс тілінде «Ұйқысыз түндер», «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары», «Сабақ», «Алақан», «Домбыра», өзбек тілінде «Алақан», әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы», монғол тілінде «Шымыр жаңғақ» сияқты кітаптары басылды.
1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. «Парасат» орденінің иегері (2005).


5 Қаңтар

ҚР Президенті «Кеден қызметіндегi ынтымастық және өзара көмек көрсету туралы Шанхай ұйымына мүше мемлекеттер үкiметтері арасындағы Келiсiмдi ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды

Қазақстан Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР 2009 жылғы 5 қаңтардағы N 119-IV Заңына қол қойды.

«Ташкентте 2007 жылғы 2 қарашада қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім ратификациялансын».